Гүлбақтағы кездесу

  главная                                        вернуться  


 

Гүлбақтағы кездесу

Зядан Қожалымов

/басы өткен санда/

 

Гүлім сол күні кеште жездесі мен апасының үйіне қарай келе жатты. Жол-жөнекей ойына неше алуан ойлар мен нәрселер түсіп, өз қиялымен өзі шешімін табуға әрекет етуде. Үйге жақындаған сайын Гүлімнің жүрек қағысы да жиілей бастады. Көп қабатты 8 ықшам ауданының 30 үйінің сыртқы есігін ашып, баспалдақпен төртінші қабаттағы №61 пәтердің есігіне жеткен Гүлім демін алып, қоңырауын басқанда қолы да қалтырап кетті. Есікті жездесінің қызы ашып: – Мама Гүлім келді, – деп айғайлап жіберді.

Жездесі: – Гүлім келгенің жақсы болды, отыр әңгімелесейік, – деп сыпайылық танытты. Гүлімде үн жоқ, құдды бір кінәлі сияқты уызға тойған қозыдай болып томиып отыр. Көрші бөлмеден апайы шығып:

– Сен үлкендердің рұқсатынсыз неге жеке шешімге келдің, елден ұят емес пе, алыстағы Нарынколда нең бар, туыстарың шекара ішіндегі кіші мемлекетке қалай барады, сенің таңдағаның солай болды ма, – деп ренішін білдірді. Гүлім:

– Апа, менің таңдауым солай болды, танысқаныма екі жылдан асты. Бір-бірімізді сынап та, байқап та көрдік. Ақыры үйленуге өз келісімімді бердім. Жаман жігіт емес, ол да оқуын аяқтады, бір апаның мәпелеп өсірген жалғызы. Бұдан былай өз тағдырымыз өз қолымызда, – деп Гүлім көңілі босап барып сабырлықпен сөзін аяқтады.

Әңгімеге жездесі араласты да, апайына қарап:

– Гүлімге ұрыспа, өз теңін тапқан, менің болашақ бажам жаман жігіттер қатарынан емес, мен оны байқап және сынап көрдім. Бұлар жөнінде саған бірден айтпағаныма ренжімессің және үлкендердің шешімін айтайын, оны Гүлімнің көзінше екеуіңе жеткізейін, – деп өзінің жұбайын сабырлыққа шақырды. Апайы ал айтшы сен не бітірдің деді жездесіне. Жездесі айтсам айтайын. Мен жұмыста отырып Түркістандағы атам мен енеме телефон соғып, мән жайды толық жеткіздім. Қайраттың да жағдайын айтып, көне салт-дәстүр бойынша кешірім сұрауға, құдалық сый мен кәделер жасауға мүмкіндігі жоқтығын толық түсіндірдім, атам мен енем келісімін берді деп сөзін тоқтатты. Апасы да біраз босап барып, сен пәле бәрін тындырып қойыпсың ғой, сен ауылдағы құдагер «қара қатындардан» асып түсіпсің ғой, маған айтпай бәрін тындырғанын қара деп ашуға басады. Сонда жездесі апасына қарап:

– Сонда жетімдер үйленбеуі керек пе, – деп Гүлімнің әпкесін сабырлыққа шақырады. Өйткені Гүлімнің жездесі де Қайратпен тағдырлас болғандықтан, өз өмірін еске алған парасатты адам екенін дәлел ретінде жеткізе білді. Осы әңгімеден кейін Гүлімнің көңіл күйі жаңа бір кезеңнің белесінен асқандай сезімге бөленді.

Келесі күні Гүлім барлық жағдайды Қайратқа айтып, енді той қамына дайындалуды екеуара ақылдасты. Қайрат болса тез ауылына барып келуге өз шешімін Гүліміне жеткізді. «Қысқа жіп күрмеуге келмейді», – демекші, ауылмен байланыс қиын болғандықтан тойға керек қаражат жайында толық біле алмады. Тәуекел деп Қайрат ауылына жолсапарға шықты. Гүлім оның амандығын тілеп Алматыдағы жездесінің үйінде қалды.

Алматыдан ертемен жолға шыққан Қайрат кешке қарай өз ауылы Нарынқолының Текесіне де жетті. Автобустан түскен соң аяң жүріспен жаяулай өз үйіне жеткен бойы, біраз кідіріс жасады. Ойпырмай, апама қуанышты қалай жеткізсем деп тұрғанда, үйінің есігін қалай ашып кіргенін байқамай қалды. Арғы жақтан апасы баласын көре сала:

– Шырағым, балам аман-есен келдің бе, көрмесем де көргендей болған, сөйлеспесем де жүздесіп сөйлескендей болған Гүлімім аман ба, нендей жаңалығың бар, – деп баласының хабарын естігісі келді. Сабырлы үнімен сөзін бастаған Қайрат апасына барлық қуанышты жағдайларды баяндап берді.

– Апа, қуана бер, барлық мәселе оңымен шешімін тапты. Тек ғана той жасаймыз, құдалықтың жолдары болмайтын болды. Кейін біз өзіміз байығанда қарыз бен парызымызды атқара жатармыз. Бұған уайымдамаңыз. Келініңіз өзіңізге тартқан, турасын айтады және ақылы да жетерлік. Маған Қайрат сен тұрмыстағы жетіспеушілікті ойлама, біз жаспыз, жағдайымыз да елдің алдыңғы ауқаттыларының қатарына жетеді, сабырлы бол деп маған ұдайы ақылын айтып келеді, тура сіз сияқты апа, – деді Қайрат.

Апасы: – Шырағым Гүлімім, қасиетті жердің қызы ғой оның да бойында атағы елге танылатын, бүгіп жатқан ұлылық даралық бар екен. Келінім өзім сияқты ішкі құпиялы сырларыма ұқсас, мықты қасиеті болады екен, Аллаға шүкіршілік еттім, балам бақытты боласыңдар, маған байлық қажет емес, екеуіңнің ынтымақ пен бірлігің керек. Жақсы жанұя болып, ұрпақты болуларың мен үшін, байлық пен бақыт, – деді де, апасы батасын жасап бетін сипады. Қайрат ойланып барып, апа мен ағайындарға барып, сіздің келін тойы жөнінде хабарлайын, мүмкін көмек те көрсетер деді. Апасы балам барсаң ағайынға бар, әне біреулерге барма олар түк татырмастар және сенің бұлай болғаныңды көре алмайды деді. Апасының айтқаны тура келді, сылдырлаған су сияқтылар ауыздарын жыбырлатып, ең болмаса құтты болсынында жөнді айтуға жарамады. Тек Смайыл ағасы мен Мереке жеңгесі барын көрсетіп, банктегі сақтаулы ақшаларын алып ренжіме деп, Қайраттың қолына ұстатты. Апасының айтқанындай басқалай көмекті күтпеген және бәрін түсінген Қайрат азын аулақ қаражатын алып, Алматыға келді. Гүлім оны асыға күтуде болатын. Уақыт қысқа, той дайындығына әрекет етуде күтіп тұрған-ды. Қайрат өзінің сүйіктісі Гүлімімен қуана кездесіп, той дайындығын бастап та кетті.

***

Алматының күзгі салқын ауасының жағымды иісі екі жасқа да күш бергендей болды. Қос аққудай жарасып, әсем Алматының саябағында дем алып, қолтықтасып Алматының көрікті көшесінде Қайрат пен Гүлім қуанышты сезіммен жүріп келеді. Қалталарының жұқалығына қарамай, Гүлім мен Қайрат тойларына қажетті киімдері мен тағы басқа заттарына тапсырыс беріп, мұндай бақытты шаққа, ұзақ күткен армандарына жеткендеріне өте риза болуда. Ол кезде бүгінгідей той өткізетін ерекше тамаша және әсем де сәнді орындар деген болмайтын заман болатын. Алматыда бар-жоғы оннан асатын әр жерге орналасқан асханалар мен кафе сияқты той өткізетін жай ғана орындар болды. Ең алдымен екеуі той болатын орынды іздеп жүріп, ақыры өздеріне ұнаған бір қабатты «Молодежные» кафесінің (кейінгі Ромашка) басшыларымен уәделесті.

Бұл кафе сол кездегі Школьная (кейінгі атауы Жангелдин) көшесініндегі № 29 ғимарат болатын. Ғимарат сол кездегі Ташкент (Райымбек) көшесінен екі жүз метрдей жоғары ал, Алматының №1 перзентханасының шығыс жағына орналасқан еді. Тойға шақыру билеті де дайын болып, жан-жаққа таратылып жатты. Қайраттың ауылы мен Гүлімнің ауылындағылар да шақыру билеттерін алып тойға келуге, дайындықтарын бастаған қарбалас кезең басталған-ды. Гүлімнің анасының ағасы Нәден көкесі тойға шақыру билетін қолына алып тұрып: «Әй, Сәлима! Сенің қызына не болған? Ой, ше... осында сенің қызыңа дәл мына суреттегі «карейстей», бір карейс осында да табылмаған ба? Қарашы сонау қытай шекарасында несі бар, барып келуде тозақ екен, қызыңның басы қалай осы», – деп, ренішін білдіреді. Гүлімнің анасы не десін ағасына, өздері келіссе не дейміз, өзі жалғыз бала екен. Кешірім сұрап келуге де жалғыз анасының шамасы қайдан келсін, балалар бақытты болсын деп, ағасын сабырлыққа шақырады...

Той уақыты да белгілі болып, болатын уақыты 1969 жылдың 13 қыркүйегі деп белгіленген болатын. Енді тойға келетін меймандардың ғана келуін күтуде еді. Меймандардың алды да келді. Ол кезде студентте қайдағы жағдай мейманды күтпек түгілі, төбесінде көрсетпейтін. Некеден өтуге алдын ала екеуміз арыз бергенбіз. Ол кездегі Совет аудандық некеге тіркеу бөлімі бүгінгі Абылайхан көшесі мен Құрманғазы көшесінің қиылысында болатын. Белгіленген уақыт таяп қалғандықтан Гүлім екеуміз жолдас-жораларымызбен бірге некеге тіркеу бөліміне жеттік. Осы жерде алғаш рет Гүлімнің туған ағасы Тұрғанбек пен жеңгесі Гүлбаламен және өзінен үлкен әпкесінің жансерігі Арыстаймен танысқанымды еске аламын. Кім білсін келгендер ішінен мынаны қайдан тапты екен дегендерде болған шығар, десе де тағдыр Қайрат пен Гүлімді жақындастырып отыр емес пе. Некеден кейін Гүлімнің Алматыдағы жездесі мен әпкесінің үйіне барып, біз сол үйден алып шығып, кешкі тойымызға келдік. Ауылдан тойымызға ағаларым Дайырман, Қанағат, әпкеміз Рабиға және қарындасым Разкүл мен оның жансерігі Қаңтарбай келді. Сол кездегі елдің жағдайына байланысты ағайын-туыс және жекжаттардан келгені осы бес ғана адам еді. Гүлім жағынан үлкен жездесі Қарабек пен әпкесі Тұрғанкүл бастаған топ үлкен ұжым болып келді.

Той күні ауа райы өте жақсы әрі ашық болатын. Кешкі сағат жетіде тойға келгендер толық жиналып үстел басына жайғасты. Бізде өз орнымызға келіп жайғастық. Жігіт жолдасы өзіммен бірге оқыған Алматы маңындағы Чапайда (кейінгі Қарағайлы) тұратын Мәлік Исабеков және қыз жолдасы Гүліммен бірге оқитын дос қызы Кампош болды. Тойды өзіммен бірге оқыған Талдықорғандық Әшенов Сәулебай сәніне келтіре жүргізіп отырды. Асаба жасалған тізім бойынша меймандарға сөз беруде. Неше алуан тілектер мен тамаша сөздер айтылды. Сол заманның тамаша әндерінің ырғақты саздары да бидің сәнін түрлендіре түсті.

Той жақсы өткенімен мені бір нәрсе мазалап, ойымды басқа жаққа бөле берді. Ішімнен: "Шіркін, апам мына тойға қатыса алмады-ау, осы қуанышын көргенде көптен армандаған арманының орындалғанына қуанар еді-ау, – деген, сол арманым менімен бірге жарты ғасырдан бері жасасып келеді. Мен жағынан менің тойыма қатысқандар мен апамда бүгінде пәни дүниеден, мәңгі бақи дүниеге аттанғалы да алдыңғыларына қырық жылдан асты. Армансыз адам болмайтыны анық. Барлық армандар орындалуының өз кезегінде тұрғандай маған сезіледі де тұрады. Адам баласы саналы тіршілік иесі болғандықтан, мен де неше түрлі сынақтардан өтудемін. Бұл менің тағдырымның бағдарламасының кестелік жүйесі сияқты көрінеді маған.

Той ортасында асаба (тамада) үзіліс жариялағанда, меймандармен бірге далаға таза ауадан нәр алуға шықтық. Күтпеген жерден қатты нөсерлі жаңбырдың әсерінен, көшелерде кішігірім су тасқыны да басталып кетіпті. Тойға келгендердің бәрі де аң-таң. Әркім әр түрлі болжамын айтуда. Қысқасы той таң ағара аяқталғанда қатты нөсерлі жаңбыр тоқтаған екен. Осы бір табиғаттың кездейсоқ өзгерісі, той өткеннен кейін отыз екі (32) жылдан соң желтоқсан айының 22 (жиырма екі) жұлдызында қайталанды. Бұл 2001 жылдың 22-желтоқсаны болатын. Мен (Қайрат) өзім құрған «Республикалық Қазақстан халық емшілері қауымдастығының» құрылғанына он (10) жылдығын атап өткенде, қыс қатал, қар көп, жер көк тайғанақ және күнде суық болды. Мен тек қана келгендердің амандығын тіледім. Күндіз емшілер Құрылтайын өткізіп, Құрманғазы көшесі мен Наурызбай көшесі қиылысындағы кафеге кешкі дастарқанның банкетіне бардық. Түнгі сағат он екіге таяғанда күтпеген жерден қатты нөсерлі жаңбыр жауып, меймандар мен емшілер қауымын ыңғайсыз жағдайға қалдырды. Бір-ақ, банкеттен кейін кездейсоқ жағдайлар болмағанына қуандық. Емшілер төл мерекесінің он жылдық мейрамын қуанышпен аяқтап, ауылдарына аман-есен қайтты.

***

Екі жастың үйлену тойы жақсы өтті деп, бізді қуанышымызбен құттықтағандар көп болды. Бұл той бес жыл бірге оқыған студенттердің ең соңғы бас қосуы болды. Алда кімді не күтіп тұрғаны тек бір ғана Жаратушының қолында демеске шараң жоқ болатын. Тойдан кейін жас жұп уақытша тұру үшін алдын ала келісілген, осы Алматының Гурьлева көшесіндегі (Ахондова көшесі қиылысы) елдегі Карл Маркс колхозының қонақ үйі алдындағы бір бөлмелі кішкене бөлмеге тұруға келдік. Осы бөлмеге дос-жарандар да сиып кетті. Жастардың бәрі екі жастың жанұялық қуаныштарына ортақ тілектерімен келіп, біраз сырласқан соң қоштасып жататын. Осы колхоздың үйіне елден келген ағаларымыз дайындалып, Гүлімнің елінен келген туыстары мен жақындарын арнайы құдалық құрметті дастархан асына шақырды. Әсіресе, ағам Дайырман мен Қанағаттың сөздері жаңа құдаларына өте жақсы ұнады. Қанағат аға болса, мектептегі ән мен музыка пәнінің мұғалімі болғандықтан, тамылжыта айтқан әндеріне құдалары өте риза болды. Құдаларға қазақтың құдалық қағидасы бойынша кит беру, жол жора жасау болмады. Құдалары да түсінді. Бар жиған тергені тойға жұмсалса, басқа қаражат көзі болмады. Екі жақты құдалар ашық жарқын сөйлесіп, бұл Қайрат пен Гүлімге ақ тілектерін жаудырған күн болды. Алматыға келіп оқуға түскен жігіт пен қыздар арасында жас отауларын құратындардың саны да, көбейіп жататын еді, – деген Қайрат ұзақ ойланып барып, Гүлім екеуі өмірдің өткелдерінен өткен жолдарын осылай баяндаған болатын.

***

Оқуларын бітірген студенттер жан-жаққа тарап, елдеріне одан ары бөлінген жұмыс орындарына баруға жолсапарларына аттанып жатты. Қайрат пен Гүлім барына қанағат етіп, кішкене семьялық отауларында бақытты өмірлерін жалғастыруын бастады. "Қош, Алматым" деген қос аққу да өздерін асыға күткен апаларына баруға дайындалып, Қайраттың үйіне жеткендерінде сезбей қалды. Ауылдағылар екеуін құшақ жая қарсы алды. Жаңа келінге құтты болсын айтып және оны көруге келгендер саны да көбейді. Қайраттың апасы жас келініне арнап ауылдастар мен Қайраттың қызметі орындағыларға арнап дастархан жайып, кішігірім қуаныш тойын жасап берді. Жастар өз мамандықтары бойынша қызметтерін де бастады. Қайрат пен Гүлім еліне сыйлы, білгір мамандар атанды. Қайраттың да апасы Алладан сұраған ақ тілегі мен ұзақ күткен арманы орындалғанына қуанып, шүкіршілік етті. Ауылда он алты жылдан аса абыройлы әрі жауапты басшы қызметте болған екеуі арнайы шақыртумен, Алматыға қызмет ауыстырып, абыройлы жауапты қызметтерде болды. Бүгінде ұрпақты, немерелі және шөберелі еліне белгілі үлкен жанұяға айналды. Жастары жетпістен асса да, еліне ғылыми және рухани шипагерлік қызметтерін әлі жалғастыруда. Кешегі бозбала мен бойжеткен қызды Гүлбақта кедестірген, бір Алланың бұйрығы еді. Бұл Гүлбақтағы кездесудің жемісі екені тарихи шындық. Негізгі автор (З.Қожалымов) өзінің бүркемелі атымен (Зейін Өсен) Гүлбақтағы кездесуді тарихи естелік ретінде жазды. Өздерін негізгі кейіпкер етіп алды (Зиядан мен Түймекүл).

Құрметті оқырман! Қайрат пен Гүлімнің алғашқы кезеңдерін аяқтап, алда бүгінгі өмірлеріне дейін жазылар, оны да оқуларыңызға бәрімізге амандық болсын... Гүлбақта танысып кездескен сұр бойдақтардың махаббаттары мәңгілік болсын.

Алматы қаласы

"Шипагерлік баян" газеті, желтоқсан 2017

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 
 
В начало