Медитациялық шипагерлік

  главная                                        вернуться  


 

Медитациялық шипагерлік

Зядан Қожалымов - профессор, мәдениеттанушы-ғалым

Жер, адам, ғарыш бір-бірімен тұрақты байланыста болғандықтан тіршіліктің жалғасуы осы үш тұлғаның өзара тәуелді байланысы арқылы жүзеге асырылады. Бұнда барлық жүйе қызметі ой мен сананың басқаруында болып, сезім арқылы реттеліп отырылады. Мұндай үш жақтылы байланыс пен реттеу тәсілін ғылыми түрде медитациялық жүйеге жатқызады. Осы заманғы салауатты өмір сүруде дәрісіз емдік шипаның жаңа түрі – медитациялық емдік тәсілі әлемнің көптеген елдерінде дами бастады. Оның ерекшелігі бұл көне шығыстық психотехникалық әрі шаршағандықтың әсерін жоятын тәсіл болғандықтан, ауру адам бір уақыт дене мүшелерін ішкі және сыртқы күштерден босатып, өзін-өзі иландырып жеке сырқатын емдеуді жүзеге асыру.

Медитациялық емнің негізін Индиялық ғалым Махариши Махеш Йоги 1958 жылы «Адамзаттың рухани өрлеуі үшін» ұранымен, алғаш Америкаға одан кейін басқа елдерге таратып, оның көмегімен әр түрлі ауруларды емдеуге болатынын анықтап, емдік жүйеге ұсынды. Сонымен, медитациялық емдік әдісін «екінші дем алу» – деп психотерапиялық емдеу әдісіне жатқызылды. Бүгінде медитациялық әдіс әлемнің көптеген елдерінде пайдалана бастады. Қазақ елінде де кең өріс алуда. Оның денсаулыққа зияны жоқ. Кез келген жерде орындауға болатын қарапайым емдік тәсілге айналды. Ең пайдалысы мидың қызметі жақсарып, жүйкенің қалыпты жұмыс істейтінін ғылыми зерттеулердің анықтауы бұл емдеу әдісінің болашағының зор екенін көрсетеді. Адамның бойында пайда болатын әр түрлі ауруларды емдеуде дәстүрлі халық шипагерлігі саласында әдіс-тәсілдер көбеюде. Сырқат адамды психологиялық әсермен иландыру, көндіру арқылы өзін-өзі емдеу тәсілін пайдалану медитациялық емдік тәсілдің пайдалылығын арта түсіреді. Адамдар сырқатына дауа болатын емдік тәсілдерді іздей бастады. Әрбір адам өзіне лайықты әрі пайдалы шипалық тәсілді меңгеруге талпынуда. Медитациялық ем – көне шығыстық психотехника немесе шаршағандықтың алдын алудың әдіс-тәсілі.

 

Бүгінде әлем елдері мен Қазақстанға кең тарай бастаған қарапайым бұл емдік тәсілді «трансценденталдық медитация» әдісі деп атайды. Бұның ерекшелігі ауру адам өзін-өзі емдейді. Ғалым О.А.Красавин анықтамасын ұсынады: «Адамның денесі – бүтін бір микрокосмос. Ол макрокосмостың немесе Жаратушының қуатымен толтырылып қуаттандырылған...», – дейді. Бұл адамның өз қуатын өзі реттей алатындығын білдіреді.

 

Медитациямен шұғылданған адам дәріге құмартпайды. Бұл тәсілмен шаршағанды басып, кейбір аурулардан айығу үшін, адам оңаша бөлмеде отырып көзін жұмып, денесін босатып, ешнәрсеге көңіл бөлмей тыныштықпен еркін демалып өзінің кір қуаттары денеден кетіп, жаңадан қуат жинаудамын дегендей сезімде өзін сезінсе, шынында да дененің жеңілдеп, көңіл-күйі жақсарып сырқатынан жазыла бастағанын аңғара бастайды. Күніне он бес-жиырма минуттай ертелі кеш қайталап, біраз күн шұғылданса нәтижесін көрері анық.

 

Белгілі дәстүрлі халық емдерінің авторы Г. П. Малахов: «Медитация – ол адамның табиғи қабілетінің ашылуы, сол арқылы кеміген «Өмірлік қуатты» қалпына келтіре алады», – дейді. Бұл тәсіл әр адамның жеке шұғылданатын ісі болғандықтан, ұдайы шұғыланудың пайдасы зор екенін сырқат жандар дәлелдей бастады. Медитация кезінде іштен жақсы сөздерді немесе Құран дұғаларынан білетінін ұдайы іштей қайталап отыру, өзін-өзі иландыру арқылы дене қуатының тазаруына, толуына жақсы әсері болатынына бұл әдісті басты принцип етіп қояды. Медитацияның теориясы – мен дем алып отырмын. Менің денемнен лас қуаттар сыртқа төгілуде. Мен бақытты адаммын. Менің қан қысымым төмендеді немесе жоғарылады т.с.с. психологиялық әсерлі сөздерді қайталау арқылы адамның жүйке жүйесі қалпына келіп, қабілеті артып, денсаулығы жақсарғаны, тіпті қатерлі ісік ауруларына ұшырағандардың жақсы нәтижеге жеткені анықталуда.

 

Ресейлік биоэнерготерапевт Ю. Хван: «Дұрыс демалу денсаулықтың сатылы жақсаруына ықпал етеді», – дейді. Бұл өте ұтымды, тәжірибе мен ой-толғамынан өткен тұжырым. Медитацияны көп уақыт діни ұғымдармен байланысты болуы, ол Құдаймен байланысқа шығарушы әрі жоғары Тәңірден рахым алу жолы деген ұғымда болды. Бірақ, бұл адамның ғарыштық жүйемен байланыстамын деген ойы арқылы тыныштық сезімде жүзеге асатын құпиялы тынығу тәсілі. Ғалым А. Разумов: «Медитация – бір жағдайдан екінші жағдайға өтудің жүйелік өзгерісі», – деп анықтама береді. Сонымен медитация әдісі «екінші дем алу» – деп психотерапиялық емдеу әдісіне қабылданды. Барлық нәрсе адамның ішкі дүниесіне байланысты. Адамның ішкі құпия жүйелері ашылып, оның ішкі әлемі дамыған сайын танымы мен ойлау санасы артады.

 

Ресейлік ғалым К.С. Азими: «Медитация – ойдың қызметі. Ішкі жандүниеңмен Жаратушыға берілу. Рух денені тастап шыққанда барлық сезім, ой, идея және сана оған бағынады...», – деген анықтама береді. Бұдан медитациялық емдік тәсіл санадан тыс ой арқылы жүзеге асатын рухтың жоғарғы Жаратушымен телепатиялық жұмбақ байланысы арқылы орындалатын, жүрек сенімінің және жүйке жүйесінің сезімдік жетістігі екенін аңғартады. Медитация тәсіліне арабтың дін зерттеушілері шах Валиулла, шах Гус Али, суфизм ілімі негізін қалаушылардың өкілі Ибн-э-Мубарак, Имам Газали, т.б. ғұламалар оң бағаларын берген. Медитациялық әсер төрт сатыдан тұрады: 1. Бұлшық еттерді босату. Жүйке бұлшық еттің өзгерісін реттеу. 2. Қандайда бір затқа ыңғайлану обьекті, дауысқа, дыбысқа, картинаға, шырақ, жарық, мантра, жеке тыныс алуға, т.б. көңіл бөліп елестету. Бұл уақытта ойда басқа хабарлар болмауы керек. 3. Пайда болатын ой – медитациялық құбылыстың бөлігі. Бұнда жамандық ойламай, бәрі жақсы болады деу негізгі шарт. 4. Жеке медитациялық жағдай – медитацияны орындаудағы тәжірибесіне байланысты болмақ. Медитация арқылы адам бір уақыт дене мүшелерін ішкі және сыртқы байланыс күштерден босатып, тыныштандыруы арқылы жүзеге асады.

 

Медитация әдісі денсаулыққа зияны жоқ құпия тәсіл. Әрі қарапайым, табиғи күшті көп қажет етпейтін ой арқылы жүзеге асырылатын емдік тәсіл. Медитациялық емдік тәсіл орын талғамайды, кез-келген жерде қабылдай беруге болады. Зерттеулер бойынша медитациялық әдісті пайдалану кезінде мидің оң жағының қызметі артатыны әрі жүйкенің бейнелік тұлғаға айналатыны анықталған. Осыдан кейін сырқат адамның жағдайы жақсарып таза ойға ие болып жалғандығынан арыла бастайды. Ішкі толқудан, неше түрлі ғаламатты өзгерісті сезе бастайды. Имам Газали өзінің «Кимаии Саадат» еңбегінде медитация жөнінде былай анықтама берген дейді К.С. Азими: «Егер адам шын ішкі сенімімен Құдайға бас исе, ол жасаңғырайды, өзін рухани азғандықтан құтқарады. Ондай адамның Құдайға жүрек сезімі оянады, қөзі ашылады. Ол – Құдайдың көмегімен көкте де, жерде де періштелерді көретін болады..». Бұл ұлы дін ғұламалары тыныштықта сенім арқылы орындалатын медитациялық рухани емдік әдісті тәжірибелерінен өткізгені оның адам денсаулығын жақсартудағы пайдалылығына әділ философиялық тұжырымдары болғанын аңғартады.

 

Мәселен, медитация әдісімен шұғылданып жүрген АҚШ-тың екі мың тұрғынын бес жыл бойы бақылағанда, басқаларға қарағанда олардың емханаға 56% аз түсетіні анықталып, оның ішінде қатерлі ісік 55 %, ал жүйке аурулары 87 % емханаға аз түскен. Психологиялық тәсілмен өзін-өзі иландыру арқылы медитациямен бес жыл ұдайы шұғылданғандардың өңі әрленіп, өзінен он екі жас кіші адамдай түрге еніп жасаратыны байқалған. Медитациялық тәсілдің әсері адамның ұлтына, жасына, жынысына, біліміне және дініне ешқандай қатысы жоқ болғандықтан, оның нәтижесі әр адамның әрекетіне тікелей байланысты емдік шипасы болады.

 

Медитация техникасының басты ерекшелігі, әсіресе, жүрек қан тамырлары ауруларының, тыныс алу мүшелерінің, ас қорыту мүшелерінің, созылмалы бас ауруларының, ұйқы қашудың, буынға тұз байланудың, тағы басқа ауруларға емдік пайдасы бары дәлелденуде. Медитация кезінде адам санасы, яғни миы өте терең тынығу жағдайында болады. Осының нәтижесінде денедегі барлық сезу мүшелері рахаттанып тынышталады. Ой мен сананы тазалайды. Адамның денесінде жаңа күш қуат пайда болады. Сергектік сезіліп, жұмысқа ынтасы артып, оның жетістігі молаяды.

 

Медитациямен тұрақты шұғылдану тән мен жан тазалығын арттырады. Медитацияның жасаруға ықпалы туралы Академик Р.Оразалиев: «Адам өзі үш болмыстан тұрады. Олар: рухани, нәзік материалдық және тән. Адамның нәзік тәнінің болмысы өте күрделі болғандықтан, әлі толық зерттелмеген. Ал адамның рухани болмысына осы уақыттағы деңгейде ғана болжам бар...», – деген философиялық болжамы тән мен жан тазалығы үйлестігін жасартуға ықпалы барын аңғартады.

Мұсылмандардың бес уақыт намазы кезінде тыныштықты сақтап, ешнәрсеге көңіл бөлмей міндетін орындап, Жаратушыға мінәжат етуі мен таспих тартудағы ізгілік әрекеттері, медитациялық әдістің жоғары сатысына жатады. Тек бір Аллаға сену ғана мұсылман адамның тілегінің орындалуына пайдасы зор екені туралы қасиетті Құран сүрелері мен пайғамбарымыз Мұхаммед /с.ғ.с./ хадистерінде арнайы айтылған.

 

Бұнда адамның ойы тек қана бір Аллаға сыйыну мен тілеуден басқаға бөлінбейді, ізгі тілектің орындалуының құпиясы осында жатқандай. Өз тәжірибем бойынша намазға ұйығандардың ішінен көп жылғы сырқатынан жазылғандары да көп болды. Медитацияның маңызы ол жалғандықты, қайғы мен қасіретті, жылпоздықты, бос сезімдікті жоюға әсер етіп, адамның санасында таза ой-өрісі пайда болып оның жаңаруына және Аллаға сенімін арттырады. Адам өз денесіндегі жақсы өзгерістерді медитация кезінде сезіне келе, нағыз шындық медитациясы барына психологиялық жақтан түсіністікпен қарайды. Әлемдік өзгерістерге жоғары рухани танымдық көзқараспен баға беретіндей саналы тұлғасын қалыптастырады.

 

Салауатты өмір сүрудің дәрісіз тәсілін ұсынушы ресейлік ғалым М. Норбеков адамның тәні мен рухын тазалауда медитациялық емдеу тәсілінің маңыздылығын жоғары бағалайды. Егер сана медитация әсерінен өзінің өсу дәрежесін қалыптастырса, онда саналық шексіздік пайда болумен қуанышты сезіну түйсігі, гормониялық көтерілу және таза сезімдік жүйе орнап, өзіне-өзі нақ сеніммен қарайтын қайсарлықтың белгісі: «Мен – өзім» деген мәнді ұғымға тоқтам жасау дәрежесіне жетеді.

 

Осындай дәрежеге жеткен адамның әлемдік көзқарасы өзгеріп, өз мәселесін еркін шеше алады. Өмірге деген таза ерекше ұғымы мен танымы артады. Ауыртпашылық азайып, денсаулығы түзеле бастағаны сезіледі. Ішкі дүниесінде тыныштық орнап, адами мінез-құлқы жақсаруға ұмтылады. Адамның өнерге деген қосымша қасиеті ашылады. Осындай медитациялық емнен кейінгі ірі өзгерістерден соң сырқат адамдар өздерін ұсақ-түйек нәрселерден, ренжуден, өтірік айтудан, арам ойдан, қайғырудан аулақ ұстау жағдайына жетеді. Медитацияның маңызын бағалап оны ұдайы қайталау жүйесіне көшеді. Бұл емдік тәсіл адамды өте жоғары саналық сатыға жеткізеді.

 

Адамның энергетикалық потенциялы артып, ізгіліктің ақ жолына түсуге, жақсы өмір жолын таңдауға ұмтылады. Ислам діні бойынша медитациялық емдеу тәсілін сопылыққа жатқызуға болады. Орта Азия мен Қазақстанда сопылық дамығаны белгілі. Қожа Ахмет Иассауи сопылықтың негізін қалаушы әрі дамытушысы болды. Сопылықта медитациялық йога іліміне ұқсас, ішкі сезім тыныштығы арқылы ғарыштық жүйемен байланысқа шығып, адамның санасын дамытумен ішкі дүниесінің құпиясын ашу болып табылады. Философия ғылымдарының докторы Б. Абирова: «Суфизмнің мақсаты, адамды өте лас және кір ойларынан тазалау, рухани тазарту, Жаратушыға жақындату мен рахат алу», – деп қорытынды жасайды. Осыған ұқсас идеяларды ғалымдар М. Валиддин мен Е. Қартабаев та білдіреді. Рухани ішкі дүниенің құпиясын ашу жаңа өмір жолына қадам басып, ізгі ниетті таза ой -толғамына жеткендік белгісі.

 

Барлық нәрсе адамның ішкі дүниесіне және талғамына байланысты. Философия ғылымдарының докторы, профессор Т. Ғабитов: «Жалпы рухани жетістік пен ішкі еркіндікке ие болу, сыртқы әлем мен рух арасындағы үйлестікке жету идеялары өзге де әрекеттерге тән. Бұл бағытта батыл қадамды Йога философиясы жасайды», – деп медитациялық емінің йогалық түрінің ішкі әсерлік сезіміне тоқталады. Адамның ішкі дүниесінің жақсылық жақтарының құпиялары ашылған сайын, оның танымы мен ойлау санасы артады. Жаратушының рухы ең жоғарғы билеуші – РУХ.

 

Ал адамның рухы оның бір көзге көрінбес нұры ғана. Таза дене мен таза жан жүйесін қалыптастыру үшін салауатты өмір салтының дәрісіз емін дененің сырқатын емдеуге пайдалану оң нәтижелерін беруде. Ғылымның осы саласын зерттеуші ғалым Д.Өтеков: «Венгрияның көрнекті ғалымы Альберт Сант-Деер өмір дегеніміз энергияның әр түрін сіңіру, өзгерту және ауыстыру процесі деген екен. Қуат организмге өзін жаңарту үшін ғана керек емес, одан маңызы кем соқпайтын басқадай мақсаттарға да керек, – деп жан мен тән қатынасының таза байланысына тұжырым береді деген.

 

Медитациялық ем – адамның денсаулығының жақсаруына жол ашатын қарапайым шипалық өнер. Тек ғана адамзатқа жақсылық сыйлайтын әлем елін қамтыған рухани шипагерлік жолы. Ресейде жақсы дамыған, арнайы ғылыми орталықтар ауру адамдарға өз қызметтерін жалғастыруда.

Қазақ елінде медитациялық емнің қанатын жайғалы оншақты жылдай болды. Бұл ем түрі мемлекет пен ғылым саласында әлі қамқорлыққа, зерттеп зерделеуге алынбағанымен, қоғамдық, жеке ұйымдар мен мамандар арқылы тәжірибеден өткізіліп, өзінің оң нәтижесін беруде. Сондықтан ешқандай зиянсыз медитациялық емді дамыту, адамды сырқатына пайдаланатын улы химиялық дәрі-дәрмектен аз да болса, құтқарудың жаңа емдік тәсілі екені бүгінде айқындала түсуде. Ол бұл емнің болашағы барын айқындайды.

 

Алматы қаласы

"Шипагерлік баян" газеті, ақпан 2018 жыл

 

 

 

 

 

 

 

 
 
В начало