Музыкалық емнің шипасы

 

  главная                                        вернуться  


 

Музыкалық емнің шипасы

 

Зядан Қожалымов - профессор, мәдениеттанушы-ғалым

Адамның тәні, биоөрісі, тепе-теңдігі өзгеріске ұшырағанда, оның денсаулығы ыңғайсыз жағдайларға душар болатын ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Мұндай жағдайлар адамның көңіл-күйінің бірқалыптылығына кері әсер етіп, ыңғайсыз жағдайға қалдырады. Адамның ой-өрісінің психологиялық теңдігінің өзгерісі артады. Адамның көңіл-күйінің өзгеріске ұшырауы-нан оның тәндік биоқуатының тұрақтылығы ауытқып, дененің кейбір мүшелерінде сырқат белгісі сезіле бастайды. Осы жағдайдан адамды шығаруда әсерлі емдік шипалық құпиясы бар ерекше музыка, ән-күй және дыбыстар бүгінде әлемдік халық шипагерлігі саласында ғана емес, осы заманғы медицина жүйесінде де арнайы ғылыми анықтамаларға негізделіп пайдаланылуда. Музыка, ән-күй мен дыбыстың шипалы, шипасыз және кері әсерлісі бары анықталған. Адамның жан дүниесі тәтті бір ұйыған, тыныштықта болу үшін жайлы, нәзік музыканы тыңдау пайдалылығы анықталуда.

 

Халық шипагерлігінде сырқатты түріне қарай анықтаған соң оны емдеп жазуда музыка мен ән-күйдің көмегін пайдалану тәсілдері ертеден қалыптасқаны белгілі. Ата-бабаларымыз ертеден-ақ музыка өнерінің тозған, шаршаған жүйке талшықтарына қозғау салып, жан бітіретін күшке ие екендігін білген. Бұл әдісті одан ары дамыту жолдары бүгінде көптеген елдер мен қазақ елінде де ғалым дәрігерлер мен шипагерлер тарапынан қолданысқа еніп, оң нәтижесін беруде. Кез келген адамның көңіл күйін бір қалыпты ұстауына дыбыстың әсері зор болып қалмастан, оның психологиялық жақтан ауытқуға ұшырай бастаған жүйке жұлындарының бір қалыпқа келуіне, тербелістік үндік толқындардың тигізер емдік шипасы осы заманғы медицинада да пайдалануда.

Адамның психологиясы мен биоқуатының бір қалыптылығы барлық уақытта бір деңгейде бола бермейді. Қаншалықты өнерден хабарсыз, оны онша ынталы түрде жаны сүйіп тыңдай қоймайтын адамның өзіне ең алдымен ұлттық музыка, күй, ән әсер ететіні анық байқалуда. Музыкатерапевт-емші Рушель Блаво осы музыканың көмегімен сырқаттарды емдеудегі алғашқы кітаптың авторы. Ол өзінің көп жылғы тәжірибесіне сүйеніп, музыканың емдік пайдасы туралы: «Музыкамен емдеу жолы жылдар бойы адамның өмірін қинаған, жүйке жүйелерін тоздырған және өте қауіпті асқынған сырқаттарын емдеуде зор көмегін тигізеді», – дейді. Музыкалық емдік шипаның жүйкенің ауытқуына, гормондық тепе-теңдіктің бұзылуына, шаршап әлсіреуге емдік әсері жоғары екені дәрігерлік және емшілік саласында да нәтижелі болуда.

 

Музыка мен ән-күй құрамы химиялық уы болмайтын, адамның тәнін уламайтын, жанына рахат сезімін тудыратын, психологиялық әсері күшті таза мөлдір дәрі деуге болатынын, мен өзімнің жиырма жылға жуық шипагерлік қызметімде тәжірибеден өткізіп, оң әсерін анықтай алдым. Мұндай анықтамаларды шипагерге емделушілердің өздері бере отырып, шипагердің пікір мен ұсыныс журналдарына қалдырған ықыласты пікірлерінен байқауға болады. Көптеген сырқат адамдар өздерінің сырқаттарынан музыка мен ән-күйдің әсерінен кейін оңала бастағанын және көңіл күйлерінің жақсара бастағанын сезген. Ресейлік дәрігер-хилер А. Затеев музыканың емдік сипаты жөнінде: «Музыка бізді қоршаған адамдармен өзара қатынасымызға және байланысымызға жақсы әсер етеді. Тыңдаған музыканың бәрі жағымды бола алмайды. Әр музыканың өз тыңдаушысы болады. Сондықтан да музыканың түрі денсаулыққа емдік пайдасымен ерекшеленеді», – дейді.

 

Бірақ әр адамның өзіндік жеке психологиясына, сырқатына, әлеуметтік жағдайына және қоғамдық ортасы орнына қарай әр түрлі музыканың әсері өзгеше болатыны анықталуда. Мәселен, біреулердің жүйкесін күй, ән немесе эстрада әндері қозғаса, ал симфония мен баяу әндер көңілді жайландырады немесе керісінше әсер ететінін науқастардың өздері байқаған. Жан дүниені тербейтін өте әсерлі тербелістік ұнамды музыка ғарыштық жүйемен үндесе отырып, адамның және жануарлар мен тірі организмдердің жүйелі дамуына молдығы барын халық та және ғалымдар да ертеден білген.

 

Қытай, Үнді, Египет, Греция, Франция, т.б. елдердің дәрігерлері мен емшілері, философтар мен музыканттары музыка мен биді сырқатты емдеуге пайдаланған. Сиқырлы қобыз сарыны, күмбірлеген домбыра үні, сызыла шыққан сыбызғы үні, т.б. аспаптарда ойналатын музыкалық туындылардың адам организміне әсер етуі әр түрлі болғанымен, жалпы психологиялық емдік сипаттарында ұқсастықтың емдік шипалық қасиеттері барын аңғаруға болады. Мәселен, ежелгі грек философы Пифагор музыканың адам ағзасына, көңіл күйіне қалай әсер ететіні туралы ғылыми анықтама берген. Адам мұңайғанда, қайғырғанда, қажығанда ән мен күй оның ауыр жағдайынан шығуына немесе ауытқыған қуатын бір қалыпты жағдайға келуіне көмектесетінін тәжірибелік ізденістер көрсетуде.

 

Әлемдік кейбір білімді адамдар мен дәрігерлер музыканың үнімен көп нәрселердің шешімін тапқаны жөнінде баспасөзде жазылып келеді. Пифагор, Гомер мен Госиоданың жырларын адамның жан дүниесін емдеуге қолданған. Әлемге әйгілі Гай Гракх халық алдына шыққанда сөзі өтімді болуы үшін, өзінің жанындағы музыкантына музыка құралын ойнатып қойған. Кейбір әншілер жағымды әндерді орындағанда адамдардың жан дүниесіне, тіпті жабайы аңдар мен құстарға да жағымды әсер ететіні байқалған. Кейбір жерде дәрігерлер музыканың ерекше ырғақтық дыбыстық көмегімен саңыраудың құлағының есту қабілетін ашып қалпына келтірген. Баяу ырғақты музыканың адам денсаулығына пайдасын көне дәуір дәрігерлерінің бірі – Асклептии емдеуге музыка мен ән әуендерін пайдаланған. Аса дыбысы жоғары, шулы сүйкімсіз музыка мен әндер адамның қан қысымын көтеріп, ауыр жағдайға душар етуі де мүмкін. Көбінесе рок музыканың қаупі басым екені, адам психикасын теріс бағытқа өзгертетіні ертеден анықталған. Рим дәрігері Гален жылан, қарақұрт шаққан адамды музыканың көмегімен емдей алған. Адамның жүйке жүйесіне байланысты ауруларға музыканың пайдасы анықталған. Немістің музыка зерттеушісі Маттесон: «Адамның жан дүниесі тәтті бір ұйыған, тыныштықта болу үшін жайлы, нәзік музыканы тыңдау керек», – дейді.

 

Мінезі жеңіл, көп шаршағыш, ашушаң және уайымшыл адамдарға музыканың көмегі зор болады. 1913 жылы Парижде композитор Игоръ Стравинскийдің бір қойылымында залдағы көрермендердің ішінен айғайлаған, төбелескен, билеген және қызықты күлкіге бөленгендер болған. Олар не болғанын білмеген. Басты себеп музыка адамдардің жүйкесінің қозуына, ауытқуына адамның тұлғалық психологиясына қарай әр түрлі әсер еткен. Бұл жағдайдың кілтін Берлиндегі музыка зерттеуші Кристоф Рюгер таптым деген тұжырымын жасаған. Гармония мен ырғақ адамдардың сана-сезіміне тікелей әсер етеді. Кейде оның кері әсері немесе емдік қасиеті бары да анықталуда. Профессор Рюгер «Үйдегі музыкалық дәріхана» деген анықтамалық кітапта жазып ұсынған екен.

 

Бұл ғалым өзінің көп жылғы тәжірибесі негізінде ауыра қалған жағдайда емделу үшін музыкалық рецепті ұсынады. Ал біз көп жылғы тәжірибемізде емге музыканы, ән мен күйді пайдалана отырып ұлттық музыканың өзіндік шипалық қасиеттерін ашып, жалпы халықтық пайдалануға ұсындық. Оң нәтижесі барын пайдаланушылар дәлелдеп келеді. Менің өзімнің сөзін жазып, әрі әнін шығарған оннан астам әндерімді халық шипалық емге пайдаланғалы көп жыл болды. Бұл әндердің шипалық қасиеті барын алғаш нотаға түсірген композиторлар Ә. Телғозиев пен Т. Тайбеков байқаса, одан кейін «Жас Алаш» /21.02.1995/, «Шымкент келбеті» /1997/, т.б. газеттерде жариялады. Әсіресе «Құдірет» әнім психикалық ауруларға тез әсер ететінін, шипалық емге пайдаланушы емшілер дәлелдеп келеді.

 

Кез келген ән мен күйдің өзіндік ерекше ырғағы мен ритмі болғандықтан, оның мәнділігін орындап халыққа жеткізуде әнші мен күйшінің орындау қабілетіне байланысты болатындықтан әсері де әр түрлі болады. Ертеде қазақтар ән мен қиссаларды таңға ұйықтамай тыңдағанда, демалып қалдық деп тарқасуы да бұл өнердің шипалық қасиетінен деуге болады. Қазіргі уақытта дыбыстың да емдік шипалық қасиеті зерттеліп, денсаулықты жақсарту саласында пайдалана бастады. Музыка зерттеуші Х.И.Хан: «Музыка адамның өнері мен поэзиясын дамытып қалмастан, ол адамның рухын көтереді және емдейді. Музыка өнер, әрі ғылым», – дей келе музыканың таза үндік, ырғақтық және дыбыстық әсерінен түрлі толқынды емдік қуаттар пайда болатынына көңіл бөледі. Кейінгі кезде шипагерлік саласының емдік жүйесіне дыбыстың да пайдасы молдығы анықталуда.

 

Жеке қарыптарды мәнерлеп оқығанда әр түрлі ауруларға шипасы бары іс жүзінде тәжірибеден өткізіліп келеді. Бұл тәсіл жеке адамның өзі-өзі емдеуіне өте қолайлы әдіс түрі екенін шипагерлер мен емделушілер дәлелдеуде. Бұндай қарапайым емдеу тәсілі шипагерлік емнің жаңа шипалық жүйесіне жол ашып ғана қалмастан, ұлттық шипагерлікті байыта түседі. Дыбыстың шипалық емдік әсері оның негізгі принциптері резонансына, ритміне, үндік мелодиясына, гармониясына, дыбыстың ауқымдығына, тембріне, ағыны мен толқынды тиянақтылығына және дыбыстың қуаттылығына байланысты екені зерттеушілер тарапыынан ғылыми түрде зерттеліп жатыр. Тэд Эндрюс дыбыспен емдеудің негізгі принциптерінің құпияларын зерттеп, оның емдік ерекшелігі туралы: «Жоғары тонды дыбыс – өте қуатты күш. Дыбыстың әсері де дұға, музыка, ән және мантраға ұқсас келеді. Дыбыс адамдар мен дыбыс басқарушының ортасындағы байланыс құралы ролін атқарады. Дыбыс ол біздің денсаулығымыздың жағдайы мен сананың нақтылы уақыттағы жағдайын анықтайды. Емдік шипалық дыбыс адамның физикалық денесіндегі чакраларға бағытталып, өзінің шипалық қасиетін жалғастырады», – дейді.

 

Дегенмен адамдардың есту, қабылдау және сезім қабілеттері бірдей болмағандықтан, олардың түпкілікті әсері де әр түрлі болады. Музыка мен ән-күй адамның миінің клеткаларына әсер ете отырып, оның импульсті ырғағын қозғап, теңшеп, қызметін жақсартып, шаршағанын басуға көмектеседі. Адамның ағзасында жаңадан күш қуат пайда болып, ағза ескі қуаттарынан тазарып, жаңа қуатпен қоректенеді. Адамның сенімі оянып, жаңа іске талпынады. Музыка ұлт таңдамайды. Музыканың үні, ырғағы мен әсер ету күші барлық адам баласына бірдей. Бұған дәлел ретінде мен өзім 1991 жылы Мәскеу қаласында «Турист» қонақ үйінде бұрынғы Одақтық емші-ғалымдары алдында жүргізген емдік сеансымда тек қана қазақтың күйлері мен әндерін пайдаландым. Осы сеанс кезінде қазақтың күйінің әсерінен өмірі қазақты білмейтіндер ішінен билегендер де, жылағандар да, өзінше сөйлеп кеткендер де және қолдарын ербеңдетіп домбыра тартқандай қимыл жасағандары да болды. Бұндай жағдай әлемдік емдік сеанстарымда да қайталанды. Бұдан қазақ музыкасы мен ән-күйі өте жоғары толқынды резонанс тудыратын, өрісі кең, қуаттылығы мол, әсері күшті адам бойындағы лас қуаттарды ығыстырып шығаратын ерекше емдік шипасы барын аңғаруға болады.

 

Емдік шипалық сипатқа ие «Елім-ай» әні жан дүниені яғни, ұлттық патриотизмді оятып, рухыңды көтереді. Күңіренген қобыздағы Қорқыт, Ықылас күйлері мен Құрманғазы, Дина, Тәттімбет, Сүгір, Т.Момбеков пен бүгінгі С.Тұрысбеков, т.б. домбырадағы әсем үнді, жүректі тебірентетін күйлерінің емдік шипасын көптен анықтап келеміз. Музыкамен емдеу бүгінде арнайы бір орталыққа топтастырылмағанмен, көптеген дәрігерлер мен емшілер жеке емдік сеанстарында жиырма жылға жуық тұрақты пайдаланып, оның оң нәтижесін анықтап келеді. Әлемдік шипагерлердің көбі сеанс кезінде емделушілердің психологиясына әсері мол «Ғарыштық» музыкаларды пайдалану арқылы емін бастап аяқтайды.

 

Ресейде арнайы музыканың емдік әсерін зерттейтін орталықтар мен қоғамдық ғылыми зерттеу институттары және Санкт-Петербург қаласында арнайы «Музыкатерапия» мектебі жұмыс істеуде. Бұдан музыканың емдік шипасының болашағы барын аңғаруға болады. Батыс елдерінде классикалық Шопен, В. Моцарт, Ф. Лист және Бетховеннің шығармаларын жүйке ауруларының түріне қарай пайдаланса, қазақ елінде де емдік қолданысқа емдеушілерде пайдаланып келеді. Музыка мен ән-күй адам ағзасына ғана әсер етіп қалмастан, жан-жануарларға, аңдар, құстар мен өсімдіктерге де оң немесе теріс әсері ететіні анықталуда. Музыка дыбысы электромагнитті толқын тудырып ірі қуаттық өріске айналатындықтан, ол жер бетіндегі тірі организмдерге әсері тез болады. Мешіттерде азан шақырғанда және шіркеулерде қатты қоңырау дыбысы шыққанда эпидемиялық жұқпалы аурулардың таяқшалары мен сары аурудың вирустарын өлтіретін «улътурадыбыстық шағылу тербелісі» болатынын ғалымдар анықтауда. Жапониялық ғалымдар музыканы жемістер мен көкөністерде жақсы көретінін анықтаған. Олардың пікірлері бойынша музыкалық аспаптардың сазы өсімдік жапырақтарының араларын кеңейтуі нәтижесінде оттегі, қоректік заттар көбірек сіңіріліп, фотосинтез процесін күшейтетінін анықтаған.

 

Музыка дыбысы арқылы жемістердің, көкөністердің тез өскені, пісу уақыты қысқарып, өнімі отыз пайызға артқаны әсіресе, классикалық әуендердің жағымды әсерінің күштілігі байқалынған. Музыкалық дыбыстың кері әсерінен жаңбыр жауатынын Қытайдың бір таулы аймағында анықтаған. Қазақ елінде алғаш өлеңмен емдеу ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылының басында басталды. Денсаулық журналы насихаттап, халық емделе бастады. Бұның ғылыми қорытындысы әлі белгісіз.

 

Адамның психологиясына тербелістік жүйе бойынша өте нәзіктікпен әсер етіп, тұйықтықтан еркін шығаратын музыкалық толқынның үндік емдік сипаты өркендей бастады. Исламда музыканың өте жағымды, адамға қуат беріп көңілін көтеретіндей әсерлі, үні нәзік әндеріне пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) тыйым салмағаны, қайта қуаттағаны айтылады. Осыған байланысты әр отбасында жеке жинақтағы музыкалық шипалық ән мен күйлердің болуы, дамып келе жатуы, қоғамның талабы мен жетістіктеріндегі адамның салауатты өмір сүрудегі басты бір саласының өркендей бастағанын аңғартады.

 

 

Алматы қаласы

"Шипагерлік баян" газеті, наурыз 2018 жыл

 

 

 

 

 

 

 

 
 
В начало