Адам биоөрісінің қуаттары

 

  главная                                        вернуться  


 

Адам биоөрісінің қуаттары

 

Зядан Қожалымов - профессор, мәдениеттанушы-ғалым

Адамның биоөрістік қуаттары оның тірегі, тіршілігінің қайнар көзі және атқаратын денелік қорек көзі болып табылады. Адамның денелік биоөрісі оң және теріс зарядттардың бірлестіктерінің тепе -тең болуынан құралғандықтан, биоөріс қуаты тәнінің саулығын білдіреді. Ғылыми анықтамалар бойынша осы биоөрісті құрайтын екі зарядтың біреуі артып немесе кемісе, адамның ағзаларында қуаттық жетіспеушілік орын алып, оның ағзалық сырқаттарға ұшырайтыны анықталған.

Биоқуат – тіршілік иелері болып есептелетін адамзат, жан-жануар, жәндіктер мен өсімдік әлемінің өмір сүруінің ең негізгі тірегі мен айнасы болып табылады. Биоқуаттың жетіспеуінен әртүрлі сырқаттар пайда болатыны, ал оның азая беруі салдарынан ақыры өмір тіршілігінің біртіндеп аяқталуымен тоқтауына апаратыны аян. Адам қуатты ғарыштан және жер бетінен алады. Қуаты әлсіз, азая бастаған адамның өмір сүруі де қиындай береді. Адамның тұлғалық бітімі, көріктілігі, айбарлығы, таланттылығы, естілігі мен адамгершілігі оның жеке тәндік мүшелерінің қуаттылығы, биоөрісінің тікелей бір қалыптылықтығына байланысты екенін ғылыми тұжырымдамалар мен зерттеулерде баяндалады.

Дененің ғарыштық қуаттарды қабылдап, сүзгіден өткізіп, бөліп таратып, қайта өңдеп, пайдаланған қуатты денеден сыртқа шығарып одан кейін жаңа қуаттарды қабылдап, тұрақты жүйелік айналыспен дененің мүшелері мен ішкі тканьдарын қоректендіру мен толтыру қызметін атқаратын жеті чакрасы /нұр көздері/ өз қызметтерін үздіксіз жалғастырып отырады. Чакралар қызметтерінің нашарлауы салдарынан денедегі биоөріс қуатының тепе-теңдігі бұзылады да, адамның кейбір мүшелері мен ішкі мүшелердің талшықтарының қызметі нашарлап сырқатқа ұшырайды немесе денеде әлсіздік пайда болады. Бұндай құбылыстардың нақтылы себеп-салдарын анықтау медицина ғылымына ғана тәуелді болмайды. Оның өрісі кең, зерттейтін саласы да мол. Осыған байланысты гуманитарлық ғылымдар салалары бойынша танымдык зерттеулер жасап, тұжырымдар қабылдау өте қажет. Бұл тұрғыдан қарағанда философиялық көзқараспен халық шипагерлігінің тарихына, мәдениетіне, дәстүрлеріне ұлттық таныммен баға беру уақыты да келгендей. Ол үшін орта ғасырдағы ғұлама не дейді?

Осыған байланысты ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы адамның дене қуаттарын бес түрге: Жаншылық қуат, жаршылық қуат, ғаршылық қуат, таршылық қуат және баршылық қуат деп бөлу арқылы жеке-жеке анықтамалық философиялық толғам жасады. Бұл шипагердің терең ойлы толғамының бүгінгі ғылымдағы анықтамалардан алшақтығы жоқтығын айқындайды. Адамның өмір сүруіне ең қажетті баршылық қуатының өзі тіршілік көзі болатын: қимыл қуаты, сезім қуаты, тежелім қуаты және қосалқы қуаттардан тұрады. Олардың бір қалыпты болуы адамның мінез-құлқына, имандылығы мен адамгершілігіне, қанның құрамына және пенденің тұлғалық бітіміне тікелей әсер ететінін аңғартады. Қуаттардың жетісті болуы тіршілік иелерінің өмір жалғасының тыныш, бақытты, қуанышты, уайымсыз болуының негізгі сүйеніші деуге болады.

Егер ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының медициналық «Шипагерлік баян» атты еңбегі шипагерліктің үш шыңы: «Қанықталғы», «Нарықталғы», «Дарымдалғы» деген шипагерліктің жіктемелік атауларының оның ішінде Түптеме, Жіктеме, Аңғарымдама, Нақтама, Дарым заруаты, Айықтырым дарымдылығы алты белесінен тұратын жеті бөлім мен тектелгіні қоса жазған энциклопедиялық еңбек. Еңбек құрылымының бүгінгі медицинадағы тұжырымдар ұқсастығы мен үйлесімдігін, осы тақырып туралы шипагер еңбегінде ашық талдап тоқталуы аңғарылады. Себебі, адамдардың тәндік биоқуаттары қалыпты, артық қуатты және қуаты аз деген үш топқа бөлінуде. Осыдан тұлғалық бітімнің келбеттік көрінісі денедегі биоөрістік қуатқа тәуелді екені білінеді. Сырқаттың неден пайда болуының басты себебі адамның денесінің қуаттылығын қамтамасыз ететін, оң және теріс зарядтардың тепе-теңдігінің бұзылуынан болатыны айқындалуда.

Ресейлік ғалым Татьяна Васильева адамның биоқуаттық құрылымы туралы: «Адамның тәндік құрылымы оның құрылымдық тұтас қуатына жауап беретін биоқуаттық жүйеден тұрады. Бұл жүйе біздің жеке сезімдік қабілетімізді анықтайды. Аурудың пайда болуы да, біздің энергетикалық жүйеміздің жалпы жағдайына тәуелді болғандықтан, ол адамның денесіндегі жеті чакраның (нұр көздері) жағдайына байланысты физикалық дененің жағдайы анықталады», – деп сипаттама береді.

Бұл тұжырымдама адам тәнінің биоөрістік қуатқа тікелей тәуелділілігін көрсетеді. Ғалым-медик Т.Бекен адамның мүшелері мен ағзасындағы қуаттық өзгеріс әсерлерін шығыстық және еуропалық ғылымның биоөрістік танымдық көзқарастық болжамдары бойынша, адамның денесінде ғарыштық сәулелерді қабылдап, өңдеп әрі тепе-теңдікпен адамның жеке мүшелеріне бөліп оны қоректендіру міндетін атқаратын жеті түрлі: Бас – сахасрара (рухани қасиет), тамақ – аджна (жігер, ой-өріс), жүрек – вишудха (сезім қуаты), күн сәулесін сіңіру – анахата (жан қуаты), ас қорыту ағзасы – манипура (физикалық қуаты), жыныс жүйесі – свадхистана және сегіз көз – муладхара (өмірлік қуат көзі) сияқты «Нұр көздерінің» қызметінің нашарлауынан деп түсіндіреді. Егер осы нұр көздерінің қызметтері бірқалыптылықты сақтаса ғана, адамның дені сау, тұлғалық бітімі сұлу, көрікті әрі көркемдік мінезге ие болатынына анықтама беріледі. Әрбір нұр көздері өздерінің денеге қызмет ету міндеттеріне қарай, ғарыштан сәулелік нұрдан қорек ала отырып, оны денеге сіңіріп қабылдап, өңдеп, тазалап, ағзалардың тканьдарына бөліп қоректендіреді. Бұл процесс үздіксіз толық шеңбер жүйесімен іске асады. Кір қуаттар ағзалардан сыртқа шығарылып, жаңадан таза қуаттармен дене мүшелері қуаттандырылады. Бұл биоқуат адамның өмір сүруінің негізгі қуат көзі екенін аңғартады.

Адамның биоөрісінің қуаттарына байланысты қазақтың ғалым шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы XV ғасырда-ақ ғылыми тұрғыдан жеке болжамдық философиялық тұжырым жасады. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы адамның денесінің биоөрісінің қуаттары жөнінде қуаттың арқау делінбегі, ал арқау қуат делінбегі шарт екендігі жөніндегі тұжырымы, бүгінгі ғылым қорытындысымен сабақтас, үйлесімді үндес келеді. Арқаулық қуат тұлғалық жаралыстық көрінісі. Қуаттық қуат мүшелік және бітістік бөліктік болып жарасым табады.

Оның дәлелі, шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы адамның жеке қуаты туралы ойын:«Қуат арқау делінбек, ал арқау қуат делінбегі шарт. Арқаулық қуат тұлғалық жаралыстық болмақ. Қуаттық қуат мүшелік және бітістік бөліктік болмағы жарақ» – деп өзінше тұжырымдайды. Бұл ғұлама бабаның осыдан бес жарым ғасыр бұрынғы адам биоөрісінің қуаттары туралы айтқан, болжаған, түйіндеме жасаған танымдық философиялық ой-тұжырымдары, бүгінгі ғылыми медициналық идеялармен сабақтасып, ұқсастығы және үндестігі бірдей екенін білдіреді. Ғұламаның философиялық тұжырымы бойынша, қуат – адам тіршілігінің тіршіліктік қимыл әрекеттің, ой толғамның түйіні. Қуат Аллалық несібе мен несіптік ризық терімінің ұштасымдық жарасымдығы болмақ.

Жалпы алғанда адамның тіршілігі оның денесінің мүшелерінің талшықтық қуаттарына тәуелді, қуат азайса адам өміріне де ауыр жағдайлар туылмағы шарт екендігін аңғартады. Ғалым шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының философиялық толғамына тоқталсақ, адамның биоөрісінің қуаттары оның ойлау қабілетіне, көріктілігіне, сезіміне, түйсігіне, сөйлеуі мен қабылдауына, есіне, мінез- құлқына, ерік-жігеріне ерекше тұлғалық әсер етпек. Ресейлік ғалымдардың ішіндегі В.С.Орлин: «Біз табиғаттан ауруға қарсы тұратын қуат алуымыз қажет. Табиғат өз заңы бойынша бәрін жасайды, ал біз болсақ сол табиғаттың бір бөлшегіміз және соның заңы бойынша өмір сүреміз әрі сол күш біздің ішкі организміміз арқылы әсер етеді», – десе, доктор Донцов, З.Роулэнд, Ю.Левинсон, В.Мадэюй және Ж.М. Дешане биоқуат туралы өздерінің зерттеу қызметтерінің нәтижесінен осыған ұқсас жеке ойларын білдіреді.

Адамның тұлғалық бітімі мен құрылымы – ол имандылығы мен адамгершілігінің, кісілік қасиетінің, жан дүниесінің жайсаңдығын қалыптастырады. Ғұлама шипагер Өтейбойдақ бабаның философиялық ой тұжырымы бойынша, адам тұлғасы оның жаны мен тәнінің айнасы ғана емес, оның өмір жолының тарихи өлшемі екендігін, тұлғалық қасиеттер белгілі қуаттық салдарға орай қалыптасып отыратынына анықтама беріледі.

Ғалым адами тұлғалық бітімнің қуаттылығы оның ата-анасы мен туған жерінің топырағына, тау-тасы мен өзен- көліне, кеңістігінің ауасы тағы басқа да табиғи факторларға тәуелді екенін ғылыми философиялық таныммен түсіндіруі, бүгінгі медициналық ұғымнан алшақтығы жоқтығын аңғартады. Адамның дене құрылысының мінсіз болуы да, оның ой қабілетінің дамуының басты белгісі. Бабаның ой өлшемі бойынша Алланың адамзатқа берген бақыты, дүниесі мен рахымы тұлғалық биоөрісі қуаттылығының басты көрсеткіші сияқты. Ғұламаның осы философиялық ой-толғамдары, тұжырымы ұлттық шипагерлік өнерінің мәдени дәстүрлерінің ертеден дамуына қосқан үлесінің осы заманғы ғылыми көзқарастардан алшақтығы жоқтығын көрсетеді. Ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының адам биоөрісінің қуаттары туралы, әр пенде ана құрсағында тамшы болып жаралып, кейіннен дүниеге келіп, өмірі аяқталғанша 5 түрлі: Жаншылық қуат, жаршылық қуат, ғаршылық қуат, таршылық қуат және баршылық қуаттар дамып қалыптасып отырады деп, философиялық тұжырымын жасайды.

Мәселен, жаншылық қуат (құрсақтағы даму кезеңі) – ана құрсағында адам жанының қуаттық алғашқы қалыптасу көрінісі. Бұл қуатқа: қимыл-әрекеттік, сезімталдық, тежелістік, қосалқы қуаттар үнемі әсер етіп отыратындығы айтылады. Шипагер баба: «Адамның ұрпақ өсіруі де қосалқы қуатқа тәуелді», – дейді. Жалпы өз қуатын танып білмеу адамға қиындық келтіретіндігі де ескертіледі.

Жаршылық қуат (дене қуаты) – бала дүниеге келгеннен кейін дененің толығуына әсер етеді. Бұл тежегіш, қорғағыш және аурудан сақтану жолдарына игілікті әсер етеді.

Ғаршылық қуат (өмір қимылы қуаты) – бұл өмір сүру үшін қимыл-әрекет жасап, ризық пен несібені теруге ықпал етеді. Ғұлама баба жеке философиялық толғамы бойынша адам шаршағанда, ұйықтап жатқанда да азды-көпті ғаршылық қуаттан нәр алуы арқылы, өзінің денесіндегі жаншылық пен жаршылық қуаттарды толық-тырып бір қалыпты сақтап отыратынына анықтама бергені де ғылыми анықтамаларға сәйкес келеді.

Ғаршылық қуат – тіршіліктің жалғасуына адамды еріксіз қиыншылықтардан шығуына зор әсер ететін, жігерлікке, табандылыққа, төзімділікке, тірлік етуге итермелейтін ризығың мен несібеңді теріп алуға ықпал ететін қуат екенін аңғартады.

Таршылық қуат ( жасырын бұғынбалы қуат) – бұл адам денесінде сезіле бермейтін бұғынбалы жасырын қуат. Ол адам баласының басына кездейсоқ, әр түрлі қиын жағдайлар туғанда өріс алып, адамды әрекет етуге итермелейді. Адам баласында ерекше бір сенуге болмайтын істерді тындыруына, қиын жағдайдан шығаруға ықпал ететін құдіретті қуат күші болатынын білуді ескертуде, ұлы шипагердің философиялық толғамдық танымының білімділігін айқындайды.

Баршылық қуат (нышан қуаты) – бұл әрбір пенденің өзіне ғана тән шама-шарықтық, бітістік жаратылыстық қуаты. Бұл қимыл-қозғалыс, сезім, тежелу ретінде дене бітімінің өсіп жетілуінде елеулі орын алып, әр түрлі деңгейде көрініп отырады. Мәселен, қимыл қуаты – адамның қан айналымына, денедегі зат алмасуына жақсы әсер етсе, ал сезім қуаты – ағзалардың әр түрлі әсерленуіне түрткі болса, тежелімдік қуат – ол жан дүниенің әр түрлі көріністерін реттестіріп отырады деп, ғалым шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы өзінің философиялық ойын тұжырымдайды.

Мәселен, хан Есімнің тілін алмаған әз ханымы Айымбике – «Қаракүң», алғаш әкесінің жас бұзауын бес жасқа келгенге дейін көтеріп, кейін хан алдында жарысқа түседі. Жігіттер көтере алмаған бес жасар өгізді ат үстінде аунатады. Хан әйелін танып, басына қайта орамал салады. Бұл қимыл қуатының бітістігінің жемісі екендігін білдіреді.

Ғұлама шипагер Өтейбойдақ баба ұрпақ өсіруде қосалқы қуаттың ең басты роліне баға бере келе: «Теңін тапса – тегін» және «Шал қатын алғылық білгі емес, мал алғылығы білгі» – деген халықтық философиялық ұғымын ұсынып, екі жұптың өз теңдігінің артықшылығына мәнді баға беріледі. Ресейлік ғалым С.П. Розов адамның биоқуаты жөніндегі анықтамасында: «Биоқуат адамды сыртқы қоршаған ортамен, оның ішкі мүшелерімен арақатынасын байланыстырудің өмірлік ролін атқарады. Адамның тәніне биоқуат кеңістік арқылы ауадан ғарыштан енеді. Ол қуат күші. Бұл күш денсаулық күші болғандықтан барлық әрекеттерге көмек ете алады» – деген ойын білдіреді.

Адам биоөрісінің қуаттары кейбір адамдарда ерекше болады. Ол адамдарға Алланың берген сыйы, әрі құпиясы іспетті. Сондықтан ислам қағидаларын емдік дәстүрінде басшылыққа алуды шипагер өзінің басты парызына айналдырады. Мәселен, Әжрианың 1062 жылғы Шалкөде мен Жаркентте болған оба ауруынан бір тайпа елден мыңдаған адам қырылғанда, алды сексеннен асқан, арты жасқа толмаған еркегі бар, ұрғашысы бар отыз жеті адам ауырмай аман қалады. Мен семізкөк жеп жаным қалды деп баяндайды шипагер. Бұл да Алланың құдіреті екенін ескертеді.

Бұл пенденің төтемеліктік қуатының ерекше қасиеті, туылма қуат қайсарлығы, қайтпас және қажымас қуаттардың төзімдік жиынтығы деген танымдық ойды ұсынып, тұжырым жасауға болатындай әсерді ұғындырады. Дәрігер В.Тишенко өзінің Джунаның биоқуаттық әсері туралы: «Адамның бойындағы тылсым қасиеттің шексіздігінің құпиясы әлі ашыла қойған жоқ. Мен дәрігермін. Алғаш Джунаның аралықтан әсер етуіне әншейін қарадым, бір-ақ мен оның осы әдісін кейін үйрендім, пайдаландым, нәтижесі өте жоғары. Мен көп ауруды емдей бастадым, әсері жаман емес, сондықтан бұл әдісті мойындаймын. Адамның биоқуатының құпиясы деген осы екен ғой», – деп тұжырымын жасайды. Осындай ой-толғамдарын ресейлік ғалымдар Д. Анисимов пен О. Глотова да білдіріп, биоқуаттың өте маңызды рөліне тоқталады.

Ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы адам бойындағы қуаттардың түрлеріне өзінің философиялық ұғымы бойынша анықтама береді. Шипагер адам бойында қаһарлы төтемеліктік қуат болады дейді. Мәселен, 1062 жылы әжриада оба, шешек, қызылша, көкжөтел, күл, сүзек аурулары Торғайға да тарады. «Торғай қаққан тарыдай» ел тұтастай қырылғанда, тек қана менің құрдасым Қабанбай алғаш ауру белгісі болғанымен аман қалды. Оны «Қасиетті, әулие ата» деді. Бұл жағдайды Алланың құдіреті, жеке құлына сыйы деген философиялық таныммен шипагер баба қорытады.

Ғұлама шипагер бабаның қуаттар туралы тұжырымдамалары бойынша әрбір пенденің өзіндік қуаты, күші, қимылы болатынын, адамдардың бұндай көрсеткіштері бір- біріне ұқсамайтындығының негізгі тетігінің себептеріне жеке танымдық философиялық ой-толғамын қабылдауға болатындығы. Даланың ойшыл шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы адамның қуатына қанның да әсері бар екеніне философиялық болжамын айтады. Шипагер: «Қан сөлі – жан сөлі» – деуі арқылы, өз ойын қан қоюлығы мен сұйықтығы және түр-түсі әсерінен адамның мүшелерінің әртүрлі ерекшеліктері болатынынан хабардар етуі, бүгінгі ғылыми медицинаның қан құрамы туралы анықтамаларына ұқсастығын білдіреді.

Ұлы шипагер адам бойындағы әрбір жеке қуаттардың басталуы мен шегі болатыны, ол қуаттар бір-біріне алмасымдық түрде орын беретіндігі, бір-бірін толықтырып, жанамалай әсерде болатынына ғылыми танымдық түсініктеме беруі, ұлттық танымдық идеясын ең басты мақсат етіп алғаны, шипагер еңбегінің құндылығы мен мәңгілігін айқындай алады. Ғұлама баба ой-толғауларынан адамның денелік қуаттарының жарасымдығы мен тұлғалық жарастығы кейде өскен ортаға, әлеуметтік-экономикалық жағдайларға, қоғам дамуына тәуелді болады деген танымдық тұжырымды аңғаруға болады.

Мәселен, дәрігер У. Жарқынбай: «Табиғат заңдылығын бұлжытпай орындасаң ғана денің сау, ой-өрісің кең, сергек боласың, ұзақ өмір сүресің. Бұл адамның тәнінің қуатының шексіздігі мен өміршеңдігін білдіреді»,- деп ойын тұжырымдауы да биоқуаттың атқаратын қызметін айқындайды.

Адамның мүшелерінің қуатының бірқалыпты болуы, оның ой-қабілетінің өсіп дамуына, мінсіз бітістік тұлға қалыптасуына, қан қуаты мен әл қуатының үйлесімділігін жақсартуға септігін тигізеді. Ал биоқуат, мінез-құлықтың инабаттылығына, ойлау, сөйлеу, талдау, бағалау, абайлау, іскерлікті арттыру, дарындылық пен тапқырлықты дамытудың негізіне, имандылық пен адамгершіліктің жетілуінің негізгі қағидаларының басты тірегіне жарайды.

Адамның тұлғалық қалыптасуында оның тәндік қуаты он түрлі табиғи және субьективті белгілерге: ыстықтық, суықтық, келбеттік, сұйқылдық, қатайымдылық, босандық, денеге сіңірімдік, шығарымдылық, ояулық, дене тыншуына тәуелді болатыны жөніндегі ғұлама шипагер бабаның танымдық көзқарасы, бүгінгі ғылыми медициналық тұжырымдармен үндестігі, жалғастығы барлығын аңғартады. Қытай медицинасының ғылыми дәлелдері бойынша адамның биоөрісінің деңгейі, адам денесіндегі он төрт мередиан /канал/ бойынша басқарылмақ. Адам денесі арқылы өтетін 14 каналдың 12-сі тақ, ал екеуі жұп болып келеді. Каналдар бірімен-бірі байланысып тұратындықтан, яғни бұларды «Өмір жолы» – деп атайды. Әрбір каналдың өзіндік орналасу және байланысу жолдары арқылы, өзара қуат алмасу мен тасымалдау әрекеттері жүзеге асырылып жатады.

Каналдар адам денесіне ішкі және сыртқы мүшелер арқылы өтеді. Ішкі мүшелер арқылы өтетін 10 канал: өкпе, тоқ ішек, асқазан, талақ, ұйқы безі, жүрек, ащы ішек, зәр жолы, бүйрек, өт қабы және бауыр тікелей байланыста болып, осы мүшелердің биоқуатын реттеп отырады. Қытай медицинасының тұжырымынан адамның ішкі ағзаларының биоқуатының өзгерісі, оның ішкі ағзаларды қоректендіретін он канал қызметіне тәуелділігін білдіреді. Қытай медицинасындағы екі жұп канал ол адамның ішкі және сыртқы ағзаларымен тікелей тербелістік /импульстік/ тұрақты қатынаста бола отырып, жүйке-жұлын жүйесін қоректендіріп ішкі мүшелерден сыртқа, ал сыртқы мүшелерден ішке немесе импульсті беріліспен төменнен жоғарыға, жоғарыдан төменге өмір бойы әсер етумен болады. Бұл жүйелік қайталамаларды «Өмір қуаты» деп атайды. Бұл екіге бөлінеді: физикалық қуат Инь және жүйке жұлын қуаты Янь. Тіршіліктің негізі осы екі өмір қуатының бір-бірімен қатынас жасауынан, Инь плюсынан Янь плюсына жүйке импульсі өтеді, содан денсаулық тұрақтылықты сақтайды. Егер импульстің дене мүшелеріне өту заңдылығы бұзылса, онда адам ағзаларында әр түрлі аурулар пайда болатындығы да түсіндіріледі.

Адам биоөрісінің қуаттарының тұрақтылығы әрбір адамның жеке мінез-құлқының психологиялық бірқалыпты тұрақтылығына, байсалдылығына, адал жүректі мейірман-дылығына, аралық сүйіспеншілігіне, ізеттілігіне, төзімділігі мен қайсарлығына, өзіне-өзі сенімділігіне тікелей байланыстылығын байқатады. Күдік, сенімсіз ойлар мен төзімсіздік, қаталдық, қызбалық, аңғарымсыздық, өтірікшілік пен алдампаздық адам биоөрісін азайтады, ауыруға ұшыратады және өз өміріне қатерлі қауіп төндіретінін де білген дұрыс екендігін ескерген жөн. Адамның биоөрісінің қуаттары – ол адамның өмірінің қалыптылығы мен ұзақтығының қайнар қөзі әрі сусынданар бұлағы екендігіне сеніммен қарау, денсаулықтың қалыпты кепілі боларын айқындайды.

Емдеу мәдениетінің үйлестігі. Емдеу мәдениетінің жоғары дәрежедегі үйлестігі мен ұтымдылығы халықтық шипагерлік дәстүрдің жетістігінің көрсеткіші болып есептеледі. Қазақ шипагерлері ертеден-ақ, санитарлық-гигиеналық дәстүрлерді ерекше сақтай білген. Бұл гигиеналық дәстүрді сақтамаудан әр түрлі аурулардың пайда болатыны, халықтың арасында оның тез тарап кету қаупі болатыны туралы олар қатал ескертіп отырған. Сондықтан ертеден әрбір жеке адам өзінің жеке басының, үйі мен мекен жайының және ауласының тазалығына айрықша мән берген. Қазақтардың тазалық сақтау жөніндегі іс-әрекетін өз көзімен көрген орыс зерттеушісі А.Н. Краснов (1887) былай дейді: «Ең болмаса дұрыс үйлерде тұрмаса да, жұмасына бір рет шайынып, шомылу, киім-кешектерін жуу оларға тән».

Қазақ шипагерлері емдіктің қай саласында болсын өз ісіне жауапкершілікпен әрі сеніммен қарай білді. Шипагер емдеу ережелерінің мәдени тұрғыдағы қызмет көрсетуін басты міндеті санады. Шипагерлер адамның сырқатының түрін анықтауда, пайда болу себептерін іздеп білуде және сырқатқа қарсы ем жасауда, өзіндік қағидаларын сақтай білді. Сырқатқа емнің қонымдық уақыты кестесін анықтауда көп қателіктер жібермегені жөнінде сынықшылар туралы былай баяндалады: «Білек, қол, саусақтардың бітуі 15-25 күн. Иық білегінің бітуі 25-30 күн. Жіліншік сынығының бітуі 30-45 күн. Жамбас сүйегінің бітуі 60-70 күн». Англиялық зерттеуші Тэд Эндрюс шипагерлік қағида мен мәдениеті жөнінде мынандай тұжырымнамасын ұсынады: «Шипагердің басты жауапкершілігі сырқат адамға көмек көрсетумен оған ыңғайлы жағдай жасау. Шипагер болу бір уақытта тәрбиеші ұстаз болу және емдеу мәдениетін дамыту, сырқатқа мейірмандыпен қарау» – деген қағидасын ұсынады. Қазақ халқында емдіктің қарапайым қағидалары бойынша әйелді екі қабат болған уақыттан бастап босанғанға дейін арнайы күтімде ұстаған. Ал, жас нәресте дүниеге келгеннен бастап қырық күн бойы күнделікті арнайы ем-домдық күтім, ал одан кейін бақылаулық күтім ережелерін қатаң сақтай білді.

Әсіресе, жас сәбилер үшін өте қауіпті көз бен тіл тиюден қорғаныс жолдарын таба біліп қалмастан, одан сақаюдың емдік жолдарын меңгере білуі емдеу мәдениетінің өзара үйлестігін білдіреді. Халықтың санитарлық-гигиеналық ұғымдары адамның әлем, өмір, табиғат, жан-жануар т.б. мәселелер жөнінде көзқарастарының өзгеріп артуына байланысты жаңарып, мәдени-тұрмыстық қызметі жақсара түсті. Кейінгі кезде «Шипагерлік баян» атты энцикло-педиялық медициналық еңбегі арқылы, медицина ғылымы саласына қосқан зор үлесімен ғылым салаларын мойындатқан дала ойшылы, ғалым шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы шипагерлік емінің мәдени үлгісінің негізін ашқандығы, оның бұл жаңалықтары осы заманғы медицина ғылымының талаптарына ұқсас, сәйкес әрі сабақтастығы барын аңғартады.

Бұл қазақтың медицина ғылымының емдеу мәдениетінің үлгісі осыдан бес жарым ғасыр бұрын қаланғандығын айқындай алады. Ғұламаның өзіндік жеке тұжырымдамаларындағы философиялық, психологиялық, медициналық ой-толғамдарынан шипагерліктің ем жүйесінің мәдениеттілік стильдерін көптеп аңғаруға болады. Ғалым шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы емдіктің мәдениетін көтеру тікелей шипагерге тәуелділігіне үлкен талап қоя білгендігін оның: «Шипагер сезімтал, көреген, адам мінезін жетік білетін тәлімгер – тәрбиеші болу керек», – деген ой-толғамынан аңғаруға болады. Өтейбойдақ бабаның шипагерлер тобын дарымдаулық және болжампаздық шипагерлер деп екі топқа бөліп, олардың емінің дарымы мен болжамдылығы бойынша жиырмадан асық шипагердің түрін атауы, оның емдеу мәдениетіне қатал әрі жауапты қарап бағалағандығын көрсетеді. Шипагер ұлағатты мәтелдер мен мақалдарды да шипагерлік мәдениетін дамытты. «Сынық-тан басқаның бәрі жұғады» және «Біреуді табалама «шоқ, шоқ» – деп басыңа келеді деп шипагерлерге қана емес, жалпы адамға мәдениетті түрде түсіндіреді.

Бұл шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы шипагерлік өнерін ұлттық стилдік мәдениетінің негізіне толық ғылыми талаптарға сай бағыт берген философиялық ой иесі және дара тұлға екенін аңғартады. Шипагер Өтейбойдақ баба адамдарды жақсы сөйлеуге, бос сөз айтпауға, батыл мен елпек болуға, қорқақ болмай жүректі болуға бағыт беріп, сілтеме жасайды. Шипагердің жақсылық соңында өнер шыңына шығаратынына сеніммен қарау, мәдениеттілікті сақтауға берген нұсқауы деуге болады. Шипагерлік саласындағы ең басты жауапкершілік шипагердің сөздік, ілімдік және мәдени байлығына байланысты, оның шипасы да емделушісіне қонымды болмақ. Шипалық емдеу әдіс- тәсілдерінің қай түрі болса да, емделушінің психологиялық мінез-құлқына, сырқатының түріне, сеніміне, шипагер тапсырмасын орындауына тікелей тәуелді екендігі ғылыми негізде дәлелденген. Адамның биоөрісінің өзгеріске ұшырауы оның дене мүшелерінің қуаттарының әлсіреп, сырқатқа душар болуымен аяқталады. Емдеу мәдениетінің басты көрсеткіші білімділік, сезімталдық, ұйымдастыру мен жауапкершілікке байланысты. Шипагер бабаның: «Білім тікеуікпен құдима қазғанмен бірдей» /білім алу инемен құдық қазғандай – З. Қ/ – деп, ғылымнамасының құндылығына үлкен жауапкершілікпен қарағанын білдіреді. Бұл да шипагерлік мәдениетінің емдеу жүйесіне ұсынған емдіктің мәдени жүйесін қалыптастырудағы ескеретін басты нәрсе екенін көрсетеді.

Әрине адамның тіршілігінің қайнар бұлағы да, көзі де оның қуаттарының тепе-теңдікте болуы, денсаулықтың қалыптылығын қорғай алады. Шипагердің сапалы қызметі оның емдеу мәдениетінің үйлестігіне, емдеу әдіс-тәсілдеріне және ем алушының сеніміне тікелей байланысты екені де түсінікті.

Қазақ шипагерлігіне жауапкершілікпен қараған дала ойшылы, шипагер Өтейбойдақ баба: «Емшілік – қақалақтың /ешкінің – З. Қ/ өзін көрмей, мүйізін ғана көргендік. Шипагерлік атауы дұрыс. Өйткені шипа жазады, қонады, дариды, дару болады» – дегені, оның ұлттық шипагерлердің білімділігіне, мәдениетіне, қабілетіне арнайы қарағанда ғана емдеу мәдениетін дамытуға болатынын аңғартады. Емдеу дәріден, дәріні қабылдау тәртібінен басталады. Шипагерлер дәрілік өсімдіктердің химиялық және биологиялық қасиеттерін анық білмесе де, жан-жануарлардың мүшелері мен металл-металлоидтардан да емдік дәрі-дәрмектерін жобалай қоспа түрінде жасады. Өлшем бірлігі де жобалық тұрпайы болды. Сырқат адамның ауруын анықтаған соң шипалық емін жасаған қазақ шипагерлерінің әдіс-тәсілдерін, ХV ғасырда ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы нағыз ғылыми жүйеге қосты. Бұл жетістікті кейінгі ұрпақ бес ғасырдан аса білмеді, көрмеді, естімеді.

Шипагерлік қызметте шипагер мен науқас арасындағы екі жақты сенімділік пен түсіністік ғана емнің шипасының тез қонуын тездетеді. Бұл шипагерлік мәдениетінің үйлестігінің жетістігін білдіреді.

Алматы қаласы

"Шипагерлік баян" газеті, сәуір, мамыр 2018 жыл

 

 

 

 

 

 

 

 
 
В начало