БИОЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ЖҮЙЕЛЕР

 

 

  главная                                        вернуться  


 

БИОЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ЖҮЙЕЛЕР

 

Зядан Қожалымов - профессор, мәдениеттанушы-ғалым


Биоэнергетикалық жүйелерді реттеу жолдары

 

Өзіндік реттелудің биоэнергетикалық жүйелері дегеніміз – адам ағзасының энергетикалық құрылымының бір бөлігі. Бұл жүйелер адам тіршілігін энергетикалық тұрғыдан бақылайтын өзіндік реттелудің энергетикалық жүйелеріне қарағанда тіршілікті функционалдық тұрғыдан бақылайды, яғни ағзалық құрылымның тығыз ткандерімен тікелей жұмыс істейді.

Өзіндік реттелудің биоэнергетикалық жүйелері ағзаның физикалық күйін түзеді, оны біз өзіміздің көңіл-хошымыз деп атаймыз. Біздің көңіл-хошымыз көптеген нәрселерге, мысалы, мойнымызға алатын артық істерге, көңіл-күйімізге, ауа-райы құбылыстарына және тағы басқаларға байланысты болады.

Шындығында өзіндік реттелудің биоэнергетикалық жүйелері біздің денсаулығымыздың жоғарғы деңгейін анықтаушы болып табылады, өйткені олар біздің ішкі органдарымыздың тіршілік әрекеттерін бақылап, соларды көрсетіп отырады. Дәл осы уақытта біз өзімізді жақсы сезініп отырсақ, денсаулығымыз жақсы деп айта аламыз ба? Жоқ, өйткені адам тәнімен сезінетін жайсыздықты тек физикалық дененің тығыз ткандерінде ауру пайда болғанда ғана сезе алады. Басында аурулардың барлық түрі денсаулықтың төменгі деңгейіне жататын энергетикалық ткандерде қалыптасады. Яғни міндетті түрде ағза құрылымының энергетикалық денесінде аурудың қалыптасу және дамуының жасырын кезеңі болады.

Әдеттегідей тіршілік етіп жүрген адам қалай өзінің энергетикалық денесінің денсаулығын бақылай алады? Бәрінен бұрын кез келген аурудың ағзаның энергетикалық денесіндегі функционалдық байланыстардың бұзылу салдарынан болатынын түсіну керек, бұл қоршаған ортадағы энергетикалық-ақпараттық алмасу нәтижесінде болады. Біздің табиғи ортамыз күш-қуаты зор энергетикалық-ақпараттық ағындарға толы.

Бұл, әсіресе, үлкен қалаларға қатысты, себебі оларда ақпараттық ағын өте тығыз әрі біртекті емес. Біз бен сіз өрістік энергетиканың нағыз ортасында жүрміз, біздің энергетикалық денеміз күшті қысымдар жағдайында қызмет етуге мәжбүр. Бұндай жағдайларға ағза құрылымының сау энергетикасы төзе алады. Әлсіз әрі аурушаң энергетика түрлі энергетикалық вирустарға шалдығады, олар энергетикалық жабынды жұқартып, соның салдарынан тығыз тканьдік құрылым әлсірей бастайды. Осылайша адам иммундық энергетикалық қорғанысын жоғалтады.

Өзіңіздің төменгі денсаулық деңгейіңізді бақылау үшін, қалада тұратын болсаңыз, түнге қарай ыстық душ қабылдауыңыз керек, біріншіден, сіз өзіңіздің энергетикалық денеңізді күні бойы жиналып қалған энергетикалық-ақпараттық ағындардан тазартасыз, екіншіден, өзіңіздің тәніңізді жоғарғы иммундық белсенділік күйіне келтіресіз, ол сізде күні бойы жиналған энергетикалық вирустардың барлық түрін іс жүзінде әлсіретеді.

Өзіндік реттелудің биоэнергетикалық жүйелері қандай? Олар мынадай түрлерге бөлінеді:

1. Өмірлік процестердің барлық түрін бақылайтын биоэнергетикалық жүйелер. Бұл процестер ағза құрылымы үшін тіршілік көзі болып табылады. Олар тіршілігімізді қамтамасыз ететін органдар мен органдар жүйесінің, соның ішінде: мидың, омыртқаның, қан-тамыр жүйелерінің, асқашан-ішек жолының, иммундық жүйенің, эндокриндік жүйенің функционалдық әрекетінің бастауы болып табылады.

2. Иммундық процестердің барлық түрлерін бақылайтын биоэнергетикалық жүйелер. Иммундық энергетикалық қалдықтар деген болады. Өзінің тіршілік ету барысында әр ткань белгілі бір энергетикалық құрамдар жасап шығарады, олар өзара байланысқан ткандік құрылымдардың кешенді функционалдық белсенділігін қамтамасыз етеді. Мысалы, омыртқаның шырышты қабығы 180-нен астам энергетикалық компонент шығарады, бұл көкбауырдың, бауырдың бұлшық ет тканьдерінің, жүрек бұлшық еттерінің функционалдық процесін қамтамасыз етеді. Иммундық қалдықтар органдардың матрицалық жүйесінде белгіленген режимде және мөлшерде шығарылады. Сау ағзада бұл режимдер мен мөлшерлер табиғи түрде болады.

Энергетикалық денеде ауытқу пайда болса режимдер бұзылады, ткань құрылымдарында қажеттілік сақталмайды. Нәтижесінде қажетті энергетикалық компоненттерді ала алмаған ткандік құрылымдар өздерінің функционалдық белсенділігін төмендетеді. Басқаша да болуы мүмкін. Энергетика құраушы бөліктердің ретсіз өндірілуі ткандік құрылымдардың зиянды қалдықтармен толып қалуына алып келеді. Зат алмасу процесі бұзылып, соның салдарынан адамдар әр түрлі тұз жиналудан зардап шегеді. Әдетте, тұз ағза құрылымының анағұрлым энергетикасы мол жерлеріне жиналады, мысалы, омыртқа, буындар, қан тамырлары.

3. Функционалдық энергетикалық байланыстардың барлық түрлерін бақылайтын биоэнергетикалық жүйелер. Бұл байланыстар ағзаның тіршілік ету әрекетінің барлық жақтарын қамтамасыз етеді, өйткені олар функционалдық процестердің біртұтастығын бақылайды.

Ағза құрылымындағы кез келген процестің өзіндік энергетикалық түзілімі болады. Функционалдық процестің параметрлері органның матрицалық құрылымында белгіленген. Функционалдық процесс бұзылмас үшін, оның түрлі функционалдық тіршілік ету кезеңінде бұл процесті құрайтын және қажетті температуралық режімін түзетін белгілі бір энергетикалық құрауыштардың келіп түсуі қажет.

Қажетті энергетикалық құрауыштар функционалдық байланыстар арқылы тиісті органдарға, олардың тканьдік құрылымдарына қан тамырлары арқылы өткендей болып түседі. Табиғи функционалдық байланыстарды үзу немесе бұзу функционалдық процестер мен олардың режімдерінің бір тұтастығының бұзылуына алып келеді. Бұл ауыр науқастың басы болатын әрекетсіздікке алып келеді.

4. Биоқұрылымдық байланыстардың барлық түрлеріне жауап беретін биоэнергетикалық жүйелер. Биоқұрылымдық байланыстар гормоналдық, фермантативтік процестерді бақылайды. Бұл байланыстар адамға тұратын жерін ауыстырумен, дене еңбегін ой еңбегіне ауыстырумен байланысты жаңа жағдайларға бейімделуіне көмектеседі.

Адамның жасы ұлғайған сайын биоқұрылымдық байланыстардың белсенділігі төмендейді. Сондықтан да орта жастағы адамдар үшін тұратын орнын, жұмысын, достарын алмастыру қиынға түседі.

5. Адамның табиғи және қалыптасқан қабілеттеріне жауап беретін биоэнергетикалық жүйелер. Адамдар әр түрлі, бұған олардың дарындары мен қабілеттері ғана емес, ерік күші, мақсатқа ұмтылысы, мінезіндегі ұстамдылық қасиеттері де әсер етеді. Қабілетті адамдар да, дарынды адамдар да көп. Олардың табиғи мүмкіндіктерінің деңгейлері әртүрлі. Бірақ көп жағдай адамның ерік күші, ұмтылысына байланысты болады.

6. Адам денсаулығының психикалық-физикалық деңгейін жинақтайтын биоэнергетикалық жүйелер. Адамдар өздерінің денсаулығын бақылап отыруы керек, тіпті болар-болмас жайсыздықтарға да көңіл бөлу керек. Кез келген аурудың өзіндік кезеңі болады, онда аурудың қандай да бір белгілері көрініс береді, соларды дер кезінде бақылау аурудың созылуына кедергі болады.

Кез келген энергетиканың өзіндік тонусы болады, ол күш белсенділігінен көрінеді. Бұл біздің белсенді энергетикалық ортада тұратындығымызды білдіреді.

Бұндай жағдайларда қалай өмір сүру керек? Бұл үшін төмендегі шараларды орындау талап етіледі:

1. Адамға түсетін салмақты шамасына қарай мөлшерлеп отыру керек.

2. Өзінің энергетикалық тәнін тазарту әдістерін қолдану керек.

3. Өзінің ой ағындарын таза ұстау керек. Яғни біз жамандық ойлап, біреуді жек көрмеуіміз керек, бұндай ойлар қасымыздағы адамдарды жаралайды. Кармалық жауапкершіліктің құрылуына себепші болады. Жамандық қашанда өзіңе қайтып келеді, бұны естен шығармаған жөн.

4. Өз эмоцияларыңызды басып ұстаңыздар, өйткені олар сіздің денсаулығыңызды бұзады, сөйтіп сіз өзіңіз кармалық жауапкершілікті құрасыз.

Адамның ойлары материалданатынын бәріңізде білесіздер. Олардың өзіндік энергетикалық әлеуеті бар. Осы әлеуеттің көмегімен басымызда туған ойлар бізді қоршаған ортада белсенді жұмыс істейді. Биоэнергетикалық жүйелер көптеген жағдайларда адамдар өмірін құтқарады. Мысалы, күтпеген қауіп-қатерден аман-есен қалып, оған өзіміз таңғалып жатамыз. Шын мәнінде бізге көмектескен биолокациялық жүйе. Ол қоршаған ортаның биоэнергетикалық құрылысындағы өзгерістерді байқап қалады да, адамды құтқара алатын ағзалық құрылымға әсер етеді. Бұл тірек-қозғалыс аппараты немесе түйсік, ес болуы мүмкін. Кейде біз үйдегі, жұмыстағы жағдайларды ойлап, аласұрамыз. Бұдан шығатын жол үнемі табылады, өйткені биолокациялық энергетикалық жүйе ғаламшарлық ақпараттық өрістен ақпаратты оқи алады.

Өзіндік реттелудің биоэнергетикалық жүйелерінің энергетикалық бейімделу ақаулары бар. Яғни, бұл жүйелердің функционалдық қорғанысының шегі бар. Ауыр жарақаттар алғанда, психоздар, күшті энергетикалық соққылар алғанда өзіндік реттелуінде биоэнергетикалық жүйелерінің энергетикалық құрылыстары бұзылады. Бұл адам ағзасында орны толмас процестердің дамуына алып келеді.

Биоэнергетикалық жүйелерді энергетикалық бейімделу ақаулары осы жүйелердің функционалдық қорғанысының жол берілетін шектерін белгілейтін түйінді нүктелер болып табылады. Денсаулықтың табиғи көрсеткіштерін қалпына келтіру немесе қол жеткізген денсаулық деңгейін көтеру осы көрсеткіштерді бекіту арқылы жүруі керек. Бұл жұмыс кезеңдерге бөлінеді, өйткені әрбір адамның денсаулық деңгейі адам ағзасының барлық жүйелерінің функционалдық ширығу деңгейіне байланысты болады. Сондықтан бұл жұмысты кезең-кезеңге бөлу керек, өйткені ағза сіз жасаған өзгерістерді көтере алмауы мүмкін.

 

Адам ағзасының қуаттылық сыйымдылығы

Адам ағзасының қуаттылық сыйымдылығы деген не? Бұл – ағзалық құрылымныың энергетикалық тұтыну деңгейі. Энергетикалық тұтынудың табиғи деңгейі ағзалық құрылымның шешуші мүмкіндіктеріне сәйкес келеді.

Бұл мүмкіндіктер қандай? Бұл мүмкіндіктерді төмендегіше топтастыруға болады:

1. Тұтынылатын энергетикалардың құрушы жиынтығы.

2. Ағзалық құрылымның тұтынуға және табиғи энергетикаларды өңдеуге функционалдық мүмкіндіктері.

3. Энергетикаларды тұтыну кезеңділігінің уақытша сипаттамалары. Енді осы аталған мүмкіндіктерді адамның өзіндік реттелуінің биоэнергетикалық жүйелеріне қолдануға болатындығына қатысты қарастырамыз.

Тұтынылатын энергетикалардың құрушы жинақтары. Біздің әрқайсысымыз табиғи энергетикаларды өзімізше қолданамыз. Бұл энергетикалық әлеуетіміздің біздің басқа әлемдердегі өмірлерімізге сәйкес келетін энергетикалық құрауыштардың барлық түрін қамтитындығымен түсіндіріледі. Әрқайсысымыздың тек адам түріндегі ғана емес, басқа түрге де айналу шеңбері бар. Адамдар жануар кейпінде де, өсімдіктер кейпінде де, тіршілік айналасындағы табиғатта да, параллель әлемдерде де тіршілік ете алады.

Бұл әлемдерде тіршілік ету бізге тиісті энергетикалар түрін алуымыз үшін керек. Біздің әрқайсысымыз белгілі бір энергетикалық әлеуетке иеміз. Бұл әлеуеттің күш қуаты біздің өміріміздің уақытша кезеңіне есептелген. Қандай да бір энергетикалардағы қуаттық құрылым-ның жұтаңдауы бұл энергетиканың басқа әлемде жинақталуына негіз болады. Біздің осы немесе басқа әлемде өмір сүруіміз міндетті болып табылады. Өйткені, адамның энергетикалық құрылымы құрамды болып келеді. Сол себепті де біз өзімізді қоршаған ортада өзімізді жайлы сезінеміз.

Біз пайдаланатын энергетикалардың құрамды жиынтығы әр түрлі. Табиғат анада адамға керекті энергетикалардың бәрі бар. Бұл энергетикалар қандай? Біздің тұтынатындарымыз – ретсіз кеңістіктің, жануарлар мен өсімдіктер әлемдерінің энергетикалары, жарықтың, күннің энергетикасы, ғаламшарлық күш өрістерінің энергетикалары.

Энергетиканың әрбір жеке түрін біз энергетикалық функционалдық толқынды ағындар түрінде пайдаланамыз. Бұл ағындарды біздің энергетикалық органдарымыз өзгертіп, органдардың ткандік құрылымдары сіңіре алуы үшін бейімдеп ауыстырады.

Біздің ағзалық құрылымымыз қоршаған кеңістіктен қажетті энергиялар түрлерін жинақтайды және өзінің қажеттіліктеріне сәйкес оларды өңдеу қабілетінің арқасында жұмыс істейтіндігін түсінгеніміз абзал.

/жалғасы бар/

Алматы қаласы

"Шипагерлік баян" газеті, маусым 2018 жыл

 

 

 

 

 

 

 

 
 
В начало