"

ШИПАГЕРЛІК – ЕР МЕН ЕЛГЕ КӨРІК

 

 

  главная                                        вернуться  

 

ШИПАГЕРЛІК – ЕР МЕН ЕЛГЕ КӨРІК

MoldabekovЖақан МОЛДАБЕКОВ

 

Философия ғылымдарының докторы, профессор

 

  

Халық дүниетанымы мен даналығының бір қайнар көзі – оның емшілік өнерінде, ұрпақтың саулығын сақтау өнегесінде, салауатты өмір сүру үлгісінде. Денсаулық қамын көздеу – адам баласына туғаннан бiткен инстинкт. Денсаулықты сақтау және жақсарту – адам тәжiрибесi мен даналығының жанды буыны, адамдық беделдiң өткiр құралы.

Елдік те, емдік те ешкімге бейтарап емес. Халыққа – тұтастық, емшiлерге – қауымдастық, қашанда қажеттілік болып қалмақ. Бұл – адамның өзі жеңіп алатын, оның еңбегімен келетін – сайран өмірінің үш бірдей құндылықтары. Рухани және кәсіби құндылықтарды тіршілікте икемдеу, игеру – ерлiк, ал түсiнiскен – елге көрік пен кеңдiк әкелмек. Кезінде С. Торайғыров:

Мен айтсам сардаланың емшілерін,

Оларды жаратпаған құдай тегін.

Қойғызған тәуіптікті тұқымына,

Талайға өмір берген қолы жеңіл,

Еш қазақ жамандамас қылған емін, деп дөп айтқан. Адам тіршілігін кеңейту және көріктеу, қанша дегенмен, табан тiрес өмiр, аяқ алдырар өңiр. Саулық дауасы – табиғаттың заңдылығын дұрыс ұғынуда, адамның өз ризығына орай табиғи ортаның ерекшелiгiн нақтырақ түсiнуде, ортадағы заттар мен құбылыстардың жағымды ықпалы мен жағымсыз жақтарын қолма-қол ажырата алуында. Оның өлшемі мен көрсеткіші айқын.

Өмірге әркім өзінше қызығып ынтығады, тәнтілік білдіреді. Табиғатпен жанасу артқан сайын адам бойында толаусыз қуат көзі ашылмақ. Адам өзін дүниенің кіндік ортасына балайды, әлемнің бел ортасынан орын тапқанды қалайды. Бұл – адамтануға жол. Адамтанудың негізі – а) білу, ұғыну, үйрену; б) ұмтылыс, ұйымдасу, іске ұйытқы болу; в) үлгілілік, үйрету, ұйымдастыру. Бұл негізгі қағидалар адамтанудың төл тәсілдерін құрайды. Адамдықтың арқауын есетiн кепiлдiктiң кейбiрiне қысқаша тоқтарлық. Табиғаттың тынысы мен тазалығы, жарасымдылығы мен тамағы – саулыққа кепілдік. Халық «тамақ – тәннің нәрі, ұйқы – жанның нәрі» (тәжік) деп бекер айтпаған.

Адам организмінiң қалыптасу заңдылығын жақсы ұққандар, қашанда саулық тәртiбiн тектiлiктiң түптамырына жаратқандар. Тектіліктің түптамырын халқымыз ғасырлар бойы баптады, көздің қарашығындай қорғады. Бабаларымыз жетi ұрпаққа жетпей қыз алысса, қандық уылмаға душарласып, ұрпақтың жарымжан кемтар болып қалатынын болжай бiлген.

Адам ағзасының қызметі бір-бірімен тығыз байланыста. Одан емдеу жұмысы нысаналы да, кешенді болуы абзал деген тоқтам туады. Нысаналы ем белгілі бір әдістемелік негізде тез, шұғыл және қарқынды түрде жүргізіледі. Ал кешенді ем терапиялық тұрғыдан жан-жақты, аурудың алдын-ала жүргізілуі қажет. Онда ішер асың, киер киімің, жұтар ауаң, демалар уақытың және т.б. факторлар бір-бірімен үйлестіре қаралады, әрқайсысының татымдылығы көрсетіледі.

Салауатты өмiр сүре бiлу – әркiмнiң өзiн-өзi дұрыс танудың және икемдi игерудiң кепiлдiгi, халықтық бiрлестiк пен серпiлiстiң серiктестiгi. Саулық бағу – азамат баулу, өмiрдiң адамгершiлiгiн өрлету, халықтың жаңа шебiн қамыту, еңсеру. Саулықтың салауаты да, сауабы да – денсаулықта. Денсаулық туралы дана сөздер аз айтылмаған.

Себебі, а) денсаулық – зор байлық, тұлғалыққа басты азық, елдiкке темiрқазық; ә) халықтың табиғи өсiмiне, дене бiтiмi мен интеллектуалдық көрсеткiштердi жақсартуға негiз. Мұның өзi “елiмiздiң тәуелсiздiгiн сақтауға, халық ретiнде сақталуға, өзiмiздiң көп ұлтты мәдениетiмiздi ұластыруға, экономикалық әлеуетiн молықтыруға” кепiлдiк (Н. Назарбаев).

Халық саулыққа ерекше мән берген, талап қойған, үміт артқан. Ойымызды айғақтау үшін кейбір елдердің маржан да, нақыл сөздерін тізіп көрелік. Орыс халқы: « Сау бас, салбырамас», «Тәні саудың жаны жас», «Дені сауға бәрі сау», «Денсаулық жоқ жерде, дәулеттің қайыры жоқ», «Саулық қайда, сұлулық сонда», «Саулығың болмаса, сабын да сүйкімсіз», «Тазалық – тамаша әсемдіктің басы», «Сау дене, азат ақыл, адал көңіл – үшеуімен бақытты болады өмір» десе, соңғы мәтел қазақта да қайталанады.

Қазақта: «Әуелгі байлық – денсаулық», «Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі», «Азған денеге ауру үйір», «Күлкі – денсаулық мүлкі», «Денсаулықтың қадірің – ауырған күні білерсің», «Тазалық – иманның жартысы», «Он екі мүшең сау болса, Қара басың ханмен тең». Грузиндер: «Дерт көп, денсаулық біреу». Молдавандар: «Саулық – сайран өмір». Латыштар: «Ауырғанға емсек керек, Дені сауға керек».

Саулықтың дерті – сырқатта, жан қиналғанда. Жан мен тәннің теңдігі, үйлесімділігі бұзылған кезде, адамның жүйкесі тез тозады. Адам тез шаршайды, ашуланады. Өзін-өзі ұстай алмайды, өзінің мықты жағын көрсете алмайды. Теріс күйлер еңжарлықты шымбайға ендіреді. Енжарлық адамның өмірін қысқартады, белсенділігіне тұсау болады, беделін төмендетеді. Мұраттан шатысқандардың қарауы көбейгенде, кәсiбiмен атысқандардың қылығы көбейетіні бар.

Десекте, емшiлер мен дәрiгерлер арасында бiр-бiрiмен ұйымдасып емдеу қажеттiгiн түсiнушiлер тобы артып бара жатыр. Ондайда тәлiмдiнiң жеңiсi – жансаулық өрiсi болатын даусыз. Өйткені қауышқан қуанады, қауымдасқан оңалады. Ақ ниетпен табысқан, өнерiмен жарысуда. Мұның өзi – кәсiби түсiнiк, кәсiби бетбұрыс, кәсiби қажеттiлiктi құптаушылық. Сол бетбұрысты мемлекет болып, кәсiби мамандар мен көпшiлiк болып қолдайтын уақыт жеттi. Одан адамның денсаулығы мен ынтымағы ұтпақ.

Емшiлер – жан мен тәннiң күзетшiсi, өнегелi өмiрдiң үгiтшiсi. Бұл – халықтың санасына ғасырлар бойы енген, сіңген сезімталдықтың айдары. Халықтық сезімталдыққа ілтипат айқын. Себебі сезiмдiк түсiнiс – көп салалы iзденiс, санаға кiрiс. Осыған орай: Емшiлердi оңдау, дәрiгерлiк емдi қолдау”, деген дәстүр қалыптасқан. Сол емшiлiктiң дәстүрi мен деңгейiн бiлемiз бе, сол қасиет пен қабiлеттi жүрегiмiз де сақтаймыз ба?! Денсаулық пен емшiлiктiң қадiрiн басымызға түскенде ғана мойындайтын пендешiлiк бар. Пендешiлiк көзқарас өмiрге де, өзiмiзге де тар. Сонда қандай үлгi-өнегелер бүгiнiмiз бен болашаққа болмақ жар?

ХV ғасырда шамамен 95 жыл өмiр сүрген (1397-1492) ғұлама ғалым, қараүзген шипагер Өтейбойдақ Тiлеуқабылұлы туралы мәлiметтер соңғы он жылдықта қазақ оқырмандарының көңiлiн де, көзiн де баурап алды. Ғұлама шипагердің ғибраты туралы не айтуға болады? Алдымен, осы өлкедегі өркениет көне деген ой жеңеді. ІІІ-ІV ғғ. Орталық Азияның өркениеті елеулі нәтижелерімен, жеңістерімен тарихта қалған. Өркениет шебіне іріктелген жарықты, ұйымдасқан халықты құдiреттiлер тауыпты, деген ой келеді. Тарихтың тар жолынан өтіп, тайғақ кезеңдерін басынан кешіруде халқымыз есін жинауға, өз еркін иемденуге, ұрпақтың рухын көтеретін батылдыққа, дертін емдейтін шипалыққа құштар болды. Елдің есебі, алдымен талаптының талпынысында есілгені бар. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы несімен талапты, талантты, ғибратты құрапты? Оның ғұламалығы туралы мамандар не дейді?

Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы несімен талапты, талантты, ғибратты құрапты? Оның ғұламалығы туралы мамандар не дейді?

Біріншіден, ол қазақ жерінде алғаш рет медицинаның қағидаларына, денсаулық сақтаудың практикалық істері мен ережелеріне негіз салған, тірі заттың анатомиялық және физиологиялық үрдістерін қалыптастырған, оларға түсінік берген.

Екіншіден, ол адам ағзасын сыртқы ортамен тығыз байланыста қарап, сол байланыс бұзылғанда аурулар, науқастар, дерттер жалпы айтқанда патологиялық өзгерістер болады деп, содан тұйық, жалаң, стереотипті көзқарастан арылуға мұрындық болады. Оның сол кезде-ақ “ауаның ластануы, былғануы, “алқа ұрысының (жемсау, эндемический зоб) топырақтағы бір заттың жетіспеуінен болады” деген тұжырымы көреген даналықтың белгісіндей. Тіпті дәрілердің емдік қасиетінің, емдік ұсыныстардың тиімді-тиімсіз болуы айналадағы ортаның (“кеңістіктің”), ауа-райының қолайсыздығы реттеп отырады деуі – пайымды тәжірибеден туындаған және расталынған шындық.

Үшіншіден, анатомиялық атаулар мен терминдердің көне тілдегі баламаларын, сөздігін жасап берді. Оның көпшілігі әлі ғылыми-практикалық қолдауын таппай келеді.

Төртіншіден, жұқпалы аурулардың (“құрт ауруларының”) неден болатынын, атап айтқанда, ағзаның иммунды (“төтемелілік”) жүйенің әлсіреуінен, төмендеуінен қозатындығын ғалым даналықпен біліп, жазып кеткен. Төтемелілікті алмасу үрдісінің, әсіресе, лимфа бездерінің (“сүздіргі”) атқаратын қызметінің бүлінуінен болады дей отырып, жұқпалы аурулардың басқа адамдарға тез жұғатынын, ол үйді ерекше бір белгімен белгілеу керек екендігін (“түсті матаның сырт жақтан байлануы – ол “үйге кірмеңіздер” деп) алдын-ала ескертуінің маңызы қандай зор.

Бесіншіден, қатерлі ісік аурулардың, өңеш рагының (қылтамақтың) бар екендігін, олардың клиникалық көріністерін дөп суреттеп береді. “Тарылған жерді кесіп алып тастаса, сөйтіп мүшенің екі жағын қайтадан қосса” деп армандайды. Оған “тілігілік пен тіккіліктің” жоқтығына өкініш білдіреді. Дене қызуының төмендеуі мен дене қызуының көтерілуінің құнды, зиянды жақтарын, қасиеттерін көрсете білген.

Алтыншыдан, Өтейбойдақ шипагер нерв жүйесінің қалыптасуын, қан тамырларының түрлерін (“арам қан” – веналар, “адал қан” – артериялар – лыпыма аңғақ”) суреттеп, бүкіл ағзаға “қоректі заттың қан арқылы түсуі, асқазан жолдарында тағамның сіңуі туралы тың идеяларын, жаңалықтарын ұсынады.

Жетіншіден, ол деонтологияның негізін қалағандардың бірі. Тіпті өлейін деп жатқан “аурудың көңілін сұрау, жұбату, жақсы болып кететіндігіне иландыру, уайым-қайғысын жеңілдету” – шипагердің өзекті мәселесі. “Әр ауру адамның өзіне тән тағамдарының болуын”, соған орай “қан алуын”, “тамыр ұстау” қажетін көрегендікпен еске салады. Бұл шарттарды диагностикалық құралдың түріне айналдырады. “Қан алуды” қан қысымынан сақтанудың, яғни емделудің тиімді жолдары деп қарауы – тәжірибесі мол, емдеу ісі оң тынымсыздың тоқтамы. Ол – ғылыми ғажап жаңалық .

Сегізінші, ғалым-шипагер ағзаның төзімділігін, бірқалыпта дұрыс тепе-теңдікте (гомеостаз) тұруына өз пікірін анық жеткізген, бұл құбылыстың неге өзгеретінін айқын түсіндіргендердің бірі. Дәрігерлік мамандықтың 24 түрін жазып, медицинаның негізгі бір саласы – фармацевтиканы, фармацияны, дәрі-дәрмектің технологиясын зерттеп, бұл саланың алғаш негізін орнатқан. Оның адам жасын мүшелікке бөліп, әр мүшелік дәуірдің қауіптілігін, “адам туған күнінде өледі” деуі ғылымда әлі де түсініксіз ұғым. Ғұлама шипалықты ислам дінінен де үйренеді.

Тоғызыншы, ғалым шипагердың кеңесі бойынша Әз Жәнібек хан: “Жат төсектілікке жол бермеу”, “Жеті атасына дейін қыз алысуға болмайтын”, “Беттен сүймеу” туралы жарлық қабылдайды. Мұндай дәстүрдің маңыздылығына әлі де таңырқануға болады.

Оныншы, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының ғылыми-практикалық еңбегі медицинаның көптеген саласында, кем дегенде – анатомия, физиология, гигиена, санитарлық эпидемия, паразитология, фтизатрия, онкология, акушерлік-гинекология, балалар мен ересек аурулары, неврология, психология салаларында алатын орны ерекше.

Мұндай білгірлікті, тапқырлықты, дәлелдікті, нақты шешімдерді қазіргі медик-ғалымдар даналық деп жатса, ол орынды айтылған тоқтам.

Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының мұндай туралығы білгірлік пен тапқырлықтан, ал тартымдылығы халқының болмысына деген тұрақты, тұтас түсінігінен туындаған. Ол 8-9 жасынан-ақ әкесі Тілеуқабылдың жанында жүріп, қазақтың ескі тілін және халық емшілігінің көптеген құпия сырларын үйрене бастайды, аурудың болуы мен жазылу себептерін, ауа райының төрт мезгілдік әсеріне байланысты шөптердің дәрілік, сондай-ақ жануарлар ағзаларының емдік қасиеттері сияқты басқа да көп нәрсенің сырын біледі. Ол емшілік өнерін өз халқының ортасынан жинады. Нағыз емшілік – халықтың қанымен және дәстүр-салтымен аралас, атадан балаға берілетін тектік қасиет екенін ол ерте ұғады. Зерек емшіге туып өскен халқы ұстаз болды.

Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы емші ғана емес, шипагер, ұлы шипагер және ғұлама ғалым. Оны кейінгі ұрпақтар қараүзген шипагер, жаһангер, тарихшы, этнограф, ұстаз, философ, ақын, астроном, тарихшы, биолог, химик, психолог, географ, этика мен моральдің асқақ білгірі деп жатады. Өтейбойдақтай дананы, алдымен шипагер деуіміздің өзіндік себептері мен жауаптары бар. Шипагерлік – өнердің тұтас және тартымды түрі. Шипагерлік – білім, ғылым, өнер, ұлттық дәстүр, жеке бас қасиеттері қабілеттілігі мен шеберлігінің жиынтығы мен жалғасы. Қараүзген шипагер емшіліктің көптеген жаңа түрлері мен заңдылығын ашты. Шипагерліктің маңызын толық бағалау үшін еуропалық медициналық білім мен тәжірибені білу жеткіліксіз, оны шығыстық (қытай және тибет) тәжірибемен толықтыру шарт.

Шипагерлік – адамды сауықтыратын, болашақты болжайтын және дарымдаулықты қондыратын қабілет-қасиет;

– науқас пендеге тілеулестік ұғымымен қоса жанашырлық таныту;

– жан мен тәннің саулығына, рухтың арлығына жол табу, соған қызмет ету;

– емдеу білімі мен тәжірибесінің озық түрі. Сол негізде ғұлама емделудің дарымалы және болжамалы 24 түрлерін қатар алып жүреді және жетілдіреді;

– адамның мүшелік жастағы жаратылысын, оның ерекшелігін ұлттық рәсім-салтпен үйлестіреді. Ол елдегі жарғыға жүгінеді, оны мұқият орындайды;

– алдына келген адамды елдің азаматы, ұрпақтың болашағы тұрғысында қабылдап, ерекше ілтипат білдіру;

– ел мен жердің емдік және демдік қасиеттерін табандап жинақтап, оларды өз отандастарының игілігіне бағыштай алу;

– ислам діні тыйым салғанға тиіспеуге тәрбиелеу. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы шипагерліктің осындай ауқымды да өмірлік үлгісін көрсетті және таратты. Ол үшін емшілік – ауруды емдеу ғана емес. Ал шипа жазады, дариды, дару болады. Шипагерлікті ширататын тағы бір шарт бар. Оның арқауы:

Кемшілікті көріп кемімейсің, қателіктен сақтансаң, Озбырлыққа ерімейсің, осалдықты үйіріп баптансаң, – деген немесе

Ақыл дария болғанда, өнер – қайық,

Тірлікте дәрігерлікті жүрдім жайып, деген (Балықшы илә ғибрит қиссасы, 155) өсиетте. Шипагерлікті емдік мәдениеті деп жатсақ, ол орынды. Ендігі мақсат – оны елдік мәдениетке көтеру. Оған ғұлама шипагердің емшілік өнері мен ғылыми тәжірибелік негізі үлгі. Ғұламаның өнегесі нені көрсетеді?

Өтейбойдақ бабамыз елмен өмір бойы етене араласқан қарапайым адам, өз кәсібіне, емдеу өнеріне беріле адал қызмет еткен маман; ел аралап адамның өзін дертке қарсы тұруға үйретті; өз беделін адамның жаны мен тәнін сауықтыруға жұмсады. Кімде-кім бір-біріне үйлес кәсіппен нәтижелі шұғылданса, оның мәртебесі түрлі деңгейде болатынын еске салады. Ескертіп қана қоймай, оларды теңдесіз шипагер, нағыз шипагер, қараүзген шипагер, шипагер, емші, емкес, жарғышы, қараемші, қаншы, тамыршы, сынықшы, оташы, іш спиағыш, көзқарақшы, ішірткіші, бақсы, жауырыншы, балгер, құмалақшы, болжағыш, аяншы, құшнаш, әулие, әнбие деп топқа бөледі. Осылайша шипалықтың 30-дан аса түрін атайды, оны қалай іске асыру жолын көрсетеді. Шипагердің өмірлік өрнегі – оның өсиеттерінен білінеді. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы сақтықтың сегіз түйінін – жұғыспауларға соқтықпау, жәбірлемеу, ойрандамау, қырмау, аялау, абайлау, сақтану, қорғау шарттарын ұсынады; Отанға, отбасына, дос пен туысқа сүйіспеншілікті, адалдықты үйретеді. Шипагер үшін: Тірілтуден өлтіру һәм оңай, науқасты айналып өтпек қалай? Адамға жаны ашыған оған нені хақ ниетпен айтпақ? Қандай күйде болмасын, нағыз шипагер – қайраткер.

Тірлікте дұшпанынан сағы сынбас,

Әр істі тәптіштемей көңілі тынбас (Балықшы илә ғибрит қиссасы), деген ой-түйінді өзіне айтқандай. Әсте өзін әр сынның алдында «ғапіл болма» деп қайрайтындай.

Өтейбойдақ Тiлеуқабылұлы – шипагерлiк өнердiң шыңына шыққан шығыстағы, түрiктегi, ата-тегiмiздегi ғұлама ойшыл, қара үзген емшi, елiнiң естi де, елеулi мақтанышы. Өтейбойдақ Тiлеуқабылұлы шипагердің жетiстiгi – далалық тәжiрибелердiң, көшпендiлер өркениетiнiң, шығыстық медициналық мәдениеттiң көрiнiсi және көрсеткiшi, оларды түйiндеген дара таланты мен ептiлiгiнiң жиынтығы. Ол халықтық емгерлікті ұлттық медицинаның деңгейіне көтерді. Шипагер табиғаттың жаралыстығын, елдің естілігі мен ептілігін, адамның тұлғалық бітістігін денсаулық құрандысына айналдыруға күш салады, өзінің тәптіштеп жинағанын саралайды әрі жүйелейді. Оның емшiлiк өнерi адам тағдырымен тiкелей және жан-жақты байланысты.

Бабамыздың атағын кейiнгi ұрпақ алдында әйгiлі еткен, оның бас еңбегi – “Шипагерлiк баян” кiтабы. “Шипагерлiк баян” – жетпіс жыл бойы жинақтаған ғылыми-практикалық еңбек, халықтың емдік тәжірибесін жинақтаған асыл мұра. Кiтап шамасы 1467-1475 жж. шамасында жазылғандай. Бізге қолжазбаның 7-көшірмесі жеткен. 1968 жылғы Қытай халық республикасында «мәдени төңкерістің» барысында кітаптың алтыншы қолжазбасының 3655 беті өртеніп, 1095 беті ғана қалады. «Шипагерлік баянның» толық көлемі қазіргі нұсқасынан 7-8 есе көп болғандай. Десекте, бұл кiтаптың танымдық та, шипалық та маңызы ерекше зор. Онда 1050 түрлi дәрі аты, 4577 рецепт (шипашақ) көрсетілген, 728 түрлi өсiмдiктерден, 318 түрлi жан-жануарлардан, 60-тан артық металл-металлоидтардан алынған емдiк дәрiлер көрсетiледi. Адамның сыртқы және ішкі денесінің тұлғалық 430-дан аса атауы жазылған. Кітаптың соңында 1090-нан астам медициналық, психологиялық, педагогикалық көне терминдердің сөздігі берілген. Бұдан саулықтың түбірінде саналы құндылықтар, салиқалы қасиеттер мен кәсіптер жатыр деген ой туындайды. Бұл еңбек, біріншіден, XІ ғасырда қалыптасқан қазақ емшілігінің қолданысын ғылыми негізде бір ортаға топтастырғаны, екіншіден ем атаулыны жоғары ұлттық медициналық деңгейге көтергені ақиқат. Деңгей неден басталады?

Шипагерлiк баян” – негiзi медициналық еңбек, шығыстың тибет, қытай медицинасы мен халық емшiлiгiнiң озық идеясы мен тәжiрибесiнiң қолтаңбасы. Шипагер үшін, ем – еңбек түрі, еңбек – емдеу жолы. Ол емші еңбектің үш түріне назар аударады және жөнімен қолданады. Олар:

1. Қанықталығы – науқаспен пікірлесу, тіл табысу, оны өзіне тарту;

2. Нарықталығы – емдеудің алғашқы негізіне сүйене отырып, емшінің бақылауы мен тексеруі барысында диагноздық тұжырым жасау;

3. Дарымдалғы – науқас адам туралы, аурудың түрі туралы жан-жақты, нақты, толық мәлімет алғаннан соң және оны саралап үлгергесін ғана емдеу реті мен рәсіміне кірісу.

Шипагер бабамыз барлық аурулардың қоздырғышы – микроағзалар, яғни вирустар екенін ұққан. Микроағза ауруынан сақтанудың жолдары, біріншіден, тазалық, екіншіден, адыраспан сияқты дәрілік шөптер екенін атап өтеді. Ол үшін тазалық жеке әрекет көрінісі ғана емес, керісінше, адам денесін, тәнін, қанын, рухын қамтитын тазалық шаралар немесе жеке адам, қауымдастық және ұрпақ аясында қалыптасатын тәртіптің, тәжірибенің, дәстүрдің жүйесі. Еңбекте адам денсаулығына мезгілдік алмасымның, яғни үш бірдей факторлардың – табиғаттағы ауа райының, маусымдық өзгерістердің, аспан денелерінің үлкен әсері болатындығы дәл көрсетілген. Сонымен, адамның ішкі дүниесімен сыртқы тылсым дүниенің арасында көп тамырлы, өзара тәуелді байланыстардың болатынын, олар бір-бірімен жымдасып жататын идеясын негізге және басшылыққа алған ғұлама – емшілердің бірегейі. Емшінің ғұламалығы сол, әр аурудың нақты себебін болжап білгесін, оның теріс салдарынан арылудың нақты жолын табуға күш-қабілетін аямаған.

Мұнда этико-деонтологиялық тәрбие де баршылық. Шипагерліктің нәтижелі және жұғымды болуы емшінің кішіпейіл мінезіне, білімділігіне, имандылығына байланысты. Шипагер бетке ұстаған талаптар бар. Олар: 1. Табиғат пен адам егіз ұғым; 2. Емшінің ақылы артық, ісінде тәртіп болады; 3. «Жақсылық кешіксе, өңін береді. Жамандық кешіксе, жеңілденеді»; 4. Емделуге де еңбек керек; 5. «Шындық деген адамды, жаралар да тазалар. Өтірікке әйтеуір, ертелі кеш жаза бар».

Табиғаттың таза ауасы, суы адамның өмір сүруіне қажетті негізгі алғышарттар. Осындай бастаулар үндестік тауып, бірін-бірі толықтырғанда ғана адам өмірі ұзармақ, дені сау болмақ. Өтейбойдақ Тiлеуқабылұлы адам ағзасына өте қажетті заттарды дәрілік қасиеті жоғары өсімдіктерден, жануарлар мүшелерінен іздестірді. Ол жас маралдың мүйіз қанында емшілігі артық заттың белгілі мөлшерде реттелінгенін жақсы түсініп, дұрыс пайдалана білген. Бүгінгі тілмен айтқанда, пантогематогенді шипагер адам ағзасына күш-қуат беретін, әртүрлі аурулардан айықтыратын дәрі ретінде пайдаланған. Оны ішу арқылы өмірді ұзартатын, жасартатын сусын ретінде қолданған. Емдеудің мұндай әдісі Қытайдан да бұрын қалыптасқанын еске салу орынды.

Өтейбойдақ Тiлеуқабылұлы сынды ғұлама да рухани бапкер дүниеқор болмауға, Алланың берген қасиетін саудаламауға, «Қол кірі – дәулетке қызықпа» деп, «қанағат түбі – рахатқа» үйретеді. Саулық қуатына рахаттанған сылқымдығын қойып саулығын ойлаған, жарқын күннің қуанышын әркез тойлаған. Ондайлар сау басын салбыратпайды, қиналып өзін-өзі қақсатпайды. Саулық оңда, сергектік жанда, мықтылық қолда, сұлулық сонда. Бойдағы жинақтылық, өзіңе деген ұқыптылық. Ұқыпсызда дерт пен қорлық көп, бітеу жараға қойылмас шек. Өзін оңай жаралаған сылбырың, өмірде бастан кешер ырың-жырың. Ал араны ашылған, өзін жеңе алмаған. Сүйтіп емсегін таппағанға, еңбек ету жақпаған.

Кiтап адамның анатомиясы, физиологиясы, психологиясы, әдебi туралы кең мәлiмет бередi. Еңбекте “жүрек, ми, сөл, түк, тағысын-тағылардың адам денесiндегi рөлi, тамыр және тамыр ұстау, шешен вакцинасын тапқырлау, күйiк, үсiктердi сақайту” т.б. жақтарды емдеушiлiк сараланып, дәйектелiп берiлген. “Шипагерлiк баян” – тiл, мәдениет, тарих, философия, психология, астрономия, этнография, этика, мораль ғылымдарын бiр ғана медицина ғылымы үшiн iскерлiкпен қызмет еттiре бiлген үлкен ғылымнама” (73 б.).

Біз кітаптан, біріншіден, «өзегі тұғыр кеңістік пен өзегі кеңістік тұғыр», «өзегі тұғыр жарық пен өзегі тұғыр қараңғы», өзегі суық тұғыр мен өзегі тұғыр ыстық» туралы, екіншіден, несіптік ризықтар туралы, үшіншіден, өзек пен кезек жіктелісі туралы, төртіншіден, алмасымдар мен ұшынымдар туралы, бесіншіден, әйгіленімдік көрсеткілер туралы ой-тұжырымдарынан үзінді берілді. Сондағы діттегені – «өзегі тұғырлық оралым», «қиуалық түйнеме», «қарекетті толғамдылық», «жетіге тиіспеу, қырық бірге жұғыспау, он екіден айрылмау», «бітістік көземдер». Аталынған қағидалар – саулық пен дауаға оттық, көсеу, тәсіл болатын ұстанымдар. Ғұлама үшін, өресi биiк, төл тәжiрибенiң мақсаты – ұрпақтарды кемiстiктен, мүсәпiрлiктен, ғарыптықтан, азаптан құтқару, адамды сауықтыру, емдікке лайықты өзекті ізденісті арқаулық етіп, оны халықтық араласымды ұзартуға жарату. Осы деңгейден қарасақ, шипагерлiк және шипагер – болмыстың екi бiрдей тiрегi мен тұтқасы. Ол туралы не бiлемiз, ненi бiлгiмiз келедi?

Шипагерлiк – көп салалы тынымсыз iс-әрекет жиынтығы, мән-жайы терең ұғым. Десекте ойымызды ықшамдап көрерлiк. Шипагерлiк – ерекше өмiр, ұмытылмас өнер, өтiмдi өнеге; тәнмен араласу, дертпен аңдысу, көңiлдi айықтыру жолы; жанды сауаттандыру, сауықтыру амалы; келбеттi көрiктендiру, тұлғаны бiтiмге туралау, тұрақтату әдiсi. Бабамыздың түсiнiгiн келте қайырып, қысымдасақ:

– шипагерлiк дегенiмiз өзектен тиянақ табатын тұғырлық өнер, толғауын нар кескiдей ашалап, нақтамалап, дәл түсiретiн тұжырымдау;

– әрқандай түйiндемелердi ұштастыру арқылы несiптiк ризықпен күшiн мiнсiз өткiзу;

– болмыстағы тұтас бiтiмдiктi қалыптастыру, қимыл-қарекетке сәйкес араластық жарасым жасау;

– науқасқа сырқаттың сезiлiстерiн дер кезiнде сездiргiлiк, сезгiлiк тапқырлығы;

– адамдықты көрер көзiдiк сезiлiс, әйгiленiм мен әйгiлiм сезiлгiлiгi, тағы осындай сипаттамалар табыларлық.

Өмiрiмiздiң өрiсiн тұлғалаған, елiмiздiң есiн жиғызған – емшiлердiң, тәуiптердiң, дәрiгерлердiң тарихымыздағы тағлымы әрқалай, бірақ алыс-берісте есте қаларлық, қараңғы тұғырлықта тәнге тәберік. Осы қасиеттердiң басын қосқан, ұрпақтарға жеткiзген Өтейбойдақ Тiлеуқабылұлының қызметi мен көрегендiгi, шығармасы мен шеберлiгi көптеген ұрпақтарды ойландырған, әлi де ой туғызатын үлкен өнер. Өтейбойдақ Тiлеуқабылұлының адам болмысы мен дүниеге деген көзқарастары қандай қағидаларға негiзделген?

Адам әлеммен бiртұтас, табиғаттың қуат көзiнен нәр алады. Табиғаттағы үйлесiмдiлiк адам бойынан табылса, ол жарасымды, жағымды, жетiстiкке кепiл. Табиғатпен өзiн үйлесiмде ұстағанның тынысы кең, тыныштығы артық. Адам тiршiлiгiнде табиғатпен тепе-теңдiктi сақтай бiлсе, өз бойындағы тұтастықты, өң бойындағы жарасымдықты жалғастырады. Бұл – өзегі ыстық тұғырлық жарасым.

“Тепе-теңдiк – үйлесiмдiлiк – жарасымдылыққа” толы табиғатты Өтейбойдақ Тiлеуқабылұлы өмiрдiң түп негiзi мен өрiсi деп ұққан. Бойдағы мінсіз бітіс, жұптылық іс, толыс қақпайлығы – денсаулық негізі, шипагерлікке кепілдік. Барлық пенденің күші, жүрімдігі, жүгірімдігі, көтерімдігі біркелкі болмаса да, ұрпақтанымның өзегі – жұпталымда, жаралыстық несібелер ұштасымында. Осы ойын шипагер ғұлама былайша қайырады: “Сау денелі адам – ыстық, суық, кебір-сұйқыл, қатаң-босаң, сіңірім-шығарым, ояу-тыншу сынды он жаралыстық түрден құралып: кеңістік, тұрақ, жарық, қараңғы, ыстық, суық, алты тұрғыға тұрақтанады. Адамзат – осы тұғырлардың өзара араласым, сыйласым, жарасым, сәйкесім, ұштасым тапқан тұлғалық бітістігі. Бұл тұғырлар тойда айтысқан қарама-қарсы екі әріптес тақылетті үш топ. Бірі енді бір жағына шартсыз кезек беріп айтысты жалғастырғанындай, әрбір тұғырдың кезеңі біткен сайын енді біреуіне жол беру жөрелгілік жүлдісі. Осылайша іркіліссіз, толассыз, шашаусыз кезектесіп, адам затына және оның несіптік ризығына тіршілік жолын ашады. Бір біріне орын беріп, бір-біріне айналады. Бұл мәңгі толастамайды”.

Сол тұтас өмiрдiң көрiнiсi де, қызметi де шипагер үшiн әрқалай. Оған түрлi, бiрақ өзара байланысты жолмен, амал-әрекетпен жетуге болады. Мысал ретiнде “үйлесiм” сөзiн алсақ. Шипагер үшiн үйлесiм, үйлесiмдiлiк дегенiмiз “жағымды қуат алмасымы”, “райлық алмасым”, “игiлiк ұштасым”, “толғамдылық өзгерiс”, “несiбелiк алмасым”, “тұлғалық алмасым мен тұлғалық бiтiстiк”, “таңдамалы күтiнiм мен шипаның дарымдылығы”, “көңiл жадыраңқылығы мен көзайылық емдiк”, “сұлулық сымбаты мен сәттiлiк” және т.б.. Шипадағы үйлесiм – қажеттiлiк пен сәттiлiк, естiк пен ептiлiк. Оның түйiндемелi бейнелемесi мынандай: “қажеттiлiк – толғамды жебем – қимыл-қарекет – өнерлiлiк (әдiс-амал) – талшық (әужал) – ризықтық несiбе – туылма тұлғалық алмасымдық шешiм – арқау – тұлғалық, толғамдық орнығу”.

Бұл, бiржағы, табиғи қажеттiлiктiң алмасуы, бiржағы, несiбелi тұлғалық алмасудың жалғасы. Оның бiтiстi болуы сәттiлiкке байланысты. “Сәттiлiк әдiс-амалдың қарекет түбi ризықтық талшық, әужал таптырмақ. Бұл қанып iшерлiк сусын, тойа жерлiк тағам болмақ”. Әуелгi сезiлiстiк пен алмасым осындай үйлесiмдiлiк пен тазалықтан басталады. Адам қанның, жүректiң, жанның, тәннiң тазалығын сақтай бiлсе, ондай тұнық бiтiм адам өмiрiнiң бiртұтастығының тетiгi және денсаулығының кепiлдiгi. Адам болмысының тұтастығы, үйлесiмдiлiгi, тазалығы тiршiлiкке талпындырады, ауру-сырқаттан сақтайды, өмiрдi ұзартады. Жан-тәнi сау сезiмтал келедi, сенiмге ередi, ақиқатқа көз жеткiзедi. Жан-тәнi сау күйзелiсте iштей үгiлмейдi. Өмiрi үйлесiмдi тәртiпке бейiм, сұлулықты сүйсiндейдi, тез шабыттанады. Оның рухы биiк, еркi төзiмдi. Ақиқат – денсаулықтың көзi, ауру-сырқаттан құтылу тезi. Ақиқатқа жол тапқан өзiн дұрыс таниды, ауруға нақты ем, өзгеге жөн табады. Емдегi ақиқат – естiлiк пен ептiлiк нәтижесi. Естілік пен ептілік қандай жағдайда шипагерлік дәстүрді жандырады? Оның мінездік сыры мынада: шенеуді шелдей бермей, елді арбап, кеудесін көрсетпей, “ата-баба атына кір келтірмеуге” көзін жеткізеді, сырқат пен ішіндік бөлінгілікке ұшырататын төрт жазымнан – көзелік жазымнан, болжамдық жазымнан, болжаусыз жазымнан, пәлелік жазымнан сақтанады және сақтандырады. АТА атына кір келтірмеу – не себептен киелі дәстүрге және қасиетті тәрбиеге жатады? АТА дәстүрі Жаратушының үштік тылсымын дұрыс түсінуге немесе үштік ақиқатына көңілді көндіру үшін маңызды. АТА деген үштікті, біріншіден, Алла, Табиғат, Адам әлемі деп, екінші, адамның тәлімдік арқауы деп саралайды. Алланың Жаратушы күшіне өзін иландырғандар алдымен нені байыптайды? Жанның, ділдің, рухтың жарастығын, олардың өзара ықпалдастығы мен пәрменділігін тіршіліктің таусылмас тыныстарына және адам бойындағы құдіретті қуатқа балайды. Жан, тән, рух жарастығы – адам болмысының тыныстауы, тегіміздің тыңаюы. Сол жарастықты ұққан халықтың сенімі жігерлі, тағлымы тартымды, дәстүрі дәрежелі.

Жарастық – биологиялық және физиологиялық заңдылықтардан нәр алады, ұқыптылыққа үйретеді, зиянкештікті күйретеді, қайырымдылықты қанға сіңіреді;

– жан дүниесінің қажеттілігі, күллі руханият ілімдерінің (педагогика, психология, астрология, философия) арқауы;

– жаратылыс қойнауына филогенетикалық түйсіктік ақыл мен сананың қарабайыр қалыбын жетілдіруге септігін тигізеді;

– адам тәрбиесінің халықтық негізі мен нұсқауын нығайтуға ұйытқы;

– тәнді, жанды, жүректі, ақылды, ерікті он екі арнада – Түйсік – Ұят – Сүю – Жігер – Мінез – Зерде – Қабілет – ішкі бес сезімді (көру, есту, сезу, тұщыну, иіс) тәрбиелеудің жаңа ұстанымына демеулік етуге жарайды. Атадан келе жатқан тәрбиенің Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының бұл негіздері мен нұсқаулары шипагерлік дәстүрімен үндес, қараүзген шипагер жаратылыс жарастығын өз елімізге ендіруге талантын тарту етті. Басыңа күн туғанда “он екіден айрылма деп ақыл көрсеткіле” отырып, “көңілділік шаттандырса, көңілсіздік сансыратып, ет-бауырын езетін түбі жабысқақ ұшық болмақ” дейді. Өтейбойдақ бабаның өсиеті:

– жүрегiндегi арман жетегiмен кезбеген жерi, көрмеген елi қалмаған, ұрпақтың мiнсiз болмақ шартын iздестiрумен дүниенiң қызығын мүлде ұмытқан жанның түсiндiрмесi;

– өзiнен iлгерi бес ғасырдағы ғұламалардың еңбегiн жақсы бiлген, iзденiс пен өнерде ой таластырған, тартыссыз бiрбеткейлiктi ұнатпаған шығармашыл алыптың өшпес мұрасынан үзiндi. Сол бабамыз көрсеткен шипагерлiктiң "қанықталғы, нарықталғы, дарымдалғы” бөлiмдерiн игерудiң және осы емдiк озық дәстүрлердi бүгiнде жалғастырудың маңызы артуда.

Жағдайды дұрыс қабылдау, проблемаға лайықты шешім таба білу – интеллектуалды жетістік. Интеллектуалды деңгейлері жоғарылар ғана тағылымдық және өмірлік маңызы өтімді мәселелерді білімдарлықпен бағамдайды. Олар «өнерді байлық көзі, бедел құралы» деп ұғынды, талап пен талғамды ауру мен дерттен жарымжан болғанның қажетіне лайықтап қояды. Сүйтіп жағымды әдебімен, әділеттілігімен өседі, көркейеді, өзін-өзі күшейтеді. Өзгелерге бейімделу – медитация, әрі өнер. Медитация мұнда еліктеу бұраңына берілу емес, бүтіндікті ұзарту, сананың бірлігін сақтау. Оны кейде зерделі сезімталдыққа жатқызады. Өмірден қанағатын тапқандар ғана қарапайымдылық пен қайырымға бейім, жақсылықты жасай бiледі. Мұндай өнегелік табиғи нәрсенің жаратылыс негізіне жақын екеніне сүйенеді. Оны ұмытпау абзал.

Ғалым өзінің денесіндегі он түрлі материалдық қозғалыстың бірлігін (ыстық, суық, кебір-сұйқыл, қатаң-босаң, сіңірім-шығарым, ояу-тыншу), оның түп қазығы алты тұғыр екенін (кеңістік, тұрақ, жарық, қараңғы, ыстық, суық) дәлелдеп, бұлар жаратылыс заңына сай бір-біріне айналады дейді. Емдік шөптерді қырық түрлі жер қойнауынан жинап, осы қырық бір өскін қоспасы мен жеті шөптің басынан дарымдық дәрісін жасап, өз үлесін қосады. Шипалық емнің 30-дан аса түрін атап, оны қалай іске асыру жолын көрсетеді. Ғұлама емші өзінің «тұншықтырма» деген емдеу жолымен суықта үсіген және шалажансар адамдарды кигізге орап, аунату әдісі арқылы тірілтіп алатын болған. Ал, суға кетіп, есінен танғандарды басын төмен қаратып, екі аяғынан ағашқа іліп қойып, ішіндегі суын ағызып, денеде қимыл біліне бастағанда ағаштан шешіп алып, әр түрлі, уқалау, жасанды дем алдыру, қозғау, ары-бері аунату тәсілдерімен тірілтіп алады екен.

Ғұмырлы ғұлама Алланың әмірімен, пенделік несіппен әр адамға бұйырған ырызығы оның 7 әулиелік қорғаушысы бар дейді. 1. Әулие – татым (дән), 2. Әулие – атым (ақыл), 3. Әулие – тұз, 4. Әулие – қыз, 5. Әулие – күн (оң қол), 6. Әулие – айғақ (ай), 7. Әулие – (қол, көз) пен 41 ырысы болатынын айтады. Бұл жеті әулие 41 ырыспен байланысты болып, пенденің несіптік ризығын табуына көмектеседі, сыртқы ғарыштық әсердің адам санасына қозғаушы болатынын терең философиялық дәлдікпен дәлелдейді. Айта берсек, ұлы шипагердің тапқан емдік жаңалықтары мұнымен шектелінбейді, тіптен молшылық.

Өзінің киелі емшілік қасиеттерін Омбы, Жезқазған, Есіл, Нұра, Торғай, Сыр бойы, Жаркент, өзінің мекен-жайы Шалкөдеде және т.б. жерлерде көрсетіп, ел батасын алған. "Аруақ әсерi – талаптыда есіледi", – деген осы шығар.

Емдiк озық дәстүр неден құралады? Ұлы шипагер сырқаттардың шығу, таралу, емделу негiздерiн жақсы бiлген, нақты ескерген, науқастың әр сұрағы мен үмiтiне бүкпесiз “iлме жауап берген”. Ауруды, тiптi адамды жеке дара, оқшау қалдырмаған. Адамды тұтас тұлға ретiнде, оның жүрiс-тұрысын iшетiн суымен, жұтатын ауасымен, жүретiн жерiмен, iстейтiн кәсiбiмен салыстырып бүтiн бiтiм ретiнде қарастырған. Сонымен, “адам әлемi” деген ұғымдағы Ибн Сина дамытқан медицинаны биологиялық және халықтық медицинамен тоғыстырды, толықтырды. Ибн Сина Алланың барлығына қатысты себеп пен қозғалыс дәлелiн, сөзсiз бар болу мен мүмкiндiк ұғымдарын әл-Фараби секiлдi түсiндiрген. әл-Фарабидiң әрбiр затты алғаш рет қозғаған ең соңғы Қозғаушы күш – ұлы Жаратушы деген тұжырымын қабылдайды. Емдiктiң кепiлдiгi тiршiлiк көзiн қозғауда деген ойшылдардың дәлелiн Өтейбойдақ та негiзге алады.

Науқастың сезiмдiк, психологиялық себептерiне ерекше мән берген шипагер өзiнiң дауалық қағидаларын, “он екi сезiмдiк ұшық” теориясын көпке ұсынады. Ол өмiр бойы адамның бас байлығы – денсаулықты сақтаудың, керiсiнше, ауруды асқындырмаудың көптеген емдiк және психологиялық тәсiлдерiн, физиологиялық шарттарын жинақтаған. Денсаулықтың кепiлдiгi нақты және алуан түрлi. Солардың қатарында – дұрыс тамақтану, қимыл-әрекетте, серуенде дем алуға көңiл бөлу, дененi таза ұстау. Тарта iшкен, жөн-жосығын бiлiп iшкен ас сiңiмдi, тәнге арқау болған. Қазақ қымызды көп, бiрақ бабымен iшкен. Өйткенi қымызды шөл қандырар сусын, қарын тойдырар ас, бойды сергiтер емдiгi бар дәм-тұз деп ұққан.

«Тән – жанның малайы». Дененің әлсіздігі, жан дүниенің жұтаңдығы сылбыр сезімді, ойда дертті, бойда жаман әдетті қоздырады. Титықтаған тән әйнектен де күйреуік, қуаттанса болаттан да берік.

Мұның өзi ағзаның биоэнергетикалық мүмкiндiгi мен потенциалын қалпына келтiрудiң жолдары жалқы еместiгiн меңзейдi. Бұның бәрiн өз басынан кешкен, өзi қатал ұстаған тәртiп. Ғалымның тағы бiр дауалық кеңесiне құлақ салайықшы: “Қиуалық теңгерме, пенделiк бiтiсте көктемде қанды аруламақ (тазарту), жазда кезектен кетiрмек (кетiру), күзде зағыпыраннан жанықтырмақ (арылу), қыста тұндырмаларды қудырмақ шарт”. Адам болмысы мен берекесiн өмiрлетудiң бұдан өтiмдi физиологиялық шарты мен философиялық маңызын жеткiзiп көрiңiз.

Бiрақ көрдiм-бардым мен ерiншектiкке алданып, денсаулық бар да оны қадiрлей бермеймiз. Ал ауыра қалсақ, сырқатты әркiм өзiнше сезiнедi. Әлгi денi сау алаңғасар ауырған жанның мiнез-құлқын, түсiну-талдау қабiлетiн дұрыс ұға бермейдi. Осындайда аурудың қозғаушы күштерi мен себептерiн тану, табу – емгердiң қасиеттi мiндетiне айналады. Осы бағытта халықтық емдеу тәжiрибесiнен мына ерекшелiктi аңғарамыз: адам ағзасын табиғи ортаға бейiмдеуге ерекше мән берген. Адам анатомиясының 150-ден аса терминiн қолданған; адам бойындағы күш-қуатты жәндiктер мен құстардың, өсiмдiктер мен төрт түлiк берерiнiң дәрiлiк қасиеттерiн рет-ретiмен пайдаланған. Өтейбойдақ Тiлеуқабылұлы бабамыз 728 өсiмдiк атауына сипаттама берген; адамды емдеудiң қарапайым, үнемдi бәрiне де ноғайлы мүмкiндiктерiн назар аударған. Бұл тұрғыда Тибет медицинасын өте жақсы меңгергенi байқалынады.

Нағыз емшi туған жердiң барлаушысы мен диқаншысындай, жыршысы мен бағбаншысындай. Ол атамекеннiң ауа-райы мен байлығына, салт-дәстүрi мен үлгiсiне ерекше назар аударған, тұрмыстағы адамдардың көңiл-күйi мен қызығын, саудың өмiр салты мен аурудың асқынған күйiн де назардан тыс қалдырмаған. Бұдан туындар тәлім: Рухани тазалық пен ерiк, Емге, ерге, елге көрiк. Ем тазалықтай дайын, ерікті жайың емес. Қиын жолдың қинары:

Өнер іздеп таба алмай жүрмін азып,

Алтын бар деген жерді белден қазып. (Балықшы илә ғибрит қиссасы, 205). Бұл - тынымсыздық пен тиянақтылық – емшінің тағдыры мен тірегі.

Өтейбойдақ бабамыз үшiн, шипагерлiк күллi сырқаттан жабысқаннан асқынғанға дейiн күрделi де, ауытқымалы адамның iшкi күйiн қадағалайтын, саралайтын, бағалайтын тәжiрибелi ұстанымның беделi. “Сол кезде шипа еммен емделiк, жазылғанға дейiнгi ажал жеткендер жөнiнен, томпаймаға дейiнгi аралықта сырқаттың даму барысын, басқыштарын сатылы түрде иелеп, игерiп, қағыж қалдырмай бiлу барысын қамтыған, жанкүйерлiк, ақпейiлдiлiк, жанашырлық, қамқорлық деп қарамақ уәжiбi”. Емдiктiң бұдан артық тағлымдық мәнiн жеткiзiп көрiңiз.

Ойшыл ұрпақ бiтiмiнiң мiнсiздiгiн әрiден ойлаған. Емде қауiп көп. Емшi дәрiнiң бәрін алдымен өзiне сынап, оның заруатынан талай уланған. Шипагерлiктiң басты мiндеттерiн ел осы тұрғыдан пысықтайды. Алдымен сырқаттан құтылудың немесе құтқарудың бiрден-бiр басты шарты – аурудың себептерiн бiлуi, әр сырқаттың әсерлерiн естен шығармауы. Мұны аурудың пайда болуын алдын алу және сырқатты емдеудiң медициналық жолы, әрі мiндетi дерлiк. Сырқаттың кең далада жиi тараған 12 себептерiн: ырайлық, алмасымдық, ұшықтық, жұлдыздық, сөлдiк, қуаттық, ыстықтық, суықтық, жазымдық, қаһарлы, зәһәрлi, қаһарсыз сияқты түрлерiн атап және талдап бередi. Екiншi шарт – әркiмнiң өз жан-тәнiн ширататын және шынықтыратын жүйелi жаттығумен шұғылдану, таза сумен дененiң тазалығын сақтап, таза ауада көңiл сергегiн баптап, қуатты тамақты мезгiлiнде iшiп, туған жердiң құнарлы топырағынан, сұлулығынан, әсемдiгiнен нәр алу. Табиғат – бүкiл организмдерге үйлесiмдi байланыстардың кеңiстiгi. Әр адам сол жарасымдылықтан өз денесiнiң тепе-теңдiгi мен тұтастығын табады. Үшiншi шарт – адамның киген киiмi қонымды, жарасымды және таза, көңiлi көтерiңкi, жаны жайдарлы болса, оның тұлғалық бiтiмi әрлi, бет әлпетi сәндi, өң-түсi жарасымда сымбаттанбақ. Жарасымдылық жаралыстықтың түбiрлi айқындылығын бiлуге ұмтылдырады. Сол iзденiс пен күрес барысында адам баласы өз тұғырына лайық әзiрлiк, айқыныс табады.

Осыдан жаралыстықты қанық бiлу, жарасымды ұштасымды айқын ұғыну, адамзаттық мәндеменiң сипатымен тең ықпалда болу, жарасым мен сыйласымның түбiрiн толығырақ ескеру сияқты борыштар сараланады. Тақылеттiң бiр-бiрiмен түйiндемелi он екi борышын талдауы, бабамыздың ұлағаттылығына ерекше мән, ықпал енгiзедi.

Адамның денесін, өң бойын тазалық та, күтім де ұстау, өзінің сыртқы көрінісі мен пішініне сауаттылық пен салауаттылық таныту – тәрбиеліліктің белгісі мен жемісі. Ал осындай ізденіс пен ілтипат шашаусыз адамның несіптік ризығымен үйлесіп жатса, ұрпақтың ірі де, салауатты болуына қызмет етіп жатса, ондай тәрбие тектіліктің түйінін құрайды. Үлкеннен кішіге тарайтын тектіліктің мұндай түрі адам денесінің “түпкілік өзегілік қиуасын”, қуат арқауын – бітістік қуатты, мүшелік қуатты, төтемелілік қуатты қалыптастырады, оларды бір-бірімен ұштастырады. Бірақ Өтейбойдақ бабамыздың жасаған түпкілікті түйіні қандай?

“Әрқандай адам пендесінде қимыл қуаты, сезім қуаты, тежелім қуаты болмағы парыз”;

“бірақ тұлғалық бітістік қуат өзгерімі, әлсіреуі, қараүзіп шығуы әдеттене беріп, күнделік салтқа айналып жүрелгілік таппағы, ырыққа көнбегі шарт”;

туылма қимыл-қарекеттік қуат сезімдік қуат тудырмақ. Сезімдік қуат толғамданулық білімдік, ақыл-парасаттық, адамзатындық нағыз қуатқа жетпек”.

Сонымен қуаттық бітістік – тектіліктің түрі. Ол адам болмысында басындық салтқа айналмаса, єлжуаздық күштілікке айнала алмай қалмағы әбден мүмкін. Тежелімдік қуат адам организмінің “шамалық өсуіне, жіктеулі қимыл-қарекетті” шектемелі болуына себепкер.

Шарт пен борыштар аңғарымның шынайы, нақ, айқын болмағына ұйытқы, сондай-ақ кемтарлықтан, шарасыздықтан, алалықтан, болымсыздықтан сақтандырады. Сонда шипагерлiктiң тәлiмдiлiгi, өнiмдiлiгi, сенiмдiлiгi артпақ, ол туралы дүдәмал, жорамал, өтiрiк тарылмақ. Қимыл-әрекеттегі адам өз өмірін де, тіршілік тірегін де сақтайды, қос бастауды жаңғыртады, жаңартады. Құбылысқа қарап құбылады, өмірдің мән-жайын іздеп жұлқынады.

Тұқым тектілігінің организмдік-биологиялық түбір-түйіні барын шипагер бабамыз Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы дәлелді айтқан: “Адамзаты тіршілігі тоғалығы мінсіз бітістігі әуелде ата-анада жаралмақ, одан туылған ұрпаққа жалғаспақ.

Алланың адамзатын жаратқандағы берген ең зор бағы, бақыты, дәулеті – тек қана мінсіз бітістік. Міне, бұл – тұлғалық, мүшелік мінсіздік. Мінсіздікте, тұлғалық тоғалық ніл – қан. Мінсіздікте, тұлғалық тоғалық ширама – арқау.

Сонымен, тұлғалық бітістік мінсіздік толықтық. Ылайым, тұлғалық бітісте кемістік болмаса, арқандай мүшелерінде сырқаттық зақым қалдырған зардап болмаса, науқастық бейнет тартпаса, одан артық бақ қайдан болмақ. Соның үшін бұрынғылар:

Ауыз дәулет – мінсіз бітіс.

Көз дәулет – жұптылық іс. Көз мұрын дәулет – малдық толыс, – деп, ғақылиялық тұжырыммен түйіндеген”. Тұжырымның астары айқын: әрекеттегі жақсы, оңды, игі істер күш-қуат алып таралмаса, онда жаман, теріс, бұрма күштер қарқындайды. Содан небір сұмдық басталады, нәлеттік нәр алады.

Өтейбойдақ қан тамырының жүрiсi мен бұлшық еттердiң жатысына қарай уқалауды емдеудiң түрiне жатқызған. Нүктелi ем өзiндiк шипагерлiктiң тәртiбiне негiзделген. Қазiрде нүктелi жаттығу кең таралған. Уақтылы, жөнiн және жүйесiн бiлiп iстеген нүктелi жаттығу – әлсiреген мүшенiң сақтану мүмкiндiгiн кеңейтедi, бейiмделу қабiлетiн ұзартады, жеке мүшенiң қызметiн серпiлтедi, мидiң қызметiн арттырады, көңiлдi көтере түседi, жастық күйдi ұзартады. Тек уқалайтын мүшенiң қызметiн дұрыс бiлу керек, ненi, қалай және қашан уқалау керектiгiне мұқият болу абзал. Ереженiң арқауы нақты: алақанда қалқан, нүктелеп уқаласаң, жаның табар жайсаң. Қантамырды тұрғын үйкелеп, жүрмессiң текке жүйкелеп. Ұмытпалық, қимыл қайталанса – күтiм, өзiңдi ұстарсың бүтiн. Жаттықсаң – тәнiң жайсаң, iркiлсең – үзiлер ырқың.

Ел арасында, тәуіптілігімен жан мен тәнді емдеген, абыздығымен көңіл-күйді демдеген емшілер халық жадында көптеп сақталынған. Саулыққа сауа болған халық емшiлерi тарихымызда аз болмады. Олардың жаңарған өнері жақсарды, жақсы бастамасы жаңарды. Адал адам қиыншылық пен кәрілік келгенше жақсы өмір сүруге ниеттенеді, аз сөзге көп мағына енгізуге тырысады. Өзіне тиесіліні қанағат тұтады. Өмір сүру үшін үйренеді, жаманнан жиренеді.

Жауға қарсы соғысқандар емшілік дәстүрімен тоғысты. Тұрымтай тұсымен болған шақта, ел көңілінен шыққан, ел тәнті болған емшілік те ерліктің түріне жатады. Батыры көп елде емшілік те естілік пен ептіліктің, нәзіктік пен ниеттіліктің нышанына айналды.

Бір ғасыр өмір сүрген бабамыз бұл еңбегі туралы: «соңғылықтар қадірін біліп, ұстана білсе, қаңғысыз бұлақ, қадірін білмесе, отбасы аяқпен тозатын тулақ» деп келте, нық, дөп қайтарады.

Елі мен туған өлкесін жан-тәнімен сүйген, оған аянбай, тік жүріп қызмет еткен, ұрпағының сау, ширақ, күшті, өз болашағына сенімді болып өсіп-өнуін армандаған Өтейбойдақтың бұл соңғы өксігі немесе аманаты секілді. Тектің салауаттылығына қызмет етті, бірақ дертті жеңе алмады. Десек те әдеп лебізін тұрлаулыққа, адамзат жаралысына арнады.

Нағыз емшілер ауруды мүсәпiр деп қарап, оған рақымшыл болған. Мысалға, Құртқа тәуіп үшін: «Ауру, дерттi жан – мүсәпiр. Мүсәпiрдi мүсiркеу керек, емдеу – парыз. Қолдан келсе шипа болар жағдай жасауымыз керек. “Ең басты байлық – денсаулық” демекшi, тәнi жарымжан пенде – ең бейшара, ең мүсәпiр. Ауырған жанды аялауымыз қажет. Қаскүнем – қарақтан өледi, қомағай – тамақтан өлдеi, батыр – садақтан өледi, бай қадақтан өледi. Абайлап сөйлеп, ойлап iс iстеу лазым. Өзiн күткен – өрге шығады, өзгеге өлiм тiлеген елдi бұзады. “Ашыққанға қазан астырма, тоңғанға от жақтырма” деген бұрынғы ата-бабаларымыз. Бiреуге өлiм тiлемей, өзiмiзге өмiр тiлейiк. Жараның азабын – жаралы бiледi, қазаның азабын – қаралы бiледi. Ерi саудың – елi сау, аурулы елде – күнде дау. Ел-жұртымды аурудан, даудан аман қылсын!” – деп емдік борышын көз жұмғанша адал атқарған.

Ауру жанның обалына қалдырмайтын, мүгедектiң сауабын алатын бұл көрегендiкте мұсылмандықтың мейiрiмi, елiне қамқоршының ықыласы, кәсiбiне қасиеттi шипагердiң өтiмдi ойы, ақаусыз көзқарасы, өмiрлiк өсиетi аңғарылады. Қасиеттi шипагер алдына келгендi дәл де нұсқалы сөзiмен, жылы көзқарасымен, жұмсақ та шыдамды мiнезiмен баурап алды, бiлiмiмен, шөппен, дәрiмен емдедi. Ауру дерттен айықтыруға жан-тәнiмен кiрiседi. Ел тұтқасы болған немесе болатын батырлар мертiккенде, олардың талайын ауыр дерттен құтқарыпты.

Адам денесiндегi жарақаттарды ғана емес, соқырiшектi кесiп алып тастаған, қылтамақты емдей бiлген, тамақ iскiндерiн қайтарған. Өзiн-өзi емдеп, өзiне-өзi тәжiрибе жасаған. Шөптен дәрiнi өзi жасай бiлген. Сынықшылық кәсiбi де әйгiлi болған. Көреген ақсақалдың дуалы аузынан шыққан қолдау сөз елдi бiтiмге келтiрген, тiптi ебедей кiсiнi би дәрежесiне дейiн көтермелеген.

Көне тарихты жақсы бiлген, шежiре көңiл Құртқа тәуiптiң елдiк және емдiк тәжiрибесi кейiнгi етi тiрi ұрпақтарға өшпес үлгi болып қала бермек. Саулыққа қауiп төндiретiн қимыл-әрекеттiң алты түрiн:

– жарақатқа ұшыратын мiнез-құлық;

– iшкiлiк пен нашақорды пайдалану;

– темекi тарту;

– жыныстық қатынастағы бейберекеттiк;

– тамақтану тәртiбiн дұрыс сақтамау;

– гиподинамияны атап береді.

Тәнтілік құндылықтан және табандылықтан туындайды. Өмірдің құндылығын базбіреулер материалдық игіліктен іздейді, содан қанағат таппақшы болады. Материалды байлықтар – тамақ пен киім-кешектің негізі, тіршілік тірегі. Адамзат ұрпақтары байлық үшін айтысты, бет тырнасты, шабысты, атысты. Байлыққа біржақты бас ұрғандар, оған басыбайлы байланады. Байлықты адам өмірінен жоғары қойғандарда тойым да, тұрақтау да жоқ.

Адамдар бақытының оннан тоғызы денсаулығына байланысты. Осы тоқтамды есітпегендер аз, ал қайталап жүретіндер көп-ақ. Адам айқын осы мәліметтен өзіне тоқтам боларлық түйін жасай бермейді немесе сол шешімге тіптен кешіңкіреп келеді. Сонда не жетіспейді? Жаулықты жеңер ерік-жігер, енжарлыққа бөгет естілік пен сауаттылық, ересектерге лайық ептілік. Байыбына барсақ, әрекеттегі тиянақсыздық болжамдағы құбылмалылықты ушықтырады. Тиянақсыздық қерағар қызмет атқарады. Ал құпияны ұқпастан таласқан, арылмайды тек өш-араздан. Аразқой әуесқой емес, кездейсоққа ессіз беріледі немесе қасарысады. Құбылмалылық төзімділікті баптамайды, туралыққа тоқтатпайды. Талдаусыз болжам жеңіс пен жеңіліс жағдайына бірдей ықпал етеді, іштегі өзгерісті анығырақ білуге тырыспайды.

Ондайда: Ақиқат сыйдан артық, баталыға,

Тегінен өсіп өнген аталыға.

Шежірені шертпеген жүрегімен,

Байыптар киеліктің қатары ма? – деген ой оралып мазалайды.

Емшi дерттi қоздыратын жасандылыққа да мән бередi. Олар – күш көрсетпек дөрекiлiк, психика мен тәндiк дамудағы кемшiлiктер, отбасындағы қиыншылықтар, экологиялық ауытқушылықтың күшеюi. Содан тұрмыстың нашарлауы, көңiлдiң қашалғаны, дауаға дұрыс жөннiң ашылмауы, жан-тәннiң ыдырауының басылмауы етек алады. Содан әрбiр қимыл көңiл ашып, дененi ширатудан гөрi, жән-тәндi ауыртып қинайды. Жан-тәнi қиналғанның көз нұры бұлыңғыр, жүрiс-тұрысы жинақы емес, алқа-салқалы.

Тамағын таусылып, қомағайлана, шайнамай жеу – пенденің өзінің тоғалықты борышын орындамағаны. «Бір ылпаның ішінде мың арып, мың семіріп» сырқаттық бейнеттен арылмаған пенде қилы-қилы жантүршігерлік кешірмені ертелі-кеш басынан бір кешіреді. Мұндай өткермелі дертті күй – адамның естігенінен естімегені, ой толғамы жеткенінен жетпегені көп болғанда кезігеді. Бұл – сұйқылдықтың, босаңқылықтың, тоғалықтың нышаны. Адам ырың-жырыңда іштей тез күйрейді. Бәрі де жіктеліс ауқымын үдетіп, қараңғы тұғырлыққа тірейді. Әсті рухани тозғандар лезде жүйкелетiнін, кұтпеген жайда бірден шаршататынын жасыруға болмас.

Нағыз емшіде аурудың рухын көтеру әрекеті жүйеге қойылған. Ол ес жинау жөніне айрықша мән береді. Емшiнiң кеңесiнде профилактикалық әдiстер жеткiлiктi. Емшiлiк сәттi болу үшiн:

– салауатты өмiр салтын қалыптастыру қажет. «Түзу жүргеннің титықтамайтынын» ескертеді. Табысқа жетсем деген мотивация басқа күдiктен жоғары және басым тұруы керек;

– емделуге деген белсендi, бiтiмдi көзқарас қалыптастыру абзал;

– емделушi мен емдеушiлердiң, баламен оның ортасының көзқарасын, түсiнiгiн қатар және мақсатқа орай жетiлдiру пайдалы;

– ата-ананы үйрететiн бағдар енгiзу өте қажетті;

– үйде орындайтын ережелер мен талаптарды тиянақтау жөн.

Бұл – адамның өзін-өзі емдеудің үлгісі. Расында, адам өз ауруынан құтыла алмай жүргенде, емші болмақ кімдерге? Шипагерліктің арқауы – төзімділік. Ол – шипаның тәуірі. Шипалыққа суық тежеу – қомағайлық, қуат жарлылығы. Модавандар «үлкен кесек өңешке қиямет», «ауру мен жарлылық, жасырынбас мәңгілік» деп тауып айтқан.

Дені сау адам, соның ішінде емші дәрігердің өзі науқастың жайын жанашырлықпен білуге ұмтыла бермейтін кезде болады. Ызғымалы көрнеулік – тіл сөзде, қусақта, салп-салп жүрімде. Өңездік тіл, жұқалтаң өзгерім, өткін ызғыма сырқатты біртіндеп сүйекте сыздатады. Күреңге шалдыққан қаптектер өз икемін ауруға шалыққан дене мүшесін емдеуге бағыттайды. Бірақ мәннің түбірін ұқпағандар – ерімдік пен өнімдіктің не екенін, оны толығымын ұқпайды. Қоныссыздықтың қай түрінде болмасын дәрігерді ауру адамның жалпы көңіл-күйі мен дауасы бірдей толғандыра бермейді. Содан жүйелі көмек жетіспейді. Оның бірінші жаулығы – құлқында, құлқыншылықта. Құлқын – кикілжің бастауы, рухани жетілудің қырсығы, тазалыққа кедергі тән мен жанды жүйкелетер ауыр дағды, созылмалы дерт. Құлқын құлдары материалды заттарға бүйрек бұрады, бұйымтайдан біржақты тәуелділікке ұшырайды;

– денсаулықтың нағыз құнын ұға бермейді, дұрыс бағалай алмайды. Денсаулық туралы есіткендерін елеп, ескеріп, солармен есептесе бермейді.

Пайымдай қалсақ, құлқынды шыдамсыз, дөрекі, жаушыл, тексіз, асқындамалы ауруға ертерек ұшырайтынын аңғарамыз. Табиғаттың адамға берген сезімталдығын тұншықтырады, жүрекке тым жиі салмақ жүгін артады. Ол бойындағы күш-қуатты игі іске, өз қабылетін жетілдіруге жұмсай бермейді.

– шектен тыс бірбеткей, дүрбелеңге жақын, кісілік қасиеттерді де, өзіндік жетістікті де аяқ асты етеді. Ата-бабалардың жақсы дәстүр салтын жалғастыруға, жетістіруге жарамсыздық танытады;

– ерікке енжар, естілерге еруге қынжылады, онда жабайылық басым. Құлқын пендесінде тұлғалық қасиеттер тұйыққа ұшырайды, әрі олар ізгі іс-әрекеттің құралына айналмайды. Құлқын пендесі адамдыққа да, ашықтыққа да икемсіз, ұқпаса да дүрбелеңге көлденең қосыла салады. Қысқасы, құлқын құлы асқазанды зақымдап қана қоймай, өмірге деген сүйіспеншіліктің, жақындықты қорғайтын сенімнің рухани күш-қуатын ескермейді. Сондықтан ол адамның теріс пиғылын қоздырады, жағымсыз, теріс энергиясын асқындырады.

Денсаулығы нашардың делебесі қозса, ол неге әкеледі?

Алдымен, іштей тұрақсыздыққа. Тұрақсыз жан батыл емес, жалтақ, екіұштылыққа жиі ұшырайды. Содан өзінің діттегеніне дәйексіз, бағытын бекем ұстай бермейді.

Құтқаруға талпыныс – өмір сүру үшін ұмтылыс, жігерлі және табанды әрекет. Өмір сүруге ұмтылыс – адамның өзін құтқару жолы және әдісі. Оның екі арнасы қалыптасуда. Алдымен пенделіктен секемденіп, сескеніп, содан жарасымдық пен қанағаттандықтан араласым, ұштасым, сыйласым, жарасым тапсақ, ондай жағдайда кісі тән мен жан рахатын ұзағынан тартпақ, өзекті ізденістің мәуесіне қанықталмақ.

Қанықталудың толық айқындығын ұғындыратын және үйрететін – халықтық емшiлiк пен кәсiптiк медицинаның арақатынасы. Екеуi де – ырайлықтағы алмасым хатуатыры, елдiң алдындағы емшiлiктiң көрсеткiшi. Ұласпалы дауаға несібеміздей тәнтік болсақ та, емшiлiктiң тарихы тереңде екенін жоққа шығармасақ та, оның халықтық деңгейінің жетiлу кезеңдерi бiртектi емес екенi айғақ. Халықтық – ауыз саналымы ғана емес. Ол – қанықталғыға түптеме.

Халықтық ем шипалылықтың түрлі қасиетін ескеруге мән береді. Ең бастысы, оларды денсаулыққа қызмет еткізуге ерекше мән береді. Емшiлердiң өрiсi, имандылық пен ұстаздық келісі. Емдіктің қай түріне болмасын кепілдік керек. Қашанда болмасын, жеке адамның, тiптi ел-жұрттың басына күн туғанда ауру-сырқатты, жаралыны, мүгедектi емдеуде емшiлердiң қызметi зор болды. Сол үшiн халық емшiлерiн құрметтеген, бертiн келе “әулие”, “халық емшiлерi” деген атақ берген.

Халықтық емшiлiк – кәсiптiк медицинаның бiр қайнар көзi. Ағартушылық дәстүр мен халық мәдениетi қатар дамыған елдерде бұл үйлесiмдiлiк жөндi жалғасын әлiде табуда. Бiрақ қоғам мен мемлекеттiң құбылмалы, аумалы-төкпелi кезiнде емшiлiк жүйесi әр бағытта, әр қалай тамыр жайғаны да мәлiм. Әркiм өз басымен тым-тырақай болған кезде, бақылаусыз қалған емшiлiк салалары жеңiл жолға түстi, оңай дағдыға салынды. Сондай дерттiң нышанын қазiргi халықтық және кәсiптiк медицина саласынан аңғардық. Емшiлер арасындағы жеке жауапкершiлiк қажеттi деңгейде бола бермедi. Сонымен халықтық және кәсiби емшiлер бiрiнiң кемшiлiгiн бiрi пайдаланбақ ұмтылысты да бастан кешiрдiк, әлi де кешiрудемiз. Бұл бағытта саралайтын, жүйелейтiн, бақылауға алатын жұмыстар арнаулы мекемелерге жетерлiк. Басты мәселе – емделудiң қалыптасқан түрлерiн бiр-бiрiне қарсы қоймай, бiр-бiрiнен бөле жара қарамай, керiсiнше, олардың тәжiрибесiн iрiктеу және тиянақтай бiлуде. Айтуға жеңiл, орындалуы күрделi мiндеттер. Ақылмен қосылатын, ерiк-жiгермен қабылдай бермейтiн мәселелер.

Емшіліктегі ұстаздық – аяғына тұрмаған кәсіп. Кәсiп қолдауы – табыс оңдары, дейміз. Осыдан халықтық емшілік тәжірибесі мен кәсіби медицинаның қызметін үйлестіру – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Халықтық емде еркіншілік мол, емдеудің дәстүрлі және бидәстүрлі деңгейлері іштей араласып, бітісіп жатады. Емшiлiкке кеңшiлiк, салауатқа теңшiлiк. Бірақ оларға әзірше жүйелілік жетіспейді. Кәсіби медицинаға, иә жүректен шығатын шипагерлік баян жетісе бермейді. Адам организмі болса, ол тұтас, жүйелі, функционалдық ерекшелікке бөленген. Бүгінде адам организмін тоғыз деңгейге бөліп қарайтын теориялық және практикалық жұмыстар жүріп жатыр. Естімеген елде де, ғылымда да көп. Әйтседе, адам организмі қызметінің осы құрылымдық деңгейлеріне ықпал ететін қандай әдістемелі, яғни емдік тәсіл-тәлімдер жинақталуда және қолдау табуда деген сауал бүкіл емші-мамандарды ойландыратын ортақ мәселе. Халықтық дәстүрдің бір өсиеті бар:

Ұрпағыңа үңілде, ұстаздықтан түңілме.

Көзін таппай ісіңнің, тайғақтықта үгілме.

Жарасымды қарым-қатынаста адам қанағатқа кенеледі. Қанағат үйлесімділікте және сүйкімділікте. Жан мен тәннің үйлесімділігі адамның өзін-өзі тануға және өзін-өзі ұстай білуге ұйытқылық етеді.

Қазір халық медицинасының тәсіл-тәжірибелерін жинақтайтын және кеңінен қолданатын кезек келді, оған қажеттілік артуда. Осыған орай бес өткір мәселе көңілде тізіледі. Біріншіден, нағыз халық емшілері мен соған еліктеп, жақындап жүрген, бірақ кәсіби қабілеті жеткіліксіз әуесқойларды ажырата білуіміз керек. Қолдың шипалығы мен сезімнің бұзақылығы, сауаттылықтың таяздылығы мен әсірелі бәсіреге еліктеушілік ел арасында алып қашты пікірлерді қоздыруда.

Мұндайлар әрине қасиет жолын іздеп, адамның саулығын жоғары құндылық деп жүргендер емес. Ендігі емшілер саны жер-жерде көбеюде, яғни оларға деген жалпы сұраныс бар деген сөз. Ал емшілер кәсібінің немесе емшілік деңгейінің сапалық көрсеткіштері қандай деген сұраққа, шамасы, бүгінде тиянақты жауап беру мүмкін еместей. Емшілік сапасын жетілдіру үшін сауаттылық, салауаттылық, мұқият ұқыптылық, жиі-жиі бас қосып тәжірибе алмасушылық қажет. Емшілер бір-бірінен үйреніп шеберлігін арттырып жатса – ол игілік. Ал білімнің жетістігіне тікелей сүйеніп жатса, ғалымдардың білімін іріктеп алып жатса, одан емшілердің жауапкершілігі және емшіліктің мәртебесі артпақ.

Емшілердің қоғамдық қозғалысы аяққа нық тұрып келеді. Қауымдасқан кәсiп – тiрек пен нәсiп, екеніне көзіміз жетуде. Бұл қызмет ел арасындағы сауатты шипагерлердің естілікке, елшілікке лайықты қимыл-әрекеттері іспетті. Оның үстіне халықтық деген атауды – үлкен сезімді оятатын, тұтас сенімді жандандыратын жоғары мәртебе, тіпті ерекше күш-қуатты жетістікпен жалғастыратын кәсіби деңгей деп ұғынушылық етек алуда. Байыбына барсақ, халықтық – адамның тән, жан, рухани мәдениетін қалыптастырушы нәзік те нақты қабілет, үш бірдей адам мәдениетінің ішкі көзін ашатын таңдаулы тәлім-тәсіл. Одан артық нығмет бар ма екен? Расында, халық емшісі ел арасындағы ұстаздықтың, ұлағаттылықтың елшісі, еңсесі езілгендердің демеушісі, сүрінген жанның үлкен кеңесшісі екеніне көз жетуде.

Шипагерлік – өмірге сұраныс. Халықтық шипагерліктің дәстүрі мен мәдениеті бар. Ол адамды нақты шешімге, қарқынды қадамға итермелейді. Өмірін ұнататын, адамды сүйетін кісі өзін емін-еркін ұстауға тырысады. Шипагер – есті де еңбекқор, өмірмен үйлесуге, өзін-өзі жетілдіруге мүдделі. Еңбекке берілген шипагердің естiлігі, ептiлігі, еріктiлігі оның қолының емділігін, дұғасының септілігін, тәлімінің тектілігін арттырады. Ондай емгердің ниеті адал, пиғылы таза, ойы дұрыс келеді. Қимыл-әрекеттегі сезімталдық, ойшылдық, ерік ырқы ортақ мүддеден туындайды және соған қызмет етеді. Еңсе көтеретін ынта-ықыластың өнімі өрелі, іс-әрекеті сауатты да сабақтас. Сондықтан ниеті ақ, кәсібі ісіне жақ емгер таза ахуал да, таза ауа да тынымсыз әрекеттенеді, ізденеді, қыбырлап тірлік етеді. Ол не істеп, не қойдық деген сауалға жауап іздейді, ойын тиянақтайды.

Мұндай еңбекқор, біріншіден, пейнетқор, икемді, бейімшіл, құнды және киелі қасиетке қызығады; екіншіден, ұйымшыл, ұйымдасуға бейім, талғамына да тәжірибеге де жауапкершілік танытады. Жауапты кезеңде атқарылған жұмыстарының қорытындысын шығарып, есеп-қисабын түгендейді. Еңбек сүйгіш өзінің де, қоғамның да тыныштығын қадағалайды, қылмыстың алдын алуға күш салады. Еңбек сүйгіш істі ұйымдастыру тәртібіне, ондағы жауапкершілікке жете көңіл бөледі. Жүйелі де, нысаналы әрекетте ақымақтық аз, сорақылық сирек кезігеді. Жалқаудың жолы тайғақ, мінезі жалтақ. Еңбектенген қателеспейді емес, қатесін мойындайды, оны дер кезінде жөндеуге бейім тұрады. Еңбек адамды нақты және жан-жақты емдейді, еңсесін көтереді. Неге?

Рухы биік – емші, көріпкел. Адам рухани қуат арқылы болмысын түзейді, тұрақтатады, тұтастайды. Рухани қуат – еркіндікте, естілікте, ептілікте. Рух – мұратқа бекем, ізгілікке икемді, сүйіспеншілік сезім мен сенімнің серпілісі.

Адам ұмтылыста тәннің және жанның әлсіз, не сыңаржақтарынан арылады. Біреулер дененің жайына, сымбатына көңіл бөліп, жанның сергектігін сақтауға олақ келеді. Енді біреулер ойын, санасын, жалпы ішкі жан дүниесін жетілдіруге ықылас танытады да, денесін шынықтыруда салақтыққа ұрынады. Екі жағдай да саулыққа деген сауаттылық жетіспейді. Мұратқа ұмтылыс адамның өзін қауіптен құтқарады, сол сұранысқа қажетті әдістерді құрайды. Жаңаға, жағымдылыққа, жақсыға деген талпыныс – табантірес күрес, қиындықтан тайсақтамай, оған төзу, қиыншылықты жеңе білу.

Өмір үшін ұмтылысқа қандай жайлар ұйытқы болады? Өз өміріңді құтқару жолдары мен бағыттары жалқы емес. Ұмтылғандардың табан тірері неде?

1. Адам өзін құтқару үшін, өзінің болашағы үшін барынша талпынады. Осы мақсат үшін талаптылар бас қосады, ұйымдасады, одақтасады. Талаптылардың іс-әрекетінде қайраттылық пен табандылық, тиімділік пен табысты нәтижелер айқын. Жайлы көңіл-күйді орнықтыруға ұмтылу.

2. Адам өсіп-өнуге талпынады, ұрпағын тәрбиелеуге ынтық. Өзінше ойлану, бірлесіп әрекеттену мәдениетін қалыптастыруға ыждаһаттық таныту.

3. Топтасып құтылудың ыңғайын арттыру, тәсілдерін жетілдіру. Адам жақынын, баласын, әке-шешесін, тума-туысқандарын алдымен құтқаруға іштей бейім, ондай табанды әрекеттен тартынбайды. Бірлікте өмір сүру мәдениетін мазмұндай түседі.

4. Ұрпақты, адамзатты қауіп-қатерден сақтандыру шарттарына мән беру және бірлесіп тіршілік ету мәдениетін игеру. Өзін құтқарудың осындай үлгілерін мінез-құлыққа ендіріп жатсақ, онда қабілет-қасиеттің сапалы, нәтижелі жақтарын айқындай түсеміз. Ол үшін өнегелі және өнерлі жанмен жиі кезігіп, ақыл-кеңес алу керек, сол құрметке ылайық іс-әрекетпен шұғылдану абзал.

Шипагер өмірі – бірлескендердің белсенділігі, салауаттылардың ептілігі, сауаттылардың еркіндігі. Өнегелі өмір қауіп пен ауру-сырқаттан сақтануды үйретеді, ізденістен қанағат табу. Тек шыныққандар, белсенділер және бірлескендер ғана қауіп-қатерден құтыла алады. Керісінше, жалқы қалған, шеттеп қалған жамандыққа немесе құрбандыққа алдымен ұшырайды. Тек өзіне иегер – шипагер!

«Шипагерлік баян» газеті, ақпан, наурыз, сәуір, мамыр, маусым, шілде, тамыз,  2018 жыл.

 

Алматы қаласы 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 



вверх