Өлмейтін өнер - өшпейтін тарих

 

 главная                                        вернуться 


 

Өлмейтін өнер - өшпейтін тарих

 

Зядан Қожалымов - профессор, мәдениеттанушы-ғалым

 

Қазақ халқының ішінде тылсымның құпия сырларына жандары жақын киелі дарынды адамдар ежелден-ақ болған. Ғарыштық жүйемен байланыста жеке ерекшеліктерімен бүгінде ел тарихында аттары жазылған, осы жаңа дәуірдің басында алдағы төрт мың жылды болжаған Майқы би, еліне қасиетімен белгілі Бекет ата, Абылайханның түсін жорыған, бүгінгі өмірімізді дәл болжаған жетісулық Өтеген батыр т.б. бабаларымыз ұлт мақтанышына айналды. Қазақ халқының өзінің М. Нострадамусы мен Вангасы болғандығы дәлелденді. Ұлттық ғылымда қазақтың өз Ибн Синасы атанған ғұлама ғалым, қараүзген шипагер жетісулық Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы сияқты бабасы болғандығы жөнінде тарих бетіне ғылыми зерттеулер мен дәлелдер бойынша жазылды. Осындай ірі жетістікке жетуде менің де қомақты үлесім бар деп есептеймін, ол көп жылғы ғылыми зерттеулерімнің жемісінің нәтижесі.

Менің еңбектеріме, өзім ұйымдастырып өткізген 18 ғылыми конференцияларда ғалымдар мен зерттеушілер, емшілер, оқырмандар мен шет елдік меймандардың білдірген оң пікірлері мен ризашылықтарын маған ғана көрсеткен құрмет емес, халықтық шипагерлік өнеріне деген құрмет деп бағалаймын. Қысқасы, қазақтың тарихы жоқ халықтық шипагерлігінің тұңғыш рет ғылыми тарихи жүйеге енуі ұлт мақтанышы болады.

Өйткені, әр адамның тағдырынамасына қарай өмір жолдары жалғасатыны сияқты, менің де өмірім қилы да күрделі өзгерістерге толы болды. Өткен өмірімді көз алдыма елестетсем, балалық кезім екі жасымнан бастап, осы жасыма дейін талай аумалы да төкпелі жолдардан өтіппін. Осыдан 29 жыл бұрын «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» Республикалық қоғамдық бірлестігін құрғанымда маған құмырсқаша жабылған ҚР Денсаулық сақтау министрлігіндегі қарсыластарымның ұйымдастырған, мемлекеттік жеті ірі құрылымдардың өкілдерінің қарсы күштері, қауымдастықты жабуға, оның тізіміндегі емшілерге қысым көрсетуде басты рөл атқарғаны қоғам мен оқырмандарға белгілі. Қара күштер қауымдастық пен емшілерге жеке қысымдарын қаншалықты көбейткенімен, ел арасында өздерін Жаратушыдан да жоғары қойған үгіттерінен де ешқандай нәтиже шығара алмады. Сол кездегі біздің қызметімізге қарсы шонжарлар мен жандайшап жағымпаздарындың және осыларға көмектескен қауымның сатқындарының да бүгінде үндері өшті. Бұлардың аттарын еңбектерімде ашық көрсеткендіктен, бұндай арам ниеттілердің ұлттық шипагерлердің ұйымын жоюға әрекет еткендерінің аттарын жақсылық кезінде атағым да келмейді.

Қауымдастықтың көші алға жылжып, қадамын анық басуда. Халықтық мұра шипагерлікке деген еңбегіміз бен сеніміміз де ақталды. Шындық жеңді. Мен алғаш қауымдастықты құрғанымда мені мен емшілерді сауатсыздар оларға сенуге болмайды дегендердің де ауыздарына құм құйылды. Халықтық «Мәдени мұраның» бір саласы халықтық шипагерлікті жанашырлармен бірге осы саланы жанындай қорғаған ғалымдарының да еңбектері зор. Шипагерліктің ғылыми айналымға енуіне басшылық жасады. Бізбен бірлесіп жасалған ғылыми зерттеулері оң нәтижесін берді. Ғалымдардың ішінде менің шипагерлік саласының белгілі ғалымы болуыма зор еңбек сіңірген, менің ғылыми жетекшім, замандасым, марқұм философия ғылымдарының докторы, ҚазҰУ профессоры Жақан Молдабеков мырза болса ал, журналистік пен ақындық саласында өсіп жетілуіме інілік кеңесін берген бүгінде филология ғылымдарының докторы, ҚазҰУ профессоры, Әнуар Тараққа ерекше ықыласым мен рахметімді айтамын. Қауымдастықтың жетістігіне қуанатын, ғылыми еңбектерімізге оң пікірлерін білдіретін және қауымдастықтың жиындары мен мерекелерінде ұдайы бірге болатын ғалымдар: Философия ғылымдарының докторлары, ҚазҰУ профессорлары Жақан Молдабеков, Айтолқын Құлсариева, Батима Абирова, Гүлнар Сәрсенбекова, Тәуекелбек Жаңақұлов, м.ғ.д., профессорлар Жандардың Керімбегінің Ермаханы, Амангелді Жаханов, Төрегелді Шорманов, Жасан Зекей, Өтеп Мырзағалиұлы, Ғаббасов Совет-Хан, м.ғ.к. Бекенов Тұрсын, филология ғылымдарының докторлары, профессорлар Мекемтас Мырзахметұлы, Әнуар Тарақ, Сансызбай Құрбанқожа, заң ғылымдарының докторы, профессор Жапар Әлдибеков, жазушы-профессор Ораз Қауғабай, тарих ғылымдарының докторы Төтенайдың Базарбегі, т.ғ.к., доцент Зікірия Жандарбек т.б. ғалымдарға, жанашырларға, емшілерге және менің өнер саласындағы еңбектеріме тілектерін білдірген өнер мамандары мен әншілерге ізгі ықыласты қамқорлықтары үшін, адал жүрегімнен ризашылығымды білдіремін.

Мен ғылым мен өнер саласында ірі табысқа жетемін деп ойламадым. Қырықтың ортасынан асқанда Алла тағала сыйлаған тылсым күш құпиясын дамыту мен оны зерттеу саласындағы ғылыми еңбегімнің және өнер саласындағы ән, толғау және әңгімелерімнің бүгінде ғылымға, зерттеушілерге, оқырман қауымға және өнер саласы мамандарына қажеттеріне жарай бастағанына шүкіршілік етемін. Мен тылсым құпия саласында ұстазсыз ұстазбын. Менің ілімім мен білімімнің бір саласы аян арқылы келетін ғарыштық жүйемен тікелей байланысты болғандықтан, кейінгі кездегі жазылған еңбектерімде сол туралы мәліметтер бере бастадым. Менің жазуымның даму кезі сонау өткен ғасырдың ақырында «Пархат» деген біреуді «Түркістан» газетінде «Құдай» жасағанда басталған-ды. Бұл күтпеген ұятсыздық еді. Ұлтымыздың білімділері мен халықтың даналары бұған тікелей пікірлерін білдіріп қарсы болды. Осы кезде бабамыз Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының маған: «Жаз, жаз, балам, жаза бер, балам, тағы да жаз... », – деп берген аяны қатты әсер етті. Мен осыдан кейін тірілердің тілегі мен Өтейбойдақ бабаның аманатын орындауға тәуекел еткеніме бүгінде ризамын. Еліне ардақты, сыйлы «Ақ апа» атанған марқұм апам Өзипа Сыбанбекқызының тәлім тәрбиесі мені осындай дәрежеге жеткізді. Бүгінде отыздан аса ғылыми-танымдық тәрбиелік, тарихи және тылсым құпия сырлары кітаптарының авторы атандым.

Апамның осыдан қырық тоғыз жыл бұрын қайтыс боларында маған: «Құлыным, жалғызым сен туа жалғыз емессің, өле жалғызсың. Әкенің баласы болдың, енді халқыңның ұлы бол!» – деген аманатын орындап келемін. Аманаттар да ретімен орындалып келеді. Халықтың ұлттық мұрасы шипагерлік өнері де жаңа өркендеу дәуіріне қадам басуда.

Шипагерлік өнері – өлмейтін мұраға өшпейтін тарихқа айналды. Жаратушымыз елімізге амандық, жерімізге бүтіндік, халқымызға ынтымақ берсін!

Алматы қаласы

"Шипагерлік баян" газеті, шілде 2020 жыл

 

 

 

 

 

 

 

 
 
В начало