"Иманым-ай" әнінің шығу тарихы

 

 главная                                        вернуться 


 

"Иманым-ай" әнінің шығу тарихы

 

Зядан Қожалымов - профессор, мәдениеттанушы-ғалым

 

1999 жылы көктем айынан бастап, Республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында Астанадан аттанатын халықаралық археоэтнологиялық «Астана-Ақтау-Мекке-Медина-Ақтау-Астана» ғылыми экспедициясы жөнінде жылы хабарлар берілді. Бұған қазақ елі мұсылмандары қуанса, басқа шетелдіктер де бақылай бастады. Әрине, «Өлгенің тіріліп, өшкен отың жанып жатса» қуаныш деген осы ғой. Бұны ойлап тапқан, көне «Жібек жолын» қайта жаңғыртам деген қандай ақылды адамдар екен деп, таңданғандар да болды.

Әлдебіреулер «ғылыми» деген атына қарағанда, Үкімет тарапынан қолдау да бар шығар деді. Бірақ, осы елді елең еткізген сапарнаманың ақыры елді ұятқа қалдырудан аспады.

Үкіметіміз бен мемлекеттік бақылаушы орындардың іргесінде Астана қаласында отырып, өздерінің «білімпаздығын» дәлелдегісі келген астаналық «Алтын қазық» және «Насруллаһ» діни қайырымдылық қоғамдық ұйымдарын басқарушы азаматтардың (Тәңірберген және Қазбек) қимылы көп ұзамай күлкіге айналды. Талай жазықсыз жандардың жанын, арын жаралады. Олар қасиетті Мекке-Мәдинаға Астанадан сапарға шығып (30.09.1999) бір жарым айдан астам Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының «қамауында» жатты.

Осы құрамда болған, кейін ары асып Ираннан қайтқан ақмолалық Хамидолла Нарымбет ақырында «Хабар» теледидарынан елге зарын айтып, экпедицияның «тағдырын» жария етті.

Мен де алғашқы сөзді ақмолалықтардан естіген соң қимылдармын деген үмітте едім. Өйткені, өзім де сондағы сапаршылардың бірі болатынмын. Атағы дардай экспедицияға аттанар күні қосылдым. Жаңаөзенге барғанда жергілікті халық және басшылар мені танып, құрмет көрсете бастағанда барып, қажылық құрамындағылар да маған көңіл бөле бастады. Мен сабыр сақтадым. Себебі, Алла жолына аттанғандардың тағдыры бір, мақсаты бір болғандықтан оның бұған дейін кім болғанының қажеті шамалы еді. Жоғарғы екі қоғамдық ұйымның атқарушы директоры, пайғамбар жасындағы Тәңірберген Сәдібековтің пиғылы басқа екенін алғашқы сапаршылар жиналысында-ақ (18-19.09.1999) сезіп қалдым. Ол өте айлакер, қатыгез, сыпайлықтан аулақ, адамдарды үлкен-кіші, ер-әйеліне қарамай бәрін өзіне бағындырғысы келетін, адам қуатын сорып жаншитын қара күш иесі екен.

Сондықтан да болар биоқуаты, қорғанышы төмендер оның айтқанына көнеді. Артынан ауырады. Ызаланады. Осындай Тәңірбергеннің қысымына шыдамаған жасы жетпістен асқан қария мен ананың «а құдай, біз Меккеге осы қорлықты көріп барамыз деп тіледік пе», – деп жылаған көз жасын көрдім, бүгінге дейін көз алдымда. Көпшілік менен көмек сұрай бастады. Осыдан кейін экспедиция құрамына рухани басшылық жасадым. Тәңірбергеннің маған шабуылы түкке аспады. Ол абыройын айрандай төгіп жатты. Өз басым экпедиция құрамының амандығы үшін жергілікті халық және әкімшілікпен жақсы байланыс орнаттым. Заң орындары адамдардың қауіпсіздігін сақтау үшін, оларға сырттай күзет қойды. Ақтауда тікелей эфирден Тәңірберген және оның екі ай бұрын Ақтауға келген астаналық сырласы Торғауыт Шакизада және мен үшеуміз сұхбат бердік. Тәңірбергеннің ісі ашылып масқара болды. Торғауыттың жұмысы ноль. Түйе жоқ, сатып алсаң біреуі 100 000 теңге. Осы күндері жоғарыдағы ұйым қорға бір тиын түсірмеді. Тіпті, Тәңірберген мен бес сыбайласы ортаға бір доллар да қоспағаны әшкереленді. Өздері 22 адамнан 300 доллардан жинаған қаражатты оңды-солды пайдаланған. Бізбен бірге болған астаналық ғалым Тоқпан Сәдібеков бұл жайды маған ана екеуінің көзінше дәлелдеді. Екеуінде үн жоқ. Ұят қайда дедім. Артынан Тәңірберген Сәдібек екеуміз тамақ ішуге кетіп, қайта келдік. Одан бас байланыс бөліміне барып, туыстармен байланысқа шықтық. Жанымыздағы Торғауыт жоқ. Ол менімен ренжіскен соң далада есінен танып, облыстық ауруханаға түсіпті. Оны бір мәдениетті қария бізге: "Әй, бағанағы теледидарда сөйлеген үшеуіңнің біреуі осы жерде аузынан көбік ағып, құлап қалды. Өзінің дені сау ма? Ауруы бар ма? – деді. Біз Торғауытты үш сағаттан кейін облыстық ауруханадан таптық. Сөйтсек, оның жаман сырқаты бар екен. Осыны білген Тәңірберген бір нәрсе бола қалса оған жауап бермейтін жол іздеп, Торғауытты әдейі таңдап алыпты. Торғауыт екі айдан астам тұрған үйінің пұлы, әрі пайдаланған телефон қызметі үшін де мыңдаған теңгесін төлемей кеткен.

Сонымен құпиясы ашылған Тәңірбергенге мен: "Сен де мынау сияқты аузын қисайып, жататын күнін алыс емес", – дедім.  Осыдан кейін Торғауыт 16 қазанда, ал Тәңірберген 21 қазанда адамдарды алдап, біз шетел елшілігінен рұқсат әкелеміз деп кетіп, сол бойы қараларын көрсетпеді. Астанадан байланыс арқылы – адамдарға жата беріңдер, бәрі де болады деп алғашқы қыстың қаһарына тоңдырды. Адамдар ауыра бастады. Жатқан жерде жылу жоқ. Адамдардың қаражаты да бітейін деді. Тамақ нашар. Қыстың жылы киімі атымен жоқ. Ел сенген Тәңірберген мен Торғауыт өз үйлерінде, жылы төсектерінде ұйықтап жатты.

Екінші бір патриот, бір күнде жеті министрдің келісімін алған, Үкімет қаулысын дайындатқан экспедицияның тағы бір басшысы, Солтүстік Қазақстан облыстық дәрі-дәрмек басқармасының бас директоры (бүгінде Астанада тұрады) Марат қажы Сәрсенбаев аттанар күні құрамды екіге бөліп жіберді. Тәңірберген мен Марат қажы осы экспедицияның жұмысының ойран болуына, халықты масқара еткендері үшін, Жаратушымыз өз бағасын берері анық.

Кейін де осы Марат өзі қажы бола тұрып күнәға батарын білмейді-ау, шамасы. Соңғы кезде қайырсыз болған бұрынғы экпедиция мүшелерін баяғы 300 доллармен Ресей арқылы қажылыққа апарамын деп жар салды. Сенгендер құжаттарын берді. Бірақ уәде ауыз жүзінде қалды. Астананың дәл ортасында «ұятсыздық» қылмыс істелсе, онда республиканың басқа аймағында не болмақ?

Тәңірбергеннің Кувейттен хат алып, Ирак жерінен «өтерде сендердің 600 адамыңды қамаудан босат деп айғайлап өтем. Сыйлықтарыңды дайында» дегенін біз де, кейбір бақылау орны да біледі. Тәңірберген экспедиция құрамын Кувейт үшін «құрбандыққа» шалуға жақын еді. Бірақ, ол арманына жетпеді?! Бүгінде ол о дүниелік болған.

12 қарашада Жаңаөзеннен аттанып, Иранға жеткен 7-інің 4-еуі елге келді. «Насруллаһ» ислам қоғамының төрағасы Қазбек Байсопы, зейнеткер Қошмұхамед, емші Дәметкен (бәрі Астанадан) тағдырлары, 9 желтоқсанынан бері белгісіз болды. Ешкім білмейді. Рұқсаты біткен. Бұл үшеуі бүгінде сұраусыз, іздеусіз, керексіз тірі пенделерге айналды. Қазбектің Алматыдағы туыстары қайдан оны іздерін білмей әлекке түскен еді.

Міне, Үкіметті де, заң орындарында және халықты да арбап алдаған астаналық Тәңірберген мен петропавлдық Марат қажы әрекеті талай адамның жанын жаралады. Моральдық, материалдық, психологиялық зардаптардың кеселі экспедиция мүшелері үшін, жазылмас жараға айналды.

Осы бір қиын кезеңдерде қатты қиналған экспедиция мүшелері рухани жақтан әбден шаршаған еді. Біз таңғы намазды оқып жатқан кезде құлағыма: "Жорытып кең даламен келеміз біз, жарысып желмаямен келеміз біз..." – деген үн құлағыма келіп, мұңды сазды үн естілді. Оның артынан: "Әй, байқұстар-ай босқа өлесіңдер-ау" – деген сөзді естідім. Мойнымды бұрып оң жағыма қарасам, керегеде түйеге мінгендер мен жетектеп бара жатқандар және жаяулағандар көз алдымнан тізбектелген моншақтай сағымдай болып өте шықты. Денемде үлкен тебіреніс пайда болды. Бұдан кейін бөлмеме келіп, "Иманым-ай" әнінің сөзін жазып, қалтадағы арнайы жазғыш аппаратыма (диктофон) сазын жазып, одан кейін біраз уақыт өткенде жанымдағыларға өз дауысыммен айта бастадым. Барлығы толқып, көздеріне жас алып: "Ой, мына ән біздің ішкі шерімізді шығарып, жанымызды рахаттандырды ғой", – деп маған рақметтерін айта бастады.

Ел Астанасындағы «Алтын қазық» пен «Насруллаһ» ұйымы басшыларының өрескел қылықтары осындай адамгершіліктен ауытқыған еді.

Осы бір есте қалған ынғайсыз қажылық сапарын 20 жыл өткен соң еске алу, осы жылы менің Рамазан айының Қадір түнінде "Жастар" телеарнасына берген сұхбатымда сол кездегі ұйымдастырушылардың сұмдық құпиясын ашық айттым. Сонымен қатар, бүгінде тындаушылар сүйіп тыңдайтын менің "Иманым-ай" әнім де осы сұхбаттың соңында шырқалды. Әнді тыңдаушылардың  сұрауы бойынша әннің сөзі мен нотасын беріп отырмыз.

Қысқасы, бұдан былай қажылыққа тек ғана, мемлекеттік кепілдікпен жауап беретін ұйым арқылы барған жөн. Ол ұйым біреу ғана. Ол мұсылман елдері заңды таныған, құрметпен қарайтын, қажылардың қауіпсіздігіне жауап беретін Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы (ҚМДБ). ҚМДБ-ы ғана қажылар амандығына кепіл бере алады. Алдампаз алаяқтардан сақтаныңыздар!

 

Алматы қаласы

"Шипагерлік баян" газеті, тамыз 2020 жыл

 

f1999                     f1999-2

                   Қажылық жаяу сапардың мүшелері 

 

       4                                                     imanim

 

                                                                                                        

                

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 
 
В начало