ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ ЕМШІЛЕРІ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНА – 30 ЖЫЛ!
| ||
главная | ||
Қазан айының 2-3-ші жұлдызында Алматы қаласында Қазақстан халық емшілері қауымдастығының 30 жылдық торқалы мерейтойы, кезекті VІІ Құрылтай жиналысы аталып өтті. Жиынға Қазақстанның әр түкпірінен 250-ден аса емшілер мен дәрігерлер, ғалымдар мен журналистер, сондай-ақ, әр саладан арнайы шақырылған меймандар делегат болып қатысты.
Қауымдастықтың президенті А. Қожалымов мырза Құрылтайды ашуда Жиын барысында халық емшілігі туралы алуан тақырыпта баяндамалар жасалды. Құттықтау сөздер беріліп, жылы лебіздер білдірілді. Көңілге жылы әсер қалдыратын өткен кезеңнің ауыр күндері еске алынды. Мерекелік жиында Қауымдастықтың 30 жылдық тарихында халық емшілері қауымдастығының Қазақстанда тұңғыш рет негізін қалаған белгілі ғалым, академик, профессор, марқұм Зиядан Қожалымовтың еңбегімен өмір жолы туралы деректі фильм көрсетілді. Қауымдастыққа З.Қожалымовтың есімін беру туралы өтініштер түсіп, бұл ұсыныс бірауыздан қабылданды. Ақын-сазгерлікпен 30-ға жуық әннің авторы болған Зиядан қажы Қожалымовтың төл туындыларынан әндер шырқалды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген емші-дәрігерлер емшілік қабілеттерін дүйім қауымның алдында көрсетіп жиынға белсене араласқан ерекше қатысушылар ретінде арнайы мақтау грамоталармен марапатталды.
Республикалық деңгейде өткен бұл жиынды Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Шипагерлік баян» газетінің бас редакторы Жексен Алпартегі мырза жүргізді. Жиынға Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті болып сайланған Қожалымов Аршат мырза басшылық жасады. Белгілі имам Аманжолов Марат қажы марқұм болған қауымдастықтың басшысы мен мүшелеріне арнап, Құран бағыштады. Танымал термеші Мұрат Өміржан жырдан шашуын арнады. Көптеген делегаттар халық емшілігіндегі жақсы жетістіктері үшін қауымдастықтың мерекелік медальдарымен, алғыс және құрмет грамоталарымен марапатталды. Осындай 30 жылдық торқалы тойға елімізге танымал ғалымдар: заң ғ.д., Жапар Әлдибеков, м.ғ.к., профессор Икрам Тулеев, "Қазақстан дәуірі" газетінің Бас редакторы Ертай Айғалиұлы, бокстан Олимпиада чемпионы, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Ермахан Ибраимов мырзалар қатысып құттықтау сөз сөйледі. Танымал өнер жұлдыздары белгілі әншілер Төреғали Төрәлі мен Ернар Айдар сынды тағы басқа да өнер иелері ән шырқап, күй тартып, би-билеп мерекелі жиынға сый-сияпаттарын тарту етті. Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті Аршат Қожалымов мырза, Құрылтай қаулысын негізге ала отырып Төралқаның жаңа құрамын бекітті. Алты аймақтық филиал басшысы тағайындалды. Бұл жаңа қызметке елімізге танымал Жанболат Сәрсенбай, Айнұр Әбдірасылқызы, Марат қажы Акимұлы, Айгүл Шахмарданова, Ардақ Баракатова, Айсәуле Есжанова сынды талай биікті бағындырған тұлғалы жандар тағайындалды. Сондай-ақ, қауымдастықтың президенті Аршат Қожалымов мырза 30 жылдық мерейтойға арналған VII Құрылтайдың делегаттарын марқұм Зиядан қажы Қожалымовтың атынан сый-сияпат жасады. Рамзия Қасенова
жаңғырған ғұмырлы шипагерлік Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Шипагерлік баян» газетінің Бас редакторы Жексен Алпартегінің кезекті VІІ Құрылтайда жасаған баяндамасы Құрметті қонақтар мен қадірлі халық емшілері, сіздерді Қазақстан халық емшілері қауымдастығының 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Біздің бүгінгі бас қосып отырғанымыз қазақ елінің Тәуелсіздігі екенін ешкім жоққа шығармас. Осыдан 30 жыл бұрын шипагерлік саланың дәл бүгінгідей қанатын кең жайып, өркендейді деп кім ойлаған. Еліміздің Тәуелсіздігі арқасында ата-бабамыз ғасырлар бойы емшілікпен айналысып келген дәстүрінің алуан түріне жолы ашылып, ұмыт болған кәсіп қайта жаңғырды. Қазақстанның тарихында 1992 жылдың 22 желтоқсанында Алматы қаласында тұңғыш рет Халық емшілерінің І-Құрылтай болып, «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы Республикалық қоғамдық бірлестігі құрылды. Оны ұйымдастырып, негізін қалаған, Қазақстан халық емшілері қауымдастығының тұңғыш президенті, мәдениеттану мен өтейбойдақтанушы ғалым, академик марқұм Зиядан Қожалымовтың қажырлы да жігерлі еңбегінің арқасында қол жетті. Қабырғасы қаланған қауымдастықтың аяғынан тік тұрып кетуі оңайға түскен жоқ. Кеңестік жүйенің керітартпалық көзқарасы қауымдастықтың жұмысына көп кедергі жасады. 1992-1993 жылдары қауымдастықтың жұмысын екі рет тоқтатуға әрекет етті. Бірақ өз жұмысын тиянақты да тыңғылықты атқару нәтижесінде бұл кедергіден өтті. Сонда да денсаулық сақтау министрлігінің жоғары шенді шенеуніктері тарапынан 20 жылдан астам уақыт қауымдастыққа қысымшылық жасалып келгені жасырын емес. Алайда атадан балаға, баладан ұрпаққа жалғасқан дәстүрлі емшілік бір арнаға түсіп, жаңғырды, қанатын кеңге жайды. Ғасырлар бойы қалыптасқан халық емшілігінің дәстүрінің қайта жандануына шын жүрегімен ниет білдіруші ғалымдар да аз болған жоқ. Есімдері елге танымал белгілі медицина ғылымдарының докторы, профессорлар – Естөре Оразақов пен Сағидолла Қарынбаевтардың «Емшілік жүйесін ғылымға қоса алмадық», – деген ақ тілектерін қауымдастық жүзеге асырды. Игілікті істің қыры мен сырын насихаттауда 1992-1994 жылдары «Халық емі» (Народное целительство) газеті шығарылып белсендік танытса, 2002 жылдан бері «Шипагерлік баян» газеті жарыққа шығып, басылым өз оқырмандарын тапты. Республика бойынша қауымдастықта 14 филиал жұмыс істейді. Оның 12-сі облыстық, екеуі қалалық филиалдар. 5000-нан астам мүшесі бар қауымдастықтың 300-ден астамы ТМД және алыс жақын шетелдерінен екенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар қауымдастықтың білім мен біліктілігін арттыру мектебінде 2500-ден аса емші білім алып, жұмыстарын жалғастыруда. Еліміздің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде шипагерлік өнерінің өркендеуі мен дамуы қашанда назардан тыс қалған емес. Өздерінің білімділігімен, біліктілігін жетілдіру мақсаттарын ғылыми негізде дәлелдеуде жетістіктері де жоғары. Ширек ғасырдан бері қауымдастықтың басшылығы және ғалымдары шипагерлік ұлттық мұраларымызға өз үлестерін қосуда. Тарихымызда өшкен бақсы-балгерлер, көріпкелдер мен болжампаздар, жауырыншылар мен құмалақшылар, сынықшылар пен тамыршылар, дәрілік шөппен емдеушілер, Құран дұғаларымен емдейтін рухани шипагерлерлік, жұлдызшылар мен оташылар және басқа шипагерлік өнердің иелері белгілі болып, жұмыстарын жалғастырды, елге танылды. Ұмыт болған халық емшілігінің құнды мұраларын қайта тірілу, жинау, зерттеу, бір жүйелі қалыпқа келтіру мен сақтау, қорғау және де толықтыру жұмыстары қауымдастықта көптеген шаралармен атқарылып жатқаны бүгінгі күннің куәсі. Ол жұмыстардың шипагерлік ғылыми танымдығын ұрпаққа жеткізу мақсаттары да атқарылып жатыр. Дүниежүзінің көптеген халықтарындары ішінде шипагерлік өнердің өз тарихи мәдениеті қалыптасқан дәстүрі бар. Бұл халықтық дәстүр бізде ХV ғасырдың ұлы ғұламасы, шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегінде жазылып қалдырғаны тарихта аян. Бабамыздың ұлттық философиялық танымы бойынша қалдырған өсиетнамасы бізге жеткеніне тәубе деп айтқанымыз абзал. Ұлы ғұламаның біздерге қалдырған шипагерлік емдік мәдениеті мен емдеу әдіс-амалдары және тарихын біздің қауымдастық отыз жылдан бері зерттеп, ғылыми түрде дәлелдеп келеді. Ғұлама бабамыздың халықтық шипагерлік дәстүрі ұлттық мәдениеттанудың үлкен саласына жатады. Шипагерлер – аурудың себебін анықтаушы, емдеуші, науқастың тәні мен жанын бақылаушысы болып саналады. Демек ұлттық мәдениеттің, дәстүрлі шипалы өнердің, этика мен эстетиканың қалыптасуына ықпалын тигізері анық. Емшілік өнер – денсаулықты қорғаудың және емдеудің, дүниетанымның, ақыл-ойдың даналығының басты тірегі десек, ол ХV ғасырда жазылған ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты медициналық еңбегінде дәлелденген. Еңбектің құндылығын әлем медицинасы мойындап, еңбек шипагерлік энциклопедия екенін қазір қоғам айқындап берді. Қауымдастықтың ғалымдары мен емшілері бабамыздың ол еңбегін қашанда басшылыққа алып, жұмыс істейді. Құнды еңбектің баға жетпес мұраларын зерттеуге атсалып, өз үлестерін қосуда. Адам бойында алуан түрлі қасиет, біздер біле бермейтін құпиялар көп. Табиғат әлемі де осындай. Тылсым дүниенің барын және құпиялығын біле де бермейміз. Міне осы сұрақты адамдардың бойынан іздеуге тура келеді. Бұл саланы қауымдастықтың тұңғыш президенті, академик Зиядан Қожалымов дәлелдеді, зерттеді және үлкен насихат жұмыстарын жасады. Ғалымның жетекшілігімен ашылған халық емшілігі, биоэнергетика, ғарыштық энергетика және рухани емшілік пен массаж мамандықтары бойынша халық емшілерінің білімі мен біліктілігін артыру мектебі құрылып, жұмыс істеуде. Сондай-ақ халық медицинасының ғарыштық энергетика мен рухани емшіліктің нысандарын, әдістері мен жаңа бағыттарын зерттейтін ғылыми-зерттеу орталығы да ғалымның және қауымдастықтың жемісті еңбегі. Қауымдастықтың ең бір сүбелі де емшілікке ең қажетті еңбегінің бірі – ұлы ойшыл, ірі ғалым, емші Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» энциклопедиялық туындысын ҚазҰУ Философия тарихы және мәдениеттану кафедрасымен бірге ғылыми тұрғыда зерттеуі. Зерттеулер нәтижесінде «Шипагерлік дәстүрі және философиясы» деген атпен З. Қожалымовтың ғылыми монографиясы осы кафедраның Ғылыми кеңесі әртүрлі оқу орындары үшін оқуылық ретінде бекітіліп, оның «Шалкөде» баспасынан басылып шығуы да қауымдастық үшін де үлкен абырой. 30 жылда қауымдастықтың беделі мен абыройын биікке көтеріп, ел таныған емшілер де аз емес. Олардың емшіліктегі еңбектері мен ізденістері қашанда бағаланып, медальдармен (оның ішінде Гиппократ, Қорқыт ата, Өтейбойдақ, Бекет ата, Домалақ ана-Нүрила, қауымдастықтың 25 жылдығы, Қауымдастықтың құрметті мүшесі және белгілі Қойлыбай бақсы), Құрмет грамоталарымен, ҚР, РФ және басқа шетелдің халық емшілері қауымдастықтарының алғыс хаттарымен марапаталуы шипагерлікке қосқан үлестері. Сондай-ақ қауымдастықтың тұңғыш президентінің басшылығымен еліміздің халық медицинасы бойынша алуан тақырыпта 18 Халықаралық конгресс, форумдар мен конференциялар өтіп өз бағасын алды. 1991-2020 жылдар аралығында қауымдастық Қазақстан, Ресей, Түркия, Үндістан, АҚШ, Англия, Венгрия, Австрия, Украина және Қытай елдерінде түрлі халықаралық конгрестер мен форумдарға қатысты. Олар емшілік пен шипагерліктен білімділігі мен біліктіліктерін көрсетіп, «Сала көшбасшысы 2013-2019» деген алтын жалатылған қабырғалық естелік медалімен марапаталуы да үлкен құрмет. Қазақ халқының шипагерлік өнері туралы орыс ғалымдары: А. Левшин, А. Ягмин, Н. Зеленд және қазақтың ғалымы Ш. Уәлиханов, т.б. қолжазбаларынан кездестіруге болады. Осындай еңбектер және халықтық шипагерлік тұңғыш ғылыми айналымға еніп, ғылыми зерттеулер мен талдаулар жасаған ғалым З. Қожалымовтың еңбектерінде жалғасын тапты. Айтулы зерттеуге тікелей ғылыми жетекші болған философия ғылымдарының докторы, профессор марқұм Ж. Молдабековтың басшылығымен жүзеге асқандығын мақтанышпен айтуға тура келеді. Шипагерлік туралы философия, медицина, биология, филология, психология, тарих, педагогика, т.б. ғылымдардың ғалым профессорлары: Ж. Молдабеков, Қ. Жарықбаев, А. Құлсариева, Б. Абирова, Г. Сәрсенбекова, А. Жаханов, Т. Төлендиев, Ш. Сарыбаев, С. Ғаббасов, Е. Заркешов, М. Мырзахметұлы, Т. Құлмаханов, Т. Жанақұлов, О. Қауғабай, Ә. Тарақов, Ж. Әлдибеков, З. Жандарбек, А. Шаяхмет, А. Өмешұлы, А. Сбанбаев, Ж. Зекейұлы, Ө. Мырзағалиұлы, Тулеев Икрам, Ә. Досаханов, Байдаулет Иманали, Ү. Мелдебекова және марқұмдар Т. Бекенов, Жандарбектің Ермаханы, Төтенайдың Базарбегі, Сансызбай Құрбанқожа, т.б. ғалымдардың зерттеулері мен мақалалары қауымдастық жұмысымен үндесті және оларда өз үлестерін қосты. Еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де қауымдастықтың игілікті ісін қашанда насихаттап келеді. Қауымдастық 30 жылдығында үлкен белестерді бағындырды. Жетістігі мен табысы да жетерлік. Ел мойындаған халықтық емшіліктің есігі айқара ашылуы осыған дәлел. Еліміз ғана емес, алыс-жақын шетел таныды. Бұл жетістіктер қауымдастықтың тұңғыш президенті, мәдениеттанушы, өтейбойтақтанушы ғалым, академик, марқұм Зиядан Қожалымовтың ерен еңбегі арқасында іске асса, белгілі ғалымдар мен емшілердің үлесі де аз емес. Жарқын жүзді, жайдарлы мінезді, пейлі кең жан қазір тірі болса, құшағын кең жайып, қуанышты күлкісімен бәрімізді қарсы алар еді. Амал не, абзал азамат, ел құрметтеген қадірлі жан қазір арамызда жоқ. Ғалым ағамыз осы мерейтойды барынша жақсы өтуіне барын салған еді. Бірақ атқарған еңбегін, қол жеткізген мұратын біз сияқты әріптестеріне қалдырып кете берді. Енді біздерді осы жетістік пен абыройлы еңбекпен бір кісідей атсалысу міндеті алда күтіп тұр. Ұлттың ұлығын, ата-бабаларымыздан қалған емшілік пен шипагерліктің жұмбақ әлемін халық игілігіне жарату – біздер үшін парыз болып қала бермек. *** P.S. Құрылтайда ғалымдар мен халық емшілері қауымдастықтың мерейтойына байланысты халық емшілігі жөнінде және марқұм Зиядан Қожалымов туралы баяндамалар жасады. Халық емшілері емшіліктің шеберлік сабақтарын өткізіп, өзара тәжірибе алмасты. Сонымен қатар көрме де ұйымдастырылды.
| ||