"Ғұлама шипагер өтейбойдақ тілеуқабылұлының еңбегінің құндылығы"

атты халықаралық конгресс өтті

международный конгресс "ценность труда великого целителя отейбойдак тлеукабылулы"

(г. Шымкент, 26-28.07.2019 г.)

 

 главная                                        вернуться 

 

"Ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының еңбегінің құндылығы" атты Халықаралық конгресінде ұйымдастыру комитетінің төрағасы, қауымдастықтың президенті, академик Зядан қажы Қожалымовтың Баяндамасы

(Шымкент қаласы, 27 шілде 2019 жыл)

ӨТЕЙБОЙДАҚ ТІЛЕУҚАБЫЛҰЛЫ ШИПАГЕРЛІКТІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ

 

 

doklad

Құрметті конгреске қатысушылар

Мырзалар мен ханымдар!

Құрметті меймандар!

Қазақ елінің тәуелсіздігінен кейін тарихта аттары белгісіз жаңа ғұлама ғалымдар қатарына ХV ғасырдың қараүзген шипагер-ғалымы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының (1388-1485) есімі де енді. Оның «Шипагерлік баянында» шипагерлік дәстүр мен үрдісі тарихының жаңа белесіне жол ашылды. Қазақтың Жетісу өңірінің Нарынқолының Шалкөдесінің Айғайтасында дүниеге келген, халықтың іліми сауатсыз заманында қайдан оқығаны, кім ұстазы болғаны белгісіз болғанмен, бірақ жаһангер ғұлама көптеген әдеби және ғылыми еңбектерді пайдаланып, өзінің медициналық-энциклопедиялық еңбегін жазғаны байқалады. Бұл еңбек көп салалы ғылыми танымдарды біріктіре отырып, бір ғана халық шипагерлігі саласына қызмет етуге бағыттаған.

Алып медициналық энциклопедиялық еңбек: «Тұрлаулар» /Ауыз Таңдай тұрлау – Дәстүр туылма және Көз Маңлай тұрлау – Адамзаты жаралысы/ деген кіріспеден және «Қанықталғы», «Нарықталғы», «Дарымдылығы» деген үш бөлімнен құралған. Ғұлама шипагердің медициналық энциклопедиялық еңбегінің үштен төрт бөлігінің жоқтығына қарамастан, «Қанықталғы» бөлімінде шипагерлік жөніндегі анықтама беруі, екінші «Нарықталғы» бөлімінде адамдардың ауруын анықтаудың нақтылы ілімдік әдіс- тәсілдері, ал «Дарымдылығы» бөлімінде сырқат адамның ауруын емдеп жазудың әдіс-тәсілдік жолдарын түсіндіреді. Қазақтың қарапайым халық емінің әлемдік деңгейге іліми жағынан көтерілуіне қараүзген шипагер Ө. Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегінің ғылыми жетістігі ұлттық шипагерліктің рухын биіктетіп, ғылыми жолға түсуіне негіз болды.

Қазақ халқының шипагерлік ілімін ғылыми жолмен дамытуда Ө.Тілеуқабылұлы дала зертханасы арқылы 1108 түрлі дәрі-дәрмек түрін 858 түрлі дәрілік өсімдік пен 318 жан-жануар мүшелері және 60-тан астам металл-металлоидтар қоспасынан /бұдан көп болуы мүмкін/ жасаған.

Шипагер науқас адамдарға арнап 1050 түрлі шипа ем аты және 4577 шипалық дәрілік емдік тізбесін /нақтылығы – 13000 дай екен/ ұсынып, 430-дан аса адамның сыртқы және ішкі денесінің анатомиялық тұлғалық атауын жазып қалдыруы, қазақ жерінде XV ғасырда-ақ фармакология ілімінің алдыңғы қатарда дамығандығын дәлелдейді.

Халық шипагерлігі де халықтың қанымен аралас, атадан ұрпаққа берілетін тектік /генетикалық/ қасиет. Ө.Тілеуқабылұлы шипагерлік ілімін, көргенін, естігенін және білгенін қағазға түсіріп, халқымен ұрпағының денсаулығы үшін, сол замандағы қазақ ханы Әз Жәнібектің тапсырмасымен 1466-1473 жылдары аралығында ханның Ақ ордасында /Шу, қозыбасы/ 78 жасында бастап 85 жасында бітірген 5000 беттік қолжазбасы “Шипагерлік баянын” бітіргенімен, ханның кездейсоқ қазасы қолжазбаны ханға көрсетіп оқып беруге жазбады.

Әз Жәнібек хан ғұлама шипагер Ө.Тілеуқабылұлымен алғаш танысқанда шипагерді сынап, байқап, әрі іліміне баға бере келе шипагер: «Іске аспады арманым, қараң қалды. Шың басына шыққанда арандалды», – деген зарлы арманы бес ғасыр өткенде орындала бастады.

Оның дәлелі ғалымның “Шипагерлік баян” кітабының көрші қытай елінде 1997 жылы маусым айында “І-дәрежелі мемлекеттік таңдаулы ұлттық кітап” сыйлығына ие болуы еді. Ғұлама шипагердің «Шипагерлік баян» еңбегіне алғаш өз пікірін білдірген Шыңжаң ұйғыр автономиялы аудандық партия комитеті үгіт-насихат Министрлігінің орынбасар бастығы, зерттеуші – ғалым Төлеуқан Ыбырайұлы: «Ұлтымыз тарихында сирек кездесетін, ұлы медициналық еңбек әрі ғылымнама тек шипагерлік жағынан ғана емес, ол хақымыздың тіл, мәдениет, тарих, философия, психология, астрономия, этнография, меторология, әскери ғылым, этика, эстетика, тағы басқа жақтардан да қыруар білім, мәлімет береді. Өнер-білім тарихы ел тарихынан айырылмайды. Ұлтымыз тарихында сирек кездесетін ғылымнама «Шипагерлік баян» өз дәуірінің жемісі», – деп әділ бағасын берген.

Халықтың шипагерлік дәстүрлері мен мәдениетін дамытуда ғұлама шипагер оны ғылыми жағынан дала тәжірибеханасында сынақтан өткізуді. Өзінің ар-намысына айтылған кекесін сөз бен әрекеттерге мойымады. Өлген адамның денесін боршалап, Омбыда тірі түлкінің терісін сыпырып алып, ал Шалкөдеде /Жетісу аймағы/ тірі қойдың басына таспен ұрып өлгенін көріп немесе қойдың кеудесін пышақпен тірідей жарып жүрегін жұлып алу арқылы жүрек, ми, қан тамырлары қызметінің өзара қатынасындағы тіршілік иесінің өмір сүруіне байланысын зерттеп өз тұжырымдамасын жасаған.

Шипагер адамның денінің саулығы мен өмірінің ұзақтығының негізгі оның «Қан сөлі мен без сөлі – пенделік тұлғалық тұтас сөлдің атасы» – деген тұжырымдамасына сүйеніп, «Қан сөлі – жан сөлі» немесе «Ми – басқарушы» – деуін, бүгінгі медицина ғылымы да қуаттайды.

Ө.Тілеуқабылұлы адамдар арасында үсіген, өлдіге есептеп үсікке қатты ұшырағандарды шипагер өзінің сусыз жерлерде “Тұншықтырма” әдісін пайдаланып адам есін жиарда алғаш “Мұздадым”, “Қалшылдадым”, “Қызып кеттім”, “Терлеп кеттім”, “Шөлдеп кеттім” ақыры “Терлеп сүмек болдым” – дегенде ғана, барып құтқару әдістерін тоқтатып сырқатқа киім киіндіріп, сусынға ыстық шай беру арқылы шипагер емін жалғастырып жеке адамның жағдайы толық қалпына келгенше бақылауға алумен, халықтық шипагерліктің емдік жүйесін байыта білді. Ал шипагер өзен суы бар жерлерде “Малма” әдісімен үсіген адамды жалаңаштап мұздан ойылған шұңқырға салып оның жағаласқанына, арпалысқанына қарамай сөзі түзеле бастағанда ғана шұңқырдан шығарып алып, сырқатқа біртінден жылы тамақтан ыстық тамаққа қарай тамақтандырып, өзінің ілімдік тәжірибесін байытып, теориялық негізін қалады.

«Суықты – суық алады» – деген халықтық тәжірибе тәсілімен суықтықтан үсіген адамды емдеуде суық үйде, суық далада ұстап немесе суық суға малып біраз суда ұстаған. Бұл адамның тәнінің төмендеген әлсіз қуатын қайтадан тепе-теңдік қалыпқа келтіру арқылы, оның өмірін сақтап қалу идеясы болатын. Осы күні таңғалдырып жүрген П. Ивановтың суық сумен емдеу тәсілі де, қазақтың шипагерінің әдісіне өте жақын екені аңғарылады. Денесіне күйіктің әр түрлі мүшелік қауіпті дәрежесін алғандарды өзінің жасаған дәрі-дәрмектері бойынша аман алып қалған. Суға кетіп өлдіге есептегенді және есінен танған адамды басын төмен қаратып, екі аяғынан ағашқа іліп қойып ішіндегі суын ағызып, денеде бір тіршілік қимылы сезілгенде қана адамды жерге түсіріп қозғау, ары-бері аунату, уқалау және жасанды дем беру әдістерін пайдаланып тірілтіп алу жолдарын меңгере білген.

Ұлы шипагер өз жанын, тәнін, өмірін басқалардан артық санамады. Ол көбінде ауру адамдарға дәрі-дәрмегін емге ұсынардың алдында кейбіреуін өзі ішіп, денесіне жағып кейде улана есінен тана жаздап жүріп шипалық емін жалғастыру арқылы, қазақтың шипагерлік ілімінің өркендеуінің жаңа әдіс тәсілдік жолдарын таба білді.

Ө.Тілеуқабылұлының өзінің өсиетнамасындағы: «Қол ласы дәулетке, лас нілі сәулетке де қызықпадым», – деп шипагерлерді адал жүректілікке, байлыққа қызықпауға, ар тазалығына үгіттеген.

Ө.Тілеуқабылұлы: шипагерлік – өнердің бір түрі. Ал емшілік – қақалақтың /ешкінің/ өзін көрмей, мүйізін ғана көргендік. Шиагерлік атауы дұрыс. Өйткені, шипа жазады, қонады, дариды, дәру болады деп шипагерлікті екіге бөліп қарайды: Дарымдаулық шипагерлік және Болашақты болжайтын – болжамалы шипагерлік деп екіге жіктейді. Сонымен шипагерлерді: Теңдессіз шипагер, нағыз шипагер, қараүзген шипагер, шипагер, емші, емкөс, жарғышы, қараемші, қаншы, тамыршы, сынықшы, оташы, іш сипағыш, көзқарақшы, ішірткіші, бақсы, жауырыншы, балгер, құмалақшы, болжағыш, аяншы, құшнаш, әулие, әнбие деп 24 түрге бөліп оларға жеке-жеке анықтама беріп талдай отырып, әр емшінің өзінің жеке қасиетіне баға беріп, оның шипалық ерекшеліктерін тұжырымдамалы ой талғамымен түйіндейді.

Шипагер ғұлама Ө.Тілеуқабылұлы 18 мың ғаламның түпкі негізі алғашқы алты несіптік тұғырлықтан оның ішінде үш ыстықтық /Арқау, су, ұштасым/ және үш суықтық /Бітім, қимыл, әужал/ өзегінің байланысы әсерінен болатынына сілтеме жасайды. Мәселен, Арқау өзегі – ыстық тұғырлық, су өзегі – суық тұғырлық, ұштасым өзегі – қараңғы тұғырлық, ал бітім өзегі – тұрақ тұғырлық, қимыл өзегі – кеңістік тұғырлық, әужал өзегі – жарық тұғырлық.

Шипагер ғұламаның анықтауынша: “Сырқат сыпаты – мәннілі суықтық, шипа ем дарым зәруаты сыпат мәннілі – ыстықтық, дарулық дарымдылығы терлетімдік болмақ”, – деп сырқаттың туу себебі ыстықтық пен суықтық әсерінен болатынына одан сақтанудың жолдарын шипагерліктік танымдық тәжірибесімен терлетудің онға жуық тәсілін ұсынып түсіндіреді.

Өтейбойдақ баба сырқаттың пайда болу салдарының себептерін көбінесе мезгілдік өзгерістерге және жарық пен қараңғылыққа да байланысты өзгеріп тұратынына өз тұжырымдамасын жасады. Адам организміне ыстықтық /мезгілдік, күн көзінің ыстығы, топырақтық ыстықтық, тұлғалық қызу/ пен суықтық /тоң өту, аяз, ызғар, сыз өту/ өзгеріміне қарай, жазда, күзде, қыста және көктемде әр түрлі құбылыста болатынына мән беріп қорытынды шығарды. Заман өзгереді, жылдар жылжиды, бір-ақ қараүзген шипагер Өтейбойдақтың мұрасы күн нұрындай мәңгі шапағатын шаша берері анық.

Шипагер өз қызметінде халқымыздың: “Сынықтан басқаның бәрі жұғады” деген дана сөзін әрқашанда өзінің шипагерлік ілімінде басшылыққа алып, сырқат адамның ауруларын жұқпайтын және жұқпалы деп екі топқа бөлу арқылы шипагерліктің тазалық, сақтық және ұйымдастыру жолдарының жаңа стилін ұсынды. Шипагер ғалымның “Шипагерлік баян” кітабында сырқатты анықтаудың 32 түрін /Есек жем, ауызжара, алапес, қызылша, сүйел, т.с.с/, сыртқы дене жарасының алты түрін /шиқан, жалғыз жара, жақ рагы, т.с.с./, зерттең аурудың 5 түрін, күйіп қалудың 3 түрін, улы жәндіктер шағуынан болатын ауруының 3 түрін /жылан, шаян, бүйе/, сіреспе /талма/ ауруының 2 түрін, үсіп кеткеннің 3 түрін, есі ауысқандықтың 4 түрін /қояншық, бұқпа, есалаң, жынды/, ата-анада кездесетін белсіздік ауруының 5 түрін, жүйке ауруының 2 түрін /нерв әлсіздігі, ұйқы қашу/, мүшелерде өзгерістен болатын аурудың 9 түрін /тістің етіне қосымша өсетін ет/ әр түрлі мүшеде ет өсу, т.с.с./, іш кебу мен асқазан қыжылдау, мұрын қанау мен бой бұзылу, қансырау, дәретке қан араласудың 4 түрі, дене-ағзалардың қақсауының 5 түрі /тіс қақсау, шеке, т.с.с/, жазымдық сынықтың 4 түрі /сыну, шорт сыну, быт-шыт сыну, т.с.с/, құсудың 3 түрі /ұшықтан, тамақтан, жүктіліктен/, жұқпалы қауыпты аурудың 10 түрін /құлғана, мерез, соз, жіңішке, көктүйнек, көкшешек, түйнек...т.б/ кездестіреміз. Бұдан көп сырқат түрін талдап жазу кітаптың төрттен үш бөлігінің өртенуі ұлттық халық шипагерлік емінің орын толмас қасіреті демеске амал жоқ.

Елі мен жерін сүйген Ө.Тілеуқабылұлы: «Ел – білім дәулетінің қайнары. Ел айтса – елт айтпайды» қағидасын сырқаттың ауруын емдеуде бұлаудың 6 түрін: Қапталғы бұлау /борсыма бұлау/, бапталғы /бу бұлау/, Сақталғы /су бұлау/, Қақталғы /құрғақ бұлау/, Нақталғы /түйіндеп/, Шапталғы /құм бұлау/, уқалаудың 11 түрін /түйіндеме, батырма, дөңгелендіргі, ысқалғы, сыдырғылау, жылдырытқы, қақпаулығы, мыйтың-қыл, шымшыл, қос алақан, бөгделеме және үзудің онға жуық емдеу түрлері өте қарапайым, әрі түсінікті түсіндіріледі.

Шипагер еңбегінде көбінесе көз сұғы бар адамдар мен тіл сұғы бар адамдардың кері әсерлі қуаттарынан жас балалардың көбірек зардап шегіп ауратыны туралы дәлелдей келе, одан сақтандырады.

Өз әкесі шипагер Тілеуқабылдан алған тәрбиесі бойынша «Қырықтың бірі қыдыр, жетінің бірі әулие» қағидасымен 41 өскін мен жеті шипалы шөптің қоспасынан жасалатын шипалық дәрі-дәрмегін жердің 40 түрлі қыртысынан /тау, төбе, ойпаң, құмдауыт, тасты, сулы, теріскей, орманды, т.с.с./ жинап, дәрі-дәрмегін жасап, шипалық емнің мерзімдік 3, 5, 7, 13, 21, 25, 41 үлесімдік емдік әдіс-тәсілін ұсынды.

Шипагер Ө.Тілеуқабылұлының да дәрілік өсімдіктер жөніндегі кейбір танымы мен көзқарасы жағынан грек дәрігері Галенмен ұқсастығы мен үндестігі барлығы байқалады. Шипагер дерліктей көптеген ауруларды емде-генде шипалық емі қонғанын, бірақта қылтамақ ауруының белгісіне тоқталып: «Әттең, шіркін кеудені тіліп, сырқат қайнарлығын сылып, өңештің тарылған көлгімін селебелеп кескі алғы боп жалғамдаса, қайтерлік болмақ?, бұл қолдан келерлік. Тілгілік, тіккелік жоқ. Қандай қару қажет жарағы шарты. Ойланып тапсақ, жасарлық кім болмақ? қол қысқа, заман тысқа. Бұл алланың жазуы ғой, амал не?» – деп шипагердің оташылыққа да терең мән бергендігін аңғарамыз. Ө.Тілеуқабылұлы өзінің кіндік қаны тамған, өскен жері Шалкөдесінде ғана дәрі-дәрмегін жасап шипагерлік емін жалғастырмаған. Шипагер қазақтың кең даласының Сырдария, Мұзтау, Хорасан, Омбы, Нұра, Жезқазған,Торғай, Шу, Жаркент т.б. жерлерінде болып білімділігімен көптеген ауру адамдарға сырқатынан жазылуына көмегін беріп, сол аймақтарда да өзінің шипагерлік тәжірибелерін сынақтан өткізуді де ұмытпады.

Шипагер бір ғана ауруды емдеумен айналыспай осы заманғы акушер дәрігерлердің қызметіне де еңбегін арнағанын: «Бала теріс болса онда әйелді тулаққа салып орап, оңға үш рет және солға үш рет шайқаса бала орнына келеді», – дегені осы заманғы медицинаның акушерлік ғылымына қосқан оның үлесі. Шипагер еңбегінің қамтыған ауқымы кеңдігін 4600-ден аса шипалық емі мен оның ішіндегі тағамдық емдік рецептердің кездесуі қазақтың халықтық шипагерлігінің сол уақыттан да ары дамығандығын айқындайды.

Ө.Тілеуқабылұлының ой талғамы да өзінен бұрынғы ғұламалардың негізгі идеяларымен жалғасып сабақтасып әрі үндесіп жатқандығын сеземіз. Шипагердің: «Мейлі Әбунәсір Әл Фараби болсын, мейлі Жүсіп сақ Баласағұн болсын, мейлі мен болайын, біріз, бір тілетік-терміз. Ол екеуінің менен артығы жырлауыл, сөйлеуіл, шижаламада ғана. Сонымен қоса үшеумізге орта теңдік «Шопан үсті бозторғай ұяламдықтап жұмыртқаламдығы» таппақ» – дегенінен, шипагердің бұл екі ғұламаның да еңбегімен таныстығын және еңбегін жазарда пайдаланып басшылыққа алғандығын, оған құрметпен қарағандығын білдіреді.

Шипагер Ө.Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баянын» жәй қана емдік жөніндегі еңбек деп қарауға болмайды. Оның отандық және әлемдік ғылымдағы жиырмаға жуық ғылыми ерекшеліктерін байқауға болады.

1. Әлемдік ғылым тіршіліктегі заттардың материалды алмасуын және дамуын Ф.Энгелъстің «Анти-Дюрингте» /1870/ жазылды деп келсе, шипагер Ө.Тілеуқабылұлы сау адам өзінің денесіндегі он түрлі ыстық – суық, кебір – суық, сіңірім – шығарым, қатаң – босаң, ояу – тынығу сияқты он түрлі материялдық қозғалыстың бірлігі нәтижесінде құралып: кеңістік, тұрақ, жарық, қараңғы, ыстық, суық алты тұғырыға тұрақтанады. Адамзат – осы тұғырлардың өзара араласым, сыйласым, жарасым, сәйкесім, ұштасым тапқан тұлғалық бітістігі. Олар іркіліксіз, толассыз, шашаусыз кезектесіп бір-біріне орын беріп, бірін-бірі айналып отырады дей келе, тіршіліктің материалдық ұғымына Ф. Энгельстен 400 жылдай бұрын тұжырымдамалар жасалғанын аңғартады.

2. Қазіргі медицина «шешек» ауруына қарсы егетін вакцинаның авторы ағылшын медигі Эдуард Женнер. Бұл жаңалық 1796 жылы ашылды деп жүрсе, ал біздің бабамыз бұдан 360 жыл бұрын қазақ еліне шешек қауіпі төнгенде, өзінің дала зертханасында көп ізденіспен тәжірибе жасап, қарапайым халықтық емдік тәсілмен шешекке қарсы егетін вакцинаны тауып, елінің халқын аман алып қалғандығын аңғартады.

3. Дүние жүзілік ғылым жүрек пен мидың қызметі мен адам денесінің қан айналу жүйесі қызметіне байланысты ғылыми тұжырымдар Да Винчи, В.Гарвей, Г. Галилей т.б. бері дәлелденуде деп келсе, ал бұл болжамды Ө.Тілеуқабылұлы жоғары да аты аталған ғалымдардан бір ғасыр бұрын далалық зертханасының тәжірибелік тұжырымымен анықтайды.

4. Ө. Тілеуқабылұлы далалық зертханасының тәжірибелері мен көңілге түйгені арқылы адамның 430-дан аса сыртқы ағзаларының тәнтану /Анатомия/ ғылымына арналған тізбесін өз ана тілінде жасады.

5. Осы заманғы әлемдік медицина жарты ғасырдан астам тоңазытқышта жатқан өлі денелер мен үсіп өлгендерді, шала жансарларды және суға кетіп өлді деп санағандарды қайтадан өмірге әкеле алмауда. Ал ғұлама шипагер өте қарапайым әдіс «Тұншықтырманы» пайдаланып, өлі деп саналған адамдарды тірілтіп алған. Мәселен, суға кетіп өлді дегендерді аяғынан ағашқа асып, басын төмен салбыратып ішіндегі суды ағызып алып, қосымша емін жасағаннан кейін олар өмірге қайта оралған.

6. Қазіргі кезде П. Ивановтың сумен емдеу әдісі кеңінен қолданылуда. Ал шипагер Ө. Тілеуқабылұлы сол кездің өзінде-ақ, ыстығы мықты көтерілген өте қауіпті аурулардың ішкі және сыртқы қуаттық биоөрісін теңшеу үшін, сырқатты ашық далада аязда ұстаған және суық суға түсіріп емдеген. Сөйтіп, қараүзген шипагер Ө. Тілеуқабылұлы сумен емдеу әдісін П. Ивановтан бес ғасырдан ары да ашқанын білгенде, бұл ұлт шипагерлігі тарихының ұзақтығын көрсетеді.

7. Дала ғұламасының заң ғылымына да өз үлесін қосқандығы еңбегінде айтылады. Өтейбойдақ бабаның дәлелдемесі бойынша Әз Жәнібек хан ұрпақ тазалығы мен денінің саулығын сақтау үшін: жеті атаға толмай қыз алыспау /үйленсе екі жаққа да – өлім/, сүйіспеу, жат төсектікке жол бермеу, жеке үйлердің тазалығы т.б. мәселелер жөнінде жарлық шығарады. Егер жарлықты орындамағандарға өлімге дейін, елден қуу, дүре соғу, айып салу, масқаралау т. б. жазаларды белгілейді.

Егер Тәуке ханның «Жеті Жарғысы» бойынша зерделесек, одан 240 жылдай бұрын қол қойып шығарған Әз Жәнібек ханның жарлығы шыққанын аңғартады. Осыған қарағанда Өтейбойдақ бабаның заң ғылымына да алғаш үлес қосқандығын байқауға болады.

8. Ғалым шипагер Ө. Тілеуқабылұлы астрономиялық ғылыми ұғымымен аспан жұлдыздары да адамның денсаулығына, мінез – құлқына әсер ететінін, тіршіліктің 8 түрлі оң иық, оңдық, оң маңдай, құбыла, сол маңдай, солдық, сол иық, артқы шүйде жұлдызына бөлінетінін және әр адамның жеке жұлдызы болатыны жөнінде анықтама береді.

9. Шипагер ұлттық атаулық мәнді сақтай отырып, жыл, ай және апта атауларының кестелік тізбесін жасаған. Мәселен, жыл атаулары: Сумақты – тышқан, Маңғаз – сиыр, Айбар – барыс, Секем – қоян, Сумаң – жылан, Тұлпар – жылқы, Иртек – ұлу, Шопан – қой, Мешін – мешін, Айтақ – ит, Шақырауық – тауық, Қорсықы – доңыз.

Апта атаулары: Бақтал – сенбі, Баттал – жексенбі, Сақтал – дүйсенбі, Жақтас – сейсенбі, Аттал – сәрсенбі, Ғаттал – бейсенбі, Мереке – жұма.

10. Шипагердің сандық атауларды адамның мүшелері атауымен байланыстырып ерекше құпиялық мәнермен атауы. Мәселен, бір дегеніміз – ауыз не мұрын, екі дегеніміз – көз, үш дегеніміз – көз мұрын /не көз ауыз/, төрт дегеніміз – көз құлақ, бес дегеніміз – кейде оң қол /кейде сол қол, қөз, құлақ, мұрын/, алты дегеніміз – қол ауыз /не қол мұрын /, ... он дегеніміз – қос қол, жиырма дегеніміз – қол-аяқ тағы тағыдай. Бұнда нендей сыр жатыр, оны тек ғана шипагерге аян, өз құпиясын ашпайды. Бұл танымдық мәселе. Өте күрделі.

11. Шипагер тамыр тіршілікке қуат беруші өте ұсақ талшықтар екенін түсіне отырып, тамыр соғудағы құбылыстарды анықтауды ұсынды.

12. «Шипагерлік баянда» адам баласына өмірінде қауіп – қатерлі кезеңдер, күнаға бататын немесе күнаға есептелмейтін жас кезеңдері болатынын өзінің ұзақ жылғы тәжірибесіне сүйеніп баяндайды. Шипагер адам пендесінің ризық теруіне сай, несіптік ризықтың қуатына сай, өзек мүшелге 25 жас, 37 жас, 49 жас, 61 жас және 73 жас сияқты бес мүшелді жатқызады. Мүшелі жөнінде шипагер жыраулық жыр бойынша да былай дейді: «Мүшел тектен қашқан он екі жыл, Он үш жастық қосылғы мерзеттік қыр. Мақұлұхат атауымен айтылғанмен, Түпкілігі пенделік мінездік сыр. Кейбіреулер шенеуді шелдей көріп, Елді арбап, кеудесін көрсетіп жүр. Миың болса басыңда, қөзің жеткіз, Ата-баба атына келтірме кір», – деп қиуа таппағы шарт дейді.

13. Шипагер еңбегінде ислам дінін тану және ислам діні қағидаларын сақтауда адал болуға үгіттейді. Мәселен, халал мен харамды ажыратуда 91-ді жеуден тыйым, 85-ті ішуден тыйым сақтандыруымен, 7-ге тиіспеуге, 41-ге жұғыспауды және 12-ден айырылмау сияқты бұлжытпай орындауы тиісті міндеттің орындалатын шартты – заңын ұсынады.

Қысқасы жұғыспаулардың соқтықпау, жәбірлемеу, ойрандамау, қырмау, аялау, абайлау, сақтану, қорғау сияқты сегіз жіктеме шартын орындау арқылы, адамның имандылығының танымы артатынын дәлелдейді. Бұдан адалдың алды ашық, арамның арты жар деген халық даналығын аңғарып, ақ жүру, адал сөйлеу, таза болу адамгершіліктің биік жетістігі екенін білдіреді.

Ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегін зерттеуде Қазақстан мен Қытай еліндегі қандас ғалымдардың қөп салалы ғылымдар бойынша ғалымдары жеке ғылыми тұжырымдамаларын жазып, әділ болжамдарын беруде.

Сондықтан да Шашты Әзиз аталған, қараүзген шипагер дана бабамыздың асыл мұрасын көрінгеннің ермегіне айналдырмай, өзі айтқандай отбасы тулақ қылып алмай, мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы деңгейінде «Рухани жаңғыру» негізінде жан-жақты, байыпты терең зерттеп, халық мәдениетінің шипагерлік дәстүрінің игілігіне айналдыру, сөйтіп әлемге таныту – бүгінгі зиялы қауымның басты міндеті.

Қазақ шипагерлігінің әлемдік деңгейге көтеріліп танылуына, ілімі мен ғылымына да жол салған дала жаһангері, шипагер ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылүлы екенін тану мен оның тұжырымдамалары мен болжамдарының маңызды философиялық ой тұжырымдарын оң бағалау, ұлт шипагерлік дәстүрінің рухының мәдениетінің биіктігін және ғұмырының мәңгілігін айқындайды. Шипагерлік ұлт мәдениетінің ең алғашқы формасы. Шипагерлік өнері ұлтпен бірге туды, бірге жарасым тауып өз қызметінің жемісін беріп келеді.

Тыңдағандарыңызға көп рахмет!

 

 

 

 

 

 
 
В начало