ШИПАГЕРЛІК ДӘСТҮРІ ЖӘНЕ ФИЛОСОФИЯСЫ
Дегенмен, сырқаттардың біреуінің жүйкесін күй, ән немесе эстрада әндері қозғаса, ал симпония мен баяу әндер көңілді жайландырады немесе керісінше әсері сезілген. Мінезі жеңіл, көп шаршағыш, ашушаң және уайымшыл адамдарға музыканың көмегі зор болады. 1913 жылы Парижде композитор Игоръ Стравинскийдің бір қойылымында залдағы көрермендердің ішінен айғайлаған, төбелескен, билеген және қызықты күлкіге бөленгендер болған. Олар не болғанын білмеген. Басты себеп музыка адамдардің жүйкесінің қозуына, ауытқуына адамның тұлғалық психологиясына қарай әр түрлі әсер еткен. Бұл жағдайдың кілтін Берлиндегі музыка зерттеуші Кристоф Рюгер таптым деген тұжырымын жасаған. Гармония мен ырғақ адамдардың сана – сезіміне тікелей әсер етеді. Кейде оның кері әсері немесе емдік қасиеті бары да анықталуда. Профессор Рюгер «Үйдегі музыкалық дәріхана» деген анықтамалық кітапта жазып ұсынған екен.
Бұл ғалым өзінің көп жылғы тәжірибесі негізінде, ауыра қалған жағдайда емделу үшін музыкалық рецепті ұсынады. Ал бізде көп жылғы тәжірибемізде емге музыканы, ән мен күйді пайдалана отырып ұлттық музыканың өзіндік шипалық қасиеттерін ашып, жалпы халықтық пайдалануға ұсындық. Оң нәтижесі барын пайдаланушылар дәлелдеп беріп келеді. Менің өзімнің сөзін жазып әрі әнін шығарған оннан асық әндерімді халық шипалық емге пайдаланғалы көп жыл болды. Бұл әндердің шипалық қасиеті барын алғаш нотаға түсірген композиторлар Ә. Телғозиев пен Т. Тайбеков байқаса, одан кейін «Жас Алаш» / 21. 2. 1995 /, «Шымкент келбеті» / 1997 / т.б. газеттерде жариялады [98]. Әсіресе «Құдірет» әнім психикалық ауруларға тез әсер ететінін, шипалық емге пайдаланушы емшілер дәлелдеп келеді.
Кез келген ән мен күйдің өзіндік ерекше мәні бар ырғағы мен ритмі болғандықтан, оның мәнділігін орындап халыққа жеткізуде әнші мен күйшінің орындау қабілетіне байланысты болады да, әсері де әр түрлі болады.
Ертеде қазақтар ән мен қиссаларды таңға ұйықтамай тыңдағанда, демалып қалдық деп тарқасуы да бұл өнердің шипалық қасиетінен деуге болады. Қазіргі уақытта дыбыстың да емдік шипалық қасиеті зерттеліп, денсаулықты жақсарту саласында пайдалана бастады. Музыка зерттеуші Х. И. Хан: «Музыка адамның өнері мен поэзиясын дамытып қалмастан, ол адамның рухын көтереді және емдейді де. Музыка өнер, әрі ғылым»,- дей келе [99, 107 б.], музыканың таза үндік, ырғақтық және дыбыстық әсерінен түрлі толқынды емдік қуаттар пайда болатынына көңіл бөледі. Кейінгі кезде шипагерлік саласының емдік жүйесіне дыбыстың да пайдасы молдығы анықталуда. Мәселен, азан шақырғандағы жоғары тонды дыбыстар мен шіркеудегі қоңыраудың қатты дыбысы аралықтан әсер ететін, тез тарайтын тұмау т.б. аурулардың микроптарын жойып жіберетіні анықталған.
Жеке қарыптарды да мәнерлеп оқығанда әр түрлі ауруларға шипасы бары іс жүзінде тәжірибеден өткізіліп келеді. Бұл тәсіл жеке адамның өзі-өзі емдеуіне өте қолайлы әдіс түрі екенін шипагерлер мен емделушілер де дәлелдеуде. Бұндай қарапайым емдеу тәсілі шипагерлік емнің жаңа шипалық жүйесіне жол ашып ғана қалмастан, ұлттық шипагерлікті байыта түседі.
Дыбыстың шипалық емдік әсері оның негізгі принциптері резонансына, ритміне, үндік мелодиясына, гармониясына, дыбыстың ауқымдығына, тембріне, ағыны мен толқынды тиянақтылығына және дыбыстың қуаттылығына байланысты екені зерттеушілер тарабынан ғылыми түрде зерттеліп, тұжырымдамалар жасалуда. Тэд Эндрюс дыбыспен емдеудің негізгі принциптерінің құпияларын зерттеп, оның емдік ерекшелігі туралы: « Жоғары тонды дыбыс – ол өте қуатты күш. Дыбыстың әсері де дұға, музыка, ән және мантраға ұқсас келеді. Дыбыс адамдар мен дыбыс Басқарушының ортасындағы байланыс құралы ролін атқарады. Дыбыс ол біздің денсаулығымыздың жағдайы мен сананың нақтылы уақыттағы жағдайын анықтайды... Емдік шипалық дыбыс адамның физикалық денесіндегі чакраларға бағытталып, өзінің шипалық қасиетін жалғастырады», - деп тұжырым-дайды [69, 199 б.].
Дегенмен, адамдардың есту, қабылдау және сезім қабілеттері бірдей болмағандықтан, олардың түпкілікті әсер алып қабылдауы да әр түрлі болады. Музыка мен ән-күй адамның миінің клеткаларына әсер ете отырып, оның импульсті ырғағын қозғап, теңшеп, қызметін жақсартып, шаршағанын басуға көмектеседі. Адамның ағзаларында жаңадан күш қуат пайда болып, ағзалар ескі қуаттарынан тазарып, жаңа қуатпен қоректенеді. Адамның сенімі оянып, жаңа іске талпынады. Музыка ұлт таңдамайды. Музыканың үні, ырғағы мен әсер ету күші барлық адамзат баласына да әсер ете алады.
Бұған дәлел ретінде мен өзім 1991 жылы Мәскеу қаласында «Турист» қонақ үйінде бұрынғы Одақтық емші – ғалымдары алдында жүргізген емдік сеансымда тек қана қазақтың күйлері мен әндерін пайдаландым. Осы сеанс кезінде қазақтың күйінің әсерінен өмірі қазақты білмейтіндер ішінен билегендер де, жылағандар да, өзінше сөйлеп кеткендер де және қолдарын ербеңдетіп домбыра тартқандай қимыл жасағандары да болды. Бұндай жағдай әлемдік емдік сеанстарымда да қайталанды. Бұдан, қазақ музыкасы мен ән – күйі өте жоғары толқынды резонанс тудыратын, өрісі кең, қуаттылығы мол, әсері күшті адам бойындағы лас қуаттарды ығыстырып шығаратын ерекше емдік шипасы барын аңғаруға болады.
Емдік шипалық сипатқа ие «Елім - ай» әні жан дүниені оята алады, ұлттық патриотизмге рухыңды көтереді. Күңіренген қобыздағы Қорқыт, Ықылас күйлері мен Құрманғазы, Дина, Тәттімбет, Сүгір, Т.Момбеков пен бүгінгі С. Тұрысбеков т.б. - дың домбырадағы әсем үнді, жүректі тебірентетін күйлерінің емдік шипасын көптен анықтап келеміз. Музыкалық шипа емі бүгінде арнайы бір орталыққа топтастырылмағанмен, көптеген дәрігерлер мен емшілер жеке емдік сеанстарында жиырма жылға жуық тұрақты пайдаланып, оның оң нәтижесін анықтап келеді. Әлемдік шипагерлердің көбі сеанс кезінде емделушілердің психо-логиясына әсері мол «Ғарыштық» музыкаларды пайдалану арқылы, емін бастап әрі аяқтайды.
Ресейде арнайы музыканың емдік әсерін зерттейтін орталықтар мен қоғамдық ғылыми зерттеу институттары және Санкт-Петербург қаласында арнайы «Музыкатерапия» мектебі жұмыс істеуде. Бұдан музыканың емдік шипасының болашағы барын аңғаруға болады. Батыс елдерінде клас-сикалық Шопен, В. Моцарт, Ф. Лист және Бетховеннің шығармаларын жүйке ауруларының түріне қарай пайдаланса, қазақ елінде де емдік қолданысқа емдеушілерде пайдаланып келеді. Музыка мен ән – күй адам ағзасына ғана әсер етіп қалмастан, жан - жануарларға, аң – құстар мен өсімдіктерге де оң немесе теріс әсері ететіні анықталуда. Музыка дыбысы электромагнитті толқын тудырып ірі қуаттық өріске айналатындықтан, ол жер бетіндегі тірі организмдерге әсері тез болады. Мешіттерде азан шақырғанда және шіркеулерде қатты қоңырау дыбысы шыққанда эпидемиялық жұқпалы аурулардың таяқшалары мен сары аурудың вирустарын өлтіретін «улътурадыбыстық шағылу тербелісі» болатынын ғалымдар анықтауда. Жапониялық ғалымдар музыканы жемістер мен көкөністерде жақсы көретінін анықтаған. Олардың пікірлері бойынша музыкалық аспаптар сазы өсімдік жапырақтарының араларын кеңейтуі нәтижесінде оттегі, қоректік заттар көбірек сіңіріліп, фотосинтез процесі кұшейтетінін анықтаған.
Музыка дыбысы арқылы жемістердің, көкөністердің тез өскені, пісу уақыты қысқарып, өнімі отыз пайызға артқаны әсіресе классикалық әуендердің жағымды әсерінің күштілігі байқалынған. Музыкалық дыбыстың кері әсерінен жаңбыр жауатынын Қытайдың бір таулы аймағында анықтаған. Қазақ елінде алғаш өлеңмен емдеу ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылының басында басталды. Денсаулық журналы наси-хаттап, халық емделе бастады. Бұның ғылыми қорытындысы әлі белгісіз.
Адамның психологиясына тербелістік жүйе бойынша өте нәзіктікпен әсер етіп, тұйықтықтан еркін шығаратын музы-калық толқынның үндік емдік сипаты өркендей бастады. Исламда да музыканың өте жағымды, адамға қуат беріп көңілін көтеретіндей әсерлі, үні нәзік әндеріне пайғам-барымыз Мұхаммед / с. ғ. с / тиім салмағаны, қайта қуаттағаны айтылады [100]. Осыған байланысты әр отбасында жеке жинақтағы музыкалық шипалық ән мен күйлердің болуы қажеттігі, дамып келе жатуы, қоғамның талабы мен жетістіктеріндегі адамның салауатты өмір сүрудегі басты қағидаларының бір саласының өркендей бастағанын аңғартады.
2.3 Денсаулықты жақсарту жолы және тазару мәдениеті
Ерте заманнан бері ата-бабаларымыз жан мен баланың тәттілігіне, құдай қосқан қосағының амандығымен дендерінің саулығына ерекше қарады. Денсаулықтың зор байлық екенін бағалай білген олар барлық жақсылық пен кемшіліктердің де тікелей адамның денінің саулығына тәуелділігін ертеден білді, мән берді және қорғану жолдарын іздестіріп оны байытып отырды. Қазақ даласының ойшылдары мен көрегендері, ел арсындағы данышпандары мен білгір ақылды және тәуіптері өз халқының ұрпағын аман сақтау мен қорғау саласында аянбай еңбектенді. Ұрпақ пен халқының денсаулығының күшті, ұрпағының өмірге дендері сау болып келуі үшін, шипагерлік саласының халықтық және іліми-ғылыми жағын дамытып отырды. Олар табиғаттың экологиялық тазалығына, жылдың төрт мезгілдік өзгерісінің адам денсаулығына кері әсерлеріне, күтінбеу мен сақтан-баудың да денсаулыққа кері ықпал ететініне, жеңіл сенімділік пен аңғарымсыздықтың зияндылығына, қоғамдық, жеке түрмыстық және санитарлық тазалықты сақтамаудан пайда болатын сырқаттық аурулардың тууына қарсы тәрбиелік – емдік шараларын халық арасында іске асырып отырды. Бұндай шаралар алғашқы қарапайым халықтық шипагерліктің негізгі адам денсаулығын жақсартудың бағдарламасына айналды. Ғалым М. Плагэн: «Адамның табиғи тұрақтылық жағдайы оның денінің табиғи саулғын сипаттайды, ал ауру- ол табиғи емес күйі. Денсаулықтың жақсы болуы таза ауа, жарық, жылылық, су, зат алмасу, киім, ұйқы, тұрмыс, дем алу, тыныштық, қыздырыну, теріні күту, уағында тамақтану сияқты тағы басқа факторларға байланысты»,- деп денсаулықты күту мен жақсартудың тәсілдерін нықтап баяндауының маңыздылығы байқалады [101, 223 б. ].
ХV ғасырда қазақтың ойшылы, ғұлама шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы «Шипагерлік баян» атты еңбегінде адамның денсаулығын жақсартудағы сақтық пен аңғарымдылық қажеттігін, ұдайы тікелей зияны тиетін «Жетіге тиіспеу» және «Қырық бірге жұғыспау» жөніндегі өзінің философиялық танымдық тұжырымдамаларын ұсы-нып, халықты одан сақтандырады, ойландырады. Бұл тиіспеу мен жұғыспаулар туралы алғашқы тараудың екінші бөлімінде арнайы анықтамалар берілген.
Дегенмен, негізгі нәрсе ешнәрсеге тиіспей немесе жұғыспай жүрудің де адамның денсаулығының жақсы болуына әсері молдығын ескерту арқылы, қарғыс алмай алғыс алуға ниетті бұру қажеттігіне бағыт беріледі. Кері әсерлі қуаттардан сақтандырады. Шипагер сезімтал, көреген, Адам мінезін жетік білетін тәлімгер - тәрбиеші болу керектігі баба еңбегінде айтылуы, бүгінгі емшілерге өнеге, аманат. Жақсы сөйлеу, бос сөз айтпау, ауруды өз туысынан да жақын сезіну, қайырымдылық жасау, кішпейілдік танытудың психологиялық жолдарын пайдаланудың пайдасын қазақ шипагерлері ертеден білді. Бұндай мәдениеттілік шипагердің өнеріндегі емдік шипасына ықпалы оң боларын сезіну де, қазақ шипагерлерінің ұлттық шипагерлік мәдениетінің өркендеуіне ықпалы зор болды деген сипаттаманы аңғартады. Бұл қарапайым ұғым сияқты көрінгенімен шын мәнінде халықтық тәжірибеден өткен тұжырымдық маңыз-дылық екеніне күмандануға да болмайтын сияқты әсер береді. Қазақ халқының тарихына, мәдениетіне және шипагерлік дәстүріне қатысты материалдардың ешқайсысы түпнұсқасында жеткен жоқ. Дегенмен, көптеген ізденістің нәтижесімен табысқа да жетуге шыдамдылық, сабырлық және білімділік керек. Осы тұрғыдан алып қарағанда, қазақ тарихын, әсіресе осы уақытқа дейін ашылмаған кезеңді, оның оқиғаларын, сол уақыттың тарихи қажеттіліктерін жазып қалдырған ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқа-былұлының еңбектерінің берері мол, айтары құнды, болашағы мәңгілік екені байқалады. Халық шипагерлігінің негізін дамытушы шипагерлерде өз ортасында, өз заманының талабы мен ғылыми көзқарасына сай, өздерінің ілімі мен білімін дамыта отырып, адамның денсаулығын жақсартудың нағыз көрегені мен қорғаушысы да бола білу - басты міндеті. Адам бақытқа бөленсе қуанады, қатты қиналса қайғыға батады, қасіретке ұшырайды. Бұндай көңіл–күй тебіренісі тек ғана адамға тән қасиет болғандықтан, адам өзін байсалдылыққа, сабырлыққа, имандылық пен төзімділікке көндіре алса ғана, денінің саулығын аман сақтап жақсарта алады. Осындай психотерапиялық әдіс-тәсілдердің адам денсаулығын жақсартып ғана қалмастан, рухани денсаулық мәдениетін дамытуға да көмегі зор. Шипагер жеке тәсілі мен идеясы арқылы ең алдымен аурудың пайда болу себептерін анықтап, нақты оны жоюдың жолдарын іздестіру арқылы түп тамырымен ары қарай сырқаттың дамуын толық тоқтатудың негізін қалау ізгі арманы ғана емес, жауапты міндеті мұны түсіну адамдардың салауатты өмір сүру салтының жақсаруы мен тазару мәдениетінің дамуына ұйытқы. Денсаулықты сақтау мен күтуде жақсы иістің де пайдасы барына сенімді қараған З. Нұрсұлтанқызының мына сөзінің мәні дұрыс сияқты.
З. Нұрсұлтанқызы: «Жұпар иістен адам жаны бір сәт рахат, кеңірек дем алғанда ми жұмысы жақсарады, ерекше бір қуат күші сезіледі»,- деп тазалықтың өте пайдалы жағымды жағының ерекшелігін атайды [102, 23 б. ]. Бұл сезгіштік пен сезімдіктің адам организмін жұқпалы дерттерден сақтануына немесе шара қолдануына ықпал ететінін көрсетеді. Ертеден-ақ, адам денсаулығының сырқатын емдеу мен жақсартудың үш тәсілі: шөппен емдеу, пышақпен дертті алу және сөз арқылы да сырқатты емдеп жазуға болатынын анық білген. Мәселен, сөздің тигізетін әсерін медицинаның дәрігерлері мен ғалымдардың емдеу жүйесінде, науқас адам емдеуші дәрігердің сөзіне сенім білдірсе, онда сырқаттың жағдайы біршама жақсарып, көңіл-күйі көтеріліп денесінде бір жеңілдік болатынын ертеден-ақ аңғарған. Бұл тұжырым дәйектелуде. Сөздің мәдени жағының жұғымды әсерлері жөнінде ғалым медик А. Айтмұха-метованың да пікірі өте қонымды, әрі жылы сезіледі [103(104), 9 б. ]. Сөз құдіретінің күшін әр салада пайдалану тәсілін халық та, шипагер де ертеден білігенді. Содан: «Жақсы сөз жарым ырыс», «Көз жетпеген жерге сөз жетеді», «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле», «Сөз қанжардан да өткір», «Найзадан түскен жарақат – сөзден түскен жарақаттан тез жазылады» т.б. нақты сөздер Ұлттық мақал – мәтелдердің тыңдаушысын өзіне еліктіріп әкетуі мен қаратуы сөздің философиялық ой талғамы күшінің жоғарылығын аңғартады. Шипагер сырқат адамға өте мейірмандықпен қарап, туған-туысындай сыйлағанда қана, оның емдік ісі ілгері жылжиды. Рахымға бөленеді. Құрметке ие. ХV ғасырда ғалым шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы: «Шипагер науқасқа өте мейірбанды түрде әкем, көкем, апай, замандас, інішек, баурым, қарындас»-деп қабылдаса [1, 226 б.], емі шипалы, әрі сыйлы болады дейді. Бұл сөз мәнерінің құндылығының шипалы әсерін білдіреді.
Сондықтан да, шипагерлік салада денсаулықты жақсар-туда сөз мәнерінің кез-келген адамға әсер етуін меңгеру, өмірдегі салауатты өмір сүруге жетудің үлгісі болмақ. Шипагердің науқасқа оның сырқатының қандай дәреже де екеніне қарамай, жақсы ілтипатты «Сіз жазыласыз, сырқатыңыз жеңілдеді, жақында толық айығасыз»,-деген сөздерді айтуы да, оның емдеу мәдениеттілігін көрсетеді. Белгілі орыс ғалымы В.М. Бехтерев шипагердің / дәрігердің / сөзінің мәні жөнінде: «Егер шипагермен әңгімелескеннен кейін науқас өзін - өзі жақсы сезінбесе, көңілі көтерілмесе, ол шипагерді жақсы емші деп санауға болмайды»-деуінен-ақ [104, 5 б.], сөз терапиясы рөлінің күштілігін аңғаруға болады. Шипагердің негізгі мақсаты ұдайы емдеу ғана емес, халықты денсаулығын жақсарту тән мен жанды тазарту мәдениетімен оны тұрақты шұғылдануға үйрету, ол үшін толық жүйелі біліммен қаруландыруды басшылыққа алу қажет. Дәрісіз өмір сүру жолын үгіттеу бүгінде негізгі мәселеге айналды. Ғасырлар бойы халқы мен ұрпақтарының денінің сау, ақыл-есінің дұрыс, тұлғалық бітімінің қалыпты сұлу, өнерлі, қайсар болуына мән берген ата-бабаларымыз, денсаулықты жақсарту мен оның тазару мәдениетін дамытуға үлкен мән берді.
Салауатты өмір салтын дамытуда адамның ауруын емдеудің қарапайым түрлерінің ең белсенді түрі музыка, ән - күй және дыбыстық тербелістік әсерлерді пайдалану тәсілі де емдік жүйеде өркендеп келеді. Дәрі - ол химиялық қоспалардан тұратындықтан, оның бір ауруды жазғанымен, басқа бір түрін тудыруы немесе қоздыруы шындыққа айналуда. Осыған байланысты табиғаттың таза ауасы, орман – тоғайлары, таулы жоталары, өзен-көлдері, минералды сулары мен балшықтары, құмдары, күн сәулесінің ғажайып емдік әсерлері және басқадай құбылыстар мен көріністер адам ағзаларының тез өзгеріске ұшырап, күшті қуаттануына мол септігі барлығы анықталып келеді. Осы мүмкіндіктерді пайдалану денсаулықтың жақсарып әрі жасаруына зор көмегі барын да білген жөн. Дегенмен, уақытында дұрыс тамақтану, тамақтық сұйық және қою тағамдардың емдік сипатын пайдалану, ұйықтау, тыныштық сақтау, жүгіру мен жүру, әр түрлі қозғалыстарды жасау, суық су қабылдау, намаз оқу, ат спортымен әр түрлі спорт түрлерімен шұғылдану және жат қылықтардың ішімдік пен наркологиялық заттардан аулақ болу, темекіден құтылуда, өсек аяң мен алдампаздықтан, өтірікшіліктен бір жола құтылу – мұның бәрі адамның өзін - өзі тәрбиелеп бақылау сияқты әдіс – тәсілдер, олар ден-саулықты жақсартып ғана қоймай, оның тазару мәдениетінің негізін құрайды.
Денсаулықтың таза әрі бір қалыпты болуы адамның рухани жағынан жоғары болуына тікелей байланысты. Рухани биік жетістік тән мен жанның лас қуаттардан тазалануына, ішкі сезімнің оянуына, адамның төзімділігі мен имандылығының артуына басты ықпал етеді.
Физолог-ғалым Жандар Керімбектің Ермаханы былай дейді: «Дене мен рух, жеке-жеке нәрселер болумен қатар, адамның өмірінде бір-бірімен соншалық сәйкескен, тіпті біреуінде болған ақау, екіншісіне де әсер етеді. Рухымыз да денеміз сияқты сырқаттанады, табиғи жаратылыстан алшақтайды. Бұның да денеміз сияқты айығу, арылу жолдары бар. Емделу үшін адамға мықты сүйеніштер керек. Бұл сүйеніштерді және бұлармен өмір сүруді мінез – құлық деп атайды. Басқаша айтқанда, мінез – құлық тәнімізді,әрі рухымызды Жаратқан борышты еткен міндеттерді атқара алатын дәрежеге көтереді»-деп [105, 23 б.].
Қазақ халқы ежелден өзінің имандылығымен, атап айтқанда қайырымдылығымен, жомарттығымен, мейірім-ділігімен, адалдығымен көзге түскен халық. Халқының денсаулығын жақсарту мен тазару мәдениетін жүзеге асыруда асқан жауапкершілікпен талдау жасап, шешімін шығара білді. ХV ғасырда Әз Жәнібек ханның арнайы тапсыруы әрі бақылауымен жазылған ғалым шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының энциклопедиялық медициналық еңбегі «Шипагерлік баяны», адам денсаулығын жақсартумен оның шипалық мәдениетіне арналғандығы, бүгінде ол сол құндылығымен айқындалуда.
Денсаулықты сақтау мен жақсартуға арналған көптеген зерттеушілердің [106, 107, 108, 109, 110, 111, 112, 113, 114, 115, 116 ] ғылыми тұжырымдық еңбектері зерделеніп, осы ғылыми монографияны жазуға пайдасы мол болды. Бұл еңбектер қай жаста болса да пайдалануға өте пайдалы. Жас кезден бастап адам өз денсаулығын күтсе, онда оның дені сау, өмірі ұзақ, әрі сырқаты аз болады. Адамның психоло-гиясының оң өзгерісінен оның жақсылыққа ниетінің ауғанын, пиғылының тазарған белгісін аңғарамыз. Психика - адамның рухани күйі және ішкі сезімі. Ал, психопрофилактика дегеніміз көңіл күйді жадыратып, жүрекке жылы тиетін жақсы сөздер – адам жанына ықпал етумен бірге денеңіздің сау болуына әсер етеді. Себебі жан мен тән егіз. Халқымыздың «Жаны саудың тәні сау» - деген мақалы өмірден алынғаны да белгілі, ол сөз талғамы. Денсаулық үлкен байлықтың ішіндегі ең мәртебелісі әрі баға жетпес биігі. Адам мүшелерінің қозғалысынсыз тіршілік болмайды.
«Қимылсыз өмір жоқ», - деген халықтық философиялық таным ұрпақтан – ұрпаққа жалғасып келеді. Мәселен, көмейдің қимылынсыз ауыздан дыбыста және сөз де шықпайды т.с.с. Адамға биік келбетті тұлғалық тек ғана шынығу арқылы қалыптасады. Бүгінде салауатты өмір салтының негізгі қағидасы химиялық дәрі – дәрмекті ішпеу мен қолданбау, тек ғана табиғаттың табиғи емін толық пайдалана білуді үйрету мен насихаттау. Ата – бабаларымыз сан ғасырлар бойы осы табиғатта өмір сүрді, оның біле де және түсіне де бермейтін денсаулыққа пайдалы ғажайып емдік шипалық сырларына зер салды. Тәжірибелік тексеру мен пайдаланудан өткізді. Пайдалы жағының кілтін ашты. Медицина ғылымдарының докторы, профессор, жазушы – ғалым Естөре Оразақов Отан соғысы жылдарында жараланған солдаттарды емдеуде Алатау шатқалдарындағы минералды сулар мен балшықтарды, дәрілік өсімдіктерді, орман тоғайының таза ауасының емдік қасиеттерін пайдаланады. Халық шипагерлігін дамыту жөнінде бір неше ғылыми зерттеулері мен кітаптарын жазып қалдырды. Қазақ халқының халық шипагерлігінің қызметіне жаңа көзқараспен қарайды. Халық емінің адам денсаулығын жақсартуға тигізер пайдасына, тазаруының мәдени бағыттарына ғылыми талдауларымен оң бағаларын және ұсыныстарын білдірген ұлтжанды зерттеушілер мен ғалымдардың қатарының көбеюі, халық шипагерлігінің болашағының қажеттілігін білдіреді. Өмірінің тұрмысы мен тіршілігі табиғатпен тікелей бай-ланыста болған халқымыз, өмір бойы барлық қажеттісін табиғаттан алып келеді. Сондықтан да, қазақ шипагерлері пайдаланатын әр түрлі дәрі - дәрмектердің тегі де шексіз табиғат дүниесінің қойнауындағы минералды заттар және өмір сүретін хайуанаттар мен жәндіктердің мүшелерінен тұрады. Қазақтың фтизиатор, фитотерапевт ғалымы М.Ж. Қожабековтің еліміздің табиғатында өсетін өсімдіктер туралы «Дәрілік өсімдіктер» кітабы [42] ХХ ғасырда жазылса, ол содан бері бұрынғы Одақ көлеміндегі нағыз фармокологиялық оқулық құралына айналды.
Орман тоғайлар да өсетін ағаштардың да шипалығы зор. Олар адамның қуатын толтырып арттырады, сергектігін жақсартады, жүйке қызметінің әлсіреуі жояды және адамның ойлау мен сезім қабілеті жақсарады. «Атадан мал қалмасын, тал қалсын», - деген нақыл сөз де орманның шипалығы мен табиғат тылсымының шексіздігін көрсетеді. Тұңғиық ғаламның сырын ашуда ғылым шұғылданғанымен ғалам ішіндегі ғаламды, дүние ішіндегі дүниені білу күрделі де. Жоғарғы әлем, ортанғы әлем, төменгі әлем жүйесі де әлі жіктелген жоқ. Әр әлемнің өз емі мен берер қуаты бар. Табиғат үлкен ғалам болса, адам кіші ғалам. Табиғат пен адамның үйлестігін білу емші-дәрігерлердің басты міндеті екенін білген абзал. Халық емшілігінің өркендеу дәуірін ғұлама шипагер Өтейбойдаққа дейін қарапайым дәстүрлі емес шипагерлік түріне, ал баба заманында оның іліми – ғылыми дәстүрлі халық шипагерлігіне жеткендігіне, қазақтың шипагерлік өнерінің Еуропадан да көп ілгері дамыған тарихы барын білдік. Оны ғалымдарымыз ғылыми түсінікпен қабыл алды. Дегенмен, бір өкініштісі халық шипагерлігінің осындай жетістігінен тез айырылып, бес жарым ғасырдан кейін ғана баба мұрасына қайтадан ие болып мақтанғанымызбен, оның терең өзіндік жеке философиялық ойларын, толғауларын, жазу стилін, медицинадағы ашқан жаңалықтары мен жетістіктерін зерттеудің біржолата тұрақты жалғастырыл-мауында.
Осы зерттеу жұмысының негізгі иедясы мен мақсаты да халық шипагерлігінің қыры мен құпиялы сырын ашумен, шипагерліктің мәдениі мен дәстүрлеріне нақтылы фило-софиялық көзқарастағы ғылыми зерттеулерді тұрақты жүйеге асыру болмақ. Жұмысты жазуда философия ғылымдарының докторы, профессор Ж. Молдабековтың [117], педагогика ғылымдарының докторы, профессор Т. Әлсатов [118], ғалымдар Ғ. Ақпанбек [119] пен Т. Кенжалының [120], философия ғылымдарының докторы, профессор Д. Кішібековтың [121] еңбектері де пайдаланылды. Және осы зерттеушінің әр түрлі тақырыптық мақалалары [1992-2008] мен «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің іс тәжірибелері мен тарихи құжаттары да пайдаланылып, басшылыққа алынды [1992-2008].
Сенімділік пен сенімсіздік адам тәрбиесінің негізгі бір бөлігі болып қызмет етеді. Дін тілінде ол – күман мен сенім деп аталады. Алла сенімсіздікті жақтырмайды, керісінше мықты және орнықты сенімге ие болуға шақырады. Бұдан осы ғылыми зерттеуде арнайы жүйеленген жалпы халықтық, биоқуаттық, рухани, медитациялық, музыкалық және басқадай емдеу жолдарының қайсысы болса да адамның сырқатына пайдасы тиуі, тікелей емделушінің сеніміне байланысты екенін аңғартады. Сондықтан, денсаулықты жақсарту мен тазару мәдениетін дамытуда, бүгінгі және болашақтағы салауатты өмір салтының дәрісіз шипалық жүйесін қалыптастыру, мемлекетіміздің азаматтарының денсаулығын сақтаудың басты кепілі деуге болады. Академик Д. Кішібеков: «Ғылым дегеніміз – заттардың, құбылыстар мен процестердің ішкі табиғатын ашып көрсететін, олардың даму заңдылықтарын даралап тұжы-рымдайтын шынайы, ақиқат білім жүйесі»,- деген терең философиялық таным да, осы сияқты зерттеулік жұмыс-тардың сапалы болуына зор ескертуі мен талабы екенін аңғартады [121, 358 б.]. Қорыта келгенде, денсаулықты жақсарту жолы мен тазару мәдениетін дамыту жеке адамнан бастап, ұжымдық, қоғамдық және мемлекеттік бағдарлама екеніне түсіністікпен, байсалдылықпен және жауапкерші-лікпен қарағанда ғана нәтижелі болатынына сеніммен қарауға болады.
II тарау қорытындысы. Ауру қайдан пайда болады оның себеп салдары неден деген сұрақтар ұзақ уақыт бойы адамзатты ойландырды, одан жазылып шығу жолдарын іздеп табуға ынталандырды. Адам, табиғат және ғарыш арасындағы белгісіз үйлесімділіктерді іздеді. Алғаш Тәңіріне табынды, одан көмек сұрады. Кейін ата-бабаларымыз ислам дінін қабылдаған соң Жаратушы Құдайға жалбарынды, онымен іштей сөйлесіп мұңын жеткізді.
Осы әрекеттеріне риза болып, өзін-өзі иландырып, сырқаттарын жеңіудің жолдарын іздеді. Заман өзгерді, адамзат қоғамы өз басынан эволюциялық даму кезеңдерін өткізе келе, ғылыми даму дәуіріне жетті. Жаңа ғылыми көзқарастардың пайда болуы, халық шипагерлігіне ғылыми түрде баға беруді ұсынды. Ғылымы дамыған ел бақытты елдер қатарына ілінді. Олар адамның сырқатының пайда болуы себептерін оның қуаттық ауытқуынан іздеді.
Сөйтіп, адамзаттың тіршілігінің негізгі күш қуатының қайнар көзі – оның тәндік биоөрісі қуатының жетісуі мен жетіспеуіне тікелей байланыстылығы анықталып, тұжырым жасалынды. Бұл идея болжамы көне замандардан белгілі болғанын, бүгінгі түрлі ғылым саласының өкілдері теріске шығармайды.
Халық шипагерлігінде емдеу мәдениетін көтеруде ең бастысы сөз шеберлігі мен тазалық және білімділік пен кішпейілділігі басты талаптардың ең негізгісі. Ғалым шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы шипагерлерді дарымдаулы және болжамалы деп екіге бөлді. Олардың емдеу мәдениетіне жақсы сөздер мен тәрбиелік жұмсақ мінезділікті ұсынды.