ШИПАГЕРЛІК ДӘСТҮРІ ЖӘНЕ ФИЛОСОФИЯСЫ
Ұлттық байлықтың бір саласы рухани жетістік. Рухы биік ұлтта дені сау ұрпаққа ие, отанын қорғаушы, дамытушы да. Таза рухты халықтың денінің саулығы оның шипагерлік өнерінің білімділігі мен мәртебесінің биіктігіне тәуелді болады. Ресейдің халық медицинасынынң анықтамсында: «Халық медицинасы барлық уақытта да ол халықтың тарихы және дәстүрімен тығыз байланысты болған»,- деген тұжырымдамасынан рухы биік халықтың шипагерлік дәстүрінің өмірінің мәңгілігін көрсетеді [9, 11 б.]. Халықтық шипагерлік дәстүрдің терең философиялық ойын еркін түсінген ғұлама, қараүзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы ХУ ғасырда шипагерлер (емшілер) тобын Дарымдаулық және Болжамалы деп екіге, ал олардың құрамын 24 ге бөлгенін жоғары да айттық. Сол шипалық ем жасайтын шипагерлердің ішінен бүгінде аттары айтыла-тындары емші, бақсы, балгер, болжаушы, жауырыншы, жұлдызшы, көріпкел – телепаттар, оташы, тамыршы, үзуші, шөппен емдеушілер жөнінде қысқаша анықтамалар беруде зерттеудің бір жақты болмауына септігін тигізеді, емдіктің халықтық сипатының өркендеуіне жол ашады деуге бола-тындай.
1. Емшілік / шипагерлік / - көне дәуірден ата-бабадан ұрпақтан- ұрпаққа жалғасқан киелі тектік қасиет. Емшіліктің тамырының тереңдігі мен қанатының кеңдігін әлі әлемдік ғылымда толық дәлелденбеген. Бұған дейін емшілік саласы ғылыми зерттеу саласына енбеді. Жоғары да аттары аталған қазақ және Орта Азия топырағында дүниеге келіп, аттары бүгінде әлемге әйгілі ғылымдар оның ішінде екінші Аристотелъ атанған Әбу Нәсір әл – Фараби, ғұламалар әл – Бируни, әл – Разани, Әбу Әли Ибн Сина, Жүсіп Баласағұни, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы сияқты ғалымдар халықтық шипагерліктің өркендеуіне арнап мәңгілік өшпес ілім және ғылыми еңбектерін қалдырды.
Ғалым медик Т. Төлендиев: «Халық медицинасы ол барлық білім мен тәжірибенің жинағы, ол тек емдеу емес, ескерту жасау арқылы адамға туғаннан өмірінің соңына дейін қызмет етеді»- деп, шипагерліктің асыл мұрасын бағалай білді [10, 3 б.]. Қазақ халқының шипагерлік өнерін тәжірибелік деңгейінен теориялық іліми ғылымдық деңгейге XV ғасырда ғалым шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы шығарды. Осындай биік деңгейге жеткен қазақтың халықтық шипагерлігі елді басқа ұлттардың отарлау, басқару кезеңінде жойыла бастады. Қазақ халқының шипагерлік өнерінің тарихы болмаған, жазылмаған деп көрсетіліп келгенмен, ел тәуелсіздігінен кейін жоғалған, жабылған тарих қайтадан өз орнын тапты. Халық емшілігі туралы толық анықтаманы осы ізденуші З. Қожалымов өзінің еңбектерінде кең көлемде толық сипаттамалар берілген [11, 282-297 бб. 12, 102-108 бб. 13, 220-224 бб.].
XIX ғасырдың аяғында Томск университетінің меди-циналық факулътетінің түлегі Әміре Айбақын туберкулез ауруына қымыздың емдік қасиетін анықтады. Бұл жаңалықты туберкулез ауруын қымызбен емдеу арқылы ғылыми жағынан дәрігер Зейін Шашкин толықтырды.
Қазақтың аса талантты ақыны Сұлтанмұрат Торайғыров өзінің «Айтыс» дастанында халық шипагерлерінің шипасы жөнінде: «Мен айтсам сар даланың емшілерін, Оларды жаратпаған құдай тегін. Қонғызған тәуіптікті тұқымына, Талайға өмір берген қолы жеңіл. Оқымаған, тоқыған дарып кеткен, Еш қазақ жамандамас қылған емін. Себебі, олар емдейді басшы болып, Өткендердің өмірі бергендерін. Ел оны сыйламайды тіпті жайға, Келмейтін болса егер ешбір пайда. Теңей жаздап сөйлейтін кейбіреуін, Ауруды жазуын да бір құдайға»-деп [ 14 ], халық шипагерлігінің маңызы мен қажеттілігін жырға қосу арқылы, шипагерлік құдіретіне сенімін білдіреді, тоқтам жасайды.
Ұлы отан соғысы жылдарында жас дәрігер Естөре Оразақов жаралы солдаттарды дәрілік өсімдіктердің көме-гімен емдеді. Ол кейін медицина ғылымдарының докторы атағын алғансоң, өмірінің соңына дейін халық шипагерлігінің құпия сырларын ашып, ғылми еңбектерін жазды әрі қазақтың физологиялық табиғи емінің негізін қалады. Ұзақ уақыттан бері халық медицинасын зерттеуші медицина ғылымдарының докторы, профессор Е. Әбілқасымов: «Халық медицинасы дегеніміз - өсімдіктер мен жануарлардан алынатын шипалы өнімдер мен минерал заттардың емдік қасиеттері алуан түрлі аурулардың белгілері мен сол аурулардың емдеу тәсілдері және олардан сақтану жолдары туралы тарихи даму барысында халық жадында қалыптасқан тәжірибелік білімдердің біртұтас жүйесі» - деген [15, 3 б.] тұжырымы да халық шипагерлігінің ұзақ тарихына арналғанын айқын-дайды. Академик Төрегелді Шорманов тағамдардың емдік қасиеттерін зерттеп ұсынып қана қалмастан, қарапайым халықтық өлшемдік бойынша халық емшілері дайындайтын дәрі-дәрмектерді де өзінің ғылыми тәжірибеханаларында тексертіп, оң ғылыми қортындылық шешімін берумен емге пайдалануға ұсынысын беруде.
Академик Т. Шорманов: «Көне заман дәрігерлері шипа-лық қасиеттерін ем ретінде қолданған дәрі-дәрімектің өсімдіктердің 300-ден астамы дәрілік заттар жөніндегі мемлекеттік тізімге енгізіліп отыр. Осының өзіннен-ақ халықтық фитотерапия тәжірибесі барынша көңіл бөліп зерттеуді, ал оның тексеруден өткен табысты салаларын ғылыми медицина қорына ангізіп отырғызуды қажет ететіндігін көреміз»- деген [16, 4 б.] ұсынысының халық шипагерлігін зерттеу мен өркендетуге маңыздылығын аңғартады.
Емшілік саласының тылсым құпиясына философиялық танымдық көзқарасымен тұжырымдарын жазатын профессор Ж. Молдабеков өзінің «Емшіліктің философиялық мәселесі және мәні» деген ғылыми танымдық мақаласында: «Емші елімен бірге көгереді. Емшілік адамға деген жаңа түсінікті, абройлықты, кең түсінікті, сенімділікті, пайымдау-шылықты, мейірімділікті насихаттайды, адамгершілікті әр қырынан пайымдайды. Адам жетілу үшін парызға деген сезімталдық пен сенімділікті иемдену керек. Емшілік дәс-түр, әсіресе, шығыстық дәстүр, меніңше зерттеуді күтіп тұрған өзекті мәселелердің санатында-деген [17, 203-206 бб.] философиялық танымдық идеясынан халықтың шипагерлік /емшілік/ саласына ғылыми талдаулардың аздығы мен болжамдардың жинақталмай жатқандығы туралы тоқтамын білдіреді. Халық шипагерлігі Конгрестеріне қатысқан Қазақстан мен шет елдерден келген ғалымдар мен емшілер баяндамаларында халық медицинасын / шипагерлігін / ғылыми бағытта дамыту туралы ойларын айтты. Емшілер шеберлік сеанстарын көрсетіп өзара тәжірибе алмасып, мол білім алғандай болды. Бұл емшіліктің жаңа бағытта өркен-деуіне ықпал еткендігі аңғарылды.
Өте жақсы баяндамалар ғылыми жинақтық кітап болып баспадан шығарылды. Бүгінде емшілер қауымдастығы тара-бынан тылсым құпия сырларын зерттеу қызметі жан – жақты дамып келеді. Пікірталас нені көрсетті? Қазақтың мәдениетінде шипагерлік дәстүрлердің түрлері жалқы емес, олардың қызметтері алуан болса да, бір-бірімен ұқсас жақтары, үйлесімді сәттері аз емес екендігін айқындап берді. Шипагерлік қызметте бақсылар, балшылар, тамыршылар, тәуіптер, құмалақшылар, жұлдызшылар, көріпкелдер және т.б. өздерінше әр ортада, түрлі жағдайда емшілік жасаған. Десекте, олардың ерекшеліктеріне тоқталып көрелік.
2. Бақсы - бойында адам түсіне бермейтін тылсым құпиялы күшке ие, ішкі дүниесімен сезіне отырып сыртқы әлеммен беймәлім белгісіз «рухтармен» байланысқа шығатын, өзіндік үндік әндік сарыны бар сиқырлық өнерінің иесі[18, 23 б.]. Бақсылық өнері адамзат пайда болғалы б.д.д. пайда болды. Бақсыны алғашқы шамандық діни таным кезінде халық Жаратушының өкілі ретінде танып, оны тайпалық көсем, ақылшы, шипагері ретінде қабылдап құрметтеді. Кейінгі жаңа ғасырда бақсылық өнері Қорқыт атадан бастау алады. Ол бірнеше тылсым қасиеттің де иесі еді. Оның арманшыл философиялық ойы оны мәңгілік өмірді кездестіруге емес, өшпес өнердің мұрасын сыйлады. Фило-софия ғылымдарының докторы, Академик Ғ. Есім: «Қорқыт болса VII ғасырда «Ғұмыр философиясын» және «Өмір сүру философиясымен» бірге көтерген. Алғашқысы көлеңкеде қалып, екіншісі акцидениция ретінде көрініп, Қорқыт есімі Ажалмен байланысты қарастырылған. Қорқыт дүниетаны-мының басты ұғымы – адам болмысы», - деп ойын тұжырымдайды [19, 424 б.]. Қазақта бақсылардың бас бақсысы ретінде жеке кереметтік қасиетіне қарай Қойлыбай бақсыны атаған. Бақсылардың бәрі бірдей емес, олардың да қасиеттеріне қарай күштісі, әлсізі де, нашары да және емдік әсеріне қарай тазасы, шаласы, жасандысы, жалғаны, алдампаздары да болады. Жалпы бақсы да дәрі – дәрмек жасау, құмалақшылық, емшілік, көріпкелдік, болжампаздық, тамыршылық, оташылық, жеке сазгерлігі пен өз әнін орындаушылық қасиеттердің ұшқыны елес береді. Дінта-нушы, философ ғалым М. Бұлұтай мен Б. Ысқақовте Қорқыт Ата мен шамандық сенімдер жөнінде де өздерінің талғамдық ойларын білдіреді [20, 103 б.], [21, 3 б.].
Ш.Уәлиханов бақсылық туралы: «Қазақтар болжаушы сәуегейді бақсы дейді. Бақсылар адын ала болжамын өздерінің рухы атынан айтады. Бақсы кейін келген мұсылман дініне ыңғайластырып, рухтарын періште деп те атайды. Бақсы ойны Қорқыт әулие қобызы күйінің сөйлемдеуінде өтеді. Бақсы көмекке жын рухтарын шақырады. Әрбір жынның аты болады... Бақсылар аурудың иесі «зұлым рухтар» деп, олардың қатарына албасты, көнаяқ, жез-тырнақ, сөрел, орман перісі, жын және шайтандарды жатқызған», - дейді [22,159-160 бб.]. Әр бір бақсының өзіндік үні мен зарлы әні арқылы зікірі кезінде аллаға жалынып, белгісіз рухтардан көмек сұрауымен зікір уағында және соңында айтқандары оны тыңдаушыларды өзіне тез сендіріп иландырады. Мәселен, Аспандағы көк пері, Көп перінің ішінде, Аты жақсы дәу пері. Су ішінде су пері, Сұмырайға ұқсаған қу пері, Жын ішінде жын пері, Жынданбай - ақ жүр пері. Ай астында ақ пері, Жеті пері келерме?! . Толықсып тұрған айдай боп, Жеті ласкер жатырма?! Өз алдына дардай боп, Шаһияр атың дос екен, Шайтан менен Әзірейіл, Пендеңізге қас екен, - деп зарлаған бақсыға иланбасқа шара қалмайды. Бақсылық сиқырлық өнерді басшылыққа алады. Бақсы қып – қызыл етіп қыздырған темірді тілімен жалайды, денесін ұрады бір- ақ күймейді, пышақты өз денесіне тигізіп тесіп көрсетеді, бір – ақ кейін белгі қалмайды тағы да басқа кереметтерді жасайды. Осының бәрі адамның көз алдында жасалғанымен әлі құпиялық жұмбақ күйінде қалуда.
Бақсылар осыларға қарсы өзінің перілері мен жын-дарынан құрылған әскерлері арқылы ауру адамның денесіне енген аурудың иесі «зұлым рухты» қуып шығарам деп зарлы үнді зікірін салып, Алладан көмек сұрап жылап зарлаған. Бақсылар өзінің ойыны зікірі кезінде көбінесе қыл қобыз, домбыра, аса таяқ, т.б. сазды аспаптар мен әртүрлі қару – жарақтардың / қамшы, пышақ, қанжар, темір / көмегімен және өзіне халықты тез қарату үшін дыбысты күшейтетін темірден жасалған сырдырлақтарды пайдаланған.
Бақсылар жөніндегі арнайы жазбалалрында ақын С. Сейфуллин өзінің ұғымын ұсынады: «Бақсылар айбатты, әруақты суреттерді елестеткендей сырлы сөздерді үйлестіріп, сабалап, бураша күркіреп, шабынып, әртүрлі жат қимылдар істеп, жылап – сарнап, тыңдаған халықтың сесін басып, өзіне бағындырып, иландырып алады. Қазақ арасындағы бұрынғы бақсылардың ең зоры, ең ескісі атасы Қорқыт саналады»[23, 14 б.].
Бақсының ең негізгі құралы оның қобызы. Қобызды киелі деп есептейді. Қобызға қарсы жаман сөз бен ниет білдірмейді. Сондықтан да, бақсылар, «Үйеңкінің түбінен, үйіріп алған қобызым» - деп, өте жоғары құрмет тұтқан. Қобыз Қорқыт атадан / оның атасыннан / қалған қасиетті мұра ретінде қастерленеді. Нағыз бақсылар дәрияның арғы бетінен киіз үйлер мен заттарды да бергі өз жағы бетіне дін аман көшіріп алса, кейбіреуі қобызын ат бәйгесіне қосып, бас байгені де жеңіп алған. Бақсылық өнері бүгінде Қазақстан халық емшілері қауымдастығы тарапынан / зерттеуші ғалым З. Қожалымовтің басшылығын да / зерттелуде.
Профессор Ж. Молдабеков «Бақсылықтың шипагерлік тәлімдігі» деген ғылыми мақаласының түжырымдамасында: «Бақсылық көне тарихи феномен. Ол, әсіресе шығыста кең таралған, күрделі этномәдени құбылыс. Әр дәуірде, әр заманда бақсылықтың өзіндік рәсім – салты қалыптасты. Бақсылықтың түрі де, қайшылықты көріністері де көп. Бірақ бақсылықтың ұқсастығы, бір текті сипаттары қалайша және неге ғасырлар бойы сақталынып қалды деген сұрақтар ғалымдарды да жиы ойландыруда...»-дейді [24, 203-206 бб.]. Бұл тұжырымдама бақсылық өнерінің қаншалықты қиын әрі түсініксіз күрделілігін айтып тұрғанын аңғартады. Қазақстан халық емшілері қауымдастығы ұйымдастыруы мен Алматы қаласында 2005 жылдың 22 – 24 шілдеcінде өткен «Қазақстан Республикасындағы Бақсылық өнері» атты I-Халықаралық ғылми - тәжірибелік форумға Америка, Қытай, Ресей, Прибалтик және Орталық Азия елдерінен ғалымдардың да қатысып пікір алмасуы болды. Қазақ бақсылары форумға қатысушыларды таза тәжірибелік көрсетулері арқылы тәнті етті. Осындай іс – шаралардан кейін бақсылық өнеріне ғылым саласы ғалымдары тарабынан оң түсіністікпен қарап, оның құпиясына ғылыми болжамдық зерттеулер жүргізуде.
Бақсылық өнерінде Қорқыт күйлерінің құдіреті өте жоғары тұрады. Күйдің үні адамның күшіне күш қосып, шабыт беріп, рахат сезімге бөлегендей әсер етеді. Қорқыт күйлерін Кеңес заманнан бастап арнайы күй орындаушылар Қаратаулық Ықылас, оның ізбасарлары Ж. Қаламбаев, Д. Мықтыбаев орындаса, бүгінде күйді орындаушылар қатары арта түсуде. Қазақтың бақсылық өнерін зерделеу XVII ғасырдан басталады. Қазақтың ғалым – жазушылары Ш. Уәлиханов, Ә. Марғұлан, М. Әуезов, С. Мұқанов, Ә. Диваев, Қ. Жұбанов, С. Сейфуллин, А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, Х. Досмұхамбетұлы, Ә. Қоңыратбаев және орыс ғалымдары В. Зелинский, И. Кастенъе, А. Левшин, В. Карамазин, Г. Патанин, В. Василъев, А. Янушкевич қолжазбалық зерттеулері бақсылық өнерінің жазбалық негізін қалады. Музыка зерттеуші Б.Г. Ерзакович бақсы әні сарынын алғаш нотаға түсірді.
Академик Ә. Марғұлан Қорқыт ата туралы былай дейді: «Қорқыт сарыны ерте заманнан бері қобызда орындалды. Оның өзінің арнаулы музыкасы бар. Ол музыканың жалпы әуені суық сарынды, күңірену, толғану, боздаумен келеді. Қорқыт ата ислам дініне бас имеген, тәңірге пейіл қойып бақсы болып өткен, тәңірге табынушылардың сәуегейі, бақсылардың пірі, олардың пайғамбары еді. Қорқыттың өмір бойы арман еткені - өлмейтін, жасай беретін өмір іздеу, сол үшін күресіп, өлімге қарсы тұру. Қорқыттың бұл фәлсафасы дүние тарихында өте сирек жолығатын, адам баласы туғызған ойдың ең жарқын бейнесінің бірі болып суреттеледі...» [25, 107 б.]. Бақсылар өмірі қай заманда болса да ауыр болды. Бақсының қасиеті тұқым қуалайды. Сондықтан болар оның ұрпағынан - ұрпақтарына жалғасуы. Бақсылық өте қауіпті әрі күрделі, құпиясы көп түсініксіз өнер. Оны таза ұстаған адам қана сыйлы бақсы бола алады. Алды – артына қарамай әр нәрсені айтатындарының жолы өз өміріне қауіп төндіреді. Бақсының да білімді, таза өнерлі және адалы болады. Тарихта өшпес аттары аталатын «Ұлы бақсы» - қара бақсы / VI – VII ғғ. /, Қорқыт, Тіней бақсы, Асфандияр бақсы, Ізтілеу бақсы, Дархан бақсы, Әбу бақсы, Әжібай бақсы, Кенжебай бақсы, Дәулет бақсы, Омар бақсы, Ноғайбай бақсы, Сыламбек бақсы, Шақар бақсы, Әукен бақсы, Бекберген бақсы, Малбике бақсы, Салтық бақсы, Қара қыпшақ Қобыланды бақсы / батыр емес /, Ырғызбай бақсы, Жамансарт бақсы, Ерікбол бақсы, Арғын Досмырза бақсы және бақсылллардың бақсысы – Бас бақсы бағаналы Қойлыбай бақсы тағы басқалары бақсы өнерінің қайталанбас тұлғаларына айналды. Ғалым М. Орынбеков: «Бақсылардың ортасында ауа райын болжайтын – есепші де болды. Әйел бақсыны «Елте»
деп атады...»,- деген болжамын баяндайды [26, 31 б.]. Ел тәуелсіздігінен кейін, бақсылық өнеріне де арналып жазылған еңбектер санаулы ғана.
Атап айтқанда Ж. Дәуренбеков пен Е. Тұрсыновтің «Қазақ бақсы – балгерлері» [27] кітабы мен З. Қожалымовтің авторлық басқаруында шыққан «Бақсылық өнері» [18] ғылыми – тәжірибелік жинақ тағы да басқа мақалалар жазылды. Қазіргі бақсылардың да әркеттері бұрынғыларға ұқсас болғанымен, білімділігі, шипагерлік ерекшелігі, дарындылығы, мәдениеттілігі мен тұлғалық талғамдық өлшемдері жағынан әлде қайда таяздығы барлығы білініп тұрады. Бақсыларда да аралық / телепатиялық – З. Қ. / байланыс әр түрлі дамыған.
Ислам діні өлімді парыз десе, шаман діні өлімді мойындамады. Шаман діні кезінде адамдар табиғат пен әруақтарға табынды. Бақсыларды Ақсақ Темір қудалауға әрекет етсе, тек қана Қасымхан кезінде еркіндік алды.Таза бақсылық ертеде көп болды, олардың қасиеті де әр түрлі еді. Бақсылар қасиетін саудаға салмады. Емдері қонымды, айтқандары тура келіп жататын. Әр заманда да шындық пен өтірік, адалдық пен арамдық қатар жүреді. Бақсылық өнерінің болашағы туралы күмәнді көзқарас қалып-тастырудың қажеті болғанымен, оның сырын зерттеу ғалымдардың басты міндеті. Бақсылықтың әлемдік ғылымда да өз құпиясы әлі толық ашылмауда. Бақсының ұсынысында санадан тыс, жоспарсыз санасыз әрекеттер көп кездеседі. Оның идеясы Тәңірлік Ұлы рухтармен қатынас жасау арқылы, өзінің жоспарсыз мақсатына жету үшін әрекет етеді. Бұл ғаламдық құпиялар ұзақ уақыт ғалымдар тарапынан зерттеле келе, бақсылық өнеріне баға беруге ұзақ уақыт керек етеді.
3. Балгер - бал ашушы болжам жасаудың ертеден келе жатқан сенімдік иландыру тәсілі. Балгер адам тағдырының өткені, бүгіні, болашағын болжап шамандық діни сенім бойынша әрекет ететін тылсым сырдың дарынды иесі. Балшылар бал ашарда сіріңке, ши талдарын қиыстыру арқылы және алақан – саусақ сызықтарына да қарап, кейбіреулері қасиетті Құран кітабының парақтарын ашып отырып та адамның денсаулығы, тұрмысы, жанұясы, жолсапары, арақатнасы тағы басқа мәселелер өзінше болжамын жасаған [11, 224-225 бб.]. Балшылардың болжамында да андай шындық негізі бары әлі анықталған жоқ. Бұл құбылыс қалай басталып, нендей нәрсеге сүйеніп болжам айтыладыға да тұжырым айтылмайды. Табиғатпен тетене аралас адамзаттың бұл әрекетінде қаншалықты ой толғамы қызмет етеді, болжамын түйіндейді, шешімін айта алады осыны зерттеп, ой талғамына салу қажеттілігі туындайды.
Кейде бал ашушы малдың жауырынына / қой, бұғы, аң /, жұлдызға, қой құмалағына, жер бетіндегі өзгерістерге / ылғал, шық, қырау, дымқыл, құрғақ т.б. / қарап та болжам жасаған. Ертеде хандар бал ашушылардың өте мықтысын жанында ұстаған. Қазақ жерінде бал ашу өнерін гректің, қытайдың, орыстың саяхатшылары мен зерттеушілері XV ғасырдан бастап зерттей бастаған.
Ш. Уәлиханов бұл ерекшелікке арнайы талдау жасап, терең мән беріп: «Барлық бақсылар да бал ашушылар. Бақсы бал ашарда қамшыны екі саусағының арасында, тепе – теңдікте ұстап, ойын көрсете жүріп сөйлейді. Бақсылардың бәрі де балгер», - дейді [22, 159 б.]. Бұл өнер түрі бүгінде жалғасын табуда. Қияли ой толқынынан туындайтын, болжампаздық сезімнен туындайтын әр ұлттың тектік болжау өнері әр түрлі болғанымен, түптік ұқсатығы олардың тығыз байланысын арттыра түсуде. Тылсым дүниенің құпияла-рының ерекшеліктерінің көп салалы ғылымдардың ғалым-дарының алдағы уақытта зерттеу жұмыстарына айналуы, оған оң түсіністікпен қарауы, оның құпиясына талдау жасау қажет ететін ғылыми саласына жататынын білдіреді.
4. Болжаушы - бақсы мен бал ашушыға психологиялық мінез – құлқы ұқсамайтын, терең ойлы, шешен, батыр тұлғалы, байсалды, ақылды, инабатты, еліне сыйлы, өз құпиясын жария етпейтін ерекше қасиет иесі. Ерте де өмір сүрген кейбір жыраулар, батырлар мен билерде де болжампаздық қасиет болған. Мәселен, Қабан жырау орта жасқа келген Райымбек батырға қарап: «Сен көпшілсің, мәңгі үлкен жолдың бойында қаласың», ал Өтеген батырға: «Сенде көпшілсің, уақыт өте келе сүйегің екінші рет жерленеді», - деген болжамы одан бері төрт ғасырдай уақыт өтсе де, болжам өз шындығын дәлелдеп тұр. Бұл қандай құдіреттің әсерімен айылғанын ғылым да және ешкім де шешкен емес. Бүгінде бүкіл әлемді өзінің болжампаздығымен таңғалдырған француздың дәрігер – болжампазы Мишелъ де Нострадамустың / 1503 – 1566 / болжауларының дәлдігін әлемде ешқандай ел зерттеуші ғалымдары нақты жауап берген жоқ. Бұл жөнінде Ю. Косеруков: «Оның осы түнде өз өмірімен қоштасуы туралы айтқан ескертпесі дәл келді», - деп болжаушының керемет қасиетіне тәнті болады [28, 4 б.]. Пайғамбарымыз Мұхаммед /с.ғ.с. / мен М. Нострадамус және ақын – ғалым Машқұр Жүсіп Көпейұлы өздерінің айтқан уақытында қайтыс болған. Ғылымға белгісіз бұндай құбылыстар мен ұқсастықтардың сырлы құпияларына танымдық тұжырым беру өте қажетті мәселе болмақ [29, 25-27 бб.].
Біздің дәуірімізге дейін дүниеге келіп, осы дәуір басында 89 жасында бұл дүниеден өткен Майқы би шешен жасы кәриялық жасқа жеткенде, оған болжампаздық қасиет қонып, төрт мың жылдан аса уақытты болжап айтқан екен. Майқы би М. Нострадамустан он төрт ғасыр бұрын өмір сүрсе, оның болжамы М. Нострадамустың болжамынан 237 жыл артық. Майқы бидің айналасында дана адамдар, жұлдызшы, құмалақшы, балшы, емшілер көп болыпты. Майқы би аспан жұлдызының орналасу жағдайына, өңіне қарап жер беті мен аспан әлемінде және адамзат дүниесінде тізіп айтып отырғаны, дәл келсе керек. Майқы би жер, адам, аспан арасындағы құбылыстық өзгерістерді жеткізуде үйлестіруші, талдаушы қызметін сапалы жеткізе білді.
Бірде Майқы би: «Жыпырлаған жұлдыздан, Жартыкеш болса да ай артық. Биік – биік жотадан, Су сыйлайтын сай артық. ... Тіршілік берген һаммеге, Барлығынан күн артық»- деген даналық сөзінен кейін, қобызын алып: «О, дариға – ай, о, дариға – ай!» дей беріпті. Зарлы үнмен: «Болғанда ақырзаман саулайды жел. Тоқтыға мың қарабас бір қозы тел, Тоқтыны мың қарабас еміп тұрып, зарлайды тоймадым деп пәруәрдігер. Болғанда ақырзаман су тарылар, Жігітке қарап тұрған қыз артылар. Көз жұмсам, һамме бүлік көріп тұрам, Бұдан соң қалай көңіл шарты болар. Несесе, Әлі заман өзгерер, Өзгергенін көз көрер. Мінгенің арба болар, Бар құс қарға болар. Жансыз арба
ат болар, Өз балаң өзіңе жат болар. Темірден құсың болар, Ұрпағымның көргені сұс болады. Еркек билік түл болар, Сиыр пұл болар, Еркек жасып ит болар, Қатын тұлданып би болар. Төсекке есеппен жатарсың, Жыныс зарпын ақшаға сатарсың. Баққаның өсек, сөз болар. Сары судан ас шығар, жер тақыр болар.... Енді төрт мың жылда, дүние тамәм болар»-деп» [30, 48-59 бб.], жасаған болжамдық тұжырымдарының кейбіреуі бүгінде шындықтың елесінде көрсетуде. Қазақтың жырауларының жырларында да болжампаздықтың белгісі байқалады. Мәселен, Бұқар жыраудың: «Күн батыста бір дүшпан, Ақыр шығар сол тұстан. Күн шығысқа қарайды, Шашын алмай тарайды. Қағазға жазар малыңды, Есепке алар барыңды. Еліңді алар қолыңнан, Әскер қылар ұлыңнан» - деп, қоғам мен халық өмірінде алда болатын өзгерісті айта білген. Академик Ғ. Есім Майқы бидің жырларында болжампаздықтың сарыны барына ерекше тоқталады [31, 76 б. ].
Тарихта аттары белгілі Пір Бекет, Мөңке би, Өтеген батыр тағы басқа шешен – билер болжамы біртіндеп шындыққа қарай табан тіресе, Абыз Әлмерек батагөр әрі түс жорудың шебері болғаны аңызға айналғалы бір неше ғасырды артқа қалдырды [13, 227 б.]. Қазақ халқының дарынды ұрпақтарының өте ерте заманнан-ақ, болжампаздық өнерін аспан жұлдыздарына, жан – жануарладың әрекетіне, өсімдіктің реңіне қарап неше түрлі жасаған болжамдары, тіршіліктегі құпиялардың белгісінен хабар береді. Болжампаздардың ойлау жүйесінің күрделілігі мен терең философиялық ой талғамдары және тұжырымдамалары, болжамдары адамның бойындағы шексіз құпиялықтың тылсым сырларына ғылыми тұрғыда «неге осылай болады» - деген, сұраққа жауап іздеу үшін философиялық танымда ұлттық тұрғыда зерттеуге ұмтылу кезеңі заман талабына сай келеді.
5. Жауырыншы - тұқым қуалайтын, сирек кездесетін, жануарлардың таза жауырынының / қой, бұғы, аңдар / жалпақ бетіне түскен сызықтар мен кескін бейнелерге қарап, болжам айтатын ерекше құпия қасиет иесі [11, 225-226 бб.].
Жауырыншылық тұқым қуалайтын құпия қасиет. Бұл тілі жоқ мылқауға тіл бітіріп, сөйлеткенмен бірдей құпиялы өнер саласы. Қазақ еліндегі бұл құпия өнерді әр жердегі халық өздерінің ұғымына, танымына қарай пайдаланды. Кей жерде жауырынды үш бөлікке бөліп болжады. Жауырынның ортасын бөлетін қыр бөлігін баланың жолы, қырдың астынғы жалпақтау жағын кісінің тағдыры, ал жауырынның түбін (негізгі шүйдесі) үй тағдырын болжайды деп жауырыншы болжамын өзінше тұжырым жасаған. Жауырыншы өзінің алғаш дүниеге келген ұрпағына ең алғаш жауырынды сорғызып барып, анасын емуге рұқсат еткен. Жауырынды құпия түрде ешкімге көрсетпей бала бір мүшеліге толғанша сақтаған. Бала мүшелі жасқа толғанда ғана оған жасырған жауырынды бергенде, бала жауырынға бірден қарап болжап сөйлейтін болған. Филология ғылымдарының докторы, профессор Берікбай Сағындықұлы Мүсірбай: «Бал ашудың бұл формасы қазір толық жойылуға таяу. Ата – анасы жаңа туған сәбиін жауырыншы етуді ниет етеді. Осы мақсатпен қойдың жауырынын отқа күйдіріп теседі... Ол таяу келешекті болжай алатын дәрежеге жетеді»-деген [32, 21 б.] тұжырымын жасап, бұл құпияның халықтық сипатына ғылыми танымын білдіруі де, жауырыншы сырынын ашуға қажеттілігін аңғартады. Ертеде хандар, батырлар, сұлтандар мен билер жауырыншыны өздерінің ақылшысы, кеңесшісі және болжампазы ретінде жанында ұстаған. Қайталанбас қасиет иелері әлі аз кездеседі. Сапалық білімдері таяз. Кейбіреуінде жасандылықта байқалады.
Жауырыншы адам тағдырын, ел бірлігін, жаудан қорғануын, жеңіс пен жеңілістің шегарасын, ырыс пен берекенің, бақыт пен бақытсыздықтың, ұрлық пен зұлымдықтың белгілерін және ауа райының жылдағы төрт мезгілдік өзгерісіне де мәлімет беріп отырған. Қазіргі уақытта жауырыншылар сирек кездеседі, оның сырын білу өте қиын болуда. Ғылымға қажетті дәстүрге жатады. Адамның психологиялық толқуларынан ойдан-ой туғызатын, ойлау жүйесіне белгісіз өзгеріс беретін таза жауырын-шылықты зерттеу қажет етеді.
6. Жұлдызшы - аспан әлемінде құбылыстардың құпиялық өзгерісін бақылап, жеке өз ұғымы бойынша ауа райы туралы болжам айтушы ерекше дарын иесі. Жұлдызшылық қасиет – тектік тұқым қуалайтын сирек кездесетін киелі қасиет [13, 226-228 бб.]. Жұлдызшылар өз құпияларын сыртқа жария етпейді, өзіндік оқуы, шешімі, таралу тамыры және әрбір жұлдызшыға тән аспан әлемін бақылау шеберлігі болады. Ертеде халық жұлдызшыны – санақшы, болжағыш деп атаған. Қазақ халқы көшпелі өмірінде жылдың төрт мезгілдік өзгерістері туралы өздерінің санақшы жұлдызшылары арқылы біліп отырған. Жұлдызшы аспандағы «Темірқазық», «Жетіқарақшы», «Үркер», «Шол-пан» тағы басқа жұлдыздардың орналасуына, түсіне, қозғалысына қарап ауа райының қандай боларын біліп, оның қауіпті жағдайын алдын-ала хабарлап отырған. Жұлдызшының өрісі кең болады. Ол ұлттық өте ауқымды мәселелерге қатысты ел қорғанысы, болашағы, елдің жауларының құрамы мен әдіс-айлаларына да өзінше ұсы-нысын беріп отырған.
Қазақтың ханы Абылайханның жұлдызшысы Байыс алдын – ала ескерту арқылы елін табиғат апатынан аман алып қалған. Жауы қалмақты жеңуіне көмектескен. Осыдан кейін ел ішінде: «Абылайдан ат мінгені, Қабанбайдан алған інгені, Байыстың ауа – райын болжап білгені» , - деген [13, 227 бб.] аңызда да шындықтың негізі бар сияқты. Жұлдызшылардың кейбіреуінде сәуегейлік, болжампаздық, телепатиялық, шипа-герлік сияқты қасиеттері барлары да болған.
Жұлдызшылар құрғақшылық кезеңде аспаннан жаңбырда жауғызудың құпиялық сырын да меңгерген. Үндістанда адам өміріне байланысты жұлдызнамалық ілім сақталған. Осы елдің бұрынғы ел басшылары Неру мен Индира Ганди отбасыларында жеке жұлдызшылары болған. XV ғасырдағы француздың жұлдызшысы / сәуегейі, болжаушысы / М. Нострадамус / 1503 – 1566 / болса 2237 жылды, ал М. Нострадамустан XIV ғасыр бұрын өмір сүрген Майқы би бабамыз жұлдызға қарап тұрып, алдағы 4000 жылдық өмірді болжаған. Е. Вурмс, С. Эрхард: «Адамның денсаулығы мен мінез-құлқы күн мен жұлдыздардың сыртқы әсерінен өзгереді, бұл оның тағдырына байланысты. Жұлдызнама өте күрделі, оның құпиясын білімді жұлдызшылар ғана білуі мүмкін», - деген болжамын айтады [33, 24 б.]. Жазба әдебиетте жұлдызшылардың аттары аталып арнайы пікір айтылмағанымен, бұл қасиеттің иелері халықтың арасында барын, олардың күндердің-күнінде жарық жұлдыздай жарқырап шығып ұлт мақтанышына айналары анық. Ғылымда да бұл салаға зерделей мән беру уақыты болды деуге негіз бар.