ШИПАГЕРЛІК ДӘСТҮРІ ЖӘНЕ ФИЛОСОФИЯСЫ

Страница 5

На главную              Библиотека               Предыдущая                 Следующая

 

 

7. Құмалақшы – өнері халқымыздың көне тарихынан бері жалғасып келеді. Бұл әрбір ұлттың дарынды қасиет-терінің бірі. Құмалақшылық жүйесі астрономиялық және астрологиялық болып екі үлкен топқа бөлінеді. Олар іштей түр-түрге жіктеліп, салаланып кетеді. Мәселен, геомантия – жердегі өзгеріс әрекетті, қимыл-қозғалыстарды бақылайды әрі болжайды. Хиромантия – алақан саусақ сызықтарына қарап, болашақты болжаса, арифмантия – нақты есепті ой болжамын жасайды. Осындай қасиеттің бірі құмалақшылық та тұқым қуалайтын, өзінше  болжамдық айтары  және тылсым құпиясы бар әр түрлі  жастағы адамдар тобы. Құмалақшы да шама – шарқына қарай  болжайды, айтады,  онысы арқылы адамдарды иландырумен өзіне сендіруге тырысады. Құмалақ шашпа және қырық бір құмалақ болып бөлінеді. Құмалақ ашуға ұсақ тастарды, өсімдік дәндерін, қойдың құмалақтарын пайдаланнған. Ш. Уәлиханов: «41 құмалақ Данияр пайғамбардан  қалған мұра»-дейді [34].  Құмалақшы тастың мата бетіндегі орналасуына қарай сөйлейді. Тастың да ашылып сөйлейтіні болады. Құмалақ  көп ойланып барып ұсақ ойдан ірі ой туғызуға әсер етеді.  Құмалақтың сөйлеу құпиясы ғылымда да ашылған жоқ. Академик Әл  Машани: «Құмалақтың сырына алғаш ғылыми болжамдық зерттеуді  ғұлама ғалым Әбу Нәсір әл – Фараби  жасаған» - дейді [35, 215 б.].  Академик А. Машанов құмалақ  жөнінде де зерттеуін жалғастырды. Құмалақ ашу жүйесі Орта Азия, Кавказ, Үнді мен Иран, Тибет пен Карея, Америка мен Жапонияда да алғаш дамыған.  Қазақ елінде де көне заманнан өріс  алып дамуда.  Қырық бір құмалақтың шығуының құпия тарихы  -  үш әлемге: «Жоғарғы әлем» - Темір қазық,  «Ортаңғы әлем» - Адамзат, және  «Төменгі әлем» -  Алтын қазық  немесе  «Жеті ғаламға»  - «Жеті қат көкке де» /Ай, Күн, Есекқырған, Шолпан, Қызыл жұлдыз, Юпитер, Сатурн /, «Жеті қат жерге де» / тұңғиық, жылан, су, қос бақара,  тас, көкөгіз, жер /  байланысты болған.  Мәселен, 41 құмалақты үшке бөліп ашу – ол үш әлемді  білдірсе,  үшке бөлген  топтың жеке -  жеке төртке бөлінуі, ол жаратылыстың төртке бөлінуі  /  Шығыс, батыс, оңтүстік, солтүстік /  немесе  әлемнің төрт негізін / топырақ, ауа, су, от / білдіреді. Құмалақ тартудың да өзіндік түрлері болады. Мәселен, ырым құмалақ, бір тартар құмалақ, шашпа құмалақ. Кең тарағаны – шашпа құмалақ. Құмалақ ашудың да тәртіпі мен ережесі болады.  Құмалақты құмалақшы: «құмалағым ақ сөйле, бисмилла»- деп ашады. Алғаш құмалақты үшке бөледі. Бұны «құмалақ басы» - дейді. Құмалақшы құмалақты сөйлетуде елуден аса шарттық ереже бойынша ойын талдап барып болжамалық сөзін айтады.

       Құмалақ тасының  тоғыз жерге орналасуы – «Тоғыз қат көк» немесе «тоғыз өлшемді» білдіреді. Сайып келгенде, тігінен 3, 7, 9,  ал көлденеңінен 4 деген дүниетанымдық сандар негізінен құмалақ ашу теориясы пайда  болды.  Бұл құпиясын әлі ғылым ашпаған астрологиялық танымдық  ұғым негізінде өмір тарихынан атын өшірмей келеді. Дін қағи-дасында құмалақ ашуға қарсылығына қарамай, Данияр пайғамбарымнан қалған құмалақ мұрасына да ғылыми сараптамалар жасайтын уақытта жақындаған сияқты. Құмалақтың толық құпияларының ерекшеліктері жөнінде ізденуші З. Қожалымов өз еңбектерінде кең көлемде талдау жасаған [11, 257-266 бб.].   

       8. Көріпкелдік  - телепатия. Көріпкелдік пен телепатия бір - біріне тәуелді келеді. Телепатиясыз – көріпкелдік, ал Көріпкелдіксіз – телепатия өз сырын аша алмайды [13, 229 б.].

Көріпкелдік – адамның ой арқылы белгісіз ішкі және сыртқы күштердің әсерімен ғарыштық жүйемен байланысқа  шығып хабар алатын,  алған хабарды жерге жеткізуші, өңдеуші, бөлуші және таратушы жоғары жіиілікті сезімтал қасиеті. Көріпкелдік адамның ойы арқылы жүзеге аса-тындықтан, ой ғарыштық жүйемен телепатиялық байланыста болады да, өз хабарын жеткізеді әрі жауап  алады.  Бұл ми қызметіндегі түсініксіз күрделі өзгерістер арқылы жүзеге асатын жүйелік құбылыс түрі. Адамзаттың тарихына үңілсек, ғасырлар бойы өздерінде бір тылсым күштің табиғатқа қайшы келмейтін құпия заңдылығы барына зор сеніммен қарады. Бұл ғылымда жаңаша көзқарастық өзгеріс туғызды. Ғылым болса осы құбылысты зерттеп анықтауға енді ғана  әрекет етуде.  Көріпкелдік қасиет қалай, қайдан пайда болды, ол мәңгілік пе, немесе сиқыр ма, әлі белгісіз қалпында қалуда. Дегенмен, нақты теориялық заңдылығы жоқ бұл құбылысқа таңдан-ғаннан көрі,  зер салып ойланған жөн сияқты.   

Телепатия - жер мен ғарыш арасындағы байланыс жүйесін жүзеге асырады. Адамның ойын ғарыштық жүйеге қосып, өңдеп қайтадан хабарды жерге  жеткіуге әсер етеді.  Адам ғарышпен телепатиялық байланысқа шығады да, одан белгісіз күш әсерінен көріпкелдік жүйесіне көшеді. Ойсыз  телепатиялық байланысқа, ал телепатиялық байланыссыз – көріпкелдік жүйе орындалмайды. Барлық адам да бірдей көріпкелдік немесе телепатиялық  байланыс бірдей болмайды. Белгілі ғана адамдар тобы бұл екі қасиетке ие болуы мүмкін.  Ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің  «Үш анық»- деген [36, 12-21 бб.] еңбегінде  телепатитя, спритизм / рухпен байланысқа шығу – З. Қ / және магнитизм деген  ғылыми атауларға тоқталып, бұл шындық деп, бұл сала бойынша көптеген тілдерде жазылған ғылыми жазба кітаптардан отыз жылдай оқыған, көңіліне тоқыған ойларының философиялық танымдық қортындысына сүйеніп тұжырымнамасын ұсы-нады.

М.Нострадамус пен болгариялық Ванга әжей телепа-тиялық байланыстың таза дәлдіктік шындығы арқылы әлемге даңқын шығарды. Ғалым, жазушы,  ақын, өнер адамы, суретші, емшілердің белгілі тобы өзінің телепатиялық  байланыста болатындарын біле бермейді.

Пайғамбарымыз Мұхаммед / с.ғ.с. / ұдайы ғарышпен, періштелермен телепатиялық байланыста болды. Қасиетті Құранды да өзінің періштелерімен  телепатиялық байланысы арқылы қабылдаған. Хан Абылайханның түсін жорыған Өтеген батыр, Бекет әулие, Майқы би, Мөңке би, Бұхар жырау тағы сол сияқты сұлтандар, билер, батырларда ғарышпен  телепатиялық  байланыста болғандарын, олардан қалған жазба деректер арқылы белгілі.

Көріпкелдер көбінесе ғарышпен жеке телепатиялық байланыстарды сөз, дыбыс, сурет, сызба, бейне, бағыт, әріп, жазу, ән, саз, діни оқылым, дыбыстық белгі, жарық белгі, денені тітіркендіру, белгісіз рух атынан деп, басқа белгісіз күш әсерімен транысқа түсіп сызу және жазу тағы басқа тәсілдер арқылы алатыны жеке адамдардың мәліметтері бойынша анықталуда.

Генерал исисимус Суворовтың бұрын ажырасқан әйелі  адамның өңіне, түсіне, жүрісіне қарап, ол адамға қауіп / өлім / төніп тұрғанын нақ айтатын көріпкел болыпты. Әйел кімді  іздеп келсе, ол адам өзіне қауіп әкелетінін сезіп, жақындарымен қоштасатын болған. Суворовтың кеткен әйелі  ұзақ жылдан соң оралғанда, осы күдікті сезген ол дайындалып ана дүниеге аттаныпты [13, 271 б].  Бүгінде  әлемнің көп елдерінде М.Нострадамус пен Ванга әжейдің жеке болжамдарын оқу, үйрену, шешу  ғылыми орындары жұмыс істегенмен  әлі  құпияның сырын толық ашқан жоқ. Қазақтың  тылсым сырлары мен құпияларын меңгерген ата - бабаларымыздың  қасиеттік ерекшеліктерін зерттеп, ғылыми тұжырым жасауға қажеті артуда.

        9. Оташы - халық арасында кеңінен тараған шипагерлік өнердің бір түрі, тұқым қуалайтын құпиялы қасиет. Оташы өз міндетін көмектесетін белгісіз ғарыштық күштер арқылы орындайтын сияқты. Оташылар адамның дене құрылысын жақсы білген. Сүйек сыну мен буын шығуды қалпына  келтіруде оташылықты үйренуде мүмкін, бір-ақ мұнда бір тылсым сырдың құпиясы жатқандай. Кейбір оташылар түсімде аян арқылы келді дейді, бірақ бұның қаншалықты шындыққа жанасатыны әлі дәлелденген жоқ. Оташылар көбіне сынық салады. Сынықтың ашық және жабық түрі болады. Сынық шорт, жарқышақ, айқаспа, бұғана сынығы  түрінде кездеседі. Буын шығуда жақ сүйегі шығуы, мойын сүйегі шығуы, иық шығуы, кәрі жіліктің шығуы, тізе сүйектің шығуы, тобықтың шығуы сияқты түрлері болады. Өте күрделілері де кездеседі.

Оташылардың ішінде кейде кіші-кірім операциялар жасаудың да қарапайым тәсілін меңгергендері де кездеседі. Ертедегі оташылардың кейбіреуінде осындай қасиет болғаны туралы тарихи деректер жөнінде де жоғары да айтылды. Оташылар сынықтың түріне қарай оның жазылу уақытында өздері белгілейді.  Дегенмен, осы оташылықта оташы сынық салуды болжаммен ой арқылы салғанда ол сынықты көріп тұрмаса да, дәл орнына түсіруде не сыр бар, бұл әлі жұмбақ күйінде қалуда. Оташылық жөнінде арнайы еңбектер  өте сирек кездеседі. Алайда жазылған мақалалар  баршылық [37, 208-210 б.]. Емдік бұл дәстүр зерттеуді күтіп тұрған  өнер саласы.

        10. Тамыршы - тұқым қуалайтын әрі оқып үйренетін  қасиет. Көне дәуірден  бүгінге дейін, аурудың тамырын ұстап, жан күйзелісі мен қатар ағзаларының да дертінің белгілерін анықтаған. Тамыршы аурудың дертін таңертең ашқарында тамырын ұстау арқылы да және аурудың бет-жүзіне,  сөйлеген сөзіне, дем алысына,  көз жанарына және тіліне де қарап сырқатын анықтаған. Тамыршыларда сырқаттың тамырының жоғары, орташа, баяу немесе жылдам, орташалау, біліне – білінбей  әр түрлі соғуына қарай  адамның ауруының  түрлерін анықтауда, сырқатқа ем – дом ұсынуда  шипа-герлерден кем болмаған.  Сондықтан да «Адам ағзасының 62  тамырын  аңғара  біл» деген ертедегі асыл сөзден, адам ағзасының бүкіл тіршілік тынысы тамырдың соғуына байланысты екенін білдіргендей  әсер етеді.  

Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы «Шипагерлік баян» еңбегінде тамыршы туралы аурудың арманын былай сипаттайды: «...Науқас адамның арманы – шіркін-ай, қараүзген шипагер боп, не келісген жетік тамыршы табылып, тамырымды  ұстатып, дарымдалсам, арманым түгесілер еді!» - деумен тынбақ [1, 229 б.]. 

       Қараүзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы шипагер тамыр ұстауға жетік болумен  қатар, науқастың жағдайына  зор көңіл бөлу керек деген ұсынысын  білдіреді.

Шығыс шипагерлігінде қытай шипагерлері әр түрлі мүшелердің тамырының соғуы да әр алуан болатынына үлкен мән беріп, сырқатқа  анықтамаларын қойған.  Мәселен, сол қолдың білезік тұсындағы тамыр соғуын үш саусақпен байқағанда: Сұқ саусақтың астындағы тамыр үстірт соғылса – ащы ішекті немесе тамыр терең қатты  соғылса – жүрек тағы сол сияқты. 

Тамыр ұстау арқылы адамның сырқатын анықтауда қазақтың қарапайым халықтық шипагерлік әдіс – тәсілдері мен шығыс  және  Орта Азия елдерінің де шипагерлігінде жақындық, ұқсастық барлығы байқалады.  

Заманның өзгеріп әрі өркендеуіне қарай көне емдіктің халықтық сипаты да  жаңара бастады. Қөптеген емдеу стилдері ғылыми атау мен емдік жүйеге жақындады. Сараптай келгенде, қырыққа жуық емдеудің шипалық әдіс – тәсілдерін  бүгінде шипагерлер / емшілер – З.Қ. / өздерінің сауаттылығына қарай  пайдалануда.

Атап айтқанда: Биоқуат әсерімен сырқаттың денесіне  жақындатып немесе аралықтан әсер етумен, дұға оқып дем салумен, дұғалық ішірткі берумен, тамыр арқылы қуат жіберумен,  қан алумен, сүлік салумен, ән – күй көмегімен, дәрілік шөптермен, металл-металиодтар мен жан – жануар-лардың мүшелелерінен жасалған дәрі – дәрмекпен, уқалау, үзу, сылап – сипау және нүктелі әсер ету әдістерімен, бұлау, терлету, күн сәулесіне қыздырыну, таза ауада дем алу, шипалық ағаштар арасында болып қуат алу,  табиғаттың өзен, орман, көлдері жағасында дем алу, құмға орану, шипалық  балшықтар мен  минералды сулардың көмегін алу, жүгіру мен қимыл жасаудың  ережелерін ұсыну, әр түрлі заттарды магниттеп берумен  қатар, түрлі құрал -  сайманмен   емдеу / қамшы, аса таяқ, пышақ  т.б. /, қобыздың сарынымен ән орындаумен,  суық тигенді малдың терісіне түсірумен / қой, жылқы, ешкі /,  мал өнімдерінің емдік түрімен / қиы, өті,  т.б. /,  аурудың суреті мен хаты арқылы аралықтан емдеумен,  байланыс құралының  қөмегімен / теледидар, радио, телефон  /, монша мен суық суға түсіріп  емдеумен бірге, иландырудың психологиялық әсерлері көмегі арқылы зікір салып емдеумен, ұшықтау, көшіру, аластау, аштау, қорықтық құю, тіс құртын шақыру [12, 69-70 бб.]  сияқты, тағы басқа да  сырқатты емдеу тәсілдері өз жалғасын табуда.  

Шипагерлер тарабынан аурудың сырқатын емдеуде тағамдардан  қымыз, шұбат, маңыз, айран, сүт, құрт, ет, сорпа, әр түрлі көжелер /  арпа, бидай, сұлы,  тары, талқан / тағы басқа да тағамдар түрі ұсынылып оң нәтижесін беруде.  Еліміздің тәуелсіздігінің жемісі халық шипагерлерінің бойларындағы қасиеттерін ашуға, оның емдік халықтық сипатын өркендетуге, бірыңғай ұлттық этникалық шипагерлік жүйесін жасауға және  тылсым құпия сырларына көп салалы  ғылыми зерттеулер жасауға   мүмкіндік туғызуда.

 Қазақ халқының емдік тәсілінің халықтық сипаты мен түрлерінің тарихы ұзақ, оның тамыры терең, қанаты кең жайылған әрі адамзаттың жаратылысынан бері жалғасып келе жатқан тектік әрі ұлттық шипалы қасиет екендігін аңғартады. Ғылыми зерделесек қазақтың шипагерлік өнері – шығыс шипагерлік өнерімен аралас, ұқсастығы мол үлгі негізінде дамып отырды деген тұжырымды қабылдау дұрыс шешім. Ал, еуропалық шипагерліктен де ертерек дамып өркендеген-дігінің ғылыми негізде дәлелденуі, ұлттық шипагерліктің рухының биктігін көрсетеді.                                       

 

1.2  Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы шипагерліктің негізін қалаушы                  

Қазақ  елінің тәуелсіздігінен кейін тарихта аттары белгісіз жаңа  ғұлама ғалымдар қатарына ХV ғасырдың қараүзген шипагер-ғалымы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының (1388-1485)  есімі де енді. Оның «Шипагерлік баянында» шипагерлік дәстүр мен үрдісі тарихының жаңа белесіне  жол ашылды. Ө.Тілеуқабылұлының  «Шипагерлік баяны» кітабын  жазуына біріншіден, сол заманның ханының оң қол уәзірі Жиренше шешенмен таныстығы; екіншіден,  хан әз Жәнбектің оның сауатты жауабына риза болуынан;  үшіншіден, сегіз жасынан бастап әкесі Тілеуқабыл емшіден білгені мен халқынан естігені, көргені, жазып алғаны; төртіншіден, өз іс-тәжірибесінің  нәтижелері көрсеткіші; бесіншіден, Шығыс пен Орта Азия ғұламаларының еңбектерінің ықпалы; алтын-шыдан, өзінің халқы мен отанына және ғылымға деген адалдығынан  болды деп қараған жөн.

Алып медициналық энциклопедиялық еңбек: «Тұр-лаулар» / Ауыз Таңдай тұрлау - Дәстір туылма және Көз Маңлай тұрлау -  Адамзаты жаралысы/ деген кіріпеден және «Қанықталғы», «Нарықталғы», «Дарымдылығы» деген  үш бөлімнен құралған. Ғұлама шипагердің медициналық энциклопедиялық еңбегінің  үштен төрт бөлігінің жоқтығына қарамастан, «Қанықталғы» бөлімінде шипагерлік жөніндегі анықтама беруі, екінші «Нарықталғы» бөлімінде адамдардың ауруын анықтаудың нақтылы ілімдік әдіс – тәсілдері, ал  «Дарымдылығы» бөлімінде сырқат адамның ауруын емдеп жазудың әдіс - тәсілдік жолдарын түсіндіреді. Осы еңбегіндегі ғұлама ойының  бүгінгі ғылыми медицинаның жетістіктерінен ешқандай алшақтығы мен өзгешелігі жоқ-тығы айқындалып келеді. Қазақтың қарапайым халық емінің әлемдік деңгейге іліми  жағынан көтерілуіне  қараүзген шипагер  Ө. Тілеуқабылұлының  «Шипагерлік баян» еңбегінің  ғылыми жетістігі   ұлттық шипагерліктің  рухын биіктетіп, ғылыми жолға түсуіне негіз болды. Ұлы шипагер қазақтың ұлттық мәдениетінің философиясының бүгінде бір құрамдас бөлгі аталған, халықтық шипагерлік философиясының негізін қалады.

Қазақ халқының шипагерлік ілімін ғылыми жолмен дамытуда Ө.Тілеуқабылұлы дала зертханасы арқылы 1108 түрлі дәрі - дәрмек түрін 858 түрлі дәрілік өсімдік пен 318 жан-жануар мүшелері және 60-тан астам металл-металоидтар қоспасынан /бұдан көп болуы мүмкін/ жасаған.

Шипагер науқас адамдарға  арнап 1050 түрлі шипа ем аты және 4577 шипалық дәрілік емдік тізбесін /нақтылығы – 13000 дай екен/ ұсынып, 430-дан аса адамның сыртқы және ішкі денесінің анатомиялық тұлғалық атауын жазып қалдыруы, біріншіден, қазақ  жерінде XV ғасырда-ақ фармакология ілімінің алдыңғы қатарда дамығандығын дәлелдейді. Екіншіден, ғұлама шипагердің тұжырымдары оның өзіне дейінгі және бүгінгі шипагерлік ғылымнан алшақтығы жоқтығын айқындайды. Үшіншіден, адам денсаулығын қорғау, сақтау,  дамыту мен жақсартудың терең ілімдік жетістіктігін мәңгі өз ұлтына қалдыруы, қазақтың шипагерлік өнеріне  жол салағандығын білдіреді.    

        Халық шипагерлігі де халықтың қанымен аралас, атадан ұрпаққа берілетін тектік /генетикалық/ қасиет. Ө.Тілеуқабылұлы шипагерлік ілімін өз халқын аралай аурудың сырқатын анықтап, емдеп әрі тәжірибе жасай жүріп өзінің жеке бойындағы көп ғылымдар саласы бойынша біртұтас ілімді байытты. Көргенін, естігенін және білгенін қағазға түсіріп, халқымен ұрпағының денсаулығы болашағын қадірлей, сол замандағы қазақ ханы Әз Жәнібектің тапсырмасымен 1466-1473 жылдары аралығында ханның Ақ ордасында /Шу, қозыбасы/ 78 жасында бастап 85 жасында бітірген 5000 беттік қолжазбасы “Шипагерлік баянын” бітіргенімен, ханның кездейсоқ қазасы қолжазбаны  ханға көрсетіп оқып беруге жазбады.

Әз Жәнібек хан ғұлама шипагер Ө.Тілеуқабылұлымен алғаш танысқанда шипагерді сынап, байқап, әрі іліміне баға бере келе Ө.Тілеуқабылұлына “Қараүзген шипагер” екенсің деген мәртебелі атақ береді. Бұл құрмет оның көп салалы гуманитарлық т.б. ғылымдардан да сауатты білімі барлығын,  ілімді ірі тұлға екендігін білдіреді. Шипагер: «Іске аспады арманым, қараң қалды. Шың басына шыққанда арандалды»- деген [1, 16 б.],  зарлы арманы бес ғасыр өткенде орындала бастады. Қараүзген шипагер өзінің “Шипагерлік баянын” жазарда ғылыми шипагерлікті негізгі арқау етіп алғанымен, тіл, діни тәрбие, мәдениет, әдебиет, тарихи шежіре, этнография, эстетика, этика, философия, психология, астрономия, заң, метерология, математика, анатомия мен физиология, фармацевтика т.б. ғылымдар саласын бір арнаға топтастырып, адам денсаулығын жақсартып дамытудың негізгі іліміне пайдалану мүмкіндігін, ұлттық этникалық стилді сақтай отырып ұсына білді.

Бес жарым ғасырдан кейін халқымен қайта қауышқан, бес мың беттік қолжазбаның тек қана бір мыңдай ғана бетімен ғана баспадан кітап болып шыққан /Үрімжі, 1994. араб қарпіндегі/ Ө.Тілеуқабылұлының “Шипагерлік баян” кітабы қазақ елінде де баспадан шығып /“Жалын”, Алматы, 1996/,еңбек ғалымдар мен зерттеушілердің ғылыми көзқарасына бірден  ілінді. Көп салалы ғылыми талдауға ұсынылды, зерттеуге және тұжырымдамалар жасау жоспарына енді. Өйткені,  ХV ғасырда-ақ  ғылыми негізі толық жасалған бұл кітап қазақтың шипагерлік өнерінің тарихы анау ертеден басталғандығын дәлелдейді. Ө.Тілеуқа-былұлының “Шипагерлік баян” еңбегі қазақ халық шипагерлігінің ғылыми әрі тәжірибелік негізін қалап қана қалмастан, ұлттың шипагерлік өнері ілімін, мәдениетін, әдіс-тәсілін әлемдік дәрежеге жақындатқанның белгісі, бұл еңбек көптеген шет елдер ғалымдарының ғылыми талдамалық назарына айналуы да кездейсоқтық емес.

Оның дәлелі ғалымның “Шипагерлік баян” кітабының көрші қытай елінде 1997 жылы маусым айында “1-дәрежелі мемлекеттік таңдаулы ұлттық кітап” сыйлығына ие болуы [38, 2 б. ], шипагер  ілімінің ғылымдығы мен ғұмырлық ұзақтығын көрсетеді. Ғұлама шипагердің «Шипагерлік баян» еңбегіне алғаш өз пікірін білдірген Шыңжаң ұйғыр автономиялы аудандық партия комитеті үгіт – насихат Министрлігінің орынбасар бастығы, зерттеуші – ғалым Төлеуқан Ыбырайұлы: «Ұлтымыз тарихында сирек кездесетін, ұлы медициналық еңбек әрі ғылымнама тек шипагерлік жағынан ғана емес, ол хақымыздың тіл, мәдениет, тарих, философия, психология, астрономия, этнография, меторология, әскери ғылым, этика, эстетика, тағы басқа жақтардан да қыруар білім, мәлімет береді. Өнер білім тарихы ел тарихынан айрылмайды. Ұлтымыз тарихында сирек кездесетін ғылымнама «Шипагерлік баян» да өз дәурінің жемісі» - деп [39(1), 429 б.]  әділ бағасын берді.

Миллиардтаған қытай халқы ғалымдарының қазақ шипагері іліміне ірі ғылыми баға беріп құрметтеуі, ұлттық шипагерлік дәстүріміздің теориялық және мәдени-тарихи тұрғысынан биік мәртебесін айқындайды. Ө.Тілеуқабылұлы көп оқыған, өзінің жеке философиялық танымы кемелденген, әр салалы ғылымдардан хабары мол, өзіндік мәңгілік өшпес философиялық тұжырымдамаларын қалдырған ірі тұлға және шипагер ғалым.

Расында, «Шипагерлік баян» туралы, бұл еңбекті жазған ғұлама туралы ғылыми талдау жасау енді пәрмен алуда. Түрлі тартымды ой-тұжырымдарға сілтеме жасадық та. Дегенмен, ғұламаның дүниетанымы мен өнеріне толығырақ сипаттама беру үшін, созылыңқы болса да, мына сілтемені келтіруді жөн көрдік. «Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы емші ғана емес, шипагер, ұлы шипагер және ғұлама ғалым. Оны кейінгі ұрпақтар қараүзген шипагер, жаһангер, тарихшы, этнограф, ұстаз, философ, ақын, астроном, тарихшы, биолог, химик, психолог, географ, этика мен моральдің асқақ білгірі деп жатады. Өтейбойдақтай дананы түсіну өте қажет, әрі алдымен оның  өзіндік себептері мен жауаптары бар. 

Шипагерлік жөніндегі анықтамаларды көбейте беруге болады. Дегенмен,  бұл өнердің тұтас және тартымды түрі. Шипагерлік – білім, ғылым, өнер, ұлттық дәстүр, жеке бас қасиеттері қабілеттілігі мен шеберлігінің жиынтығы мен жалғасы. Қараүзген шипагер емшіліктің көптеген жаңа түрлері мен заңдылығын ашты. Шипагерліктің маңызын толық бағалау үшін еуропалық медициналық білім мен тәжірибені білу жеткіліксіз, оны шығыстық (қытай және тибет) тәжірибемен толықтыру шарт.

 Шипагерлік мәдениеті – адамды сауықтыратын, болашақты болжайтын және дарымдаулықты қондыратын қабілет-қасиет;

-  науқас пендеге тілеулестік ұғымымен қоса жанашырлық таныту;

-  жан мен тәннің саулығына, рухтың арлығына жол табу, соған қызмет ету;

- емдеу білімі мен тәжірибесінің озық түрі. Сол негізде ғұлама емделудің дарымалы және болжамалы 24 түрлерін қатар алып жүреді және жетілдіреді;

- адамның мүшелік жастағы жаратылысын, оның ерекшелігін ұлттық рәсім-салтпен үйлестіреді. Ол елдегі жарғыға жүгінеді, оны мұқият орындайды;

-  алдына келген адамды елдің азаматы, ұрпақтың болашағы тұрғысында қабылдап, ерекше ілтипат білдіру;

- ел мен жердің емдік және демдік қасиеттерін табандап жинақтап, оларды өз отандастарының игілігіне бағыштай алу;

- ислам діні тыйым салған  тиіспеу мен жұғыспаға тәрбиелеу. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы шипагерліктің осындай ауқымды да өмірлік үлгісін көрсетті және таратты. Ол үшін емшілік – ауруды емдеу ғана емес. Ал шипа жазады, дариды, дару болады. Шипагерлікті ширататын  тағы бір шарт бар. Оның арқауы: Қателіктен сақтан, кемшілікке бола кеміме. Озбырлыққа берілме,  осалдықты үйіріп бапта, - деген  өсиетте».

Халықтың шипагерлік дәстүрлері мен мәдениетін дамытуда ғұлама шипагер оны ғылыми жағынан дала тәжірибеханасында сынақтан өткізуде, өзінің ар-намысына айтылған кекесін сөз бен әрекеттерге мойымай,  өлген адамның денесін боршалап, Омбыда тірі түлкінің терісін сыпырып алып, ал Шалкөде де /Жетісу аймағы/ тірі қойдың басына таспен ұрып өлгенін көріп немесе қойдың кеудесін пышақпен тірідей жарып жүрегін жұлып алу арқылы жүрек, ми, қан тамырлары қызметінің өзара қатынасындағы тіршілік иесінің өмір сүруіне байланысын зерттеп өз тұжырымдамасын жасайды [1:86 б.].                   

Шипагер адамның денінің саулығы мен өмірінің ұзақтығының негізгі оның «Қан сөлі мен без сөлі – пенделік тұлғалық тұтас сөлдің атасы» [3, 13 б.] - деген тұжырымдамасына сүйеніп, «Қан сөлі – жан сөлі» [1, 124 б.]  немесе «Ми - басқарушы» - деуін [1, 188 б.], бүгінгі медицина ғылымы да қуаттайды.

Ө.Тілеуқабылұлы адамдар арасында үсіген, өлдіге есептеп үсікке қатты ұшырағандарды шипагер өзінің сусыз жерлерде “Тұншықтырма”  әдісін пайдаланып адам есін жиарда алғаш “Мұздадым”, “Қалшылдадым”, “Қызып кеттім”, “Терлеп кеттім”, “Шөлдеп кеттім” ақыры “Терлеп сүмек болдым” - дегенде ғана [1, 94 б], барып құтқару әдістерін тоқтатып сырқатқа киім киіндіріп, сусынға ыстық шай беру арқылы шипагер емін жалғастырып жеке  адамның жағдайы толық қалпына келгенше бақылауға алумен, халықтық  шипагерліктің емдік жүйесін байыта білді. Ал шипагер өзен суы бар жерлерде “Малма”[1, 95 б.] әдісімен үсіген адамды жалаңаштап мұздан ойылған шұңқырға салып оның жағаласқанына, арпалысқанына қарамай сөзі түзеле бастағанда ғана шұңқырдан шығарып алып, сырқатқа біртінден жылы тамақтан ыстық тамаққа қарай тамақтандырып, өзінің ілімдік тәжірибесін байыта білді.

Суықты - суық алады деген халықтық тәжірибе тәсілімен суықтықтан үсіген адамды емдеуде суық үйде, суық далада ұстап немесе суық суға малып біраз суда ұстаған. Бұл адамның тәнінің төмендеген әлсіз қуатын қайтадан тепе-теңдік қалыпқа келтіру арқылы, оның өмірін сақтап қалу идеясы болатын. Бұл тәсілдің қаншалықты пайдасы мен зияны барына ол заман да өте қиын болғанымен, ұлы шипагердің осы әрекетінің пайдалы болғанын да бүгінгі медицина да теріс көрмейтін сияқты. Осы күні таңғалдырып жүрген П. Ивановтің суық сумен емдеу тәсілі де, қазақтың шипагерінің әдісіне өте жақын екені аңғарылады. Міне осылай, неше түрлі үсінудің әр түрлі мүшелік емдеу тәсілдерін ұлы шипагер өзінің емдік тәжірибесінде пайдалы нәтижеге жетіп отырғаны, оның еңбегінде айтылады. Денесіне күйіктің әр түрлі мүшелік қауіпті дәрежесін алғандарды өзінің жасаған дәрі-дәрмектері бойынша аман алып қалып, шипагерліктің білімділігі мен адалдығын көрсетеді. Адамның тіршіліктегі өмірін сақтап қалуда, шипагер көптеген емдік әдіс-тәсілдерді жүзеге асырды. Оған батыл кірісті. Суға кетіп өлдіге есептегенді және есінен танған адамды басын төмен қаратып, екі аяғынан ағашқа іліп қойып ішіндегі суын ағызып, денеде бір тіршілік қимылы сезілгенде қана адамды жерге түсіріп қозғау, ары-бері аунату, уқалау және жасанды дем беру әдістерін пайдаланып тірілтіп  алу жолдарын меңгере білген.

Ұлы шипагер өз жанын, тәнін, өмірін басқалардан артық санамады. Ол көбінде ауру адамдарға дәрі-дәрмегін емге ұсынардың алдында кейбіреуін өзі ішіп, денесіне жағып кейде улана есінен тана жаздап жүріп шипалық емін жалғастыру арқылы, қазақтың шипагерлік ілімінің өркендеуінің жаңа әдіс тәсілдік жолдарын таба білді.

Ө.Тілеуқабылұлының өзінің өсиет-намасындағы: «Тапқы-сыз баға гауһардай асылдарға да, пысқақ, бықсыққан, жасықтарға да шипа ем дарымдадым. «Қол ласы дәулетке, лас нілі сәулетке де қызықпадым»» - деуі [1, 40 б.].  Шипагердің адал жүректі, байлыққа қызықпас қол кірін ары тазалығына айырбастамас, өз көмегін адам дәрежесіне, жасына, жыны-сына, байлығына қарамай кісілік тұлғалық парасаттылық қасиетпен еңбектенгенін аңғартады.

Ө.Тілеуқабылұлы шипагерлік атауын емшілік атауынан жоғары қояды. Ол нағыз шипагер науқас адамды емдеп қана қоймай, сырқаттың пайда болуынан бастап, оның дамуын, өршуін, асқынуын, емдеу кезіндегі адамның сырқатынан жазылу әрекетін немесе кері әсерін асқынуын бақылап есепке алып ауру жанға мейірмандылықпен күтіп қараудағы шипагерліктің мәдениетін үйретеді.

Ө.Тілеуқабылұлы: шипагерлік - өнердің бір түрі. Ал емшілік – қақалақтың      /ешкінің-З.Қ / өзін көрмей, мүйізін ғана көргендік [1, 80 б.].  Шиагерлік атауы дұрыс. Өйткені, шипа жазады, қонады, дариды, дәру болады деп шипагерлікті екіге бөліп қарайды: Дарымдаулық шипагерлік және Болашақты болжайтын – болжамалы шипагерлік  деп екіге жіктейді. Сонымен шипагерлерді: Теңдессіз шипагер, нағыз шипагер, қараүзген шипагер,  шипагер, емші, емкөс, жарғышы, қараемші, қаншы, тамыршы, сынықшы, оташы, іш сипағыш, көзқарақшы, ішірткіші, бақсы, жауырыншы, балгер, құмалақшы, болжағыш, аяншы, құшнаш, әулие, әнбие деп 24 түрге бөліп оларға жеке-жеке анықтама беріп талдай отырып, әр емшінің өзінің жеке қасиетіне баға беріп, оның шипалық ерекшеліктерін тұжырымдамалы ой талғамымен түйіндейді.

Ғұлама шипагердің анықтамасы бойынша «Дарым-даулық» шипагерлер сырқат адамға тікелей өз шешімімен шипалық емдерін жасап дарымдап, оның жағдайын жеңілдетсе, кейде толық айықтырып жібере алатынына  жеке талғамдық ойын ұсынады. Болжамалы шипагерлер келешекте не болатынын  болжап, сырқатқа  болжамдық ем – дом айтып, жеңіл – желпі емдік шаралар көмегін көрсетеді, емдері болжамдық негізде болады деген ұғымда болған.

 

 

Главная                Библиотека                Предыдущая               Следующая