Рухани емшілік
СИҚЫР – БҰЛ СЫНАҚ
Құдіреті күшті Алла Тағала жамандықты да, жақсылықты да жаратқан. Жақсы мен жамандық Алланың белгілегеніндей болатындығына сену әр мұсылман үшін міндет болып табылады. Адамдардың сиқырға ұшырауы да тек Жаратқан Иенің ықтиярымен ғана болады.
Құдіреті күшті Алла:
«Олар Сүлейменнің мүлкі (кітабы) деп, шайтанның азғыруына ерді. Бірақ мұнымен Сүлеймен кәпір болған жоқ, керісінше, адамдарға сиқыр үйрететіні үшін шайтандар кәпір болды. Мұны олар Бабиладағы Һарут, Марут деген екі періштеге келген сиқыр деп уағыздады. Ол екі періште «Біз адамдарға іріткі салып, сынап бағу үшін келгенбіз, бізге қарап кәпір болмаңдар» деп айтпайынша, ештеңе үйретпейтін. Ал олар бұл екеуінен ең әуелі ерлі-зайыптыларды ажырататын сиқырды үйренетін еді. Бірақ онымен де Алланың рұқсатынсыз ешкімге зиян келтіре алмайтын...» (Бақара: 102)
Алла құлдарына Өз дінінің заңдарын қатал ұстауды әмір еткен және олардың сенімін қиындық, бақытсыздық, ауру немесе сиқыр арқылы сынайды.
Алла былай деген:
«Адам басына қандай бір ауырлық түссе, ол Алланың рұқсатымен болады. Кім Аллаға сенсе, ол оның жүрегіне сабыр береді. Алла бәрін біліп тұрады» (Тағабун: 11).
Кімде-кім Алланың жазғанына төзімділік пен қайсарлық көрсетсе және оның әміріне бағынса, Алла оны бұл дүниеде де, о дүниеде де жарылқайды.
Құдіреті күшті Алла: «Кейде бір қорқыныш-үрей төндіру, таршылық жасау, мал-жандарыңа кемшілік келтіру, өнімдеріңді азайту арқылы Біз сендерді сынға аламыз. Осындай тауқымет келген шақта: «Біз Алланың пендесіміз және оның алдына қайтып барамыз» деп, сабыр сақтаушыларды, (Ей, Мұхаммед), сен қуандыр. Алланың рақымы мен ықыласына нағыз лайықты жандар – солар, тура жолдан аумайтындар да солар» (Бақара: 155-157).
Кімде-кім сиқырға ұшыраса, ол өзіне Алланың сынақ жібергеніне және одан құтылу да Алланың қолында екеніне мықты сенімі болуы тиіс. Алланың елшісі айтқан: «Алла ауруды жаратумен бірге оның емін де жаратқан» (Бухари)
СИҚЫРДЫ СИҚЫР АРҚЫЛЫ ТОҚТАТУҒА
БОЛМАЙДЫ
Сиқырдан емдеудің бір жолы – басқа сиқырмен емдеу. Бұл дінсіздік болып табылады және оған шариғат тыйым салады.
Сиқыршы жындар тайпасының сиқыр үшін жауапты басшысын шақырып (жалынып), одан көмек сұрайды, сөйтіп өте күпірлікке барады. Егер Алладан бұйрық болса, өзі жасаған сиқырын өзі түзей алады және жынды да шығара алады. Ал сиқырды басқа біреу жасаған болса, онда жындар сиқырланған адамнан шығудан бас тартуы мүмкін. Дінсіздердің көмегіне сүйеніп, шайтаннан қолдау сұрайтындар ауыр күнәға батады және олар осы дүниеде де, ол дүниеде де Алланың жазасына лайықты. Олар Алланың сынағынан құтылуға тырысып, шайтаннан қорған іздейді.
СИҚЫРДАН ЕМДЕУДІҢ НЕГІЗГІ ТӘСІЛДЕРІ
Ұлы діни ғұламалар мен сахабалар сиқырды емдеуді Құран аяттарынан тұратын рукия, зикр мен дұғаларды оқу арқылы болатындығын дәлелдеген. Сондықтан да, Айша (р.ә) айтқандай, бір әйел оны дұға оқып емдеп жатқанда, оны Алланың елшісі көріп: «Оны Алланың Кітабымен емде»,- деген (шейх әл-Албанидің «Силсила әл-Ахадис ас- сахиқ» кітабынан (1931)).
Пайғамбар нақты бір сүрені немесе бірнеше аятты бөліп атамаған, Алланың Кітабын ауызға алған, ендеше Қасиетті Құран толығымен ем деген сөз. Көп ғасырлық тәжірибеден көрінетіндей Құран аяттары арқылы сиқырды жойып, ақылынан адасқандар мен көз тигендерді, сондай-ақ басқа ағзалық ауруларды да емдеуге болады.
Абу Са’ид айтқан:
«Біз сапарда жорықта келе жатып бір елді-мекенге тоқтадық. Бізге бір күң әйел келіп: «Ауылымыздың көсемін жылан шағып алды, ал адамдарымыз ауылда жоқ. Сіздердің араларыңында дұға оқитын ешкім жоқ па?» - деп сұрады.
Оған бір ер адам еріп кетті, біз оның дұға оқу жөнінен білімінің бар-жоғынан бейхабар едік. Ол дұға оқып, әлгі адам жазылып кетті. Бұдан кейін ол оған отыз қой бергізіп, бізді сүтке тойдырды.
Ер адам қайтып келгенде біз одан:
«Сен рұқсет етілген дұғаны оқыдың ба, әлде надандық заманның дұғасын оқыдың ба?»- деп сұрадық. Ол: «Мен тек Құранның анасын ғана оқыдым», - деп жауап берді
Біз:
«Қалаға жетіп, Пайғамбардан сұрағанша әзірге ештеңе жасамаңдар», - дедік. Мәдинаға келгеннен кейін болған жайды Пайғамбарға (с.ғ.с) айттық. Ол: «Оның (Фатиха сүресінің) шипа екенін кімнен білдің? Ендеше одан менің де үлесімді беріңдер», - деді (Бухари).
Олай болса, сиқырдан Құран аяттарынан тұратын дұғалар, зiкiрлер және Пайғамбар айтқан дұғалармен және Аллаға серік қосылмаған болса, надандық дәуіріндегі дұғалармен де емдеуге рұқсат етіледі.
КӨЗГЕ ЕЛЕС БЕРЕТІН СИҚЫРДАН ЕМДЕУ
Көптеген сырқат жандар өзінің көзіне неше түрлі елестер көрінетіні жөнінде шағымданады. Кейде сиқырланған адамға қозғалмайтын заттар қозғалып тұрғандай, ұсақ заттар үлкен немесе керісінше болып елестейді. Кейде дененің табиғи түрінен басқаша кейіпте көрінуі де мүмкін.
Сиқырдың мұндай түрін сиқыршылар адамдарды таң қалдырып, осы жолмен ақша табу үшін жасайды. Тауықтың жұмыртқасы шыр айналып тұрғандай, ал екі тас сүзісіп жатқан қой болып көрінген оқиғалар мәлім.
Сиқырды жою үшін Алладан жәрдем сұрау, дәрет алып, азан шақыру, Айтул-Курсиді (2:255) оқып, шариғатта белгіленген шайтанды қууға арналған зiкiрлерді айту қажет. Сиқырдың бұл түрін жонглерлік және қолдың ептілігі өнерімен шатастыруға болмайды.
СЫРТҚЫ ДЫБЫСТЫҚ ӘСЕРЛІ СИҚЫРДАН ЕМДЕУ
Адамдар арасында кездейсоқ сыртқы немесе ішкі ағзалары арқылы сезімдік дыбыстың әсерін қабылдау қабілетіне кез болатындар да ұшырасады. Бұндай жағдайдағы сиқырланған адам қорқынышты түстер көреді, құлағына белгісіз сыбыр естіледі, жақындары мен жолдас-жораларына күмәнмен қарайды. Шайтан оған ұйқыда да, өңінде де маза бермейді. Кейде адам түсінде өзін шақырған дауыс естиді, ояна келе ешкімді көрмейді немесе жоғарыдан құлап бара жатқандай, я болмаса түсінде әлдебір жануарлар өзін қуып жүргендей болады. Ауру асқынып, есінен адасуға дейін жетуі, кейде шайтандардың құлаққа сыбырымен ғана шектеліп байқалмай өтуі де мүмкін. Егер дұғамен емдеу кезінде сырқат есінен танбаса, онда оған мынадай кеңес беріледі:
1. Ұйықтар алдында дәрет алып Аятул-Курсиді (2:255) және Бақара сүресінің соңғы екі аятын оқу.
2. Одан кейін екі алақанын түйістіріп жайып, Құранның соңғы үш сүресін оқып үшкіру және осы алақандарымен денесінің қолы жететін жерлерін сипалау. Мұны үш рет қайталау.
3. Таңертең Саффат сүресін, ал ұйықтар алдында Духан сүресін оқу. Бұл сүрелердің аудиотаспаға жазылғанын да тыңдауға болады.
4. Бақара сүресін кем дегенде үш күнде бір рет оқу немесе тыңдау.
5. Күн шыққанша және күн ұясына кіргенше мына зикрді 7 рет оқу: «һасбийаллаһу лә илаһа илла һууа алейһи тауакаллату уа һууа раббул-, аршил-азим» – «Маған Алла жетеді! Одан басқа Тәңір жоқ, мен Оған сыйынамын және Ол Ұлы Тақтың Иесі!»
6. Ұйықтар алдында мына зикрді айту: «бисмиллаһи уадағту джанби – аллаһуммағфирли зунуби уа ахси шайтани уа фуккриһани уа джағални фин-надиййиль-ағлә» – «Мен Алланың атымен бір бүйіріме жантайдым. О, Алла! Менің күнәларымды кешіре гөр, менен шайтандарды қуа гөр, мені жоғары әлемге бастай гөр!» (хадисті Әбу Дауд келтірген, ал ан-Науауи оны «әл-Әзкар» атты кітабында Сахиқ хадис деп атаған).
7. Аудиотаспаға Құранның 41, 48 және 72-сүрелерін жазып, оларды күніне 3 рет тыңдау.
ОТБАСЫН ҚҰРУҒА КЕДЕРГІ КЕЛТІРУ
МАҚСАТЫНДАҒЫ СИҚЫРДАН ЕМДЕУ
Өмірде адам баласы отбасын құрып, ұрпақ сүйіп, өз халқының рахымына бөленуде жанұяның атқарар маңызы зор. Ұл мен қыз кәмелетке толған соң, өз қалауын тауып, жеке отау құруға ұмтылады. Мұндай жақсылықтың оң болуы да, кейде кері қарсы күштердің торына ілініп, ізгі армандарына кездейсоқ жете алмайтындары да кездеседі. Сиқырдың бұл түрі көбіне некелесуге кедергі жасау үшін қалыңдықтың туыстары, көре алмайтын жақын сыйластары немесе қара ниетті адамдар тарабынан жасалуы мүмкін. Бұл жағдайда жын не әйелге енеді, ол өзіне үйленуге ниет еткен ер адамды көрген кезде көкірегі қысылатын болады немесе жын оған ене алмайды да, бірақ ер адамда оған қорқынышты бейнеде көрсетеді және әйел шайтанның сыбырын жиі еститін болады. Мұндай жағдай ер адамның да басына түседі. Мұндайға ұшыраған адам әрдайым ойға батып жүреді, есінен танады, оған дәрілер әсер етпейді, көкірегі қысылып, ол түс ауғаннан түн ортасына дейін созылады, кейде үнемі іші немесе белі ауырады. Түнде дөңбекшиді.
Сиқырдан емдеу үшін сырқатқа дұға оқылады. Егер бұл кезде есінен танбаса, онда оның үлкен күнәлардан сақ болғаны, намазды уақытымен оқығаны (бұл әр мұсылманның міндеті), ән мен сазды тыңдамағаны, ұйықтар алдында дәрет алып, Аятул-Курсиді, Құранның соңғы үш сүресін оқып, алақандарына үшкіріп денесін сипағаны (бұны 3 рет қайталау қажет), мүмкіндігінше бір сағат Аятул-Курси және Құранның соңғы үш сүресі жазылған аудиотаспаны тыңдағаны, таңғы намаздан кейін зикрді тастамағаны жөн. Сондай-ақ дұғаны суға оқып, оны ішуі және үш күнде бір рет осы сумен ғұсылдануы қажет. Осы ережені бір ай сақтаған дұрыс. Егер бір ай ішінде сырқат тәуірленбесе, онда оның жағдайы төмендей бастайды, осы кезде емді қайталап, жынды шығару қажет. Алладан басқа күш те, құдірет те жоқ!
БЕДЕУЛІККЕ ЖАСАЛҒАН СИҚЫРДАН ЕМДЕУ
Бедеулік еркек пен әйелге де үлкен қасірет алып келетін трагедияның бір түрі. Көбінесе кері оқумен шұғылданатындар екі жаққа да жын арқылы бедеулікті әйелге де, еркекке де жасауы мүмкін. Бұл жағдайда, көбінесе:
а) Жын еркектің жұмыртқасына әсер етеді де, аталық ұрықтың мөлшері қажетті деңгейге жетпей қалады. Сондайақ шайтан аталық ұрықтар тіршілігі үшін қажетті секреция
бездеріне әсер етеді, олар болмаған жағдайда ұрық өледі.
ә) Жын әйелдің жұмыртқа клеткасын зақымдайды, соның салдарынан ұрықтану жүзеге аспайды. Кейде ұрықтану сәтті өткенімен, жүктілік кезінде жын әйел құрсағындағы қан тамырларын зақымдап, оның түсік тастауына әкеліп соқтырады. Алланың елшісі:
«Ақиқатында шайтан Адам ұрпағының қанымен бірге айналып жүреді»,- деген (Бухари және Муслим).
Сиқырдың әсерінен болған бедеуліктің физиологиялық бедеуліктен айырмашылығы бар. Мұндай бедеулікке көкірегі қысылу, әсіресе оның түс ауғаннан түн ортасына дейін байқалуы, жаңғалақтық, белінің ауруы, мазасыз ұйқы, қорқынышты түстер көру секілді сипаттар тән. Емдеу кезінде мынадай шаралар атқару қажет:
1. Аудиотаспаға Құран сүрелерін жазып, оны күніне үш рет тыңдау.
2. Таңертең Саффат сүресін оқу немесе тыңдау.
3. Ұйықтар алдында Мағарыж сүресін оқу немесе тыңдау.
4. Зире (қара тмин) майына Фатиха сүресін, Аятул-Курсиді, Бақара сүресінің соңғы екі аятын, Әл- Ғимран сүресінің соңғы аяттарын және 7 рет Құранның соңғы үш сүресін оқу. Бұл маймен ұйықтар алдында сырқаттың кеудесін, маңдайын және омыртқа бағанасын сылау қажет.
5.Осы аяттарды табиғи таза ара балына оқып, күн сайын аш қарынға 1 қасықтан ішу. Бұл ем 3 ай бойы Қасиетті Құранмен емдейтін шынайы құлдарының бірі болуы үшін Алланың заңын қатаң ұстануы тиіс. Өйткені Алла айтқан:
«Мүміндерге рақымы, шипасы бар Құранды түсіреміз. Залымдардың шеккен зияны арта түседі.» (Исіра :82).
Басқаны емес, нақты сенушілерді бөліп атағаны үшін Аллаға мадақ!
СИҚЫРДАН ЕМДЕЛУДЕГІ САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫ
Сиқырдан емделген ауру адам ол егер сырқатынан Алланың мейірімімен жазылған болса, онда ем жүргізген емшіге (шейхқа) мұндай қабілет дарытқан Әлемнің Әміршісіне мадақ айтуға тиіс. Адам өзінің Аллаға тәуелді екенін сезініп, оның алдында кішіреюі, тәкәппарлық, менмендік танытпауы керек. Жоғары Мәртебеліміз былай деген:
«Егер (бергеніме) шүкірлік етсеңдер, оны тағы да молайтамын, ал егер күпірлік жасасаңдар – тартқызар жазам төтенше қатаң болады!»(Ибраһим :7).
Кісінің дұшпандарының қайта сиқырлауы мүмкін екенін есте ұстағаны дұрыс, одан айыққанын өте жақын адамдары ғана білуі керек. Егер адам Ислам жолын ұстамаған болса, онда ол тәубаға келіп, Алланың ақиқат дінін қабылдауы тиіс.Және Алладан адамдар мен шайтанның қастандығынан қорған сұрауы, күнә жасаудан сақ болуы қажет.Алланың бұйыртуымен сауыққандардың мынадай пайдалы кеңестерді есте ұстағандары жөн:
1. Бұл дүниеде де, ол дүниеде де Алланың мейіріміне бөлену үшін Оған шын ниетіңмен беріліп жалбарын.
2. Жамағатпен намаз оқуды қалдырма.
3. Ұйықтар алдында дәрет алып, Аятул-Курсиді оқы.
4. Кез-келген істі Алланың атымен баста.
5. Таңғы намаздан кейін мына зикрді 100 рет қайтала:
«Лә илаһа иллаллаһу уаһдаһу лә шәрикә ләһу ләһул-мулку уа һууа алә кулли шәй-ин қадир»
«Алладан басқа Тәңір жоқ, Ол жалғыз және Оның серігі жоқ. Бүкіл билік оған тән және Ол-құдіретті!»
6. Күн сайын Алланың Кітабын араб тілінде оқы, егер арабша оқи алмасаң, онда сауатты мұсылман бауырларыңнан көмек сұра және Қасиетті Құранды оқу ережесін үйрен, бұдан бұл өмірдеде, алдағы өмірде де зор пайда бар.
7. Ақиқи мұсылмандармен жиі кездесіп, шариғат сабақтарына қатысып тұр.
8. Күн шығар кез бен күн батар алдындағы зикірді ұмытпа.
Бүгінде сиқыр деген сөзден сезіктену мен қауіптену тек қана мұсылмандар да ғана емес жер бетіндегі барлық адамзатты да сескендіруде. Әлі де өз құпиясын ғылыми негізде толық ашпаған, әр елдің негізгі заңдарында арнайы қаралмаған құпия құбылыс түрінде қалуда. Дегенмен, сиқырдың да шешімі барына бұдан бұрынғы ғұламалардың тұжырымдамаларына сүйенсек, бір Алла тағалаға иман келтірген, діни сауатты мұсылманның зұлымдық торынан құтылуға жол табары анық.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Құран Кәрім. Қазан, 1905.
2. Мұхаммед пайғамбардың өсиет хадистері. Шымкент, «Азиат», 2005.
3. Халифа Алтай. Құран Кәрім. Қазақша мағына және түсінігі. Аударма. Сауд Арабиясы, 1991.
4. Халифа Алтай. Құран әліппесі және иманның шарттары. Алматы, «Қазақстан», 2001.
5. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы. Шипагерлік баян. Алматы, «Жалын», 1996.
6. Юсуф Хаттар Мухаммад. Суфийская энциклопедия. Қазан, «Иман», 2004.
7. Шәкәрім Құдайбердіұлы, мұсылмандық шарты. Алматы, «Қазақстан», 1993.
8. З. Қожалымов. Мәңгілік құпия шежіресі. Алматы, «Сөздік-словарь», 2001.
9. Кхваджа Шамсуддин Азими. Духовное целительство. Москва, «Диля», 2006.
10. Шейх Хаким Моинуддин Чишти. Суфийское целительство. Москва, «Диля», 2002.
11. Ақжан Машанов. Әл-Фараби және Абай. Алматы, «Қазақстан», 1994.
12. Тоқсан түрлі ауруға емдік дұғалар және Құран аяттарының емдік қасиеттері. Ауд. Мұзафар Құттықожаұлы Қара Шайх. Түркістан, «Мұра», 1996.
13. Шығыстың құпия ғылымы. Ауд. М.Қ. Қара Шайх. Түркістан, «Мұра», 1997.
14. Нұрнама. Ауд. М.Қ. Қара Шайх. Түркістан, «Мұра», 1997.
15. Есенбайұлы Әмір-бек қажы. Абжад. Алматы, «Үш қиян», 2002.
16. Ратбек қажы. Ислам – Алланың хақ діні. Алматы, «Ислам әлемі», 1997.
17. Әділ Ахмет. «Құранның ғажайып құпиясы». «Егемен Қазақстан», 1996.
18. Ғұзыхан Ақпанбек. «Құранның» математикалық құпиялары. Алматы, «Өнер», 2000.
19. Дұғалар қасиеті. Алматы, «Қазақстан/Шапағат», 1996.
20. Вахид ибн Абдуссалам Бали. Сиқырдан емделу жолдары. Алматы, «Нығымет» 2005.
21. Араб әріптерінің сырлы қасиеттері және жүз бір дұға. Ауд. М.Қ. Қара Шайх. Түркістан, «Мұра», 2004.
22. Пайғамбарлар дұғасы және «Ясин» сүресі қасиеттері. Ауд. М.Қ. Қара Шайх. Түркістан, «Мұра», 1997.
23. Махиаддин ан-Набаби. Мың бір хадис. Шымкент, «Жібек жолы», 2000.
24. Мехмет Соймен. Ислам дінінің негіздері. Анкара, 1999.
25. Әбілда Әуезов. Құран ғажайыптары. Алматы, «Ислам әлемі», 1997.
26. М. Абдаллах. Сыйқырдан сақтану және емделу жолдары. Алматы, «Қайнар», 2000.
27. Шипалы дұғалар. Құраст. С. Сәрсенбай. Алматы, «Қайнар», 1999.
28. Шайтаннан сақтану жолдары. Ауд. С. Сәрсенбай. Алматы, «Қайнар», 2000.
29. М. Абдуссамад. Мұсылмандық қағидалар мен ережелер. Алматы, «Өнер», 2002.
30. З. Қожалымов. ҚР Халық медицинасының өткені, бүгіні, болашағы. 1-жинақ. Алматы, «Нұрлы әлем», 2004.
31. З. Қожалымов. ҚР Халық медицинасының өткені, бүгіні, болашағы. 2-жинақ. Алматы, «Нұрлы әлем», 2004.
32. З. Қожалымов. ҚР Дәстүрлі емес халық медицинасы. Алматы, «Нұр-Принт», 2005.
33. З.Қожалымов. Тылсым дүниенің құпия емдері. Алматы, «Шалкөде», 2006.
34. З.Қожалымов. «Қасиетті Құран аяттарының құпиялары». «Алматы ақшамы», 25.03.1998.
35. З. Қожалымов. ҚР Халық медицинасындағы бақсылық өнері. 1-жинақ. Алматы, «Шалкөде», 2006.
36. Абул-Хамид Мархабаев. «Ислам және ғұламалар». «Ислам әлемі», № 2, 1998, 18-19-беттер.
37. Ғазез қажы Ақытұлы. «Құран Кәрімдегі» ғылымға қатысты аяттар». «Ислам әлемі», № 2, 1998, 20-21-беттер.
38. Бекен Тұрсын Балғымбекұлы. Денсаулық – халық байлығы. Алматы, «Комплекс», 2003.
39. «Адамды бұзатын үлкен күнәлар - сиқыршылық». «Ислам әлемі», № 2, 1996, 28-30-беттер және № 1, 1996, 22- 23-беттер.
40. «Құран – Алланың сөзі». Осында, 6-7-беттер.
41. Вейман, Германия. «Бұл өмірден мұсылман болып өткен». «Ислам әлемі», № 4, 1997, 7-бет.