ЖАН, ТӘН ЖӘНЕ РУХ
| ||
главная вернуться | ||
Зядан Қожалымов профессор, мәдениеттанушы-ғалым Шипагерлік Баян", мамыр 2016
ЖАН, ТӘН ЖӘНЕ РУХ /басы өткен санда/ ЖАН ТІРШІЛІК ИЕСІ Егер біз физика ғылымының дәлелдеуі бойынша, ашық сымның бойынан бойлап өтетін электр зарядтары да "буланып" кейде "тозаңданып" кететініне сенсек, жан мен тәннен шығатын "ұшқын" жарық сәулеге де сенуге болады. Жанның денеден бөлініп, кеңістікке ұшып кететініне өзім де куә болдым. Ұзақ жылғы ғарыштық тәжірибеден мен де өтіп келем. Түсімде аян аламын. Көрген түстің шешімін іздеймін. Анықтауды жоспарыма қоямын. Кейде мені ұйқыдан бір күш кеудемді қысып оятады. Көзім ашық. Өзім жатқан бөлме төбесінде, қалқып тұрған "Алтын түсті" шұбаланған жіп тізбектерін көрем. Әлгі ғаламат тізбектер терезеден кіріп, есікке қарай 7-10 минуттай өтіп жатады. Кейде жұлдыз болып көрінеді. Кейде мешіт, қуаныш ордасы жайлау, орман, көл, өзен болып та көрініп, өз бағыттары бойынша сағым болып ағып жатады. Көріп болдың-ау дегендей көзімді бір күш жұмуға тырысады. Кей кездері екі реттен қайталанады. Әрине, бұл жағдай ұдайы емес. Өзінің мезгілімен келеді. Бұлар мені қорғаушы, бақылаушы, бұйырушы, демеуші күштер екенін сезе бастадым. Менің жұмысымда (қоғамдық) бір жақсы ілгерілеу болады. Кейде кеңістікке жанның ұшқанына да куә боламын. Бірде аспанда (қазан, 1992 ж. Қарағанды да) маған өзімнің қарсыластарымды көрсетті. Бұрын ертеде болғандардың қайсысы қайда, қандай жағдайда отырғанын көрсетті. Мыналар бұрын арамдық істегендер ал, мыналар бұрын жақсы өмір сүргенімен, олардың жер бетіндегі ұрпақтары Жаратушысын, аруағын ұмытты. Кәпір болды. Пенделерге жамандық жасауда. Біз бәрін көріп, біліп отырмыз, олар өз ұрпақтарының ауыр күнәсі үшін бұл дүниеде жазалануда дейді. Енді аруақ назасының жаман екенін білейік. "Жаным менің, сен қашан жай табасың" деген о дүниедегі рухтар үні құлағымнан бірнеше жылдан бері әлі кетер емес. Бұл үн елімізде, ұлтымызда имандылық салтанат құрған сайын, азая беретініне сенген де дұрыс. Осыдан-ақ, өмірден өткен бабалардың рухы, артындағы ұрпағына өкпесімен қатар жақсылығын тілеп, өзі сүйген пенделеріне тыныштық бермей жүргенін жоққа шығаруға болмайды. Біреулер менің "Аруағым күшті" дейді. Бұл оның сауатсыздығы. Аруақтар да Алла тағаланың бұйрығы бойынша жүреді. Аруақты саудаға салуға, бекер күнәкәрлікке баруға жол беруге болмайды. Әркімнің таза ниетіне қарай, Алла тағаланың шешімімен койылған, корғаушы, бақылаушы, бұйырушы, орындатушы, әртүрлі стильде тергеуші, тексеруші күштер барын білу артық емес. Әр түрлі дәлелдер мен болжамдарға сүйенсек адамның жаны төбесінен (орайдан) шығады десе, кейде жан сол көзден шығып кіреді деушілер де бар. Жан қан айналу жүйесінің бойына орналасқан деушілер де жоқ емес. XV ғасырда ұлы ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы ("Шипагерлік баян", "Жалын", 1996 ж.) жанды малдың басынан ұрып жығып өлтіру арқылы немесе тірі қойдың төсін пышақпен тіліп жіберіп, жүрегін жұлып алу арқылы анықтауға ұмтылды. Дегенмен, талай ғылыми жаңалық ашқан баба бұл жан жөнінде де өзіндік жақсы шешім кабылдаған да болар. Амал канша кітаптың көп бөлімінің жоқ болуына байланысты, ғұламаның жанның не екенін анықтауға талпынысын еске алудан ары аса алмаудамыз. Әйтсе де, жан дегеніміз көзге көрінбейтін, нәзік, сезімтал, газды нұр пішініндегі, түссіз, бүкіл дененің тетіктерін желім сияқты желімдеп, жалғап тұратын қуатты қоздырғышқа ұқсас, кейде дененің біз білмейтін ток шығаратын (заряд), генераторы ма дейсің. Қалай десе де, жан адамның тәні (денесі) үшін мөлшерлі өмірдің мәңгілік қуатты моторы екеніне күмән жоқ. Кейбір адамдардың ажал жетіп, шыбын жан кеудеден шыққан соң, осымен өмір тоқтады деген шала сенімнен айырылғаны жөн. Жан бұдан кейінгі мәңгілік өмірді де жалғастырушы нәзік күш екенін білген артық емес. Француз жазушысы Виктор Гюго: "Мен дегенің pyx. Көрге мен емес, менің тәнім ғана баратынын жақсы білемін. Ал менің "Менім" көрге бармайды, басқа жаққа бет алады. Өйткені, қай нәрсе болса да ұдайы өрге өрлеп, көкке көтерілу үшін жаратылған. Хайуанаттан адамға, адамнан Құдайға жетуге ұмтылады. Мен өзімнің болашақ өмірім бар екенін айқын сезінемін", – дейді. Адам да нулы орман сияқты нулы кішкене әлем. Орман бұтағы қырқылғанымен, оның қайта гүлдеп өскеніндей, адам да о дүниелік болғанымен, жаны арқылы қайта жаңарып ғаламат өмірге ие болып, өсетінін білдіреді. Адам тірлігінде каншалық көп іс тындырдым дегенмен, ол өзінің атқаратын ісінің мыңнан біріне ғана үлгереді. Ахиреттік болу, ол екінші дүниенің есігін айқара ашып, жаңа жұмыстың басын, бұрынғының жалғасын бастау болмақ. Біздің өзіміздің ар-ұжданымыз кіршіксіз таза болса, онда бізге ешқандай зиянкестік әсер ете алмайды. Адамдар осыны білуі тиіс. Жер бетіндегі әр заманда өмір сүрген халықтардың көне қол жазбалық діни түсініктеріндегі, кішкене ауытқуларға қарамастан, олардың өлгеннен соң да өмір барына сенетіндігі таң калдырады. Соның дәлелі Египет, Вавилон, Үндістан және Греция елдерінің ескі діни уағызында тәннен (денеден) бөлінген жанның (рухтың) мәңгі жасайтынына сенім білдірген. Көбінесе бүкіл адамзатқа тараған көне (б.э.д.) ілімдер Үндістанда сақталған. Жоғарыдағы елдерде біздің дәуірімізге дейін 4-5 мың жылдар ілгері жазылған кітаптар да бар сияқты. Мысалы: Египеттік "Марқұмдар кітабы", Үнділердің "Ажал кітабы", Тибеттің "Марқұмдар кітабы" т.б. шығармалар, бұдан да бұрын жазылған Ведалық ("білім"-деген сөз) ғылыми кітаптарда өз уағында бір зерттелген іліми шындықтың мұрасы шығар. Адамның "Тағдырлық жұлдызнамасы" ведалық "Веда Астрологияда" жазылған. Үнді жерінде ведалық ілімдер жазылды. Олар таратылып сақталған. Ведалық ілімдер – діни ілім емес. Веда – мәңгілік касиеттің қарым-қатынасын түсіндіріп, құпиясын ашып, адамзатқа ақ жол көрсетеді. Адамның басты қасиеті – бір-біріне қызмет етумен шектелместен, жоғары Жаратушыға қызмет етіп, құлшылық ету болып табылады. Өйткені, Веда ілімі бойынша материалдық және рухани әлем, бізді Жаратушының екі түрлі энергиясы екен. Егер біз Жаратқан иемізді (Тәңірді) күнге теңесек, ал оның есепсіз сәулесі – сан жетпейтін тіршілік иелері. Сондықтан да Жаратушы тәңірімізден бөлінген жан да, оның бір нәзік ұсақ бөлшегі болмақ. Бұдан шығатын қорытынды, Жаратушы иеміз мәңгілік болғандықтан, оның ұсақ бөлшегі, нұр сәулесі – жан да мәңгілік болмақ. "Тибеттік марқұмдар" кітабында былай делінген: "Адамның ішкі жан дүниесін танып білу ғарышты зерттеп білумен салыстырғанда әлдеқайда маңыздырақ". Адамның ішкі құпиясын зерттеуге өміріміз жетпейді. Ол таусылмас мұхиттай терең әрі шетсіз де, шексіз. Адамның жаны ғарышта тазарып, ол ғарыш сотының (Жаратушы иенің) үкімін алған соң, жан (рух) өзінің пейіш және тозақ ғаламшарына орналасады. Бұл жағдай "Үнділердің қасиетті жазбаларында" нақты түсіндірілді. Тозақ (Тамұқ) дегеніміз – "адамды имандылыққа, адалдыққа, парасаттылыққа тәрбиелеп, дұрыс жолға салу" – дейді. Қысқасы күнәлі адам (жаны) тәні өзінше нәзік, жұқа басқа тәнге ауысып, көшірмесін жасап, баска азап шегетін тәнге айналып, жазасын тозақта өтейді екен. Бірақ азап шегу мерзімі де өлшеулі болатын сияқты. Өз жазасын бітірген адам, қайтып күнаға батпауға бет бұрады. Осыны ескеріп, мына жалған дүниедегі қысқа ғұмырымызда қажетсіз нәрселерге өмірімізді сарып етпей, рухымызды таза ұстап, о дүние жөнінде де хабардар болу қажет. Біздің Жаратушы иеміздің энергиясы материалдық энергияның сыртында жатқандықтан, ол материалдық энергиядан үш есе үлкен екен. Ғаламшарлар материалдық энергияға орналасқан, саны да көп. Ал жандар болса тіршілік ғаламшарының кез-келгеніне түседі. Жан тіршілік жағдайына қарай өзінің ғаламшарында денеге ие болады. Осы денелер мен сансыз ғаламшарлар Жаратушының энергиясы болып табылады. Бұдан біз тіршілік иесінің мәңгілік жан және жойылып кететін материалдық денеден тұратынын білгендейміз. Тіршілік иесі жоғары Жаратушының материалдық және рухани энергиясының аралығындағы энергия екеніне көзіміз жеткендей болды. Жан да рухани әлемдегі ғаламшарларда мәңгі өмір сүретінін білдік. Ал кейбір жандар рухани рахатты артық алғысы келіп, Жаратушы алдында ірі кемшіліктер жіберетіндіктен, Жаратушы ондай жандарды басқа материалдық әлемге, кескіңді дене түрінде жібереді екен. Мысалы: егер ол жан жер бетінде болса адам денесін, өсімдік, жәндік, аң т.б. тұлғалық дене алуы мүмкін. Егер материалдық дене мәңгілік рухани әлем ғаламшарынан суға түссе балық, су жәндігі немесе су асты өсімдігі денесін алады-мыс. Материалдық әлемге түскен жан эволюциясының даму заңына сай, бір денеден екінші денеге ауысып жоғарылай беруге тырысады. Осылай жылжумен даму арқылы, жақсылығы негізінде Жаратушының жарыл-қауымен миллиондаған жылдардан соң, адам денесін алады екен. Мысалы, осы жүйелі кезеңді былай ұғынуға болады. Қасиетті ағаш дегендер болады. Кессе қан немесе сүт сияқты сұйық ағады. Мұндай әрекетке бар-ған адам көп ұзамай өледі немесе ұрпағымен ауыр қасіретке душар болады. Африканың Амазонка өзендері мен ну ормандарында адам жейтін ағаштар да бар. Осы сияқты мысалдардан Жаратушы иеміздің құдіреті күштілігіне бас иіп, мойындамасқа лаж жоқ. Адам денесіндегі жан өз өмірінің мақсатын дұрыс түсініп, таза, адал болса, жан рухани әлемге тез оралады екен. Рухани әлем – мәңгілік әлем. Онда еш нәрсеге мұқтаж емессің. Бәрі рахаттың рахаты. Алла тағала бәріңізге осы рухани әлемнен орын беруге нәсіп етсін. Ал керісінше кейбір жандар адал жауапкершілікті түсінбегендіктен, ірі зиянкестік қылмыс түріне барып, жауыздықтың иелері болады (адамдар) екен. Ондай денелер өзінің өмір сүру нәтижесіне қарай хайуанат, кейде өсімдік дүниесіне түсіп, осы денелерді алуы мүмкін. Бұлай болғанда жан тағы да эволюцияның даму айналымына түсіп миллиондаған жыл адам денесін алу үшін өмірін өткізеді. Ал арнайы үлкен қылмыс жасаған материалдық дене алғаш тозақ ғаламшарына түсіп, белгілі уақыт аралығында күнәсін өтейді. Сондықтан да тірі пенде жанының қадірін білсе, оның имандылығын арттыруға жаман кылықтардан айырылуға таза ниет болмақ. Халықты дағдарысқа жібермеу, санасын ояту, ғарыштық ілімнің маңызын үйреніп білу – біздің болашағымыздың асыл заты әрі жарық айнасы да. Жанның мәңгі жасайтыны жөнінде Платон: "Біздің санамыз, өзгеріссіз дамитын ал, рухымыз материалдық нәрсе емес, бірақ солай бола тұрса да, мейлінше нақты нәрсе" деп оны дамыта түсті. Тағы да Платон: "Өлім дегеніміз тірі адамның тәнінен тыс бөлшегінің, яғни жанның материалдық бөлшегінен, яғни тәннен бөлініп шығуы" деп тұжырымдады. Жан дегеніміз – ол pyx. Рух толық өз ғаламшарында тазаланудан өткен соң, жоғарыда айтқандай нәзік әрі жеңіл адам пішінді көшірме дене тұлғасына енеді. Осы тұлға аруақтық дене бейнесі болуы керек. Сондықтан да pyx қиямет-қайымның сотынан өткен соң демеп-жебеуші аруақтармен жолығып, тілдесіп тұрады. Бұндай аруақтармен түс арқылы да тілдесу болып тұратынынан көбіміз хабардармыз. Бірақ оның байланыстық жүйе ісі қалай болып жатқаны белгісіз болса, енді ойлансақ біраз құпия шешілгендей болды. Адамзат ғарыштык даму кезеңі заңының жеті сатысынан өтеді. Қазір адамзат оның бесінші сатысынан алтыншы сатысына өтуге дайындалуда. Ал жетінші сатыға жеткен адамзат жаны мәңгілік рухани әлем ғаламшарында өмір сүреді. Бұдан кейін өмірдің шексіз айналуға көшу жүйесі жоғарыда айтқандай қайтадан сатылық әрі кезеңдік эволюциялық дамуы басталады. Бұл заңдылық миллиондаған жылдарды артқа тастап, қайталана бермек. Жоғарыда баяндағандай жан тәннен бөлініп, сұрақ ғаламшарына барып сұралып, тазарғаннан кейін нәзік дене астралды денеге көшеді. Ал астралды дене тағы тазаланып, өте жоғары сатылы монталды пішінді денеге айналады. Міне, осы дамудың эволюциялық заңын жеті сатылық дейді. Нақтылай келгенде бірінші эволюциялық сатыда монталды дүние орналасса, екіншісінде астралды дене (тазарған), үшіншісіне – мәңгілік жан физикалық тұлғаға ие, төртінші саты – физикалық денені жетілдіреді, бесінші саты – Сана, ақыл-ой даму сатысы, алтыншы саты – онда адамдар ғарыштық қуаттарды еркін меңгеріп, өмір сүрудің жоғары жүйесіне өтеді. Ал жетінші саты – Мәңгілік жанды жетілдіреді. Міне, осылай сатылық қайталаудан, Мәңгілік жанның физикалық денеге айналып келіп тұратынын білеміз. Қысқасы, біз физикалық әлемде өмір сүрудеміз. Ал, астралды әлем күнәні тазарту әлемі немесе тозақ. Монталды әлем – ол ұжымақ (пейіш) немесе күнәдан аппақ болып тазарған астралды дененің монталды денеге айналуы. Жер бетіндегі адал, озық ойлы, саналы, мейірбанды адамдардың рухы (жаны) астралды мен монталды әлемге көп аялдамастан, рухани әлемдегі Жаңа білімді жеткізу үшін физикалық әлемге кайтадан жіберіліп отырады. Көптеген дәлел, шешім, заңдылықтармен қатар пікірлерді де салыстыра отырып, жанның бұл дүние мен о дүниедегі тіршіліктің қожасы, оның шешуші иегері екеніне көз жеткізуге ұмтылысымыз халқымыздың көп нәрсені біле, түсіне бермейтін танымына аз да болса көмек болар деген ой жүзеге асса, арманға жеткеніміз дер едік. Жанның құдіретін білу, оны таза сақтауға ұмтылу, адамның арының тазалығы болмақ. Халқымыздың "Жаным – арымның садағасы" дегенінің шешімі осылай жүзеге асуға жол көрсеткендей. Сондықтан да енді жанды толық тіршіліктің иесі деу артық болмас. /жалғасы бар
| ||