ШИПАГЕРЛІК ДӘСТҮРІ ЖӘНЕ ФИЛОСОФИЯСЫ

Страница 6

На главную              Библиотека               Предыдущая                 Следующая

 

 

Шипагер ғұлама Ө.Тілеуқабылұлы 18 мың ғаламның түпкі негізі  алғашқы алты  несіптік тұғырлықтан оның ішінде үш – ыстықтық / Арқау, су, ұштасым / және үш – суықтық  /Бітім, қимыл, әужал/ өзегінің  байланысы әсерінен болатынына  сілтеме жасайды. Мәселен, Арқау - өзегі  ыстық тұғырлық, су - өзегі  суық тұғырлық, ұштасым - өзегі қараңы тұғырлық, ал бітім -өзегі тұрақ тұғырлық, қимыл - өзегі- кеңістік тұғырлық, әужал - өзегі жарық  тұғырлық. Сондай-ақ, адамның соңғы алты тұғырлық  несібесінде: үш - ыстықтық /ләм, мекен, ылпа / және үш - суықтыққа /тыныстық, қару-жарақ, ұрпақ-тастық/   бөліп, өзегі қарағы тұғырлық – ләм, өзегі  тұрақ тұғырлық – мекен, өзегі ыстық  тұғырлық – ылпа, өзегі кеңістік тұғырлық – тыныстық, өзегі жарық тұғырлық – қару-жарақ, өзегі суық тұғырлық – ұрпақтаныс  екендігіне  тоқтам  жасаған қараүзген  шипагер ыстықтық пен суықтықтың негіздері адамның мінсіз бітімінің тұлғалық өсу дамуына, денсаулығының жақсы болуына және сырқаттың  пайда болу себептеріне нақтылы  жоғарыдағы алты несіптік пен алты несібелік немесе он екі өзектік тұғырлыққа тәуелді бола-тынына тоқталып шипагерліктің негізгі шартын анықтап береді.

 Шипагер ғұламаның анықтауынша: “Сырқат сыпаты – мәннілі суықтық, шипа ем дарым зәруаты сыпат мәннілі – ыстықтық, дарулық дарымдылығы терлетімдік болмақ” - деп [1, 85 б.], сырқаттың туу себебі ыстықтық пен суықтық әсерінен болатынына одан сақтанудың жолдарын шипа-герліктік танымдық тәжірибесімен терлетудің онға жуық тәсілін ұсынып түсіндіреді.

 Осындай күрделі медициналық  энциклопедиялық алып кітапты жазған Ө.Тілеуқабылұлы көп ұлт тілін білетін, түсінетін  көп салалы ғылымнан терең білімі бар нағыз философиялық ой талғамы мол ғұлама ғалым  екендігіне күман келтіруге  болмайды. Көрші елде тұратын «Шипагерлік баян» кітабының баспадан басылып шығуына тұңғыш көмектескен, кітаптың құндылығын жоғары бағалаған Шыңжаңның Алтай аймағының уәлиі, ғалым Қадыс Жәнәбілұлы: «Ұлтымыздың шипагерлік, тарих, философия, астрономия салаларынан жосылатын жол салған, сан ғасыр сақталған бұл бағалы мұраның жарық көруі кейінгі ұрпағымызға ұшан-теңіз болатындығы даусыз» - деген [40(1), 9 б.],  қуанышты тілегін  білдірді.

Орта ғасырда  Отырар, Түркістан, Тараз, Баласағұн, Сайрам, Сауран, Сығанақ, т.б. қалалар шығыс пен араб әлемін мойындатқан  білім мен ғылым және мәдени – рухани  орталықтар  болғаны  белгілі.

Орта ғасырлық ғұлама ғалым, әлемнің “Екінші Аристотель” атанған Әбунасыр әл-Фараби  мен  медицина ғылымның атасы, Философ,  жаратылыс танушы Әбу Әли Ибн Сина  математика ғылымының  атасы, астроном   Хорезми ( IХ – ғасыр ), Әбурайхан  Бируни ( 973 – 1051 ),   ғұлама ғалым  әрі ақын Жүсіп Баласағұни  еңбектері  негізінен  араб тілінде жазылса да, өз елдерінде көп тарағанды. Әбурайхан Бируни “Емдік заттар жөніндегі кітап” атты еңбегінде Орта Азия аймағында өсетін емдік шипалық шөптерге толық анықтамалық  сипаттама берсе, ал Әбу Әли Ибн Сина  “Шипагерлік ғылымның негіздері” атты кітабында адам ауруларының түрлеріне, олардың емдеу әдістері мен сақтану жолдарына және көптеген  дәрі – дәрмектерге тоқтағанын ескерсек, Ө.Тілеуқабылұлы да осы ғұламалардың еңбектерін оқып, зерделеп өзінің “Шипагерлік баянын” жазарда басшылыққа алып пайдаланғандығын, өзінің түсінігі бойынша жеке ілімін дамытқанын  әрі өзінің ұлы ғұламалар ілімін құрметтей  бағалағандығын  аңғаруға болады.

    Бұл, Шығыстың және Орта Азия ғұламаларының меди-циналық және көптеген гуманитарлық еңбектерінің әсері мен ұлттық этникалық ерекшеліктері қазақ шипагерінің ой өрісінің өсуіне, ойлау идеяларының дамуына және оның нағыз ұлттық бағыттағы философиялық этникалық ұлттық шипагерлік  ілімін жазуына әсері мол  болғанын көрсетеді. Шипагер ғұлама өзінің парасатты ілім арқылы шипагерлік саласының сырқаттың ауруын емдеу саласында оның түрлеріне қарай әр түрлі емдеу әдіс-тәсілдерінің жеке түрлерін де бірнеше салаға бөліп, шипалық емінің нәтижесіне жеткендігін аңғаруға болады. Ол сырқаттың пайда болу салдарының себептерін көбінесе мезгілдік өзгерістерге және жарық пен қараңғылыққа да байланысты өзгеріп тұратынына өз тұжырымдамасын жасады. Адам организміне ыстықтық /мезгілдік, күн көзінің ыстығы, топырақтық ыстықтық, тұлғалық қызу/ пен суықтық /тоң өту, аяз, ызғар, сыз өту/ өзгеріміне қарай, жазда, күзде, қыста және көктемде әр түрлі құбылыста болатынына мән беріп қорытынды шығаруы, шипагерліктің негізіне іліми көзқараспен қарағандығын сипаттайды. Шипагер жаны сауттылықты сүйді, ұнатты, адалдық пен жауапкершілікті басты міндетінің парызы санады. Оның әр бір әрекеттік іс де шындыққа ұласты. Ол өшпес, өлмес, өте қажетті ұлттық денсаулықтың ғылымнамасын ұрпағына тарту ете білді. Заман өзгереді, жылдар жылжиды, бір-ақ қараүзген шипагер Өтейбойдақтың мұрасы күн нұрындай мәңгі шапағатын шаша брері анық.

Ө.Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баянын» Қазақстан да зерттеп жеке ғылыми зерттеулік ойларын жазба түрде білдірушілердің де саны көп салалы ғылымдар бойынша көбеюі қуанарлық. Бұл жаңадан тарихқа енетін қазақ шипагерлік дәстүрінің философиясының ықпал етері анық. Академик, Ә. Нысанбаев: «Әрбір философиялық жүйе адамзат тарихының белгілі бір даму сатысында қажеттіліктен пайда болатын құбылыс. Сондықтан да өткен дәуірдегі философияық жүйелердің өзіндік танымдық, саяси-әлеуметтік негізі бар, сол себептен әр дәуірдің философиялық жүйесін талдай отырып, оған нақтылы-тарихи тұрғыдан көз салуымыз керек», - деген [41, 11 б.] ой толғамы, осы жұмыстағы қараүзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының философиялық ой жүйесіне де  ғылыми зерттеу қажеттігін аңғартады. Шипагер ғалым еңбегіне  ғылыми зерттеу жұмыстарын бастау қажеттігі ұлттық шипагерліктің тарихының жаңа өркендеуіне жол ашқандық  әрі шындыққа ұласқандығын білдіреді.

Шипагер өз қызметінде халқымыздың: “Сынықтан басқаның бәрі жұғады  деген дана сөзін әрқашанда өзінің шипагерлік ілімінде басшылыққа алып, сырқат адамның ауруларын жұқпайтын және жұқпалы деп екі топқа бөлу арқылы шипагерліктің тазалық, сақтық және ұйымдастыру жолдарының жаңа стилін ұсынды. Шипагер ғалымның “Шипагерлік баян” кітабында сырқатты анықтаудың 32 түрін /Есек жем, ауызжара, алапес, қызылша, сүйел,...........т.с.с/, сыртқы дене жарасының алты түрін  /шиқан, жалғыз жара, жақ рагы.........т.с.с./, зерттең аурудың 5 түрін, күйіп қалудың 3 түрін, улы жәндіктер шағуынан болатын ауруының 3 түрін /жылан, шаян, бүйе/, сіреспе /талма/ ауруының 2 түрін, үсіп кеткеннің 3 түрін, есі ауысқандықтың 4 түрін /қояншық, бұқпа, есалаң, жынды/, ата-анада кездесетін белсіздік ауруының 5 түрін, жүйке ауруының 2 түрін /нерв әлсіздігі, ұйқы қашу/, мүшелерде өзгерістен болатын аурудың 9 түрін /тістің етіне қосымша өсетін ет/ әр түрлі мүшеде ет өсу........т.с.с./, іш кебу мен асқазан қыжылдау, мұрын қанау мен бой бұзылу, қансырау, дәретке қан араласудың 4 түрі, дене-ағзалардың қақсауының 5 түрі /тіс қақсау, шеке.... ....т.с.с/, жазымдық сынықтың 4 түрі /сыну, шорт сыну, быт-шыт сыну.........т.с.с/, құсудың 3 түрі /ұшықтан, тамақтан, жүктіліктен/, жұқпалы қауыпты аурудың 10 түрін /құлғана, мерез, соз, жіңішке, көктүйнек, көкшешек, түйнек......т.б/ кездестіреміз. Бұдан көп сырқат түрін талдап жазу кітаптың төрттен үш бөлігінің өртенуі ұлттық халық шипагерлік емінің орын толмас қасіреті демеске амал жоқ.

Елі мен жерін сүйген Ө.Тілеуқабылұлы: «Ел - білім дәулетінің қайнары.  Ел айтса – елт айтпайды» қағидасын сырқаттың ауруын емдеуде  бұлаудың 6 түрін: Қапталғы бұлау / борсыма бұлау – З.Қ /, бапталғы / бу  бұлау З.Қ /,Сақталғы / су бұлау –З.Қ. /,Қақталғы / құрғақ бұлау – З.Қ /,Нақталғы / түйіндеп – З.Қ./, Шапталғы / құм бұлау – З.Қ. /, уқалаудың  11 түрін /түйіндеме, батырма, дөңгелендіргі, ысқалғы, сыдырғылау, жылдырытқы, қақпаулығы, мыйтың-қыл, шымшыл, қос алақан, бөгделеме [1, 365 б.] және  үзудің онға жуық  емдеу түрлері өте қарапайым, әрі түсінікті  түсіндіріледі.

Шипагер еңбегінде көбінесе көз сұғы бар адамдар мен тіл сұғы бар адамдардың кері әсерлі қуаттарынан жас балалардың  көбірек зардап шегіп ауратыны туралы дәлелдей  келе, ондай кері қуатты адамдардың белгісі мен денесіндегі айырықша ерекшклігі туралы тоқталып, олардан сақтану жолдарына тоқталады [1, 146 б.]. Шипагер ғұламаға Жаратушы иеміз өмірдің қызығы жар сүю, балалы болу, жанұя рахатын көруді жазбаса да, ол барлық өмірін шипагерлік ілімге арнады. 

Өз әкесі шипагер Тілеуқабылдан алған тәрбиесі бойынша  «Қырықтың бірі қызыр, жетінің бірі  әулие» қағидасымен  41 өскін мен жеті шипалы шөптің қоспасынан жасалатын шипалық дәрі-дәрмегін жердің  40 түрлі қыртысынан /тау, төбе, ойпаң, құмдауыт, тасты, сулы, теріскей, орманды  т.с.с. /жинап, дәрі-дәрмегін жасап, шипалық емнің  мерізімдік 3,5,7,13,21,25,41  үлесімдік емдік әдіс – тәсілін  ұсынды.  Қорыта келгенде Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы өз еліндегі барлық дәрілік шөптердің емдік қасиеттерін толық меңгеру арқылы, шипагердің білімінің тереңдігі мен тәжі-рибесінің сауттылығын  таныта білген ірі фармакология саласы маманы екендігін таныта білді [1, 314 б.].

Қазақтың фармакология ғалымы М.Қожабеков өзінің «Дәрілік өсімдіктер» кітабында  дәрілік  шипалық өсімдіктер жайлы былай дейді: «Дәрілік өсімдіктер жайында тұңғыш рет біздің дәуірімізге дейін ертедегі грек дәрігері Гален алғаш рет жауап берді. Ол өз дәуірінде қолданылған екі жүзден астам өсімдікке сипаттама берді. Бір-ақ ғалым өсімдіктерде неліктен шипалық қасиет болатынын айтып бере алған жоқ» [42, 3 б.].  Әрине өсімдіктердің дәрілік қасиеті жөнінде дәрігер-ғалым П. Массагетов: «Тегінде бір нәрсеге бас ию керек болса,онда өсімдікке бас иіп, тәжім ету керек. Өмірге қажеттіктің бәрін адам осы өсімдіктен алады»,- деп [43, 5 б. ] табиғаттың берген сыйына ерекше сүйіспеншілігі, адам мен табиғаттың өзара қатынасында өмір жалғасы жатқанын аңғартады. Табиғатты аяла адамзат деген нақыл сөзде осыны білдіргендей.   

Шипагер Ө.Тілеуқабылұлының да дәрілік өсімдіктер жөніндегі кейбір танымы мен көзқарасы жағынан грек дәрігері Галенмен ұқсастығы мен үндестігі барлығы байқалады. Шипагер дерліктей көптеген ауруларды емде-генде шипалық емі қонғанын, бірақта қылтамақ ауруының белгісіне тоқталып: «Әттең, шіркін кеудені тіліп, сырқат қайнарлығын сылып, өңештің тарылған көлгімін селебелеп кескі алғы боп жалғамдаса, қайтерлік болмақ?, бұл қолдан келерлік. Тілгілік, тіккелік жоқ. Қандай қару қажет жарағы шарты. Ойланып  тапсақ, жасарлық кім болмақ? қол қысқа, заман тысқа. Бұл алланың жазуы ғой, амал не?» [1, 362 б.]- деуінен шипагердің оташылыққа да терең ғаламат философиялық  түжырымдық идеялық  ұсынысын  аңғартып, оташыға қажеттің бәрі болса  бұндай ауруларды да  емдеп  жазуына мүмкіндігі барын  сезіндіреді. Ө.Тілеуқабылұлы  өзінің  кіндік қаны тамған, өскен жері Шалкөдесінде ғана  дәрі-дәрмегін жасап шипагерлік емін жалғастырмаған. Шипагер қазақтың кең даласының Сырдария, Мұзтау, Хорасан, Омбы, Нұра, Жезқазған,Торғай, Шу, Жаркент т.б. жерлерінде болып білімділігімен көптеген ауру адамдарға  сырқатынан  жазылуына  көмегін  беріп, сол аймақтарда да өзінің  шипагерлік тәжірибелерін сынақтан  өткізуді де ұмытпағаны, оның шипагерлік өнерінің  негізін қалаушы екендігін көрсетеді.          

Шипагер бір ғана ауруды емдеумен айналыспай осы заманғы акушер дәрігерлердің қызметіне де еңбегін  арнағанын: «Бала теріс болса онда әйелді тулаққа салып орап, оңға үш рет және солға үш рет шайқаса бала орнына келеді» [1, 368 б.]  - дегені осы заманғы медицинаға қосқан  оның алғашқы тәжірибелік  үлесі болмақ.  Шипагер  еңбегінің қамтыған  ауқымы кеңдігін  4600 ден аса шипалық емі мен оның  ішіндегі тағамдық емдік рецептердің  кездесуі қазақтың халықтық шипагерлігінің сол уақыттан да ары дамы-ғандығын  айқындайды.

        Ө.Тілеуқабылұлының  шипагерлік ілімін бір қана ғылыми  талдаумен  баяндап беру мүмкін емес. Шипагер өзі құрметтеп ұстаз еткен, білімдерін  жоғары бағалаған бабаларына  арнап: «Әбунәсір әл-Фараби айтқандай, меніңше де  талас- тартыссыздық нәрсені алла жаратпаған. Бірақ Баласағұн айтқылық осынаулық кейбір аталымдық дәуірлік  тіл өзгерімдік айтылғысы ұқсамаулық болғанымен, түпкі мәні бір деулік» - деген [1, 379 б.] данышпандық ойында инабаттылықты сақтап философиялық  ұғымында  қарағанын аңғартады .

Сондықтан да Ө.Тілеуқабылұлының ой талғамы да өзінен бұрынғы ғұламалардың негізгі идеяларымен жалғасып сабақтасып әрі үндесіп жатқандығын сеземіз. Шипагердің: «Мейлі Әбунәсір Әл Фараби болсын, мейлі Жүсіп сақ Баласағұн болсын, мейлі мен болайын, біріз, бір тілетік-терміз. Ол екеуінің менен артығы жырлауыл, сөйлеуіл, шижаламада ғана. Сонымен қоса үшеумізге орта теңдік «Шопан үсті бозторғай ұяламдықтап жүмыртқаламдығы» таппақ» - дегенінен [1, 379 б.], шипагердің бұл екі  ғұламаның да еңбегімен таныстығын және еңбегін жазарда пайдаланып басшылыққа алғандығын, оған құрметпен қарағандығын  білдіреді.      

Ғалым шипагер Ө.Тілеуқабылұлының танымдық көзқа-расы бойынша жазылған оның еңбегі, біздің ұғымымызбен қарағанда ғылыми бағыттың қолданбалы және теориялық – тәжірибелік бағытында жазылғанын аңғартады.

Өз заманының философиялық танымдық идеясы негізін басшылыққа алып жазған медициналық алып туындының бес ғасырдан асық уақыт өтседе, құндылығының жоғары екенін ғалымдардың анықтамалары мен зерттеулері анықтауда. Ол өзінің білімінің молдығына қарамай менің білімім шектеулі, үйренуді қажет етеді, Алла ғана дүниені жан-жақты біле алады деп, өзінен бұрынғы ғұламалар әл–Фараби, Әбу Әли Ибн Сина, Ж.Баласағұн т.б. ғұламалар еңбегінде баяндалған ұғымдармен танымдық идеялық ұқсастығы барлығын байқауға болады.  Шипагер өз ойын ашық көрсетіп дүниені тану керек, бүгін білмегенді ертең білу қажеттігіне тоқталады.

Дүние тануды Қожа Ахмет Иасауидің танымы бойынша, адам Мұхаммед пайғамбар арқылы Алланы таниды. Алланы білу, дүние сырын  білу. Дүниені жаратқан Алла деген философиялық танымымен, Ө.Тілеуқабылұлының ойының тұжырымдары мен танымдарында ұқсастық шешімдік болжам барлығы аңғарылады.

Медицина ғылымдарының кандидаты,   ҚазҰМУ  доценті Ә. Өмешұлы  «Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» кітабының медициналық тағылымдары» деген зерттеу мақаласында былай дейді: «Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» кітабы - шығыс медицинасының үлгісімен, бірнеше ғылымдардың басын біріктіріп медицина іліміне қызмет етуге, адам баласының ең басты байлығы денсаулықты сақтауға, сырқаттарды емдеуге бейімделген терең де тарихи ғылымнама.  Сондықтан бұл кітаптың бір сөзін қалдырмай  жан-жақты талдап, қазіргі медицина жетістіктерімен толықтырып, ұлттык медицинамыздың негізгі өзегіне айналдырған жөн» - деп тұжырым жасайды [44(2), 54-55 бб.]. Шипагер Ө.Тілеуқабылұлының «Шипа-герлік баянын» жәй қана емдік жөніндегі еңбек деп қарауға болмайды. Ғұлама шипагер еңбегінен  қазақ халқының емдік әдіс – тәсілдерін жан–жақты іліми негізде жетілдірген отандық және әлемдік ғылымдағы жиырмаға жуық  ғылыми ерекшеліктерін байқауға болады.

1.Әлемдік  ғылым тіршіліктегі заттардың материалды алмасуын және дамуын Ф.Энгелъстің «Анти - Дюрингте» / 1870 /жазылды деп келсе,  шипагер Ө.Тілеуқабылұлы сау адам өзінің денесіндегі он түрлі ыстық – суық, кебір – суық, сіңірім – шығарым, қатаң – босаң, ояу – тынығу сияқты он түрлі материялдық қозғалыстың бірлігі нәтижесінде құралып:  кеңістік, тұрақ, жарық, қараңғы, ыстық, суық алты тұғырыға тұрақтанады. Адамзат -  осы тұғырлардың өзара араласым, сыйласым, жарасым, сәйкесім, ұштасым тапқан тұлғалық бітістігі. Олар іркіліксіз, толассыз, шашаусыз кезектесіп бір – біріне орын беріп, бірін-бірі айналып отырады дей келе, тіршіліктің материалдық ұғымына Ф.  Энгельстен 400 жылдай бұрын тұжырымдамалар жасалғанын  аңғартады [1, 19 б.]. 

2. Қазіргі медицина «шешек» ауруына қарсы егетін вакцинаның авторы ағылшын медигі Эдуард Женнер. Бұл жаңалық 1796 жылы ашылды деп жүрсе, ал біздің бабамыз бұдан 360 жыл бұрын қазақ еліне шешек қауіпі төнгенде, өзінің дала зертханасында көп ізденіспен тәжірибе жасап, қарапайым халықтық емдік тәсілмен шешекке қарсы егетін вакцинаны тауып, елінің халқын аман алып қалғандығын аңғартады [1, 20 б.].

3. Дүние жүзілік ғылым жүрек пен мидың қызметі мен адам денесінің қан айналу жүйесі қызметіне байланысты ғылыми тұжырымдар Да Винчи, В.Гарвей, Г. Галилей т.б. бері дәлелденуде деп келсе, ал бұл болжамды Ө.Тілеу-қабылұлы жоғары да аты аталған ғалымдардан бір ғасыр бұрын далалық зертханасының тәжірибелік тұжырымымен анықтайды [1, 188 б.].

4. Ө. Тілеуқабылұлы далалық зертханасының  тәжіри-белері мен көңілге түйгені арқылы адамның 12 ішкі және 12 сыртқы мүшелерінің тізбесін жасап, олардың атқаратын қызметтерін анықтап, өзара байланыстарын дәлелдеп «тіршілік кілті - қан», «шипагерлік нілі – без»  деген тұжырымға келеді [1,70 б.]. Оташылық емдеу тәсіліне жол салып, адамның  430 дан аса сыртқы ағзаларының тәнтану / Анатомия / ғылымына арналған тізбесін өз ана тілінде жасайды.  Бұл халық шипагерлігінің ұлттық жетістігінің мақтанышы деуге болады.

 5.  Шипагер сырқатты емдеуде ұлттық тағамдардың 4577 емдік рецебін ұсынады. Және ғұлама 1300 дей дәрілік қоспаларды барлық шарттарды сақтай отырып, оларды 858 түрлі өсімдіктер мен 300 ден аса жан-жануарлар мүшелерінен, 70 ге жуығы металл-металоидтар қоспасынан дайындаған [1, 335-360 бб.]. Оны жердің 40 тан аса жыныстық қабатынан [1, 314 б.] жинап, қазақ ұғымындағы қасиетті сан болып табылатын 41 мен 7 сан қоспасы бойынша 1050 түрлі  дәрі-дәрмек жасауы және сырқаттың түріне қарай емдеп жазудың 3, 5, 7, 13, 21, 25, 41 күндік емін ұсынуы, шипагердің ерекше тапқырлығы мен өз ісіне нағыз сенімді шипагер екенін дәлелдейді. Дәріні пайдаланарда шипагер дәріні алдымен өзіне қолданып, кейде уланып, тіпті өлі – тірі ортасында болып, ақырында туған халқын аман сақтауда нағыз ерлік іс жасаған.

6. Осы заманғы әлемдік медицина жарты ғасырдан астам тоңазытқышта жатқан өлі денелер мен үсіп өлгендерді, шала жансарларды және суға кетіп өлді  деп санағандарды қайтадан өмірге әкеле алмауда. Ал ғұлама шипагер өте қарапайым әдіс «Тұншықтырманы» пайдаланып, өлі деп саналған адамдарды тірілтіп алған.  Мәселен, суға кетіп өлді дегендерді аяғынан ағашқа асып, басын төмен салбыратып ішіндегі суды ағызып алып, қосымша емін жасағаннан кейін олар өмірге қайта оралған. 

7. Қазіргі кезде П. Ивановтың сумен емдеу әдісі кеңінен қолданылуда. Ал шипагер Ө. Тілеуқабылұлы сол кездің өзінде-ақ, ыстығы  мықты көтерілген өте қауіпті аурулардың ішкі және сыртқы қуаттық биоөрісін теңшеу үшін, сырқатты ашық далада аязда ұстаған және суық суға түсіріп емдеген. Сөйтіп, қараүзген шипагер Ө. Тілеуқабылұлы сумен емдеу әдісін П. Ивановтан бес ғасырдан ары да ашқанын білгенде, бұл ұлт шипагерлігі тарихының ұзақтығын көрсетеді. 

8. Дала ғұламасының заң ғылымына да өз үлесін қосқандығы еңбегінде айтылады. Өтейбойдақ бабаның дәлелдемесі бойынша Әз Жәнібек хан ұрпақ тазалығы мен денінің саулығын сақтау үшін: жеті атаға толмай   қыз  алыспау / үйленсе екі жаққа да - өлім /, сүйіспеу, жат төсектікке жол бермеу, жеке үйлердің тазалығы т.б. мәселелер жөнінде жарлық шығарады. Егер жарлықты орындамағандарға өлімге дейін, елден қуу, дүре соғу, айып салу, масқаралау т. б. жазаларды белгілейді [1, 43 б.].   

Егер Тәуке ханның «Жеті  Жарғысы» бойынша зерделесек, одан 240 жылдай бұрын қол қойып шығарған Әз Жәнібек ханның жарлығы шыққанын аңғартады. Осыған қарағанда Өтейбойдақ бабаның заң ғылымына да алғаш үлес қосқандығын байқауға болады.

 9. Ғалым шипагер Ө. Тілеуқабылұлы астрономиялық ғылыми ұғымымен аспан жұлдыздары да адамның ден-саулығына, мінез – құлқына әсер ететінін, тіршіліктің 8 түрлі оң иық, оңдық, оң маңдай, құбыла, сол маңдай, солдық, сол иық, артқы шүйде жұлдызына бөлінетінін және әр адамның жеке жұлдызы болатыны жөнінде анықтама береді.  Бұл идея қазақ шипагерінің  сол заман мен осы күндері толық анықталып бітпеген жеке танымын, идеясын аңғартады.

Адамның көңіл – күйіне қарай, оның жеке жұлдызы түсінің өзгеруінен адамның денсаулығына, мінез – құлқына әсер ететінін дәлелдейді.

Нәрестенің туған күні аты, туған уақыты, күні мен айының жұп немесе тақ күні, жылдың да жұп несесе тақ жылы, баланың мінезіне, бақытты – бақытсыздығына, опалы – опасыздығына, ақылды – ақылы аз, шешен, киелі, қабілеті мол т.б. ерекшеліктеріне әсері күшті болады дейді шипагер.  Мәселен, елбасы болған, шешен, киелі, болжаушы, көріпкел Майқы би бабамыз саске кезінде туған  деп дәлел келтіреді шипагер. Бұдан тылсым құпия сырларына сол заманда да мән берілгендігі аңғарылады.

10. Шипагердің табиғат өзгерісіндегі ауа райын болжаудың төрт мезгілдік кестесін айдың тоғысына қарай  жасауы. Бір тәулікті таң, таң сәрі, таңертең, сәске, түс, қиым, кеш, ымырт, түн қараңғы, есекқырған т.б. атауларға бөлуі, сол уақытта  халықтық шипагерлікте  аспан әлемі құпияларының да өзгерісінің адам денсаулығына байланысты әсерін зерттегендігін көрсетеді.

11. Шипагер ұлттық атаулық мәнді сақтай отырып, жыл, ай және апта атауларының кестелік тізбесін жасауы. Мәселен, жыл атаулары: Сумақты – тышқан / З.Қ /, Маңғаз – сиыр, Айбар – барыс, Секем – қоян, Сумаң – жылан, Тұлпар – жылқы,   Иртек – ұлу,  Шопан – қой, Мешін -  мешін, Айтақ – ит, Шақырауық – тауық, Қорсықы – доңыз.

Бүгінгі жыл қайырудан ерекшелігі Ұлу Ө.Тілеуқабылұлы кестесінде жетінші ретте болса,  ал бүгінгі де бесінші ретте тұр.  Ай атаулары: Ергеу – наурыз ./ З.Қ /,  Көктеу – көктем, Мезгеу – мамыр, Көзгеу – маусым, Шілдеу – шілде, Тамызық – тамыз, Дәндеу – мизам, Сақтау – қазан, Күйек -  қараша, Қауыс – ықтырғы, Ырғыс – желтоқсан, Қаңтар – қаңтар.

Апта атаулары: Бақтал – сенбі / З.Қ /, Баттал – жексенбі,  Сақтал – дүйсенбі, Жақтас – сейсенбі, Аттал –  сәрсенбі, Ғаттал – бейсенбі, Мереке – жұма.

12. Шипагердің сандық атауларды адамның мүшелері атауымен байланыстырып  ерекше құпиялық мәнермен атауы. Мәселен, бір дегеніміз - ауыз не мұрын,  екі дегеніміз - көз,  үш дегеніміз – көз мұрын / не көз ауыз /, төрт дегеніміз – көз құлақ, бес дегеніміз – кейде оң қол / кейде сол қол, қөз,құлақ,мұрын депте /,алты дегеніміз – қол ауыз / не қол мұрын /, ... он дегніміз – қос қол, жиырма дегеніміз – қол- аяқ тағы тағыдай.  Бұнда нендей сыр жатыр, оны тек ғана шипагерге аян, өз құпиясын ашпайды. Бұл танымдық мәселе. Өте күрделі.

13. Ғұлама шипагер Ө. Тілеуқабылұлы адамның ағзасындағы сырқатын анықтауда арнайы медициналық өлшеу мен анықтау құралдарының жоқтығына мойымай, ол тамыр соғуын саусақпен басып отырып сырқатты  анықтау мен ем қолданудағы ерекше ұлттық тәсілді ұсынуы болмақ. Сондықтан да шипагер  тамыр тіршілікке қуат беруші өте ұсақ талшықтар екенін түсіне отырып, тамыр соғудағы құбылыстарды сол кездегі ғылыми медицинаның жетістіктерімен етене ұштастыра білді.

14. «Шипагерлік баянда» адам баласына өмірінде қауіп – қатерлі кезеңдер, күнаға бататын немесе күнаға есептелмейтін жас кезеңдері болатынын өзінің ұзақ жылғы тәжірибесіне сүйеніп  баяндайды. Шипагер адам пендесінің ризық теруіне сай, несіптік ризықтың қуатына сай, өзек мүшелге 25 жас, 37 жас, 49 жас, 61 жас және 73 жас сияқты бес мүшелді жатқызады. Шипагер өзек мүшел делінбегі адам пендесінің өмірінің бұл кезеңінде қару – қайраты мол, ақыл – айласы толысқан, қандай харакетке де жеткілікті, сондықтан әр күні күнаға батуы ықтимал, әрі қауіпті жас мөлшері одан сақтану қажет дейді.  Шипагер еркелік немесе сәбилік мүшелге 13 жас, 85 жас, 97 жас және 109 жастағыларды жатқызып, оларда  күнаға бату болмайтынына өз тұжырымдамасын   діни – ғылыми негізде түсіндіре білді.

Мүшелі жөнінде шипагер жыраулық жыр бойынша да былай дейді: «Мүшел тектен қашқан  он екі жыл, Он үш жастық қосылғы мерзеттік қыр. Мақұлұхат атауымен айтылғанмен, Түпкілігі пенделік мінездік сыр. Кейбіреулер шенеуді шелдей көріп, Елді арбап, кеудесін көрсетіп жүр.  Миың болса басыңда, қөзің жеткіз,  Ата – баба атына келтірме кір» [1, 174 б.], - деп қиуа таппағы  шарт.         

15. Шипагер еңбегінің  ең құнылығының бір жағы адам баласын имандылыққа, адамгершілікке, қайрымдылыққа, әдептілікке, отан сүйгіштікке жету жолдарына дұрыс бағыт беруі мен он сегіз мың әлемді жаратушы құдіретті Алланы тану мен оның елшісі Мұхаммед пайғамбарға / с.ғ.с. / және ислам діні қағидаларын сақтауда адал болуға дұрыс сауатты нақты нұсқау беруі дей аламыз. Мәселен, Халал мен харамды ажыратуда 91- ді жеуден тиым, 85 – ті  ішуден  тиым сақтандыруымен, 7-ге тиіспеуге, 41-ге жұғыспауды және 12- ден айырылмау сияқты бұлжытпай орындауы тиісті міндеттің   орындалатын шартты – заңын ұсынады. 

7 ге тиіспеу:

Бұл адамгершілікке, аяулық қасиетке, татулыққа, рухани тазалыққа баулитын ұлттың  мәдени дәстүріне жататын сияқты.  Мәселен, 

1. Көктемде  көктеп келе жатқан өскінге тиіспеу.
2. Көктемде көбеймелі жорғамаларға тиіспеу. 3. Көктемде көрінген қозғалыштарға тиіспеу. 4. Көктемде көз ашпаған шикілікке  тиіспеу. 5. Қай -  қашанда қонжатқа тиіспеу. 6. Қай – қашанда көршіге тиіспеу. 7. Қай – қашанда елшіге тиіспеу        

41 ге жұғыспау

Бұл да ұлттық мәдени дәстүр, ол адалдыққа арнағандай әсер береді.

1. Ордалы суманға жұғыспау. 2. Қордалы қынамаға жұғыспау. 3. Жалғыз ағашқа жұғыспау. 4. Иендегі жалғызға жұғыспау. 5. Суық торғайға жұғыспау. 6. Алдан өткен абаданға жұғыспау. 7. Елден кеткен забажанға жұғыспау. 8. Пәлелі өртке жұғыспау. 9. Шығулы бетке жұғыспау. 10. Жаралы жыртқышқа жұғыспау. 11. Қаралы елге жұғыспау. 12. Ашынған долыға жұғыспау. 13. Ашыққан ұрыға жұғыспау. 14. Даралы жерге /  киелі  -  З.Қ. /  жұғыспау. 15. Дастарханға жұғыспау. 16. Жетімге  жұғыспау. 17. Жесірге жұғыспау. 18. Кесірге жұғыспау. 19. Еңіреген ерге жұғыспау. 20. Өзің шығар төрге жұғыспау. 21. Арқаны сылыр ерге жұғыспау. 22. Жатқа кетер қызға жұғыспау. 23. Көктемдегі мұзға жұғыспау. 24. Өте шығар сызға жұғыспау. 25. Асып қалған асқа жұғыспау. 26. Жарасы бар басқа жұғыспау. 27. Парақұмар ыласқа жұғыспау. 28. Басқа елдік қарашаға жұғыспау. 29. Балатқалы иге жұғыспау. 30. Төбелесте арашаға жұғыспау. 31. Тікені бар аласаға жұғыспау. 32. Құламағы құзға жұғыспау. 33. Дәм атасы тұзға жұғыспау. 34. Иесіз жатқан малға жұғыспау. 35. Киесі бар далға жұғыспау. 36. Обалы бар торшыға жұғыспау. 37. Залалсыз қоршыға жұғыспау. 38. Түтін ұшар шаңыраққа жұғыспау. 39. Ырыс келер босағаға жұғыспау. 40. Даладағы өлгенге жұғыспау. 41. Шыдап жерге көмгенге жұғыспау.

Қысқасы жұғыспаулардың соқтықпау, жәбірлемеу, ойран-дамау, қырмау, аялау, абайлау,  сақтану,  қорғау  сияқты сегіз жіктеме шартын орындау арқылы, адамның имандылығының танымы артатынын дәлелдейді. Бұдан адалдың алды ашық, арамның арты жар деген халық даналығын аңғарып, ақ жүру, адал сөйлеу, таза болу адамгершіліктің биік жетістігі екенін білдіреді.  

 Бұл жұғыспаулардың тәрбиелік және терең  философиялық танымдық көзқарастарға ие екендігін көрсетеді.

12  ден айырылмау:

Адамға өмір тәттілігі мен жан тәттілігін, отаны мен халқы тәттілігін, отбасы тәттілігі қымбаттығын білдіреді. Бұл мақсат орындалуына бірлік тәттілігінің маңызы зорлығы ашық оймен айтылады.

  

 

Главная                Библиотека                Предыдущая               Следующая