ШИПАГЕРЛІК ДӘСТҮРІ ЖӘНЕ ФИЛОСОФИЯСЫ
1. Жарғылыста жаныңнан айырылма / жағаласта – З.Қ. /. 2. Ақылыңнан айырылма. 3. Ел бастаушы көсеміңнен айырылма / Еркесіз ел, серкесіз шел болмас /. 4. Шешеніңнен айырылма / тіл – кесілмес атқан оқ /. 5. Көппен көресің, еліңнен айырылма / Өзіңді зор - басқаны жер деме /. 6.Жаныңды алса да, сырыңнан айырылма. 7. Жаман деп қатыныңнан, көшем деп отыныңнан айырылма. 8.Ризғысыз пенде болмас, даяр асың – малдан айырылма. 9. Ағайын, туыс, дос – жарансыз кім бар? Болмашқа өкпелеп, досыңнан айырылма. 10. Қырық найза қарғы деп, қарқудай баспанаң қосыңнан айырылма. 11. Пенде қару санаты бес қаруды тастама. Шыбын жаның шыққанша намысыңнан айырылма. 12. Өте шығар сұм жалған, боқшылыққа қайрылма. Шипагер әрбір пендеге пайдалы іс істе, пайдасызға жолама, басыңа ауыр күн туғанда он екіден айырылма деген философиялық ой толғамы адалдыққа, батылдыққа, парасаттылыққа, отаны мен халқын қорғауға ақыл кеңесі екенін айқындайды. б
Ғұламаның «Шипагерлік баянында» ғылымға қажетті көптеген тұжырымдамалар өте көп. Оны зерттеуде ұзақ уақыт әр саланың ғылымының ғалымдарының ой пікірлері ғана ғұлама еңбегінің құндылығына адал бағасын береді. Ғұлама дүниедегі заттардың тегі Нұр, су, топырақ, ауа сияқты төрт заттан құралатынын, ал адамзат баласы осы төрт затқа тікелей тәуелді болады деген философиялық ойының көзқарасын білдіреді.
Шипагер бұл философиялық көзқарасын діни ұғыммен түсіндіреді. Алла тағала он сегіз мың ғаламды алты-ақ күнде жаратқан, ал Жұма – он сегіз мың жаралып біту мереке күні несесе: «Бір Алла алдымен нұр жаратқан, нұр дәрияның түбінде мың жыл жатқан»-деген өлең бар дейді. Бұл ойы бойынша ғұлама алла ең алдымен он сегіз мың ғаламды жартқанда алдымен жарық, нұр иесі Күн мен Айды, әлемнің кіндігі жерді жаратқан. Күн мен Ай су ішінде мың жыл жатып, дүниені қараңғылық басқан. Кейін келе алланың құдіретімен Күн мен Ай көкке шығарылып, жарық дүниені бізге берген деп [1, 45 б.], Жартушының құдіретінің шындығына көзқарасын білдіреді.
Сондай-ақ, адамның топырақтан жаралғандығы, бала туыла сала сол жердің ауасымен тыныс алатыны, өсіп-өркендейтіні және оның тұлғалық келбеті, мінез-құлқы қалыптасатынына да айырқша философиялық талғамын ұсынады. Бұл ұсынымдардан адамзаттың тіршілігі тікелей осы төрт затқа тәуелділігін, бұлардан арақатынас үзілгенде өмірде тоқталатынын аңғартады. Ертедегі грецияның дәрігерлігінде дүниедегі заттар мен адамзат тіршілігінің тегі жер, су, ауа, от деп қараған. Кейінде көптеген елдердің ғылымында да осы төрт заттың бірлігінен, алмасымынан, тепе-теңдікті сақтауынан, толассыз өзара қозғалысынан, қарама-қарсылығынан адам организмінде алмасым, ұштасым, ауысымдар болатынына анықтама берілуде. Бұл тұжы-рымдамалардың қазақ шипагерінің ұғымымен сабақтас, жүйелес екендігін білдіреді. Әрине осы айтылғандардан басқа да «Шипагерлік баянда» дін, тарих, этнография, әдебиет, математика, фармакология, этика, эстетика, психология, ғарыштық ілім тағы басқа ғылымдар саласы бойынша да айтары, жаңалығы мол және ұлттық шежіре мен мыңнан аса сөздік тізбесі берілген көп мағұлыматтары бар, тұнық ұлттық ұлы ғылымнама екенін мақтанышпен айтуға болады.
Шипагердің мұндай танымдық идеялық тұжырымдарын оның іс тәжірибесінің нәтижесінің қортындысы әрі нағыз көрегендігін жемісі екенін білдіреді. Шипагердің терең философиялық талғамдық өнеге - өсиеттері адамды отанға, елжандылыққа, отбасына, дос-туысқа, адалдыққа сүіспен-шігігін арттырады және жамандыққа бармауға баулитын ойшыл идеялы екенін аңғартады. Шипагердің «Шипагерлік баян» еңбегі әлемдегі ғажайыптардың қатарынан орын алатын қазақ халқының даңқын арттыратын теңдесі жоқ философиялық ғылымнама, қазақ даналығының өлшеусіз биігі.
Сондықтан да Шашты Әзиз аталған, қараүзген шипагер дана бабамыздың асыл мұрасын көрінгеннің ермегіне айналдырмай, өзі айтқандай отбасы тулақ қылып алмай, мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы деңгейінде жан-жақты, байыпты терең зерттеп, халық мәдениетінің шипагерлік дәстүрінің игілігіне айналдыру, сөйтіп әлемге таныту – бүгінгі зиялы қауымның басты міндеті. Ғалымның ғылыми тұжырымдық ұсынысы жаңадан ғылыми зерттеу саласына қосыла бастаған халықтық шипагерлік дәстүрі негізін қалаушы шипагердің еңбегін тереңдеп зерттеу қажеттігін айқындайды.
Қараүзген шипагер Ө.Тілеуқабылұлының асқан дарынды тіл шебері, адам жанының психологі, терең білімді ғұлама әрі ойшыл философ екенін мойындау, ұлттық шипагерліктің өрісінің кеңдігі мен тарихының ұзақтығының айнадай жарқыраған жарқын көрсеткіші болар анық екендігін көрсетеді.
Ғалым – шипагер Ө. Тілеуқабылұлының адамның тұлғалық абыройының несіптік және несібелік ризғысы оның Алла бұйырған 7 әулие мен 41 ырысқа байланысты деп, халқымыздың «Қырықтың бірі – қызыр, жетінің бірі - әулие», - деген даналық палсапалық сөзін арқау етіп рухани тазалықтың, имандылықтың тәрбиелік жолын көрсеткенін аңғартады.
Шипагердің тұжырымдамасы бойынша былай жіктеледі:
Жеті әулие: Дән, ақыл, тұз, қыз, күн, жер, ай.
Қырық бір ырыс: 1. Жаратылыс – жан ырысы. 2. Тіршілік – хан ырысы. 3. Хан – тақ ырысы. 4. Тақ - бақ ырысы. 5. Әділдік – нақ ырысы. 6. Байлық – сан ырысы. 7. Сән – сәулет ырысы. 8. Сәулет – дәулет ырысы. 9. Сыйласым – татулық ырысы. 10. Тұлпар - батыр ырысы. 11. Ынтымақ – бірлік ырысы. 12. Қайтпас ер – найза ырысы. 13. Ерлік білегі - елдің ырысы. 14. Су молдығы – көлдің ырысы. 15. Еңбек – дән ырысы. 16. Жарасы – береке – бірлік ырысы. 17. Өнер – білім ырысы. 18. Білім - өнер ырысы. 19. Қос босаға – түтін ырысы. 20. Әділ би - бүтін ырысы. 21. Шілдехана – төр ырысы. 22.Кебін – көр ырысы. 23. Жаңбыр – жер ырысы. 24. Ірге – ай ырысы. 25. Жақсы сөз – жан ырысы. 26. Шежіре бәйіт – сөз ырысы. 27. Ақыл – көздің ырысы. 28. Инабат – ізеттілік ырысы. 29. Жақсы садақ – садақ ырысы. 30. Қалқан – арашасы ырысы. 31. Шөп – мал ырысы. 32.От – ел ырысы. 33. Су – мал – жан ырысы. 34. Ажал - жан алу ырысы. 35. Жас – бақыт ырысы. 36. Қан – құт ырысы. 37. Сыйластық – сенімнің ырысы. 38. Шыдамдылық – төзімнің ырысы. 39. Тайсалмау – талаптың ырысы. 40. Науқас – сырқаттың ырысы. 41. Шипагерлік емдеу – айығудың ырысы.
Бұдан шипагердің ізгі армандық ой толғамы сыйласым, ынтымақ, ерлік, жарасым, шыдамдылық, батылдық бақыт әкеледі, ал өнер – білім өмірлік өнегелік жақсылық сыйламақ, ырысыңды құрметтей білсең арманыңа жетесің деген пәлсапалық тұжырымын аңғартады.
Ғұлама ғалым, қазақтың қараүзген шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы өз елінің ерке «өтекесі», «Шашты Әзізі», «ілімдісі» атанды. Ол сый – сыйпаттан да, құрметтенде құралақан болмады. Оның қадірін елі білсе, ол да халқы үшін, болашақ ұрпақ үшін өшпейтін, мәңгілік өлмейтін мұрасы әрі аманаты «Шипагерлік баянын» қалдырды. Шипагер еңбегі бүгінде ұлттық шипагерліктің ғылыми мәртебесін әлемге танытты. Өзіде жоғары бағалағанын ол заманда ешкімде білмесе, бүгінде ғұлама талғамы, ойы шындыққа айналды.
Ғұлама - шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегінің 1994 жылы араб қарпімен Үрімжі қаласында тұңғыш баспадан басылып шыққан нұсқасына алғаш бірінші болып зерттеу пікірін жазған доцент, ғалым Әзімжан Тышанұлы өзінің «Байырғы мәдениет көгінен жарық еткен бір шұғыла» атты ғылми мақаласында, халқынан шүйінші сұрай былай деп баға береді: «Өз алдына кемел медициналық ғылыми жүйесі, өз алдына кемел ғылыми атауы, өз алдына бір төбе дәрі тану ғылымы бар, қазақ жазуы / арап әрпі /, қазақ әдеби тілінде жазылған үш жарлығы, жеті кітаптан тұратын бұл бір жойқын қолжазба – дәу ғылымнама. Мұнан тыс бес ғасырдан ілгері о дүниеге аттанған ғұлама ғалымның замандастарын былай қойып, арада 30 ата аралап, 21 – ғасырға аттағалы отырған бүгінгі ұрпақтың да қолынан келе бермейтін керемет! Өзінен туған осындай керемет ұлдың араға 5 ғасыр салып барып жоқтан бар болғанын естігенде, оның туған халқы қалай қуанбасын!» [45(1), 10 б.].
Бүгінде ғұламаның еңбегін ғылми негізде зерттеу мен оқып – үйрену мақсатында медициналық және басқа да Ұлттық университеттер мен институттарда және ғылыми мекемелер мен қоғамдық ұйымдарда ұйымдастырылған конференциялар, семинарлар, дөңгелек столдар өткізу шаралары арқылы, «Шипагерлік баянның» нағыз ғылымның қайнар бұлағының көзі екеніне ғалымдар мен зерттеушілер болжамдары мен тұжырымдарын білдіріп, халықтың ұлттық мақтанышы ретінде қабылдап таныстыруда.
Ғұлама шипагер ғасырға жуық ғұмырының соңғы кезеңінде терең ой тіз бегімен: «Менен ұрпақ қалмаса да, күндердің күнінде мені әлемге айгілейтін «Шипагерлік баяным» артымда қалмақ. Бұл соңғылардың қадірін біліп, ұстана білсе, қанғысыз бұлақ, қадірін білсе, отбасы аяқпен тозатын тулақ» - деген [1, 34 б.], данышпандық ой арманның желісі бүгінде ұлт мақтанышына айналуда.
Ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегін зерттеуде Қазақстан мен Қытай еліндегі қандас ғалымдардың қөп салалы ғылымдар бойынша ғалымдары жеке ғылыми тұжырымдамаларын жазып, әділ болжамдарын беруде. «Шипагерлік баянның» тұңғыш араб әрпінде шыққан баспалық нұсқасына сарашылық пікірін білдірген, кітаптің жауапты редакторы Шыңжаңдық Қаби Ыбырайұлы Қуаныш : «Шипагерлік баян» - шипагерлік тілсімін таза, анық, дәмді нағыз тілмен шеше білген, ұстана білгенге қолға түспес халықтық мұра. «Шипагерлік баян» бізге ұмытылған, аламышталған тіл, араластырылған әдеп-ғұрып, жоғалған салт-сана дәстнрлерді бір емес, мың жерде бадырайтып отырып көрсететін «Шарайна».
«Шипагерлік баян» - дүниенің қызығын мүлде ұмытқан, сынақ атаулыны әуелі өз басына жасап, талай жол уланған, өлмегеннен басқаның бәрін көрген, ат басындай алтын, ада көз қырын салмаған, жар құлағын жастыққа тигізбей жаһан кезген, елден қөрген білгенін саралап түйіндеген, қайраты қайытпас, жігері мұқалмас, ақылы телегей теңіз, ойы толғамы әрі тиянақты, Бойдекеңнің ел жұртының, болашақ ұрпағының мәңгілік кемістік, мүсапірлік, ғарыптық көрмеуі. Азап тартпауы үшін артына қалдырған, растығына шүба келтірмес ғылыми өресі кең, төл тәжірибелерінің туындысы» - деген [46(1), 29-30 бб.], шын ықыласты талғамдық пікірі, ғұлама еңбегінің қазақтың философиялық шипагерлік ілімінің ұзақ тарихының куәсі әрі айнасы екенін дәлелдейді.
Халықтың рухани мәдениетінің дәстүрлі бір саласы шипагерліктің де өзіндік шежіресі мен берер жақсылығы да ертеден мәлім екеніне күмандануға болмайды. Ұлттың өзіндік сипаты мен формасын сақтап қалуға да шипагерлердің қосқан үлесі де қомақты болды деген тұжырым жасауға толық негіз бары анық. Қазақ халқының шипагерлік ілімінің тарихи тамыры жаңа дәуірден де арғы басталатынына және нақты мәліметтерге негізделіп болжам айтуға болатына күман келтіру, ұлттық шипагерліктің тарихын жойғандық болады. Қазақ шипагерлігінің әлемдік деңгейге көтеріліп танылуына, ілімі мен ғылымына да жол салған дала жаһангері, шипагер ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылүлы екенін тану мен оның тұжырымдамалары мен болжамдарының маңызды философиялық ой түжырымдарын оң бағалау, ұлт шипагерлік дәстүрінің рухының мәдениетінің биіктігін және ғұмырының мәңгілігін айқындайды. Шипагерлік ұлт мәдениетінің ең алғашқы формасы. Шипагерлік өнері ұлтпен бірге туды, бірге жарасым тауып өз қызметінің жемісін беріп келеді.
Шипагерлік ілімінің өзіндік ерекше құпиялы сырларын философ ғалымдардың зерттеп, тұжырымдап бірыңғай шипагерлік философиясын қалыптастыруы, философия ғылымында жаңа бір саласына ашылған тармағын өркендетуге жол салғандық болары анық.
1.3 Ө.Тілеуқабылұлы еңбегіндегі емдік әдіс - амалдары
Қазақтың шипагерлік ілімінің жеке ұлтқа тән ғана өзгешелігімен қатар және басқа да ұлттардың шипагерлігі саласы өнерлерінен білгені, көргені, сезгені арқылы сырқатты емдеудің тәсілдерін байыта білді. Қазақ шипагерлері емдік дәрі-дәрмекті әр түрлі емдік өсімдіктерден, жан-жануар-лардың мүшелері мен металл-металоидтардан дайындау арқылы шипагерлік өнердің шипалы қасиеттерін сезімдік, болжамдық әдіс - тәсілдері арқылы дамытып келуі, оның ғасырдан - ғасырларларға жалғасуының негізі болды. Осы жетістіктерді қағаз бетіне түсірген тұңғыш ғұлама да Өтейбойдақ бабамыз еді. Қазақтың шипагерік өнерінің өткені мен бүгініне ғылыми таныммен қарағанда, өткен тарихы б.д.д. ертеден бастау алса, ал ХV ғасырда ғалым шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы дәстүрлі шипагерліктің ғылыми негізін қалағанын білдік. Халық шипагерлігін жүзеге асыруда қазақ шипагерлері мәдениетіне, емдеу тәсілінің тиімділігіне, жұмыс орнының тазалығы мен шипагерлік ілімнің сауаттылығына айрықша қарады, қатал бақылауда ұстады. Қараүзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы теориялық және тәжірибелік жақтағы жетістіктері бойынша халық шипагерлігін дамытып, өз идеясын ғылыми жолмен жүзеге асыру жолында дүниеге қызықпады, жар сүймеді, ұрпақ көрмеді, өзі жасаған дәрі-дәрмегін алғаш өзіне пайдаланып, тәжірибеден өткізді. Шипагердің ілімінің қалануына оның жеке тәжірибесі арқау болды.
Ал бүгінгі медицинаның ғалымдары мен зерттеушілері ғұлама еңбегіне бірлесе тұжырым жасауы, ұлттық шипагерлік ілімнің зор жетістігін білдіреді. Адамзат қоғамындағы өзгерістер мен ұлттық тайпалық рухтың дамуы сонау Сырдария өңірінен бастап Сібір жеріне дейін билік жүргізген Дешті – Қыпшақ мемлекетінің түрікі тайпалары құрамынан, қазақ тайпалары да бөлініп шығып Керей мен Жәнібек сұлтандарға ілесіп, Шу маңындағы Қозыбасы деген жерге қоныстанып қазақ мемлекетінің хандығын құрудың негізін қаласты.
Орта ғасырда ілім мен білім және мәдениет орталықтары есептелген Отырар, Түркістан, Сайрам, Жент, Сауран, Сығанақ, Тараз, Меркі т.б. қалалар қазақ хандығы құрылғанға дейін оның тайпалық руларының ата қонысыстары болды. Осы өңірлердің оңтүстігінде дүниеге келіп ілімдерінің ерекшелігімен аттары Шығыс пен Орта Азияға және араб әлеміне белгілі болған Қорқыт ата, әл-Фараби, Ж. Баласағұни, Ибн Сина, Махмүт Қашқари, Қожа Ахмед Яссауи, Ахмет Жүйінеки т.б. ғұлама ойшылдардың көп салалы ғылымдар жөніндегі еңбектері араб, парсы және түркі тілдерінде жазылды.
Ө.Тілеуқабылұлының жастайынан ұлттық шипагерліктің қыры мен сырының құпияларына ғашық әрі қанық болды. Ол адам денсаулығының парасаттылығына арнаған ұзақ жылғы еңбегінің ғұмырының мәңгілік болуына көп толғанып, талдап, дәлелдеп жаза бастаған еңбегіне өте жоғары жауапкершілікпен қарағандығын еңбегінің маңыздылығынан білуге болады. Ө.Тілеуқабылұлы қарапайым дала халқының емдіктің халықтық әдіс – тәсілдерін іліми тұрғыда дамытуда, өзінен бір неше ғасыр бұрын медициналық шипагерлік, философиялық, рухани ілімдік, тарихи – этнографиялық, діни - әдеби т.б. еңбектерді оқығандығы, оны тұжырымдаған-дығы, іс тәжірибесінен өткізгендігі толықтай байқалады. Оны шипагердің еңбегінің әр тараулары мен нақтыламаларынан толық аңғаруға болады. Сондықтан да ол қазақ ұлтының шипагерлік ілімінің жазбалық ілімдік негізін жасады. Бұлардың ішінен еліміз бен шет елдердің кітапханаларының архиптерінде сақтаулылары да баршылық. Осындай қазақтың дарқан даласында білімділігі, мәдениеттілігі, шешендігі, ойшылдығы мен ғалымдығы дара тұлғалар шығып еліне таныла бастады. Олардың аттарын ұлт басына қасірет күндері туғанда тарихтан алынып тасталып ұмыттыра бергенде, қазақ елінің тәуелсіздігінен кейін ойшыл, ғұлама ғалымдардыңда ғылыми еңбектері табылып, ұлт тарихынан өз орындарын алуда.
Солардың ірілерінің бірегейінің бірі XV ғасырдың дала ойшылы, ғалым – шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының / 1388 – 1485 / «Шипагерлік баян» атты медициналық энциклопедиялық еңбегі де бес жарым ғасырдан кейін өз елімен қауышты. Қазақтың шипагерлік өнерінің іліми және ғылыми негізін қалаған қараүзген шипагер еңбегімен қазақ, қытай т.б. шет елдер ғалымдары да танысып оң бағаларын беруде. Ғалым шипагер Ө.Тілеуқабылұлы өзін таныс-тырғанда: - «Атым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлымын. Ата тегім - Ұлы жүз, Зарман. Зарман ішінде Албан. Мекенім – Жетісу. Ауылымда құрбы – құрдас, таныс білістерім аз емес. Жананда Жиренше шешен, Жәнбек ханның қарашасымын. Жылым Иіртек / Ұлу - З.Қ. /, сексен беске келдім. Бойым ұзын, қара торы, қоңқақ мұрынды, кең иықты, қап сақалды, ұзын қасты, кем сөзді жанмын», - деп баяндайды [1, 34 б.].
Жетісудың Шалкөдесінің Айқайтасында / Алматы облысы, Райымбек ауданы аймағы - бұрынғы Нарынқол/ дүниеге келген Ө. Тілеуқабылұлының өз әкесі Тілеуқабылдың да шипагер болғаны және оның жанында өзінің сегіз жасынан бастап тәрбиеленгені, шипагерліктің алғашқы ілімдік әліппесін ашқаны туралы шипагер Өтейбойдақ: - «Әке көрген оқ жонбақ, шеше көрген тон пішпек» - деген философиялық танымдық өсиетнемені өз ісінде басшылыққа алғанын және «Қырықтың бірі – қызыр, Жетінің бірі - әулие» [1, 314 б.] деген әке өсиетін бұзбай, қырық бір өскін қоспасы мен жеті шөптің басынан сырқатқа дәрімдік дәрісін жасағанын және емдік дәрілік шөптерді қырық түрлі атаулы жер қыртысынан жинағанын жазады.
Ө.Тілеуқабылұлы сол кездегі қазақтың тұңғыш ханы Әз Жәнібектің емдік дарымдылық, аурудың жұғу себептері, тұқым тазалығы тағы басқадай сұрақтарына даналық тұрғыда іліми анықтамалармен нақтылы жауап бере білді. Шипагер тұқым тазалығы мен нәрестенің денсаулығы оның әке – шешесінің туыстық жақындығына, некесінің ақтығына, экологиялық тазалыққа байланыстылығын дәлелдеп беріп хан сеніміне ене білді. Шипагер осындай құрметке тек қана өзінің жеке танымдық ілімі мен мәдениеттілігінің нәти-жесінде жеткендігін аңғартады.
Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы Әз Жәнібек ханнан: «Жарай-сың, Қарабас! Басың нағыз алтын бас, тілің нағыз кауһартас екен. қараүзген шипагер екенсің» - деген [1, 42 б.] алтын бағасын алып, шипагер «Шипагерлік баянын» жетпіс сегіз жасында бастап, сексен бес жасында хан сарайы жанынан берілген бөлмеде бес мың беттік қолжазбасын жазып бітіргенімен, ханның кенеттен болған қазасы шипагерге қолжазбасын ханға көрсетуге бұйырмады.
Ө.Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баянының» ұрпақтан-ұрпаққа көшіріліп қадырылған, ең соңғы алтыншы көшірмесінің өртенуден қалған мың беттен аса қолжазбасын / ең ақырғы көшірілген – З.Қ. / алғаш баспаға дайындап шығаруға басшылық еткен, Шыңжаң ғылым–техника, денсаулық сақтау баспасы бас директорының орынбасары, Ғалым – жазушы Хакім Әкімжанұлы: «Мінеки, қадірлі оқырман қауым! Көңілдеріңізді көптен күпті қылған тарихи – ғылыми ұлы шығарма – «Шипагерлік баянның» қолымызға тиген көшірме нұсқасын өздеріңізге ұсынып отырмыз... Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы Әл – Құзорданың мына кітапқа жазып кеткен көп – көп мағыналары мен бірқанша емдеу тәсілдері, шындығында, Еуропа ғылымның соңғы ғасырдағы табыстары қатарына жатады. Айталық, жүрек пен мидің қызметі, адам денесінің қан айналу жүйесі XV111 – ғасырдағы Да Винчи, В. Гарвейлерден бері ұзақ талас, экспериментті дәлелдеулерден өтіп ережеленген. Біздің бабамыз олардан үш ғасыр бұрын қой, түлкі сойып тәжірибе жасап жүріп-ақ, айтып тастаған болып шықты, т.б... Мейлі ол Еуропадағы Да Винчи мен Гарвей және Галилей болсын немесе Орта Азиядағы Әл-Фараби мен Өтейбойдақ т.б. болсын, тек табиғат, өмір шындығы жолында іздене алса болғаны, қалайда ғылыми пікір ұсына алады» - деген [47(1), 431-433 бб.] пікірін білдіріп, еңбектің құндылығын оны алда ғылыми зерттеулер күтіп тұрғанына тоқталады.
Ғалым шипагердің «Шипагерлік баян» атты медициналық еңбегінің негізгі «Қанықталғы», «Нарықталғы» және «Да-рымдалғы» үш бөлімдері туралы көп салалы ғылымдардың зерттеуші ғалымдар тарабынан ешқандай кері пікірдің болмауы, бұл еңбектегі көптеген ғылыми жаңалықтар еуропалық медицинадан да ілгері де ашылып, тиянақталып тұжырымдалғандығы, қазақ халқының ертеден-ақ жүйелі медициналық ғылымы боллғандығын айқындайды. Бір-ақ, ғылыми зерттеудің негізгі мақсаты ғұлама шипагердің еңбегіндегі әдіс – тәсілдерге анықтама беру болғандықтан, кітаптың «Тұрлаулар» деген кіріспесі мен «Тектелгі» деген бөлімдері жөнінде айтылған кемшіліктері ескеріліп, негізгі жұмыс басшылыққа алынды.
Ұлы шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы «Шипагерлік баянын» өте сауатты жазу мен қатар, адам ағзаларында сырқаттың пайда болу себептерін, оны анықтау тәсілдерін және сырқатты емдеп жаздың әдіс – тәсілдерін толық қарастыра білген. Ұлы шипагер қазақтың жеке өзіне тән шипагерлік ілімінің «қанықталғы», «нарықталғы», және «дарымдалғы» сияқты үш шыңы мен алты белесіне диалектикалық материалистік дүние танымдық көзқараспен философиялық танымдық тұжырым бере білді. Ғұлама шипагер еңбегінің «Қанықталғы» / түптеме, жіктеме – З.Қ./ бөлімінде өзегі тұғырлар, ырайлар, алмасымдар, жұлдыздық, ұшынымдар, сөлдер, қуаттар, сырқат себепкерлері және жүлкелік мәндемелер жөнінде түсіндіреді. Шипагер дүниенің тегін «Алты өзегі тұғырға» жинақтайды. Ол: «тіршілік иелерінің / жанды – жансыз / алты түп негізгі тиянағы болады. Олар: кеңістік, тұрақ, жарық, қараңғы, ыстық, суық. Егерде өзегі кеңістік тұғыр болмаса, күллі қимыл – харекет жоқ болады да, өмірлеу жойылады. Өзегі кеңістік тұғыр – шексіз кеңістік, жайқалмалы кеңістік, шайқалмалы кеңістік болып жарылыс таппақ» [1, 54 б]. Шипагер: «Өзегі тұғырлық алтылықта жиырма бір таяныш болмақ, өзегі тұғырлар өзара ауысымдық өзгерім табылымы өзегі тұғырлық ауыспалылық, аусымдық өзек тиянағы болмақ»- дейді [1, 61 б.]. Шексіз кеңістік дегені - шексіздік кеңістігі.
Ол Күн, Ай және жұлдыздардан арғы және бергі кеңістік. Оның өлшемін бір алла қана біледі. Жайқалмалы кеңістік - құрлық, шайқалмалы кеңістік – су және оның ішіндегі тіршілікті білдіреді. Бұндағы шипагердің айтайын дегені, адамзаттың өмір сүруі үшін бір тұтас кеңістік қажеттігі, егер бұлай болмағанда өмір болмайтынын ғұлама іліми түрде анықтап берді. Қысқасы алты тұғырдың байланысы ғана өмір тіршілігін силайтынын дәлелдейді. Қазақ даласының терең ойшыл ғұламасы шипагерлік ілімі негізінде тарихта тұңғыш кеңістікті үшке бөліп, ғылыми негізде дәлелдеп беруе білді. Бұл қазақтың ұлы шипагерінің әлем ғылымы алдындағы тұңғыш жетістігі және терең философиялық ойларының тұжырымдамаларының табысы деуге болады.
Ғұмырлы шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының негізгі ойының болжамы оның табиғат заңдылығын шипагерлік іліміне жақындатып, жаратылыс дүниесі мен адам тіршілігінің бір – бірімен тығыз байланысын түйіндеп, қазақ шипагерлігінің біріңғай жүйесін жасай білді. Шипагер: «Шексіз әлем – мәңгілік. Дүние сан қайтара жаңаланып түрін қанша өзгертсе де, оның тегі өзгермейді» - деп [1, 55 б.], табиғат заңдылығының қарама – қарсылығы мен бірлігін айқындайды. Шипагер сырқаттың пайда болуы ыстықтық пен суықтықтың алмасымдық әсерінен болады деп түсіндіреді. Мәселен, тәуліктің, айдың, жылдың жартысы «өзектік ыстықтық», ал жартысы «кезектік суықтық», күллі ғалам өзек пен кезекке жарылады, әрбір өзегі тұғыр бір – біріне орын бергісі және бір – біріне айналым шарт болмағы көрілгі екеніне тұжырымдама жасайды.
Адамның денсаулығының бір қалыпты болмауының да себеп салдары болады. Оның түрлерін қараүзген шипагер жылда 12 райлық құбылым да 180 күні жарықтау - өзектік, ал 180 күні қарықтау – кезектік, сөткенің 12 уақытын жарықтаулық, қарықтаулық, 12 мүшел, 12 ай, сырқаттың 12 себебі, мүшелердің 12 ұштасымы, 12 қарсыласқы тағы да басқадай мүшелердің өзектік, кезектік ортақтығы, мүшелер мен райлар ортақтығы, мүшелер мен алмасымдар ортақтығы, мүшелер мен жұлдыздар ортақтығы, мүшелер мен қуаттар ортақтығы деген бірліктердің бәрі де он екіден құралады. Соңында өзектік, кезектік, ыстықтық, суықтық болып тиянақ табуына ұласатыны туралы ой толғанысы, бүгінгі медицинаның шарттық белгілеріне ұқсастығын көрсетеді. Мәселен, Шипагер: «жұлдыз бен адам бір – бірінен айырылыссыз болмағын алла жаратқан. Саһап, Гүршік апат жұлдызы болмақ. Әгар шаңқиып көтеріліп алса, өте – мөте көктемде ақсүйек жұт болмақ. Әгар көбіне нұрсызданса, жаз тез шығып, ел тез сергімек. Бұл екеуі тағы да күнбилік жұлдызы – күнбидің пейілінің кеңдігін, тарлығын, әділеттілігін, әділетсіздігін де көздемек» - деп [1, 111 б.] өз тұжырымын, өз ойын, ғылыми анықтамасын ұлттық философиялық танымда айқындайды.
Бұл он екі санын қазақтар қасиетті сан есебінде қабылдайтындықтан, шексіз уақыт пен тоқтаусыз қозға-лыстағы табиғат «он екілер» заңдылығы бойынша бір қалыпты тербеліспен айналыста болады. Осы табиғат заңдылығы мен адамның тамыр соғуын жыл, ай, күн және уақытқа байланысты 2880 түрлі болады деп шипагер тұжырым жасайды. Шипагер әр түрлі сырқаттың себеп – салдарын, сипаттарын анықтау арқылы емдік шипасын табумен халқын аман сақтап қалуда, өз білімін теориялық және тәжірибелік жақтан толық пайдалана алғандығын, оның іліми әрі ғылыми талғамдық шешімдері толық дәлел бола алды. Баба емдік шипалық дәрі - дәрмегін де өзектік / ыстықтық /, кезектік / суықтық / деп екіге бөледі. Ғалым-ның байымдауынша жыл сияқты адамның да өмірінің жартысы - жарықтаулық, ал жартысы қарықтаулық болады деп тұжырым жасайды.
Шипагердің байымдауынша, қарама – қарсы жақтардың күресі барысында сан өзгерісінен сапа өзгерісі туылатынын, одан кейін қайталанып бір-біріне өзгеріп, дамып отыратынын, мұндай әрекет пен орын ауыстырудың «мәңгі, іркіліксіз, толассыз» айналымда болатынын нақтылайды.
Шипагер: «өзек, кезек екі жақтау өзара теңеспелі шегіне жетпей бір – біріне өзгеріп орын ауыстырмақ емес. Күндемелі көмбеге жеткенде, теке тірестік даму болмақ»- деген [1, 89 б.] қарама- қарсы жақтардың бірлігі мен тепе – теңдігі ол тоқтамайды, ол қайта бірін – бірі ығыстырып ауысуы мен өзгеруі нәтижесінде қозғалыс, құбылыс, тіршілік пен дамудың негізін қалайтынын табиғаттың диалектикалық заңы бойынша тұжырымдайды. Өзек пен кезектің теңділігі – тіршілік пен қозғалыстың сақталу негізі. Бір жағының ауытқуы тепе-теңдікті бұзады. Бұл екеуі бір-бірінен ажырай алмайды. Бірі болмаса, бірі өмір сүрмейді. Бұлар бірін-бірі тежейді, бірінің орнын бірі басады. Міне осылай шипагердің терең танымдық философиясы диалектика заңымен үндестік табады. Қытай медицинасындағы «йің» мен «яңды» немесе шипагерше өзек пен кезекті оң - теріс, плюс - минус деуге де болады.
Қытай медицинасының философиясы табиғат өзгерісін «йін» мен «ян» өзгерісінен деп түсіндірсе, ал Өтейбойдақ баба бұл заңдылықты өзек пен кезектің алмасуынан деп, өзінің жеке табиғат тану философиясымен тұжырымдайды. Бұл екі елдің шипагерлік ғылымы арасында ұқсастық пен жалғастық барын аңғартады. Шипагер Өтейбойдақ бабаның өзінен бұрынғы ғұламалардың табиғат жөніндегі ілімдері мен тәжірибелерін өзінің жеке тәжірибелері негізінде байыта түскені, өз тарапынан талай жаңалықтар ашқаны, оның ішінде ғылым мен дүние тануға қосқан үлесі мен ұйғарымдары шипагердің нағыз ғалым шипагер қана емес терең ойшыл, философта екенін білдіреді. Шипагер баба өзінен бұрынғы философтардың танымдық идеясын қаз – қалпында қабылдап оны сол қалпында қайталамайды, қайта өзінің танымын, тұжырымын ұсынады.
Шипагер жеке танымы бойынша бұрынғылардың таны-мын өз тарбынан саралап, байытып, бір жүйеге келтіруде ұлттық танымдық философиясы мен түсіндіргенін айқын-дайды. Ғалым шипагер тіршілік өмірінің тиянағы өзегі тұғыр алтылықтың үшеуі ыстықтық - кеңістік, жарық, ыстық, ал үшеуі суықтық – тұрақ, қараңғы, суық деп бұл ауысымды жүйелердің бірлігі ғана өмір сыйлайды, егер бірлік өзгеріске ұшыраса өмірдің қиындығы туады, «не ажал келсе ол алланың қолында, алла шипа ем дарым заруатын дарымдатпау қолайын оңай таба қоймағы парыз»-деген [1, 75 б.] тұжырымдамалық ойын айтады.
Ғұламаның болжамынша: «қан сөлі мен без сөлі – пенделік тұтас сөлдің ата – анасы»- деуі [1, 127 б.], бұл екеуіне тіршілік өмірі тәуелді әрі «қан сөлі – жан сөлі» [1, 124 б.] жүрек пен ми сөлдердің тікелей көмегі мен тіршілік өмірінің тұлғасын басқарады деген тұжырымдамасының өзінен бұрынғы ғұламалардың тұжырымдамаларымен және бүгінгі медицинаның ғылыми көзқарасынан алшақтығы жоқтығын, үндестігі бар, өзіндік ғылыми философиялық таным екендігін аңғартады. Ғұлама шипагер ұлттық танымдық иеяны өз еңбегінің негізгі арқауы етіп алады да, одан ары жеке танымдық ойын жалғастырады. Мәселен: «қазақтар көктемде қан су тасқынымен қоса тасиды. Себебі көкпен бірге пенденің қаны да көктеп көбейеді. Жаңаланады. Сондықтан қандық қарақоқырды /арам қан – З. Қ./ алып тастау керек. Олай болмағанда қанда бұзылу болады. Қан қысымы көтерілмек. Бұндай да қан құтырмақ. Қан алуда қандамалық шаппа, шабақтама, теңгерме, шаншымал атқыма істеу. Қан жүргілігі – тіршілік, тоқтағаны - өлім. Қан - пенде жаны ...» - деп [1, 131 б.] шипагер өзінің тәжірибесіне негізделеді.