ШИПАГЕРЛІК ДӘСТҮРІ ЖӘНЕ ФИЛОСОФИЯСЫ

Страница 9

На главную              Библиотека               Предыдущая                 Следующая

 

 

1 тарау қорытындысы. Қазақтың шипагерлік тарихының тамыры біздің жаңа дәуірімізден арырақ басталады. Оның өзіндік ерекшеліктері, ұлттық формасы қалыптасқан. Халықтық шипагерлік өнерінің мәдени емдік сипаттары мен түрлері  біздің  дәуірімізден  бұрын  қарапайым түрде   пайда болып біртіндеп сатылық жүйеде  өркендеп  дами бастады.  Оның жинақталған жүйесі, тарихи анықтамалық еңбектер болмауынан ғылыми зерттеу мен талдауға енбеді. Дегенмен, халықтық шипагерлік өнері өте қиын кедергілік  жағдайларға қарамастан, шипагерлердің ашықта әрі жасырын да шипалық емдерін  жалғастыра берді. Осының нәтижесінде ұрпақтан – ұрпаққа жалғасуына мүмкіндік туғызды. Сондықтан да, халықтық қарапайым  шипагерлік өнерінің емдік халықтық сипаты мен оның түрлері  алғаш рулық тайпалық сипатта дами бастады. Кейін бірыңғай ұлттық қалыптасу дәуірінен кейін бір ұлттық түрде  дамып және өркендеп келеді.  

Халықтық шипагерлік дәстүрлері мен бақсылық өнері жөніндегі алғашқы анықтамаларды, қазақ даласын кезген басқа елдердің саяхатшылары мен зерттеушілері  және қазақ ғалымы Ш.Уәлихановтің  қолжазбаларынан  байқауға болады. Бұл мәліметтер бүтіндей бір қазақ ұлтының шипагерлік дәстүрі туралы сұраныстарды толық қанағаттандыра алмай-ды. Қазақтың шипагерлерінің көрегендігі мен білімділігі, жинақтылығы мен іздемпаздығы ұлттың көшпелі өміріменде байланысты болды. Олар табиғаттың құбылыстық өзгеріс-терінің  адам денсаулығының өзгеріс әкелетініне ерекше бақылау жасай білді. Жылдық төрт мезгілдік өзгерістерін, жыл он екі айдың құбылымдық  әрекеттерін, аспан әлеміндегі жұлдыздық айналымды нақты болжай білуінің шеберлігінің нәтижесінде денсаулыққа зиянды жақтарын бақылады, халыққа ескертті, сырқатты емдеп жазу жолдарын қарас-тырды. Бұл жөніндегі нақты мәліметтерді  осы еңбектен  табуға болады.

Қазақтың шипагерлері сырқат адамның ауруының пайда болу себептері мен сыртқы түрін анықтау, шипалық ем қолдану әдіс – тәсілдерінде  ұлттық мәдени  стилді сақтай отырып, жеке  философиялық ой – талғамдары  арқылы жүзеге  асыруға  әрекет етті. Қазақтың шипагерлік емінің мәдениеті мен дәстүрлерін халқының ұрпағына жеткізу, оның азаматтарының дендері сау  болуына, өсіп - өркендеуіне  тигізер пайдасын зерттеу қажеттілігі, ғылымның жаңа бірқырынан танылғандығы - халық шипагерлігі болашағына жаңа жол ашады. Өміршең елдің ұрпағының  намысшыл, еңбекқор болуы, оның ұлтының мәдени салаларының тарихының таза болуы мен дәстүрлерінің өркендеуіне демеу  болады. Ал, тарихы жазылмаған халық шипагерлігі де күрделі зерделеу мен зерттеуді асыға күтуде. Халық емшілігінің өрлеу кезеңдері жазба деректердің жоқтығынан әлі зерттеліп біткен жоқ. Қазақтың халық емінің де  тамыры көне дәуірден ғасырлар бойы жоғалмай келе жатқан халық мұрасы. Халық емі жоқ ұлттың бүгінге дейінгі  өмірі  де, болашағы да болмасы анық.  Қазіргі медицинаның негізі мен ірге тасын қалағанда сол халық емі, яғни халықтық шипагерлік дәстүрі екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Адамзат тарихының эволюциялық өзгерістері мен ғылымның дамуы, халықтық шипагерліктің емдік әдіс – тәсілдерінің  ғылыми жолмен дамуына әсер күшті  болды.  Қазақтың шипагерлік өнерінің тез әрі ғылыми тұрғы да дамуына, Орта Азия мен қазақ жерінен шыққан ғұлама ғалымдар, есімдері бүгінде әлемге белгілі Әбунәсір әл-Фараби,  әл-Бируни, әл-Разани, әл-Хорезми, Әбу Әли ибн Сина, Жүсіп Баласағұни  тағы басқа да ғұламалардың   медициналық  еңбектері емдіктің халықтық шипагерлік сипатының  өркендеуіне және ғылыми ілімдік  маңызына жақындауына  бағдармалық әсері зор болды.  Халық шипагерлігінің өткен дәуірлік тарихындағы қара-пайым емдік сипаттары  азайып, біртіндеп дәстүрлі ілімдік ғылыми  бағытта жұмыс істей бастаған кезеңі ХV ғасырда даланың ғұлама шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының жеке зертханалық ілімдік  ғылыми тұжырымдамалары  арқылы жүзеге асты.    

 Академик Б. В. Петровскийдің:«Шығыс медицинасының тарихы Тибет, Монголия, Индия, Қытай, Жапония да осыдан мыңдаған жыл бұрын дамыды. Емдеу әдіс-тәсілдері болды.  Бұл осы заманғы медицинаның дамуына өте қажет »,-  деген тұжырымы да  [56, 3 б.] тарихы тереңнен басталатын шипагерліктің де тамыры тереңге жайылып, жапырағы жайқалып, шығыстық шипагерліктің өркендеу дәуірінен анықтама береді.

Қараүзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы жоғарыда аттары аталған Орта Азиялық және қазақ жерінің ғұламаларының емдеу тәсілі мен медицина саласы бойынша жазылған еңбектерін одан ары қарай жалғасырушы, дамытушы, халықтың игілігіне пайдалануда өзінің жеке талғамдық-танымдық қабілетін жүзеге асырушы болды. Ғұлама шипагердің «Шипагерлік баян» еңбегінің жүйелі жазылуы мен ұлттық тілдік таным бойынша баяндалатын, медицина тілімен нақты анықтама беретін Кіріспе және «Қанықталғы», «Нарықталғы», «Дарымдалғы»  атты үш бөліміндегі дәлелдемелер осы заманғы медицинамен үндесіп, бірлесіп, араласып жатқан сипатта екенін мамандар бірауыздан растайды. Одан емделу дәстүріндегі медицина ғылымы тұрғысында да сабақтастық  анықталды. Өзіндік терең философиялық танымы мол ғұлама шипагер  Өтейбойдақ  адам бойындағы қанды: «арам қан», «адал қан», «құтырған қан», «қанды ірің» - деп төрт топқа бөлген болжамдық ойының, грек ғұламасы Гиппократтың адамның организміндегі төрт шырын анықтамасы болжамымен сайкес, үндес келетінін   аңғартады.

Сондықтан да, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипа-герлік баян» атты еңбегі  қазақ ғылымында энциклопедиялық медициналық жаңа жүйелік бағыттың ашылуына өте пай-далы ықпал ете алады. Бұл еңбектің  ғылымдағы құндылығын бізден бұрын зерттеп, әділ ғылыми бағасын берген көрші Шығыс еліндегі қандастарымыздың еңбектері және  «Шипа-герлік баянның» Қытай мемлекетінің жоғары мемлекеттік силығына ие болуы, қазақтың халықтық шипагерлік мәдени дәстүрінің осыдан бес жарым ғасыр бұрын, іліми негізі толық қалануын білдіреді. Ұлттық шипагерліктің мәртебесінің ғылымда жоғарылауы, ғұлама шипагердің терең ойлылығын, ұлттық шипагерліктің мәдениетін тани білген философиялық талғамы молдығын  аңғартады.

Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы несімен талапты, талантты, ғибратты құрапты? Оның ғұламалығы туралы қазақтың медицина  ғалымдары не дейді?

Біріншіден,  ол  қазақ жерінде алғаш рет медицинаның қағидаларына, денсаулық сақтаудың практикалық істері мен ережелеріне негіз салған, тірі заттың анатомиялық және физиологиялық үрдістерін қалыптастырған, оларға түсінік берген.

Екіншіден, Ол адам ағзасын сыртқы ортамен тығыз байланыста қарап, сол байланыс бұзылғанда аурулар, науқастар, дерттер жалпы айтқанда патологиялық өзге-рістер болады деп, содан тұйық, жалаң, стереотипті көзқарастан арылуға мұрындық болады. Оның сол кезде-ақ “ауаның ылстануы, былғануы, “алқа ұрысының (жемсау, эндемический зоб) топырақтағы бір заттың жетіспеуінен болады” - деген тұжырымы көреген даналықтың белгісіндей. Тіпті дәрілердің емдік қасиетінің, емдік ұсыныстардың тиімді-тиімсіз болуы айналадағы ортаның (“кеңістіктің”), ауа-райының қолайсыздығы реттеп отырады деуі-пайымды тәжірибеден туындаған және расталынған шындық.

Үшіншіден, анатомиялық атаулар мен терминдердің көне тілдегі баламаларын, сөздігін жасап берді. Оның көпшілігі әлі ғылыми-практикалық қолдауын таппай келеді.

Төртіншіден, жұқпалы аурулардың (“құрт ауруларының”) неден болатынын, атап айтқанда, ағзаның иммунды (“төтемелілік”) жүйенің әлсіреуінен, төмендеуінен қозатын-дығын ғалым даналықпен біліп, жазып кеткен. Төтемелілікті алмасу үрдісінің, әсіресе лимфа бездерінің (“сүздіргі”) атқаратын қызметінің бүлінуінен болады дей отырып, жұқпалы аурулардың басқа адамдарға тез жұғатынын, ол үйді ерекше бір белгімен белгілеу керек екендігін (“түсті  матаның сырт жақтан байлануы – ол “үйге кірмеңіздер” деп) алдын-ала ескертуінің маңызы қандай зор.

Бесіншіден, қатерлі ісік аурулардың, өңеш рагының (қылтамақтың) бар екендігін, олардың клиникалық көрі-ністерін дөп суреттеп береді. “Тарылған жерді кесіп алып тастаса, сүйтіп мүшенің екі жағын қайтадан қосса” деп армандайды. Оған “тілігілік пен тіккіліктің” жоқтығына өкініш білдіреді. Дене қызуының төмендеуі мен дене қызуының көтерілуінің құнды, зиянды жақтарын, қасиеттерін көрсете білген.

Алтыншыдан,  Өтейбойдақ шипагер нерв жүйесінің қалыптасуын, қан тамырларының түрлерін (“арам қан” – веналар, “адал қан” – артериялар)  суреттеп,  бүкіл ағзаға “қоректі заттың қан арқылы түсуі, асқазан жолдарында тағамның сіңуі туралы тың идеяларын, жаңалықтарын ұсынады.

Жетіншіден,  ол деонтологияның негізін қалағандардың бірі. Тіпті өлейін деп жатқан “аурудың көңілін сұрау, жұбату, жақсы болып кетесің деп иландыру, уайым-қайғысын жеңілдету” – шипагердің өзекті мәселесі.  “Әр ауру адамның өзіне тән тағамдарының болуын”, соған орай “қан алуын”, “тамыр ұстау” қажетін көрегендікпен еске салады. Бұл шарттарды диагностикалық құралдың түріне айналдырады. “Қан алуды” қан қысымынан сақтанудың, яғни емделудің  тиімді жолдары деп қарауы – тәжірибесі мол, емдеу ісі оң тынымсыздың тоқтамы. Ол – ғылыми ғажап жаңалық .

Сегізінші, ғалым-шипагер ағзаның төзімділігін, бірқа-лыпта дұрыс тепе-теңдікте (гомеостаз) тұруына өз пікірін анық жеткізген, бұл құбылыстың неге өзгеретінін айқын түсіндіргендердің бірі. Дәрігерлік мамандықтың 24 түрін жазып, медицинаның негізгі бір саласы – фармацевтиканы, фармацияны, дәрі-дәрмектің технологиясын зерттеп, бұл саланың алғаш негізін орнатқан. Оның адам жасын мүшелікке бөліп, әр мүшелік дәуірдің қауіптілігін, “адам туған күнінде өледі” деуі ғылымда әлі де түсініксіз ұғым. Ғұлама шипалықты ислам дінінен де үйренеді.

Тоғызыншы, ғалым шипагердың кеңесі бойынша Әз Жәнібек хан: “Жат төсектілікке жол бермеу”, “Жеті атасы-нана дейін қыз алысуға болмайтын”, “Беттен сүймеу” туралы жарлық қабылдайды. Мұндай дәстүрдің маңыздылығына әлі де таңырқануға болады.

Оныншы, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының ғылыми-практикалық еңбегі медицинаның көптеген саласында, кем дегенде  анатомия, физиология, гигиена, санитарлық эпиде-мия, паразитология, фтизатрия, онкология, акушерство-гинекология, балалар мен ересек аурулары, неврология, психология  салаларында алатын орны ерекше.

Мұндай білгірлікті, тапқырлықты, дәлелдікті, нақты шешімдерді қазіргі медик-ғалымдар даналық деп жатса, ол орынды айтылған тоқтам деуге лайық деуге болады [2, 3 – 10 бб.] (Қар. Алғы сөз.  Т. Момынов, Ә. Есенқұлов., т.б.).

Қорыта келгенде, халықтық шипагерліктің іліми  ғылыми негізі ХV ғасырда ғалым шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабыл-ұлының еңбегі нәтижесінде қаланды. Ол шығыс медици-насымен жалғастық тауып, ұштасымдық тудырды, әрі осы заманғы ғылыми медицинаға толық сілтемелік жол ашты. Бұл ғылым саласында  жаңадан ұлттық мәдениеттің дәстүрі халықтық шипагерліктің тарихын зерттеп, ғылымға ендіруге  болатынын   аңғартады.

 

 

2 ЕМДІК МӘДЕНИЕТІНІҢ ТАНЫМДЫҚ-ТӘРБИЕЛІК МАҢЫЗЫ

 

2.1  Адам биоөрісінің қуаттары мен емдеу мәдениетінің үйлестігі    

А. Адам биоөрісінің қуаттары. Адамның биоөрістік қуаттары оның тірегі, тіршілігінің қайнар көзі және атқаратын денелік қорек көзі болып табылады. Адамның денелік биоөрісі  оң және теріс  зарядтық  бірлестіктерінің тепе -тең  болуынан құралғандықтан, биоөріс қуаты тәнінің саулығын білдіреді. Ғылыми анықтамалар бойынша, осы биоөрісті құрайтын екі зарядтың біреуі артып немесе кемісе, адамның ағзаларында қуаттық жетіспеушілік, оның ағзалық  сырқаттарға  ұшырайтыны  анықталған. Биоқуат – тіршілік иелері болып есептелетін адамзат, жан – жануар, жәндіктер мен өсімдік әлемнің  өмір сүруінің ең негізгі тірегі мен айнасы болып табылады. Биоқуаттың  жетіспеуінен әртүрлі сырқаттар пайда болатыны, ал оның азая беруі салдарынан ақыры өмір тіршілігінің біртіндеп аяқталуымен  тоқтауына апаратыны аян. Адам қуатты ғарыштан және жер бетінен алады.  Қуаты әлсіз, азая бастаған  адамның өмір сүруі де қиындай береді. Адамның  тұлғалық бітімі, көріктілігі, айбарлығы, таланттылығы, естілігі  мен  адамгершілігі  оның  жеке тәндік мүшелерінің қуаттылығы, биоөрісінің тікелей бір қалыптылықтығына байланысты екенін ғылыми  тұжырымда-малар мен зерттеулерде   баяндалады.

Дененің ғарыштық қуаттарды қабылдап, сүзгіден өткізіп, бөліп таратып, қайта өңдеп, пайдаланған қуатты денеден сыртқа шығарып одан кейін жаңа қуаттарды қабылдап, тұрақты  жүйелік айналыспен  дененің мүшелері мен ішкі ткандарын қоректендіру мен толтыру қызметін атқаратын жеті чакрасы /нұр көздері/ өз қызметтерін үздіксіз жалғастырып отырады. Чакралар қызметтерінің нашарлауы салдарынан денедегі биоөріс қуатының тепе – теңдігінің бұзылады да, адамның  кейбір жеке мүшелері мен ішкі мүшелердің талшықтарының қызметі нашарлап сырқатқа ұшырайды немесе денеде  әлсіздік пайда болады.  Бұндай құбылыстардың нақтылы себеп салдарын анықтау медицина ғылымына ғана тәуелді болмайды. Оның өрісі кең,  зерттейтін саласы да мол. Осыған байланысты гуманитарлық ғылым-дары саласы бойынша танымдык зерттеулер жасап, тұжы-рымдар қабылдауда өте қажет. Бұл тұрғыдан қарағанда философиялық көзқараспен халық шипагерлігінің тарихына, мәдениетіне, дәстүрлеріне ұлттық таныммен баға беру уақыты да келгендей.  Ол үшін орта ғасырдағы ғұлама не дейді?

Осыған байланысты ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы адамның дене қуаттарын бес түрге: Жаншылық қуат, жаршылық қуат, ғаршылық қуат, таршылық қуат және баршылық қуат деп бөлу арқылы жеке – жеке анықтамалық философиялық талғам жасады. Бұл шипагердің терең ойлы талғамының бүгінгі ғылымдағы  анықтамалардан алшақтығы жоқтығын айқындайды.  Адам-ның өмір сүруіне ең қажетті баршылық қуатының өзі тіршілік  көзі болатын: қимыл қуаты, сезім қуаты, тежелім  қуаты  және қосалқы қуаттардан  тұрады.   Олардың бір қалыпты болуы  адамның мінез - құлқына да, имандылығы мен адамгершілігіне де, қанның құрамына да  және пенденің тұлғалық бітіміне де  тікелей  әсер ететінін  аңғартады.  Қуаттттардың жетісті болуы - тіршілік иелерінің өмір жалғасының тыныш, бақытты, қуанышты, уайымсыз  болуы-ның негізгі  сүйеніші  деуге болады.

Егер, ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының медициналық  «Шипагерлік баяны» еңбегіне жазылу стілі бойынша шипагерліктің үш шыңы: «Қанықталғы», «Нарықталғы», «Дарымдалғы» деген шипагерліктің  жіктемелік  атауларының,  оның ішінде Түптеме, Жіктеме, Аңғарымдама, Нақтама, Дарым заруаты, Айықтырым дарымдылығы алты белесінен тұратын  жеті бөлім мен тектелгіні / шежіре – З.Қ / қоса жазған энциклопедиялық еңбек. Еңбек құрылымының бүгінгі медицинадағы тұжырымдар ұқсастығы мен үйлесімдігін, осы тақырып туралы шипагер еңбегінде ашық талдап тоқталуы  аңғарылады. Себеп адамдардың тәндік биоқуаттары қалыпты,  артық қуатты және қуаты аз деген  үш топқа бөлінуде. Осыдан тұлғалық бітімнің келбеттік көрінісі   денедегі биоөрістік қуатқа тәуелді екені білінеді. Сырқат неден пайда болуының басты себебі де адамның денесінің қуаттылығын қамтамасыз ететін, оң және теріс зарядтардың тепе-теңдігінің бұзылуынан болатыны  айқындалуда.

Ресейлік ғалым Татьяна  Васильева  адамның биоқуаттық құрылымы туралы: «Адамның тәндік құрылымы оның құрылымдық тұтас қуатына жауап беретін биоқуаттық жүйеден тұрады. Бұл жүйе біздің жеке сезімдік қабілетімізды  анықтайды. Аурудың пайда болуы да, біздің энергетикалық жүйеміздің жалпы жағдайына тәуелді болғандықтан да, ол адамның денесіндегі жеті чакраның / нұр көздері – З.Қ / жағдайына байланысты физикалық дененің жағдайы анықталады», - деп  сипаттама береді [57, 5-6 бб.].

Бұл тұжырымнама адам тәнінің биоөрістік қуатқа тікелей тәуелділілігін көрсетеді. Ғалым-медик Т. Бекен  адамның мүшелері мен ағзасындағы қуаттық  өзгеріс әсерлерін  шығыстық және еуропалық ғылымның биоөрістік танымдық  көзқарастық  болжамдары бойынша, адамның денесінде ғарыштық сәулелерді қабылдап, өңдеп  әрі тепе-теңдікпен адамның жеке ағзаларына бөліп  оны қоректендіру міндетін  атқаратын жеті түрлі: Бас -  Сахасрара ( рухани қасиет ), тамақ – Аджина ( жігер, ой, өріс ),  Жүрек – Вишудха ( сезім қуаты ), Күн сәулесін сіңіру – Анахата ( жан қуаты ), Ас қорыту ағзасы -  Манпура ( физикалық қуаты ), Жыныс жүйесі  - Свадхаст – хана  және Сегіз көз – Муладхара (өмірлік  қуат көзі ) сияқты «Нұр көздерінің ( Чакра  -  З. Қ. )» қызметінің қабілеттілігінің  нашарлауынан  деп  түсіндіреді [50, 60 б.]. Егер осы нүр көздері қызметтері бірқалыптылықты сақтаса ғана, адамның дені сау, тұлғалық бітімі сұлу, көрікті әрі көркемдік мінезге ие болатынына  анықтама беріледі. Әр бір нұр көздері өздерінің денеге қызмет ету міндеттеріне қарай,  ғарыштан сәулелік  нұрдан қорек ала отырып, оны денеге  сіңіріп қабылдап, өңдеп, тазалап, ағзалардың ткандарына  бөліп қоректендіреді.  Бұл процесс үздіксіз толық шеңбер жүйесімен  іске асады. Кір қуаттар ағзалардан сыртқа шығарылып,  жаңадан таза қуаттармен дене ағзалары қуаттандырылады. Бұл биоқуат адамның  өмір сүруінің  негізгі қуат көзі екенін  аңғартады.

Адамның биоөрісінің қуаттарына байланысты қазақтың ғалым шипагері  Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы XV ғасырда-ақ  ғылыми тұрғыдан  жеке болжамдық  философиялық тұжырым  жасады. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы адамның денесінің биоөрісі қуаттары жөнінде қуаттың арқау делінбегі, ал арқау қуат делінбегі шарт екендігі жөніндегі тұжырымы, бүгінгі ғылым қорытындысымен сабақтас, үйлесімді үндес келеді. Арқаулық қуат тұлғалық жаралыстық көрінісі. Қуаттық қуат мүшелік және  бітістік бөліктік болып жарасым табады.

Оның дәлелі, шипагер  Өтейбойдақ  Тілеуқабылұлы  адамның жеке қуаты туралы ойын:«Қуат арқау делінбек, ал арқау  қуат делінбегі шарт. Арқаулық қуат тұлғалық жаралыстық болмақ. Қуаттық қуат мүшелік және бітістік бөліктік  болмағы жарақ» - деп өзінше тұжырымдайды [1, 132 б.]. Бұл ғұлама бабаның  осыдан бес жарым ғасыр бұрынғы адам биоөрісінің қуаттары туралы айтқан, болжаған, түйіндеме жасаған танымдық философиялық ой тұжырым-дары, бүгінгі ғылыми медициналық идеялармен  сабақтасып, ұқсастық  пен үндестігі  бірдей  екенін  білдіреді. Ғұламаның философиялық тұжырымы бойынша, қуат -  адам тіршілігінің тіршіліктік қимыл -  қарекеттің, ой толғамның түйіні. Қуат Аллалық  несібе мен несіптік ризық терімінің ұштасымдық жарасымдығы болмақ. 

Жалпы алғанда адамның тіршілігі оның  денесінің мүшелік пен  ағзалық талшықтық  қуаттарына тәуелді, қуат азайса  адам  өміріне де  ауыр  жағдайлар  туылмағы шарт екендігін аңғартады. Ғалым шипагер Өтейбойдақ Тілеуқа-былұлының философиялық талғамына тоқталсақ, адамның  биоөрісінің қуаттары оның  ойлау қабілетіне, көріктілігіне, сезіміне, түйсігіне, сөйлеуі мен қабылдауына, есіне, мінез – құлқына, ерік – жігеріне  ерекше  тұлғалық әсер етпек.  Ресейлік ғалымдардың ішіндегі В. С. Орлин: «Біз табиғаттан ауруға қарсы тұратын қуат алуымыз қажет. Табиғат өз заңы бойынша бәрін жасайды, ал біз болсақ сол табиғаттың бір бөлшегіміз және соның заңы бойынша өмір сүреміз әрі сол күш біздің ішкі организміміз арқылы әсер етеді»,- десе [58, 35 б.], доктор  Донцов [59,  58 б.],
З. Роулэнд  [60, 17 б. ], Ю. Левинсон [61, 66 б. ],  В. Мадэюй [62, 10 б. ] және  Ж. М. Дешане [ 63,  15 б.]  биоқуат туралы өздерінің  зерттеу қызметтерінің нәтижесінен осыған ұқсас жеке  ойларын білдіреді.     

Адамның тұлғалық бітімі мен құрылымы - ол имандылығы мен адамгершілігінің, кісілік қасиетінің, жан дүниесінің жайсаңдығын  қалыптастырады.  Ғұлама шипагер Өтейбойдақ бабаның философиялық ой тұжырымы  бойынша, адам  тұлғасы оның жаны мен тәнінің айнасы ғана емес, оның өмір жолының тарихи өлшемі екендігін, тұлғалық қасиеттер белгілі қуаттық  салдарға орай қалыптасып отыратынына  анықтама беріледі.

 Ғалым адами тұлғалық бітімнің  қуаттылығы  оның ата -  анасы мен туған жерінің топырағына, тау – тасы мен өзен – көліне,  кеңістігінің ауасы  тағы басқа да  табиғи факторларға тәуелді екенін ғылыми  философиялық таныммен  түсіндіруі, бүгінгі медициналық ұғымнан алшақтығы жоқтығын аңғартады.  Адамның дене құрылысының  мінсіз болуы да,  оның ой қабілетінің дамуының басты  белгісі. Бабаның ой өлшемі бойынша Алланың адамзатқа берген бақыты, дүниесі мен рахымы тұлғалық биоөрісі қуаттылығының басты  көрсеткіші сияқты.  Ғұламаның  осы философиялық ой  талғамдары, тұжырымы  ұлттық шипагерлік  өнерінің мәдени дәстүрлерінің ертеден дамуына қосқан үлесінің осы заманғы ғылыми көзқарастардан алшақтығы жоқтығын  көрсетеді. Ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының адам биоөрісінің қуаттары  туралы,  әр  пенде ана құрсағында тамшы болып жаралып, кейіннен дүниеге келіп, өмірі аяқталғанша 5 түрлі: Жаншылық қуат, жаршылық қуат, ғаршылық қуат, таршылық қуат  және  баршылық қуаттар [1, 132 б.]  дамып қалыптасып  отырады  деп, философиялық тұжырымын  жасайды.    

Мәселен, жаншылық қуат (құрсақтағы даму кезеңі –
З. Қ.) – ана құрсағында адам  жанының қуаттық алғашқы қалыптасу көрінісі. Бұл қуатқа: қимыл - әрекеттік, сезімталдық, тежелістік, қосалқы қуаттар үнемі әсер етіп  отыратындығы айтылады.  Шипагер  баба: «Адамның ұрпақ өсіруі де қосалқы қуатқа тәуелді» - дейді. Жалпы өз қуатын танып білмеу адамға қиындық  келтіретіндігі де ескертіледі.

Жаршылық қуат ( дене қуаты  -  З. Қ. )  -  бала дүниеге  келгеннен  кейін дененің толығуына әсер етеді.  Бұл тежегіш, қорғағыш  және аурудан сақтану жолдарына  игілікті әсер етеді.

Ғаршылық қуат  ( өмір қимылы  қуаты –  З. Қ. )  -  бұл  өмір сүру үшін қимыл – қаракет  жасап, ризық пен несібені  теруге  ықпал  етеді.   Ғұлама  баба  жеке философиялық талғамы  бойынша  адам шаршағанда, ұйықтап жатқанда  да азды – көпті  ғаршылық қуаттан нәр алуы арқылы, өзінің  денесіндегі жаншылық пен жаршылық қуаттарды толық-тырып  бір қалыпты  сақтап отыратынына  анықтама бергені де ғылыми анықтамаларға сәйкес келеді. 

Ғаршылық қуат - тіршіліктің жалғасуына адамды еріксіз қиыншылықтардан  шығуына  зор  әсер  ететін, жігерлікке,  табандылыққа,  төзімдікке  көнуге, тірлік етуге  итермелейтін  ризығың мен несібеңді теріп  алуға ықпал ететін қуат  екенін   аңғартады. 

Таршылық қуат  ( жасырын  бұғынбалы  қуат -  З. Қ. ) -  бұл адам денесінде сезіле бермейтін бұғынбалы жасырын  қуат. Ол адам баласының  басына  кездейсоқ, әр түрлі қиын  жағдайлар туғанда өріс алып, адамды әрекет етуге  итер-мелейді. Адам пендесінде ерекше бір сенуге болмайтын істерді  тындыруына, қиын жағдайдан шығаруға  ықпал ететін  құдіретті қуат күші болатынын білуді ескертуде, ұлы шипагердің философиялық талғамдық танымының  білімді-лігін  айқындайды. 

Баршылық қуат  ( нышан қуаты – З. Қ. ) – бұл әрбір пенденің өзіне ғана  тән шама – шарықтық, бітістік  жаратылыстық қуаты. Бұл  қимыл – қозғалыс,  сезім, тежелу ретінде  дене бітімінің өсіп жетілуінде елеулі орын алып, әр түрлі деңгейде көрініп отырады. Мәселен, қимыл  қуаты - адамның қан айналымына, денедегі зат алмасуына  жақсы әсер етсе,  ал сезім қуаты – ағзалардың әр түрлі әсерленуіне түрткі болса, тежелімдік қуат – ол жан дүниенің әр түрлі  көріністерін реттестіріп  отырады деп, ғалым шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы өзінің философиялық ойын тұжырымдайды. Мәселен,  хан  Есімнің тілін алмаған әз ханымы Айымбике  -  «Қаракүң», алғаш әкесінің жас бұзауын  бес жасқа келгенге дейін көтеріп, кейін хан алдында жарысқа түседі. Жігіттер көтере алмаған бес жасар өгізді  ат үстінде   аунатады. Хан әйелін танып, басына қайта орамал салады.  Бұл қимыл  қуатының  бітістігінің  жемісі екендігін білдіреді. 

Ғұлама шипагер Өтейбойдақ баба ұрпақ өсіруде қосалқы қуаттың ең басты роліне баға бере келе: «Теңін тапса -  тегін» және «Шал қатын алғылық білгі емес, мал алғылығы  білгі» - деген  халықтық философиялық ұғымын  ұсынып, екі жұптың  өз теңдігінің артықшылығына мәнді баға беріледі.  Ресейлік ғалым С.П. Розов адамның  биоқуаты жөніндегі  анықтамасында: «Биоқуат адамды сыртқы қоршаған ортамен, оның ішкі мүшелерімен арақатнасын байла-ныстырудің  өмірлік ролін атқарады. Адамның тәніне биоқуат кеңістік  арқылы  ауадан  ғарыштан  енеді. Ол қуат күші. Бұл күш денсаулық күші болғандықтан барлық әрекеттерге көмек ете алады»- деген ойын білдіреді [64, 12 б.].

Адам биоөрісінің қуаттары кейбір адамдарда ерекше болады. Оны сол адамдарға   Алланың берген  сыйы, әрі құпиясы іспетті. Сондықтан да, ислам қағидаларына байланысты заңдылықтарды  шипагерлік емдік дәстүрінде  басшылыққа алуды шипагер өзінің басты парызына айналдырады. Оның еңбегінде бұл ұстаным айқын аңға-рылады. Мәселен, Әжрианың  1062 -  жылғы Шалқөде  мен Жаркентте болған қырғын оба ауруынан  бір тайпа елден мыңдаған  адам қырылғанда, алды сексеннен асқан, арты жасқа толмаған  еркегі бар, ұрғашысы бар  отыз жеті адам ауырмай аман қалады. Мен Семізкөк жеп жаным қалды деп, баяндайды шипагер. Бұл да Алланың құдіреті екенін ескертеді.

 

 

 

Главная                Библиотека                Предыдущая               Следующая