ҰЛЫ ЖУЗ 1 | ||
главная вернуться 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 | ||
Зядан Қожалымов
АЛБАН – ӘЛМЕРЕК – ҚҰРМАН – ҮМБЕТ АТА ҰРПАҚТАРЫНЫҢ ШЕЖІРЕСІ
Алматы
ӘОЖ 929.5 КБЖ 63.2 Қ 56 Қожалымов З. Қ 56 Албан – Әлмерек – Құрман – Үмбет ата ұрпақтарының шежіресі: Рулық анықтама, тарихи мәліметтер, естеліктер. /З.Қожалымов. – Алматы: Шалкөде, 2019. – 298 бет. ISBN 978-601-06-5877-6 Шежіреде «Қазақстан халық емшілері қауымдастығының» президенті, мәдениеттанушы және өтейбойдақтанушы-ғалым, Академик, профессор З. Қожалымов Албан атадан тараған Әлмерек бабаның Құрман баласынан тарайтын Үмбет ата ұрпақтарының шежіресі жөнінде сыр шертеді және шежіреге енген рулардың белгілі азаматтары жөнінде мәліметтер берілген. Кітап көпшілік оқырман қауымға арналған. ӘОЖ 929.5 КБЖ 63.2 ISBN 978-601-06-5877-6 © Қожалымов З., 2019 © «Шалкөде», 2019
АЛҒЫ СӨЗ Ерте заманнан-ақ, әр ұлт өзінің тегінің таралу тарихын, орналасқан жерін және туысқандық қатынастарын білуді басты міндеттері деп санаған. Сондықтан да шежіре жазу мәселесін басты мақсаттарына қойған. Соңғы кезде қазақтардың арасында шежіреге көңіл бөліп, өздерінің ата-бабасының тектік тарихын білуге ынта қойып, оны жазып ел арасына таратып жүргендер де баршылық. Еліміздің тәуелсіздігінен кейін әр жүздің руларының жеке шежірелерін жазып, баспадан шығару дамып келеді. Осыған байланысты қазақ халқында «Жеті атасын білмеген жетесіз» деген, даналық сөздің ұлт үшін өте маңызды екендігі анық айқындалуда. XV ғасырда Жетісудың Нарынқолының Шалкөдесінің Айғайтасында дүниеге келген, бүгінде әлемге аты белгілі шипагер-ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы әз Жәнібек ханға «Жеті атаға толмай, үйленудің қауіпті екенін» дәлелдеп беріп, ханның Жарғысын шығуына ықпал еткен. Содан бері қазақта жеті атаға толмаған ұрпақтарға үйленуге рұқсат берілмейді. Шежіре – тарих, шежіре – сыр. Шежіре дегеніміз – бір халықтың немесе бір рудың шығу тегін, таралуын баяндайтын тарих ғылымының бір саласы. Шежіре ру-тайпалармен бірге туып, біте қайнасқан, ұрпақтан-ұрпаққа ғасырлар бойы жалғасып, біздің заманымызға жеткен тарих мұрасының бірі. Қайсы рудың, қайсы атаның болса да өз шежіресі болады. Ұлы жүз құрамына енген тайпаларды халық «Ұлы жүз – Үйсін» деп атаған. Ұлы жүз құрамына: жалайыр, албан, суан, дулат, сарыүйсін, сіргелі, ысты, ошақты, шапырашты, шанышқылы және қанлы тайпалары енеді. Сондықтан мына шежіреде Ұлы жүздің Албан руынан тарайтын Әлмеректің ұрпағы Құрман атаның Үмбетінен тараған Елікбай, Киікбай, Олжабай, Жиенбай, Бөбен аталар ұрпақтарын таратып шығуды мақсат етіп отырмыз. Аталған рулардың ұрпақтары Қазақ елінің Алматы облысының Нарынқол, Кеген, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ, Іле аудандары, Талдықорған аймағы және Алматы қаласы мен Жезқазған, Оңтүстік пен Жамбыл т.б. жерлерде және Қытайдың Іле аймағының Тоғызтарау, Текес, Монғолкүре, Күнес т.б. аймақтарына қоныстанған. Қазіргі күнде шежірені білетін, оны айтып беретін адамдардың қатары барған сайын азайып барады. Сондықтан да ұмытылмай тұрғанда оны хатқа түсіріп қоюды жөн көрдік. Әрине, шежіре жазу (аталарды тарату) – қиынның қиыны. Ол тек қиын іс қана емес, әрі күрделі, әрі жауапты іс. Шежіре жазған адам ерінбейтін, жалықпайтын, шаршамайтын, өте ұқыпты және жауапты адам болуы керек. Өзінің өмір кешкен тарихи жолын танып білуге деген құштарлық – қазақ елінің ескі заманнан бермен қарай ес біліп етек жапқан баласына дейін жеті атасын білдіру, дәстүрде тұрақты құбылысқа айналуы жай нәрсе болмаған. Жеті атадан арғы ата тегін қуалап, үлкен тайпалық одақтарға дейінгі аралықтағы нешеме түрлі тарихи сапырылыстарда орын алған әңгіме-аңыздарды әр ауыл ақсақалдары, яғни тарихтың тірі архивтері, өз әлінше танытып, таратып отыру салты бізде мықтап орныққан. Бұл ежелден келе жатқан ұлттық танымдық дәстүрімізге жатады. Кітап жазу да, оны бастыру да оңай шаруа емес екендігі бесенеден белгілі. Менің бұл іске кіріскеніме де 15 жылдан аса уақыт өтті. Әр рудың ішінен өз еркімен шежірені жинауға көмектескен азаматтар да болды. Олар: Мұдын Деменбайұлы, Әкімхан Әбілбекұлы, Қыдырәлі Іскендірұлы, Оралбай Алтынбайұлы, Мұқатай Серғазиев, Қадыржан Тәлімұлы, Шеру Рақымжанұлы (ҚХР), Өміржан Ыбырайұлы, Дәлелхан Сейсебайұлы, Тауышев Ұшқын, Төрехан Әбітайұлына т.б. рахметімді айтамын. Жинақтағанды өзім толық қарап шығып, «Албан ата» шежіресінің 3 рет басылымына тапсырдым. Бұдан кейін Үмбет ата ұрпақтарын жеке кітап етіп бастырып шығару одан да қиын болып шықты. Тығырыққа тірелгенде бәрі де қаржыға барып тіреледі екен. Ақыры жеке шешуіме тура келді. Жеті атасын білмеу тәрбиесіздіктің, өнегесіздіктің белгісі болып саналады. «Жеті атасын білмеген – жетімдіктің салдары» деген мақал осындайдан шықса керек. Ендеше, шежіре жазу, оны бастырып шығару, шежіредегіні біліп жүру – ата тегімізді, тарихымызды білу дегенмен бірдей екендігін әр қазақ білуі қажет. Солай дей тұрсақ та, біз өз жазғанымызда ешқандай мін жоқ деп айта алмаймыз. Себебі шежіре қазақ елінде, қытай елінде мекендейтін осы рулардың мәліметтері бойынша топтастырылды. Десе де, кейінгі кезде қытайдың өзгерген саясатының салдарынан ондағы ағайындардың толық мәліметтерін ала алмадық. Бұл өте өкінішті еді. Шежіреде артық немесе толық көрсетілме ген және дәл көрсете алмаған кемшін тұстарымыздың болуы да мүмкін. Егер ондай кемшіліктер бола қалса, олар екі түрлі жағдайда көрініс табуы мүмкін. Аталардың түгел қамтылмауы және қамтылған аталардың рет орнының ауысып кетуі мүмкін. Екі жағдайда да бұған біздің, яғни шежіре жинаушылар мен құрастырушылардың кінәсі деп қарамаған жөн. Өйткені шежіре айтушылар нені айтса, біз соны ғана жазып алып, баспадан кітап етіп шығардық. Біздің басты мақсатымыз – өз аталарымыздың шежіресін түгел, әрі дұрыс жазу еді, ол мақсатымызға жеттік пе, жетпедік пе, ол жағына төреші көпшіліктің өзі болмақ. Қысқасы, бұл шежіре – алғаш қолға алынып, бірінші рет жазылып отырған тұңғыш тарихи дүние. Барлық алғашқылар сияқты мұның да кем-кетік жақтары алдағы уақыттарда толығып, түзетіліп, жөнделе беретіндігі ақиқат. Олай болса, құрметті бауырлар, өзіміз жоғарыда айтқанымыздай, шежіренің қалып қойған, қате жазылған жерлері болса, оларды өздеріңіздің көмектеріңізбен түзетіп, кітапты екінші рет қайта бастырып шығаруға болатындығын естеріңізге сала кеткім келеді. Ата-бабаларымыздың ізгі армандары орындалып, жер бетіне шашырап кеткен қазақтың ұрпақтарының тарихын жүйелеп, нақты көрсету басты міндетіміз бен мақсатымыз деп санаймын. Құрметпен: Зиядан қажы Қожалымов Академик, профессор, мәдениеттанушы-ғалым
АШЫЛСЫН БАҒЫҢ ҚАЗАҒЫМ Сөзі: Зиядан Қожалымовтікі Әні: Ләззат Зияданқызыныкі Нөсерлеп жаңбыр көктемде, Жыраны шайып кеткен де. Бетіңнен сүйген самал жел, Жүзіңнен шарпып өткен де. Жауыннан кейін жайнар бақ, Жабырқау көңіл жайраңдап. Төгілген нөсер тоқтарда, Сергіген көңіл мамырқап. Қайғырмай адам өткен бе? Қасірет күні жеткенде. Жер шарын кезіп шашырап, Қазағым каңғып кеткенде. Шапағат тілеп Алладан, Зарланбай қалған, бар ма адам? Жалынсыз от боп жат жерде, Оралып жатыр елге аман. Ойран да салып ордаға, Кәпірлер келіп шапқанда, Күлі ұшып көкке жұртының, Аттанған қашып жан-жаққа. Ғасырлар асып кеткен де, Бабасы жерін өпкен бе? Алыстан келген ағайын, Туысын іздеп жеткен бе! Жүректі жүрек жалғаған, Қуаныш алып арнадан. Тірілер қосып бастарын, Тірлікті кайта қамдаған. Ғасырда қалды-ау азалы үн, Тағдырдың тартқан азабын. Еркіндік алып ерледі, Ел болып дербес Қазағым! Үш ғасырлық отарлық, Бұғауы бір-ақ жоғалды. Желтоқсан үні таралып, Азаттық кезді даламды. Өшкен де халық ұрпағы, Жаңғырып бүгін тұр тағы. Жарқырап, жайнап, арайлап, Жалындап атты нұр таңы. Өз ұлы билеп шаттанған, Билікті алып жаттардан. Жалпы әлеммен жарасты, Қазағым ел боп атанған. Тігілген көк байрағы, Жарасып көкпен жайнады. Шапағат нұры шашылып, Естілді елге айғағы. Халық пен жердің байлығы, Шеттерге кетпес шашылып, Еңбекпен тауып майлығын, Көбейді үйдің ұланы. Ардагер қарттар, аналар, Ерлікке ісі пара-пар. Сыйлаған жақсы өмірді, Бұл күнде кім деп саналар. Зерделеп сөзді айтпасаң, Мәнісі сөздің бола ма? Шындықты ашып жаймасаң, Өкініш орны тола ма? Иманды елдің баласы, Береді сәлем иіліп, Имансыз елдің баласы, Бетіңе қарар түйіліп. Инабатты әйелдер, Иманын сақтар бойынан. Өз арын сақтай білмеген, Саналмас адам, ол – хайуан. Кешегі сұлу даламның, Берекесі артты анық. Ақ сүтін емген анамның, Ұрпағы өсті елімнің. Тойғандар бүгін көбейді, Келеке болдық кімдерге? Сырттың сырлас сырттаны, Айналдырмай ма, кірмеге? Қойнауым толған қазына, Тектен тек кетіп барады. Халқымның батты жанына, Жас толған мұңды жанары. Өзін өзі сыйлаған, Ел едік қой ежелден. Біріне бірі сыймаған, Халық болдық не деген? Ақылдан кенде емеспіз, Ешкімнен кем де емеспіз. Данышпан, ойшыл даналар, Болды екен неге, керексіз?! Жылдар да өтер зымырап, Өседі баяу бұл ұрпақ. Бүгінгі күнгі қиянат, Шындық боп шығар шырылдап. Еңбек етпей тапқан мал, Тез суалар сіңбестен. Байлығы бастан асқандар, Аса алмас түбі бір көштен. Пейілі таза адамнан, Сөзінен нұр төгілер. Мейірімсіз жаманнан, Арамдық пиғыл көрінер. Бөлініп жүрсе, болып жік, Іргесі тұрмас бекініп. Болса екен елде татулық, Тұрса екен ынтымақ көрініп. Өзгерді оңға сана да, Сыйын қазақ Аллаға! Ашылсын бағың алдыңнан, Дұшпанға қалма табаға! Тәуелсіздік болсын мәңгілік, Бақытты өмір орнасын. Тыныштық болсын елімде, Қазаққа әлем таңғалсың. Алматы, сәуір, 1997. ҚОЖАЛЫМОВ ЗЯДАН ҚАЖЫ – ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ, ҒАЛЫМ “Қазақстан халық емшілері қауымдастығы” Республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті (1991 жылдан). Алматы облысы, Райымбек ауданының «Құрметті азаматы» (2004). Академик. Халық медицинасының профессоры. Мәдениеттанушы және Өтейбойдақтанушы ғалым. Дінтанушы. Шежіреші. Ақын-сазгер. Философ-психолог. Қазақстан Республикасы президенті, Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатын алған (2005). XV ғасырдағы қазақтың ғұлама шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының (1388- 1483) «Шипагерлік баян» атты еңбегін ғылыми негізде зерттеп әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің мәдениеттану және философия тарихы кафедрасының ғылыми Кеңесінің бекітуімен ғылымға енгізген (2008).Халықаралық рейтинг Одағының ұсынысымен “Қазақстанның данқы”, “Экономика мақтанышы” және «Халық мақтанышы» ордендерімен және “Сіңірген еңбегі мен жетістіктері үшін” және “Кәсіби саладағы жетістіктері үшін” медалдарымен CHIEF OF THE YEAR («Үздік жыл басшысы») Халықаралық сертификаттарымен марапатталған (2013-2018). Республикалық қоғамдық атақтар мен марапаттар жөніндегі Кеңестің шешімімен «Медицина саласының үздігі» және «Еңбек үздігі» атағы медалімен берілді (2018). Халықаралық және Ресей ұйымдардың және Қазақстанның халық медицинасы ұйымдарының сертификаттары мен медальдарының иегері.Білімі жоғары. Мамандығы – инженер-электрик. Діни медресені бітірген. Философия және психология мамандықтары бойынша білім алған. ҚазССР Ғылым Академиясы жанындағы қоғамдық «Халық Университетін» қазақ әдебиеті тарихы бойынша тыңдаушы ретінде бітірген (1966-1968). 1998 жылдан бері Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың психология және философия кафедраларында халық шипагерлігін зерттеуші ғалым. 2003 жылы қажылық парызын өтеген. 1944 жылы шілденің 1-жұлдызында Хан Тәңірінің Текесінде дүниеге келген. 1963 жылы Алматы облысы, Нарынқол ауданының Абай атындағы орта мектебін бітірген. 1963-1964 жылдары Нарынқол ауданының Текес ауылдық Кеңесінің хатшысы және осы жердегі К.Маркс атындағы колхоздың комсомол ұйымының хатшысы, 1964-1969 жылдары Қазақ Мемлекеттік Ауылшаруашылық институтында оқып, инженер-электрик мамандығы бойынша бітірген. 1969-1976 жылдары Алматы облысының Нарынқол ауданының К.Маркс және Калинин атындағы колхоздарында Бас энергетик, 1977-1986 жылдары аралығында Нарынқол аудандық электр жүйесі мекемесі мен «Сельхозэнерго» кәсіпорынының директоры болған. Нарынқол ауданының энергетикасы мен радиоторабы және телевизиялық жүйесінің өркендеуіне басшылық етіп жеке ерекше үлес қосқан. 1986-1990 жылдары аралығында «Алматы Ру» энерго басқармасының мекемелерінде мемлекеттік энергонадзор инспекторы, материалмен қамтамасыз ету бөлімінің бастығы және «ҚазЭлектроМонтаж» тресінде жауапты қызметтер атқарған. 1990-1991 жылдары аралығында «Қазақстан» Ассоциациясының бірінші вице-президенті.Қазақстан Журналистер және Психологтар Одағының мүшесі (1996). Қазақстан халық емшілері қауымдастығын құру жөніндегі алғашқы ұйымдастыру комитетінің төрағасы (30.09.1991). Қазақстан халық емшілері қауымдастығының тұңғыш президенті (22.12.1991). ҚР Халық медицинасы және космоэнергетика академиясының президенті-академигі (2006), Халықаралық дәстүрлі халық медицинасы мамандары, психологтар және емшілер қауымдастығының президенті (2004), қоғамдық Қазақстан халық емшілері қорының президенті (2004). Халықаралық Экология академиясының академигі (2004). Халықаралық М. Нострадамус атындағы проскопиялық ғылымдар академиясының академигі (2003, Париж). Әлемдік рухани және халық емшілері академиясының академигі (2004, Мәскеу). «ЖАС-АЙ» Шығыс-Тибет медицинасы журналының редколлегия мүшесі. Халықаралық «Возрождение» қауымдастығының вице-президенті (1992, Мәскеу). Халықаралық «Жаңа өрлеу», «Бейбітшілікке – мәдениетпен», «Парапсихология», «Туысқандық» және Ресей халық емшілері қауымдастықтарының толық мүшесі (1991), Қазақстанның еңбек сіңірген шипагері, III мыңжылдықтың үздік емшісі, ҚР Құрметті кәсіби халық емшісі, Әлемдік емші. Халықаралық дәрежедегі парапсихолог. “Халық емі” газеті Ақылдастар алқасының төрағасы (1992). «Шипагерлік баян» газетінің Ақылдастар алқасының төрағасы-Бас редакторы (2002), Қауымдастықтың «Шалкөде» баспасының директоры (2004). ҚазҰУ жанындағы «Этнопсихология» және «Педагогика» ғылыми-зерттеу орталықтарының ғылыми хатшысы қызметін қоса атқарған (1998-2000). Республикалық халық медицинасы орталығы бас директорының орынбасары қызметін қоса атқарған (2004-2006). Академик М.Әлиев пен т.б. авторлардың «Қазақтың халық медицинасының ғылыми көкжиектері» (Алматы: Атамұра, 2003), м.ғ.к., академик Т.Бекеннің «Ислам және медицина» (Алматы: Шалкөде, 2006) және «Рухани саулық – денсаулықтың негізі» (Алматы: Шалкөде, 2006), п.ғ.к., профессор С.Құрбанқожаның «Дәрі-дәрмексіз емдеудің құпия сырлары мен негіздері» (Түркістан, 2008) және «Физические основы народной и нетрадиционной медицины» (Түркістан, 2009), Дін мен тылсым құпияны зерттеуші К.Тулешовтың «Ғылыми зерттеу еңбектері», (Түркістан, 2009), «Коран Карим гимн Всевышнего» (Алматы: Нұрлы Әлем, 2011), Рухани-шипагер У.Елеместегінің «Бабалар рухымен» (Алматы: Шалкөде, 2009) және ақын С. Жұмановтың «Өмір сыйы» жыр жинағына, (Шымкент, 2009) Тастан қажы Әлібековтың «Хиджама медицинасы» (Алматы, «Мұсылман» баспасы 2012), Жолдас Жанқуаттың «Қасиет» (Алматы, «Дулат» баспасы 2014), Дәрігер-емші Зурихан Баймолланың «Өмірімнің өткелдері» (Алматы, «Шалкөде» баспасы 2014), халық емшісі Хұдайберген Шиндауловтың “Халық емшілігінің емдік тәсілдері” (Алматы, “Шалкөде”, 2016), халық емшісі Костюкевич Любовь Анатольевнаның “Эксклюзивные индивидуальные светские четки и энергоинформационная работа человека» (Алматы, “Шалкөде”, 2016), халық емшісі Ыбрайымбайқызы Рысалдының “Табиғи емдік өсімдіктер” (Алматы, “Шалкөде”, 2016) т.б. авторлардың еңбектеріне пікір жазған.Ғылыми дәрежелік атақ алу үшін қорғайтын диссертацияларына зерттеушілер ғалымның еңбектерін пайдалануда. Психология мен философиялық таным бойынша халық медицинасы мен XV ғасырдың ғалым емшісі Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы туралы 50-ден аса ғылыми танымдық мақалалары арнайы ғылыми басылымдар мен журналдарда жарияланған (1998-2018). Ғалым шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегін зерттеп тұңғыш ғылымға енгізуші. Ғалым шипагердің еңбегі негізінде сахналық көріністің сценариі мен «Шипагер баба» әнін жазған және сахнаға шығартқан тұңғыш авторы (Тараз, 24.07.2009). Осы тақырып негізінде ғылыми монографиясы ҚазҰУ Мәдениеттану және тарих кафедрасының ғылыми кеңесі шешімімен (29.12.2008) «Шипагерлік дәстүрі және философиясы» (Алматы: Шалкөде, 2009) баспадан шықты және орысшаға аударылды (Целительская традиция и философия, Алматы: Шалкөде, 2010). «Батыр баба – Әлмерек», (Алматы: Экономика.-2002.-107 бет.), Жетісу энциклопедиясына (Алматы: Арыс, 2004), “Қазақ жерінің Зиялы азаматтары - Почитаемые люди земли казахской” жинағына (Алматы: Дәуір, 2005, 390-392 бб), «Қазақстан қажылары» (том 2, Алматы: Атамұра, 2004), «Албан Ата шежіресі» (Алматы, Атамұра.-2003.-7 б.), «Албан Ата шежіресі» (1-2 том, Алматы: Атамұра, 2011.-7,85, 687-690 бб.), «Хан Тәңірі қырандары» (Алматы, 2015) және «Халық емінің құдіреті» (Алматы, Қайнар.-1993.-5-16 бет) сонымен қатар басқа жеке авторлардың еңбектеріне де енген. «Батыр баба – Әлмерек» (2002), «Албан Ата шежіресі» (2003, 2011) кітаптарының авторларының құрамына енген. Оның ән толғаулары қазақ радиосының “Алтын қорына” қойылған (№ 411, 1997 және 2009). 60-дан аса газет-журналдар мен Қазақ энциклопедиясында 750-ден аса ғылыми-танымдық, рухани-тәрбиелік мақалалары жарияланған. Философия және психология ғылымдары бойынша 50-ден аса ғылыми мақалалары жарияланған. 20-ға жуық ғылым докторлары мен ғалымдар және ақын-жазушылар автордың ғылыми еңбектеріне пікір жазған. 15-тен аса авторлардың еңбектеріне енген. 31 ғылыми-танымдық, шипалық еңбектердің (590 баспа табақ) авторы. Оның ішінде 13 кітабы ғылыми-монографиялық еңбек. 60-тан аса әннің сазы мен сөзінің және толғау, термелердің авторы. З.Қожалымов туралы жетпістен аса авторлардың мақалалары баспасөз беттерінде жарияланған. 1991 жылдан бастап республикалық және облыстық телеарналар мен радиотораптарында 220-дан аса сұхбаттар берген. Халықаралық конгрестерге Мәскеу (18.06.1991), Алматы (26-29.09.1991), Алматы (18-21.10.1992) және Қырым (Гурзув, 3-9.10.1993) т.б. орындарда қатысып баяндамалар жасаған және шеберлік емдеу сеанстарын жүргізіп жоғары нәтижеге жеткен. Арнайы жұмыс бабы бойынша шақыртумен РФ, Мәскеу (06.1991-2001), Мекке, Медина (02.2003 қажылық), Англия (Лондон, 2010), Австрия (Вена, 14- 19.04.2011), АҚШ (Вашингтон,17-22.08.2011), ҚХР, Құлжа (12-20.05.2011), Венгрия (Будапешт, 23-28.03.2012), АҚШ (Гавай аралдары, 23-30.04.2013), Италия (Сардиния, 29.05-04.06.2013), Украина (Одесса, Киев, 15- 18.07.2013), БАЭ (Дубай, 30-31.01.2016) т.б. шет елдерде өткен ғылыми сала бойынша симпозиумдарына құрметті мейман ретінде қатысып, баяндамар жасаған. Бүгінде халық медицинасы мен тылсым құпия сырлары жөнінде ғылыми зерттеу жұмыстарын үздіксіз жалғастыруда. Запастағы офицер. Жұбайы Түймекүл Құлмаханқызы Ұлы Жүздің Ысты руынан Түркістан қаласында дүниеге келген. Жоғары білімді провизор. Алты баланың ата-анасы (екі ұл, төрт қыз), бәрі жоғары білімді, жанұялы және ұрпақты. Мекенжайы: Алматы қаласы, «Алатау Нұр» ықшам ауданы, мамыр көшесі, 30 үй. Үй телефоны: 8 (727) 2696-697, Ұялы: 8701 337 6454.
| ||
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 |