ҰЛЫ ЖУЗ
АЛБАН - ӘЛМЕРЕК - ҚҰРМАН - ҮМБЕТ АТА ҰРПАҚТАРЫНЫҢ ШЕЖІРЕСІ

13

 главная                                        вернуться

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15  16  17  18  19  20  21  22  23  24  25  26  27  28  29

 

 

 

Елікбай руының халқы

құрметтеген азаматтары

 

НАЗАРҰЛЫ ҚОЖЕКЕ –

ХАЛЫҚ КОМПОЗИТОРЫ

(шамамен 1823-1891 жылдар)

 

picНазарұлы Қожеке – атақты күйші әрі батыр. Бүгінде атағы Қытай және Түркі елдеріне кеңінен жайылған ұлы күйші. Ата мекені Жетісу өлкесінің Нарынқолының Тұзкөл елдімекені болған.

Албан ішінде Құрман. Құрманның ішінде Үмбет, Үмбеттен Елікбай, Елікбайұлы Қасабай атадан өрбиді. Атасы Қасабай сөзге шешен адам болған. Ауылдың игі жақсыларымен араласқан. Қасына немересі Қожекені ертіп алып 6-7 жасында домбыра үйреткен. Кейін келе оқымысты, ұлағатты адамдардан білім алып, домбырашы, өлеңші болып халық арасында сейіл-серуен құрып жүретін сері болған. Басқалар күй тартса, бірден оның күйін қайталап тартады екен. Өз жанынан тарихи тұлғаларға байланысты күйлер, тарихи оқиғаларға қатысты күйлер, табиғаттың тыныс тіршілігіне қатысты күйлер, жеке басының көңіл күйіне байланысты күйлерді тартқан. Елге танылған күйші.

Жиырма бес үй Қожеке атанып, аты Ұлы жүздің Албанына ғана емес, басқа да ру, жүздеріне әйгілі болған елді Қожеке күйші-батыр /1823-1891/ шамамен 1869 жылы Қытайға алып өтеді. Оның артынан ілесіп 400-дей әр түрлі ру ұрпағы кетеді. Қожекенің өткір тілі, қатал мінезі мен батылдығы, Қытай еліне ұнамайды.

Ақыры андысқан жау Қожекені Қытайдың Іле облысы, Текес ауданындағы түрмесіне қаматып, Қожекенің жалаңаш жотасына тас көмірдің ыстық шоғын бастырып, қол-аяғын мататып, азаппен өлтіреді /1881 ж./.

Қожеке жүзден аса күй шығарған күйші, әрі батыр. XIX-XX ғасырдағы қазақтың әйгілі күйшілерінің қатарынан орын алған күйші. Қожеке күйлерінің шертпелік, төкпелік және термелік қағысты болуы күйшінің нағыз ойшыл әрі ұлы тұлға екенін көрсетеді. Қожекенің рухы оның күйлерімен бірге жүргендей сезіледі. Оның адалдық жолындағы қайсарлығы өз заманындағы орнының биіктігін көрсетеді.

Қожеке Назарұлы – «Көрұғлы ортан», «Жиреншенің Қарашашты жоқтауы», «Біржан мен Сара», «Стамбұл», «Мұңлық», «Кері толғау», «Аққу», «Елдесу», «Балаларыма», «Балам-ау», «Арман», «Ағарсынның ақ толқыны», «Баекенің естіртуі», «Боз жігіт», «Бөлтірік», «Біржан сал», «Күй бастар», «Күй шақыртқы», «Қолға алынар алдында», «Қос келіншек», «Қинау», «Құл пенде», «Өз қолым», «Рабат төренің естіртуі», «Раушан», «Сайрам көл», «Сарбұлбұл», «Тарпу», «Тоқтарым», «Шалқайма», «Түрмедегі қинау», «Ойбай жаным» – /тас көмір шоғына қарығанда шыққан/, «Абақты да» т.б. күйлерін артына қалдырған өз елінің оның ішінде Албанның Құрманының Елікбайынан жеке дара шыққан, бүгінде әлемге әйгілі дарабоз Қожекені деп мақтан етуі, қазақ халқының да мақтанышы.

Қожекенің өнері оның өзінің Рақышына дарыған. Рақыш 1950 жылы Қытайдың Үрімші қаласында, әкесі Қожекенің күйлері жарысын ұйымдастырған.

Осы жарыста Рақыш бірден әкесі Қожекенің 180 күйін тартқанын, Қырғыздың атақты күйшісі Асаналы ақсақал ол жақта да, кейін бұл жақтағы Қырғыз елінде де жыр етіп айтыпты. Ал, 1955 жылғы Қожеке күйлерін орындау шеберлерінің Үрімшідегі жарысында, жас бала жігіт Омарқан Керімқұлұлы бірден Қожекенің 60-тан астам күйін орындап тартса, ал бүгінде Омарқан ақсақал /Алматы облысы, Шелек, Сөгеті/ Қожеке күйлерін халыққа жеткізуші, негізгі мұрагеріне айналды.

«Орнында бар оңалар» – демекші, ауыр азаппен халқының қамы үшін, ғұмырлы өмірінен ерте айырылған Қожеке күйшінің күй өнерін оның Рақышынан кейін, Рақыштың баласы Ахметжан (Шәния) жалғастырыпты. Орынқан Шәнияұлы бабасы Қожекенің күйлерін ұрпаққа тарату жолында әрі орындаушы, әрі жинақтап зерттеуші болған /Іле, Текесте/.

Бүгінде Қожекенің күйлерін Қазақ елінде таратып кеңінен насихаттап жүрген Қожекенің шөбересі Жұмабекұлы Әмзебек. Әмзебек Қытайда Іленің тоғызтарауында тұрып, 2005 жылы Қазақстанға өткен. Қазақстан халық емшілері қауымдастығының «Құрметті мүшесі», күйші. Қожекенің Рақышының Ахметжаныннан (Шәния) тараған Жұмабекұлы Әмзебек бабасының күйлерін үгіттеп, бірнеше байқаулардың жүлдегері болды. Әмзебек күйші Алматы облысының Талғар қаласында тұрады. 

Жалпы Назар тұқымының ұрпақтарына Алла Тағала көп дарынды қасиетті сыйласа керек. Күйшілік, шешендік, батырлық өнерімен қатар ірі дін білімін игергендерге /Рақыш, Ахметжан (Шәния), Бәтталғазы т.б./ балгер-бақсылық, көріпкелдік қасиеттерінің таза иегерлері болғанын білетін, көзімен көрген көне көз ақсақалды әкелеріміз бен ақ шашты аналарымыз жыр етіп айтады.

Назарұлы Қожеке күйшінің артында қалдырған әр түрлі тақырыптағы күйлері бүгінде, болашақта халқының мақтанышы болып, мәңгілік өміршеңдігін жалғастыра бермек.

 

Зядан қажы Қожалымов, профессор.

Мәдениеттанушы-ғалым. 

 

 

 

 

Елікбайдың үлкен ұлы Өмірзақ би болған. Ал Өмірзақтың үлкен баласы Кітән да би болған.

 

Беркімбай Кітәнұлы

 

pic

 

 

Беркімбай Кітәнұлы да би болған. Атамекен қонысы осы күнгі Алматы облысы, Райымбек ауданы (бұрынғы Нарынқол), Тұзкөл ауылы. Беркімбай би 1814 жылы туып, 1905 жылы қайтыс болған. 20 жылдан аса Албанның Құрман руының биі болған. Халқына әділетті, қайырымды, шыншыл би болған. Денесі Нарынқолдың Шалкөдесінің Шақранбалының Дабашысында. Оның ұрпақтары 1906 жылы Қытайға өткен. Қазақстанға 1959 жылдан бастап келіп 1962 жылы тоқтады. Дегенмен Қытайдың Іле аймағы, Текес ауданында әлі де ұрпақтары бар. Беркімбай бидің үлкен ұлы Әлдибектің кіші ұлы Сымайыл сөзге шешен, әділ азамат болған. Смайылдың үлкен ұлы Әлдибеков Жапар Сымайылұлы заң ғылымдарының докторы, профессор. Алматыдағы Д.Қонаев атындағы Академияның тұрақты ұстазы болып қызмет етеді.

2004 жылы Беркімбай биге ұрпақтары мен туыстары қабіріне кесене орнатып, ескерткіш құлпытасын қойып, ас беріп, дұға бағыштатты (Райымбек ауданы, Шалкөде аймағы, Шакранбалында, 2018 жылы да ас беріліп, Құран бағышталды). Беркімбай бидің би болған уақыттары мен өмірбаяны ҚР мемлекеттік архивінде сақталған (суретте көшірмесі).

pic

Баялыұлы Оспан

 

Баялыұлы Оспан – 1845 жылы дүниеге келіп 1920 жылы қайтыс болған. 1904 жылға дейін зәңгі болып інісі Кітәнұлы Беркімбай өлгенен кейін 1905 жылдан бастап би болған, жер дауын, жесір дауын, жетім, кедей дауларын әділеттілікпен шешіп өз халқына қадірлі, беделді болған. Қытайдағы Албан, Қызай, Қырғыздарға өзінің әділеттілігімен үлкен тұлға ретінде танымал болған. Қытайдағы Албан атынан Қарақол, Жаркент, Қарқарадағы съезге қатысып жүрген. Ақ патшаға солдат беруге қарсы болғаны үшін 1916-1917 жылы Жәмеңке, Ұзақ, Әубәкір тағы көптеген Албан, Суан билерімен бірге қазіргі Жаркент түрмесіне түскен. Оспан атаның екі ұлы Әубәкір мен Әбітай да зәңгі болған. Әбітай 1959 жылы Қазақ еліне өтіп келіп, Нарынқол ауданының Тұзкөл ауылына тұрақтаған. Қой шаруашылығында атақты шопан болып қызмет атқарған. Әбітайдың үлкен ұлы Сұлтанбай да (1941 ж.) әке жолын қуып, Сарыбастау ауылындағы Ленин атындағы колхозда атақты шопан атанды. Мемлекеттік ордендер мен медалдарға және мақтау қағаздарымен марапатталды. Бұл күнде жеке шаруашылығын басқарады. Әбітайдың екінші ұлы Төрехан жоғары білімді агроном, Нарынқол ауданындағы шаруашылықтарында агроном, бас агроном және бөлімше бастығы қызметтерін атқарған (бүгінде Алматыда тұрады).  

 

 

Рақыш Қожекеұлы

 

Рақыш Қожекеұлы – 1871 жылы ҚХР-да Текес ауданы, Шоңқыштай деген жерде дүниеге келген. Атақты күйші Қожекенің баласы. 1951 жылы Кіші Құштайда 81 жасында дүниеден өткен. Рақыш жас кезінде сауықшыл, ізденгіш, халық ішіндегі өнерпаздармен достасып үнемі барыс-келіс жасап, әрі олардың халық арасына танылуына өзіндік үлес қосумен бірге, әкесі Қожекенің күйшілік өнеріне мұрагерлік етіп ел ішінде кеңінен таратушының бірі әрі өзі де күй шығарушы. Рақыш әнші Әсет, күйші қырғыз Асанәлі және Әшім қатарлылармен өзара іздесіп, достасып, өнер ауыстыра үйреніп, ел ішін аралап, сауық-сайран құрып өткен күйші. Рақыш сол кезде мықты төрелермен де танысып, олармен батыс келіс жасап, достасып өткен. Мысалы, Нылқының төресі Рабат төре, Монғолкүредегі Жолболды руының ақалақшысы Мазақ қатарлылармен ел аралап, сауық-сайран құрып жүргенде танысқан. Сонымен қатар өз ауылындағы ақалақшы, Маңпаң, зәңгілермен де жақсы араласқан. Мысалы, Оспан зәңгі, Байқұрман, Сұраншы қатарлылар. 1924 жылы Рақыш Үсен ақалақшы кезінде ел-жұрты қолдап, Рақышты ел басшылыққа сайлайды. 1930 жылы Оспанның зәңгілігін үстіне алып, 1944 жылға дейін істейді. 1933 жылы Кіші Құштайдағы Айт, Бозым мектебін салдырады. 1933 жылдары Кіші Құштай Еркебай аузынан сол кездегі орыс шебері Мекалай деген орысқа халықтың қажеті үшін қос диірмен салғызған. Қазір Рақыштың диірмені деген орын бар.

1946 жылы Құлжадағы қазақ, қырғыз мәдениет ұйымының бұрынғы мекеме бастығы Ысқақбек генералдың үш аймақ төңкерісінің жеңісін жырлаудың өнер бәсекесіне қатынасып бірінші дәрежелі болып марапатталған.

Рақыш өмірінің көбін халықтың ынтымағын қорғауы, халықты ауқаттандыру және халықты береке-бірлікке шақыру жағына көп үлес қосқан. Әйгілі күйші өнерпаз адам болған. 

 

Болатбайұлы Батырбек

 

Болатбайұлы Батырбек – 1900 жылы Қазақтың Жетісуының Нарынқолының Шалкөдесінде дүниеге келген. Беркімбай бидің ұлы Болатбайдың баласы. Сауатты, білімді адам болған. Қытайдың Текесінің Үшқұштайында 1934-1944 жылдары ел ішінде «зәңгі», 1944-1952 жылдары «Мампан» қызметін атқарған. 

Халықан жайлы, қайырымды, кедейлер мен кем-кетіктерге өзінің көмегін ұдайы көрсетіп отырған сыйлы басшы болды. Өзінің көрегендігінің арқасында балалары да білім алып, ағарту мен ғылым саласында нәтижелі қызмет етті. 1952 жылы Қытайдың Ілесінің Текесінде репрессияға ұшырап, сол жылы қытайдың арнайы сақшысы тарапынан атылып қайтыс болған.

 

 

 

Болатбаев Толықбай Батырбекұлы

 

pic

 

Болатбаев Толықбай Батырбекұлы – 1926 жылы ҚХР-да туған. Беркімбай бидің ұлы Болатбайдың немересі. Жасынан зерек, білім қуған, туысқаншыл, бауырмал азамат болып қалыптасқан. Құлжада арнайы мұғалімдік оқу орнын бітіргеннен кейін бірден ағарту саласы бойынша басшылық қызметтерді атқарған. 1950-1958 жылдары Іле облысы Текес ауданында мектеп директоры одан кейін Текесте аудандық оқу бөлімінің басшысы және облыстық оқу бөлімінің басшысы болып қызмет атқарған. 1960-1962 жылдары Қытайдағы Совет консулында қызмет істеген. Бұдай кейін Қытайда репрессияға ұшырап 19 жылдан аса қытай түрмесінде отырған. Халқы үшін аянбай жауларынан қорықпай, шыдамдылық танытқан Толықбай Батырбекұлы ұзақ жылғы түрмеден аман-есен оралды. 1985 жылы Қазақстанға келіп, ағайындарымен жүздесіп, үлкен қуанышпен және ризалықпен жарты жылдай жүріп қайта Қытайға қайтқан. 1991 жылы Текесте ауыр науқастан қайтыс болған.

 

 

 

 

Болатбаев Шаймұрат Батырбекұлы

pic

 

 

 

Болатбаев Шаймұрат Батырбекұлы – 05.12.1942 жылы туған. Жасынан талантты, оқуға ынталы және мәдениеттілігі біліне бастаған. Мұны сезген ағасы Толықбай Текестегі алғаш орыс гимназиясына оқуға берген. Бұдан кейін Үрімжіде жоғарғы оқу орнында оқып жүріп, 1962 жылы Қазақ еліне өткен. 1968 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің физика факультетін бітірген. Мамандығы – физик. Бұдан кейін зейнетке шыққанша Қазақ ҰУ-де (әл-Фараби атындағы) биология факультетінде оқытушы, тәжірибехананың аға инженері, аға оқытушысы болып қызмет атқарған. Алматы қаласында тұрады.

 

 

 

 

 

 

 

Тәжікенұлы Мұхаметжан

 pic

 

Тәжікенұлы Мұхаметжан – 1928 жылы туған. Жастайынан білімге құштар болған. Іледегі мұғалімдердің білімін жетілдіру оқу орнын бітірген. Өзінің бұрынғы мекені Текестің Қайынды, Шолақтерек және Көктерек елдімекендерінде мұғалім болып қызмет атқарған. Сөзге өте шешен, естігені мен білгені өте көп, туысқаншыл білімді азамат еді. 1962 жылдан бастап Қазақстанның Нарынқолының Тұзкөлінде тұрды. Шаруашылықта қызметін абыроймен атқарды. 80 жастан асқанда дүниеден өтті. Бүгінде ұрпақтары Алматы облысы мен Райымбек ауданында абыройлы қызметтерін атқаруда.

 

 

 

 

 

 

 

 

Деменбайұлы Мұдын

 

pic

 

 

Деменбайұлы Мұдын – 1932 жылы 20 наурызда ҚХР-да Текес ауданы Қайыңды қыстағында туған. Арнайы мұғалімдердің білімін жетілдіру институтын бітірген. Оқытушылық қызмет атқарып, мектеп директоры болған. 1962 жылы Қазақстанға өтіп, Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Сарыбастау ауылында завхоз, есепші қызметтерін атқарған. Өзінің тұрған ауылындағы Тұзкөл аулының ақсақалдар кеңесінің төрағасы болған. 1992 жылы зейнетке шыққан. Қазір жанұясы Алматы облысы Қаскелең қаласында тұрады. Елге сыйлы қариялардың бірі. 2018 жылы дүниеден өтті. 

 

 

 

 

 

 

 

 

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15  16  17  18  19  20  21  22  23  24  25  26  27  28  29