ПІКІРЛЕР, ҚҰТТЫҚТАУ 1 | ||
главная 1 2 3 4 5 6 7 8 9 | ||
"ХАЛЫҚТЫҚ ШИПАГЕРЛІКТІҢ" – КӨШБАСШЫСЫ Құрбанқожа САНСЫЗБАЙ п.ғ.к., профессор Қазіргі таңда еліміздің халықтық шипагерлігінің (емшілігінің) қара нары атанған, Қазақстан халық емшілері қауымдастығының тұңғыш ұйымдастырушысы – Президенті, мәдениеттанушы ғалым, профессор, академик, зерттеуші Зиядан Қажы Қожалымов мырза көп жылдардан бері халқымыздың баға жетпес құнды да рухани ерен байлықтарының бірі де бірегейі болып табылатын – халық емшілігінің сырлары мен тылсым құпияларының ғылыми астарын ашып келеді. Жалпы халық пен бүкіл оқырман қауымға түсіндіру жолын қарастыруды қолға алып және бүгінге дейін сол ісін үзбей жалғастыруда. Ғалымның жиырма жылдан астам уақытта баспасөз беттерінде жарияланған ғылыми – танымдық, мәдени – тәрбиелік, ғылыми – көпшілік, халық емшілігінің өткені, бүгіні және болашағы туралы, жеке сын мақалалары мен жиналыстарда сөйлеген сөздері, зерттеулері, жарық көрген еңбектері мен арнайы пікірлер т.б. құнды да рухани мәселелерді қамтыған еңбектерінің тұжырымы, әрі жинағы ретінде осы еңбектерінің ішіне ендірілген. Ол еңбектері мысалы: «Мәңгілік құпия шежіресі» (2001), «Рухани емшілік ғаламаттары» (2006), «Орындалған аманат (2012), «Қазақтың дарынды емшілері» (2010), «Шипагерлік дәстүр және философиясы» (2009), «Ғаламның жұмбақ сырлары» (2010), «Халықтық шипагерліктің бәйтерегі» (2011), «Өмірімнің тағдыры» (2013) т.б. көптеген осындай көлемді еңбектер. Бұл қолға алынған еңбектер бүгінде және келешек ұрпақ үшін де баға жетпес құнды да рухани жағынан үлкен шаруа болып табылады. Бүгінге дейін тарихымызбен мәдениетіміздің бұрмаланып келгенін қайта түлетіп, өлгеніміз бен өшкенімізді және де жоғалғанымызды қайта түлетіп, тауып жинақтап жатқан тұста, сан ғасырлар бойы халқымызбен бірге ұрпақтан – ұрпаққа жалғасып келе жатқан емшілік өнері мәдениетінің тылсым құпиялы сырларын жаңа ғылыми заманның ғылыми – технология тұрғысынан жетелеп, жалықпай – шаршамай, зерделеп, қарап, бүгінгі өркениет көшіне қайта қосу біздер үшін парыз, әрі қарыз. Ғалым Зиядан мырзаның еңбектерінде, мақалаларында шындықпен болжампаздықтың нәтижесі анық көрсетілген, әрі дәлелденген. Мәселен, оның «Жақсылық ойлаған жардан құламайды», «Дәрігерлікті қалқан қып, салықтан жалтарып жүрген», «Қолында құраны, аузында иманы», «Қызметімізбен мақсатымыз адалдық жолында» т.б. мақалаларда емшілік саласындағы кемшіліктерді нақ, дөп басып айта келіп, емшілердің сандық құрамының азайып, салалық сапалық құрамға айналғанына тоқталады. Ал, «Киелі бабалар рухының тылсым құпиясын таныдықпа?» - деген мақаласында бабалары Мөңке бидің рухын сыйламаған Ақтөбелік әкім қараларды сынға алады. Оның бұл идеясы халқымыздың «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» - тұжырымдамаларын анықтай түседі. Өз аталарының рухын сыйламағандарға ескертеді. Міне,ғалым Зиядан мырза ізденуші-зерттеуші ретінде осы олқылықты қырағылықпен, көрегендікпен дөп басып айтып отыр. Бұл нағыз ұлтжанды азаматтың перзенттік, парыздық әрекеті десе болғандай. Өйткені, тарихи деректік құжаттардың бұрмалануымен қоса жалпы халық емшілігіне деген қоғамдық көзқарастардың өзінің сан алуан болуы, бұл әрине мақалаларында зерттеу жұмысының қаншама қиындықтары болатыны айтпаса да айдан анық көрініп тұр. Қазақ халқының өзіне тән емшілік мәдениетінің болғанын, оның өз заманында халық қажетіне қызмет еткенін зерттеп – зерделеп, оның үстіне ғылыми тұрғыда дәлелдеп жеткізе білу үлкен қиын іс. Халық емшілігінің тарихын ғылыми тұрғыдан зерттеп – зерделеуде Зәкеңнің XV–ғасырда дүниеге келіп, артында өшпестей рухани мәңгілік ғылыми еңбек қалдырған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының, «Шипагерлік баян» атты медициналық энциклопедиялық еңбегін зерттеп ғылыми айналымға енгізуі әрі оған арқа сүйеуі әбден – ақ орынды. Зерттеуінде еңбектің құндылығы мен маңыздылығын ұлттық философиялық танымда нақ тұжырымын бере алды. Қысқасы Зядан Қожалымов қазақ ғалымдары арасында ғалым –шипагер Өтейбойдақ еңбегін тұңғыш зерттеп, тыңнан жол салған зерттеуші ғалым екенін мойындағанымыз ғылымға құрмет болмақ. Ұлтымыздың даңқын әлемге танытқан Платон, Аристотель, Гален, Гиппократ, Әл- Фараби т.б. ғұлама – ғалымдардан ілім алған әйгілі Ибн – Синадан кейінгі аспандатқан Өтейбойдақтай емші бабамыздың рухани бай, баға жетпес мұраларын қайта тірілтіп, оның бүгінгі таңдағы ғылыми айналымға қайта жаңғыра отырып енуіне ықпал ету, терең зерттеп – зерделеуді қажет етеді. Халықтық емшілік тақырыбына бұған дейін терең бойлап зерттеп – зерделеу әрекетін жасаған ғалымдар жалпы айтқанда жоқтың қасы. Зиядан Қожалымовтың еңбектерінің бәріде халықтық емшіліктің б.д.д. мен осызаманға дейінгі «құпия» сырларын ашуға арналған. Бұл еңбектер ең алдымен осы тақырыппен қызығушы ғылыми ортамен халық емшілері үшін таптырмайтын дүние. Халық емі жөнінен әртүрлі ғылыми тың тақырыпта еңбек жазуды қолға алудың өзі де үлкен ерлік. Тыңнан сара жол салып халқымыздың емшілік мәдениетінің рухани мол баға жетпес құнды мұра, қазына байлығына тереңдей үңіле білу Зәкеңнің қолынан келер іс деп ойлаймын. Әрине, қай уақытта болмасын тыңнан түлен сала білу ешкім үшін де оңай іс бола қоймасы айдан анық. Әрі бірқатар олқылықтардың да орын алуы да заңды құбылыс. «Көш жүре түзеледі» - дегендей, Алла қаласа керуен жолға шықты, сең бұзылды. Шипагер ғалым З.Қожалымовтің осы беталыспен халқымыздың емшілік дәстүрлі мәдениетін жүйелеп ғылыми деңгейге көтере беруі, онда сенімнің ақталғаны. Алғашқы қарлығаш қанат қақты, енді қалғандары да соңынан ерер деген үміттеміз. Сең бұзылып, сара жол салынды. Енді тек авторға сәттілік тілейміз. Еңбектердің бәрі де жарыққа шығып ғаламторлардан көрініп халыққа қызмет ете бастады, қадамы құтты болсын. Тынымсыз атқарылған адал еңбекте ескерусіз қалмайды. Бұрын ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Алғыс хатын» алған ғалым –шипагер З.Қожалымов мырза өзінің "70 жастық" торқалы мерейтойы қарсаңында, өзі басқаратын «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» арнайы «Ұлттық бизнес- рейтингтер Халықаралық реитинг одағының» (Ресей, Украина, Қазақстан, Белорыс) «Сала көшбасшысы-2013» атағына ие болып, арнайы алтынмен қапталған «Сала көшбасшысы»қабырға медалімен және «Сала көшбасшысы-2013» Ұлттық сертификатымен марапатталды. Аталған ұйымның шешімімен З.Қожалымов мырза да көп жылғы еңбегінің нәтижесінде отанның алдындағы сіңірген адал еңбегі үшін «Қазақстанның Даңқы» Орденімен марапатталды. Бұл да ешкімнің таласы жоқ таза еңбектің жемісі. Ел тәуелсіздігіне дейін «халық емшілігі» тек ауызекі айтылып атадан балаға өтіп жалғасып отырды. Жазба түрі болмады, болғанның өзінде қолдандырмады. З. Қожалымов халық емшілігінің тастай қатқан мұзын жарды, сеңін қозғады оның жарқын жолына көрсете білген білгір басшы, жігері мықты нағыз білгір ғалым- шипагер және халықтық шипагерліктің нағыз Көшбасшысы екені уақыт өткен сайын айқындалып асқақтап барады. Мұны Егеменді еліміздің үлкен жемісі деп ойлаймын. Түркістан қаласы.
МӘДЕНИЕТІМІЗ БЕН БІЛІМДІЛІГІМІЗДІ ӨРКЕНДЕТКЕН БАСШЫ Байділдаева Ұлболсын Түркістан қалалық филиалының директоры Жылдар жылжып, уақытта зымырап өтуде-ғой шіркін! Әр адамның өмір жолының тарихы бар. Оны да еске алып әділ бағасын беру бәріміздің азаматтық парызымыз. Қасиетті Түркістан қаласында 2008 және 2013 жылдары екі рет емшілік саласында ғылыми–тәжірибелік респу-бликалық және Халықаралық форум өтті. Бұл басқосулар Қазақстан халық емшілері қауымдастығының тұңғыш президенті, академик Зиядан қажы Қожалымов мырзаның басшылығында ұйымдастырылды және нәтижелі өтті. Бірнеше шет елдерден келген (Ресей, Қытай, Франция,Армения мен Орта Азия, монғолия, т.б.) ғалымдар мен емшілер бұл форумдардың өте жоғары дәрежеде ұйымдастырылғанына және емшілердің білімділігі мен шеберліктерінің ерекше сауаттылықтарына тәнті болды. Сол жиындарға қатысқан көп емші баға жетпес құнды рухани азық алып қайтты. Сол жерде кітаптарға көрме өткізіліп профессор Жандар Керімбекттің Ермарханының, президентіміз, академик Зиядан қажы Қожалымовтың, профессор Құрбанқожа Сансызбай Нызанұлының , Доцент Зікірия Жандарбектің т.б. тылсым сырлары мен медициналық емшілер жайлы жазылған кітаптары таратылып берілді. З. Қожалымовтің авторлығымен 2008 жылы «Қазақтың көріпкел және болжампаз бабаларының құпиялары» жинақ жарық көрді. Қысқасы осы форум мен жинақта әлемге әйгілі француз жұлдызшы М.Нострадамус пен болғариялық Ванга әжейден де қасиеттер кем емес, олардан да бүрын өмір сүрген болашақтағы төрт мың жылды болжаған Майқы би және Бекет ата, Өтеген батыр мен Мөңке би т.б. аталарымыздың болғанын президентіміз З. Қожалымовтің еңбегінен оқып, біліп еңсеміз көтерілді, рухымыз шарықтағанын да осы күні мақтан етеміз. Әр жиында емшілер бір – бірімен сұхбаттасады, тәжірибе алмасады. Олар өз көрсеткен өнерлері үшін дипломдар, алғыс хаттар, сертификаттар және де түрлі төс белгілер алып жатады. Ол төс белгілер сол өтіп жатқан конференция тақырыбына байланысты болады. Оған қосымша қауымдастық ішінен құрылған емшілерге арналған халық емшілігі саласының білімін жетілдіру мектептері жұмыс істеуде. Мәселен, Халықтық және рухани емшілігі, биоэнергетика, ғарыштыққуат, уқалау т.б. Арнайы мамандар мектепте сабақ өткізеді. Оқу бітіргендерге арналып дипломдар мен сертификаттар беріледі. Емшілердің биоқуаты мен аурасын тексеретін тәжірибханаларда жұмыс істеуде. Өзіміздің қоғамда имамымыз бар, ол форумды ашу үшін Құран оқылып бата жасалды. Түркістан шаһарында жатқан көптеген хандар мен билер, батырлармен шешендер жалпы Йассауй кесенесіне жерленген әруақтарға арналыпта Құран бағышталды. Бұдан кейін форумға арнап жазған басшымыз ақын-сазгер З. Қожалымовтің арнауын әсем әнімен жырау Жақып Сыпатай: Қасиетті Түркістанның жерінде, Сәлем бердік қадірменді еліне. Қазағымның рухани ордасы. Аты шыққан даңқыменен әлемге... деп, бастағанда ғаламат тебіреніс пен рахатқа бөленгеніңде де сезбей қаласың. Түркістандағы форумымдар өте көтеріңкі көңіл – күймен өтті. Келгендердің бәрі де риза болды. Қаланың киелі жерлерін аралады. Түркістан тарихы жайлы жергілікті ғалымдарымыз, профессор Жандар Керімбектің Ермаханы, доцент Зікірия Жандарбек, профессор Құрбанқожа Сансызбай Нызанұлы т.б. көптеген мәліметтер берді Президентіміздің бастамасымен көп емшілеріміз естелікке суретке түскен болатын, оған қосымша форумнан көріністер «Шипагерлік баян» газетіне жарияланды. Мұндай жариялылық біз үшін дәстүрге айналған. Екі күндік форум өте тартымды да қызықты өтті. Әсіресе ерекше көңіл бөлетін жайт ол ғалымдарымыздың көп болғандығында. Олардың бәріде әр саланың мамандары. ҚазҰУ профессоры, филсофия ғылымдарының докторы Жақан Молдабеков мырзаның қауымдастыққа ғылыми жақтан жасаған көмегі мен жақсылығы баға жетпес адамгершіліктің белгісі. Жазушы-профессор Ораз Қауғабай мырза да қауымдастықтың жұмысына тұрақты қолдаушы болуда. Шөптік емдердің көптеген құпия сырларын профессор Ө.Мырзағалиұлы ашып берді. Әрине егер емшілер ,ғалымдармен бірге қоян – қолтық қызмет етер болса, оның жемісі де мол болады. Міне осының біріне ұйытқы болып жүрген президентіміз З.Қожалымов мырза. Егер біздің осындай жиындарымыз ғылыми болмаса оның мүшелерінің ішінде ғалымдар болмаса, бұл қоғам баяғыда тарап кеткен болар еді. Бұл қоғамның өміршең болуы, біздің түсінігімізде ең әуелі басшыға байланысты. Қандай қиыншалық болса да мойымай ширек ғасырға жуық уақытқа дейін алға жылжып келуі үлкен жеңіс болып табылады. Осыған байланысты жақтаушы ғалымдарда сұхбаттар өткізіп тұрады. Соның ішінде профессор Құрбанқожа Сансызбай Нызанұлы үздіксіз емшілерге білім беріп оқытып отырады. Әрине осындай конференция, форум, конгрестер сияқты ғылыми жиындарды осы Түркістанда тұрақты өткізер болса нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймыз. Себебі бұл Түркістан Түркі әлемнің рухани астана болып есептеледі.Осындай жиындардың арқасында біздің шипагерлік мәдениетіміз бен білімділігіміз күннен – күнге өркендеп ғылыми жаңалықта көбейе түсуіне кәміл сенеміз. Басшымыздың торқалы мерекесі алдында осындай ірі жетістікке жетуімізге қауымдастықтың көшбасшысы, президенті, академик Зиядан қажы Қожалымовтің білімділігі мен қайсарлығының және халық емшілігін өркендетудегі нағыз көрегендігі мен еңбекқорлығының нәтижесі екеніін ешкімде тарихтан өшіре алмайды. Түркістан қаласы.
ҚАБІЛЕТ ПЕН ҚАРЫМ Назарбек ҚОСШИЕВ Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Халықаралық «Шабыт-2004» фестивалінің дипломанты. Адамның қабілеті әр кезде әртүрлі болады дейді ғалымдар. Әрине, оны біз зерттеп көрген жоқпыз, зерттеп көретін маман да емеспіз-ау, сірә!.. Бірақ көкірек көзінде саңылауы бар әр адам өзгенің ынтасын, ілгеріге ұмтылысын байқайды. Іштей ой түйеді, жақсыға бағалайды. Бұл төңірегіне терең махаббатпен қарайтын әр пенденің болмысы, кісілік келбеті болса керек. Біз де сондай жақсыға іңкәр, ертеңгіге талаптанушы пенденің бірі болуға ұмтылып жүргеніміз рас. Сондай сәттерде Халықтық және Шығыс медицинасы тақырыбында тарихи-ғылыми және кәсіби бағыттағы еңбектер жазған Қазақстан халық емшілері Қауымдастығының президенті, академик, профессор Зиядан қажы Қожалымовтың бірнеше еңбегі қолымызға тигені бар-тұғын. Өзіміз де бұған дейін әдебиетке құмарлығымыз болған соң қолымызға қалам алып жүргендіктен, сол туындылардың түпкі мағынасына шұқшиыңқырай үңіліп, авторының кім екенін іздей жүретініміз бар. Негізгі мамандығы – инженер-электрик бола тұра, Зиядан ағамыздың қаламгерлікке біржола бет бұруы бірбеттіктен гөрі табандылыққа, зор қабілет пен қайсар қарымдылыққа, жігерлілік пен жалынды ойға жетелейді. Әйтпесе, өмірде ондай кілт бұрылыстар жасауға кез келгеннің батылы жетпей жатады. Ал, З.Қожалымовтың ерекше қасиеті – бір Алланың құдіретімен бойына дарыған емшілікті кәсіп етіп қана қоймай, оның ғылым ретінде қалыптасуына өзіндік үлесін қосып жүргендігінде жатыр. Ол мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының негізінде жер жәннаты – Жетісудің Шалкөде жайлауындағы Айғайтас бөктерінің перзенті – жаһангер, ғұлама ғалым, шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының (1388-1483) «Шипагерлік баян» атты еңбегінің әлемдік дәрежеде бағаланып, оның ел ғылымының мақтанышына айналуын ғылыми тұрғыда зерттеп сүбелі үлес қосты. Халқымыздағы емшілік туралы тұңғыш арнайы рисала-еңбек жазған ғалым-емші, тарих саласының білгірі Өтейбойдақ Тілеуқабылұлын бүгінгі заманға әкелді, жаңаша сөйлетті. Шипагер еңбегін 10 жылдан аса зерттеу өз нәтижесін беріп, осыдан 5 ғасырдан астам уақыт бұрын жазылған шоқтығы биік туынды, ішкі дүниесінен нұрын шашып тұрған имандылық кітабы жұртына қайта оралды. «Шипагерлік баян» кітабын оқыған сайын жаңа атау, жаңа ғылыми шешім, жаңа тарих, шежіре, жаңа емдік анықтама, емдік әдіс-тәсіл, дәрі-дәрмек түрлері, табиғаттың ғажайып сырлары, Ислам дінінің керемет құпиялары, өзге де біз түсініп-білмейтін тылсым сырлар ашыла береді. Адамның тәні тазарып, жаны рахаттанып, бір ғаламат кеңістік үстінде қалқып ұшып жүргендей сезінеді. Осындай құндылықты ғалым З.Қожалымов қана ғылым мен оқырманға анық әрі таза ұлттық танымда жеткізе білді. Ғалым Зядан Қожалымовтың басшылығында Өтейбойдақтың рухына арнап, 2009 жылдың шілдесінде Тараз қаласында 480-ге жуық шетел және Қазақстан ғалымдары мен емшілері, шетел және өзге де салалардың мамандары қатысқан Халықаралық Конгресте ғұламаның «екінші Ибн Сина» екені отандық ғалымдар тарапынан ғана айтылып қойған жоқ, Франция, Қытай, Ресей, Орта Азия тағы басқа да шетел ғалымдары осы пікірге толық қосылып қуаттады. Қытай елінің Мемлекеттік сыйлығын алып (1997 ж.), жарты ғасырдан кейін өз еліне оралған ғалымның аталмыш еңбегінің желісі бойынша Жамбыл облыстық драма театрының актерлері сахналаған жарты сағаттық қойылымның сценарийі, музыкасы мен әнін жазған да З.Қожалымов еді. Қазақстан халық емшілері Қауымдастығы ұйымдастырып өткізген сол жиында жаһангер еңбегіне арналған "Шипагерлік дәстүрі және философиясы" атты ғылыми-зерттеу кітабының да тұсауы кесілді. Ғұламаның арманы осылай іске асты. Бүгінде ақын-сазгер де атанған Зядан Қожалымовтың өзі шығарған ән-толғаулары да халыққа жағымды жағынана таныс әрі сүйіп тыңдайтын шипалық туындыға айналды. Мұның көбі Қазақ радиосы мен облыстық радиолардың «Алтын қорларына» қойылған. Бүгінде Зиядан қажы Қожалымов Халықтық және Шығыс медицинасының ешкім біле бермейтін өзгеше қырларын тереңдей зерттеп, Өтейбойдақ дәуірі мен бүгінгі заманның арасындағы ұқсастық және қарама-қайшылықты үйлесімді ұштастырып келе жатыр. Оның 20-дан астам танымдық, ғылыми монографиялық еңбектерінің ішінде дәстүрлі емес халық медицинасы саласындағы артықшылықтар мен дәстүрлі медицинаға қабысар тұстар, шипалы шөптермен, тіпті қарапайым қимылдары арқылы ем-дом жасау тәсілдерін суреттеуге айрықша басымдықтар берілген. Қазақстан халық емшілері Қауымдастығының президенті, белгілі парапсихолог З.Қожалымовтың республикадағы халық емшілерінің басын қосып, жыл сайын түрлі шаралар (Конгресс, форум, конференция, съезд, т.б.) өткізіп, олардың материалдарын оқып-түйсіну үшін жұртшылыққа таратуының өзі – ғылыми мекемелердің қолынан келер-келмес шаруа. Зекеңнің "Мәңгілік құпия шежіресі"(Алматы."Сөздік-Словарь", 2001) «Рухани емшілік ғаламаты: Құран аяттарының емдік қасиеті» (Алматы, «Шалкөде», 2006),"Денсаулықты жақсарту тәсілдерінің жолдары"(А."Шалкөде", 2011), т.б.атты еңбектерінің өзі қарапайым қалың бұқараның жоғары сұранысына ие. Бұл еңбекті ел қазір «Домашняя аптека-Үйдегі дәріхана» деп атап кетуде. Өйткені, мұның ішінде өзіміз күнделікті өмірде көңіл аудара бермейтін адам өңінің өзгеруінен бастап, жүрек-қан тамырлары, асқазан, бауыр, бүйрек, балалар және әйелдер аурулары, аллергия, ауыздан жағымсыз иіс шығу мен ауыртпалықтардан қалай сақтанудың шапағат-дауасы алфавиттік ретпен жүйеленіп жазылған. Ғалым, академик З.Қожалымов халық емшілері мен оқырман қауымға арналған осы еңбегінде адамдардың сырқатын емдеудің, қасиетті Құран Кәрімнің аят-дұғаларының құпиялы емдік шипасы, сопылық емшілік, арнайы дұғалар қасиеті, әртүрлі аурулардың емдік дұғалары және сиқырлық сырлары туралы еркін әрі түсінікті баяндайды. Бұған дейін оқырманнан оң бағасын алған «Мәңгілік құпия шежіресі», «Шапағатты рух ордасы», «Халық медицинасының өткені, бүгіні, болашағы», «Дәстүрлі емес халық медицинасы», «Бақсылық өнерінің ерекшелігі», «Тылсым дүниенің құпия емдері», т.б. танымдық кітаптардың авторы «Рухани емшілік ғаламатында» дерттің қалай басталып, оған ем қолдану барысында қалай шипа қонатынына дейінгі толық процедурасын көрсетеді. Мұндай ғылыми еңбекті кез келген дәстүрлі медицина саласының кәсіби маманы жазып шығуы қиындау болар, сірә!.. Тарихқа үңілсек, жер бітіп, су аққалы емшілік қасиеттің қыр-сыры, тылсым құпиясы сонау дәуірдегі Орхрн-Енисей жазбалары, одан бергі Әл-Фараби, Қорқыт баба, Әл-Бируни, Әл-Хорезми, Омар Хайям, Фирдоуси, Жүсіп Баласағұн мен Махмұт Қашқари, Ахмет Иүгінеки мен Қожа Ахмет Йассауи, кейінгі тізбек Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердиевтер арқылы жалғасын тауып отырды. Кейін Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, басқа да Алаш ардақтылары жалғастырып бізге жеткізді. Белгілі қаламгер, ғалым, халық емшісі , профессор З.Қожалымовтың мұндай ерекше қаиеттеріне кәрі Каспий жағалауындағы Атырау жұрты да жақсы таныс. Оның осы өңірде сонау 90-жылдардың бас кезінде халық емшілері Қауымдастығының Атырау облыстық филиалы ашылуына септігі тиді. Филиалдың заман ағымына сай толық қалыптасып кетуіне әлі де айтарлықтай еңбек сіңіріп келеді. Ғалым ұйымдастырушы З.Қожалымов мырза ерең еңбегінің нәтижесінде бұған дейін Елбасы Н.Назарбаевтың «Алғыс хатын» алса, 2014 жылдың басында ол басқаратын қауымдастық 2013 Құрылғанына 23 жыл толған қоғамдық бірлестіктің атқарған еңбегі ұшан-теңіз. "Қазақстан халық емшілері қауымдастығы" РҚБ (Республикалық мәртебе) 2012-2013 жылы қызметіндегі ерекше табыстары үшін Мемлекеттік статистиканың ресми деректері негізінде ғана, Қазақстан экономикасының нағыз көшбасшыларын анықтайтын кешенді рейтингтік бағдарлама "Ұлттық бизнес-рейтингінің", "Ғылыми-ақпараттық статистикалық зерттеулер орталығы" және "Ұлттық бизнес-рейтингтер Халықаралық рейтинг одағының" (Ресей, Украина, Қазақстан, Беларусь) «САЛА КӨШБАСШЫСЫ – 2013» атағына ие болып, арнайы алтынмен қапталған «САЛА КӨШБАСШЫСЫ» қабырға медалімен және «САЛА КӨШБАСШЫСЫ – 2013» Ұлттық Сертификатымен марапатталды. Ал Қауымдастық президенті Зядан Қожалымов көп жылғы еңбегінің арқасында Отанның алдында сiңiрген еңбегі үшін Мемлекеттік статистиканың ресми деректері негізінде ғана, Қазақстан экономикасының нағыз көшбасшыларын анықтайтын кешенді рейтингтік бағдарлама "Ұлттық бизнес-рейтингінің" «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДАҢҚЫ» Орденімен марапатталды (Куәлік № 01724, 20.01.2014). Бұл жетістік те үлкен ұйымдастырушылық пен ынтымақтың нәтижесінде келгені белгілі. Қауымдастық ұжымына марапаттары құтты болсын демекпін. ҚР Президенті-Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал саясатын қолдай отырып, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуына өлшеусіз үлес қосып жүрген шипагер-ғалым, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақын-сазгер З.Қожалымовтың атқарған қызметі мен төккен маңдай тері қашанда халықтың денсаулығын жақсарту бағытындағы ортақ бетбұрыспен үндесіп жатыр. Ел мүддесі жолындағы іскерлік қабілеті мен атқарған жұмысының қарым-қуаты елдік пен еселі еңбекке жетелейтін өрелі өнеге екендігі бүгінде ғылым мен оқырмандарға айқындалуда. Торқалы тойының қуанышына бөленген Зядан қажының бойындағы құпия қасиет әлі де талай қуаныштар сыйлайтындығына сенеміз! Атырау қаласы ЕМШІЛІККЕ ЕҢБЕГІ СІҢГЕН Гүлпара ЕРМҰҚАНОВА, Қауымдастықтың Атырау облыстық филиалының директоры, ҚР «Құрметті кәсіби халық емшісі» Ғылыми-зерттеу жұмысымен түбегейлі шұғылдануға адамның тұтастай өмірі кететіні рас. Жаратушы бір Алланың құдіретімен адам ғылымның сан алуан түрлерін зерттеп, біліп, қажетіне пайдаланып, пайдасын көріп келе жатыр. Ал, барлық ғылым түрлерінің құпиясы ашық деп айта алмаспыз. Емшілік – құпиясы шешіліп болмаған ғылым қатарына жатады. Адам бойына табиғаттан берілетін өзгеше қасиет пен бөлек тылсым күшті әр адамның меңгеріп, ұстай алмасы да белгілі. «Тылсым күш» деп отырғанымыз – емшілік қасиет. Халқымызда осы емшілік қасиетті ұстанған адамдар қатары біршама болғанымен, оны зерттегендер аз. Осы біздің уақытымызға дейін емшілік жөнінде түрлі жазба-еңбектер жазылып келеді. Бірақ нақты тарихи ұлттық танымдағы жазбалар мен зерттеулер кеңестік солақай саясаттың әсерінен шектетілді. Біздің қауымдастықтың басшысы шипагер-ғалым, академик Зядан қажы Қожалымов өзінің көп жылғы зерттеулері арқылы емшілік жүйесін ғылыми айналымға енгізе білді. Ол оқырман мен емшілер үшін көптеген шипагерлік саласының еңбектерін жазып, бүгінде құрметке бөленуде. Ғалым З. Қожалымов бұрынғы қазақтың ғалымдарының емшілік жүйесін ғылыми айналымға ендіре алмаған жөніндегі армандарын, толық орындап шыққан тарихи тұлға. Ғұлама ғалымның бұл еңбектерінің әрбір жолы ұлағат. Олай деуімізге себеп – денсаулықтағы сәл ғана кінәрат, болмашы ғана сызат адамның келешектегі өміріне үлкен кемістік әкелуі ғажап емес. Міне, осы тұрғыдан келгенде Қазақстанда халық емшілерінің үнемі ауқымды жиындарда бас қосып отыруы – қуантарлық қадам. Егер терең сезініп ойласақ, қай салада да, «халықтық» деген атау – үлкен сезімді оятатын, тұтас сезімді жандандыратын жоғары мәртебе, тіпті ерекше күш-қуатты жетістікпен жалғастыратын кәсіби деңгей. Расында, халық емшісі – ел арасындағы ұстаздықтың елшісі, еңсесі езілгендердің демеушісі, сүрінген жанның үлкен көмекшісі, ағартушы іспетті жан. Осы тұрғыдан алғанда, халық емшісі мен кәсіби дәрігерлер арасында ортақ ұғымдар молшылық. Осындай асыл қасиеттерді бойына жинап, халқына қалтқысыз қызмет етіп жүрген азаматтардың бірі шипагер-ғалым -– Зиядан қажы Қожалымов. Әрине, бұл жерде оның ғылыми және кәсіби титулдарын тізбелеп жатуға да болады. Бірақ оны артық санап, тек емшілік жолды ұстанып, адамдарға жақсылық жасауға ұмтылысын танытуға талап қылдық. З.Қожалымов – өткен ғасырдың сонау 90-жылдардан бастап, жұртқа беймәлім халық емшілігі қауымдастығын құру және оны басқарумен қатар, оның тарихын тереңінен зерттеу, бірізді жүйеге келтіру жұмыстарын қолға алған адам. Осы ширек ғасыр уақыт емші-көріпкелдердің басын қосып, ресми орындармен бірлескен түрде ауқымды іс-шараларды батыл әрі табандылықпен жүзеге асырып келеді. Ол атқарған ең күрделі жұмыстардың бірі – Республикалық Қазақстан халық емшілері қауымдастығында тек бойында табиғи дарын-қасиеті бар, қалыптасқан емшілерді ғана сараптаудан өткізіп, кәсіби орта жасақтады. Әрине, жүйелі жұмыстың одан әрі өрістеуі үшін сол ортаны тек қалыптастырып қою аз еді. Сондықтан, білімді әрі білікті шәкірттер тәрбиелеуге үндеді, сол жолды өзі салып көрсетті. Нәтижесінде қазір елімізде таза жолмен жүріп, халықтың денсаулығын дәстүрлі ғылыми медицинамен бірлесіп қорғауға атсалысып жүрген білікті кәсіби халық емшілері көбейді. Олар үшін халықтық емшіліктің методикалық, әдістемелі шарттары мен жүйелерін жасауға да біраз тер төкті. Ғалым Зиядан Қожалымовты республикадағы көп ұлттың емшілерін біріктіруші, жұмылдырушы деп білемін. Емшілердің емшілікке келгенше атқарған қызметтері сан алуан (мұғалім, есеп қызметкері, жүргізуші, еден жуушы, дәрігер, технолог, т.б.), сондықтан оларды басқару да оңай еместігі рас. Олармен ортақ тіл табысу арқылы межелі мақсатына жетіп келеді. Ал, мақсат біреу – халық емшілігін оң жолға қою. Парапсихолог З. Қожалымовтың халық медицинасы саласындағы тәлімдік-тәрбиелік, тылсым-құпиялық, оқулық, емдік және монографиялық еңбектері зерттеушілердің, емшілердің және қарапайым оқырман халықтың арнайы іздеп оқитын құралына айналғаны оның еңбектерінің газет, журнал т.б. баспа салаларында ұдайы жариялануы. Оның ерекше ұйымдастырушылық қасиетіне жеке тоқталуды қажет етеді. Зиядан аға – жалғыз емес, ол өзіне орта құра білген қабілетті басшы. Жыл сайын өткізіп жүрген ғылыми-тәжірибелік конференциялар, лекциялар оқу, баспаға материалдар шығарып, ағартушылық қызметті жоғары дәрежеде жүзеге асырып келеді. Емшілік қасиетті ғылыми тұрғыда зерттеп, оқулықтар жазған еңбегі – осы саланы реттеуге, бір жүйеге келтіруге қосқан үлесі. Барлық арқалылар бұл еңбектерді қолынан тастамай, күнделікті тәжірибеде қолданып келеді. Емшілік қауымдастығын 23 жыл басқару – күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалу деген сөз емес пе?! Қаншама қиыншылықтар мен қарсыластардың кедергісіне ұшыраса да Зядан қажы өзінің адамгершілігін сақтап күш-қайратын ұстай білді. Өз өмірін осы жол үшін арнаған мықты азамат деп есептеймін. Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті, профессор З.Қожалымов халқымыздың көрнекті ғалым шипагер-ағартушысы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының (1388-1485) еңбегі «Шипагерлік Баяның» ғылыми-тарихи зерттеуі ұлттық философиялық таныммен тарихи тұрғыда дәлелденуіне, шипагердің тұжырымдарының күнделікті қолданысқа енуіне көп тер төгіп келеді. Өтейбойдақ атаның «Шипагерлік баян» атты еңбегіндегі бағыт-үлгілерді халық емшілерінің толық қолдануына ақыл-кеңесін үнемі айтып отырады. Сол арқылы емдеудің озық тәсілдерін бірлесе жинақтап, жалғастырушы әрекеттер қолға алына бастады. Егер логикалық тұрғыдан алып қарағанда, медицина қызметкерлері сияқты, әрбір емшінің өзіндік емдеу «учаскесі», яғни бағыты болады. Бұл қасиет Жаратылыста солай жазылған болса керек. Емшінің қабілетіне қарай оның ем жүргізу бағдары белгіленеді. Қауымдастық тарабынан емшілердің қабілеті мен денсаулық жағдайын арнайы тәжірибелік орында тексеріп, оларға емдеу құқын беруде қауымдастық тарабынан жүзеге асырылуда. Қысқасы, қауымдастық президенті, Академик З. Қожалымовтың батылдығы мен нақты дәлелелі нәтижесінде қауымдастық емшілері бұған дейін ширек ғасырға жуық өз құқыларын таптаған мемлекеттік тексеру мен бақылаушы орындарының бодандығынан толық азат етілді. Осы орайда Атырау облысында халық емшілігінің кең қанат жаюына сіңірген еңбегін атап көрсеткенді жөн көрдім. 1992 жылдың соңында сол кездегі қауымдастықтың Бас директоры, медицина ғылымдарының кандидаты Т.Бекеновты ертіп облысқа арнайы келген З.Қожалымов (16.06.1992) Қауымдастықтың облыстық филиалын құруға кеңес берді, ол жүзеге асты да. Еліміз бойынша Қауымдастықтың 20-дан астам филиалдарының ішінде Атырау облыстық және Құлсары қалалық филиалдарының қызметі содан бері тұрақты қалыптасып, нәтижелі еңбек етіп келеді. Менің пікірімше, зерттеуші ғалым З.Қожалымовтың негізгі мақсаты да, көздеген ой-арманы да өзіндік межеден шығып келеді. Сонымен қатар, ол тарихы тереңде жатқан, әлемдік кеңістікке таралған жетістік – халықтық медицинаның ұлттық дәстүрін қалыптастыру, осы бағыттағы іс-әрекеттерді жандандыруға көп күш жұмсап келеді. Жыл сайын Қауымдастықтың бастамасы және ұйымдастыруы нәтижесінде көршілес мемлекеттердің емшілерімен қарым-қатынас және серіктестікті орнықтыру мәселесі нығайып келеді. Осылайша, тәуелсіз Қазақстанның өсіп келе жатқан халықаралық беделін халық емшілері тәжірибесі арқылы таратудың жолдарын үйлестіріп келеді. Демек өзгелердің Зиядан аға Қожалымовтан үйренері де мол. Денсаулық сақтау саласымен үнемі өзара ынтымақтастықта болып, осы қызметтің әрі қарай жалғаса беретініне сенім мол. "Зядан аға қашанда - емші – елімен бірге. Адам жетілу үшін парызға деген сезімталдық пен сенімділікті иемдену керек. Сондықтан, халық емшісінің сенімі шынайы, шешімі тура да әділ, әр істе шыншылдық пен дұрыстық, құрметтеуге тұрарлық өмір сүруге ұмтылып, ойы түзу, ниеті ақ, пайымы тура болуы шарт. Олардың адамдық болмысы мен кәсіби беделі сонда ғана сатылай құралып, халқынан қолдау табады" - дейді. Біз басшымыздың торқалы тойы мерекесі қарсаңыңнда: Қазақстан халық емшілері Қауымдастығының президенті, Халықаралық дәрежелі парапсихолог, Халық медицинасы Академияларының академигі, Халық медицинасы және Ғарыштыққуат Академиясының профессоры Зиядан қажы Қожалымовтың бойынан осындай қайраткерлік келбетті көреміз және мақтан етеміз. Атырау қ. | ||
1 2 3 4 5 6 7 8 9 |