ПІКІРЛЕР, ҚҰТТЫҚТАУ

7
 главная

1  2  3  4  5  6  7  8  9
 


КӨҢІЛ КҮЙІН ТЕРБЕГЕН

Зядан Қожалымовты халық емшісі ретінде білетінбіз. Ол Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті, Қазақстан Журналистер және Психологтар одақтарының мүшесі, рухани шипагер, парапсихолог. Ол осы қасиеттеріне қоса өлең-жыр жазумен де шұғұлданады. Оның бірқатар поэзиялық шығармалары Республикалық баспасөз беттерінде жарық көрген. Енді осыларға қоса Зядан өзінің өлең, терме, толғауларына ән де шығарып жүр. Биыл Алматыда оның көп жылдан бері жазған өлеңдері іріктеліп, «Көк тәңірі жүр жебеп»  (А. 2000) – деген атпен әндері ноталарымен қоса жарық көрді. 

Кітап шағын болғанымен, оның ішіндегі дүниелер адамның көңіл-күйінің әр шақтағы иірімдерін дөп басып сырлы сезімдерге жетелейді. Автордың шығармаларында ізгілікті, дінді, адамгершілікті насихаттайтын сарын басым. Сондықтан да оның өлеңдері салиқалы, салмақты, мазмұнды болып келеді. Ақынның өзі де бір өлеңінде:

Қонды қалай деп оны сұрамағын,

Бағы ғой берген маған бір Алланың.

Ата-ана наз жыры бойға дарып,

Шабыттанып, ой шалқып, жыр жазамын,

– деп ақындық өнердің қалай дарығаны жөнінде сыр шертеді.

Ақын қай күнде де халықпен бірге, соның мұнын мұңдап, жоғын жоқтаған. Елінің жақсысына сүйініп, жаманына күйінген. Оны қоғамда болып жатқан сан қилы өзгеріс құбылыстар да толғандырмай қоймайды. Сондықтан да ол «Тағдырдың тәлкек заманы-ай» деген әні бар өлеңінде мына заманның қым-қуат құйтырқы тірлігін суреттей келіп:

Шаттанған елім, жайнағың,

Бұзылмай, халқым, қаймағың.

Тәуелсіз елсің мінекей,

Бағыттан енді таймағын,

– деп елінің тәуелсіздігіне тәубе етіп, оның болашағына зор сеніммен қарайды.

Кітаптың жартысына жуығы толғаулар мен термелерден тұрады. Бұл шығармаларында да Отанға, еліне, өз халқына деген ақынның сүйіспеншілігі, адамгершілік, ар-ождан, бабалар, ағалар рухына деген тағзым арқау етіп алынған. Мәселен, «Халқыма айтар жан сырым» атты ұзақ толғауында:

Имандылық ордасы да менің елім болады,

Бақыт құсы келіп саған мәңгілікке қонады.

Ырысың мен ырыздығыңның несібесі алдында,

Жаратушы бір өзіңді қорғауына алады,

деп түйіндейді.

Кітапта көптеген өлең, толғауларының ноталары қоса берілген. Ол жөнінде сазгер Темір Тайбековтың пікірін келтіре кеткенді жөн көрдік: «Жақсы жыр мен әдемі ән ешқашан да өшпейді, өміршең келеді. Зяданның туындыларында да сондай сипат бар. Олар өзінің сонылығымен, әуенділігімен, мәнділігімен ел арасында ене берері сөзсіз. Әуелгіде ол қарапайым әндерімен ерекшеленсе, бүгіндері термелер мен толғауларда да бақ сынап, бапты әндер тудырды».

Біз де кітап авторына – шабытың шарықтай берсін, өнер әлеміне сермеген қанатың әсте талмасын, – деп тілейміз.

М.Нұрмұқанов,

"Солтүстік Қазақстан" газеті, 28 тамыз 2001.

 

 

 

ШИПАЛЫ ЖЫР ЖОЛДАРЫ

Бұл кітаптың авторы – Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті, Қазақстан Журналшылар және Психологтар одағының мүшесі, Халықаралық дәрежедегі биоэнерготерапевт, рухани шипагер, парапсихолог.

Мұнда автордың көптеген жылдардан бері жазған поэзиялық шығармаларының таңдаулылары іріктеліп, республикалық және облыстық баспасөзде жарық көрген әрі радиоларда орындалған әндері мен рухани тәрбиелік ерекшелігі бар терме және толғаулары топтастырылған. Біраз шығармалары облыстық және Республикалық радионың алтын қорына қалдырылған. З.Қожалымовтың «Құдірет», «Ақ гүлім», т.б. әндерін көп жылдан бері халық шырқап келеді.

"Ана тілі" газеті, 24.05.2001 ж.

 

 

 

Күндесең де іштен тың, үндемегің...

"Көк Тәңірі жүр жебеп", Зядан Қожалымов. "Тоғанай Т" баспасы, 2000.

"Күндемегің, ей досым, күндемегің,

Күндесең де, іштен тың, үндемегің...", "Көк тәңірі жүр жебеп" – деп аталған көк кітапша ішінен сөз бен саз өнерінің қағидаларына сәйкес көркемдіктен гөрі адамгершілікті, адалдықты, ізгілікті уағыздайтын осындай қарапайым көсем ойлар мен ақыл-кеңестерді іздесек, іздегенімізді табамыз. Тылсым күш құдіретін зерттеуші, әрі тікелей байланысушы, Қазақстан Халық емшілері қауымдастығының президенті, түрлі Халықаралық халық емі ассоциацияларының мүшесі, биоэнерготерапевт, жантанушылық білгері, рухани сауықтырушы шипагер Зядан Қожалымовты өлеңшілік, һәм сазгерлік қырынан таныстыратын кітаптың күміс тілі – Ар, Ождан, Жан, Тән тазалығы. Белгілі кәсіби сазгер Темір Тайбеков сәт-сапар тілеген кітаптың музыкалық редакторы – Әшірхан Телғозы, әдеби редакторы – Әнуар тарақ. Басылымдарда жарық көріп, әуе толқындарында орындалып жүрген емдік шипалық әндері мен рухани тәрбиелік сипаттағы терме-толғаулары топтастырылған. Әндерінің көбінің сөзі мен сазы – өзінікі. Төлеу Қосан, Эльмира Жанабергенова, Ләззат Зяданқызы әндерін шығарған терме-толғаулары бар. Ел, жер, дін сүйіп-сыйлаған жүректің толғақ – бұрқағы: "Халқыма айтар жан сырым", "Ашылсын бағың, қазағым", "Иманым", "Тәубеге келу", "Құлпытасқа тағзым..." Көңілдің кейбір кездерінде туған ой иірімдерінің қалқыған көбігі: "Өмірім", "Көңілім", "Өлеңім", "Шіркін, дүние-ай", "Адам аласы ішінде", "Тағдырдың тәлкек заманы-ай", "Күндемегің..."

Ән сүйген, рух сүйген әркіміңізге көк тәңірі жебей жүрсін!

Гүлзира Серғазы,

 "Алматы ақшамы" газеті,

 20 маусым 2001.

 

 

 

ҚАУЫМДАСТЫҚТЫҢ ҚАЖЫМАС ҚАМҚОРЫ

Әнуар Тарақов,

әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ-дің профессоры, ф.ғ.д.

фотоҚұрылғанына 23 жыл толған «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті, халық емшілігін зерттеуші ғалым, парапсихолог, қажы Зиядан Қожалымов жетпістің белесіне беттеді.

Жариялық жылдарынан кейін,  демократия қоғамдық өмірімізге тереңдей енді. Ғылымның әр саласында жаңа уақытқа сай ізденістер басталды. Ұзақ жылдар коммунистік партия саясатының дінге қатал қысымымен халықтың бай дәстүр-салты, әдет-ғұрпының беймәлім қырлары ұрпаққа таныстырылмай келді. Біртіндеп экстрасенс, парапсихолог, көріпкелдер халық медицинасы мен ежелден келе жатқан дәстүрлі емдеу тәсілдерін білетін шипагерлер ел ішінде бой көрсетті. Бірінен-бірі емдеу тәсілдерімен, түрлерімен бәсекелесуі күшейіп, осыны пайдаланып, ел арасында жалған «емшісымақтар», «сәуегейлер», «табиғатпен тікелей тілдескіштер» егіске шыққан шытырдай қаптаған кезде Зиядан аға жан жары Түймегүл жеңгей және аяулы қызы Гүлзат өздерін қолдаушы топпен бірге олармен тікелей күресті .

1944 жылдың 1 шілдесінде Хан Тәңірінің Текес өңірінде дүниеге келген Зиядан екі жасында әкесінен айырылды. Анасының аялы алақанымен тағдыр ауыртпалығына мойымай, арман-мақсатына ұмтылды. Нарынқол орта мектебін үздік бітіріп, 1964 жылы Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсті. Инженер-электрик мамандығын меңгерді. Қасиетті Түркістанда туған жоғарғы білімді дәрігер Түймегүл Құлмақанқызымен отау құрды. Нарынқол ауданы шаруашылықтарында бас маман, аудандық «Электржүйесі» мен «Сельхозэнерго» мекемелерінде басшылық қызметте болды. Кейін Алматыға ауысып, мамандығы бойынша жауапты қызметтерді атқарды.

Өзінің Құдай бойына берген қабілет-қасиеттерін дәлелдеу мақсатында Мәскеуде емшілік мектебінен тәжірибе жинады. Онда халықтық емшілігіміздің сан ғасырлық қыр-сырларымен таныстырды, түрлі емдеу тәсілдерін көрсетті. Бұл жайында «Өмірімнің тағдыры» атты кітабында кеңінен жазылды. Елді дүрліктірген, ешқандай білімі жоқ, дүмбілез емші атаулыдан арылту үшін орталық құруды ойластырды. 1991 жылы «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» республикалық қоғамын құрып, оны басқаруды қолға алды. Ширек ғасырға жуық мерзімде қауымдастықтың жеткен жетістіктері де, иеленген атақ-дәрежелері де бір шоғыр. Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті, парапсихолог, мәдениеттанушы және өтебойдақтанушы ғалым, ақын, сазгер Қазақстан Журналистер және психологтар одағының мүшесі З. Қожалымов, халықаралық дәстүрлі халық медицинасы  орталықтары мен академиясында өзін таныта білді. Бұдан бөлек «Жас-Ай» Шығыс-тибет журналының ред. алқа мүшесі, «Шипагерлік баян» газетінің бас редакторы, «III мыңжылдықтың үздік емшісі» 23 кітап пен 30-дан аса әннің сөзі мен сазының авторы. Алматы облысы Райымбек ауданының құрметті азаматы. Қауымдастықтың ширек ғасыр уақытта жасаған қызметі әр алуан әрі ауқымды. Өз құрамын дәстүрлі емшілік, шипагерлік қабілетімен халыққа танылған адамдармен толықтырды. Алматы мен Астанадан басқа, әр облыста бірлестік филиалдарын ашып, олардың жұмысын үйлестіріп отырды. Қазақ және орыс тілінде «Шипагерлік баян» атты газет шығарды. Халық медицинасы және емшілік дәстүрлері, имандылық, діни ілімдер, табиғаттың түрлі құпиялары, өсімдіктер дүниесінің емдік қасиеттері, әлемдегі шипагерлік тәсілдер және ұлттық тәрбие, әдеп мәселелері, денсаулықты күту жайлы қаншама қызықты дүниелер жазылды.

Адалдығым, ол менің адалдығым,

Бойымда дарын да бар, сана, білім

Жүрегім ақ, жаным да таза менің,

Халқымның пір тұтамын даналығын – деп «Адалдық» атты ән сөзінде айтылғандай, өз өмірінде осынау тұжырымды берік ұстанды. Емшілікте де, қауымдастықтың жұмысында да жеке басының мүддесінен гөрі, оның елге тигізер пайдасын, ықпалын ойлады. Бірлесіп өткізген халықаралық форумдар, жиындар мен шараларда қазақ емшілігінің ғасырлық дәстүрінде дамып келе жатқандығын дәлелдеді. Қауымдастық емшілерінің Құдай берген қасиет-қабілеттерін танытып, өзара тәжірибелер алмасуына ұжым басшысы ретінде ұйытқы болды. Мұны облыстардағы, Астана мен Алматыдағы емшілердің газеттерге, телерадиоға берген сұхбаттарынан, «Шипагерлік баян» газетіндегі жылы лебіздерінен көз жеткіземіз. Мәселен педагогика ғылымының кандидаты, профессор Құрбанқожа Сансызбай «Қазақ ғалымдары арасында ғалым, шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы еңбегін тұңғыш зерттеп, тыңнан жол салған зерттеуші» десе, қауымдастықтың Ақтөбе облысы филиалының директоры Қализа қажы Құттыбаева «Қазақ халық емшілігінің ғылыми әрі тәжірибелік негізін қалап ғана қоймай, ұлттық шипагерлік ілімін, мәдениетін, әдіс-тәсілдерін ғылыми-танымдық деңгейге көтерді» деп бағалады. Қостанай облыстық филиалының директоры Бақыткүл Нысамбаева «Ол өте дарынды, жан-жақты қабілетті адам» деп емшілік қасиеттерін атап өтеді. Мұндай ықыласты тілектер әр алуан.

Ақындықпен қоса ән шығару, Зиядан ағаға берген Құдайдың қабілеті әрі бақыты. Ол мұны емшілік қасиетінің өнермен сабақтастығы деп біледі. Мәселен, сүйікті жары Түймекүл жеңгемізге арналған «Ақ гүлім» қазақ ән өнеріне қосылған әдемі туындылардың бірі. Мұны дарынды әнші марқұм Қ. Ысқақова алғаш орындап, көпшілікке таратты.

Өлеңді жазайын деп жазғаным жоқ

Көкейде ізгілікпен маздар тілек

Айтамын бар сырымды осы өлеңмен,

Құдайым мұны берді, арманым жоқ, – деп жыр жазу себебін осылай түсіндіреді.

Зиядан ағаның алғашқы кітабы «Көк тәңірі жүр жебеп» әндер, өлеңдер кітабынан басталды. Содан бері 14 жылдан бергі жазған кітабының саны – 23. Бір жылға бір-екі кітаптан келеді. Еңбекқорлық демей көр мұны.

Ақындықты сазгерлікпен ұштастырған З. Қожалымовтың өлең кітаптары, әндері жөнінде белгілі мамандар пікірлері де аз емес. Танымал сазгер Темір Тайбеков: «Жақсы жыр мен әдемі ән ешқашанда өшпейді, өміршең келеді. Зияданның туындыларында да сондай сипат бар. Олар өзінің сонылығы, әуенділігі, мәнділігімен ел арасына ене берері сөзсіз. Әуелгіде ол қарапайым әндермен ерекшеленсе, бүгіндері термелер мен толғауларға бақ сынап, бапты дүнелер тудырады. Әдетте мұндай шығармалар жазу сазгермін деген әркімнің қолынан келе бермейді. Өйткені бұл күрделі жанр саналады» деп әндерін лайықты бағалады. Әрине, әннен алған әсерден туындаған мұндай жылы пікірлерді басқа да ақындар, композиторлар  білдірді.

З. Қожалымовтың аталған әндері «Қазақ радиосында», «Шалқар» радиосында шырқалып жүр. «Шипагер баба», «Сағымдай болып», «Өмірім» әндерін тамылжыта орындаған алматылық әнші Диана Шик өнер сапарында Англия, Франция, Жапония т.б. елдерде жүргенде тыңдаушылардың құрметіне бөленгенін айтса,  әннің ағзаға емдік шипалығы жайында зерттеуші А. Бодров айрықша атап көрсетті.

Жылқы жылында қауымдастық үлкен қуанышқа бөленді. «Қазақстан халық емшілері қауымдастығының» РҚБ 2012-2013 жылдардағы қызметіндегі ерекше табыстары үшін Мемлекеттік статистиканың ресми деректері негізінде Ұлттық бизнес-рейтингінің, Ғылыми-ақпараттық статистикалық зерттеулер орталығы мен Ұлттық бизнес-рейтингтер одағының (Ресей, Украина, Қазақстан, Беларусь) «Сала көшбасшысы-2013» атанды және «Қазақстан көшбасшысы-2013» Ұлттық сертификатымен және алтын  медалымен марапатталды. Қауымдастық президенті Зиядан Қожалымовтың көп жылғы еңбегі ұлттық бизнес-рейтингінің «Қазақстан даңқы» орденімен атап өтілді.

Адамдарға ойламаймын жамандық,

Кімді өмірде көгертеді арамдық.

Кішпейілдік халқымызға жарасқан,

Тілейтінім – имандылық, адалдық – деп бір жырында өмірлік мұратын, ұстанымын білдіріпті. Ол осы тұжырымында тұра білді. Әр облыстан және түрлі ұлттан құралған емшілер қауымдастығының ынтымақты да ықыласты жұмыс жасауына дұрыс бағыт-бағдар берді. Әлдебір мәселелер болса, ортақ ақылға салып, көпшілікпен бірге талқылады. Имандылықтың ізгі жолын үзбей насихаттап жүрген Зиядан қажы Қожалымов радио мен теледидардың да жиі қонағы.

Халықты рухани қолдап отырған қауымдастық басшысы міне 70-тің биігіне абыроймен келіп жетті. Олай болса, жетпіс жасыңыз құтты болсын, қауымдастық жаңа жетістікке жете берсін, отбасыңыз аман-есен болып, немере-шөберелеріңіздің бақыты мен қуанышына бөлене беріңіз дейміз ізгі тілекпен.

 

Алматы қаласы

 

 

 

ТАЛҒАМЫ БИІК ҰСТАЗ

Алтынай Бұзауова 

Жезқазған қалалық

филиалының директоры

фотоХалықтық шипагерліктің көзін тапқан, тұнық бұлағының нәрінен білім  көкжиегінің ізімен бабалар аманатының ізгілік жолын жалғастырған білікті шипагер ғалым, Қазақстан халық емшілерінің қауымдастығының президенті, академик Зядан қажы Қожалымов ағамыздың есімі жарты әлемге таныла бастады. Оның басты себебі ғалымның ғылыми негізде жазған құнды еңбектері бұл күнде ағылшын, орыс, түркі тілдеріне аударылып интернет желісінде бой көрсетсе, әртүрлі халықаралық конгрес-форумдарда негізгі құрал ретінде пайдалана бастады.

Сөзімізді нақтылай түссек, Зядан қажы ағамыз өмірінің жиырма жылдан астам уақытын халық медицина саласын саралап, оның ішінде ХV-ғасырдың ұлы шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты еңбегін зерттеуге бар қажыр-қайратын жұмсады. Мәселен, профессор, ф.ғ.д. Мекемтас Мырзахметұлы, профессор, философ. ғ.д. Жақан Молдабеков сияқты т.б. ғалымдар Зядан қажы ағамыздың жазған құнды еңбектеріне өте жоғары баға беріп, пікірлерін білдірген. Соның ішінде, ұлы шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының есімін әлемде Шығыстың «екінші Ибн Синасы» деп аталуына жол ашқан дара тұлға болып қалыптасты. Бұл дегеніміз ұлы еңбектің нәтижесінде жеткен жетістігі әлі де сан ғасырларға мұра болып қалатын қазақтың баға жетпес рухани байлығы.

Дегенмен, халықтық шипагерлік саласының қоржынына 23 кітап пен 30-дан аса ән жазып қалдырған Зядан қажы ағамыз мұнымен де тоқталған емес. «Албан шежіресі», «Батыр баба Әлмерек» сияқты шежіре кітаптарына да атсалысып шежіре де жазды. Көптеген жазушылардың кітаптарына алғы сөз пікір жазып беріп, жол бастаушы дана болып танылды.

Сондай-ақ, ғалымдық жан-дүниесі, көрегендік көзімен, жазушылықпен қоғамдық жұмысты ұштастыра білген еңбекқорлығы тағы бар. Атап  айтқанда, Қазақстан халық емшілерінің қауымдастығын құрды. «Шипагерлік баян» атты газеттің негізін қалады. «Шалкөде» атты баспа ашып кітап шығарумен де айналысты. 1991 жылдан бері қаншама конгрес-форум, конференциялардың өткізілуіне  тікелей басшылық жасады. Соның ішінде уақыт тауып ғылыми жұмыспен айналысты. Ерен еңбегі жанып, көптеген марапаттаулармен бірге, алтын орден, медальдарды да жеңіп алған атақ-даңқы да жетіп артылады. Сонда да, өзінің сабырлылық кейпін сақтаған ұлылық бейнесі, кісілік келбеті, оның көркем мінезділігін көрсетеді.

Сөзімді қорытындылай келгенде, Зядан қажы ағамыздың талғамы биік ұстаз екендігін әрдайым мақтан тұтамын. Өйткені, ағамыздың қолынан дәріс алған мықты шипагерлердің алды небір биік белестерді бағындырса, арты еліміздің түкпір-түкпірінде халыққа қалтқысыз қызмет жасап жүрген, ел абыройын арқалаған білікті шипагерлер. Сондықтан, желкілдеген кеменің желкенін желбіретіп, жетпіске келген Зядан қажы ағамыздың мерейтойына жанымнан шыққан жылы сөздің құдыретін тарту етемін. Ғұмыр жасы ұзақ, дені сау, даналық келбеті нұрлы болсын демекпін.

Сізді 70 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтап, Жезқазғандық шипагерлердің  ыстық сәлемін жолдаймыз. Сіз, бағындырған биік белестер, жанымызға жылулық сыйлап, ерен еңбегіңіз біздің де мақтанышымызға айналған. Сіздің қуанышыңыз, біздің де қуанышымыз. Өзіңіз айтқандай, «біз тағдырласпыз», «біздерді тағдыр тоғыстырған» деген шындыққа толы, жүрекке жетерлік үніңіз жанымызда жаңғырып тұрады. Иә, біз тағдырласпыз. Біздерді тағдыр тоғыстырған. Бірақ Сіздің шоқтығыңыз биік, арқа сүйер дара тұлғамызсыз. Барлық құрмет Сізге лайық. Лайым, қасыңызда Түймекүлдей зайыбыңызбен әрқашанда аман-есен  жарқырап жүруіңізді Алла нәсіп етсін. Отбасы, бала-шаға, немерелеріңіз аман болсын! Бақыт құшағында көретін жарық күндеріңіз көп болсын! Мерейтойыңыз ұлы тойларға ұласатын мол қуаныш сыйласын!

 

Жезқазған қаласы

 

 

 

ҚАЙСАРЛЫҚПЕН ШЫҢҒА ТУ ТІККЕН

Тұрарбек Төлендиев

ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі, «Алтын дәрігер»,«ҚР еңбек сіңірген дәрігер» төс белгілерінің иегері, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет», «Гиппократ» ордендерінің, Бес медаль иегері,  Президенттің «Алғыс хат» иегері. «Халықаралық халық медицина Акедемиясының акедемигі

 

фотоБүгінде, «Қазақстан Халық емшілері Қауымдастығы» бүкіл  алыс жақын мемлекеттерге танымалы, «босағасы берік, шаңырағы биік», бағыт-бағдары анық ұжымдық ұйым болып қалыптасқандығына ешкім де шүбә  келтірмейді.

Алғашқы «Республиклық Халықтық медицина орталығының» ашылуы, содан жалғасын тапқан қазіргі «Қауымдастықтың» құрылуына не себеп «үй үстіне тігілген үй емес пе бұл», қандай қажеттіліктен туындады, оған мұрындық болған не  деген сұрақтар әркімнің де ойында тұратын сұрақтар болса керек. Қандай «тар жол, тайғақ кешуден» өтті. Осы сұрақтардың шешімін сол кезеңде шешімін тауып жүзеге асыруға тырысқан осы ұжымның құрылым мен болашағына аянбай  барын  салып, тер төккен, оны ғылым орталығына айналдыра білген қазіргі  басшысы президенті Зядан Қожалымовтың қайсарлық еңбегін бүгін  айтпасқа болмас...

«Қазақстан халық емшілері қауымдастығының»қазіргі қоғамнан өз орнын тауып, алғашқы құрылған «халықтық медицина орталығының» туын жықпай жалғастырып, «түтінін түтетіп, шоғын қыздырып» отырғандығымен қуантады.

Ол үшін өткенге сәл шегініс жасауды жөн көрдім. Өйткені, өткенді еске алмай жаңада береке болмас. Қанша жасырған мен тарихты өзің бұрғанмен оны өшіре алмайсың.  Қағидат солай...

...Ия, 1990 жылдары Кеңес үкіметінің тас-талқан болып күйреп, оның құрамындағы мемлекеттердің тым-тырақай қашып, кейбірінің жеке-жеке егеменді ел, мемлекет болып жатан кезі  еді. Сол кезең бізден де айналып өткен жоқ. Оның тауқыметін мына біздер де  көзімізбен көрдік, бастан кешірдік.

Шаруашылық пен өндірістің  құлдырағаны аз болғандай оның әсері денсаулық сақтау мекемелеріне, халқымыздың хал ахуалына да оңдырмай әсер етті.

Дәрі- дәрмек тапшылығын былай қойғанда  дәрігерлік мекемелердің кейбірі  жабылып, мамандардың көбісі жұмыссыз қалды. Халықтың денсаулығына алаңдаушылық туды. Денсаулығы нашар халық басы ауған жақтан жан үшін  ем іздеді. 

Осы бір толқу мен қиын кезеңде ел арасында білетін де, білмейтін де емшілер мен көріпкел бақсылар барлық елді мекендерде тіптен жосқынсыз белең ала бастады.

Әрине, олардың ішіндегі сырқаттың себеп-салдарын білетіндерін де жоққа шығаруға болмайтын еді... Өздерінің амал-әрекеттерімен, емдік шөппен  емдеушілер, сынықшы, оташылар, бақсы-психотерапевтер халықтың назарынан тыс қалған жоқ. Оны кейбіреулері ауруларға өз емдерін мойындатып жатты.

Бірақ, көбісінің халыққа емінен гөрі денсаулықтарына аса қауіпты шаралар жүргізуі алаңдатты.

Міне, осы кезде бұның барлығын бір жүйеге келтіру, олардың емдеу қаблеттілігін тексеріп, білімділерін халықтың денсаулығына қарай бағыттау  қажеттілігі бірінші кезекте тұрды. .

Іздегенге сұраған демекші, дәл осы кезеңде, 1990 жылы Алматы қаласындағы  қазіргі Достық даңғылының бойында орналасқан Үкімет басшылары емделетін үлкен клиникалық орталық аурухананы Д.А Қонаев атамыз «Ана мен Бала қорғау Орталығына» беріп, қаладағы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты «Акушерство-гинекология институтын» сонда көшірген болатын. Содан сол ат шаптырымдай үлкен  ғимарат  босап қалды.

Міне, сол ғимаратты сол кезде жаңадан ендірле бастаған шарушылық есептегі-яғни өзін өзі мемлекет қаражатынсыз күн көретін ақылы мекеме ретінде Денсаулық министірлігі «Республикалық халықтық медицина орталығын» жаңа мекеме ашты. Бұл 1990 жылдың маусым айының 4 күні  болатын. Осы күннен бастап бұйрыққа қол қойылып, мекеменің бас дәрігері етіп мені тағайындады.

Қашанда тыңнан түрен салу оңай шаруа еместігі кімге болса да белгілі. Өйткені, мұндай халық емшілер орталығының өзі бүкіл Кеңес одағы кезінде тек Москва қаласында ғана медициналық институтының бір бөлімшесінде жаңадан ұымдастырылып жатқан болатын. Бірнәрсені, яғни жоқтан бар жасау, оны өз дәрежесіне дейін көтеру, адамның, қоғамның қажетілігіне дейін қалыптастыру кезіндегі проблемалардың шешілген жолдарын  сол істі атқарған адам ғана біледі.

Шындығын айту керек, осы мекеменің алғашқы ашылуына, оның бағыт бағдарламасын, «Жарғысын» жасап, оны өз қолымен бекіткен. Тіпті, осы Орталықты ашуға мұрындық болып, өз бақылауында ұстаған сол кездегі Денсаулық сақтау министірінің орынбасары болған Урмурзина Гульшара Ғазизқызы болатын. Көкіректерін керіп, трибунадан, баспасөз беттерінен «Орталықты ашуға мұрындық болған, жоғарыға сөз айтқан «мен, анау», деп айтып жүрген мүйізі қарағайдайлардың біреуінің де Орталықты ашуға, қалыптасуына қатысы болған емес. Оның бірінші ірге тасын қалаған мына мен білемін.  Шыны сол!

...«Біздер емшілерміз, қолымның биотогы бар, қатырамын» дейтіндердің  биоөрісін, энергиясын анықтап тексеріп, көзбен көру қажетілігі тұрды. Ол ұшін  ҚазҰУ биогеофизикалык кафедрасының меңгерушісі профессор В.Инюшинді  бүкіл аппаратуралары мен лабораториясын орталыққа әкеліп іске қосты.

Республикадағы медицина саладағы тәжрибелі ғалымдар мен білікті мамандардан сараптаушы топ құрылды. Емшілердің кейбіреулерін қаладағы ірі-ірі емханалар мен ауруханаларға жіберіп, басқада анықтау, байқаулар арқылы емшілердің біліктілігін анықтау жұмыстары атқарылып жатты. Осылай емшілерді сараптау жұмыстары, даярлық, мамандық жетілдіру шаралары да қатар жүргізілді. Жаңадан емшілерге кабинеттер ашылып, жағдай жасалып жатты.

Бір жылдан кейін мен Алматыдағы көп салалы мамандандырылған № 2  содан кейін «Қалқамандағы» 1000 төсектік №7 аурухананының бас дәрігері болдым. Қаладағы клиникалық ауруханаларға ауысқаннан кейін «Емшілер орталығынан» қол үзіп қалғаным бар..

Мұның барлығын тәпшіктеп айтып отырған себебім, өзімді көрсетуден аулақпын. Бірақ, тұңғыштың аты тұңғыш, еңбектің аты еңбек емес пе! Осы уақытқа дейін осы халық емшілерінің ұйымдасырылуы жайлы сөз болғанда, әсіресе әртүрлі жиын, басылымдарда, журналистерге берілетін мәліметтерінде  осы мекеменің алғашы құрылған жылы, оның басшысы жайлы бір ауыз сөз айтылмайды. Ол  өздігінен аспаннан дік етіп тұра қалған жоқ қой. Оның да өз тарихы бар емес пе.

Жақында интернеттен бір халық емшісі орталығы басшысының жазғанын оқыдым. Онда, орыс тілінде «...Минздрав открыл Центр народой медицины в 1992 году туда пригласили меня и сказали «образумь этих колдунов»,деп жазыпты. Ал, ол орталық алғаш 1990 жылы ашылғандығын, басшысы кім болғандығын айтуға болар еді ғой.  ...Содан кейінгі жылдары осы Орталықтың жұмысы көңілге қонарлық болмаған.., ақша жүрген жерде қайсыбір тіршілік оңалар дейсіз. Емшілер орталығын, яғни ғимаратын сол кездегі басшылары  жекеменшікке айналдырып алған. Бөлмелерін жалға бере бастаған. Осы тұста танымалы емшілер тарауға айналған кезде оларға жанашырлық танытып, екі білекті сыбанып, «Емшілер Қауымдастығын» құруға бел буған  осы қауымдастықтың тұңғыш ұйымдастырушысы, қазіргі Президенті, мәдениеттанушы ғалым, профессор, акедемик, зерттеуші атпал азамат Зядан Қожалымовтың қайсарлығын айтпасқа болмас.

Бұл қауымдастықты бастау, құру, аяғынан тік турғызу айтуға оңай болғанмен оны ғылым орталығына айналдыру оңайға түспегені анық. Оның барлығын сабақтап  айтып жатуды жөн санамадым. Ол жөнінде Зядан қажы өзінің «Өмірімнің тағдыры» деген кітабында бастан аяқ жазғаны бар. Көңіл аударарлық үлкен эпопея.

...Қазіргі таңда қауымдастықтың облыс орталықтарында оның филиалдары  ашылды. Халық емшілерінің жетістіктері мен ондағы мамандардың әдіс, амал, емдік шараларын халыққа кеңінен тарату, халық медицинасы мен әлемдік жаһандану заманындағы ғылыми жетістіктерді баяндап өз тілінде жеткізіп жатқан Қауымдастықтың өз қаражатымен басылып шығатын «Шипагерлік баян» газеті бар. Ол да бұл күні ай сайын үздіксіз  шығып тұрады.

«Шалкөде» баспасының ашылуы ол бір төбе: Осылардың барлығын тыңнан ашып,  халық игілігіне жарату да оңай шару емес екендігі рас. Айтуға оңай.

Қауымдастықтың қыруар жұмыстарын ойдағыдай жүйелі түрде жүзеге асырып отырған әрине, оның басшысына байланысты екендігі сөзсіз.

Бұл шаралардың барлығын шарушылық саласы деп түсінсек, ал емшілік, ғылымға бет бұру, ине мен құдық қазғандай  шаруа. Оның жолы ауыр, басқаша!.  Ол үшін емшілік деген тылсым дүниенің қасиетін, бар сезім болмысың, тұжырымың мен ой-санаң соған лайық жұмылдырылуы керек. Ол үшін арғы жағыңда түйсігің, білімің қажет. Болмаса, бос әурешілік, жұртқа мазақ дүние.

Сан алуан мінезді емшілердің басын қосып, жұдырықтай жұмылатын ұжым болу үшін ұйымдастырушылық, халықты өзіңе тартып, өз ісің мен сендіре алатын қабілетін болуы шарт,

Ана тіл байлығын жетік білудің  арқасында емшілік дәстүр мен оның тарихын, тарамдарын бүкіл болмысың мен бойыңа сіңіре біліп, ол санаңнан табылуы қажет.

Міне, осы сияқты алғашқы және негізгі бағыт-бағдарларын анық түсінген, бойына сіңіріп, мықтап  ойға түйген, барлық ниеті осы шараға түгел ауып, таза берілген адам ғана бұл игі істі жүзеге асырады. Ондай басшы бастаған ісін орта жолда тастамайды. Барлық тосқауылар мен кедергілерден аса білімділікпен жеңіп шығады.

Міне, Зядан қажының бойынан осы қасиеттердің барлығы үйлесімді түрде табылып жатты. Сол мүмкіндіктерінің барлығын түгелдей өз ісіне толықтай пайдалана білді. Енді міне, ендігі жерде Қазақстан Емшілер Қауымдастығының киелі көшін әлі де абыроймен бастап келеді.

Менің ендігі жердегі тілге тиек етіп айтпағым ол – Зядан Қожалымовтың  ғылымға деген көзқарасы оған бар ар-ожданымен еңбегін сарып етуі.

Солардың ішіндегі ең құнарлы да соны зерттеуі ол XV ғасырдың ғұлама ғалым-емшісі Өтейбойдақ Тілеуғабылұлының «Шипагерлік баян» атты еңбектерін тауып ғана қоймай, оған бар зейінімен үңіле отырып зерттегендігі. Сол зерттеу еңбегінің арқасында Зядан Қожалымов қажы емші бабаның «Шипгерліік баян» еңбегін шемішкедей шағып отырып, көз майын тауысып «Шипагерлік дәстүрі және философиясы» атты ғылыми еңбегін жарыққа шығарды. Осы еңбегі жайлы ғалымдардың пікірлері бір жерден шығып, бұл жұмысы жоғары бағаға ие болып отыр.

Филология ғылымдарының докторы, профессор М. Мырзахметов былай дейді: – «Зядан Қожалымовтың бұл еңбегі Орта Азияда алғаш жазылған Әл-Фарабидің «Медициналық трактатынан» кейінгі екінші еңбек ал, қазақ елі тарихындағы халық медицинасы саласындағы зерттелген тұңғыш бірінші еңбек екендігін мойындаған жөн. Мен монографилық еңбектің авторын осындай құнды филасофиялық еңбегіне ғылымдағы жаңалық ретінде жоғары бағалаймын», – дейді.

Осы тұжырымды Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің белгілі акедемик,  профессорлары –  Ж. Молдабеков,  А.Құлсариева,   Б.Абирова. Г.Сарсенбекова,  Қ.Сансызбай сияқты ғалымдарда З. Қожалымовтың  осы еңбегіне өз пікірлерін ашық айтып осыған тоқтайды. Әрине, ендігі жерде бізде  оған қосыламыз.

Осы еңбектері арқылы көзге түсіп, ауызға ілінген, ғалымдардың санасына еніп өзінің ғылыми еңбектерімен танылған Зядан Қожалымовқа Акедемик, профессор, мәдениеттанушы, философ, психолог, дінтанушы атағы да тегіннен беріле қоймағандығы анық.

Оның бергі жағында 23 кітаптың авторы, оның ішінде 7 монографиялық еңбектің және 400-ден аса мақалалармен 30 жуық әннің сөзі мен сазының иесі.

Ендігі жерде, Қазақстан Емшілер Қауымдастығына ақ жол тілеп, толайым табыс, атақ абыройы асқақтай берсін деп тілейік. Оның  Президенті акедемик, профессор Зядан Қожалымов мырзаға қажымас қайрат, ғылым жолында, сондай ақ өз ісіне әрқашан сәттәлік берсін деген ізгі ниет білдіремін!!!

Алматы қаласы

 

 

 

АМАНАТТЫ ДӘРІПТЕУШІ

Амангелді Жаханов   

ҚР Жоғарғы білім беру ісінің

құрметті азаматы, медицина ісінің үздігі,

ҚазМҰУ-нің профессоры  

фотоАта-бабаларымыздың дәстүрлі салтында «Аманатты» орындау парыз, халыққа қызмет ету міндет. Осындай үлкен істің басы-қасындағы зиялы азамат Зядан қажы Қожалымов.

Ғұлама Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы – ғұмырында ғылыми жұмыстарында өз ұрпағының соңында адамзатқа тиесілі пайдасы бар іс істеп оны өзінің жазу, сызбаларында нақтылы өзінің өсиет сөздерінде де денсаулықты сақтауға ғылыми теориялық жазбалар қалдырған, ғылыми түрде қазіргі біздің ұғымымызға енетін генетикалық ғылыми зерттеулердің теориялық негізін қалаған адам. Көптеген мәліметтер бойынша, өзінің іс-тәжірибесінде, өз ойына түйген ойларын ортаға салып «Шипагерлік баян» атты кітабының ой-пікірін жалғастырушы, осы кітап ілімін негізге алып, көпшілікке түсінік беруші зерттеуші ғалым Зядан Қожалымов. Жазған еңбектерінде кеңінен баяндап, қандай симпозиум, семинарларда көпшілік арасында жол салған адамдардың бірі ретінде Зядан Қожалымовты білеміз. Керек десеңіз Зәкең Құран сүрелерінің аяттарын да кең философиялық ой-тұжырымдарында келтіреді.

Осы жазбалардың негізінде маған да ой салып, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлына арналған жиын Қазақ Ұлттық медицина университетінде ұйымдастырылып өткізген ғылыми-көпшілік конференциясында Зәкеңді де шақырып көп ой-толғамдарымен бөліскендері бар. Онда тек медицина ғылымына тән ұғымдар, медицинаның әр салаларына арналған жеке ғылымға негіз болатын, емдеуге арналған зерттеулер ғана емес, микробиология, иммуннология, вирусология, фармакология, фармакогнозия, терапия, анатомия, невропатология, генетика, физиология, фтизопульманалогия, психология, философия, әдебиет, фольклор, тіл танымы т.б. көптеген ғылым салаларына арналған зерттеулері, оның нәтижесін ары қарай жалғастыратын бағыттары көп ой салды. Тіпті «Шипагерлік баян» кітабы көп зерттеулерге арқау болды. Бұрынғы қазақ тілінен аударылған көп ұғымдар қайта қарастырылып жазылды. Үйлесімділігі сондай қазіргі медициналық терминдердің қайта жазылуына арқау болды.

Осы конференциядан соң, зерттеуші Зядан шамасы келгенше Өтейбойдақ Тіңлеуқабыл ғұламаның еңбегін зерттеп оған қор құруға ат салысты. Солардың бірі, емшілер қауымдастығы атынан «Шипагерлік баян» атты газет шығарды, оның редколлегия алқасын белгіледі. Білікті мамандарды сол газет төңірегіне тарта білді, топтастырды.

Зядан Қожалымов мырза, өзінің ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында, өзінің парапсихолог маман ретінде, Республикалық емшілер қауымдастығында бірнеше жыл қатарынан әр облыста, әр аймақта семинарлар ұйымдастырды. Зядан бір еңбегінде:

«Емшілікке ширек ғасыр өмірімді арнадым,

Адалдықты сақтадым, бағытымнан таймадым.

Тәңірімнің тағдырының сынағында келемін,

Сеземін, ауыр жүкті көтермесін басқаның», – демей ме.

Осы сөздің өзі Зяданның үлкен парасаттылығы емес пе. Зәкең бір сөзінде «Әр адамның өз тағдыры Жаратушының әмірімен пешенесіне жазылғаны жөнінде қасиетті Құран Кәрім аяттарында анық баяндалған. Күнделікті өмірдегі өзгерістер мен кездейсоқ құбылыстар дәл осы жеке тағдырнаманың нақтылы сипаты деуге болады, мен өзіме соны тағдырымның бағдарламасы сияқты сезінемін» – дейді. Зәкеңнің алғашқы сынақтан өтуінің өзі үлкен мәселе. Тегіннен тегін өзі ғана өткен жоқ, ол көптеген үлкен ғалымдар арасынан сыналып өтті. Оған Ресейде өткізген көптеген сынақтары дәлел. Осының бәрі «Өмірімнің тағдыры» атты кітабында жазылған. Осы кітапта келтіргендей «Шығыс медицинасы» фильмінде де басты ролді сомдағаны бар. Мұны мен бос сөз үшін келтіріп отырғаным жоқ, бұл дәлел, Зәкеңнің жұмыстарының тәжрибесінің нәтижесі.

Зәкең өз ой-толғамдарын, оқығанын, білгендері мен естігендерін, көрген іс-тәжрибемді толықтырып әлі де жазбаша түрде келтіремін деп отыр. Бұл да Зәкеңнің білгендігі, кейінгілерге ұлағат болсын деген ой-толғамы. Осыдан өз ұрпағым тәлім алса арманымның орындалғаны деп есептейді. Осындай үлкен зерттеулерге бастама бола білген Зядан Қожалымовтың арманы – берілген Аманатты орындау.

Заманымыздың дамуында шипагерлік ілімнің, бәрібір қандай жолы болса да, шын көңілмен, үлкен ыждаһаттықпен орындау зор еңбектің бағалауын да назардан тыс қалдырмау керек. Біз Зәкеңе сенеміз, құрмет тұтамыз. Еңбек түбі – зейнет екені анық.

Зядан Қожалымовтың жеке өз басындағы ұйымдастыру ерекшелігі ол басқаратын «Қазақстан халық емшілері қауымдастығының» қызметтерінің жетістігі нәтижесінде, Халықаралық рейтингі комитетінің үздіктер тізіміне ілінуі және осы ұйымның «Ұлттық сертификаты» мен алтын жалатылған «Сала көшбасшысы» медалімен марапатталуы дер едік. Өтейбойдақтанушы ғалым талғампаздығы, көркемдеуші, сазгер, ақындық Құдай берген көп қасиеттері әлі де көптеген ғажайып еңбектерді дүниеге әкелуіне мүмкіндік береді. Лайым осындай лайықты істердің басы қасында жүрсін.

 Алматы қаласы




1  2  3  4  5  6  7  8  9

В начало страницы