ХАЛЫҚТЫҚ ШИПАГЕРЛІКТІҢ БӘЙТЕРЕГІ

ФЛАГМАН НАРОДНОГО ЦЕЛИТЕЛЬСТВА

LEADER OF NATIONAL HEALING

6

 
На главную                                                                                                                                                          Вернуться

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15  16  17  18  19  20  21
  22  23  24  25  26  27   28  29  30  31  32


 

 

фото«Менен ұрпақ қалмаса да, күндердің күнінде мені әлемге әйгілейтін

«Шипагерлік баяным» артымда қалмақ»

Ғалым-шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы

XV ғасыр

«Хотя от меня не будет наследника, после меня останется

 мой «Трактат о целительстве», который однажды

прославит меня на весь мир»

Ученый-целитель Отейбойдак Тлеукабылулы

XV век

“Do not take a great interest in riches – with which hand washes!”

Scientific –healer Oteiboidak Tleukabululy

XV centery

 

 

II Тарау

Шипагерліктің негізін қалаған ғұлама ғалым

 

Глава II

Великий ученый основатель народного целительства

 

Chapter II

The great scientific founder of national healing

 

 

 

2.1  Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы шипагерліктің негізін қалаушы

 

Қазақ  елінің тәуелсіздігінен кейін тарихта аттары белгісіз жаңа ғұлама ғалымдар қатарына ХV ғасырдың қараүзген шипагер-ғалымы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының (1388-1485) есімі де енді. Оның «Шипагерлік баянында» шипагерлік дәстүр мен үрдісі тарихының жаңа белесіне жол ашылды. Ө.Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баяны» кітабын жазуына біріншіден, сол заманның ханының оң қол уәзірі Жиренше шешенмен таныстығы; екіншіден, хан әз Жәнібектің оның сауатты жауабына риза болуынан; үшіншіден, сегіз жасынан бастап әкесі Тілеуқабыл емшіден білгені мен халқынан естігені, көргені, жазып алғаны; төртіншіден, өз іс-тәжірибесінің нәтижелері көрсеткіші; бесіншіден, Шығыс пен Орта Азия ғұламаларының еңбектерінің ықпалы; алтыншыдан, өзінің халқы мен отанына және ғылымға деген адалдығынан болды деп қараған жөн.

Алып медициналық энциклопедиялық еңбек: «Тұрлаулар» /Ауыз Таңдай тұрлау - Дәстүр туылма және Көз Маңлай тұрлау -  Адамзаттың жаралысы/ деген кіріспеден және «Қанықталғы», «Нарықталғы», «Дарымдылығы» деген  үш бөлімнен құралған. Ғұлама шипагердің медициналық энциклопедиялық еңбегінің үштен төрт бөлігінің жоқтығына қарамастан, «Қанықталғы» бөлімінде шипагерлік жөніндегі анықтама беруі, екінші «Нарықталғы» бөлімінде адамдардың ауруын анықтаудың нақтылы ілімдік әдіс – тәсілдері, ал «Дарымдылығы» бөлімінде сырқат адамның ауруын емдеп жазудың әдіс - тәсілдік жолдарын түсіндіреді. Осы еңбегіндегі ғұлама ойының  бүгінгі ғылыми медицинаның жетістіктерінен ешқандай алшақтығы мен өзгешелігі жоқтығы айқындалып келеді. Қазақтың қарапайым халық емінің әлемдік деңгейге іліми жағынан көтерілуіне  қараүзген шипагер  Ө. Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегінің  ғылыми жетістігі ұлттық шипагерліктің рухын биіктетіп, ғылыми жолға түсуіне негіз болды. Ұлы шипагер қазақтың ұлттық мәдениетінің философиясының бүгінде бір құрамдас бөлігі аталған, халықтық шипагерлік философиясының негізін қалады.

Қазақ халқының шипагерлік ілімін ғылыми жолмен дамытуда Ө.Тілеуқабылұлы дала зертханасы арқылы 1108 түрлі дәрі - дәрмек түрін 858 түрлі дәрілік өсімдік пен 318 жан-жануар мүшелері және 60-тан астам металл-металоидтар қоспасынан /бұдан көп болуы мүмкін/ жасаған.

Шипагер науқас адамдарға  арнап 1050 түрлі шипа ем аты және 4577 шипалық дәрілік емдік тізбесін /нақтылығы – 13000 дай екен/ ұсынып, 430-дан аса адамның сыртқы және ішкі денесінің анатомиялық тұлғалық атауын жазып қалдыруы, біріншіден, қазақ жерінде XV ғасырда-ақ фармакология ілімінің алдыңғы қатарда дамығандығын дәлелдейді. Екіншіден, ғұлама шипагердің тұжырымдары оның өзіне дейінгі және бүгінгі шипагерлік ғылымнан алшақтығы жоқтығын айқындайды. Үшіншіден, адам денсаулығын қорғау, сақтау,  дамыту мен жақсартудың терең ілімдік жетістіктігін мәңгі өз ұлтына қалдыруы, қазақтың шипагерлік өнеріне жол салғандығын білдіреді.

 Халық шипагерлігі де халықтың қанымен аралас, атадан ұрпаққа берілетін тектік /генетикалық/ қасиет. Ө.Тілеуқабылұлы шипагерлік ілімін өз халқын аралай аурудың сырқатын анықтап, емдеп әрі тәжірибе жасай жүріп өзінің жеке бойындағы көп ғылымдар саласы бойынша біртұтас ілімді байытты. Көргенін, естігенін және білгенін қағазға түсіріп, халқымен ұрпағының денсаулығы болашағын қадірлей, сол замандағы қазақ ханы Әз Жәнібектің тапсырмасымен 1466-1473 жылдары аралығында ханның Ақ ордасында /Шу, қозыбасы/ 78 жасында бастап 85 жасында бітірген 5000 беттік қолжазбасы “Шипагерлік баянын” бітіргенімен, ханның кездейсоқ қазасы қолжазбаны ханға көрсетіп оқып беруге жазбады.

Әз Жәнібек хан ғұлама шипагер Ө.Тілеуқабылұлымен алғаш танысқанда шипагерді сынап, байқап, әрі іліміне баға бере келе Ө.Тілеуқабылұлына “Қараүзген шипагер” екенсің деген мәртебелі атақ береді. Бұл құрмет оның көп салалы гуманитарлық т.б. ғылымдардан да сауатты білімі барлығын, ілімді ірі тұлға екендігін білдіреді. Шипагер: «Іске аспады арманым, қараң қалды. Шың басына шыққанда арандалды»- деген [1,16 б.], зарлы арманы бес ғасыр өткенде орындала бастады. Қараүзген шипагер өзінің “Шипагерлік баянын” жазарда ғылыми шипагерлікті негізгі арқау етіп алғанымен, тіл, діни тәрбие, мәдениет, әдебиет, тарихи шежіре, этнография, эстетика, этика, философия, психология, астрономия, заң, метеорология, математика, анатомия мен физиология, фармацевтика т.б. ғылымдар саласын бір арнаға топтастырып, адам денсаулығын жақсартып дамытудың негізгі іліміне пайдалану мүмкіндігін, ұлттық этникалық стилді сақтай отырып ұсына білді.

Бес жарым ғасырдан кейін халқымен қайта қауышқан, бес мың беттік қолжазбаның тек қана бір мыңдай ғана бетімен ғана баспадан кітап болып шыққан /Үрімжі, 1994. араб қарпіндегі/ Ө.Тілеуқабылұлының “Шипагерлік баян” кітабы қазақ елінде де баспадан шығып /“Жалын”, Алматы, 1996/, еңбек ғалымдар мен зерттеушілердің ғылыми көзқарасына бірден ілінді. Көп салалы ғылыми талдауға ұсынылды, зерттеуге және тұжырымдамалар жасау жоспарына енді. Өйткені,  ХV ғасырда-ақ  ғылыми негізі толық жасалған бұл кітап қазақтың шипагерлік өнерінің тарихы анау ертеден басталғандығын дәлелдейді. Ө. Тілеуқабылұлының “Шипагерлік баян” еңбегі қазақ халық шипагерлігінің ғылыми әрі тәжірибелік негізін қалап қана қалмастан, ұлттың шипагерлік өнері ілімін, мәдениетін, әдіс-тәсілін әлемдік дәрежеге жақындатқанның белгісі, бұл еңбек көптеген шет елдер ғалымдарының ғылыми талдамалық назарына айналуы да кездейсоқтық емес.

Оның дәлелі ғалымның “Шипагерлік баян” кітабының көрші қытай елінде 1997 жылы маусым айында “1-дәрежелі мемлекеттік таңдаулы ұлттық кітап” сыйлығына ие болуы, шипагер ілімінің ғылымдығы мен ғұмырлық ұзақтығын көрсетеді. Ғұлама шипагердің «Шипагерлік баян» еңбегіне алғаш өз пікірін білдірген Шыңжаң ұйғыр автономиялы аудандық партия комитеті үгіт – насихат Министрлігінің орынбасар бастығы, зерттеуші – ғалым Төлеуқан Ыбырайұлы: «Ұлтымыз тарихында сирек кездесетін, ұлы медициналық еңбек әрі ғылымнама тек шипагерлік жағынан ғана емес, ол хақымыздың тіл, мәдениет, тарих, философия, психология, астрономия, этнография, метеорология, әскери ғылым, этика, эстетика, тағы басқа жақтардан да қыруар білім, мәлімет береді. Өнер білім тарихы ел тарихынан айрылмайды. Ұлтымыз тарихында сирек кездесетін ғылымнама «Шипагерлік баян» да өз дәуірінің жемісі» - деп әділ бағасын берді.

Миллиардтаған қытай халқы ғалымдарының қазақ шипагері іліміне ірі ғылыми баға беріп құрметтеуі, ұлттық шипагерлік дәстүріміздің теориялық және мәдени-тарихи тұрғысынан биік мәртебесін айқындайды. Ө. Тілеуқабылұлы көп оқыған, өзінің жеке философиялық танымы кемелденген, әр салалы ғылымдардан хабары мол, өзіндік мәңгілік өшпес философиялық тұжырымдамаларын қалдырған ірі тұлға және шипагер ғалым.

Расында, «Шипагерлік баян» туралы, бұл еңбекті жазған ғұлама туралы ғылыми талдау жасау енді пәрмен алуда. Түрлі тартымды ой-тұжырымдарға сілтеме жасадық та. Дегенмен, ғұламаның дүниетанымы мен өнеріне толығырақ сипаттама беру үшін, созылыңқы болса да, мына сілтемені келтіруді жөн көрдік. «Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы емші ғана емес, шипагер, ұлы шипагер және ғұлама ғалым. Оны кейінгі ұрпақтар қараүзген шипагер, жаһангер, тарихшы, этнограф, ұстаз, философ, ақын, астроном, тарихшы, биолог, химик, психолог, географ, этика мен моральдің асқақ білгірі деп жатады. Өтейбойдақтай дананы түсіну өте қажет, әрі алдымен оның өзіндік себептері мен жауаптары бар.

Шипагерлік жөніндегі анықтамаларды көбейте беруге болады. Дегенмен,  бұл өнердің тұтас және тартымды түрі. Шипагерлік – білім, ғылым, өнер, ұлттық дәстүр, жеке бас қасиеттері қабілеттілігі мен шеберлігінің жиынтығы мен жалғасы. Қараүзген шипагер емшіліктің көптеген жаңа түрлері мен заңдылығын ашты. Шипагерліктің маңызын толық бағалау үшін еуропалық медициналық білім мен тәжірибені білу жеткіліксіз, оны шығыстық (қытай және тибет) тәжірибемен толықтыру шарт.

 Шипагерлік мәдениеті – адамды сауықтыратын, болашақты болжайтын және дарымдаулықты қондыратын қабілет-қасиет;

–  науқас пендеге тілеулестік ұғымымен қоса жанашырлық таныту;

–  жан мен тәннің саулығына, рухтың арлығына жол табу, соған қызмет ету;

– емдеу білімі мен тәжірибесінің озық түрі. Сол негізде ғұлама емделудің дарымалы және болжамалы 24 түрлерін қатар алып жүреді және жетілдіреді;

– адамның мүшелік жастағы жаратылысын, оның ерекшелігін ұлттық рәсім-салтпен үйлестіреді. Ол елдегі жарғыға жүгінеді, оны мұқият орындайды;

– алдына келген адамды елдің азаматы, ұрпақтың болашағы тұрғысында қабылдап, ерекше ілтипат білдіру;

– ел мен жердің емдік және демдік қасиеттерін табандап жинақтап, оларды өз отандастарының игілігіне бағыштай алу;

– ислам діні тыйым салған тиіспеу мен жұғыспаға тәрбиелеу. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы шипагерліктің осындай ауқымды да өмірлік үлгісін көрсетті және таратты. Ол үшін емшілік – ауруды емдеу ғана емес. Ал шипа жазады, дариды, дару болады. Шипагерлікті ширататын тағы бір шарт бар. Оның арқауы: Қателіктен сақтан, кемшілікке бола кеміме. Озбырлыққа берілме, осалдықты үйіріп бапта, - деген  өсиетте».

Халықтың шипагерлік дәстүрлері мен мәдениетін дамытуда ғұлама шипагер оны ғылыми жағынан дала тәжірибеханасында сынақтан өткізуде, өзінің ар-намысына айтылған кекесін сөз бен әрекеттерге мойымай, өлген адамның денесін боршалап, Омбыда тірі түлкінің терісін сыпырып алып, ал Шалкөде де /Жетісу аймағы/ тірі қойдың басына таспен ұрып өлгенін көріп немесе қойдың кеудесін пышақпен тірідей жарып жүрегін жұлып алу арқылы жүрек, ми, қан тамырлары қызметінің өзара қатынасындағы тіршілік иесінің өмір сүруіне байланысын зерттеп өз тұжырымдамасын жасайды.

Шипагер адамның денінің саулығы мен өмірінің ұзақтығының негізгі оның «Қан сөлі мен без сөлі – пенделік тұлғалық тұтас сөлдің атасы» - деген тұжырымдамасына сүйеніп, «Қан сөлі – жан сөлі» немесе «Ми - басқарушы» - деуін бүгінгі медицина ғылымы да қуаттайды.

Ө. Тілеуқабылұлы адамдар арасында үсіген, өлдіге есептеп үсікке қатты ұшырағандарды шипагер өзінің сусыз жерлерде “Тұншықтырма”  әдісін пайдаланып адам есін жиарда алғаш “Мұздадым”, “Қалшылдадым”, “Қызып кеттім”, “Терлеп кеттім”, “Шөлдеп кеттім” ақыры “Терлеп сүмек болдым” - дегенде ғана, барып құтқару әдістерін тоқтатып сырқатқа киім киіндіріп, сусынға ыстық шай беру арқылы шипагер емін жалғастырып жеке адамның жағдайы толық қалпына келгенше бақылауға алумен, халықтық шипагерліктің емдік жүйесін байыта білді. Ал шипагер өзен суы бар жерлерде “Малма” әдісімен үсіген адамды жалаңаштап, мұздан ойылған шұңқырға салып оның жағаласқанына, арпалысқанына қарамай сөзі түзеле бастағанда ғана шұңқырдан шығарып алып, сырқатқа біртінден жылы тамақтан ыстық тамаққа қарай тамақтандырып, өзінің ілімдік тәжірибесін байыта білді.

Суықты - суық алады деген халықтық тәжірибе тәсілімен суықтықтан үсіген адамды емдеуде суық үйде, суық далада ұстап немесе суық суға малып біраз суда ұстаған. Бұл адамның тәнінің төмендеген әлсіз қуатын қайтадан тепе-теңдік қалыпқа келтіру арқылы, оның өмірін сақтап қалу идеясы болатын. Бұл тәсілдің қаншалықты пайдасы мен зияны барына ол заман да өте қиын болғанымен, ұлы шипагердің осы әрекетінің пайдалы болғанын да бүгінгі медицина да теріс көрмейтін сияқты. Осы күні таңғалдырып жүрген П.Ивановтың суық сумен емдеу тәсілі де, қазақтың шипагерінің әдісіне өте жақын екені аңғарылады. Міне осылай неше түрлі үсінудің әр түрлі мүшелік емдеу тәсілдерін ұлы шипагер өзінің емдік тәжірибесінде пайдалы нәтижеге жетіп отырғаны, оның еңбегінде айтылады. Денесіне күйіктің әр түрлі мүшелік қауіпті дәрежесін алғандарды өзінің жасаған дәрі-дәрмектері бойынша аман алып қалып, шипагерліктің білімділігі мен адалдығын көрсетеді. Адамның тіршіліктегі өмірін сақтап қалуда, шипагер көптеген емдік әдіс-тәсілдерді жүзеге асырды. Оған батыл кірісті. Суға кетіп өлдіге есептегенді және есінен танған адамды басын төмен қаратып, екі аяғынан ағашқа іліп қойып ішіндегі суын ағызып, денеде бір тіршілік қимылы сезілгенде ғана адамды жерге түсіріп қозғау, ары-бері аунату, уқалау және жасанды дем беру әдістерін пайдаланып тірілтіп алу жолдарын меңгере білген.

Ұлы шипагер өз жанын, тәнін, өмірін басқалардан артық санамады. Ол көбінде ауру адамдарға дәрі-дәрмегін емге ұсынардың алдында кейбіреуін өзі ішіп, денесіне жағып кейде улана есінен тана жаздап жүріп шипалық емін жалғастыру арқылы, қазақтың шипагерлік ілімінің өркендеуінің жаңа әдіс тәсілдік жолдарын таба білді.

Ө.Тілеуқабылұлының өзінің өсиетнамасындағы: «Тапқысыз баға гауһардай асылдарға да, пысқақ, бықсыққан, жасықтарға да шипа ем дарымдадым. «Қол ласы дәулетке, лас нілі сәулетке де қызықпадым»» - деуі шипагердің адал жүректі, байлыққа қызықпас қол кірін ары тазалығына айырбастамас, өз көмегін адам дәрежесіне, жасына, жынысына, байлығына қарамай кісілік тұлғалық парасаттылық қасиетпен еңбектенгенін аңғартады.

Ө.Тілеуқабылұлы шипагерлік атауын емшілік атауынан жоғары қояды. Ол нағыз шипагер науқас адамды емдеп қана қоймай, сырқаттың пайда болуынан бастап, оның дамуын, өршуін, асқынуын, емдеу кезіндегі адамның сырқатынан жазылу әрекетін немесе кері әсерін асқынуын бақылап есепке алып ауру жанға мейірмандылықпен күтіп қараудағы шипагерліктің мәдениетін үйретеді.

Ө.Тілеуқабылұлы: шипагерлік – өнердің бір түрі. Ал емшілік – қақалақтың  /ешкінің-З.Қ/ өзін көрмей, мүйізін ғана көргендік.  Шипагерлік атауы дұрыс. Өйткені, шипа жазады, қонады, дариды, дәру болады деп шипагерлікті екіге бөліп қарайды: Дарымдаулық шипагерлік және Болашақты болжайтын – болжамалы шипагерлік деп екіге жіктейді. Сонымен шипагерлерді: Теңдессіз шипагер, нағыз шипагер, қараүзген шипагер, шипагер, емші, емкөс, жарғышы, қараемші, қаншы, тамыршы, сынықшы, оташы, іш сипағыш, көзқарақшы, ішірткіші, бақсы, жауырыншы, балгер, құмалақшы, болжағыш, аяншы, құшнаш, әулие, әнбие деп 24 түрге бөліп оларға жеке-жеке анықтама беріп талдай отырып, әр емшінің өзінің жеке қасиетіне баға беріп, оның шипалық ерекшеліктерін тұжырымдамалы ой талғамымен түйіндейді.

Ғұлама шипагердің анықтамасы бойынша «Дарымдаулық» шипагерлер сырқат адамға тікелей өз шешімімен шипалық емдерін жасап дарымдап, оның жағдайын жеңілдетсе, кейде толық айықтырып жібере алатынына  жеке талғамдық ойын ұсынады. Болжамалы шипагерлер келешекте не болатынын  болжап, сырқатқа болжамдық ем – дом айтып, жеңіл – желпі емдік шаралар көмегін көрсетеді, емдері болжамдық негізде болады деген ұғымда болған. Шипагер ғұлама Ө.Тілеуқабылұлы 18 мың ғаламның түпкі негізі алғашқы алты несіптік тұғырлықтан оның ішінде үш – ыстықтық /Арқау, су, ұштасым /және үш – суықтық /Бітім, қимыл, әужал/ өзегінің байланысы әсерінен болатынына  сілтеме жасайды. Мәселен, Арқау - өзегі ыстық тұғырлық, су - өзегі суық тұғырлық, ұштасым - өзегі қараңы тұғырлық, ал бітім -өзегі тұрақ тұғырлық, қимыл - өзегі- кеңістік тұғырлық, әужал - өзегі жарық тұғырлық. Сондай-ақ, адамның соңғы алты тұғырлық несібесінде: үш - ыстықтық /ләм, мекен, ылпа / және үш - суықтыққа /тыныстық, қару-жарақ, ұрпақтастық/  бөліп, өзегі қарағы тұғырлық – ләм, өзегі тұрақ тұғырлық – мекен, өзегі ыстық тұғырлық – ылпа, өзегі кеңістік тұғырлық – тыныстық, өзегі жарық тұғырлық – қару-жарақ, өзегі суық тұғырлық – ұрпақтаныс екендігіне тоқтам  жасаған қараүзген шипагер ыстықтық пен суықтықтың негіздері адамның мінсіз бітімінің тұлғалық өсу дамуына, денсаулығының жақсы болуына және сырқаттың пайда болу себептеріне нақтылы жоғарыдағы алты несіптік пен алты несібелік немесе он екі өзектік тұғырлыққа тәуелді болатынына тоқталып шипагерліктің негізгі шартын анықтап береді.

 Шипагер ғұламаның анықтауынша: “Сырқат сыпаты – мәннілі суықтық, шипа ем дарым зәруаты сыпат мәннілі – ыстықтық, дарулық дарымдылығы терлетімдік болмақ” - деп, сырқаттың туу себебі ыстықтық пен суықтық әсерінен болатынына одан сақтанудың жолдарын шипагерліктік, танымдық тәжірибесімен терлетудің онға жуық тәсілін ұсынып түсіндіреді.

 Осындай күрделі медициналық энциклопедиялық алып кітапты жазған Ө.Тілеуқабылұлы көп ұлт тілін білетін, түсінетін көп салалы ғылымнан терең білімі бар нағыз философиялық ой-толғамы мол ғұлама ғалым екендігіне күман келтіруге болмайды. Көрші елде тұратын «Шипагерлік баян» кітабының баспадан басылып шығуына тұңғыш көмектескен, кітаптың құндылығын жоғары бағалаған Шыңжаңның Алтай аймағының уәлиі, ғалым Қадыс Жәнәбілұлы: «Ұлтымыздың шипагерлік, тарих, философия, астрономия салаларынан жосылатын жол салған, сан ғасыр сақталған бұл бағалы мұраның жарық көруі кейінгі ұрпағымызға ұшан-теңіз болатындығы даусыз» - деген,  қуанышты тілегін  білдірді.

Орта ғасырда Отырар, Түркістан, Тараз, Баласағұн, Сайрам, Сауран, Сығанақ, т.б. қалалар шығыс пен араб әлемін мойындатқан білім мен ғылым және мәдени рухани  орталықтар болғаны белгілі.

Орта ғасырлық ғұлама ғалым, әлемнің “Екінші Аристотель” атанған Әбунасыр әл-Фараби  мен  медицина ғылымының атасы, Философ,  жаратылыстанушы Әбу Әли Ибн Сина  математика ғылымының атасы, астроном Хорезми ( IХ ғасыр ), Әбу Райхан Бируни (973-1051 ж.ж), ғұлама ғалым  әрі ақын Жүсіп Баласағұни еңбектері негізінен араб тілінде жазылса да, өз елдерінде көп тараған-ды. Әбу Райхан Бируни “Емдік заттар жөніндегі кітап” атты еңбегінде Орта Азия аймағында өсетін емдік шипалық шөптерге толық анықтамалық сипаттама берсе, ал Әбу Әли Ибн Сина “Шипагерлік ғылымның негіздері” атты кітабында адам ауруларының түрлеріне, олардың емдеу әдістері мен сақтану жолдарына және көптеген дәрі-дәрмектерге тоқтағанын ескерсек, Ө.Тілеуқабылұлы да осы ғұламалардың еңбектерін оқып, зерделеп өзінің “Шипагерлік баянын” жазарда басшылыққа алып пайдаланғандығын, өзінің түсінігі бойынша жеке ілімін дамытқанын әрі өзінің ұлы ғұламалар ілімін құрметтей бағалағандығын аңғаруға болады.

Бұл, Шығыстың және Орта Азия ғұламаларының медициналық және көптеген гуманитарлық еңбектерінің әсері мен ұлттық этникалық ерекшеліктері қазақ шипагерінің ой өрісінің өсуіне, ойлау идеяларының дамуына және оның нағыз ұлттық бағыттағы философиялық этникалық ұлттық шипагерлік ілімін жазуына әсері мол болғанын көрсетеді. Шипагер ғұлама өзінің парасатты ілімі арқылы шипагерлік саласының сырқаттың ауруын емдеу саласында оның түрлеріне қарай әр түрлі емдеу әдіс-тәсілдерінің жеке түрлерін де бірнеше салаға бөліп, шипалық емінің нәтижесіне жеткендігін аңғаруға болады. Ол сырқаттың пайда болу салдарының себептерін көбінесе мезгілдік өзгерістерге және жарық пен қараңғылыққа да байланысты өзгеріп тұратынына өз тұжырымдамасын жасады. Адам организміне ыстықтық /мезгілдік, күн көзінің ыстығы, топырақтық ыстықтық, тұлғалық қызу/ пен суықтық /тоң өту, аяз, ызғар, сыз өту/ өзгеріміне қарай, жазда, күзде, қыста және көктемде әр түрлі құбылыстар болатынына мән беріп қорытынды шығаруы, шипагерліктің негізіне іліми көзқараспен қарағандығын сипаттайды. Шипагер жаны сауаттылықты сүйді, ұнатты, адалдық пен жауапкершілікті басты міндетінің парызы санады. Оның әрбір әрекеттік ісі де шындыққа ұласты. Ол өшпес, өлмес, өте қажетті ұлттық денсаулықтың ғылымнамасын ұрпағына тарту ете білді. Заман өзгереді, жылдар жылжиды, бір-ақ қараүзген шипагер Өтейбойдақтың мұрасы күн нұрындай мәңгі шапағатын шаша берері анық.

Ө.Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баянын» Қазақстанда зерттеп жеке ғылыми зерттеулік ойларын жазба түрде білдірушілердің де саны көп салалы ғылымдар бойынша көбеюі қуанарлық. Бұл жаңадан тарихқа енетін қазақ шипагерлік дәстүрінің философиясына ықпал етері анық. Академик, Ә. Нысанбаев: «Әрбір философиялық жүйе адамзат тарихының белгілі бір даму сатысында қажеттіліктен пайда болатын құбылыс. Сондықтан да өткен дәуірдегі философияық жүйелердің өзіндік танымдық, саяси-әлеуметтік негізі бар, сол себептен әр дәуірдің философиялық жүйесін талдай отырып, оған нақтылы-тарихи тұрғыдан көз салуымыз керек», - деген ой толғамы, осы жұмыстағы қараүзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының философиялық ой жүйесіне де  ғылыми зерттеу қажеттігін аңғартады. Шипагер ғалым еңбегіне  ғылыми зерттеу жұмыстарын бастау қажеттігі ұлттық шипагерліктің тарихының жаңа өркендеуіне жол ашқандық  әрі шындыққа ұласқандығын білдіреді.

Шипагер өз қызметінде халқымыздың: “Сынықтан басқаның бәрі жұғады  деген дана сөзін әрқашанда өзінің шипагерлік ілімінде басшылыққа алып, сырқат адамның ауруларын жұқпайтын және жұқпалы деп екі топқа бөлу арқылы шипагерліктің тазалық, сақтық және ұйымдастыру жолдарының жаңа стилін ұсынды. Шипагер ғалымның “Шипагерлік баян” кітабында сырқатты анықтаудың 32 түрін /Есекжем, ауызжара, алапес, қызылша, сүйел,...........т.с.с/, сыртқы дене жарасының алты түрін  /шиқан, жалғыз жара, жақ рагы.........т.с.с./, зерттеп аурудың 5 түрін, күйіп қалудың 3 түрін, улы жәндіктер шағуынан болатын ауруының 3 түрін /жылан, шаян, бүйе/, сіреспе /талма/ ауруының 2 түрін, үсіп кеткеннің 3 түрін, есі ауысқандықтың 4 түрін /қояншық, бұқпа, есалаң, жынды/, ата-анада кездесетін белсіздік ауруының 5 түрін, жүйке ауруының 2 түрін /нерв әлсіздігі, ұйқы қашу/, мүшелерде өзгерістен болатын аурудың 9 түрін /тістің етіне қосымша өсетін ет, әр түрлі мүшеде ет өсу........т.с.с./, іш кебу мен асқазан қыжылдау, мұрын қанау мен бой бұзылу, қансырау, дәретке қан араласудың 4 түрі, дене-ағзалардың қақсауының 5 түрі /тіс қақсау, шеке.... ....т.с.с/, жазымдық сынықтың 4 түрі /сыну, шорт сыну, быт-шыт сыну.........т.с.с/, құсудың 3 түрі /ұшықтан, тамақтан, жүктіліктен/, жұқпалы қауыпты аурудың 10 түрін /құлғана, мерез, соз, жіңішке, көктүйнек, көкшешек, түйнек......т.б/ кездестіреміз. Бұдан көп сырқат түрін талдап жазу кітаптың төрттен үш бөлігінің өртенуі ұлттық халық шипагерлік емінің орын толмас қасіреті демеске амал жоқ.

Елі мен жерін сүйген Ө.Тілеуқабылұлы: «Ел – білім дәулетінің қайнары.  Ел айтса – елт айтпайды» қағидасын сырқаттың ауруын емдеуде  бұлаудың 6 түрін: Қапталғы бұлау /борсыма бұлау – З.Қ/, бапталғы /бу  бұлау З.Қ/, Сақталғы /су бұлау – З.Қ./, Қақталғы /құрғақ бұлау – З.Қ /, Нақталғы /түйіндеп – З.Қ./, Шапталғы /құм бұлау – З.Қ./, уқалаудың  11 түрін /түйіндеме, батырма, дөңгелендіргі, ысқалғы, сыдырғылау, жылдырытқы, қақпаулығы, мыйтыңқыл, шымшыл, қос алақан, бөгделеме және  үзудің онға жуық  емдеу түрлері өте қарапайым, әрі түсінікті түсіндіріледі.

Шипагер еңбегінде көбінесе көз сұғы бар адамдар мен тіл сұғы бар адамдардың кері әсерлі қуаттарынан жас балалардың көбірек зардап шегіп ауратыны туралы дәлелдей келе, ондай кері қуатты адамдардың белгісі мен денесіндегі айырықша ерекшелігі туралы тоқталып, олардан сақтану жолдарына тоқталады [1, 146 б.]. Шипагер ғұламаға Жаратушы иеміз өмірдің қызығы жар сүю, балалы болу, жанұя рахатын көруді жазбаса да, ол барлық өмірін шипагерлік ілімге арнады.

Өз әкесі шипагер Тілеуқабылдан алған тәрбиесі бойынша  «Қырықтың бірі қызыр, жетінің бірі әулие» қағидасымен 41 өскін мен жеті шипалы шөптің қоспасынан жасалатын шипалық дәрі-дәрмегін жердің  40 түрлі қыртысынан /тау, төбе, ойпаң, құмдауыт, тасты, сулы, теріскей, орманды  т.с.с./ жинап, дәрі-дәрмегін жасап, шипалық емнің мерзімдік 3,5,7,13,21,25,41 үлесімдік емдік әдіс-тәсілін ұсынды. Қорыта келгенде Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы өз еліндегі барлық дәрілік шөптердің емдік қасиеттерін толық меңгеру арқылы, шипагердің білімінің тереңдігі мен тәжі-рибесінің сауттылығын таныта білген ірі фармакология саласы маманы екендігін таныта білді.

Қазақтың фармакология ғалымы М. Қожабеков өзінің «Дәрілік өсімдіктер» кітабында дәрілік шипалық өсімдіктер жайлы былай дейді: «Дәрілік өсімдіктер жайында тұңғыш рет біздің дәуірімізге дейін ертедегі грек дәрігері Гален алғаш рет жауап берді. Ол өз дәуірінде қолданылған екі жүзден астам өсімдікке сипаттама берді. Бір-ақ ғалым өсімдіктерде неліктен шипалық қасиет болатынын айтып бере алған жоқ».  Әрине өсімдіктердің дәрілік қасиеті жөнінде дәрігер-ғалым П. Массагетов: «Тегінде бір нәрсеге бас ию керек болса, онда өсімдікке бас иіп, тәжім ету керек. Өмірге қажеттіктің бәрін адам осы өсімдіктен алады»,- деп табиғаттың берген сыйына ерекше сүйіспеншілігі, адам мен табиғаттың өзара қатынасында өмір жалғасы жатқанын аңғартады. «Табиғатты аяла, адамзат» деген нақыл сөз де осыны білдіргендей.

Шипагер Ө.Тілеуқабылұлының да дәрілік өсімдіктер жөніндегі кейбір танымы мен көзқарасы жағынан грек дәрігері Галенмен ұқсастығы мен үндестігі барлығы байқалады. Шипагер дерліктей көптеген ауруларды емдегенде шипалық емі қонғанын, бірақ та қылтамақ ауруының белгісіне тоқталып: «Әттең, шіркін кеудені тіліп, сырқат қайнарлығын сылып, өңештің тарылған көлгімін селебелеп кескі алғы боп жалғамдаса, қайтерлік болмақ?, бұл қолдан келерлік. Тілгілік, тіккелік жоқ. Қандай қару қажет жарағы шарты. Ойланып  тапсақ, жасарлық кім болмақ? қол қысқа, заман тысқа. Бұл Алланың жазуы ғой, амал не?» деуінен шипагердің оташылыққа да терең ғаламат философиялық тұжырымдық идеялық  ұсынысын  аңғартып, оташыға қажеттің бәрі болса бұндай ауруларды да  емдеп жазуына мүмкіндігі барын  сезіндіреді. Ө.Тілеуқабылұлы өзінің кіндік қаны тамған, өскен жері Шалкөдесінде ғана дәрі-дәрмегін жасап шипагерлік емін жалғастырмаған. Шипагер қазақтың кең даласының Сырдария, Мұзтау, Хорасан, Омбы, Нұра, Жезқазған, Торғай, Шу, Жаркент т.б. жерлерінде болып білімділігімен көптеген ауру адамдарға сырқатынан жазылуына  көмегін беріп, сол аймақтарда да өзінің  шипагерлік тәжірибелерін сынақтан  өткізуді де ұмытпағаны, оның шипагерлік өнерінің  негізін қалаушы екендігін көрсетеді.

Шипагер бір ғана ауруды емдеумен айналыспай осы заманғы акушер дәрігерлердің қызметіне де еңбегін арнағаны, «Бала теріс болса онда әйелді тулаққа салып орап, оңға үш рет және солға үш рет шайқаса бала орнына келеді» - дегені осы заманғы медицинаға қосқан оның алғашқы тәжірибелік үлесі болмақ. Шипагер еңбегінің қамтыған ауқымы кеңдігін  4600-ден аса шипалық емі мен оның ішіндегі тағамдық емдік рецептердің  кездесуі қазақтың халықтық шипагерлігінің сол уақыттан да ары дамы-ғандығын  айқындайды.

Ө.Тілеуқабылұлының шипагерлік ілімін бір ғана ғылыми талдаумен  баяндап беру мүмкін емес. Шипагер өзі құрметтеп ұстаз еткен, білімдерін  жоғары бағалаған бабаларына арнап: «Әбунәсір әл-Фараби айтқандай, меніңше де талас-тартыссыздық нәрсені алла жаратпаған. Бірақ Баласағұн айтқылық осынаулық кейбір аталымдық дәуірлік  тіл өзгерімдік айтылғысы ұқсамаулық болғанымен, түпкі мәні бір деулік» - деген данышпандық ойында инабаттылықты сақтап философиялық ұғымында  қарағанын аңғартады.

Сондықтан да Ө.Тілеуқабылұлының ой талғамы да өзінен бұрынғы ғұламалардың негізгі идеяларымен жалғасып сабақтасып әрі үндесіп жатқандығын сеземіз. Шипагердің: «Мейлі Әбунәсір Әл-Фараби болсын, мейлі Жүсіп сақ Баласағұн болсын, мейлі мен болайын, біріз, бір тілетік-терміз. Ол екеуінің менен артығы жырлауыл, сөйлеуіл, шижаламада ғана. Сонымен қоса үшеумізге орта теңдік «Шопан үсті бозторғай ұяламдықтап жұмыртқаламдығы» таппақ» - дегенінен, шипагердің бұл екі  ғұламаның да еңбегімен таныстығын және еңбегін жазарда пайдаланып басшылыққа алғандығын, оған құрметпен қарағандығын  білдіреді.

Ғалым шипагер Ө.Тілеуқабылұлының танымдық көзқарасы бойынша жазылған оның еңбегі, біздің ұғымымызбен қарағанда ғылыми бағыттың қолданбалы және теориялық-тәжірибелік бағытында жазылғанын аңғартады.

Өз заманының философиялық танымдық идеясы негізін басшылыққа алып жазған медициналық алып туындының бес ғасырдан аса уақыт өтсе де, құндылығының жоғары екенін ғалымдардың анықтамалары мен зерттеулері анықтауда. Ол өзінің білімінің молдығына қарамай менің білімім шектеулі, үйренуді қажет етеді, Алла ғана дүниені жан-жақты біле алады деп, өзінен бұрынғы ғұламалар әл–Фараби, Әбу Әли Ибн Сина, Ж.Баласағұн т.б. ғұламалар еңбегінде баяндалған ұғымдармен танымдық идеялық ұқсастығы барлығын байқауға болады. Шипагер өз ойын ашық көрсетіп дүниені тану керек, бүгін білмегенді ертең білу қажеттігіне тоқталады.

Дүние тануды Қожа Ахмет Иасауидің танымы бойынша, адам Мұхаммед пайғамбар арқылы Алланы таниды. Алланы білу, дүние сырын  білу. Дүниені жаратқан Алла деген философиялық танымымен, Ө.Тілеуқабылұлының ойының тұжырымдары мен танымдарында ұқсастық шешімдік болжам барлығы аңғарылады.

Медицина ғылымдарының кандидаты, ҚазҰМУ доценті Ә. Өмешұлы  «Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» кітабының медициналық тағылымдары» деген зерттеу мақаласында былай дейді: «Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» кітабышығыс медицинасының үлгісімен, бірнеше ғылымдардың басын біріктіріп медицина іліміне қызмет етуге, адам баласының ең басты байлығы денсаулықты сақтауға, сырқаттарды емдеуге бейімделген терең де тарихи ғылымнама.  Сондықтан бұл кітаптың бір сөзін қалдырмай жан-жақты талдап, қазіргі медицина жетістіктерімен толықтырып, ұлттык медицинамыздың негізгі өзегіне айналдырған жөн» - деп тұжырым жасайды. Шипагер Ө.Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баянын» жәй қана емдік жөніндегі еңбек деп қарауға болмайды. Ғұлама шипагер еңбегінен  қазақ халқының емдік әдіс-тәсілдерін жан–жақты іліми негізде жетілдірген отандық және әлемдік ғылымдағы жиырмаға жуық ғылыми ерекшеліктерін байқауға болады.

1. Әлемдік  ғылым тіршіліктегі заттардың материалды алмасуын және дамуын Ф.Энгельстің «Анти - Дюрингте» /1870/ жазылды деп келсе, шипагер Ө.Тілеуқабылұлы сау адам өзінің денесіндегі он түрлі ыстық-суық, кебір-суық, сіңірім-шығарым, қатаң-босаң, ояу-тынығу сияқты он түрлі материялдық қозғалыстың бірлігі нәтижесінде құралып: кеңістік, тұрақ, жарық, қараңғы, ыстық, суық алты тұғырға тұрақтанады. Адамзат -  осы тұғырлардың өзара араласым, сыйласым, жарасым, сәйкесім, ұштасым тапқан тұлғалық бітістігі. Олар іркіліссіз, толассыз, шашаусыз кезектесіп бір-біріне орын беріп, бірін-бірі айналып отырады дей келе, тіршіліктің материалдық ұғымына Ф.  Энгельстен 400 жылдай бұрын тұжырымдамалар жасалғанын  аңғартады.

2. Қазіргі медицинада «шешек» ауруына қарсы егетін вакцинаның авторы – ағылшын медигі Эдуард Женнер. Бұл жаңалық 1796 жылы ашылды деп жүрсе, ал біздің бабамыз бұдан 360 жыл бұрын қазақ еліне шешек қауіпі төнгенде, өзінің дала зертханасында көп ізденіспен тәжірибе жасап, қарапайым халықтық емдік тәсілмен шешекке қарсы егетін вакцинаны тауып, елінің халқын аман алып қалғандығын аңғартады.

3. Дүние жүзілік ғылым жүрек пен мидың қызметі мен адам денесінің қан айналу жүйесі қызметіне байланысты ғылыми тұжырымдар Да Винчи, В. Гарвей, Г. Галилей т.б. бері дәлелденуде деп келсе, ал бұл болжамды Ө.Тілеуқабылұлы жоғары да аты аталған ғалымдардан бір ғасыр бұрын далалық зертханасының тәжірибелік тұжырымымен анықтайды.

4. Ө. Тілеуқабылұлы далалық зертханасының тәжірибелері мен көңілге түйгені арқылы адамның 12 ішкі және 12 сыртқы мүшелерінің тізбесін жасап, олардың атқаратын қызметтерін анықтап, өзара байланыстарын дәлелдеп «тіршілік кілті – қан», «шипагерлік нілі – без»  деген тұжырымға келеді.  Оташылық емдеу тәсіліне жол салып, адамның 430 дан аса сыртқы ағзаларының тәнтану /Анатомия/ ғылымына арналған тізбесін өз ана тілінде жасайды. Бұл халық шипагерлігінің ұлттық жетістігінің мақтанышы деуге болады.

 5. Шипагер сырқатты емдеуде ұлттық тағамдардың 4577 емдік рецебін ұсынады. Және ғұлама 1300 дей дәрілік қоспаларды барлық шарттарды сақтай отырып, оларды 858 түрлі өсімдіктер мен 300 ден аса жан-жануарлар мүшелерінен, 70-ке жуығы металл-металоидтар қоспасынан дайындаған. Оны жердің 40-тан аса жыныстық қабатынан жинап, қазақ ұғымындағы қасиетті сан болып табылатын 41 мен 7 сан қоспасы бойынша 1050 түрлі  дәрі-дәрмек жасауы және сырқаттың түріне қарай емдеп жазудың 3, 5, 7, 13, 21, 25, 41 күндік емін ұсынуы, шипагердің ерекше тапқырлығы мен өз ісіне нағыз сенімді шипагер екенін дәлелдейді. Дәріні пайдаланарда шипагер дәріні алдымен өзіне қолданып, кейде уланып, тіпті өлі – тірі ортасында болып, ақырында туған халқын аман сақтауда нағыз ерлік іс жасаған.

6. Осы заманғы әлемдік медицина жарты ғасырдан астам тоңазытқышта жатқан өлі денелер мен үсіп өлгендерді, шала жансарларды және суға кетіп өлді деп санағандарды қайтадан өмірге әкеле алмауда. Ал ғұлама шипагер өте қарапайым әдіс «Тұншықтырманы» пайдаланып, өлі деп саналған адамдарды тірілтіп алған.  Мәселен, суға кетіп өлді дегендерді аяғынан ағашқа асып, басын төмен салбыратып ішіндегі суды ағызып алып, қосымша емін жасағаннан кейін олар өмірге қайта оралған.

7. Қазіргі кезде П. Ивановтың сумен емдеу әдісі кеңінен қолданылуда. Ал шипагер Ө. Тілеуқабылұлы сол кездің өзінде-ақ, ыстығы  мықты көтерілген өте қауіпті аурулардың ішкі және сыртқы қуаттық биоөрісін теңшеу үшін, сырқатты ашық далада аязда ұстаған және суық суға түсіріп емдеген. Сөйтіп, қараүзген шипагер Ө. Тілеуқабылұлы сумен емдеу әдісін П. Ивановтан бес ғасырдан арыда ашқанын білгенде, бұл ұлт шипагерлігі тарихының ұзақтығын көрсетеді.

8. Дала ғұламасының заң ғылымына да өз үлесін қосқандығы еңбегінде айтылады. Өтейбойдақ бабаның дәлелдемесі бойынша Әз Жәнібек хан ұрпақ тазалығы мен денінің саулығын сақтау үшін: жеті атаға толмай қыз алыспау /үйленсе екі жаққа да - өлім/, сүйіспеу, жат төсектікке жол бермеу, жеке үйлердің тазалығы т.б. мәселелер жөнінде жарлық шығарады. Жарлықты орындамағандарға өлімге дейін, елден қуу, дүре соғу, айып салу, масқаралау т. б. жазаларды белгілейді.   

Егер Тәуке ханның «Жеті Жарғысы» бойынша зерделесек, одан 240 жылдай бұрын қол қойып шығарған Әз Жәнібек ханның жарлығы шыққанын аңғартады. Осыған қарағанда Өтейбойдақ бабаның заң ғылымына да алғаш үлес қосқандығын байқауға болады.

 9. Ғалым шипагер Ө.Тілеуқабылұлы астрономиялық ғылыми ұғымымен аспан жұлдыздары да адамның денсаулығына, мінез-құлқына әсер ететінін, тіршіліктің 8 түрлі оң иық, оңдық, оң маңдай, құбыла, сол маңдай, солдық, сол иық, артқы шүйде жұлдызына бөлінетінін және әр адамның жеке жұлдызы болатыны жөнінде анықтама береді.  Бұл идея қазақ шипагерінің  сол заман мен осы күндері толық анықталып бітпеген жеке танымын, идеясын аңғартады.

Адамның көңіл-күйіне қарай, оның жеке жұлдызы түсінің өзгеруінен адамның денсаулығына, мінез-құлқына әсер ететінін дәлелдейді.

Нәрестенің туған күні, аты, туған уақыты, күні мен айының жұп немесе тақ күні, жылдың да жұп немесе тақ жылы, баланың мінезіне, бақытты- бақытсыздығына, опалы-опасыздығына, ақылды-ақылы аз, шешен, киелі, қабілеті мол т.б. ерекшеліктеріне әсері күшті болады дейді шипагер.  Мәселен, елбасы болған, шешен, киелі, болжаушы, көріпкел Майқы би бабамыз сәске кезінде туған  деп дәлел келтіреді шипагер. Бұдан тылсым құпия сырларына сол заманда да мән берілгендігі аңғарылады.

10. Шипагердің табиғат өзгерісіндегі ауа райын болжаудың төрт мезгілдік кестесін айдың тоғысына қарай  жасауы. Бір тәулікті таң, таң сәрі, таңертең, сәске, түс, қиым, кеш, ымырт, түн қараңғы, есекқырған т.б. атауларға бөлуі, сол уақытта  халықтық шипагерлікте  аспан әлемі құпияларының да өзгерісінің адам денсаулығына байланысты әсерін зерттегендігін көрсетеді.

11. Шипагер ұлттық атаулық мәнді сақтай отырып, жыл, ай және апта атауларының кестелік тізбесін жасауы. Мәселен, жыл атаулары: Сумақты – тышқан /З.Қ /, Маңғаз – сиыр, Айбар – барыс, Секем – қоян, Сумаң – жылан, Тұлпар – жылқы, Иртек – ұлу, Шопан – қой, Мешін -  мешін, Айтақ – ит, Шақырауық – тауық, Қорсықы – доңыз.

Бүгінгі жыл қайырудан ерекшелігі Ұлу Ө.Тілеуқабылұлы кестесінде жетінші ретте болса, ал бүгінгі де бесінші ретте тұр. Ай атаулары: Ергеу – наурыз. / З.Қ /, Көктеу – көктем, Мезгеу – мамыр, Көзгеу – маусым, Шілдеу – шілде, Тамызық – тамыз, Дәндеу – мизам, Сақтау – қазан, Күйек -  қараша, Қауыс – ықтырғы, Ырғыс – желтоқсан, Қаңтар – қаңтар.

Апта атаулары: Бақтал – сенбі /З.Қ /, Баттал – жексенбі,  Сақтал – дүйсенбі, Жақтас – сейсенбі, Аттал –  сәрсенбі, Ғаттал – бейсенбі, Мереке – жұма.

12. Шипагердің сандық атауларды адамның мүшелері атауымен байланыстырып  ерекше құпиялық мәнермен атауы. Мәселен, бір дегеніміз - ауыз не мұрын,  екі дегеніміз - көз,  үш дегеніміз – көз мұрын / не көз ауыз /, төрт дегеніміз – көз құлақ, бес дегеніміз – кейде оң қол / кейде сол қол, қөз, құлақ, мұрын депте/, алты дегеніміз – қол ауыз /не қол мұрын /, ... он дегеніміз – қос қол, жиырма дегеніміз – қол- аяқ тағы тағыдай.  Бұнда нендей сыр жатыр, оны тек ғана шипагерге аян, өз құпиясын ашпайды. Бұл танымдық мәселе. Өте күрделі.

13. Ғұлама шипагер Ө. Тілеуқабылұлы адамның ағзасындағы сырқатын анықтауда арнайы медициналық өлшеу мен анықтау құралдарының жоқтығына мойымай, ол тамыр соғуын саусақпен басып отырып сырқатты анықтау мен ем қолданудағы ерекше ұлттық тәсілді ұсынуы болмақ. Сондықтан да шипагер тамыр тіршілікке қуат беруші өте ұсақ талшықтар екенін түсіне отырып, тамыр соғудағы құбылыстарды сол кездегі ғылыми медицинаның жетістіктерімен етене ұштастыра білді.

14. «Шипагерлік баянда» адам баласына өмірінде қауіп-қатерлі кезеңдер, күнәға бататын немесе күнәға есептелмейтін жас кезеңдері болатынын өзінің ұзақ жылғы тәжірибесіне сүйеніп баяндайды. Шипагер адам пендесінің ризық теруіне сай, несіптік ризықтың қуатына сай, өзек мүшелге 25 жас, 37 жас, 49 жас, 61 жас және 73 жас сияқты бес мүшелді жатқызады. Шипагер өзек мүшел делінбегі адам пендесінің өмірінің бұл кезеңінде қару – қайраты мол, ақыл – айласы толысқан, қандай харакетке де жеткілікті, сондықтан әр күні күнәға батуы ықтимал, әрі қауіпті жас мөлшері одан сақтану қажет дейді.  Шипагер еркелік немесе сәбилік мүшелге 13 жас, 85 жас, 97 жас және 109 жастағыларды жатқызып, оларда  күнәға бату болмайтынына өз тұжырымдамасын  діни-ғылыми негізде түсіндіре білді.

Мүшелі жөнінде шипагер жыраулық жыр бойынша да былай дейді: «Мүшел тектен қашқан он екі жыл, Он үш жастық қосылғы мерзеттік қыр. Мақұлұхат атауымен айтылғанмен, Түпкілігі пенделік мінездік сыр. Кейбіреулер шенеуді шелдей көріп, Елді арбап, кеудесін көрсетіп жүр. Миың болса басыңда, қөзің жеткіз,  Ата – баба атына келтірме кір» - деп қиуа таппағы шарт.

15. Шипагер еңбегінің ең құнылығының бір жағы адам баласын имандылыққа, адамгершілікке, қайырымдылыққа, әдептілікке, отан сүйгіштікке жету жолдарына дұрыс бағыт беруі мен он сегіз мың әлемді жаратушы құдіретті Алланы тану мен оның елшісі Мұхаммед пайғамбарға /с.ғ.с./ және ислам діні қағидаларын сақтауда адал болуға дұрыс сауатты нақты нұсқау беруі дей аламыз. Мәселен, халал мен харамды ажыратуда 91-ді жеуден тиым, 85-ті ішуден тиым сақтандыруымен, 7-ге тиіспеуге, 41-ге жұғыспауды және 12-ден айырылмау сияқты бұлжытпай орындауы тиісті міндеттің орындалатын шартты – заңын ұсынады.

 

7 – ге тиіспеу

 

Бұл адамгершілікке, аяулық қасиетке, татулыққа, рухани тазалыққа баулитын ұлттың мәдени дәстүріне жататын сияқты. Мәселен,

1. Көктемде көктеп келе жатқан өскінге тиіспеу.
2. Көктемде көбеймелі жорғамаларға тиіспеу.

3. Көктемде көрінген қозғалыштарға тиіспеу.

4. Көктемде көз ашпаған шикілікке тиіспеу.

5. Қай- қашанда қонжатқа тиіспеу.

6. Қай-қашанда көршіге тиіспеу.

7. Қай-қашанда елшіге тиіспеу.

 

41 – ге жұғыспау

 

Бұл да ұлттық мәдени дәстүр, ол адалдыққа арнағандай әсер береді.

1. Ордалы суманға жұғыспау.

2. Қордалы қынамаға жұғыспау.

3. Жалғыз ағашқа жұғыспау.

4. Иендегі жалғызға жұғыспау.

5. Суық торғайға жұғыспау.

6. Алдан өткен абаданға жұғыспау.

7. Елден кеткен забажанға жұғыспау.

8. Пәлелі өртке жұғыспау.

9. Шығулы бетке жұғыспау.

10. Жаралы жыртқышқа жұғыспау.

11. Қаралы елге жұғыспау.

12. Ашынған долыға жұғыспау.

13. Ашыққан ұрыға жұғыспау.

14. Даралы жерге /киелі  -  З.Қ./ жұғыспау.

15. Дастарханға жұғыспау.

16. Жетімге жұғыспау.

17. Жесірге жұғыспау.

18. Кесірге жұғыспау.

19. Еңіреген ерге жұғыспау.

20. Өзің шығар төрге жұғыспау.

21. Арқаны сылбыр ерге жұғыспау.

22. Жатқа кетер қызға жұғыспау.

23. Көктемдегі мұзға жұғыспау.

24. Өте шығар сызға жұғыспау.

25. Асып қалған асқа жұғыспау.

26. Жарасы бар басқа жұғыспау.

27. Парақұмар ыласқа жұғыспау.

28. Басқа елдік қарашаға жұғыспау.

29. Балатқалы иге жұғыспау.

30. Төбелесте арашаға жұғыспау.

31. Тікені бар аласаға жұғыспау.

32. Құламағы құзға жұғыспау.

33. Дәм атасы тұзға жұғыспау.

34. Иесіз жатқан малға жұғыспау.

35. Киесі бар далға жұғыспау.

36. Обалы бар торшыға жұғыспау.

37. Залалсыз қоршыға жұғыспау.

38. Түтін ұшар шаңыраққа жұғыспау.

39. Ырыс келер босағаға жұғыспау.

40. Даладағы өлгенге жұғыспау.

41. Шыдап жерге көмгенге жұғыспау.

Қысқасы жұғыспаулардың соқтықпау, жәбірлемеу, ойрандамау, қырмау, аялау, абайлау,  сақтану,  қорғау  сияқты сегіз жіктеме шартын орындау арқылы, адамның имандылығының танымы артатынын дәлелдейді. Бұдан адалдың алды ашық, арамның арты жар деген халық даналығын аңғарып, ақ жүру, адал сөйлеу, таза болу адамгершіліктің биік жетістігі екенін білдіреді. Бұл жұғыспаулардың тәрбиелік және терең философиялық танымдық көзқарастарға ие екендігін көрсетеді.

 

12 – ден айырылмау

 

Адамға өмір тәттілігі мен жан тәттілігін, отаны мен халқы тәттілігін, отбасы тәттілігі қымбаттығын білдіреді. Бұл мақсат орындалуына бірлік тәттілігінің маңызы зорлығы ашық оймен айтылады.

1. Жарғылыста жаныңнан айырылма /жағаласта – З.Қ./.

2. Ақылыңнан айырылма.

3. Ел бастаушы көсеміңнен айырылма /Еркесіз ел, серкесіз шел болмас/.

4. Шешеніңнен айырылма /тіл – кесілмес атқан оқ/.

5. Көппен көресің, еліңнен айырылма /Өзіңді зор - басқаны жер деме/.

6. Жаныңды алса да, сырыңнан айырылма.

7. Жаман деп қатыныңнан, көшем деп отыныңнан айырылма.

8. Ризғысыз пенде болмас, даяр асың – малдан айырылма.

9. Ағайын, туыс, дос-жарансыз кім бар? Болмашқа өкпелеп, досыңнан айырылма.

10. Қырық найза қарғы деп, қарқудай баспанаң қосыңнан айырылма.

11. Пенде қару санаты бес қаруды тастама. Шыбын жаның шыққанша намысыңнан айырылма.

12. Өте шығар сұм жалған, боқшылыққа қайрылма.

Шипагер әрбір пендеге  пайдалы іс істе, пайдасызға жолама, басыңа ауыр күн туғанда он екіден айырылма деген философиялық ой толғамы адалдыққа, батылдыққа, парасаттылыққа, отаны мен халқын қорғауға  ақыл кеңесі екенін айқындайды.

Ғұламаның «Шипагерлік баянында» ғылымға қажетті көптеген тұжырымдамалар өте көп. Оны зерттеуде ұзақ уақыт әр саланың ғылымының ғалымдарының ой пікірлері ғана ғұлама еңбегінің құндылығына адал бағасын береді. Ғұлама дүниедегі заттардың тегі Нұр, су, топырақ, ауа сияқты төрт заттан құралатынын, ал адамзат баласы осы төрт затқа тікелей тәуелді болады деген  философиялық ойының көзқарасын білдіреді.

Шипагер бұл философиялық көзқарасын діни ұғыммен түсіндіреді. Алла тағала он сегіз мың ғаламды алты-ақ күнде жаратқан, ал Жұма – он сегіз мың жаралып біту мереке күні немесе: «Бір Алла алдымен нұр жаратқан, нұр  дәрияның түбінде мың жыл жатқан»-деген өлең бар дейді. Бұл ойы бойынша ғұлама Алла ең алдымен он сегіз мың ғаламды жаратқанда алдымен жарық, нұр иесі Күн мен Айды, әлемнің кіндігі жерді жаратқан. Күн мен Ай су ішінде мың жыл жатып, дүниені қараңғылық басқан. Кейін келе Алланың құдіретімен Күн мен Ай көкке шығарылып, жарық дүниені бізге берген деп, Жартушының құдіретінің шындығына көзқарасын білдіреді. Сондай-ақ, адамның топырақтан жаралғандығы, бала туыла сала сол жердің ауасымен тыныс алатыны, өсіп-өркендейтіні және оның тұлғалық келбеті, мінез-құлқы қалыптасатынына да айрықша философиялық талғамын ұсынады. Бұл ұсынымдардан адамзаттың тіршілігі тікелей осы төрт затқа тәуелділігін, бұлардан арақатынас үзілгенде өмірде тоқталатынын аңғартады. Ертедегі Грецияның дәрігерлігінде дүниедегі заттар мен адамзат тіршілігінің тегі жер, су, ауа, от деп қараған. Кейінде көптеген елдердің ғылымында да осы төрт заттың бірлігінен, алмасымынан, тепе-теңдікті сақтауынан, толассыз өзара қозғалысынан, қарама-қарсылығынан адам организмінде алмасым, ұштасым, ауысымдар болатынына анықтама берілуде. Бұл тұжырымдамалардың қазақ шипагерінің ұғымымен сабақтас, жүйелес екендігін білдіреді. Әрине, осы айтылғандардан басқа да «Шипагерлік баянда» дін, тарих, этнография, әдебиет, математика, фармакология, этика, эстетика, психология, ғарыштық ілім тағы басқа ғылымдар саласы бойынша да айтары, жаңалығы мол және ұлттық шежіре мен мыңнан аса сөздік тізбесі берілген көп мағлұматтары бар, тұнық ұлттық ұлы ғылымнама екенін мақтанышпен айтуға болады. Шипагердің мұндай танымдық идеялық тұжырымдарын оның іс-тәжірибесінің нәтижесінің қортындысы әрі нағыз көрегендігінің жемісі екенін білдіреді. Шипагердің терең философиялық талғамдық  өнеге-өсиеттері адамды отанға, елжандылыққа, отбасына, дос-туысқа, адалдыққа сүйіспеншілігін арттырады және жамандыққа бармауға баулитын ойшыл идеялы екенін аңғартады. Шипагердің «Шипагерлік баян» еңбегі әлемдегі ғажайыптардың қатарынан орын алатын қазақ халқының даңқын арттыратын теңдесі жоқ философиялық ғылымнама, қазақ даналығының өлшеусіз биігі. Сондықтан да Шашты Әзиз аталған, қараүзген шипагер дана бабамыздың асыл мұрасын көрінгеннің ермегіне айналдырмай, өзі айтқандай отбасы тулақ қылып алмай,  мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы  деңгейінде жан-жақты, байыпты терең зерттеп, халық мәдениетінің шипагерлік дәстүрінің игілігіне айналдыру, сөйтіп әлемге таныту – бүгінгі зиялы қауымның басты міндеті. Ғалымның ғылыми тұжырымдық ұсынысы жаңадан ғылыми зерттеу саласына қосыла бастаған халықтық шипагерлік дәстүрі негізін қалаушы шипагердің еңбегін тереңдеп  зерттеу қажеттігін айқындайды.

Қараүзген шипагер Ө.Тілеуқабылұлының асқан дарынды тіл шебері, адам жанының психологі, терең білімді ғұлама әрі ойшыл философ екенін мойындау, ұлттық шипагерліктің өрісінің кеңдігі мен тарихының ұзақтығының айнадай жарқыраған жарқын көрсеткіші болары анық екендігін  көрсетеді.

Ғалым-шипагер Ө.Тілеуқабылұлының адамның тұлғалық абыройының несіптік және несібелік ризғысы оның Алла бұйырған  7 әулие мен 41 ырысқа байланысты  деп, халқымыздың «Қырықтың бірі – қызыр, жетінің бірі - әулие», - деген даналық палсапалық сөзін арқау етіп рухани тазалықтың, имандылықтың тәрбиелік жолын көрсеткенін аңғартады.

Шипагердің тұжырымдамасы бойынша былай жіктеледі:

Жеті әулие: дән, ақыл, тұз, қыз, күн, жер, ай.

 

Қырық бір ырыс

 

1. Жаратылыс – жан ырысы.

2. Тіршілік – хан ырысы.

3. Хан – тақ ырысы.

4. Тақ  -  бақ ырысы.

5. Әділдік – нақ ырысы.

6. Байлық – сан ырысы.

7. Сән – сәулет ырысы.

8. Сәулет – дәулет ырысы.

9. Сыйласым – татулық ырысы.

10. Тұлпар –  батыр ырысы.

11. Ынтымақ – бірлік ырысы.

12.  Қайтпас ер – найза ырысы.

13. Ерлік білегі  – елдің ырысы.

14. Су молдығы – көлдің ырысы.

15. Еңбек – дән ырысы.

16. Жарасы – береке – бірлік ырысы.

17. Өнер – білім ырысы.

18. Білім – өнер ырысы.

19. Қос босаға – түтін ырысы.

20. Әділ би –  бүтін ырысы.

21. Шілдехана – төр ырысы.

22. Кебін –  көр ырысы.

23. Жаңбыр – жер ырысы.

24. Ірге – ай ырысы.

25. Жақсы сөз – жан ырысы.

26. Шежіре бәйіт – сөз ырысы.

27. Ақыл – көздің ырысы.

28. Инабат – ізеттілік ырысы.

29. Жақсы садақ – садақ ырысы.

30. Қалқан – арашасы ырысы.

31. Шөп – мал ырысы.

32. От – ел ырысы.

33. Су – мал-жан ырысы.

34. Ажал –  жан алу ырысы.

35. Жас – бақыт ырысы.

36. Қан – құт ырысы.

37. Сыйластық – сенімнің ырысы.

38. Шыдамдылық – төзімнің ырысы.

39. Тайсалмау – талаптың ырысы.

40. Науқас – сырқаттың ырысы.

41. Шипагерлік емдеу – айығудың ырысы.

Бұдан шипагердің ізгі армандық ой толғамы сыйласым, ынтымақ, ерлік, жарасым, шыдамдылық, батылдық бақыт әкеледі, ал өнер – білім өмірлік өнегелік жақсылық сыйламақ, ырысыңды құрметтей білсең арманыңа жетесің деген пәлсапалық тұжырымын аңғартады.

Ғұлама ғалым, қазақтың қараүзген шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы өз елінің ерке «өтекесі», «Шашты Әзізі», «ілімдісі» атанды. Ол сый-сыйпаттан да, құрметтен де құралақан болмады. Оның қадірін елі білсе, ол да халқы үшін, болашақ ұрпақ үшін өшпейтін, мәңгілік өлмейтін мұрасы әрі аманаты «Шипагерлік баянын» қалдырды. Шипагер еңбегі бүгінде ұлттық шипагерліктің ғылыми мәртебесін әлемге танытты.  Өзі де жоғары бағалағанын ол заманда ешкімде білмесе, бүгінде ғұлама талғамы, ойы шындыққа айналды.

Ғұлама шипагер  Өтейбойдақ  Тілеуқабылұлының  «Шипагерлік баян»  еңбегінің 1994 жылы араб қарпімен Үрімші қаласында тұңғыш баспадан басылып шыққан нұсқасына алғаш бірінші болып зерттеу пікірін жазған ғалым, доцент Әзімжан Тышанұлы өзінің  «Байырғы мәдениет көгінен жарық еткен  бір шұғыла» атты ғылыми мақаласында халқынан шүйінші сұрай былай деп баға береді: «Өз алдына кемел медициналық ғылыми жүйесі, өз алдына кемел ғылыми атауы, өз алдына бір төбе дәрі тану ғылымы бар, қазақ жазуы /арап әрпі/, қазақ әдеби тілінде жазылған үш жарлығы, жеті кітаптан тұратын бұл бір жойқын қолжазба – дәу ғылымнама. Мұнан тыс бес ғасырдан ілгері о дүниеге аттанған ғұлама ғалымның замандастарын былай қойып, арада 30 ата аралап, 21-ғасырға аттағалы отырған бүгінгі ұрпақтың да қолынан келе бермейтін  керемет!  Өзінен туған осындай керемет ұлдың араға 5 ғасыр салып барып жоқтан бар болғанын естігенде, оның туған халқы қалай қуанбасын!».

Бүгінде ғұламаның еңбегін ғылыми негізде зерттеу мен  оқып-үйрену мақсатында медициналық және басқа да Ұлттық университеттер мен институттарда және ғылыми мекемелер мен қоғамдық ұйымдарда ұйымдастырылған конференциялар, семинарлар, дөңгелек столдар өткізу шаралары арқылы, «Шипагерлік баянның» нағыз ғылымның қайнар бұлағының көзі екеніне ғалымдар мен зерттеушілер болжамдары мен тұжырымдарын білдіріп, халықтың ұлттық мақтанышы ретінде қабылдап таныстыруда. Ғұлама шипагер ғасырға жуық ғұмырының соңғы кезеңінде терең ой тізбегімен: «Менен ұрпақ қалмаса да, күндердің күнінде мені әлемге әйгілейтін «Шипагерлік баяным» артымда қалмақ. Бұл соңғылардың қадірін біліп, ұстана білсе, қанғысыз бұлақ, қадірін білсе, отбасы аяқпен тозатын тулақ»  -  деген, данышпандық ой арманның желісі бүгінде ұлт мақтанышына айналуда.

 Ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегін зерттеуде Қазақстан мен Қытай еліндегі қандас ғалымдардың қөп салалы ғылымдар бойынша ғалымдары жеке ғылыми тұжырымдамаларын жазып, әділ болжамдарын беруде. «Шипагерлік баянның» тұңғыш араб әрпінде шыққан баспалық нұсқасына сарапшылық пікірін білдірген, кітаптің жауапты редакторы Шыңжаңдық Қаби Ыбырайұлы Қуаныш: «Шипагерлік баян» –  шипагерлік тілсімін таза, анық, дәмді нағыз тілмен шеше білген, ұстана білгенге қолға түспес халықтық мұра. «Шипагерлік баян» бізге ұмытылған, аламышталған тіл, араластырылған әдеп-ғұрып, жоғалған салт-сана дәстүрлерді бір емес, мың жерде бадырайтып отырып көрсететін «Шарайна». «Шипагерлік баян» – дүниенің қызығын мүлде ұмытқан, сынақ атаулыны әуелі өз басына жасап, талай жол уланған, өлмегеннен басқаның бәрін көрген, ат басындай алтын, ада көз қырын салмаған, жарқұлағын жастыққа тигізбей жаһан кезген, елден қөрген білгенін саралап түйіндеген, қайраты қайтпас, жігері мұқалмас, ақылы телегей теңіз, ойы толғамы әрі тиянақты, Бойдекеңнің ел жұртының, болашақ ұрпағының мәңгілік кемістік, мүсәпірлік, ғарыптық көрмеуі, азап тартпауы үшін артына қалдырған, растығына шүба келтірмес ғылыми өресі кең, төл тәжірибелерінің туындысы» - деген, шын ықыласты талғамдық пікірі ғұлама еңбегінің қазақтың философиялық  шипагерлік ілімінің ұзақ тарихының куәсі әрі айнасы екенін дәлелдейді.

Халықтың рухани мәдениетінің дәстүрлі бір саласы шипагерліктің де өзіндік шежіресі мен берер жақсылығы да ертеден мәлім екеніне күмандануға болмайды. Ұлттың өзіндік сипаты мен формасын сақтап қалуға да шипагерлердің қосқан үлесі де қомақты болды деген тұжырым жасауға толық негіз бары анық. Қазақ халқының шипагерлік ілімінің тарихи тамыры жаңа дәуірден де арғыдан басталатынына және нақты мәліметтерге негізделіп болжам айтуға болатына күмән келтіру, ұлттық шипагерліктің тарихын жойғандық болады. Қазақ шипагерлігінің әлемдік деңгейге көтеріліп танылуына, ілімі мен ғылымына да жол салған дала жаһангері, шипагер ғалым Өтейбойдақ  Тілеуқабылұлы екенін тану мен оның тұжырымдамалары мен болжамдарының маңызды философиялық ой тұжырымдарын оң бағалау, ұлт шипагерлік дәстүрінің  рухының мәдениетінің биіктігін және ғұмырының мәңгілігін айқындайды. Шипагерлік – ұлт мәдениетінің ең алғашқы формасы. Шипагерлік өнері ұлтпен бірге туды, бірге жарасым тауып өз қызметінің жемісін беріп келеді.

Шипагерлік ілімінің өзіндік ерекше құпиялы сырларын философ ғалымдардың зерттеп, тұжырымдап бірыңғай шипагерлік философиясын қалыптастыруы,  философия ғылымында  жаңа бір саласына ашылған тармағын  өркендетуге жол салғандық болары анық.

 

 

          

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15  16  17  18  19  20  21  22  23  24  25  26  27  28  29  30  31  32

                                           pic