БӘЙТЕРЕГИМ МЕНІҢ 10 | ||
главная вернуться | ||
ҚАРАБЕК ҚИЯЛШЫЛ, АРМАНШЫЛ ЕДІ ҒОЙ Қарабектің «Іздер... Іздер... Іздер» деген кітабы оқылып бітіп, соңғы беті жабылмай әлі жатыр. Сан-саққа жүгіріп, беймаза күй кешкен алаң көңіл. Жүрек тырнаған, өкініш аралас алғашқы сезімнің бірі ол оның бақилық болғанын мойындай алмай, еске алып есеңгіреу болды. Енді міне, оның есті әңгімелерін естіп, қимастықпен ұзақ сыр шертетін сәттердің болмайтынын біліп, үлесімізге ендігі жерде еске түсіріп естелік айту ғана қалғанын түйсініп, күйзеліп отырған жай мынау. Ой шашырап, қол жүрмей әуреге түскеніме көп күн болды. Қарекеңді соңғы сапарға аттандырып, қасына бір шымшым топырақты аманат етіп салып, тәнін тегіне қайтарып, рухын Аллаһ құзырына тапсырғанымызды көзіміз көріп, жүрек суыды десекте, көңіл әлі алаң, сенбейді. Бірақ ақиқат – қатал. Сендіреді. Көндіреді. Осы естелікті жазуға тәуекел етуге екі түрткі себеп болды. Әуелгісі, Қарекең екеуміздің осы жылғы қазан айындағы соңғы кездескенімізде «Іздер... Іздер... Іздер» кітабына қолтаңба жазып, қолыма ұстатып тұрып: «Аллаһ өмір берсе, біраз жиналған дүниелер бар, соларды жинақтап, толықтырам ба деген ой бар, және соларды жарыққа шығару бізге аманат дей өзіне міндет алған және соған қосарлық естелік жазамыз дегендеріңіз болса, жазып жіберіңіздер» деген сөзі болды. Екіншісі, анау асау жас кезіміздің өзінде түпкі сөзді айтатын, оған бәріміз иланатын Салық досымыздың, сол сәтте ақырын күбір етіп «бұны жазу саған жүктеледі» деген сөзі болды. «Неге мен?», – деп күңк етіп ем, «Сенен басқаның бұған ыңғайы жоқ», – деп кесіп тастады. Қарсы уәж айтуға жер тар. Оның үстіне бағынасың. Өйткені бұдан елу жылдан астам бұрын солай, талас туған жерде «Салыққа айтайық, ол не дер екен?» болып қалыптасқан. Оған өзгеріс бүгінде кірмеген. Міне, сөйтіп «ескірмес достар» (Қарекеңнің сөзі) атынан берілген аманатты іштей көніп алуын алсамда, «көтере алмайтын шоқпарды беліне қыстырғанның» кейпіне түскенімді енді сездім. Қиналу, әрине Қарекең туралы айтатын нәрсенің тапшылығынан емес, орасан көптігінен. Сол көптің ішінен естелік деген тар шеңбердің ішіне сыйғызып айтар сәулелі ойдың санаға оңайлықпен орала қоймауында болып отыр. Ақыры, бәрібір бәрін айта алмаспын. Басқа да айтушылар бар ғой. Бір қырын ғана айтсам жарар деген бір түйінді ой келді де, осы ізді жазуға тәуекел еттім. Қазіргі кездегі адамдардың басындағы бір зәрулік олардың бірін-бірі іздеуінде. Әрине, бір мұхтаждықтың соңына түсіп, керек адамын іздеу әркімнің ісі. Қолтаңбада Қарекең өзі жазгандай «ескірмес достықтың» соңына түсіп, бірін-бірі іздеу, біз түйсіне бермейтін, өзгемізден өзгешелігі көп Қарекең сияқты бір азаматтың ісі. Оны ерекшелейтін бір қасиет, өзгемізді іздеп, бәріміздің берекеміз, арамызды ажыратпай жалғастыратын үзілмес жібіміз болуы еді. «Бәріміз» деп отырғаным, оны іздеп, Алматыда, Қазақ мемлекеттік университетінің механика-математика факультетінде тоғысқан жүздеген студенттердің ішінен жұбы жазылмастай боп түсінісіп, топтасқан он «темір қанат» жас жігіттер еді. Оқу аяқталды. Кең байтақ еліміздің түкпір-түкпіріне тарап кеттік. Жай кеткеніміз жоқ, қиялшыларга тән қылық жеңіп, тарар да «әр бес жылда бір бас қосып тұрайық» деп уәделесіп тарастық. Әрине, ол кездегі албырт жастық билеген алып қашпа көңілді «ойлаган ойды қыстаған тұрмас» билейтіні қаперге де келмейтін. Бірінші бесжылдықтан кейін бірнешеуіміз кездесе алдық. Кейін қалды. Дегенмен байланысымыз үзілген жоқ. Үзілмеуіне басты себепкердің бірі Қарекең болды. Ол барлыгымыздың байланыс орталығымыз, жібіміздің үзілмеуіне дәнекер еді. Қай-қайсысымыз болсақ та алдымен оны табатынбыз. Сол арқылы қалганын. Ол тек қана байланысшы дәнекер болып қана қойган жоқ, әрқайсымызды мекенімізге іздеп барған жалғыз сол болды. Қостанайдың Қамысшы ауданының бір куысында жүрген Салық Алимовты, Арқалықтың экономикалық қамын жеп жүрген Өзбек Қалиқановты, Түркістанды тұрақ еткен Кеңес Күлекеевті, Талдықорғанның бәйтеректерін көлеңкелеген Адамбай Ибраимовты, Астана түбіндегі Қабанбай ауылына табан тіреген Саруар Жунусовты, ал елі Керекуді қимаған Қажыкен Қайдаровты іздеп барған сол Қарекең ғана еді. Алмалыны бауыр басып қалған Әбен Аязбаев пен Қуанышбек Өтегеновты іздеп жүретін де сол Қарекең еді. Оларды сүрай қалсаң айтушы еді: «Сол екеуін бір түсінбей-ақ қойдым. Мен ғана іздеймін де жүремін, ол екеуінің айлар өтсе де мені іздеп келгені есімде жоқ» дейтін күліп. Іздеушілердің орны туралы сөз етсек әрине, Қарекеңнің орны талассыз ең жоғарғы мақтаулы орын. Ал ізделушілерге келсек, онда олжалысы мен болсам керек. Өйткені Қарекең мені үш рет іздеп келіп, Мақаншы жерінің (Семей өңірінде) топырағын басса, өзге достардан Қуанышбек, Әбен, Салық, және Адамбай келіп басты. Қарабек қиялшыл (романтик) еді ғой. Мінезінде әпенделік, қылығында емін-жарқын балалық кездесіп тұратын. Сол қызық қылығы мені үшінші рет іздеп келгенінде көрініс тапты. Бұл 1975, 1976-жылдардың бірі болу керек. Ол кезде Қарекең астық дайындау министрлігінің есептеу орталығының директоры болатын. Министрліктің тапсырмасымен Семей облысының астық қабылдауға дайындығын тексеру үшін сапар шегеді. Әрине, оның тексеру обьектілері Семей өңіріндегі ірі элеваторлар екені белгілі. Соларды тексеріп біткен соң ойламаған жерден, Семейден 560 шақырым қашықта Қытаймен шекаралас жатқан Мақаншы ауданының шағын астық қабылдау пунктінің дайындығын жол-жөнекей көре кететіндігін айтады. Сапардың бұлай бағыт алатынынан бейхабар Семейдегі басшылар абдырап қалғанда, мұны естіген Мақаншылықтар естерінен тана жаздайды. Олардың ондай күйге түсулерінде Қарекеңнің шаруасы қанша, оның ішкі есебі өзіне ғана мәлім. Әрине, оны онда жетелеген нәрсе министрлікті Мақаншы асық қабылдау пунктінің жағдайы алаңдатқандық емес, онда менің жүргендігім. Сырын ішіне түйген күйі Қарекең Мақаншыға ұшып келеді. Оны осы іске жауапты төраға орынбасары мен астық қабылдау пунктінің директоры (Николай Новиченко) қарсы алады. Амандық сұрасқаннан кейін орынбасарды жұмысына қайтарып жібереді. Директор екеуі мекемеге келеді. Өзіне тән ыждаһаттылықпен көретінін көріп, ескертетінін ескертіп, кеңес беретін жерінде кеңесін беріп, білгірлікпен тексеру жұмысын жүргізіп, оны кешкі бес жарым болғанда аяқтайды. Енді ғана негізгі сырын ашып: «Сіз аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі Бейсенбай Қырықбаевты білетін боларсыз» – дейді. «Әрине, білемін» – дейді директор. «Мен сол кісімен жолығуым керек» – дейді Қарекең. Директор болса: « Это же пора пусряков позвоним, ок сейчас же прибежиль» – дейді. Бұл «пусряк» өзінің де бойына жылу жүгіртіп, көңілін көтереді. Бұл жаңалыққа іштей қуанышын жасыра алмай қалады. Қарекең болса жайымен «Жоқ, телефон шалмайық. Ол менің ескі досым, келетінімнен бейхабар. Давай, лучше его разыграем, үндемей жұмысына барайық, есігінің алдында тосайық. Бұлай кездесуді қалай қабылдайды екен, көрейік», – дейді. Ішкі ойы: «Әдеттегідей жұмысынан шығып, үйіне алаңсыз қайтып келе жатқан Бейсекең кенеттен қақпа алдында өзіне күле қарап түрған мені көреді. Сол кезде оның кейпі қандай болар екен? Кейін бір айта жүрермін, есте қаларлық көрініс боларына көңіл сенімді. Күтпеген кездесуден есі кетіп, шалқасынан түсіп жүрмесін» – деп тәтті қиялға беріліп, өзінің тапқыр ойына өзі елітіп, езуіне күлкі үйіріледі. Бұл оның қиялы. Ал шындығында іс мүлде бұлай болмай шығады. Уақыт кешкі алтыға да жетеді. Аудандық партия комитетінің ғимаратынан алдымен жастар, олардың ізін суытпай әйелдер жағы есіктен көріне бастайды. Сәл кейінірек ересек ер адамдар, олардан кейін шыққандар маңғаз басып машинамен кеткендер болады. Ендігі кезек болса да бөлім меңгерушілерінікі. Өйткені олар хатшылардан бұрын қайтпайды. Алыстан көріп есін жиып алмасын, табан астынан шыққандай болайын, кездесу әсерлі болсын деп, тура есіктің алдына барып тұрады. Жуық арада ешкім шыға қоймайды. «Бұл бүгін неге пысықтанып байланып жатыр» деп іштей сөгіп те қояды. Сөйтіп тұрганда есік ашылып, шелектерін көтерген еден сыпырушы екі әйел адам шығады. «Бейсенбай Қырықбаевич әлі бөгеліп жатыр ма?», – деп сұрайды олардан. Олардың біреуі: «Нет, не выдерживается, ол кісі бүгін таңертең Семейге іс сапармен кеткен, үшінші күні оралып қалар», – дейді. Шынайы қызық енді болды. Ойда жоқта аспаннан түскендей болармын деп тұрған Қарекең өз төбесіне тас түскендей күй кешіп, директордан ыңғайсызданып, не дерін білмей сасқалақтап қалса керек. Ойынынан ештеңе шықпай қалғанына іштей өкінеді. Өкінбей қайтсін, бұл қиял оның басына қашан келгенін бір Алла білсін. «Жолымыз болмады. Ол жоқ екен. Үйіне барып қайтпасақ болмас» – дегеннен басқа ештеңе айта алмайды.Үйге келіп, екеуі біраз отырып, мені сырттай әңгіме етіп көңіл жұбатып қайтқан екен. Осыған ұқсас талай қызықты сәттер жарты ғасырлық риясыз көңілмен қалыптасқан ескірмес достық аясында, бірге жүрген жылдарымызда талай кездесті ғой. Мынау да Қарекеңнің ақжарқын бала мінезінің бір қыры еді. Оның осындай әр кезде кездесіп тұратын бала мінез қылықтарына риза болатын Кеңес досымыз «Әй әпенді, сенен мұндайды күтуге болады», – деп мәз болатын. Қарабектің тұңғыш жарық көрген кітапшасы «Аграрлық-өнеркәсіптік комплекс: жоспарлау және басқару» болды. Мұндағы қолтаңба мынадай өлең жолдарымен жазылған: «Көз майым, қара шаштарым, Біртіндеп менің таусылар. Оларды қайда шашқаным, Бейсеке, міне осылар». Автор Қарабек. 21.01.1984 ж. Әрине, өлең жазуды әдет қылып, соңына түскен емес. Бірақ ақын, жазушыларды көп оқитын. Тек қана қазақ ақындары емес, шығыс жұлдыздарын және орыс ақындарының көбін оқыган. Олардың талайының өлеңін жатқа айтатын. Әңгімелескенде орнын дәл тауып, олардан үзінді тақпақтар оқып, сөздің нәрін келтіріп, тыңдаушының зейінін еріксіз өзіне қарататын. Осындай ақын жандылығы да бар еді. Ендігі жерде Қарекеңді сағынып сырласқымыз келсе, ауық-ауық «Іздер....»-ді оқып жүрміз. Онда бұрын-соңды айтыла бермеген адамзаттың «қайдан келіп, қайда баратыны» туралы тың ой, жаңа жүйе бар. Ол адамдардың екі дүниедегі мәңгілік ғұмырының діни түрғыдан түсіндірілуі мен ғылыми дәлелдерді байланыстыруға әрекет етуі. Мұнысы көпшілігіміздің оқуға тәуекел ете бермейтін қасиетті Кұран Кәріммен қоса басқа да Алладан түскен киелі кітаптарды тереңірек үңіліп, зерделеп оқып, ғибрат алғанының ықпалы болса керек. Өйткені қасиетті Құранның 40-Ғафар сүресінің 82-аятында: «Олар адамдар жер жүзінде кетпеді ме? Сонда өздігінен бұрынғылардың соңының не болғанын көрер еді. Олда бүлардан көп және күшті. Әрі жер бетінде қалдырған деректері мықты еді. Сонда да табыстары олардың іштеріне (заман ақырда аман қалуына) жарамады» – делінген. Міне, осы аятқа зер салсаңыз бізден бұрын қазіргіден де жүрген бір өркениеттің болғаны Құран Кәрімде айтылған болса, Қарекең бұған ғылыми дәлел ретінде әлемнің жеті ғажайыбын кітабында баяндау арқылы түсіндірген. Және олардың біразын өз көзімен көріп, аралап тамашалаған. Бұл әрине тың жол. Оған қандай дәрежеде қол жеткізе алды, оны кітапқа сараптама жасауға ниет еткен білім, ғылым иелерінің үлесіне қалдырайық. Мен осы кітаптағы Қарекең мінезінің байқалған тағы бір қырына назар аударуды жөн көрдім. Ол оның табиғи қарапайым, кішіпейіл әдептілігі. «Іздер... Іздер... Іздер» кітабының жазылу нұсқасында ол әр кез сөзін «мен» демей «біз» деп бастайды. Әрине, бұл жерде «біз» деген сөз өзінің негізгі көптік мағынасын білдіріп тұрған жоқ. Ол «мен» деп бадырайтпай «біз» деп сыпайылық, әдептілік нормасын көрсетіп тұр. Бұл дегеніңіз орыс тіліндегі сөйлеу нұсқасындағы «мы» деген көптік түрі емес, «вы, вас» деген сияқты сыпайылық сөз тұрғысында қолданылған десе де болғандай. Тағы бір байқалған нәрсе, ол кітапты жазу үстінде асыққандықтан, аз-аздап болса да көп нәрсені қамтып айтуга ұмтылыс бар. Өйткені баяндап келе жатқан әңгімесінің айтылмағы әлі де мол екенін аңғартады. Және оны жалғастыра берсе, басқасынан бір сөз қоса алмай қалатынынан қауіптеніп «бұл туралы айтылар дүниелер көп, оларға кезек басқа уақытта тиер» деп ескерту жасап, әңгіме желісін келесі ойға ауыстырып отырған. Алланың белгілеген мерзімі ол ойлаған «басқа уақытқа» жетпей тұрғанын сезсе де, мойындағысы келмегендігі. Атқармақшы ісінің көптігін, жинаған мол дүниесін саралап, бір жүйеге келтіріп жазу жоспары барын екеуміздің қазан айындагы соңғы кездесуімізде тілге тиек еткен. Алланың жәрдеміне сүйеніп, тіршілікке ұмтылысын, үмітін үзбеген. Әңгіме арасында «Сен осы Түркістанға бардың ба?», – деп сұрады. Мен әлі бармағанымды айттым. «Онда Алла қаласа, осы жазда мен сені ертіп апарамын. Ол жақта Кеңес те бар ғой, оның сонда болуына мен мұрындық болып ем. Өзім де сонда барып тұрақтармын деген ой болған, бірақ бара алмай қалдым», – деді. Ол кезде ол өзінің науқас екенін есінен шығарды. Жатқан жерінен тұрып, Тұрғанкүл екеумізге сүйеніп, дастархан басына келді. Үстел басында, креслога жайғасып отырып ұзақ әңгімелестік. «Сен бүгін қон. Әлі айтылар әңгіме көп. Екеуміз көп уақыт көрісе алмай кеттік қой», – деп, баяғы сау кезіндегідей жік-жапар болды. Оның осы кездесудегі бізді малдандырған сергектігі оның соңғы қуатын сарқа пайдаланып жатқандығы екенін біз бейбақтың ойына бір ай өткен соң ғана келді ғой. Бейсенбай Байзақ, Шығыс Қазақстан облысы, Мақаншы ауылы
| ||