БӘЙТЕРЕГИМ МЕНІҢ

8

 главная                                        вернуться

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15

 

 

 

Қарабек тренері Хох деген кісіні өте құрметтейтін, білімді, сыпайы кісі деп мақтайтын. Новосибирскіден келген сайын арнайы барып, сәлемдесіп қайтатын.

Көктемгі емтихан сессиясы бітісімен, үш жыл қатарынан, Көкшетау, Павлодар, Ақмола облыстарына жаз бойы, ауылшаруашылығына жәрдемге апарып жүрді. Студенттерге арналған пойыз Балхаш көлінің жағалауында бірнеше рет тоқтайтын. Суға түсіп, пойызға кешігіп қала жаздағандар, тежегішті басып, составты тоқтатулар да болды, у-шу, ән-күй бүкіл пойызды ерекше қызықты ететін.

Албырт жастық шақ қой, еңбекке қажымайтынбыз, кешкісін ойын-сауық, би ұйымдастыратынбыз, туған күндер аталатын. Қарабек және бір жігітіміздің (кім екені есімде жоқ) туған күнін бірге атап өттік, түнімен ойнап-күліп, ертеңгісін жұмысқа кеттік. Тусупов Мұхамедқанапия деген жігітіміз, басқарма дейтінбіз, комбайнның сабан жинағышында ұйықтап қалыпты, түсте жиналғанда іздеп тауып, күлкіге баттық. Астықты элеваторға артқанда, түнде де жұмыс болатын. Осындай бір түні Қарабек, Полат, Адамбай үшеуі ертерек қайтып, Салық және Бейсенбай кешірек қайтыпты. Адамбай сыланып-сипанып жүргенде, Қарабек пен Полат дастарханда қалған екі жұмыртқа мен нанды жеп қойыпты. Сонда Адамбай бір ауыз өлең шығарыпты. Бас жағы есімде жоқ, былай аяқталатын:

Қош бол деді Адамбай,

Қайран екі жұмыртқа, осыны әндетіп, талай шырқадық.

Бүкіл дүниежүзі еңбекшілерінің ынтымағы күні деп аталатын 1-мамырда М.Горький атындағы орталық паркке баратын болдық. Қарабекті кластас достары, медицина институтында оқитын Совет, Бақбергендер, техникумда оқитын Жанқұл ертіп кетті. Бір сағаттай уақыттан соң, Совет ентігіп келіп тұр. Не болды десем, ана гад шалбарын жыртып алды, басқа шалбарын алып барайық дейді. Паркке келсек, темір шарбақтың шетіндегі көгалда Бақберген, Жанқұл үшеуі күлкіге батып отыр. Шарбақтан асып түспекші болғанда, балағы ілініп, айрылып түсіпті. Ай Әпенде, деп әбден күлдік.

Түркістандық достарыммен 1958-жылғы, Қарабек ертіп барып, бірге қарсы алғанда танысқанмын. Жанқұл, Бақберген, Совет, Ахмет, қыздардан Шұға, Нағима, Ұлтайлар және басқа бірнеше жігіттер, қыздар болғанбыз. Осы кешті ұйымдастырушы да, қыздырып жүргізуші де Қарабек еді. Келесі жылы Тұрғанкүлмен таныстық, өзіміздің физика факультетіне түсіпті, бір жатақханада тұрды, әнді керемет айтатын, сабырлы, салихалы, ақылдылығымен ұнамды еді. Қарабектің Тұрғанкүлге деген сезімін, ерекше қатынасын біліп, тілектес болып жүрдік.

Жазғы каникулдарға кетерде, каникулдан оралғанда бәріміз кездесіп, ресторанда бас қосып, ойнап-күліп отыратынбыз, көрген-білген есіткендерімізді әңгіме қылатынбыз, әзіл-күлкіге қарық болатынбыз. Осындай отырыстарды Қарабек ұйымдастыратын.

Немерелес туысқан ағасы Тасыбеков Әбдіманап партия мектебінде оқыды. Барып тұратынбыз, ерекше күтіп, асханаларында тамақтандырып, азын-аулақ қаржыландырып, көңілімізді көтеріп жіберетін. Өте сыпайы, кішіпейіл, ақ көңіл кісі еді. Түркістан ауданында басшы қызметтерде істеді. Қайтыс болғанша біздерге ақыл-кеңесін айтып жүрді.

Үшінші курста біздің арамыздан 5 студентті Новосибирск университетіне ауыстырады екен деген сөз шықты. Деканымыз Хасен Ибрашев өте ақылды, еліміздің ғылымына ауқымды үлес қосқан, ардақты, аяулы азамат, Россия ғалымдарымен, ғылыми орталықтарымен тығыз байланыс орнатқан. Новосибирскіде Академиялық қалашық салынып, Сібір ғылымы орталығы ашылған. КСРО-ның бірден-бір үлкен ғылыми орталығы жұмысын бастап, ірі-ірі айтулы ғалымдар шақырылып, жиналған кезі. Осы университетте оқуларын жалғастыру бақытына Әкімбеков Қарабек, Дощанов Мәруа, Жангисин Ж., Қайдаров Қажыкен, Қасабеков Серік деген достарымыз ие болды. Барлығы да жақсы оқыған, саналы еді.

Қыстың қақаған уақыты, достарымызды Новосибирскіге шығарып салдық.

Алғашқы хат Қарабек пен Қажыкеннен келді. Осыдан бастап Сібірге хат, Сібірден хат ағылып жатты. Бірінші хатымызда ұлы ақынның өлеңінің

Во глубине Сибирских руд,

Храните гордое терпение.

Не пропадет ваш скорбный труд,

И дум высокое стремленье.

деген шумағын келтіріп, өзіміз былай деп қостық:

Сонау Сібір төрінде,

Ғылым-білім кенінде,

Шыңдалып, ұшып биікке,

Болыңдар жұлдыз еліңде.

Жазғы демалысқа Қарабектер ерте шығыпты, сағынғаны ғой, әрқайсымызбен құшақтасып бір кроватта бір-бір түнеп шықты. Қуанышымызда шек жоқ, гуілдесіп, бірге қыдырып, бірге жүрдік. Біздер де жазғы сессияны бітіріп, Алматы ресторанында, онан соң Қалдыбай Сұлтанбеков ағамыздың үйінде той-думан құрдық. Бір қызы бар, Муза жеңгемізбен ағамыз 1-Алматыға қарай жүретін жолдың бойында, Рощадан өткенде Папанин көшесінде, барак тәріздес үйде тұратын.

Естен кетпес тамаша кездеріміз ғой. Қандай отырыс, қарсы алу, шығарып салу болмасын асқақтаған әндер, әсіресе Шәмші Қалдаяқов ағамыздың ерекше сезімге бөлейтін әндері орындалатын, арасында билеп те алатынбыз.

Төртінші курстың қысқы сессиясын қаңтар айының соңында бітіріп, 9 айлық өндірістік практикаға ақпан айынан бастап, Новосибирскідегі Академиялық қалашыққа кеттік. Есептеуші математика мамандығы бойынша электронды есептегіш техникалардың салаларына бөлініп кеттік. Жатақханада басымыз қайта қосылды. Қарабек, Қажыкен, Серік, Мәруалар бізді қуана қарсы алып, Алматыдағыдай мәре-сәре болыстық.

Қуанышбек досымыз өте сезімтал, нәзік жанды еді, практикаға кетердің алдында ғана ЖЕНПИ-дің бір қызына көңілі кеткен, хат жазып, жауап күтіп жүрді. Қарабек осының махаббатын тексеріп көрейікші дегені сол, Бейсенбай іліп-алып кеткені. Бәріміз асханадан көңілді келе жатқанбыз, Бейсенбай Қуанышбекке саған хат бар, биле деді. Биледі. Алдымызда бір қарағайды көрсетіп, ана арасына шығып секір деді, қиналды, бірақ секірді. Қарабек қолын шапалақтап жіберіп, мынаның махаббаты рас екен, шыда, әзірге хат жоқ, бірақ келіп қалар дегені сол еді, Қуанышбек қатты ашуланып, орманға қарай қаша жөнелді. Бәріміз қуалап жетіп, жалынып-жалбарынып, ашуын әрең бастық. Қарабекке ұрсып жатырмыз, қай-қайдағыны ойлап табасың деп. Кейін осы жағдайды еске алысып, талай күлістік.

Оқуды 1962 ж. маусым айында бітірдік. Қарабек те каникулға шығып келіп, қуанышымызды бірге бөлісті. Ойын-сауық қыдырулар басталды, Есік көлінде, тауда демалдық. Қарабек, Қуанышбек, Бейсенбай, Әбен, Жанат, Полат және мен болдық. Суға түстік, катерге міндік, тауға шықтық, суретке түстік, түстен кейін қайтып кеттік, ауа бұлттанып, түнеріп тұрған. Біз кетісімен Есік көлінде алапат болыпты. Аман қалғанымызға шүкіршілік еттік.

Алматыға келісімен достармен қоштасу, шығарып салу басталды. Ең соңында Қарабек, Жанат және мен үшеуіміз Түркістанға аттандық, Ахметті үйлендіріп, тойладық. Сонан соң біздің ауылға, Хантағыға өттік. Туыстарым және достарыммен біздің үйде кеш өткізіп, Әлмаханды қосып алып, қайтадан Түркістанға оралып, осында Түркістандық достарымызбен, екі күндей ойнап-күлдік. Жанатты Ақтөбеге, еліне шығарып салып, тарқастық.

Алматыда бірінші жылы ғылым академиясының жатақханасында тұрдым, екінші жылы пәтерге шықтым. 6-линияда пәтерде Қуанышбек, Әлмахан, Зәкір Янтижанов (дүнген жігіті) төртеуіміз бірге тұрдық, кейін оқуын бітіріп келіп, Қарабек қосылды.

Тұрғанкүл тұңғышы Сәуле қызымен Түркістанда болатын. Енді Қарабектің отбасына пәтер іздей бастадық, Тастақ жақтан үй тауып, кішігірім тойладық. Пәтерінің терезелері салынбаған, әйтеуір баспана еді. Әрине, бұл жылдарда оңай болмады, дегенмен достармен бірге жүрген қандай тамаша еді.

Қарабек өзінің істеп жүрген жерінде абыройлы болғандықтан, мені қасына талай шақырды, бірақ, мен елдегі қарттарыма жақын жүрейін деп, Шымкенттегі Қазақ химия-технологиялық институтының «Жоғары математика» кафедрасына оқытушылыққа ауысып кеттім. Сирек кездесеміз, әрбір жылы жаздағы демалыста басымыз қосылып, «әңгімелесіп», бірге демалатынбыз. «Әңгімелесіп» – дегеніміз әрине ішімдігімізбен, көңіл-күйлерімізді шертіп, ақ көңілімізбен сырласу.

Әрбір 5 жылда Алматыға 6-айлық кәсіби жетілдіру факультетіне барып тұратынбыз. Онда күн сайын хабарласып, мүмкін жағдайда бірге жүрдік. Үйлерінен қонақ үзілмейтін. Тұрғанкүлдің кеңпейілділігі, парасаттылығы ғой, жұмысына да, перзенттерінің тәрбиесіне де уақыт жеткізетін.

Екі-үш рет Мәден, Қарабек үшеуіміз отбасыларымызбен Созақ ауданындағы Қызыл көлде бірге демалдық. Көлдің шипалық қасиеті бар, ел көп болатын. Әдетте Мәден екеуіміз көлден ғана қайтатынбыз. Бір жолы Қарабектің ұсынысымен, әй, жігіттер, бұл жерлерге қайтып келеміз бе, Алла біледі, сәті түскенде көргеніміз жақсы зеңімен, Бабай түкті шашты Әзиз әулинің басында болып, Құран оқып, Мыңжылқы шыңын, Көкбел асуларын көріп қайттық. Қарабектің тағы бір қасиеті елдің тарихын, айтулы жерлерін аса құрметтеп, басын иетін.

Достары мен сыйластары өте көп еді, ешкімді жатсынбай, білгенін айтып, білмегенін сұрап, жайдары, кейде терең ойда жүретін.

Алматыдағы жиі араласатын достарымен өзін «байназарлар» дейтін, олары Сайлау Байзақов, Арыстан Есентүгелов, Жамбыл Қапаров, Ораз Қалдыбаевтар еді, басқалары да болуы мүмкін, есімде жоқ. Бұл достарын аса құрметтейтін, көп айтып жүретін.

Бажалары мен туыстары да әрқашан жанынан табылатын, жүрген жерінің бәрінде сыйлы еді.

«Іздер, іздер...» деген шежірелі кітабын шығарып, бір данасын сыйлап кетті. Осы жолы біраз тақырып қозғадық. Кітапты жазу үшін көп ізденгенін, қызмет бойымен Ташкентте, Ашхабадта істеп жүріп те, кітабындағы тарихи-қоғами мәселелермен де көп айналысқанын байқадым. Әсіресе Өзбекстанда тұратын Қоңыраттармыз, бірақ Өзбектерміз дейтіндердің қайдан, қалай шыққанын, Өзбекстанның қай аймақтарында жиі орналасқандарын зерделеп, айтқандары мен үшін үлкен жаңалық еді. Тарихтың біз білмейтін иірімдері мен тұңғиықтары, ойланбауға болмайтын ақиқаттары көп екендігі таң қалдырды. Осындай ақпараттары өмірдегі құбылыстар туралы пайымымды кеңейте түсті.

Қоғамдағы орны математик-экономист ретінде өндірісті, ауылшаруашылығын дамытуды тиімді жоспарлаумен ғана шектелген жоқ. Ол ұжымды басқару, саяси мәселелер, аумалы-төкпелі кезеңде ел тағдырына белсенді араласып, қиыншылықтардан алып шығу, елдің әл-ауқатын жақсартып, дамыған елдер қатарына қосу жолдарын айшықтап көрсетуге де қатысты, нарықтық экономиканы ендіруге сүбелі үлес қосты.

Мемлекеттің күре тамыры жер ресурстарын, энергетика, транспорт салаларын жекелендірмей, жеңіл өнеркәсіп, жай шаруашылықтарды жекелендіру тиімді, осындай үлгі Қытай елінде бар деген ойға қалай қарайсың деген сұрағына, ол да дұрыс шығар, уақыт көрсетер деп жауап берді.

Түркістанға соңғы келгенінде осында қайтқысы келетінін айтты. Алматыға үйреніп қалдыңдар ғой, тамырларың сонда жайылды, Тұрғанкүл қалай қарайды екен, ойланыңдар деген кеңес айттым. Елге барамын, қайтарында соға алмаспын деп, қоштастық.

Ауруханаға түскенін естіп, хал-жағдайын білгесін Алматыға келдім. Әлмаханның қызын күтіп алып, ауруханаға келсек, Әлмахан түнімен қасында болған екен. Әлмахан үшеуіміз біраз бірге отырдық, сонан соң Қарабекпен мен қалдым, біраз жүдеп қалыпты, бірақ көңілі сергек, баяғыдай әңгімені қыздырдық, еркін қозғала алмайды, сүйемелдеп отырдық, жүрдік. Өзі ауырып отырып, Бекберген досының денсаулығына алаңдап отыр. Мен баяғыдай Қарадәу, бір жартылықты босатсақ қайтеді дедім.

Осыдан 7-8 жыл бұрынғы бір оқиға есімізге түсіп, әбден күліп алдық. Онда құлағы ауырып, ауруханаға түскен. Сумкаға бір жартылық және жеміс-жидектер салып, алып бардым. Маған қарап жымың-жымың етіп, мына дәрігерлер спиртін құятын жаққа құймай құлағыма құяды, онысы әсер етпейді дейді. Әбден күліп, бір тарқағанбыз. Ой, Кеңес, ондағы жағдай басқа еді ғой, осы ауру басталғалы «кедейдің қасиетті» асымен қоштасқанмын деп, мұңайды. Қарадәу, әлі-ақ жазылып кетесің, дәрігерің білімді деп есіттім, қатарға қосыласын, сонда жақсылап жуамыз, денсаулықтан асқан бақыт та байлық та жоқ, жартылықсыз да өміріміз қызық қой дедім.

Әлмаханның үйінен Тұрғанкүл бәріміз түстеніп, Қарабекке қайтып келіп қоштасып, кешкі сағат 18.00-де қайтып кеттім.

Дәрігері білімді, емі дұрыс дегенге сендім, аман-есен жазылады деп үміттендім. Сенімім де, үмітім де алданды, досым көп ұзамай бақилыққа аттанды, жүрегім езіліп, зар жыладым. Ленгірдегі Мәден досыма хабар беріп, екеуіміз кешкі автобуспен Алматыға шығып кеттік.

Қадірлі де қымбатты, аяулы да сүйікті досымызды Кеңсайдағы жақсылардың қасына, мәңгілік мекеніне соңғы сапарға шығарып салдық.

Бақытыңнан айрылсаң,

Досың қалар қасында.

Ал досыңнан айрылсаң,

Сен бейбақсың расында, – деген ұлы ғұламаның сөзіндегідей, шын бейбақ болғандаймыз.

Арманы көп асылымыз, елдің әр түкпірінде жүрген курстас достарын байланыстырып, жалғастырып тұрушы еді. Орны қалды үңірейіп, біз қалдық күңіреніп. Тағдырдың жазғанына шара бар ма, тірілер тіршілігін жалғастырады. Ұлы ақынның келесі айтқаны біздің басымызға жақындай түскендей.

Өткен күн болар жұбаныш,

Үмітсіз қалған шағыңда.

Жатырқар бізді қуаныш,

Қасірет батпас жаныңа.

Қиындыққа жасымаған, бар болғанда тасымаған, аяулы жар, әкелік парызын орындап, перзенттерін оқытып, білімді парасатты етіп тәрбиеледі. Осы еңбектің басы-қасында Тұрғанкүл жүрді, ыстығына күйіп, суығына төзді, жақсысын асырды, жаманын жасырды, мың рахмет!

Алдағы өмірде перзенттерінің бақытын, қызығын көріп, уайым-қайғысыз өмір сүрсін деп тілейміз. Біздерді, тілектес достарын ұмытпасын, біздермен бірге болған қызықты-шуақты күндер тарих толқынында, өшпестей болып жазылып қалды!

Кеңсайдан орын алған досымызға айтарымыз:

Кеңсайда мәңгілікке тұрақтадың,

Еліңнен, Балтакөлден жырақтатып!

Биіктен нұрыңды төк ел-жұртыңа,

Еселеп сәулелерін шырақтардың!

 

Көлекеев Кеңес Дүйсенбекұлы,

Түркістан қаласы

16.11.2013 ж.

 

 

 

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15