БӘЙТЕРЕГИМ МЕНІҢ 3 | ||
главная вернуться | ||
ДОСЫМ ҚАРАБЕК – БІЛІМДІ ДЕ, ІЛІМДІ ДЕ, ІСКЕР ТҰЛҒА ЕДІ Мен Қарабектен үш курс жоғары оқыған едім. Бірақ, біріншіден мен факультеттің профкомын басқарғаннан, екіншіден бір жатақханада жатқаннан Қарабекті студент кезімізден білетін едім. Жақсы оқитын студенттер бірден көзге түседі ғой. Оны төртінші курста оқып жүргенде Новосибирск университетінен атақты академик Мальцев келіп 4-ші курс балаларына математика есептерінен сынақ жүргізіп бес студенттерді таңдап Новосибирск университетіне қабылдағанда, оның ішінде Қарабек болғаны оның білімді студент екенін бүкіл факультеттің ұстаздары мен студенттеріне танымалы етті. Бүкіл дүние жүзі математиктеріне белгілі, атағы «жер жаратын» академик Мальцевтің сынағынан сүрінбей өтіп, СССР академиясының әйгілі сібір бөлімшесі, Сібір академиялық қаласына, оның университетінің үшінші курсіне қабылдануы – үлкен дәреже екені белгілі ғой. Сол студенттерді қызығушылықпен шығарып салғанымыз айтпасаң да түсінікті ғой. Кейін мен Қарабекті Қазақстанның жоспарлау Комитетінің жанындағы Есептеу орталығында қызмет істеп жүрген кезінде кездестім. Ол кезде мен Автотранспорт министірлігінде қызмет істеп жүргем, бірақ сол жерден ғылыми мекемеге ауысуды ойланып жүрген кезім болатын. Менің Есептеу орталығына ауысуыма Қарабек те себепкер болды. Бір рет далада кездесіп қалғанда ол сол орталықтың жағдайын айтып, бізге ауыссаңшы деген сөзі «қамшы болды», мен көп кешікпей сол мекемеге ауысып, енді Қарабекпен бір мекемеде жұмыс істеп, жақсы жолдас болып кеттік. Онда менің курстастарым Сайлау Байзаков, Джамбыл Каппаров та бар екен. Кейін бізге Шымкеттен ауысқан Ораз Қалдыбаев келіп қосылды. Осы кезден бастап біз жанұямызбен өте тату жолдас, дос болып кеттік. Есептеу орталығында Қарабек Новосибирскіден алған білімімен де, жұмыстағы іскерлігімен де арамызда беделі де өте жоғары болатын. Математиктер арасында кімнің білімі жоғары болса, соның беделі де, дәрежесі де жоғары болатыны тарихи қалыптасқан жағдай болатын. Бәріміз де сол орталықта қызметте тез жоғары көтеріле бастадық, диссертация жазуға кірістік. Білімі мен беделі жоғары болғандықтан, Есептеу орталығы Жоспарлау комитетінің экономикалық зерттеу институтынан бөлінгенде Институттың директоры Н. Кузембаев экономика-математикалық бөлім ашып Сайлаумен бірге Қарабекті де алып қалды. Ол кезде ол институтке жұмысқа қабылдану өте қиын болатын, онда үлкен-үлкен, қиын экономикалық проблемалар зерттеліп шешуін тауып жататын. Оның ішінде математикалық модельдерді қолданып шешу үлкен дәреже болатын. Бұл кім-кімнің қолынан келе бермейтін. Бұл жағынан Қарабек сөзсіз жоғары дәрежелі маман екендігін мойындата білген болатын. Көп бөлімшелер өздерінің зерттеп жүрген мәселерінің шешуін Қарабекпен ақылдасып, оның модельдер жасап беруімен шешетін. Соңдықтан да ол кандидаттық диссертациясына елге ең қажетті және шешуі ауыр Қазақстанның ауыл-шаруашылығының дамуының оптималдық жолын зерттеп, оны тауып мүлтіксіз дәлелдеп беруді басты мақсат қылып алды және тез арада диссертациясын қорғап шықты. Қарабектің білімділігі, беделі Совет одағы экономикасының бір мәселесін шешуде айқын білінді. 1980-ші жылдарда одақта бір аккумулятор шығаратын завод салу керек болып, оны қайда салған тиімді деген мәселе талқыға түсті. Кеңестік ғылымдар оны Челябинскіде салу керек деп дәлелдей бастады. Қазақстандықтар да ондай заводты салғысы келетіндігін айқын білдірді. Үкіметтің тапсырмасымен институт осы мәселені шешетін болды. Қарабек өзі экономика-математика моделін құрып, кеңестік ғалымдардың да ұсынысын есепке ала отырып ол заводты Талдықорғанда салу тиімді екенің дәлелдеп шықты. Бұны кеңестік ғалымдар да мойындап мәселе қазақстандықтардың пайдасына шешілді, кейін сол завод салынып, қазір жұмыс істеп тұр. Мен бұны Қарабектің баға жетпес ескерткіші деп бағалар едім. Қарабектің білімділігінің, іскерлігінің бір белгісі оның Президенттің жанынан ашылған Жоғары экономикалық кеңеске қызметке шақырылуы еді, өйткені сол мекеменің бастығының (яғни Президенттің) орынбасары Д. Х. Сембаев тек сондай азаматтарды ғана алатыны белгілі еді. Қарабекке экономикалық мәселелерін шешу жолдарын табуды ақылдасуға институттың көп мамандары келетін, ал ол ешкімге уақытым жоқ деп қайырмайтын. Біз оған сен ашық есік сияқтысың, бәріне кеңес бере бересің, көбіне шешу жолдарын айтып бересің деп ескертпе айта беретінбіз. Қарабек жан-дүниесі кең, көңілі ашық азамат еді, жолдастарды тез тауып алғыш еді. Мен бірде Қарабектің Түрікмениядағы Қазақстаннның елшісінің кеңесшісі болып жүрген кезінде Ашхабадқа бардым. Екеуміз кездескенде мен қалжындап: «Қалай Ашхабадтан да жолдастар жинап алдың ба» дедім. Ол күліп: «Әрине, жүр мен сені таныстырайын», – деп бір арықтың жағасына алып келіп тынығып отырған жаңа жолдастарымен таныстырды. Қарабек кіммен жолдас болса да адал жүрегімен жолдас болатын, сондықтан да оған теріс көңілімен жолдас болу, қатынас құру кім-кімге де адамгершілікке жатпайтын іс болып көрінетін. Біз Қарабектің достары онымен осылай дос болдық, бір-бірімізден ешнәрсе жасырмай өмір сүрдік. Өкінішке орай ол ортамыздан ерте кетті. Біз үшін өте өкінішті-ақ, оның орны қазір арамызда бос тұр, ортамыз толмай тұр, тек есте ғана жайнап тұр. Алланың ісі ғой, Құдай иман берсін деп тілеуден басқа біздердің қолымыздан келер ештене жоқ. Мәңгі есте тұрасың. Арыстан Есентугелов, экономика ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденімен марапатталған ҚАРАБЕК ҚАСЫМБЕКҰЛЫ БАЙНАЗАР ӘУЛЕТІНЕН Қарабек Қасымбекұлы тірі болса күні ертең 75 жасқа толар еді. Оның туылған жылы 1939, айы қыркүйек болатын. Біз болсақ жақсылап тойлатып, өткен-кеткенді еске алып, барымызды-жоғымызды тексерісіп, анау-қайда, мынау қайданы айтысып, абыр-сабыр болып қалар едік. Тойға келгендерді естері кеткенше күлдіріп, шаттыққа бір бөлеп тастар едік. Құдай біледі, сол кезде Қарабек өз тойын Төлеген Айбергеновтың «Бір тойым болатыны анық менің» нақышына келтіріп жатқа айтатын еді. Сөз жоқ, той соңында біз оған «Жамбас сыйпарды» айтып бер деп қолқа салып жатар едік. Ол көзімен аспанды іздеп біз отырған зал төбесін бір шарлап шығып, сәл жымиып, көзі күлімдеп тұрып, «Ән еді сонда салған жамбас сыйпар» деп нақышына келтіре жырлар еді. Әттең... Кедейдің әттеңі таусылмайдының кебін келтіріп, бізді артына қалдырып Қарабек ортамыздан ерте кетіп қалды. Әттеңіміз таусылмай біз әлі жүрміз. Біз демекші бізде сол Қарабек Қасымбекұлы сияқты, Байназар әулетіненбіз. Байназар әулеті деп отырғанымыз, Қазақ мемлекеттік университетінің математика факультетін 1960 жылдардың басында бітіріп, қолданбалы математикадан диплом алған жігіттердің шағын бір тобы жатады. Әрине олардың бәрі емес, тек тағдырдың жазуы бойынша, сол жылдары Жоспарлау комитетінің жанындағы экономиканы зерттеу институтының қасынан ашылған Есептеу орталығына келген бес-алты жігіт қана жатады. Ол орталыққа жаңадан офис салынып, есептеу техникалары орналасатын бөлмелер белгіленіп жатыпты. Ол туралы Қазақ мемлекеттік университетінің математика факультетінің есептеу математика кафедрасында ассистент қызметін атқарып жүрген мен білгенімде, естігенімде жоқ еді. Бірақ, осы аяғы қалай болар екен деп, осы өзім істейтін университеттің экономика факультетінің кешкі бөліміне оқуға түсіп алып, оқуымды жалғастырдым. Тағы да тағдырдың жазуы шығар, 1964 жылы жазында маған, Қарабек келгіштеп кетті де, бір күні мені өзі жұмыс істейтін Есептеу орталығына жұмысқа шақырды. Осы жерде өз өмірімді қоя тұрып Қарабектің тарихына оралайын. Қарабек мен оқитын факультетке, бізден бір жыл кейін түсіп, үшінші курсты алдыңғы қатарда оқыған физматтың (ҚазМУ-дың) бес студентінің қатарында Новосиберскі төңірегінде ашылған академия қалашығындағы университетке оқуға алынады. Олардың ішінде мен білетін үшеуі осы Есептеу орталығына жұмысқа орналасыпты. Оның бірі Қарабек Қасымбекұлы. Бұлар сол Новосибирск түбіндегі Академия қалашығында ашылған университетте оқып, әйгілі Нобель сыйлығының лауреты Канторовичтен орыстың экономикадан келешек академиктері Аганбегян А.Г., Гранберг А.Г., Багриновский К.А., Вальтух К.К. білім алған. Бұлар математикалық әдістемелерді экономикада қолдануды игерген кәсіби мамандардың майталмандары (профессионал кадрлар). Ал, мен болсам, қасымда досым Оспанов Серік (қазір ол да профессор) екеуміз, сол Канторовичтің әдістемелерін шетелден аударылған Гасстың, Гейлдің оқулықтарынан оқып, есеп шығарып, жаттығу жасап жүргенбіз. Іздегенге табылған, Қарабектің ұсынысы менің көңіліме қона кетті. Олай дейтінім, келесі жылы мен дипломды экономикадан алғалы тұрмын. Мені экономикадан оқытқан алпауыттардың ішінде Пуриц, Нейштадттар, Бутин, Шаукенбаев, Төлебаев, Тлеубердин, Окаев, Ильясов, Бердалиевтер, тағы басқа өз ісінің мамандары бар. Мен Қарабек ұсынған бағытқа, қуана-қуана ойланбастан ауысып алдым. Бұл 1964 жылдың күзі болатын. Қарабек бұл жерге менен бірер жыл бұрын ғана келген екен. Сол кезден бастап Қарабекпен, оның жанұясымен, оның қайын жұртымен, жолдас жораларымен бірге туғандай болып өмір сүрдік. Қуаныш пен реніште де, байлық пен кедейлікті де бірге көрдік. Тіпті, тағдыр жазып, мен бірінші болып ғылым кандидаты болғаннан кейін, Қарабекті де ғылымға жетеледім. Ол менсізде, ғылымға бейім, дайын тұрған ғылым кандидаты еді. Тіпті кейінірек, Қарабек елшілікте жүріп, Өзбекстанда жүргенде де үйіне іздеп барып, қонақ болып қайтқанымыз да бар. Қарабекпен бірге болған жылдардың тиімді болғаны сонша, біз экономика саласына математикалық әдістемелерді кіргізу жөнінде Қазақстандық мектептің есігін бірінші аштық десем артық болмайды. Өйткені, біз екеуміз, кейінірек бізге қосылған Жамбыл Қапаров, Шаймұрат Габдулмуллинов, Қалдыбаев Ораз, Марат Кенжегузин, Есентугелов Арыстан, Изтілеуов Бейсембайлар осы аталған мамандықтың мықты кадрлары болып шықты. Сол кездерде де, қазіргі замандағы сияқты білікті мамандар тапшылығы мол болатын. Кандидаттық диссертацияны ала салысымен білгеніміз, «ауылда болсаң бір сауын сиырың болсын, ал қалада тұрсаң жанұяңда бір кандидатың болсын» деген мақал болатын. Сол мақал тура болып шықты. Қарабек бір Есептеу орталығының, Арыстан Есентугелов те бір есептеу орталығының директоры болып шыға келді. Екеуі де өмір бойы сол «Есептеу орталықтарының» директоры болып қала берер ме еді, қайтер еді, егер Кеңес Үкіметі 1990 жылдары жойылып кетпесе. Ол басқа мәселе. Ал әңгіме Қарабек Касымбекұлы туралы болған соң айта берейін, ол зейнетке шыққан соң аздап ғылымға қайта оралғысы келді. Бірақ ол кезде (2002-2003 жылдары) ғылымда еш бедел де, абырой да қалмаған кезі еді. Сондықтан болар деймін кейінгі кезде аздап профессорлық қызмет атқарып, университеттерде сабақ беріп жүрді де, ғылымнан мүлдем қол үзіп кетті. Қарабек Қасымбекұлы қазіргі кезеңнің профессорларымен тең түсетіндей базалық білімі бар толыққанды экономист, әрі математик еді. Менің ойлайтыным, егер ғылымда әрі қарай істей берсе 90-ға келетіндей денсаулығы да болар еді. Олай дейтінім, ол ғылым үшін жаратылған жан еді. Сол ғылым соңында істеген аз уақыттың ішінде біздің шағын тобымыздың қазақ экономикасына қосқан үлесінің өзі бір ұрпақтың тарихына молынан жетеді деп ойлаймын. Мен тек қазақ экономикасына кірген экономика-математикалық әдістемелерді айтпай-ақ, біздің заманымызда қазақ елінде жүргізілген құрылыс экономикасын алсақ та, кластерлік әдістемелерді алсақ та жеткілікті. Айталық Қарабек екеуміздің, Сүлейменов Халел басқарған бөлімде мұнай өңдеу заводтарын орналастыру мәселерін оптимизациялауда, Талдықорғанда екі аккумулятор заводтарын салуды экономикадан негіздеуде, құрылыстарға қажетті сталоконструкция заводтарын орналастырудың тиімділігін есептеп беруде Қарабекпен бірігіп жасаған еңбектеріміз ұшан-теңіз. Жалпы Қарабектің қолданбалы экономикадағы еңбегін, ғылымға қосқан үлесін, біздің институт тарихындағы сара жолын үш-төрт бағытқа бөлуге болады. Біріншісі – экономика-математикалық ғылымын Қазақстанға кіргізу және оны жетілдіру. Бұған Қазақстан ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп орындарын тиімді орналастыру, олардың экономикасының тиімділігін анықтау мәселелері кіреді. Бұл салада 1964-1974 жылдары тек екеуміз ғана осы институтта істедік. Екіншісі – кластерлік экономиканы жетілдіру. Бұл жерде Қарабек екеуміз басқарған жоспарлау комитеті жанындағы экономика институтының біз басқарған бөлімнің бастауымен жасалған отын-энергетика экономикасын кластерлеу, агроөнеркәсіп экономикасын жетілдіру теориясы, Масақбаев ақсақалмен бірлесіп жасалған Қазақстанда машина құрылысын жетілдіру кластерімен Сүлейменовпен бірігіп жасаған нефте-химиялық кластерлерді, Башқұрт профессоры Гизатулинмен және Едіге Түркебаевпен қосылып жасаған металлургия экономикасы кластері жеке-жеке еңбек болып жарияланды. Олардың бәрі дерлік институтымыздың монографиялық еңбектеріне де кірді. Бұл еңбектерде Қарабек екеуміздің үлесіміз бар екені анық.
| ||