БӘЙТЕРЕГИМ МЕНІҢ

5

 главная                                        вернуться

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15

 

 

 

Қарабек досымыз үшінші ғаламатқа «Вавилондағы аспалы бауларды» жатқызатын еді. Төртіншіге «Эфестегі Артемида храмын»,        бесіншіге Галикарнастағы мавзолейді», алтыншы ғаламатқа «Родостағы Колосты», жетінші ғаламат деп «Александриядагы теңіз шамшырағын» қосатын. Әлемнің жеті ғаламаттарының ішіндегі ең соңынан салынғаны осы теңіз шамшырағы екен. «Александрия қаласында бұдан басқа да адам таңғаларлық құрылыстар баршылық, жеткілікті, бірақ нақты канша екенін айту мүмкін емес», – дейтін Қарекең.

Сондайда мен оған:

     Қареке, бәрі дұрыс екен, тек бір келіспей тұрған жері бар, сол жақта болғаныңда әлемнің сегізінші ғаламаты етіп Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін тіркете келмеген екенсің, – деймін жорта не дер екен деп. Ол әзілге әзіл қосып:

– Иә, мынауың идея! Қап, неге есімде болмаған?.. – деп күлетін.  Бірақ сөзіңнің жаны бар, дәріптесек Дешті кыпшақ даласындағы ғаламаттар жеткілікті ғой...

Енді мен оның дін жайлы ілім-білімге қалай карайтынын білгім келіп қажаймын.

– Бисмиллаһи-р-Рахмани-р-Раһим!

Мұхаммед саллулаһу-ғалайһи уассалам! Осы бір қасиетті есім – ұлы есімді адам жайлы не білеміз? Жарық дүниеге шыр етіп келгеннен, ес жиып, етек жапқаннан сөзіміз: “Алланың құлы, Мұхаммедтің үмбетісің” дейтін сөз! Сонда осындай сөздердің астарында не жатыр? Жаратқанды тануымыз қандай, пайғамбарымызды білуіміз ше? Көңіл нешік, пиғыл қандай? Осындай сұрақтар мазалап, өз түсінігімді ақ кағазға түсіріп қойып жүрмін. Бұл менің біреуді үйретуім үшін емес – өзім үшін, өзіме қойған талап, тек өзім үшінгі дәріс! – деймін.

Қарабек досым:

– Ойың тамаша екен, талабың жөн, – дейді ол.

– Мен сенің өз сөзіңді өзіңе айтайын, Мұхаммед пайғамбар, Қожа Ахмет Ясауи, Түркістан жайлы жазған танымдық материалдарыңды колжазба күйінде оқыдым ғой. Әлбетте Мұхаммед пайғамбар жайлы әдебиет те, аңыз да көп. «Тарих әріден сыр шертеді», деп дұрыс жазыпсың. Арабтар өздерінің шыққан тегін Ибраһим пайғамбармен байланыстырады ғой. Ибраһимнің ұлы Ысмайыл. Ысмайылдың шөбересінен тараған Құсай, Құсайдан Хашим туған. Мұхаммедтің ұлы атасы осы Хашим. Одан Шейба – жұрт қойған аты Әбді әл-Мүтәліп, Мүттәліптен Ғабдолла туады. Мұхаммедтің әкесінің аты осы Fабдолла деп көрсетіледі. Шешесінің аты Әмина екен. Ғабдолла мен Әмина некелескен соң көп ұзамай дүниеге Мұхаммед келеді, – деп және сайрай жөнеледі. Мен досыма таңыркай қараймын.

– Пәлі, бейне бір пайғамбарымызды өзін қолдан тудырып алғандай көсілесің, деймін.

– Е-е, мұндай деректі әр мұсылман баласы білуі керек емес пе! – деп Карекең жымияды.

– Оның үстінде мен Түркістанда туылғанмын, пірадар елдің перзенті емеспін бе?!

О, ғажап! Сөз ұзай береді. Мен:

– Қожа Ахмет Ясауи есімі қазақ үшін, жалпы мұсылман кауымы үшін кастерлі есім. Мен де осы есімді құлай құрметтеймін, бірақ білдім деген жағым аз, әбден танып болдым деп айта алмаймын, өкінішке орай оның өмірі мен шыққан тегі, өскен ортасы, әдеби дәстүрі туралы мәліметтер бізде аз сақталған. Рас, білуге деген ұмтылыс, іздену, зерттеу жағы мен талпыныстар бар, бірак бұл әлі аз. Мәселе ақынның “Диуани хикметін” аударып қоюмен шектелмесе керек, – десем, Қарабек:

– Ясауитануға үлкен үлес косқан белгілі зерттеуші М.Е.Массой Қожа Ахмет Ясауидың қазіргі Түркістан каласы орналасқан мекендегі Иасыда көзге түсіп, әйгілі Арыстан баптың тәрбиесін алғанын, әкесі Ибраһимнің түрік нәсілінен шыққанын айтады. Ол Қожа Ахметтің Фәтима мен Ысқақ баптан тарайтын шежіресі бар екенін де жазады, сөйте тұра мұны жалған шежіре деп көрсетеді. Академик В.А.Гордлевский Қожа Ахмет Ясауиге арналған еңбегінде оның арғы аталарының имам Әбу Ханифаға барып қосылатынын жазған.

Мұндай пікірді түрік профессорлары М.Ф.Көпірілі де, К.Ераслан да айтқан. Ақынның арғы тегінің Хазірет Ғалидің Мұхаммед Ханафиясынан басталатынын ертеректе Ақсақ Темірдің жорықтарын баяндаған ирандық Шарафаддин Ғали Иазди де жазып кеткен. Осындағы қызықты бір жайт: Әмір Темірдің сол сапардан оралған соң, Кожа Ахмет Ясауидың басына үлкен ескерткіш салу жөнінде бұйрық беруі. Мұнда ол сол болашақ сәулетті кесененің құрылысы қалай болу керектігін ашып айтқан, күмбездін биіктігі 130 кез, калындығы 41 кез болуы шарт делінген. Сондай-ақ мұнда күмбездің түрлі-түсті ұсақ таспен безендірілуі, есіктері кайнатылған мәрмәрдан қалануы тапсырылады. Ескерткішті салып бітіру мерзімі бір жыл делініп, бұл істі басқару ұста Мәулен Убайдулла Садырға жүктелген, – дейді әңгімені тереңдете түсіп.

– Қазіргі таңда зер сала қарастыратын еңбектің бірі Қожа Ахмет Ясауидың үрім-бұтағын ашып талдайтын “Насаб-нама” шежіресі болса керек. “Насаб-нама” бүгінде біздің Қазақстан Республикасының ұлттық кітапхана қорынан табылып отыр. Қытай қағазына жазылған, араб таңбасымен ескі шағатай тілінде көшірілген бұл еңбектің жұртшылыққа кеңінен танылуына арабтанушы М.Шафиғов пен ғалым М.Жармұхаммедұлы көп жұмыс жасаған, бұл құптарлық іс, – деймін мен.

– Ендігі бір мәселе: ұлы ақын қай жылы, кай мекенде туды деген пікірдің төңірегінде өрістейді. Бұл орайда түрік ғалымы М.Ф.Көпірілі Қожа Ахмет Ясауи өмірі мен шығармашылығы туралы құнды деректер қалдырған. Ол “Жәваһир ул-әбрар мин әмважил-биһар” деген кітапқа сүйене отырып Әзірет Сұлтанның Түркістан өлкесіндегі Сайрам калашығында туғанын айтады. Қайтыс болған жылын шамамен 1166-1167 жыл (хижрамен 562 жыл) деп көрсетеді. Ал енді, Қожа Ахметтің неше жаста қайтыс болғанына келгенде, М.Ф.Көпірілі 120 жас деген жорамал айтады. Зерттеушілердің бәрі оның 63 жастан кейін жер астына түскен күнін өлгенге санайды, – деп Қарабек сөзді түйіндей бергенде мен оған және бір пікір қостым.

– Демек, ол 63 жаста үмбет, сүндеттік жолмен жер астына түскенін, жер бетінде қанша жыл жасаса, жер астында да сонша жыл жасады деген де аңыз бар.

– Пайғамбар жасынан асып өмір сүруді күнә санаған Құл Қожа Ахметтің бұл шешімінің өзі қалай, тіптен кісі сенетін сөзге жатпайды, адам айтса нанбайтын жайт, тірі пенде ажал жетпей жер астына түсер ме? Әйтсе де өз уағызы өзіне жүрген, бар сенім-танымын ақиретпен иектесе не шара, өмірде не болмайды деп және ойлайсың, бұған әрі оның хикметтері дәлел. Сөйтіп, өз хикметіндегі 125 жасты есепке алып, ал қайтыс болған мерзімін 1166-67 жыл деп шамаласақ, онда ақын 1041-1042 жылы туған болар еді. Ендеше ол қайтыс болды деген 1166-67 жылдар ақынның жер астына түскен 63 жасы болса керек. Осы жылды негізге алсақ, Қожа Ахмет 1103 жылы туылған болады. Ұлы ақынның өзі айтқандай, жиырма жеті жаста пірді тапқаны да жөнге келеді. Дәл осы болжамға тоқтасак, ұлы ақын 1103 жылы туып, 1228 жылы кайтыс болады, – деді ол дәлелдерін цифрға жеңдіріп.

Бұл тақырыпты қозғаудағы мақсат, Қареке, сен өзің білесің, мен танымдық негіздегі кітап жазып жүрмін ғой. Сонда осы жайларды білгенімше келтірмекшімін. Сенің көзқарасың мені шабыттандырып отыр. Біздің мақсат Қожа Ахмет Ясауи туралы зерттеу жазу емес – тану, танығанда өзіміз үшін ғана бұл ғажайып тұлғаны білуге ұмтылғандық талап қана ғой, сондықтан айтып отырғанымыз ғылыми тұжырымға еш жатпайды. Оның хикметтері, сөз жок, даналык кітап. Оның кесенесі жер үстінде аруағы асып әлі тұр. Жырларын иманжүзділік окулық деу орынды. Біз бұл тақырыпқа назар аударсақ осы реттен ынта қойып отырмыз. Әрі Қожа Ахмет хикметтерін менің курстас досым, қазақтың аса бір талантты ақыны Есенбай Дүйсенбай аударғалы Ясауи мұрасына ерекше ықыласпен карайтын болғанмын, – дей бергенімде Қарабек Есенбайдың аудармасын оқығанын айтты.

– Есенбай досың ғұламаның хикметтерін өте шебер аударыпты, тілі түсінікті, – деді.

– Хазіреттің хикметтерін түптің түбінде Сұбханнан келген пәрмен, ұлы түбін Құран деп ұққан жөн!

Бір белгі қалса екен деп, балшекерлеп,

Жыр жаздым, мәніне зер салса екен деп.

Дүр-гауһар сөзімді еске алса екен деп,

Жайымды ғашықтарға айттым міне, – дегені де тегін емес...

– Әлбетте! – дейді Қарабек әңгімеден ләззат тауып.

Қазақтың өзінен сөзі ұзын! Иә, екеуміз бір көңілденіп, кездескен сәттерде не бір сөздер жүйесі ағытылушы еді-ау. Шалқып отыратын кездер-ай, Қарабекті көбіне ескі әңгімелер, көне шежіре тізбелері кызықтыратын. Сонда бірде қазіргі өмір, бірде сонау көне заман тақырыптары әңгімеге өзек болушы еді. Ол “Орхон-Енисей” мәтіндеріне зер салушы еді. Тоныкөк десе ішкен асын жерге қоятын, одан Күлтегінге ауысады. Түркі жұртының төрт жағы түгел болуы үшін ат үстінен түспей, аласапыран айқастарда айбалтадай жарқылдап өткен айбарлы сардар бабаларымыз тізіледі. Атақты Бумын, Естемилер ауызға алынады. «Бастылыны жүгіндірген, тізеліні бүктірген» бабалар... Ой, пәлі-ай, ақтарылады әңгіме. Кейін мен «Қазақия» атты кітабымды жазғанда осы хикаяттардың біраз тұстарын шығармамда пайдаландым, кәдеге асты.

Қазақ халқы тарихындағы орны бөлек ең ауыр жылдардың бірі – «саяси сүргін» болған 1937-1938 жылдар тұсы ғой. Ол жылдар тек, саясаткерлерді ғана қырып қойған жоқ, сонымен қатар халқымыздың сауатты азаматтарының көбін қыршынынан қиды. Сол қыршындардың бірі – Сұлтанбек Қожанов болатын. Қарабек осы кісі жайлы тәуір зерттеу жүргізді. Кітап жазу ойында бар еді. Соның кей тұстарын ол қағаз бетіне де түсірді, танымдық еңбек ретінде жариялады да.

Оның «Іздер, іздер» деп аталатын еңбегі жеке кітап болып шығып еді. Ел тарихын, шежіре жүйесін, Алаш Арыстары өмірін зерттей бастаған. «Әлемнің жеті ғаламаты» атты танымдық жұмысы, Сұлтанбек Қожановтың ғұмырнамалық дерегі «Қазақ» газетінде жарық көрген.

Әттең, арман, қайтерсіз, ғұмыр қысқа, кім діттеген жеріне жете берген, бастаған кей жұмыстары аяқталмай қалды. Артында қалған ағайындары енді соны жинақтап еңбектерін кітап қып шығару жағын қарастырса, ауыл азаматтары Қарабектің туған жерінде ескерткіш-белгі орнатып, оның атына көше, мектеп атын беру жағын ойластырса игі бір жұмыс болар еді. Сонда қызыл кемпірдің баласы Қаражан – біз білген дос – Қарабек тірі, рухы қазағымен бірге жасайды, ұмытылмайды.

Беу жалған, адам бұл жарық дүниенің қонағы, кім-кімнің де мәңгі тұрағы – Жер-ана.

Ахаң (Ахмет Байтұрсынов) сөзі рас. Қайта келетұғын тағдыр жоқ, бүгінгі күн ертең жоқ. Өмір – өзен.

 

Қоғабай Сәрсекеев,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы

 

 

 

 

 

 

 

 

ЗАМАНДАС ДОСЫМ ТУРАЛЫ

 

Қарабекпен бірінші танысқаным 1965 жылы Шымкенттен командировкаға келген кезде еді. Ол Новосибирскінің университетінің экономика-математика әдістемесінің бірінші бітірушілер ретінде Госпланның есептеу орталығына жұмысқа келісім шартпен келген екен. Мен танысқан кезде ол бөлім бастығының орынбасары болып жұмыс істейтін. Бірінші танысып сөйлескенде оның өте сыпайы және қарапайым, табиғатында мінезі жұмсақ, адамға деген ниеті, ықыласы жақсы екені байқалып тұратын. Мен 1967 жылы осы ұжымға лаборотория бастығы болып жұмысқа Шымкенттен ауысып келдім. Содан бастап бірге жүріп дос болып кеттік. Жанұямызбен  бірге жақсы араластық. Сол кезден бастап ғұмырының соңғы күніне дейін жиі араласып, басқа елде елшілікте қызмет істеп жүрген кезде де хабараласып тұрдық. Бірге жүрген кезде әңгімеміз жұмыс туралы, кейінірек кандидаттық тақырыпқа байланысты болатын. Ол кезде экономикаға математикалық әдістемелерді қолдану мәселері Республикада жаңадан бағыт алып жатқан кезі еді.

Қарабектің жастайынан бойына біткен қасиеті болар, ол әр уақытта бірінші орынға өзінің мүддесін қоймайтын, басқа адамдардың, әсіресе жақындарының мүддесін өз мүддесінен кем көрмейтін, адам көңілін қалдырғысы келмейтін. Мұндай қасиет оның адамгершілігінің жоғары екендігін, достарына, адамға деген көзқарасының адалдығын көрсетеді. Ол басқалардың өз жұмысының ғана құлы болып жүргендерді ылғи сынап, өз пікірін айтып жүретін. Ол адамдарға өте сенгіш, сұрағандарын шын ниетімен орындап беруге тырысатын. Ол Госпланның ғылыми-зерттеу институтының талай басшыларының және басқаларына докторлық, кандидаттық диссертацияларын жазуға, материалдарын даярлап беруге, экономика-математикалық модельдерін жасауға, ЭЕТ есептеп беруге үлкен еңбек  етіп, оларға көмектесті. Қарабектің жақсы қасиетінің бірі ол еш уақытта өзінің басқаларға жасаған жәрдемін ешкімге айтпайтын, олардан ешнәрсе сұрамайтын, өз намысын әр уақытта жоғары ұстайтын.

Бірге жұмыс істейтін бес жігіт Жамбыл, Қарабек, Арыстан, Сайлау және мен өзімізде және жанұямызбен жиі араласып тұратынбыз, өте тату болып бір-біріміздің барлық жақсылықтарымызда, қиын кездерде бірге жүрдік, бір-бірімізге тірек болдық. Отырыстарда бір-бірімізге қалжың айтып, кателіктерін сынап отыратынбыз. Соның ішінде Қарабектің қалжыңы қатты еді, әрі шындыққа үйлесімді еді. Жолдасымыздың біреуі жұбайымен араздасып қалатын болса оларды татуластырайық деп бәріміз жиналып үйлеріне қонаққа баратынбыз. Біз барғаннан кейін, сөйлеспей ұрысып жүрген екі жұбай ұялғаннан сөйлесіп татуласып кететін. Осылай жиі барып тұратын болғандықтан, олар ренжісуін азайтатын немесе араздасқандарын білдіртпейтін болды.

1971 жылы жазда Қарабек пен Арыстан екеуі арасына бір ай салып кандидаттықтарын қорғады. Қарабектің бірінші оппоненті болып Новосибирскіден одақтың Академиясының филиалының бөлім бастығы э.ғ.д., профессор М. Я. Лемешев келді.Ол одаққа белгілі, өте мықты  ғалым екен және оратор екі сағат қағазсыз сөйлеп лекция оқитын. Өзінің мамандығы бойынша оқып  жүріп қосымша Москваның мемлекеметтік университетінің әдебиет мамандығында сырттай оқып: “Мен диплом үшін оқыған жоқпын, білім үшін, өзім үшін оқыдым”, – деп диплом жазып бітіруге бармай қойған екен. Лемешевпен Москваның ғалымдары, академиктері де санасатын, қатты сыйлайтын және аздап болса да қорқатын. Себебі ол академик пе, бастық па атағына қарамай турасын тіке, ашық басып-басып айтатын. Қарабекке оппенент болып келгенде біз оны Орбитаның жоғарғы жағындағы бауға апарып күттік. Алма ағашына кілем  іліп, жерге алаша, көрпеше төсеп қазақшалап күттік. Сол күні ол бізді қатты таңғалдырғы. Біріншіден, орыстардың ақындарының өлеңдерін жатқа айтып отырды, екіншіден өзінің өміріне байланысты шығарған өлеңдерін оқып отырса, үшіншіден қазақ ақындарының өлеңдерін де жатқа айтқанда біз қатты таңғалдық. Осындай алған әсерден кейін Қарабек одақтың мықты ақындарының өлеңдерін жаттап алып жүрді. Бір мысал келтіріп кетейін. Қарабек Бакуге ғылыми конференцияға барып қатысып қайтарда Қызылорданың бір заводының директорымен самолетке бірге отырады. Сол ұшаққа отырғаннан бастап қасындағы адамға қазақ, одақ ақындарының өлеңін Ташкентке самолет қонғанға дейін айтып отырған. Сонда қасындағы азамат Қызылордаға кетпей ұшаққа билет алып Алматыға Қарабекпен бірге ұшып келген. Тағы да ұшаққа отырғаннан бастап Алматыға дейін өлең оқып келген. Алматыға ұшып келгеннен кейін Алматыдағы достарын үйіне шақырып жаңа досын бізбен таныстырды. Осы жазғандарымызды сол адамның өз ауызынан естідік. Ол үшін біз қатты қуандық және мақтаныш көрдік.

 

 

 

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15