БӘЙТЕРЕГИМ МЕНІҢ 6 | ||
Өзінің сөзіне, істеген ісіне де, басқаның ісіне де Қарабек сын көзбен қарайтын. Жолдастармен жиналып отырған отырыстарда бәрін байқап сын көзбен қарап, реті келгенде қалжыңмен шымшып алатын. Ол әділдікті, қанағат тұтқанды ұнататын. Ол мен бастық болдым деп еш уақытта өзін басқалардан артықпын деп санамайтын, байлыққа ұмтылмаған. Өз арын, намысын әр уақытта да алдыңғы орынға қоятын. Қазақтың мақалы бар ғой «сегіз қырлы, бір сырлы». Осы мақал Қарабек туралы айтылған сияқты. Ол математиктермен математикалық тақырыпта тең мамандардай, экономистермен экономиканың қандай тақырыбында болмасын тең терең ойын білдіретін. Ол тарихты да жақсы білетін. Тарихшылармен тең үзеңгілес болып таласа сөйлесетін. Қарабекті нағыз сегіз қырлы азаматқа жатқызуға болады. Сегіз қырлы азаматтарды қазақтың ішінен көбірек кездестіруге болады-ау. Бір сырлы, сыпайы адамды өте сирек кездестіресің. Қарабек қай жерде болсын, бастық болып қызмет істегенде де, жай қызметте болғанда да, кез келген адаммен бірқалыпты сөйлесетін. Қолынан келген жәрдемін аямайтын. Дастарқан басында бас қосқанда да өзін бірқалыпты ұстайтын, шындық қалжыңдарын айтып отыратын. Қарабектің кең-пейілін, қонақты жақсы көретінін, істеген еңбектерін шын пейілмен қолдайтын, бір-бірін жақсы түсінетін де жұбайы Тұрғанкүл болатын. Екеуі балаларына жақсы тәрбие және білім берді. Ол кезде қала бойынша бірақ қазақ бала-бақша болатын. Қарабектің екі қызымен менің үлкен қызым бір бала-бақшаға бір топқа барып жүрді. Қарабек күнде бірін көтеріп, біреуінің қолынан ұстап таңертең алып келіп, кешке алып қайтатын. Менде жұмыстан кейін бала-бақшаға бірге әңгімелесіп барып балаларды бірге алып қайтатынбыз. Қарабектің қыздарына қабағын шытып немесе даусын көтеріп сөйлегенін естіген емеспін. Жатқан жерің жарақ болсын, топырағың торқа болсын, жасаған жақсылықтарың балаларының, туған-туыстарының алдынан келсін. Оразбек Қалдыбаев, экономика ғылымдарының докторы, профессор ҚАРАБЕК ҚОС ҒЫЛЫМНЫҢ БАСЫН ҚОСҚАН ЕРЕКШЕ ҒАЛЫМ БОЛАТЫН Қарекең туралы естелік жазу туралы ой қозғағанда,ең алдымен,1945 жылы аяқталған Ұлы Отан соғысынан кейінгі қазақ ауылдарының өмір-тіршіліктері көз алдымызға елестейді. 1941-1945 жылдар аралығында жастар 17-18 жасқа толмаған жас буындар соғысқа,жұмысшы батальондарына алынып кеткендіктен ауылдық жерлерде көптеген мектептер жабылған болатын.Осы себептен соғыс аяқталған кезден бастап ауылдық жерлерде тұратын халықтың санына қарай, бастауыш және жеті жылдық мектептер жаңадан ашыла бастады. Мұғалім кадрлерінің жетіспеуі салдарынан,соғыстан аман-есен еліне оралған азаматтар, өздерінің толық орта білімдері болмасада, мектептерде оқытушы болып жұмыс істейтін. Мектеп ғимараты жоқ жерлерде оқушылар бірінші-үшінші және екінші-төртінші: жұптасқан кластар (сынып) бірге оқитын. Қарекеңнің мектеп табалдырығын алғаш аттауы да осы соғыстан кейінгі уақытқа сәйкес келді.Ол кезде үстерінде жамаусыз киімдері жоқ оқушылар сирек кездесетін. Алайда, соғыс кезіндегі уайым-қайғыдан құтылып,бейбіт өмірді аңсаған халықтың болашаққа артқан сенімі өте зор болатын.Елдің әлеуметтік тұрмысы бірден көтеріле қоймағанмен, жастардың жоғары оқу орындарында мамандық алуына мемлекет жағдайлар жасай бастаған.Осыған орай,орта мектепті үздік бітірушілердің арасында жаратылыстану, математика, физика, техника сияқты мамандықтарға деген қызығушылықтар туындады. Қарекең орта мектепті 1957 жылы Түркістанда үздік бітіргеннен кейін, қасына Тұрғанкүлді ертіп алып, Қазақтың мемлекеттің университетінің физика-математика факультетінің “математика” мамандығына түседі. Тұрғанкүл осы факультеттің “ физика” мамандығын таңдаған болатын, жолы болып, ол да конкурстен өтіп ҚазМУ-дің студенті болды. Қарекең студент құрбыларының арасында өзінің еңбекқорлығымен, аққөңілдігімен, жан-жақты білімпаздылығымен бірден көзге түсті. Ол қазақтың тарихын, ауыз әдебиеттегі фольклорларды, әдет-ғұрыпты жақсы білетін. Студент кезінде спортпен тиянақты шұғылдануының арқасында ауыр атлетикадан (штанга) ҚазМУ-дің екі дүркін чемпионы атанған. Бірақ Қарекең жатақанадан (Виноградов көш., 88 үй) басқа жақтағы студенттердің көңіл көтеретін ойын-сауық шараларына аяқ баспайтын. Оның құпиясын жолдастары кейін ғана түсіне бастады. Байқаса, Қаракең мен Тұрғанкүлдің арасындағы ыстық сезімдер мектепте оқып жүргенде “парталардың маңайында” от- жалынға айналып кеткен екен. Қазақстанда ғылымның мемлекеттік деңгейде дамуы, әрине, Ғылым академиясының ашылуымен байланысты. Ал, елімізде қолданбалы математиканың кеңірек етек жаюына 1958 жылы Новосибирск қаласының жанынан Совет одағы ғылым академиясының Сібір бөлімшесінің ашылуы ерекше әсер етті. Себебі, Академия қалашығындағы жаңа университет Қазақстанның студенттерін жоғары курстарға конкурс бойынша қабылдай бастады. Осы шараларды ұйымдастырып, стратегиялық тұрғыдан іске асыруда Қазақ математиктерінің ақсақалдары А.Д.Тайманов, О.А.Жәутіков, Х.И.Ибрашев, М.Қ.Сәтбаевтардың жасаған еңбектерінің үлесі ерекше. Сол көреген зиялылар салған ғылымның жолымен қаншама қазақ жастары ғылымның білім жаңа бағыттары бойынша жаханның білім кеңістігінде бақытты өмір сүруде. ҚазМУ-дің механика-математика факультетінен Академия қалашығындағы университетке алғашқы ауысқандардың ішінде Қарекең болатын. Новосибирск университетінде студенттерге ғылымның жаңа салалары бойынша жұмыс жасауға еркіндік беретін және оған қолайлы жағдайлар туғызатын. Қарабек диплом жұмысының тақырыбын “экономикалық проблемаларды математикалық әдістерді пайдаланып зерттеу” ғылыми бағыты бойынша таңдаған. Себебі, осы бағыт экономика мен математика ғылымдарының басын қосатын ғылымның жаңа саласы. Қаракең дипломдық жұмысын Нобель сыйлығы лауреаты, академик Л.В.Канторовичтің лабораториясында орындап, Новосибирь университетінің дипломын алып шықты. Университет бітіргеннен кейін Қарабек өзінің ғылыми жұмыстарын Алматыда одан жалғастыруды мақсат етіп қояды. Сол кезде Қазақстан мемлекеттік жоспарлау комитетінде еліміздің стратегиялық дамуын айқындау бағытындағы жұмыстарды компьютерлерді пайдалану арқылы талдай білетін мамандар жеткізіліксіз болатын. Осы проблемалардың маңайына әртүрлі университеттердің математика мамандығы бойынша бітірген талантты жастар шоғырлана бастады. Солардың ішінен, қазіргі кезде де елімізге белгілі А.Есентүгелов, С.Байзақов, О.Калдыбаев, Ж.Қаппаров сияқты ғалым-математиктер Қарабекпен қатар ғылымның биігіне бірге өрмелеген жолдастар. Совет одағы құлап, Қазақстан егеменді ел болғаннан кейінгі сәттерде, Қарабектің мемлекеттік жоғарғы экономикалық Кеңесіне қызметке шақырылуы кездейсоқ құбылыс емес болатын. Себебі, мемлекеттік меншіктегі байлықтар мен табиғи ресурстарды нарықтық принциптер негізінде халыққа үлестіріп тарату ең күрделі экономикалық-әлеуметтік өзекті проблемалардың бірі. Осындай мемлекеметтік деңгейдегі мәселелерді экономикалық тұрғыдан талдап, оңтайлы шешімдер қабылдау үшін негізделген ұсыныстар даярлауда Қаракеңнің де ғылыми үлесі бар. Қазақ халқының саяси-коғамдық қайраткерлерінің бірі А.Байтұрсынұлы елдің тығырықтан шығар жолы туралы: ”Жер мәселесі – ең маңызды мәселе. Бұл – не өмір, не өлім мәселесі. Халықтың кемелденуі үшін, Ең алдымен, азаттық пен білім керек,” – деген болатын. Әкімбеков Қарабек жолдасымыз осы кемеңгер бабамыз қойған биік нысанаға еліміздің көтеріле беру жолына өзінің ақыл-ойын, күш-жігерін жұмсаған Түркістан елінен шыққан азаматтардың бірі. Қаракеңнің бәйбішесі – Тұрғанкүл қазіргі кезде аруақтың шаңырағын биік ұстап отыр. Оның балалары мен немерелерінің барлығы да ата-әжесінен алған тәлім-тәрбиеге сәйкес, өте білімді, елге белгілі экономист-қаржыгерлер, ғалымдар. Оспанов Серік, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор
ҚАРАБЕК ТУРАЛЫ БІР СӨЗ Қарабекпен таныстығымыз 1957 жылы КазГУ-ге оқуға түскеннен кейін, студенттерді күзгі егін жинауға Павлодар облысының Лебьяже ауданының Шарбақты кеңшарына жібірді. Сол Кеңшарда отыз шақты қыз-жігіт қырманда, комбайнердің көмекшісі және тағы да басқа жұмыстар атқардық. Осында жүріп бір-бірімізбен жақын таныстық. Қарабек кіммен болса да ортақ тіл табысатын, мінезі салмақты жан еді. Келесі жылы Көкшетау облысының Теректі деген бөлімшесінде болдық. Бұнда былтырға қарағанда бірімізді-біріміз жақсы танитын жағдайда едік. Бәріміз бір кісідей тату тұрдық. Басқарушымыз Салық болды, жұмыс бөлгенде, Қарабек екеуімізге жүгері жинайтын комбайнерге көмектесуге жіберді, басқа ұл-қыздар тоқта істеді, біздің жұмысымыз сағат жетіден басталып кешкі тоғызға дейін созылады, үстіміз сауыс-сауыс болып ораламыз, біз келгенде жұрттың тап-таза болып, кітап оқып, басқа да ойындар ойнап отырғанын көргенде, ертең жұмысқа барғың келмейді. Басқа жігіттермен алмастыр десек, неге екенін білмейміз Салық айырбастамайды. Қараекең екеуіміз ертеңіне тағы кетеміз. Сол жолы өте бауыр басып кеттік. Қарабек өте әңгімешіл еді, сонан соң сұрақты көп қоятын, бәрін білгісі келетін, біреуге көмектескісі келіп тұратын. Ол қолы босағанда өзі туған жерін мақтаудан жалықпайтын, ол уақытта біз білмейтін Түркістанды, Отырарды, Қожа Ахмет Ясауи және Арыстан бап кесенелері туралы ұзақ әңгіме айтатын, менде одан қалмайын деп, Қызбел тауын, Қоңыраулы өзенін, Сарықопа туралы айтатынмын. Қарабек ештеңеге ерінбейтін бастаған ісін тындырмай қоймайтын. Қарабек кейіннен Новосибирь Университетіне ауысты да, ара қатынасымыз аз уақытқа үзілді, бірақ бір-бірімізге деген сыйластық, сағыныш сезімі үзілген жоқ. 1970 жылы Торғай облысы ашылып, мен облыстық жоспарлау комитетіне жұмысқа орналастым да, қызмет бабымен Алматыға жиі келетін болдым. Келген сайын ылғи бірге боламыз, бірге оқыған жігіттер мен қыздарды еске аламыз. Осындайда Қарабек тура анықтама бюросы сияқты, кімнің қайда екенін, қайда қызмет істейтінін, кімге үйленгенін түгелге жуық білетін. Қарабек кездескен сайын Салықты, Сәруарды көп сұрайтын, сендер туып өскен Қызбелді көрсем дейтін. Соның сәті ұмытпасам 1976 жылдың қараша айында келді. Ол былай болған еді, әдеттегідей жұмыста отырғанмын, түс ауа жұмысқа Қарабек телефон соқты, «Өзбек мен Арқалықтамын, қазір барамын орныңда бол», – деді. Айтқандай жарты сағат өтпей келді, амандық-саулық сұрасып болған соң, өзінің іс-сапармен келгенін әлі уақыты барын айтып, Салық пен Сәруарға барып қайтайық деді. Салық Қостанай облысының Дружба деген кеңшарында тұратын, ол жаққа бару үшін 450-500 шақырым жерді дала жолымен (тас жол жоқ) күзде жүру қиын, ақылдаса келе Қызбелге баратын болдық. Мен жұмыстан 3-4 күнге рұқсат алып, ертеңіне Қызбелге жүріп кеттік. Қызбелге келсек Сәруар ауданға жиналысқа кеткен екен, білетіндер ертең келеді деген соң біздің ағайдың үйіне қонатын болдық та, уақытты бос өткізбес үшін, кеншардың парторығы мен экономисін ертіп, Қызбел тауын, оның үстіндегі бұлақтарды араладық, сондағы күзекте отырған малшылармен әңгімелестік. Қызбелдің үстінде не көп, бұлақ көп, олардың аттары сан алуан, мысалы: Құттыбай бұлағы, Амантай бұлағы, Қатын қазған, Төре түскен, Молдабай тасқұдығы, Қарақұдық, Шөкетсиген, Егінбұлақ т.б. Ал жер аттары болса: Қотан құм, Қотыр тау, Андағұл, Шеңбер, Қыземшек, Дің, Ақ отау, т.б. Қарабек сол аттар қалай қойылған деп сұрайды. Қараекең кенеттен, осы Қызбел туралы Ғафу Қайырбековтың өлеңі бар еді ғой, соны білесіңдер ме, айтыңдаршы деп сұрайды. Ол Ғафаңның «Қызбел суреттері» деген өлеңі. Арқада жер сұлуы Қызбел деген, Аралап алуан жүрдім Қызкерменен, Табар жан, қайда барып Жерұйықты Қызбелден сірә күдер үзгенменен. Қызбелдің желі қатты ызғарлы ма, Ызғардан ақ бетіңде, із қалды ма? Салдыртып Саржорғамен жеткеніңде, Қызығын Қызбел сенен қызғанды ма? бұл жинаққа кіргенінен үзінді, ал жинаққа кірмеген халық аузында мынандай шумақтар бар. Қатын қазған, Төре түскен, Шарабас, Қыз емшектің найза тасы жалаңаш. Теке Діңі терістікте теңбіл көк, Сипатыңа кім қызығып қарамас. Жаз айында қоңыраулатып ағатын, Әр толқыны күйдің шегін қағатын, Орап жатқан Қоңыраулының өзені-ай, Жалғыз жұтсаң сусыныңа қанатын, – деймін. Қараекең риза болып қалды. Кештетіп үйге келсек Сәруар әлі келмепті. Қонақасы дайын екен соны ішіп, Сәруарды үйінен күтейік деп, Сәруардың үйіне келіп жаттық. Сәруар түнделетіп келді. Ертесіне Қоңыраулы өзенін аралап, сендер шомылған суға менде түсемін деген соң, судың салқындығына қарамай бәріміз бірге шомылдық. Ауылды қаққа бөліп ағып жатқан Қоңыраулы өзенінің Арқалық жақ бетіне шығып, түс ауа өзенді бойлай Арқалыққа жүріп кеттік. Қараекең жол бойы кешеден бері көрген Қызбел табиғатының сұлулығына, бұлақтардың мөлдірлігіне, Қоңыраулы өзенінің тереңдігі мен тазалығына таң қалумен келеді. Әңгімемен отырып Арқалыққа қалай келгенімізді білмей қалыппыз. Қараекеңнің Торғай еліне екінші сапары 1993 жылы жаз айында болды. Жекешелендірудің жаңа басталған кезі, ауылшаруашылығы кәсіпорындарын қалай жүргіземіз деген сұраққа жауап табылмай тұрған уақыт, ақыл айтушының саны көп, бірақ көңілге қонатыны шамалы. Осындай кезде Қараекең, біз неге қазақтың байларын шығармаймыз деді. Ол үшін 10 жылдан аса шаруашылықты басқарған, халықтың тұрмыс жағдайын көтерген, жыл қортындысын үнемі табыспен аяқтайтын, шаруашылық басшысына, шаруашылық дүниесінің 20 пайызын тегін беруді ұсынды. Бұл ұсынысты бірден қолдай қою оңай шаруа емес еді. Сондықтан Қараекең осы мәселеге шаруашылық мүшелерінің және басшыларының пікірлерін білуге Торғай облысына келген екен. Бұл кезде мен облыстық жоспарлау басқармасының бастығының орынбасары болатынмын. Бұл жолы Жангелдин ауданының Албарбөгет, Еңбек, Торғай, Речной шаруашылықтарында болдық, жеке шыққан фермер Карбозов Кәкімжанмен пікірлестік. Облыс орталығында кеңес өткізіп ұсынысты талқылап, оны қолдау керек деп шештік, артынша осы мәселе туралы Үкімет қаулысы шықты. Қараекең соңғы рет Астанаға 2002 жылы келді. Сонда мынандай қызық болды. Сәруардың Астана жанындағы Қабанбай ауылына көшіп келген кезі, сырқаттанып Алматыда бір-екі ай емделіп келген. Келген соң Алматыда Қараекеңді көргенін, оның асқазанға жасаған отадан кейін, тамақты таңдап ішетінін, ет және майлы тағамдарды жемейтінін айтып келген. Сүйтіп жүргенде, Астанаға Қараекең келді, шынындада, жүдеген, амандық сұрасқаннан кейін, Ақсұлуға (менің жұбайым) Қараекеңнің келгенін айтып, жеңіл тамақпен шай дайында, оған ет жеуге болмайды деп, жарты сағатта үйге келдік. Қараекең немерелерімнің бетінен сүйіп, «Ақылыңнан айналайын Ақсұлуым, амансыңба, кел сені де бетіңнен сүйейін», – деп, онымен құшақтасып амандасты. Амандасып болып, асқа отырдық, байқасам үстел өте жүдеу, қияр мен қызанақтан жасалған салат, жұмыртқадан жасалған бір-екі тағам, ет, май атымен жоқ. Асты жылдам бітірдік. Аздан соң Қараекең онша қашық болмаса, Сәруардың үйіне барып қайтайық деді, балама машинаңды дайында деп, үйден Сәруарға бартынымызды айтып телефон соқтым. Қысқасы бұнда да бізді Ағайша (Сәруардың жұбайы) омлетпен қарсы алды, жұмыртқаға әбден тойып, Қараекеңнің денсаулығын өзімізше, ет және майлы тамақтардан қорғап қалаға қайттық. Ертеңіне түскі асқа Сайлаудың үйіне келдік, Мақыш (Сайлаудың жұбайы) столға жеміс-жидектерін қоя бастағанда, Қараекең Мәке (Мақышты солай атайтын) маған ет жеуге болады, бар болса, қазыны молырақ сал да, мына тауықтарынды, мені екі күн аш ұстаған Сәруар мен Узбекке бер деп, бізді бір қатырды. Сөйтіп қамқорлығымыз далада қалды. Елу жылдай араласып, таныстығымыз достыққа айналды. Қарабек аузын ашса көмекейі көрінетін, біреуге болмасын демейтін, адал жар, асыл әке, достыққа берік, үлкенге де кішіге де көмектескісі келіп тұратын жан еді. Қайтыс болғанда Сайлау, Салық, Сәруар және мен Алматыға барып соңғы сапарға шығарып салдық. Жатқан жерің жарық, топырағың торқа болып, иманың жолдас болсын. Өзбек Қазиханұлы, досы
| ||