БӘЙТЕРЕГИМ МЕНІҢ 12 | ||
главная вернуться | ||
ДОС ТУРАЛЫ СЫР Опасыз жалған-ай неткен қатал едің. Енді ғана мына пәни дуниенің ата болып қызығын көре бастағанда, аса қадірлі досымыз Қарабекті ажыратып, бақи дүниеге шығарып салуға мәжбір еттің. Қаракең менің пайымдауымша түа бітті табиғатынан қой аузынан шөп алмайтын, пәк жаратыс иесі сияқты көрінетін маған. Өзін әрдайым сабырлы да салиқалы ұстайтын, ақкөңіл жан болатын. Қызметтес достары арасында үлкен бедел иесі еді. Дүниеден озған Қаракеңмен бірге балалық, жігіттік шақтарымды бірге өткізбесем де, мұң сырымызды бөлісіп, пікірлесіп тұратынбыз, осылай біртіндеп таныстық. Соңғы отыз жылдан астам уақыт ішінде дәмдес, тұздас, шынай пікірлес болған кездесулер ұмытылар ма? Небір жиын тойларда, отбастарымызда өткізілген кейбір кештерде оның айтатын аталы сөздеріне таңырқап, тамсанатынмын. Неге десеңіз оның мамандығы математика бола тұра тарихты, әдебиетті және саясат мәселелерін, бойына жақсы сіңірген, сөзді де байыппен жүйелеп әдемі сараптап айтушы еді... Шынын айтсам өткен күндер көзге күңгірт болса да ойға анық. Күні кеше болғандай сарнап тұрады екен. Естелікті жазу да, жазбау да оңай емес. Әйтсе де тіршілігін де сыйласқан бауыр-дос жайлы білгенді ортаға салу артықта емес парыз сияқты. Алдымен Қарабекті алғаш рет қалай көріп білгенім жайлы бірер сөз. 1971 жыл. Мен аспирантураның екінші курсында диссертациялық материалдарды жинап жүрген кезім болатын. Дос, жолдас деп жиі қатысатын жігіт, Әбенов Бақберген еді. Ол да аспирант болатын. Бақберген күздің бір күнінде қонаққа шақырды. Барсам орта бойлыдан кішілеу толықша келген қара жігітті көрдім. Бақаң: – мына жігіт менің жерлесім және кластасым, Түркістаннанбыз, – деді. Қарабек Әкімбеков деп таныстырды. Әйелі Тұрганкүлмен келген екен. Аспирантураны Новосибирь қаласында тамамдаған мамандығы математика екен. Көрген, білгені көп. Әсіресе, досым Бақберген мен Бақыттың небір қызықты хикаяларын айтқанда еріксіз тындайсың. Өзі де, әңгіменің майын тамызып айтып отырушы еді-ау. Міне, отыз жылдан астам уақыт өтіпті, Қаракеңмен жиі-жиі қатысып сырласып, ғұмырының соңына дейін бірге болдым. Бізді достастыратын бірден бір фактор, ол екеуміз мұңдас екенбіз. Менің әкем соғыстан оралмаған, жетімдіктің ащы зарын татқан адамдармыз. Мен аспирантураны бітіріп 1974 жылдың басында диссертациямды қорғадым. Қаракеңде, сол жылы КАЗГУ-де математика мамандығынан кандидаттық диссертация қорғады. Осыдан бастап жиі-жиі кездесіп тұрдық. Қаракең қызметтің бірқатар салаларында жұмыс атқарды. Институт директоры, сыртқы істер министерлігінде, т.б. жұмыстарды атқарған зейнетке енді ғана шыққан кезі болатын. Ол ауыр-науқастың қармағана ілініп, біраз уақыт қиыншылықтар көрді. Мен дәрігер бола тұра ешбір жәрдем жасай алмағаныма үлкен өкінішпен еске аламын, соңғы рет көңілін сұрай барғанымда қатты қиналдым. Ажал айтып келмейді ғой. Кім біледі егер ертерек профилактикалык, ізденістер жасағанда, операция ертерек жасалғанда біраз уақыт өмір сүрер ме еді деп ойлайсың. Қаракең, адамгершіліктің шынайы қағидаларын қатаң сақтай отырып, иман жүзді, ар-намысына нұқсан келтірмей мынау фәниден озған нағыз азамат болатын. Қарабекті еске алғанымызда арамыздан ертерек кетті-ау деп өкінеміз. Әрине, әркімнің де ұзақ өмір сүргісі келеді, бірақ бәрі де Алланың қолында ғой деп, шүкіршілік жасаймыз. Қаракең жер үй салып кіргеніне де көп болған жоқ еді. Әттең дүние-ай, осылай кірпік қаққанша өтті де кетті. Қаракеңді туған туыстары, жолдас-жоралары, жекжат жұрағаттары аңсайды. Аңсайды сүйіп қосылған жары Тұрғанкүл. Жатқан жерің жайлы, Иманың нәсіп болғай. Ардақты да қимас досым Қарабек!!! Айтбембет Бегалы Нұрманұлы медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері НАМЫСҚОЙ КІСІ ЕДІ ҒОЙ, ҚАРЕКЕҢ! Қарабек Әкімбеков ағамызды көптен білетінмін. Сонау жетпісінші жылдардан. Өткен ғасырға айналып барады ғой. «Нағашы-еке» деп аса құрмет тұтатынмын. Елгезек. Қағылез. Кішіпейіл. Қарапайым. Көпшіл. Намысшыл. Қашанда солай. Ашық-жарқын, жайдары жігіт еді. Күнде кездесіп, мидай араласып жатпасақ та, жолығысқан тұстарда әңгіме тиегін армансыз ағытар ек. Айтпақшы, алғашқы ұшырасуымыз былай басталған. Оған дейін, Қарабек деген өзі математик өзі экономист ғажап бір зерек қазақ бар, осы өзіміздің Оңтүстік өңірінен. Новосибирск университетінің түлегі. Талантты маман. «Ғылым кандидаты» дегендей мадақ сөздерді ауылдас, туыс-ағайым Кеңес Күлекеевтен есіткенім бар еді. Студент кездерімде оны сыртынан көріп қалып та жүрдім. Сөйтіп жүргенде біздер де оқуды тәмамдап, Алматыда өзім бітірген оқу орнында ұстаздық қызметке қалдым. КазПИ-ді жаңа бітірген (қазіргі Алматы мемлекеттік университеті) жұбайым Күләш та математика маманы болғандықтан, жұмыс қарастыруға тура келді. Ол мектеп мұғалімі болудан гөрі әлдеқалай бір ғылыми мекемелерді төңіректегенді жөн көрген. Салып ұрып, Алматыдағы экономика институтына кіріп барайын. Директорына кіргелі жүрмін. Ешнәрседен тайсалмайтын, тауымыз шағылып, бетіміз қайтпаған кез. Мекеме басшысының кім екенін де тез арада біліп алдым. Кәдуілгі тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы – Санжар Оразұлы Жандосов екен. Атақты адамның ұлы, жастарды кеудесінен итере коймас деген өршіл оймен үлкен кісінің қабылдау бөлмесінде тұрғанмын. Кенет баяғыдан жүз таныс, көз таныс Қарабек ағаның жолыға кеткені. Амандык-саулық сұрасып, шұрқыраса кеттік. Сәті түсер іске дауа болмасы рас екен. Қарабек нағашым осы ғылыми институтта сектор меңгерушісі қызметінде болып шықты. Ананы, мынаны сұрастырып болып, тірліктің ыңғайын тез аңғара қойған ақкөңіл азамат аға: – Бастыққа кіріп, уақытын алмасаң да болар, бір амалын қарастырармыз, келіннің дипломдық бағалары жақсы екен, екі-үш күннен кейін хабарласыңдар деп, қызмет телефонын беріп, ғимарат есігіне дейін шығарып салды. Әлбетте, өмір жолын жаңа бастаған біздерге Қарабек ағаның сол жолғы демеуі үлкен тірек болды. Абзал азаматтың қамқорлығын терең сезінген Күләш келіні де өз міндетіне зор жауапкершілікпен қарап, сол мекеменің алдыңғы қатарлы қызметкері ретінде біраз жылдар бойына табысты еңбек етті. Қарабек ағаның сәби мінезділігін жиі айтып, осы күндерге дейін асыл азаматты еске алып отыруды еш ұмытқан емеспіз. Қарекең, кезінде осылайша қамқор қолын созып, ағалық ілтипатын аямаған еді. Көп кездесулер өтіп жатты ғой. Өмірден өте шығарын алдын-ала кім болжап үлгерер, тәйірі! Әйтсе де, Қарекеңмен болған әмпей-жәмпей әдемі бір әңгімелер легі осыдан бес-алты жыл бұрын Отанымыздан тыс, Карловы Вары жерінде өткен еді. Чехияның әйгілі шипажайында армансыз сыр шертіскен сол күндер еске түсіп отыр. Қарекеңмен бұған дейін де Астанада кездесіп қалып, таң атқанша сұхбат құрғанбыз. Бірақ, бұл жолы әбден қалыптасқан қоғам қайраткерін танығандай болдым. Саясаткер, дипломат, ғалым, мемлекеттік орталық аппараттардың сынағынан сүрінбей өткен кәнігі қызметкер Қарабек Әкімбековтің нағыз азаматтық биік тұлғасын мойындадым. Өмірлік, қоғамдық позициясының, өзіндік зерек көзқарасының нығыз екендігін пайымдадым. Екеуара кей кездері талас-тартыстар дәрежесіне дейін көтерілер күнбе-күнгі «айтыстарымызға» Тұрғанкүл жеңгеміз бен Күләш әлсін-әлсін елеңдесіп, күлісіп жатқаны. Тіпті кейде, ем-дом алуды ұмытып, әңгіме қызығымен кеш батқанын да байқамай қалып жүрдік. Екеуіңнің демалыс күндерің өзара жиналыспен өтті ғой, – деп рахаттана күлер еді Тұрғанкүл жеңгей. Әңгіме жарастығы деген ғажап қой. Әңгіме желісі – ортақ жайлар. Сол баяғы саясат әлемі, мәдениет, руханият, ғылым-білім мәселелері. Әрине, өз білетіндеріміз төңірегінде. Сөйтіп, демалыс күндерінің қалай өткенін де білмей қалдық. Қарекең – арманы асқақ, өршіл рухты адам еді. Сары уайымға салынып, еңсесін түсіріп, езіліп-егілуге жаны қас, күрескер жан еді. Мына бір жайтты айта кетейін. Аяулы азаматтың күннен-күнге дерті асқынып, демі тарылып, күш-қуаты кеми бастаған кез. Көңілін сұрай, ой тұңғиығынан арылту мақсатымен үйіне барып жүрдік. Ішіміз сезеді, қайтерсіз? Қарекеңнен ет ажырап, көз жанарларының сәулесі әлсірей бастаған. Сонда дағы ананы- мынаны айтып, құмығыңқыраған үнімен әрнені сөз еткісі келеді аяулы жан. Тұрып кетуден әбден дәмелі. Науқасын мойындағысы жоқ. Әлі-ақ шауып кетердей үміттенеді асыл аға! Неткен оптимизм! Өмірге деген неткен кұштарлық! Жә, сол тұстарда атақты мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың ескерткіші орнатылатын болып, әл-Фараби көшесі бойындағы, (бұрынғы ботаника бағының қарсысында) белгіленген орында біраз адам жиналып тұрғанбыз. Ұйымдастырушы, сол Сұлтанбек Қожанов қорының президенті Мұкан деген азамат. Ауа-райы болса бұлыңғыр, майда жауын толассыз себелеп тұрған. Ескерткіш ашылар сәтте, сөйлейтін кісілер әдеттегідей ыңғайланып, іс-шара енді басталғалы жатқанда, Қарабек ағамыз жетіп келсін! Міне, керек болса! Жағдайы әлдеқалай боп кетеді – деп, уайымдап жүрген кісіміз, қолындағы шатырын қыса ұстап, айнала тұрғандармен бас изесе амандасып, қатарға кеп тұра қалсын! Тұрғанын қойыңыз, жүргізушіден өзіне сөз кезегін беруді талап етті! Кім қарсылық көрсетсін?! Сөйлеп шықты. Дегенмен, бәріміз де қобалжып қалдық. Дем алысы жиілеп, шаршаңқырап қалғандай. Үнінде діріл бар. Сөз сөйлеу де күш-қуатқа келеді ғой. Қайдан, кімнен естігені өзіне ғана мәлім. Бұл жерде айтпағым; Қарекеңнің өжет те, өршіл мінезі. Сұлтанбек атасына деген шексіз мейірім оны шұғыл да батыл әрекеттерге апарған. Бойкүйез, боркемік тіршілікті мүлдем мансұк еткені ғой. Сырқаты меңдеп жүрсе де, әлсіз денесін сүйретіп, үлкен аруақтың рухына ақырғы рет тағзым еткісі келген арқалы азаматқа не дерсіз?! Бұл асыл ағаның соңғы сөзі, ақтық тағзымы екен ғой, шіркін! Сұлтанбектің лайықты ұрпағы демей, кім дерсіз қайран Қарабекті. Иә, талантты талант қана, ақылдыны ақылды ғана таныған, қашанда. Олай болса, Қарабектей кісі тегін адам емес. «Орнында бар оңалар» – деген аталы сөз бар халқымызда. Аллаға шүкір, өзінің көзі тірісінде тұрғызып кеткен атшаптырым ақшаңқан үйінде Қарекеңнен тараған үрім-бұтақ, немере-шөберелері өсіп-өніп жатыр. Ұзақ жылдар өзімен бірге ғұмыр кешкен сыралғы да сабырлы жұбайы Тұрғанкүл жеңгей, сол үлкен шаңырақ астында әр жолы Қарекеңнің ағайын-туыс, жора-жолдас, кұда-жекжат, көз көрген замандас-әріптестерін жинап, марқұмның аруағына арнап ас беріп, дұға оқытып дегендей мүсылманшылық жолдарын жасауда. Тек, қабыл болғай! Иә, кара жер, қатыгез топырақ кімді аяған?! Ешкімді де, Сұлтанбекті де, Қарабекті де. Иманды болсын бәрі де! Әшірбек Сығай профессор, өнертанушы АДАЛ ДОСТЫ ҰМЫТА АЛМАЙСЫҢ «Өмір – өзен» дегендей, жыл артынан жыл өтіп жылғадан аққан судай міне, алтыншы жылға тарта қимас досымыз Қарабек Әкімбеков өмірден өтті. Ол кісімен 1977 жылдың қазан айында таныстым. Сол кездегі маркұм Мұзаффар Дайров (Мұзеке) астық дайындау министрі, алыс өңірдегі орта жастан асқан, ұйымдық басқаруға мол тәжірибелі ұлт азаматтарының бірқатарын Министрлік аппаратына топтастырды. Соның бірегейі – мен сонау Ақтөбеден облысаралық экспедицияның бастығы қызметінен арнайы шақыру жолдамасымен республиканың астық зиянкестерімен күресу жөніндегі басқарманың басшылығына келдім. Сол кезеңде Қарабек ИВЦ-ның директоры қызметін атқаратын, екеуміздің мекемеміз бір ғимаратта орналасқан еді. Таныстық сәтінен бастап, қарапайым, ақжарқын көңілді, жолдас-жораға ашық кісі еді. Аса жауапты, ірі қызметке келген маған күнделікті өмірлік, қызметтік ақыл-кеңестерін жиі-жиі айтып бақылап отыратын. Сол себепті де мені өзіне баурады. Отбасымыз көшіп келген соң бірге аралас-құралас болып, көптеген мазмұнды әңгіме шертетін едік, достыққа өте адал жан еді. Тумысынан өте зерек, біздер елемейтін жайттарды аңғарымпаз, өзі де, көзі де қырағы, көргенін, естігенін жадында жақсы сақтайтын азамат еді. Үлкен жиын-тойларда, отырыстарда көптеген ұлы ақындардың өлең, рубаяттарын нақышына келтіріп, жатқа айтатын. Омар Хайямның, Пушкиннің, Лермонтовтың, Есениннің, Тютчевтің, Қасым Аманжоловтың, Мұқағали Мақатаевтың, Кәкімбек Салықовтың өлең-жырларын жатқа айтқанда аузымызды ашып, таңданатынбыз. Елге танымал азамат, мінезге мейлінше бай, халықтық дәстүрге құрметпен қарайтын адал азамат ерте өмірден өтті. Бірақ, оның ұстаздық, ғалымдық, т.б іздері жадымызда қалды. Оның өмірін жалғастырушы Қарекеңнің тіккен туын құлатпай отырған сүйкімді жары Тұрғанкүл, ардақты балалары, немерелері әрі қарай дамытуда. Балтабай Бірмагамбетов 30 жылдай бірге қайнасқан досы, Алматы қаласы
| ||