БӘЙТЕРЕГИМ МЕНІҢ

2

 главная                                        вернуться

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15

 

 

 

МЕНІҢ  ҚАРАБЕГІМ    

 

Өмір-ай, Қарабегіммен бірге жарты ғасырдан аса ғұмырымызды артта қалдырғанымды сезбей де қалыппын-ау.  Шіркін, заманымыздың ыстығы мен қуанышты күндері енді келмеске кеткендей, күн шуағының сағымындай көзге елес болады да тұрады. Мен осы сексенге таяған жасымда жарты ғасырға жуық жансерігім болған, бәйтерегім, балаларының әкесі, немерелерінің атасы атанған, қайын жұртының мақтанышы, туыстарының сыйлы азаматы, достарының көшбасшысына айналған, мемлекет және қоғам қайраткері  атанған марқұм жансерігім Қарабегіме естелік жазамын деп ойламаған ойым, бүгінде нағыз шындыққа айналды. Қарабегімнің өмірден пәни дүниеге кеткеніне де биыл күзде он жыл болады.  Ол тірі болса биыл 5 қыркүйекте сексен жасқа келер еді. Жазмыштың тағдыры осылай болса бұған да көніп, тірлігімде аз да болса өмір өткелдерінен түйсінген ғибратты ойларымды ұрпағыма қалдырсам, бұл да Қарабегімнің рухын риза етсе деп Жаратушыдан тілеймін.

Қарабек екеуміздің балалық шағымызда қасиетті Түркістанның таза ауасынан дем алып, таза шипалы суын ішіп, жерінде ойнақ салып өстік.  

Қарабек «Отырар» ауданына қарайтын Сыр өзенінің арғы бетіндегі Балтакөл ауыл әкімдігінен он шақырым ары оның бөлімшесі «Көлқұдықта» дүниеге келіп, балалық шағын жетінші сынып бітіргенше сонда өткізді. Сегізінші сыныпта мен оқитын Түркістандағы «Никитин» атындағы Қазақ- орыс мектебіне оқуға келді де, мен оқитын қазақ сыныбында оқуын жалғастырды. Бір сыныпта, қатар партада бірге  оқуымызды жалғастырдық. Қарабек қаланың мәдениеті мен басқа да ерекшеліктеріне өзін тез тәрбиеледі. Өзі алғыр, оқуда озат, тиянақты әрі көркем мінезді, ешкімді жатсынбайтын, сол заманның мектептегі нағыз белсендісіне айналды. Мұғалімдер болса мына Қарабектің болашағы зор, ел азаматы, білімді азамат болады деп жиі айтатын. Біз бұл сөзге кейде таңғалып, кейде күлетінбіз. Кішкентай ғана шалғайда жатқан, мәдениеті де төмен, соғысқа кетіп қайта оралмаған әке тәрбиесін көрмеген жас баланың осыншама алғыр, өткір мінезді, кішпейіл  болып  тез жетілгеніне сыныптағы оқушы балалар да таңғалушы еді. Менің Қарабегім жас кезінен бастап, сол замандағы қиыншылық пен жоқшылықты, соғыс зардабы және соғыстан кейінгі ауырпашылықты көргенін ұдайы есіне алып отыратын. Оның ерте өсіп жетілуіне оның аса ауыр өмір жолдарының іздерінің белгісі  жігеріне жігер қосып, оны ұдайы алға ұмтылуға әсері болғанын айқындап бергендей сезілетін маған.

Ол маған өте жақын келіп әртүрлі әңгімелер айтып, жанымда ұзақ тұратын. Мен болсам мына баланың менде несі бар деп ұзақ ойланатынмын. Кейін оқу бітірерде қылжақтап әлдебір әңгімелерді айтып, сен оқу бітірген соң қандай оқуға барасың, екеумізде бір оқу орнына түссек жақсы болар еді, сен де және мен де жалғызсырамаймыз ғой дегенде бұл сөзіне мен таңқалатынмын. Екеумізде 1957 жылы орта мектепті үздік бітіріп дәм тұз айдап Алматыға келдік.  Алматыдағы Қазақтың Киров атындағы ұлттық университетінің «Физика-математика» факультететіне оқуға түстік.    Біздің арақатынасымыз бұрынғыданда жақын әрі ашық әңгімелерге жалғаса бастады. Бұрынғыдай жеке жүрмейміз.  Қос аққудай жарасып бірге киноға да, театрға да және демалыс орындарына да  екеуміз бірге баратын едік. Бізді көрген студенттердің көбі:

– Ей, сендер осы бәрімізден бұрын үйленіп, тойларыңды жасайсыңдар-ау, – деуші еді. Қарабектің көңілінің маған ауа бастағанын күн өткен сайын менде сезе бастадым. Университеттің екінші курсын бітірген соң маған өзінің мені мәңгілік серігі болуыма ашық ойын айта бастады. Мен де ойланып қалдым.

Оның үстіне апамның да өзіңе қорған әрі сүйеніш болатын серігіңді тап, басқалардың қыздары сияқты алысқа және жат жерге кетіп қалма қызым дегені есіме түсті. Осыдан кейін Қарабекке деген жүрек жылуымның оған жақындай түскенін өзім де байқамай қалдым. Менде расында бірге мектепте бір сыныпта оқыған, бір-бірімізді толық білетін әрі түсінетін болғандықтан оның ұсынысын да ашық болмаса да, іштей қабылдағаныма бүгінде өкінбеймін.

Бір күні маған Карабек былай әңгімесін бастап, маған сен келісіміңді берші, егер екеуміз үйленсек бақытты болар едік. Менің әкем жоқ, сенің әкең жақсы адам маған да әке болар еді деген дірілмен шыққан үні әлі есімде, оның үні әлі құлағыма естіліп тұрғандай әсер етеді де тұрады маған. Қарабегім, оқуына өте берілген, салмақты, инабатты азамат болып жетіле бастады. Университеттің қоғамдық жұмыстарына да белсене араласа бастады.

Қысқасы, екеуміз үшінші курстан кейін ата-ананың ризалығын алған соң, үйлену тойымызды Қарабектің туыстары оның ауылы «Көлқұдықта» жасады. «Көлқұдық» Сырдарияның арғы бетінде орналасқандықтан  адамдар мен техникаларды дариядан кеме арқылы өткізеді екен. Мен бұған дейін Түркістаннан ұзап шықпағандықтан мына бір көрініске аң-таң болдым да тұрып қалдым. Ол заманда бүгінгідей неше алуан автокөлікте болмайтын. Бары ат арбамен немесе жануарлармен баратын жеріне жетіп алатын. Көбі жаяу жүретін еді. Біз де Сырдариядан қайыққа отырып «Көлқұдықтың» тұсынан тікелей өттік. Суға қарасаң өте қорқынышты басымда айналып, жүрек те қысыла бастады. Мен суға қараудан қорқып Қарабектің қолынан ұстап ажырамай қалдым. Сырдариядан аман өткеніме қатты қуандым. Бізді бір ат арбалар күтіп тұрыпты. Біз ат арбаға отырдық ал, стденттер болса ауылға қарай жаяулап жүріп жетті. Жол тегіс емес ойқы-шойқы екен. Балтакөлден он шақырымдай «Көлқұдыққа» шаршап шалдыға жеттік-ау әрең дегенде. 

Келін келді деп қуана қарсы алғандар саны да өте көп болды. Сонымен Қарабектің де өз үйіне жеттік, басыма салт-дәстүр бойынша орамал да салынды. Жаңа келінге құтты болсын айтып келушілер қатары да көбеюде. Үлкен қуанышта жүргені Қарабектің әжесі мен анасы  болды. Бірге туған жалғыз үлкен әпкесі мен жездесі ұстаз Төрегелді ағай да үлкен қуаныштың меймандарын қарсы алып, дастархан басында күту қызметін атқаруда. Ал, жалғыз ағасы Халел келінді болғанына қуанып, өздерінің міндеттерін атқаруда. «Көлқұдықта»  сол замандағы  жағдайға қарай думандатып келіннің бетін ашу мен той өткізуде өз жолымен жалғасып үлкен думанға айналды. Енеміз өте байсалды ақылды жан екен. Баласының екеу болғанына, текті елдің және жақын Түркістанның қызына үйленгеніне риза болып, Аллаға шүкіршілік етіп жақсы тілектерін тілеуде. Енеммен бірге тұратын әжеміз жасының үлкендігіне қарамай, өте тың, жүрісі тез, сергек әрі сөзмер жан еді. Қарабекті «Қаражан» деп өте жақсы көретін еді асыл әжеміз. Әжеміз екі ауылдың ортасына кейде одан да алыс жерлерге жаяулап немесе көліктік жануарларға мініп жүре беретін. Әженің екі беті қып-қызыл еді, осыған байланысты халық әжемді «Қызыл әже» деп атап, өте құрметтейтін. Осындай мейірманды жанұяға келін болып келгеніме менде іштей қуанышта болдым.

Ауылда біраз уақыт болған соң Алматыдағы оқуға қайтатын уақыт та жақындап қалған еді. Қарабек екеуміз Алматыға баруға Түркістан вокзалына келдік. Түркістанда өстім, мектеп бітірдім оның әрбір көшесі де маған таныс әрі біздің үйде вокзалдан өте алыс емес-тін. Үйді сағындым, барайын десем жаңа ұзатылған қыз үйіне баруға болмайтын ұлттық заң бар екен. Бірақ вокзалға ата-анам мен екі жақтың туыстары да жиналып, бізге сәтті сапар тілеп, қоштасып поездға отырғызып жіберді. Ол кездегі поездың да асықпай ұзақ ақырын жылдамдықпен жүретін заманы болатын. Әйтеуір аман-есен Алматыға жеткенімізге қуандық. Университеттің жатақханасына орналастық. Біраз уақыт көрмеген студенттер бір-бірімізбен амандасып, құшақтасып қуанышқа бөлендік.

Бұл 1960 жылдың қыркүйек айы болатын. Ресейдің жаңа ашылған көптеген мамандықты оқытатын «Новосибирь» Университетіне жақсы оқыған студенттерді іріктеп жіберу туралы біздің Университеттің ректорының арнайы бұйрығы шығып, ол тізімде Әкімбеков Қарабек те бар еді. Заң қатал, бармаса болмайтын уақыт болғандықтан менде ішкі тебіренісімді білдірмей, Қарабекке амандығын тілеп келісімімді бердім. Қазақстаннан «Новосибирь» Университетіне оқуға баратын студенттерді Алматы вокзалынан «Алматы-Новосибирь» пойызына қоштасып шығарып салдық. Ол заманда хат арқылы ғана хабарласатынмыз. Арадағы екі жылда Қарабек жазғы демалысқа келіп тұрды. Елге де баруға үлгеретінбіз.

Қарабек 1962 жылы жазға қарсы оқуын бітіріп, үздік бітірген дипломын алып келді. Мемлекеттік жоспарлау  комитетінің «Экономика» институтына қызметке орналасты. Алғаш ғылыми қызметкер дәрежесінде қызмет атқарса біртіндеп аға маман, бас маман, бөлім бастығы дәрежесіне дейін қызметтерді атқарды. Экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын табысты қорғады. Кейін арнайы шақырумен төрт жылдай сол кездегі «Астық» министрлігінің жаңадан құрылған «Есептеу орталығын» басқарды. Қайтадан қажетті маман ретінде  ҚазССР Жоспарлау комитетінің «Эконоика» ғылыми-зерттеу институтына ауысып бөлім басшысы қызметін атқарды.

Қарабек өткен ғасырдың жетпісінші жылының екінші жартысында Экономика институтында қызмет істеп жүргенде Мәскеуге барып, Бүкілодақтық кәсіподақтың Құрылтайына делегат болып қатысты. Ондағы алған жақсы әсерлерін ұдайы айтып отыратын. Құрылтайдан кейін Кеңес үкіметі біраз адамдарды Израиль мен Меккеге апарып, ондағы қасиетті жерлермен таныстырған. Меккедегі қасиетті Қағбаны да білдірмей сүйіп, құшақтадым деуші еді. Атеистік заманда менің Қарабегім кіші қажылық міндетін атқарғандай сезілуші еді маған.

Еліміз тәуелсіздік алғанда ел президентінің экономика жөніндегі көмекшісі ретінде, президент жанындағы экономика кеңесшілер тобының жетекшісі болды. Еліміздің дамуының жаңадан экономикалық жоспарларын жасасуға тікелей басшылық етті. Кейін Мүлік комитетінің орынбасары, Қазақстанның шетел министрлігінде жауапты қызметкер бұдан кейін Қазақстанның Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан елшілігінде кезекті еңбек демалысына  шыққанға дейін елшіліктің экономика жөніндегі кеңесшісі дипломатиялық қызметін абыроймен атқарды. Қарабектің өзінің өмірбаянында оның қызмет атқарған мекемелері  толық көрсетілген.

Өмір-ай, біз оқу бітірген соң әсем Алматымызда өз мамандықтарымыз бойынша қызметімізды бастадық. Жанұялы жастарға пәтер жалдап тұру оңай емес еді. Барына риза болып жеке үйлердің кішігірім бөлмелерін жалдап тұрдық. Менің ата-анамның көмегі ерекше болды. Дүниеге ұрпақтарымыз келе бастады. Келетін студент достарымыздан басқа таныс әрі сыйлас таныстарымыз да осы құртақандай бөлмеге ақ сарайдай шалқайып отырып мейман болып, келіп-кетіп жататын. Қаражат жағынан қысылсақ та көңіліміз бай еді. Жалдаған пәтерлерден әртүрлі себептермен ұдайы көшіп жүрдік.

Қарабектің қызмет орнынан біреулер босатқан сегізінші ықшам ауданның отызыншы үйінен үш бөлмелі №61 пәтерді бергенінде қуанышымызда шек болмады. «Өз үйім, ақ сарайдай ақ үйім» деп, осы үйде бақытты өмір сүрдік. Ұрпақтарымыз осы үйде өсіп жетілді. Құтты қонақтар мен туыстар да және елден оқуға келген балалар да осы үйде сыйысып тұрып жатты. Қарабектің достары мен сыйлас жора-жолдастары өте көп еді. Біздің үй базар сияқты біреу келіп кетсе, артынан екінші мейман келетін. Бұған Қарабегім өте қатты қуанатын. Ол бірде: «Меймансыз үй берекелі болмайды» деп айтқаны әлі есімде. Берекеміз көп болсын дейтін. Қарабек барлық отырыстарда өте көңілді, неше алуан қызық әңгімелермен қатар Абай мен Омар Һайямның өлеңдерін жатқа айтып және Абайдың әндерін әдемі орындап, отырыстың сәнін құлпыртып жіберуші еді. Қарабек көпшіл, адамдарға бірдей құрмет көрсететін, туысқаншыл, достарына адал және кек сақтамайтын нағыз ер мінезді азамат еді. Облыс орталықтарына іссаппармен барғанда өзімен бірге оқыған жолдастары болса, оның мекенінің алыстығына және жолының ауырлығына қарамай оған жолықпай қайытпаушы еді. Бірде Өскеменге барғанда шалғайдағы аудандағы досына қыстың аязына, жолдың ауырлығына қарамай барғанын айтып, өзінше қуанып отыратын. Қасиетті Түркістанға және өз ауылы «Көлқұдыққа» жыл сайын баруды өте жоғары санайтын. Ағайын туыстарымен және жас кезіндегі достарымен жолыққанын айтып қуанып отыратын.

Қарабегімнің өзі ауырып жатқанда 2007 жылы Алматыдағы «Шалкөде» баспасынан «Іздер, Іздер, Іздер...» атты  он бір баспа табақтық еңбегі кітап болып шықты. Мен «іздері» несі деп таңғалдым. Кейін түсіндім ол  адамның қайдан келіп және қайда баратынын ауырмай тұрып-ақ, жазғанына бүгінде ойланып терең ойға батамын. Ақ көңіл туысқаншылдығы және жолдастарымен сыйластығы өте жоғары болатын. кенже қызымыз Камиланың мектепке баратын уақыты еді. Біз Камиланы алып, Сарыағашта санаторияда демалып жатқанбыз. Бір күні бір азаматты ертіп келіп, мынау менің мектептегі парталас досым деп таныстырды. Келген азаматты мейман етіп күттік. Қарабек оны шығарып салып келді. Сонда қызымыз Камила: «Папа, енді бұдан былай балабақшадағы бірге болған досыңызды ертіп келсеңізші», – дегені. Біз мәз-мейрам болып күліп, қызымыздың тапқырлығына қуанғанымыз бар. Сонда мен: – Мына қызыңның тапқырлығы мен сөзге шешендігі саған тартады екен, – дегенім де, Қарабек: – Онда несі бар менің қуанышым шексіз болар еді, – деп өңінде қуаныштың белгісі сезілгендігін байқадым.

Менің бәйтерегім Қарабегімнің бұл еңбегі тамырын жайған ұрпақтарына мәңгілік ескерткіш болғанына қуаныштымын. Мүмкін Жаратушымыз аян бергенде шығар?! Қарабегіме естелік жазған сыйлас достарының бәрі біздің тілектес құрметті мейманымыз болды. Оларда бізге өзіміз сияқты сыйларын көрсететін. Бүгінге дейін сыйластығымыз да үзілген жоқ. Қарабегім пәни дүниеге аттанғанда оның Қазақстандағы және басқа елдегі барлық достары көңіл айтып келіп, қайғымызға ортақтасты. Бүгінде қатарымыз сиреп азайып барамыз.

Қарабек дипломатиялық қызметінде өзін өте байсалды, артық сөйлемейтін сабырлы болды. Мемлекеттің абыройын көтеруде және арнайы тапсырмаларды орындауда құпиялық пен жоғары жауапкершілікті таза атқарғанын оны қызметтестері құрметтеп, ақыл-кеңес сұрағанынан сезетінмін. Біз өміріміздің алғашқы кезеңдерінде көп қиындық көргенімізбен, кейін бақытты өмір сүрдік. Ұрпақты болдық, балаларымыз өз орындарын тапты. Қызметтерін абыройлы атқаруда және немере сүйдік. Құрметті демалысқа шыққаннан кейін де жоғарғы бір оқу орнының профессоры қызметін табысты атқарды. Қарабегімнің арманы көп еді. Жанұямыздың байтерегі болған өзі таратқан ұрпақтарының қызығын да көре алмады. Аяқ астынан келген қауіпті құпия сырқат оның тәні мен жанын қинады. Қаратқанымызбен ажал оғы Қарабегімді  өзім мен жақын туыстарымның көзінше сөйлеп отырғанында  мәңгілік ұйқыға жіберді. Содан бері зымырап он жыл өтті. Ол әлі менің жанымда жүргендей сезінемін. Қарабегімнің үйдегі керегеде ілулі тұрған суретіне қарап, өткен бақытты, шаттықты, қуанышты кездеріміз көз алдымнан тізілген моншақтай өтіп жатқандай болады. Менің бәйтерегім жігіттің сұлтаны еді. Сол үшін де ол өзімен сыйласқан, араласқан достарына және туыстарына да мәңгілік ұмытылмас тұлғаға айналды.

Жаны жаннаттан, орны пейіштен болғай. Ой, жалған дүние-ай!

 

Тұрғанкүл Құлмаханқызы

Әкімбек келіні

Алматы қаласы

 

 

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15