БӘЙТЕРЕГИМ МЕНІҢ 11 | ||
главная вернуться | ||
ӨТЕ БІЛІМДАР АЗАМАТ ЕДІ Мен Әкімбеков Қарабекпен ұзақ жылдар жолдас болдым, кейін құда болдым. Сыйластығымыз одан да арта түсті. Қаракең өз болмысында, Алланың берген табиғатында жоғары мәдениетті азамат еді. Жоғарғы мектепті Алматыда оқып жүргенінде, оқу озаты, қоғамдық жұмыстың белсендісі ретінде, Ресейдің Новосибирск қаласындағы университетке ауыстырған. Новосибирск қаласы дүниежүзіндегі ең алпауыт ел СССР-дің ғылыми орталығы болатын. Қаракеңе сабақ берген мұғалімдер әлем мойындаған СССР-дің 5 жылдық экономикасының даму жоспарын жазатын ғалымдар болатын, солардың бірі Аганбегян. Жоғары мектепте алған жүйелі терең білімнің арқасында Қаракең кандидаттық дисертацияны өте жеңіл қорғап, экономика ғылымынын кандидаты атағын алды. Алматыда ұзақ жылдар “Халық шаруашылығы институтында” сабақ берді. Мұғалімдер, шәкірттер арасында аса абыройлы болды.”Нан Өнімдері Министрлігінде” “Есептеу орталығының” директоры, Мемлекеттік Жоспарлау Комитетінің экономика институтында басшы қызмет атқарды. Қаракең демалысқа немесе қызмет бабымен Түркістан өңіріне келсе, өз жұмыстарымды қойып, Алматыға қайтқанынша сол кісінің қасында болатынмын. Қаракең тек ғана кәсіби маман емес, жан-жакты терең білімдар азамат еді. Қазак тарихын, шежіресін, қазақ хандарын, батырларын, би-шешендерін егжей-тегжей білетін. Ахмет, Мағжан, Міржакыптардың жарыққа шығатынын ешкім әңгіме жасамайтын кезде айтушы еді. Күні-түні касында отырсаң еш жалықпайтын қазақ тарихынан қызықты әңгімелер айтып беретін. Ол кісінің айтқан әңгімелерін ол кезде еш жерден тауып оқи алмайсың. Төлеген Айбергеновты, Мұқағали Мақатаевты, С. Есенинді бірнеше сағат жатқа айтып беретін. Көп ақындар өзінің шығармасын қағазға қарамай айта алмайды. Әңгімелесіп отырғанда сол кездегі әңгіменің желісіне орай Омар Хайямның рубайларын жатқа айта бастайтын. Қаракеңнің әр мәселеде өз ойы, пікірі болатын. Қай жылы екені есімде жоқ, біздің Түркістан Халықаралық Қазақ-Түрік университетіне 1 айға лекция оқуға шақырумен келген. Сол кезде Елбасының дәстүрлі Қазақстан халқына жолдауы шыққан. Университет басшылығы Қаракеңе мұғалімдер, шәкірттер алдында жолдау бойынша баяндама жасауға ұсыныс айтқан. Сонда Қаракең: «Жолдауды, бәрін газеттен окыдыңдар. Жолдаудың әр тарауы бойынша өз пікірімді айт десеңдер дайынмын, тек газетке жазылғанды айтпаймын», – деген. Осындай әр мәселеде өз ойы, ұстанымы болатын. Қаракең мен Тұрғанкүл апамыздан өрбіген барлык қыздары өздері сияқты мектепті үздік оқып, Мәскеудің жоғарғы оқу орындарын озат бітірген, ағылшын тілін еркін меңгерген. Сондықтан 90-жылдары жұрттың балалары жұмыс таба алмай жүргенде, оларды қаржы мекемелері жұмысқа шақырып, сол кездегі ең жоғарғы еңбек ақы беріп тұрды. Қаракең достыққа адал еді. Достары осы уақытқа дейін Тұрекең апамызбен, бала-шағасымен үзбей араласып тұрады. Қаракең сияқты азаматпен сыйлас болғаныма Аллаға ризамын. Тарихи, шежірелі, әдемі, әсерлі, тартымды, жалықтырмайтын, қызық әңгімелерін сағынып жүрмін. Ш.Исмолдаев Түркістан қаласының құрметті азаматы ӘКІМБЕКов ҚАРАБЕК ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІК Қарабек Қасымбекұлы – КСРО кезіндегі және қазіргі Тәуелсіз Қазақстан Республикасына біраз игілікті жақсы жұмыстар атқарған асыл азаматтың бірі еді. Ол осы кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Балтакөл ауыл әкімдігінің «Көлқұдық» елдімекенінде 1939 жылдың күзінде дүниеге келген екен. Балалық шағы мен жасөспірім кезеңі заманның қиыншылық, соғыс және оның жеңісінен кейінгі ауыртпалықтар кезіне тура келген Қарабек басқа балалар сияқты қиыншылықты аз көрмеген. Әкесі Қасымбеков Әкімбек 1942 жылы әскер қатарына алынып, соғысқа қатысып, одан елге қайтпай дерексіз кеткен. Қарабек жас кезінен үй шаруасына, тапсырылған жұмыстарға тындырымды, пайымды зерек болып өскен еді. Мектепте жақсы оқып, үлгілі болды. Жоғарғы кластарда оқып жүрген кезінен өз ауылдастарының әлеуметтік тұрмыс жағдайларына назар аударып, кемшіліктерін түзетуді ойланар еді. 10 класта оқып жүрген Қаракең 1956 жылы «Оңтүстік Қазақстан» газетіне «Малдың есебі бар да, адамның есебі жоқ» – деген мақала жазып жібереді. Хатқа байланысты тексеріп қараса, шынында бұл аймақты мал жайылымы ретінде иеленуші, 200 шақырымдай қашық тұратын Шымкент, Сайрам аудандарының колхоз басшылығы тек мал санағымен айналысып, адамдармен тіпті ісі болмағандығы анықталады. Сонымен Шымкент, Сайрам аудандарының мекемелерінен тиісті қызметкерлер осы жаққа келіп, 2 ай жатып халықты және балаларға тиісті құжаттарды берген. Бүл жақтағы жергілікті кісілер Қаракеңе көпке дейін алғыстарын айтып, оның аман сау болып, жақсы кісі болуын тілеп отырар еді. Осы Қарекең 1957 жылы орта мектепті үздік бағалармен (күміс медаль) тамамдап, осы жылы Алматыдағы Қазақтың Әл-Фараби атындағы ұлттъқ университетінің «Математика» факультетіне қабылданып, оның 4-курсына дейін үздік оқыған. Осы кезде I960 жылы елімізде (бұрынғы кеңес үкіметінде) аса ірі «Новосибирь» университеті құрылып, оның жоғарғы курстарына студенттерді КСРО-ның барлық университеттерінен іріктеп жинайды. Оқуды 1960 жылдың күзінен ары қарата жалғастыру үшін Қазақ ұлттық университетінен іріктеліп алынған 8-студенттің бірі болған Қарабек оқуды «Новосибирь» университетінде аяқтады. Қарабек Әкімбекүлы оқуды бітірген 1962 жылдан бастап, өмірінің соңына дейінгі кезеңде елімізге біраз игілікті, жақсы жұмыстар атқарды. Мемлекеттік жоспарлау комитеті (ГосПлан) жүйесінде жемісті қызметтер жасады. Қазақстанды нарықты экономикаға көшіру туралы тұжырымдама (1990 ж.) және осыған байланысты басқа да көптеген құжаттарды дайындауға тікелей қатысқан. Президент жанындағы жоғарғы экономикалық кеңесте жауапты қызметтер атқарған, сол кездегі мемлекеттік мүлік комитеті төрағасының орынбасары, Президент жанындағы экономика кеңесшілер тобының жетекшісі болған. Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстандағы Қазақстан елшіліктерінде басшы қызметтер атқарған экономика ғылымының кандидаты, ғалым, дипломат, профессор болып қызмет істеген. Саттарханов Төрегелді – зейнеткер, жездесі. Түркістан қаласы 16 желтоқсан 2009 ж. Алғашқы таныстық (Аз күнгі таныстықты еске алу) Маған Қарекең (Әкімбеков Қарабек) сияқты азамат туралы ой түйіп, оны көпшілікке терең жеткізу қиындау сияқты. Өйткені біз өте кеш араластық та, үйде немесе ағайындардың той-жиындарында қуана кездесіп, жылы сөйлесіп жүргенде, ақкөңіл, жақсы азаматтан тез арада көз жазып қалдық. Қай жылы екені есімде жоқ, өзіміздің туған ініміздей болған Бегалының Қызылордадан Алматыға қоныс аударып келіп жатқан ағайындарына ерулік ретінде жайған ақ дастарханының басында Қарабек, Тұрғанкүлдермен алғаш рет дәмдес болған едік. Жүзі жылы, әңгімешіл жігіт алғашқы таныстықтан-ақ «іші-бауырымызға кіріп», Әбекеңді «Көкелеп», ағынан жарыла, өзін таныстырып еді. Таныса келе білгеніміз: өзіміздің Божбан руынан, әкесі соғыстан қайтпаған, анадан ерте айырылып, қарт әжесінің қамқорлығымен ер жетіпті. Түркістан қаласында мектеп бітірген соң, Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазак мемлекеттік университеті (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) математика факультетінің «Математиканы экономикада есептеу техникасымен қолдану» бөліміне оқуға түседі. Бүл бөлімде оқу ол кезде өте қиын еді. Өйткені қазақ тілінде оқулықтар жоқ, тек қана орыс тілінде болғандықтан, орыс тілін білмейтін ауыл балаларының көбі ілесе алмай, оқуын тастап кететін еді. Ал Қарекең өз бойындағы намысқа ерік беріп, төзімділік, ұкыптылық, ерік-жігерінің беріктігі және қайткен күнде де білім алуға деген құштарлықтың арқасында, түсінбеген жерлерін жаттап ала жүріп, университетті үздік бағамен бітіріп шыққан. Сондықтан жас маман оқу орнын жаңа ғана бітірсе де, бірден жоғарғы деңгейдегі қызметке орналасқан: • 1964 жылдың ақпан айынан 1972 жылдың қыркүйегіне дейін қазақ елінің Жоспарлау Комитетінің экономикалық зерттеу институтында; • 1972-1981 жылдары Қазақ ССР астық өнімдерін даярлау министрлігінде есептеу орталығының директоры; • 1991-1993 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жоғарғы экономикалык кеңестің жетекшісі; • 1997 жылдан бастап, Сыртқы істер министрлігінде кеңесші қызметін – елшілік кеңесшісі ретінде Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстандағы Қазақстан елшіліктерінде қызмет істеген. • 2002 жылы зейнеткерлікке шығып, 2004 жылдан бастап экономика және статистика академиясында ұстаздык еткен. Міне, осындай мемлекеттік жауапты қызметтерде жүйелі түрде еңбек етуі және кызмет бабында тек қана жоғарылап отыруы, Қарекеңнің зеректігін, кез келген ортаға сіңісе, тіл табыса алатын адами қасиеттері мол, өзін өзгенің орнына қоя алатын кішіпейіл, қарапайым, көргені мен естігенін жадында сақтай және талдай алатын, аңғарымпаз, алғыр азамат екенін байқатады. Осы бір ерекше қасиеттері, аз уақыт аралассақ та, біздің де жадымызда қалыпты. Енді Қарекеңдей азаматтың мен байқаған екінші бір қыры – өзінің дүниеге деген көзқарастары, философиялық ойлары. Сонау ескі дүние, ескі дәуір әңгімелері, көне шежірелерді жинақтауы – «Орхон-Енисей» мәтіндеріне, әсіресе, Тоныкөк пен Құлтегін туралы материалдарды зерттей отырып, өз пікірін қағазға түсіруі өте қызықты. Бауыры және қоғам қайраткері – Сұлтанбек Қожанов жөнінде біраз архив материалдарына сүйене отырып, зерттеу жұмыстарының нәтижесі «Қазақ» газетінде жарық көруі қуанарлық дүние дер едім. Сондай-ақ, «Ел тарихы», «Әлемнің жеті ғаламаты» атты танымдық еңбектерімен қатар, «Іздер, іздер» деп аталатын он баспа табақ еңбегі өзінің көзі тірі кезінде жарық көрген. Егер Қарекеңнің ішкі жан дүниесін түсінгісі келген әрбір азамат бұл еңбекті мұқият зер сала оқыса, талай танымдық білім алған болар еді. Тұрғанкүл мен балалары Қарекеңнің дүниеден өткеніне 5 жыл толуына байланысты ағайын-туғандардың басын қосып, мейрамханада ас берген еді. Сол асқа қатысқан өмірдегі сырласы, балалық шақтары бір-біріне ұқсас досы – журналист Қоғабай Сәрсекеев «Қазақ» газетінде Қарекең жайында «Қызыл кемпірдің баласы Қаражан немесе біз білген дос Қарабек жайлы бір үзік сыр» – деген тақырыпта жазған мақаласын жиналған ағайынға таратты. Ac жиынында сөйлеген досы кісі ғұмырында дос болу да, жолдас болу да – бір сын екенін айта келе: «Қарабек зейінділігімен ұнайтын, достыққа бір сыдырғы адал және берік болатын. Осындай қырларымен ол мені баурап алды. Адам жүре-жүре ашылады. Қарабекпен көп сырласатын едім, екеуміз де әкелеріміз соғыстан қайтпаған мұңдас едік. Ел ішінде «Қызыл кемпір» атанған әжесінің аналық махаббатының бір көрінісі – немересіне «Қаражан» деп, ат қойып, «менің балама тең келер бала жоқ» деп дәріптеуі еді. Шынында да, айтса айтқандай, жоғары оку орнын тиянақты, үздік бітіруі, жауапты да лауазымды қызметтерді абыроймен атқаруы – «Қызыл кемпірдің» ойының да, арманының да орындалғаны емес пе?!», – деді. Қарекең туралы көз көрген, қатар өскен азаматтардың қай-қайсысы болса да, оның мінезіне, жүріс-тұрысында зиялылықтың, салауатты әдептіліктің, асқан мәдениеттіліктің өнегесін бойына сіңірген табиғилығына таңдана тағзым етеді. Ұлы Абай: Дүние – мұхит, уақыт – желдей, ұрпақ бірін-бірі ауыстырып, толқынын қуалайды, – депті. Демек, дүниеге келген әрбір азамат жеке бір тұлға, жеке бір өмір. Кім туралы сөз қозғасақ та, өз несібесінің тағдырын арқалаған мәңгілік өмірдің бір-бір ұшқыны, адамзат мұхитының бір-бір тамшысы. Соның бірі – біздің Қарекең. Барыңды, нәріңді, Тірлікте бергейсің. Ғибрат алар артыңа, Із қалдырсаң, Шын бақыт, Мәңгілік өлмейсің, – деген Шәкәрім Құдайбердіұлының пікірі осындай азаматтарға арналған деп түсінейік. Қорыта айтқанда, артындағы ұрпақтары үшін үлгі боларлықтай рухани байлық қалдырған Қарекеңнің гүлдей құлпырған қыздары мен олардың сүйеніштері күйеу балалары, әке атына кір келтірмей, қатарларының алды болып жүр. Қолдан келгенше, ана өмірін ұзарту мақсатында, аналарын алақанға салып, аялап, қамқорлык көрсетуде. Көз қуаныштары немерелері Тұрғанкүлді айналып өсіп келеді. Өмір жалғасуда... Жеңгесі Зият Әбілқызы. Алматы қаласы, 4 сәуір 2013 жыл
| ||