БӘЙТЕРЕГИМ МЕНІҢ

7

 главная                                        вернуться

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15

 

 

 

АҒАНЫҢ ЖАРҚЫН БЕЙНЕСІ

 

Ол қандай адам еді? Ол жақсы адам еді.

Әр заманда, әр кезеңде халқына қадірлі, айналасына абыройлы адамдар болады. Біреу басындағы бақ-дәулетімен, біреу қолындағы билік-мансабымен, енді біреулер бойына біткен өнер-дарынымен атақ-даңққа бөленеді.

Бірақ солардың барлығына бірдей, ортақ, барлығына бірдей қажетті тағы бір қасиет бар. Ол адамгершілік.

Егер ізгі адамгершілікке негізделмесе, жанағы ұйымдардың бәрі де сынаржақ, жалаң тіпті жағымсыз сипат алып кетуі де ықтимал. Кейде сөз қадірін түсіріп, жақсы өнерді аяқ асты қылып, қолындағы әкімшілік күшін зорлық пен қиянат жолына жұмсап, жаманатты болған адамдар өмірде аз кездеспеген. Ал жақсы адам қандай заманда, қай жағдайда да – жақсы.

Ағайындар аузында жақсы атағы қалған қадірлі ағамыздың бірі – Қарабек Әкімбеков еді.

Оның тірлік болмысына бүгінгі шындық тұрғысынан қарап, кезінде тындырып кеткен ісіне жаңаша баға бергіміз келсе де, бәрібір оның жадымызда сақталған жарқын бейнесі күңгірт тартпай, жақсы атағына көлеңке түспей, әлі де сол баяғы таза, биік, ардақты қалпында еске түседі. Ағамыздың сан қырлы сыр-сипатын ой таразысына қайта тартып, оның өз тұсында ерекше жарқ етіп көрінген қабілет-дарынын саралап отырсақ, солардың ішінде ең алдыңғы орында тұратыны – әрине, қоғам қайраткерлігі. Ол өзінің саналы өмірін түгелдей дерлік ресми қызметпен өткізді.

Менің Қарекенді жақыннан жақсы білуім жетпісінші жылдардың бас тұсынан басталады. Біз алғашқы танысқанда, Астық дайындау Министрлігіне қарасты есептеу орталығының директоры екен.

Сол жылдары Алматыдағы мен танитын ағайындардың үлкені белгілі әдебиеттанушы ф.ғ.к. Өмірзақ Есназаров деген ағамыз болған, сол кісінің үйінде таныстым. Өмекең маған ағаң Қарабек э.ғ.к. ғалым сегіз қырлы, бір сырлы. Омар Хайам рубайларын жатқа айтады деп таныстырды. Арамыздағы ағаның ілтипаты мен інінің ізеті сол кезден басталды.

Мейлінше ұстамды, салмақты және сонымен бірге ашық та жайдары мінезімен адамды бір көргеннен-ақ баурап әкетер еді. Мен ауылшаруашылық министрлігінде көлік басқармасының бастығы едім, Министріміз ауысып орнына Мемлекеттік мүлік комитетінің төрағасы Ж.Кәріпжанов келді. Ол кезде Қарекең Мемлекеттік мүлік комитеті төрағасының орынбасары болатын. Ж.Кәріпжановқа жолықпақшы болып Министрлікке келген екен, маған кездесті. Министрден шыққан соң екеуміз біздің үйге келдік. Жұбайым Нұрбике ет асып тамақ жасау әрекетінде жүр. Үстелге бес жұлдызды бір ұзын мойын келіп те қалды, отбасымыздың, ағайынның бақыты үшін тілектестік білдіріп, тосты көтердік.

Арамыздағы ағаның ілтипаты мен інінің ізеті ол кісінің өмірінің соңғы күндеріне дейін үзілген жоқ. Бір қарағанда Қарабек ағаның әр сөзінде әзіл, қимылында қалжың тұрады. Әйтсе де ұға білген адамға солардың арғы астарында белгілі бір байлам, өмірінен өнеге болушы еді. Ол өз ойын ылғи да осындай орынды әзілдерді есі бар кісіге ерекше тапқырлықпен жеткізіп отыратын. Мен бұны Қарекеннің өзгеге ұқсамайтын шеберлігі, шешендігі дер едім.

2007 жылы Сәуір айында Алматыдағы ағайындармен басқосу жиыны болды, сол отырысқа Қарекен де келді. Бұл отырыста Қарекең бұрынғыдай емес, көңілсіздеу отырды. Мен ренішті жайын аңғардым. Жиынның соңында Қареке көңіл-күйініз дей беріп едім, Мұқан, халім ауыр деді.

Содан кешікпей емханаға түсіпті, көңілін сұрайын деп бардым, бір-екі күнде операция жасайтынын айтты. Операция жасап болған соң, дәрігермен хабарласып едім, сәтті жасалғанын айты, бірақ әзірше келіп мазаламауды өтінді. Дәрігердің рұқсатымен емханаға көңілін сұрайын деп келдім, келсем тұрып емін-еркін жүруге мүмкіндігі бар екен, қасында бажасы Жүсіпов Арыстай (мамандығы дәрігер) көмектесіп жүр екен. Жүзінде бір қуанышты сезім бар.

Сол күні «Іздер... Іздер... Іздер» атты кітабы баспадан жарық көрген екен. Сол кітабының оншақты данасы (сигналдық) қолына тиген екен. Соның алғашқы автографын маған жазды. «Мұқан ініме ағалық сезіммен» Қарабек 18.05.2007 ж. Дәрігерлер операциядан соң оншақты күн үйге барып, аздап демалып, қайта келіп емін жалғастыруға кеңес берген екен, үйінде болды. Осы кезде мен үйіне барып көңіл-күйін біліп, Тұрғанкүл жеңгеміздің шайын ішіп, Қарекеңді көлігіме отырғызып алдым да, әл-Фараби мен С.Қожанов көшесінің қиылысына алып келдім.

Ондағы мақсат, саналы өмірін ұлт мүддесі үшін ымырасыз күреспен өткізген көрнекті Мемлекет Қайраткері, Қазақстан өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы болған тұңғыш қазақ ағамыз Сұлтанбек Қожанов 1938 жылы «Халық жауы» деген жаламен атылып, 1957 жылы рухы ақталған, сол ақталғанына елу жыл толуына байланысты жоғарыдағы көшелер қиылысына ескерткіш тақта тұрғызу мәселесін ақылдасу еді. Мен мұнда келген мәселені түсіндіріп алдағы атқарар жоба-жоспарлар туралы айтқанымда, ағамыз көзіне жас алып ерекше толғанысқа түсті. Ағайындардан көмек, қол ұшын беріп жатқандар бар ма? Бір өзіне ауыр тиеді ғой деп бетіме қарады.

Ұмыт болып бара жатқан ағамыздың есімін қайта жаңғыртып, елге еткен еңбегін екшелеп, артта қалған мұрасын іздестіріп, жарыққа шығару, халқына қайта таныстыру мақсатында іздеу салатын, жоқтаушы.

Сұлтекең туралы мен естімеген тың деректерді өзінің кітабына енгізгенін айтты. Арты ұзақ әңгіме болды. Ауыр науқасқа ұшырағанын әуел бастан-ақ білгенді. Бір сөзінде, басымда айтылмаған ойларым бар еді, мына науқас мені жеңіп барады деді. Аузыма келгені Қареке! Қазан құлағын көтеріп, азан шақырып атыңызды Қарабек деп бекер атамаған болар, сіздей сабырлы, шыдамды жанға өлімге асығудың қажеті жоқ, алдағы игілік ісіне қарай серпіліңіз дедім.

Сонымен ескерткіш тақта бітіп, қою рәсіміне ағайындармен бірге, арнайы шақырылған әкімшілік өкілдері, тележурналистер келді. Қарекең өзі сондай ауыр науқаспен, тіпті үмітсіз дертпен «әне-міне» деп жатқан кісінің бастысы сау күніндейінше Сұлтекенді ойлап, ағайындарды көруге ажал арпалысында жатып, күш қуат, мүмкіндік тауып келуі – ғажайып бауырмалдық қой.

Ескерткіш ашылуында сөйлеген сөзі қоштасу сөзіндей болды, денесі қозғалақтап, қисайып барып, әрен түзелді. Осы кездесуден кейін көп ұзамай Қарекең бұл дүниеден аттанды. Мүмкін Қарекеңнің өмірінің соңғы сәтіндегі ағайындар арасында айтылған ақырғы сөзі де осы болар.

Әйтеуір туған-туыстар алдында айтылған сөзінің ақыры осы екені маған мәлім. Мынау адамдық тірлікте сондан-сондай кісілер болғаны, оны көргенің – дүниенің саған берген бар олжасы, бақыты секілді көрінеді екен. Қарекеңнің адамгершілік қасиетінің жарқын бір қыры оның отбасына деген әкелік мейірімі.

Менімше ол кісінің перзенттері әке қамқорлығына өмір бақи борышты. Қарекеңнің қара шаңырағының берекесін келтіріп, елу жылдай отын маздатып, түтінін тура шығарып отырған бір жан бар. Ол біздің қадірменді жеңгеміз Тұрғанкүл. Өз басым ағамыздың Тұрғанкүл жеңгемізге деген сүйіспеншілігі жайлы айтқандарын естігенмін.

Өз ретінде жеңгеміздің де құдай қосқан қосағына деген сый-құрметі барша ағайынға үлгі боларлық өнеге.

Алайда, дүниеге келмек парыз, кетпек парыз, деп санайтын жұмыр басты пенде үшін өмірдің ұзағы емес, мәнді де сәнді өтуі мұрат. Өзіңмен ел күңірене қоштасты. Сонын бірі мен едім. «Алдын пейіш, артын кеніш болсын!» деп мен де қоштасқан едім.

Содан бері, міне алты жылда болып қалыпты. Еліңіз аман, жұртыңыз тыныш. Сізді ешкім де ұмытқан жоқ. Соның бір белгісі – ескерткіш ретінде дүниеге келген «Ғұмырнама» кітабыңыз. Қабыл алғайсыз, қадірменді Қареке!

Бұл Тұрғанкүл жеңгеміздің Сізге арнап орнатқан «ескерткіші» десек те болады.

 

Мұқан (Мүбарак) Әбдіраманұлы

Сұлтанбек Қожанов атындағы

қайырымдылық қорының Президенті

 

 

 

 

 

Қарабек досым

 

Бірінші курста Виноградов көшесі №88 үйдегі жатақхананың 70-бөлмесінде 12 студент бірге тұрдық. Біразы жыл соңында оқуларын тастап кетті. Осы бөлме біздің құт мекенімізге айналды. Өмірлік достығымыз осында қалыптасты.

Ол кезде Виноградова 88,

70-тің жігіттері атандық біз.

Бірге өстік достық сезім, армандармен,

Қалдырып мәңгі өшпес, айқын бір із, – деген шумаққа негіз болды. Олар: Сұлтанбеков Қалдыбай, Алимов Салық, Байзақов Бейсенбай, Акимбеков Қарабек, Марденов Жанат, Ахметов Полат, Жүнісов Сәруар, Қайдаров Қажыкен және мен Көлекеев Кеңес еді.

Жатақхана тұрғындары біздің ауызбірлігімізге, адамгершілік қасиеттерімізге ерекше қызығатын, 70-тің жігіттері деп құрметтейтін. Осылай болуымыздың ұйытқысы Қалдыбай, Салық, Бейсенбай, Қарабек, Сәруар парасатты, пайымды, әділетті еді. Ортамызға келесі жылы Ибрагимов Адамбай мен Қазыханов Өзбек те келіп қосылды.

Студенттік қызықты өміріміз осы достарымызбен, бірге оқитын Бапаева Шәйзада, Шокижанова Мәрия, Қаражанова Қайыржан, Абдаржанова Әлима, Тілегенова Алуа, Дощанова Мәруә, Ысқақова, Тоқсеитова Роза (физик) деген қыздарымызбен, тыңда да бірге, шыңда да бірге, сында да бірге деп әндетіп өтті.

Қарабектің ерекше қасиеті кез-келген адаммен шүйіркелесе сөйлесіп, көңілінен шығып, арасында күлкілі әңгіме, әзіл-оспақ айтып, мейірлендіріп отыратын. Қыздарымыз оны өте қатты сыйлайтын, олардың ортасында емін-еркін жүретін.

Жатақханамыздың 3-этажының шығыс бөлімінде үлкен кітапхана, оқу залы бар еді, көп уақытымыз осында өтетін. Сенбі, жексенбі күндері қаладағы орталық Пушкин кітапханасына кететінбіз. Кешкісін бөлмемізде шай үстінде әңгіме-дүкен құратынбыз, көрген-білген, оқыған-түйгендерімізді ортаға салатынбыз, отырып есептер шығаратынбыз, осының бәрінде Қарабектің ойы ұшқыр екендігі байқалатын.

Қайран менің, Қарабегім,

Ортамызда дарам едің.

Қиындыққа мойымайтын,

Жаны жайсаң, сара бегім.

Ақылы асқан, саналым ең,

Ойы даңғыл, салалым ең.

Ерте кеттің бізді тастап,

Жүрегі кең, бағалым ең.

Дәл өзіндей сырласатын,

Көңілдегі күйді ашатын,

Алыс қалды достарым,

Мауқымды бір басатын.

Орта мектепті 1957 ж. бітіріп, жоғары оқу орнына түскелі Алматыға келдік. Еңбек Қызыл Ту орденді, С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің, механика-математика факультетіне келген біздерге, сол кездегі Виноградов көшесі №88 үйдегі жатақханадан орын берілді. Түсу емтихандары 1-тамыздан басталатын, жатақханаға арнайы дезинфекциялық бақылаудан, моншадан өтіп, 28-шілдеде орналастық.

Емтиханға дайындала бастадық, Никольский базары мен шіркеуінің төңірегінде әдемі көгал скверлер, отыратын орындықтар, күндіз біз сияқты оқуға түсушілердікі болатын. Комсомол көшесіндегі Университет ғимаратында күн сайын әртүрлі пәндерден консультациялар өткізіліп жатты. Осы сабақтарда белсенді үміткерлер көзге түсе бастады, жатақханада таныстық, белсенділердің біреуі Қарабек екен. Жақын араласып, Түркістаннан, М.Мәметова атындағы мектепті осы жылы бітіргенін білдім. Ақжарқын, сөйлескен кісісін өзіне тартатын қасиеті бар екен. Консультацияда қаралған есептің біразы Антоновтың жоғары оқу орнына түсушілерге арналған есептер және жаттығулар жинағынан екенін Қарабектен білдім. Біздер ондай кітапты көрген де, естімеген де едік.

Математикадан жазбаша алғашқы емтиханнан «үш» алдым, кластас досым Райымбек Шахабаев «екі» алды, көңіл-күй түсіп, ауылға қайтпақшы болып жинала бастадық. Қарабек және екі жасы үлкен жігіттер мені тоқтатты. Қалған емтихандарда «бес» алсаң оқуға түсесің деді. Айтқандары келіп мен де, Қарабек те оқуға түстік, бір топта оқи бастадық.

Жоғарғы курс студенттері ақыл-кеңестерін айтып, біздерге қамқорлық жасап жүретін. Ойын-сауықтар, кештер жатақхананың кіре берісіндегі алаңында, екінші этажындағы фойесінде немесе оқу залында ұйымдастырылатын. Әндер айтылып, билер болатын. Қарабек, Бисенбай, Салықтар университетте ұйымдастырылған би «кружогына» қатысып, үйреніп, сауаттарын ашып алды. Үшеуі кейде өлеңдер жазатын, ұйқастары көрінбей қалса қыран-топан күлкіге бататынбыз.

Бәріміз спорт секцияларына қатыстық. Қарабек, Бисенбай, Салықтар штанга (зілтемір) секциясына, мен боксқа, Шияп жеңіл атлетикаға, Қалдыбай волейболға қатысып, университет көлемінде аздап нәтижелерге қол жеткіздік. Әсіресе Жанат Марденов шахматтан Республика чемпионы атағын алып, жұлдыздай жарқырады. Бірде Жанат бес жігітімізбен, өзі төсегінде жатып, ойнағаны бар. Қарабек оның бір фигурасын «жымқырып», бізге көзін қысып, ымдады. Ал Жанат оның бұл әрекетін біліп қойды, бәріміз ішек-сілеміз қатқанша күлкіге баттық.

 

 

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15