БӘЙТЕРЕГИМ МЕНІҢ

4

 главная                                        вернуться

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15

 

 

 

Айта кетейін, мүмкін біздің қолымыз жеткен табысымыз жаңа математикалық әдістемелердің беделі болар. Бірақ біз көтерген бастамашылық, Қарабек екеуміздің бірге шыққан мақалаларымызды және кейіннен экономика ғылымынан докторлық атақ алған Күзембаев, Түркебаев, Белгібаев, Исаева, Қамшыбаев, Есентүгелов, Қалдыбаевтарды мақтанышпен айтуға болады. Осы азаматтардың еңбектерінде Қарабек екеуміздің солармен бірге төккен теріміздің,  шығарған есептеріміздың, жазған мақалаларымыздың бір тамшысы бар екенін мақтана отырып айтуға болады. Олардың қай қайсысы да жоқ, Сайлаудың мынасы өтірік деп айта алмайды. Бұлар тек біздің экономикалық жоспарлау комитетінің төңірегендегі ғылым докторы аталғандары ғана. Ал экономика саласынан кандидаттық атақ алғандары қаншама?

Үшіншісі – инвестициялық тиімділік экономикасы. Осы атпен Қарабек басқарған бөлімше негізге қорлардың тиімділігін зерттеп ғылыми техникалық жетістіктерін есептеуден де жақсы жетістіктерге жетті. Ол белгілі зат. Өйткені инновациясыз инвестиция экономиканы тығырыққа тірейтін құрал.

Төртіншісі – экономикадағы саларалық баланысты талдау, олардың арасындағы байланысты зерттеу тақырыбы. Осы төрт бағыт бойынша да Қарабек Қасымбекұлы өзіне қамшы салдырмайтын майталман, өз жұмысын жақсы білетін кәсіби маман еді. Онымен жұмыс істеу бір ғанибет болатын, ісіне риза болып отыратынсың. Бұл салада бізден басқа жеке Қамшыбаев, Изтілеуовтар басқарған бөлім болды. Бірақ күні бүгінге дейін бұл бөлімде біздің еншіміз қалып отыр.

Кейін Қарабектің қызметі жоғарылап Азық-түлік дайындау министрлігінің Есептеу орталығының директоры болып кеткеннен кейін оның жұмысын Жамбыл мен Шәкен жалғастырып кең көлемді еңбектер жазып жариялады, оның  жарияланбағандары қаншама еді. Айта кетейін мен білетін болсам Жамбыл Қапарұлының архивінде толық бір докторлық диссертацияның дайын материалдары жатуы керек. Ол туралы Жамбылдың жұбайы Фаузия Сұлтанқызы анығын білуі ғажап емес.

Қарабек Қасымбекұлы менің тек қана ғылыми серіктесім емес, жан серігім де болды. Біз жұмыстан қайтарда бір-екі сағат, кейде одан да көп  жаяу жүріп, ғылыми тақырыпқа пікір таластыру туралы болмасын, дос-жарандар арасындағы қарым-қатынастар туралы  болмасын, жан дүниемізді тегіс ақтарып тастаушы едік. Қарекең өмірге өте құштар жан еді. Мені тек ғылыми жетекші ретінде ғана емес, досы ретінде, профессор Михаил Яковлевич Лемешев екеумізді әйелдерімізбен қоса (бізбен бірге М.Я. Лемешовтің баласы Кирилл да бар), Түркістанға апарып қонақ етуі бір тарих. Елінің экономикасымен, оңтүстік қазақтарының салт-тұрмысымен жата-жастана жүріп таныстық. Қарабек тек математик-экономист емес, ғұлама тарихшы болатын. Бос уақыттарымызда Қарекең бізге қолына Бартольдтың алты томдық қазақ тарихын ұстап отырып, қазақтардың бүгініне қоса, өткен тарихын да егжей-тегжейіне жеткізе таныстырды. Кейін Ходжановтың өмір тарихың дұрыстап кітап етіп жазып шықты. Көптеген мақалалар жазды. Шын мамандығы тарихшы болар ма еді, қайтер еді.

Қарабек жұмсақ мінезіне қарамай, өте намысшыл, адамгершілігі мол жігіт еді. Оның намысшылдығына бір мысал келтіре кетейінші. Сол біз елінде жүргенде, күндегідей әзілдеп «ішпей-жемей мас болдық-ау, Қарабек» деп қалып едім, ол маған қатты ренжіп, кейіп қалды, әжептәуір намыстанып қалыпты. Сәке «іше алмасаң, жей алмасаң өзіңнен көр» деп айтып салды. Менікі ойын ғой деп едім, ауыл ақсақалдары сені, мені, біздің  сөзімізді құдайдың сөзіндей тыңдайды, сыйлайды. Қашықтағы ел іші қалжыңды түсінбейді, ондай қалжыңды Алматыда айтсаңызда болады деп маған қатты-қатты айтып тастады. Менің келіспеуге амалым қалмады.

Қарабек маған тек қаламдас серіктесім ғана емес, оның үстінде менің тағдыр қосқан адал досым еді. Екеуміз істейтін институтта бір топ бірге оқыған жігіттер аз уақытта, бір мезгілде жинала қалыппыз. Олар: Жамбыл Қаппаров, Арыстан Есентүгелов, Шаймұрат Габдулмулинов, Ораз Қалдыбаев, Қарабек және мен. Тағдырлас дейтінім Қарабектің елде жалғыз ағасы бар екен. Бірақ ол көптен науқас екен, одан басқа ешкімі жоқ. Тек елде әжесі қалған. Бірақ ол да кейінірек дүние салса керек. Қарабектің ол әжесі туралы жақында еліміздің белгілі жазушысы, «Қазақ» газетінің бас редакторы Қоғабай Сәрсекеев досымыз, өз газетіне көлемді очерк мақала жазып жариялап Қарабектің ұрпақтарын бір қуантып тастады.

Ал Арыстан болса, Есентүгеловты айтам, ол Алматыға қарт анасымен, студент інісімен (Аққазы Есентүгелұлы), ал Жамбыл досымыз жалғыз анасымен көшіп келді. Менде ауылда қалған анамды және інім мен қарындасымды университет бітірісімен Алматыға көшіріп алдырдым. Сөйтіп, Қарабек, мен, Арыстан және Жамбыл оқу бітірген жоғары білімі бар, таудай талаптары бар төрт бірдей албырт жігіт бір институттың ауласында кездесіп, қаламдас, тағдырлас болып шыға келдік. Сол біздің тарихымызды естіген Жамбылдың бір жақын қайын ағасы, аты ұмытпасам Ғалымбек болуы керек: «Жастық шақтың ауласында,

Шақырып жыр дауылын,

Біздер жүрген, күндер қайда,

Білмедің бе бауырым», – деп әндетіп отырғанын естіп қалдым. Сол ән біздің тағдырымызға үндес-ау деймін, әлі күнге дейін естен кетпейді.

Шыны керек сол кездері біз ешқайсымыз да аш-жалаңаш боламыз-ау, далада қаламыз-ау деген ойларды ешқашанда ойлаған емеспіз. Өмір сүруге құштарлық сонша, күн демей, түн демей жұмыс істеуге дайын едік, бәріміз бір кісідей жанталаса, жұмысқа кірісіп кеттік. Сонымен қатар біздің ешқайсымызда  баспанасыз екеніміз, атадан қалған бір тиындық мұра да жоқ екені есімізге келмепті. Менің есімде ол кездегі біздің жанұямыздың байлығы аналарымыздың сандықтары болатын. Ол осы төртеуміздің үйіміздің босағасында бүгінгі күнге дейін тұрса, ғажап емес.

Бір күні өмірге құштар Қарабек Қасымбекұлы «Лениншіл жас» газетін оқып отырып, бір мақалаға көзі түсіпті. Бір әулеттің Ақсақалы кемпірі өліп келінінің қолына қарап қалыпты. Ол ерте тұрып малды жайылымға жіберіп тұрады екен. Қария азанда, малын өріске айдап жіберіп, үйіне қайтып келе жатса керек. Келіні үйінің сыртында дәрет алып отырса  керек.  Ол алдына қарсы келіп қалған атасын көріп, атып тұрыпты. Сонда қария «Отыра бер, қалқам, айналдырған бес алты үй Байназармыз, бірімізден-біріміздікін несіне жасырамыз» – депті.

Сол мақаланы оқып шыққан Қарабек, мынау тарих бір-бірімізбен араласып кеткен, ұялас болуға айналған, тура біздердің өміріміз екен дегені бар емес пе. Расы да солай болып шықты. Бізді жұрт Байназар әулеті деп атап кетіпті. Ақыры біз Жамбыл, Қарабек, мен, Арыстан, Ораздар және бізге қосылып жүрген Өтеш деген ұлты қарақалпақ досымыз (әйелі ұйғыр еді) Жамбылмен біраз жыл қызметтес болған көрінеді. Міне, осы алтауымыз Байназар әулеті болып шыға келдік.

Сол кездері сырттан келген қонақтарға барлық әйелдер бірігіп ас дайындауға кіріссе, біз барлығымыз бірігіп қонақты бірігіп күтіп алатынбыз. Әсіресе біздерді ғылыми жұмыс жағы қызықтырғасын, бізге ғалымдар көп қонақ болатын. Біз бір қой сойып алты қой есебінен алты үйде қонақасы беріп жүрген күндер де болды. Барлық үйдің дұрыс ыдыс-аяғы, әдемі төсек-орындары болса, осы қонақтарды күтуге арналатын.

Тіпті қонақтарды кімнің үйіне қабылдайтынымызды және қайда түстенетіндерін бірге отырып шешіп жүрдік. Бір қазан дұрыс қайнаса, оған бәрімізде табақтас болуға айналдық. Осы достықтың басын біріктіруде де  Қарабек пен Тұрғанкүлдің еңбегі көп болды. Қарабектің 75 жылдығын еске алып, ат шаптырып аламан бәйге ұйымдастырса да немесе сол күнге арнап конференция, семинар өткізсе де артық емес деп ойлаймын. Ал Қарабек, жатқан жерің өзіңе жайлы болсын, артыңдағы біздер, саған қараған әулетің мұнда, аман есен жүре беруіңе тілектес бол. Иманың өзіңе жолдас болсын!

 

Сайлау Байзақұлы,

экономика ғылымдарының докторы, профессор

ҚЫЗЫЛ КЕМПІРДІҢ БАЛАСЫ ҚАРАЖАН

немесе біз білген дос Қарабек жайлы бір үзік сыр

 

Кім-кімнің де бір наны таусылатын бұйрықты күні бар. Суық хабар жетті. Қимас дос Қарабек өмірден өтіпті... Қарашаның 25-нен 26-на қараған түн. 2007 жыл.

Жыл дегенің де жылғадан аққан су сияқты-ау, міне, сол бір каралы күнге де бес жыл толыпты. Жары Тұрғанкүл бастаған отбасы осы күнге байланысты ағайын-туыс, дос-жаранды жиып Қарабекті еске алу кешіне ниет қылған хабарын естіп, көңілдің ақпарат бөлімін ашуға тура келді.

Тұңғиық ой кептеледі кеудеде. Бәрі есте. Досымыздың өмірбаяны жадымызда ғой. Әкімбекұлы Қарабек 1939 жылы қыркүйектің бесінші жұлдызында Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты қасиетті Түркістан ауданында дүниеге келген. 1957 жылы осы қаладағы 10 жылдықты бітіріп, сол жылы Киров атындағы Қазақтың мемлекеттік (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) универсиетінің математика факультетіне келіп оқуға түскен, оны 1963 жылы математиканы экономикада есептеу техникасымен қолдану мамандығы бойынша ойдағыдай бітірген. Оқуын бітіре сап республикамыздың жоспарлау комитетіне қарасты Экономика ғылыми-зерттеу мекемесіне қызметке қабылданады да, 1971 жылы экономика ғылымының кандидаттығына дисертация қорғаған.

Ол 1964 жылдың ақпанынан 1972 жылдың қыркүйегіне дейін қазақ елінің Жоспарлау комитетінің экономикалық ғылыми-зерттеу институтында 1972-1981 ж.ж. Қазақ ССР Астық өнімдерін даярлау министрлігінің «Есептеу орталығының» директоры, 1991-1993 ж.ж. ҚР Президентінің жанындағы Жоғарғы экономикалық кенестің жетекшісі болды. Қарабек Әкімбеков 1993-1995 ж.ж. аралығында Республиканың жекешелендіру комитеті төрағасының кеңесшісі және орынбасары қызметінде, 1997 жылы ақпан айынан бастап Сыртқы Істер министрлігінде кеңесші, елшіліктің кеңесшісі ретінде Өзбекстанда, Тәжікстанда және Түрікменстандағы елшіліктерде қызмет істеді, 2002 жылы зейнеткерлікке шықты. 2004 жылы қыркүйек айынан бастап Экономика және статистика академиясында ұстаздық қызмет атқарды, профессор болды.

Қарабек туа бітті зерек дейтіндей жігіт еді-ау. Оның өзі де, көзі де қырағы-тын. Ол байқамайтынды байқайтын аңғарымпаз, көргенін, естігенін жадында жақсы сақтайтын жан-ды.

Екеуміздің танысып, табысуымыз Сайлаудың үйінде басталды да әрі қарай жарасып, жалғасын тауып жүре барды. Сайлау деп отырғаным – кәдімгі Сайлау Байзақов, бүгіндергі экономика ғалымдарының докторы, профессор, зор ғұлама ғалым.

Біздің мектеп қабырғасынан бірге өскен Сайлау досымыз табиғатынан көпшіл азамат, Сайлаудың төңірегінде бір шоғыр математик-экономист ғалым жігіттер жүретін және бұл жігіттердің өзара аралас-құраластығы ерекше-тін әрі сыйластықтары шынайы еді. Сайлау, Қарабек, Жамбыл, Арыстан, Ораздарды жұрт «Бес үй Байназар» дейтұғыны да жадымызда. Иә, ол да бір дәурен, өткен өмір...

Жолдастық, достық ғұмыр да кісіге бір сын. Маған Қарабектің зейінділігі ұнайтын, достыққа да бірсыдырғы адал еді. Осындай қырларымен ол мені баурады. Адам жүре-жүре ашылады, Қарабек екеуіміз көп сырласатын болып алдық. Жетім өсіпті. Әжесін жұрт «Қызыл кемпір» деп атайды екен, сол кісінің бауырында өскен, шешесінен ерте айырылыпты, әкесі соғыстан оралмаған. «Қызыл кемпір» Қарабекке «Қаражан» деп ат қойып, немересіне жан теңгермей өтіпті бұл жалғаннан.

Біздің де өміріміз осы тақылеттес, мен де әжемнің қолында өскенмін, әкем соғыста өлген, алты айлығымнан әжемнің бауырында қалыппын. Маған иігендігі соншалық, тас емшегінен сүт шығыпты-ау жарықтықтың! О, тағдыр...

Енді Қарабек екеуміз мүлдем жақындасып кеттік. Отбасымызбен шүйіркелесіп, араласатын болдық. Сайлау досымыз бастаған орта жұбымыз жазылмай, ойын-тойда бірге жүретін едік.

Осындайда Қарабекпен кездесіп қалғанда ол өзінің кішкентай кезін баяндайды, басқаларымыз да ағыламыз. Қарабек өз әжесі «қызыл кемпірді» жырлайды, мен болсам өзімнің Жағалтай әжемнің зарын төгемін... «Зары» деп отырғаным – бертін әжемнің көзі көрмей қалған-ды, мен оның «сүйеу балдағы» – жетектеп жүруші ем... Бұл – бір сара әңгіме... Келесі кезекте Қарабек өзінің бала кезіне және көшіп, көсіліп кетеді Түркістанын алға салып. Мен де қалыспаймын – төртінші кластан «жас тілші» атанып, мақала жаза бастағанымды – бүкіл «Торғай дуанды» аузыма қаратқанымды айтамын... Ол бір сәт мектептің соңғы сатысында жүріп жоғары жаққа қоймай-қоймай хат жазып, ауылды жерде бұрын бола бермейтін төлқүжат – жұртқа паспорт алып беріп, елдің алғысына бөленіп, атын шығарғанын масаттана баяндайды, ал керек болса, мен енді не айтайын – қалыспау керек, мектеп қабырғасында жүріп «дүркірете» жазған мақала-фельетондарымды айтып гөйітпеймін бе...

Күлісіп алып және бөсетінбіз, ол Түркістанымен мақтанады, мен Торғайыммен масаттанам, әбден шабыттанып алған Қарабек енді бір кез тіпті тереңдеп, қасиетті Арыстан бап, Қожа Ахмет Ясауи, әл-Фараби, одан бері келіп Мұстафа Шоқай, Сұлтанбек Қожановтарды алға тартады. Бұл тұста мен де күжірейіп кетем: Шақшақ Жәнібек, Ыбырай Алтынсарин, Аманкелді, Әліби, Кейкі, Әбдіғапар хан, Ахмет Байтұрсынов, Міржакып Дулатов алдыңғы планға шығады... Сондайда Қарабектің көзі жалт-жұлт жайнап: «Жә,..» – деп алып және кызады. Өзінің оқымағаны жоқ, сонау бағзы заманнан күні бүгінге кеп бір-ақ тірелетін. Ара-арасында Пушкиннен, Лермонтовтан, Есениннен жаттаған өлендерін қосатынын қайтерсің... Әлі есте, ол әлемнің жеті ғаламатын құлай айтушы еді, кәдімгі кісінің көз алдына кино көріп отырғандай тізіп елестететін. Әуелі: «Сонау бағзы заманнан бері адамдар сан түрлі керемет ғимараттар, кұрылыстар, т.б. архитектуралық ұлы және адам айтқысыз көрікті сарайлар салуға тырысқан. Олардың барлығы адам қолымен, мыңдаған құлдардың еңбегімен жасалған дүниелер еді. Христиандар, Буддистер, Кришнаиттар, Сикхтар, т.б. діндердің өкілдері өздерінің қасиетті жерлеріне көрген адам таң қаларлықтай сәулетті, бүкіл ұрпақтары қастерлейтін әулиелі, бірақ тек өз ілімін ғана дәріптейтін орындарға айналатын             көркем            құрылыстар салуға тырысқан. Біртіндеп жүздеген, мыңдаған жылдар өткен соң олар әр діннің өзіндік рухани орталығына айналған. Ғасырлар өткен сайын олардың рухтық әсерлері күшейіп, даңқтары             жаңғырып, халықтың кұдайға, әулиелерге, қасиетті күштерге сыйынатын, олардан медеу, жәрдем сұрайтын орындарына айналып, адамдардың ең көп жиналатын жайларына айналған. Бұл күндері олардың барлығы дерлік туристік орталықтар», – деп алысқа кетеді де одан әрі: «Бұл жеті ғаламат санатындағы ғимараттар мен құрылыстар әр түрлі дәуірде, ғасырларда орындалғандықтан, олар туралы каншама көркемдеп жазғанымен еш тарихшы да, жазушы да өз көздерімен олардың барлығын аралап көре алмаған. Аталған ғаламаттар туралы жазушылар және айтушылар өздерінен бұрынғылардың қалдырған жазбаша және ауызша дүниелеріне, әр түрлі аңыздарға сүйенеді, соларды зерттеді, сонан соң барып өз туындыларын калдырды. Дегенмен қазіргі уақытта сол ғаламаттардың қалай салынғаны туралы инженерлік есептер мен амал-әрекеттер бір ретке  келтірілген, сондықтан олардың адам күшімен қалай салынғандығы ғылыми тұрғыдан дәлелденілген шыңдық» деп сөзін ұштай түсетін. Бұдан соң ол жеті ғаламатты тізеді. Бұл кезде Қарабекті тоқтату мүмкін емес. Өйткені ол сол жеті қазынаны өзі өз көзімен көрген. Аралаған.

Мәселен, Қаракең нөмірлеп айтатын бірінші қазына «Хеопс пирамидасы». Каир қаласына жақын жердегі, Ніл дариясының сол жағына орналаскан Гиза аймағына салынғандықтан бұл пирамида Гизадағы Хеопс пирамидасы деп аталады екен. Барлық ғаламаттардың ішінде осы уақытқа дейін толық сақталып келген бірден-бір ғимарат, оның биіктігі – 147 метр Эйфель башнясы салынғанға дейін жер бетіндегі ең биік кұрылыс болып келіпті. Бұл пирамида Египетте б.з.д. 2551 жылдар шамасында билік қүрған Хуфу деген фараонның табытханасы (кесенесі) ретінде өзіне арнап салдырған ғимараты. Хуфуды гректер Хеопс деп атайтын болғандыктан ол тарихта «Хеопс пирамидасы» деген атпен белгілі болған.

Екінші ғаламат – «Олимпиядағы Зевстің мүсіні». Ертедегі гректердің бас кұдайы болып есептелген Зевстің кұрметіне б.з.д. 433 жылы атақты скульптор Фидий жасаған мүсін. Оңтүстік Грекиядағы Олимпия биігінде арнайы салынған храмның ішіне орналастырылған бұл статуяның биіктігі – 13 метр. Үлкен де биік таққа отырған Зевстің бейнесін сәулелендіруге тоннадан артық алтын, соншама піл сүйегі пайдаланылыпты. Жасалған статуяның үйлесімді өлшеулері, ұқыптылықпен безендірілуі оны көрген кісілерді таң калдыратыны соншалық олар тірі құдайды көріп тұрғандай сезінетін болыпты.

 

 

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15