Научно теоретические материалы VI Международного конгресса
"КАЗАХСКИЙ УЧЕНЫЙ-ЦЕЛИТЕЛЬ ОТЕЙБОЙДАК ТЛЕУКАБЫЛУЛЫ"
3
«ҚАЗАҚТЫҢ ҒАЛЫМ ШИПАГЕРІ ӨТЕЙБОЙДАҚ ТІЛЕУҚАБЫЛҰЛЫ»
АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНГРЕСІНЕ
(Тараз. 24 – 26. 2009 ).
А Р Н А У
Қожалымов Зядан
Ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
Ассалау мағалайкум ағайындар,
Ежелден ел жұртына бағалылар.
Шипагерлер конгресі құтты болсын!
Ел өнері тарихында орны барлар.
Баласағұн, Қарақан, Айша бибі,
Орта ғасырдың ғұлама-киелісі.
Жиырма ғасыр тарихын атап өткен,
Қасиетті Таразыма қош келдіңдер!
Тәуелсіз еліміздің туы астында,
Жоғалған дәстүрлері оралуда.
«Мәдени мұраның» бір саласы,
Шипагерлік өнер де гүлденуде.
Атаусыз кеткен еді емшілікте,
Бүгінде танылды ғой елімізге.
Қазақтың тарихы жоқ қасиеті,
Кереметі тарады бар әлемге.
Тәуелсіз ел еңсесі биік деген,
Қазақ елі көрінуде биіктерден.
Нұрекеңнің еңбегі бағаланып,
Қазаққа ЕврОдақ төрін берген!
Еленді еңбектері емшілердің,
Алғысына бөленіп жамиғаттың.
Елбасы жолдаған «Алғыс хаты»,
Күш берді қатаюына қанатының.
Алматы да басталған конгресің,
Жалғасуда басқаруында Зиякеңің.
Он сегіз жыл тарихы бар Қауымдастық,
Меңгерді ғылымында тылсымның.
Бәрімізде қонағымыз бұл жалғанның,
Жақсы ғой орындалуы бар арманның.
Алтыншы рет бас қосқан бұл отырыс,
Орын алды-ау, төрінен Таразымның!
Шежіресінде халқының жазылмаған,
Тарихынан ғұламалар орын алған.
Жаһангер асылдардың көшін бастап,
Шипагер Өтейбойдақ дараланған.
Жетісу, Жаркент пен Нұралары,
Омбы мен Торғай, Сырдариясы,
Қасиетті мекені қазағымның,
Шипа ілімі орнына айналғанды.
Даланың дарабозы Өтейбойдақ,
Әз Жәнбек ханнан бата алғанды.
Шу бойы Қозыбасы Ақ Орда да,
«Шипагерлік баяны» жазылғанды.
Өтейбойдақ қазаққа асыл адам,
Ғылымиға ілімін айналдырған.
Фараби мен Баласағұннан қуаттанып,
Өшпейтығұн іліми із қалдырған.
Жасады медицина ғылымы негіздерін,
Үш шыңы тағы алты белестерін.
Бір еңбекке сиғызып топ ғылымды,
Сөздік пен пәлсафалық шежіресін.
Перзентін Шәлкөденің Айғайтасы,
Жаратып, жер қойнына жасырғанды.
«Шипагерлік баяны» ұрпағына,
Онбесінші ғасырдағы аманаты
«Шашты әзіздің» артында сөзі қалды,
«Шипалық баяндай» көзі қалды.
Жат елде жарты ғасыр қонақ болып,
Туған елге дүние-ай, қайта оралды.
Жатсынбады туған жер өз баянын,
Ғалымдары қазақтың білді мәнін.
Қытайдың да мемлекеттік сиын алып,
Қуантты ол жақтағы қандастарын.
Орындалуда шипагердің аманаты.
Бұлдағы ғалымдардың таза еңбегі.
Құт болып баба аяны Зияданға ,
Зерттеуі «Шипа баянды» дараланды.
Дүние бір қисық жол бұраңдаған,
Ұрпағы ғой бабаның «Шипа баян».
Іске аспаған арманы жүзеге асты,
Бес ғасырда қайтадан нұрын шашқан.
Жыр маржанын тізілтіп теремін мен,
Бабаларымыз алдағыны көре білген.
Төрт мың жылды болжаған ілгеріде,
Ғарышпен байланысқан Майқы бабам.
Артта қалды қиындық өткелдері,
Жаңаруда өмірдің көп белдері.
Көріпкел, болжамалық қасиетті,
Машқұр Жүсіп, Шәкәрім дәлелдеді.
Көреалмаса, көрмесін күндес деген,
Қайтаоралдысегізқырлықасиетің. Қазақ, Орыс, Ағылшын тілдерінде,
Қауымдастық көрінуде интернеттен.
Емшілер жақсылығы көрінуде,
Білгендері ілім болып өрілуде.
Газеті «Шипа баян» тұмар болып,
Үнқағазы атанды білгендерге.
Тәңірдің ауыр жүгін көтергенде,
Ғарыштың құпиясын меңгергенде,
Қожалымов Зиядан қажы ілімі ғой,
Алланың ақиқатын түсінгенге.
Кімге барып халқымыз табынбады,
Ұлылығы бабалардың дәлелденді.
Бұрынғының қанғысыз бұлақтарын,
Соңғылар қадірлейтін заман келді.
Жан дауасын емшінің меңгергені.
Жаны саудың – тәні сау көбейгені,
Иманжүзді ақ ниет шипагердің,
Жарқырасын жалынды еңбектері.
Алыстан да, жақыннан келді мейман,
Жиналуымыз шапағаты бір Алладан.
Зиядан қажы арнауын тарту етті,
Тараздық Еркебұлан жыр толғаған.
Мейман күткен қазақтың баласымыз,
Серік, Құдайберген, Зұлғиза, Шолпанымыз.
Тараздық ағайындарға мың рахмет,
Қабыл болсын жолдаған алғысымыз.
Ақындар мен даналар жырлап өткен,
Өмір шіркін өтеді-ау, тірлікпенен.
Қатарымыз көбейсін жылдан-жылға,
Өткізейік бас қосуды бірлікпенен.
Іске ассын бабалардың аманаты,
Емшілердің шықпасын жаман аты.
Шүкір, Тәубе, қанағат иманымыз,
Қабыл ет Жаратушым тілектерді!
Қабыл ет Жаратушым тілектерді,
Тілектерді, тілектерді, тілектерді!!!
Алматы. 3 мамыр 2009 жыл.
ӨТЕЙБОЙДАҚ ТІЛЕУҚАБЫЛҰЛЫ(1388-1485) – ХАЛЫҚТЫҚ ШИПАГЕРЛІКТІҢ
ҒЫЛЫМИ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ
Қожалымов Зядан
Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті,
Халықаралық дәстүрлі халық медицинасы мамандары,
психологтар және емшілер қауымдастығының президенті,
«Халық медицинасы және Ғарыштыққуат» Академиясының
президенті және Халықаралық Нострадамус атындағы,
Экология, Рухани және емшілік саласындағы Ресей мен
Қазақстанның қоғамдық ғылымдар Академияларының
академигі. Оннан аса ғылыми монографиялық еңбектің авторы.
Еліміздің тәуелсіздігінен кейін қазақ халқының кейбір негізі жойыла бастаған тарихы мен мәдениетін, дәстүрін, рухани байлығын және ел тарихына аттары жаңадан ене бастаған ғұламалардың еңбектерін қайтадан этникалық тұрғыда зерттеуге мүмкіндік туылды. Бұл шаралар елімізде қабылданған «Мәдени мұраны» дамыту бағдарламасының іс – жоспарлары негізінде жүзеге асуда. Халық шипагерлігі де өзінің жеке тарихы бар халықтық, ұлттық мәдениеттің дәстүрлі өнерінің бір саласы. Оның өзіндік емдік мәдениеті мен емдеу әдіс-амалдары қалыптасқан. Сондықтан да, халық шипагерлігі біздің дәуірімізден де бұрын басталып, адамзаттың өмірімен бірге жалғасып, адам денсаулығын қорғап қана қалмастан, оның мәдениеті мен рухани байлығын өркендету үшін де қызмет етті. Сондай-ақ, өзінің мәдени ұжымдық ортасын жоғалтпай және жоймай келеді. Адамзат баласының басынан өткен ғасырлардың қасіретті кезеңдерінде де халық шипагерлері өз қызметін ашықта және жасырында жалғастырып келді. Ал, бүгінде халық емшілері ерікті де, еркін түрде өз бойларындағы шипалық қасиеттерін толық ашуға елімізде мүмкіндік жасала бастады. Халық шипагерлігі де өзінің жеке тарихы бар халықтық ұлт мәдениетінің дәстүрлі өнері екеніне, ХV ғасырда ғалым щипагер ӨтейбойдақТілеуқабылұлы да анықтама берген. Шипагерліктің өзіндік емдік мәдениеті мен емдеу әдіс-амалдары қалыптасқан. Кез-келген нәрсенің тарихы себеп-салдарсыз тумайды. Әлі күнге дейін тарихы жазылмаған, зерттелмеген, бір жүйеге түсірілмеген ұлттық мәдениеттің дәстүрлік өнеріне халықтық шипагерлікте жатады. Шипагерлік – ол халықтық дүниетанымның, ақыл-ой даналығының, денсаулықты қорғау мен емдеудің және мәдени дәстүрлік өнерінің негізгі басты тірегі. Ол рухани тәрбиенің, шипалы емнің, адамдар арасындағы өзара дұрыс қатынастың, терең танымдық білімнің, адамгершіліктің, имандылықтың және қайырымдылықтың қалыптасуына ұйытқы болатын кеңесуші, денсаулықты сақтауға, қорғауға бағыт беретін мәдени ортасы. Ертеден бері адамзаттың алғашқы мәдениетінің қалыптасуында зор ұйымдық рөл атқарған, мәдени орта, денсаулық ошағы, рухани тәрбие мекені болған да халық емшілерінің шипалық орны еді, ол бүгінде неге ғылыми жағынан ескерусіз қалуда? Шет елдердің халықтық шипагерлігі өз ғылымынан өз орнын таба бастаса, ал қазақ елінде әлі сенімсіздікпен қарайтын ғалымсымақтар азаяр емес. Көлденең кері күштер қаншалықты қысым жасағанымен, атадан ұрпаққа жалғасқан тектік қасиетті шипагердің бойынан қан да, қара да жоя алмайды, ол өмірдің тарихи кезеңдерінің шындығы.
Қазақ елінің тәуелсіздігінен кейін тарихта аттары белгісіз жаңа ғұлама ғалымдар қатарына ХV ғасырдың ғұлама ғалымы, қараүзген шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының (1388-1485) есімі де енді. Оның «Шипагерлік баянында» шипагерлік дәстүр мен үрдісі тарихының жаңа белесіне жол ашылды. Әз Жәнібек хан ғұлама шипагер Ө.Тілеуқабылұлымен алғаш танысқанда шипагерді сынап, байқап, әрі іліміне баға бере келе, Ө.Тілеуқабылұлына “Қараүзген шипагер” екенсің деген мәртебелі атақ береді.
Ө.Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баяны» кітабын жазуына біріншіден, сол заманның ханы әз Жәнбектің оң қол уәзірі Жиренше шешенмен таныстығы; екіншіден, хан әз Жәнібектің оның сауатты жауабына риза болуынан; үшіншіден, сегіз жасынан бастап әкесі Тілеуқабыл емшіден білгені мен халқынан естігенін, көргенін, жазып алғаны; төртіншіден, өз іс-тәжірибесінің нәтижелі көрсеткіші; бесіншіден, Шығыс пен Орта Азия ғұламаларының еңбектерімен таныстығы; алтыншыдан, өзінің халқы мен Отанына және ғылымға деген адалдығынан болды деп қараған жөн.
Әз Жәнбек ханның арнайы тапсырмасымен қараүзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы ханның Ақ Ордасында (Шу, Қозыбасы) 1466-1473 жылдары аралығында, өзінің 78 жасында бастап, 85 жасында бес мың бетке жуық қолжазбасы «Шипагерлік баянын» бітіреді. Бірақ, ханның кездейсоқ қазасы тура келіп, шипагер қолжазбаны өз мекені Шәлкөдесіне әкетеді.
Алып медициналық энциклопедиялық еңбек: «Тұрлаулар» / Ауыз Таңдай тұрлау - Дәстір туылма және Көз Маңлай тұрлау - Адамзаты жаралысы/ деген кіріпеден және «Қанықталғы», «Нарықталғы», «Дарымдылығы» деген үш бөлімнен құралған. Ғұлама шипагердің медициналық энциклопедиялық еңбегінің үштен төрттен үш бөлігінің жоқтығына қарамастан, «Қанықталғы» бөлімінде шипагерлік жөніндегі анықтама беруі, екінші «Нарықталғы» бөлімінде адамдардың ауруын анықтаудың нақтылы ілімдік әдіс – тәсілдері, ал «Дарымдылығы» бөлімінде сырқат адамның ауруын емдеп жазудың әдіс - тәсілдік жолдарын түсіндіреді. Осы еңбегіндегі ғұлама ойының бүгінгі ғылыми медицинаның жетістіктерінен ешқандай алшақтығы мен өзгешелігі жоқтығы айқындалып келеді. Қазақтың дәстүрлі емес қарапайым халық емінің әлемдік деңгейге дәстүрлі іліми және ғылыми жағынан көтерілуіне қараүзген шипагер Ө. Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегінің ғылыми жетістігі еді. Бұл ұлттық шипагерліктің рухын биіктетіп, ғылыми жолға түсуіне негіз болды.
Ұлы шипагердің еңбегі қазақтың ұлттық мәдениетінің философиясы мен психологиясының бүгінде бір құрамдас бөлгіне еніп, халықтық шипагерліктің философиясы мен психологиясының негізін қалады деуге біздің ғылыми зерттеулеріміз дәлел бола алады. Ғұлама шипагердің еңбегіндегі неше алуан сырқаттарды емдеп жазудың әдіс-амалдары, бүгінгі ғылыми медицинаның анықтамаларымен сабақтас, ұқсас және тұжырымдас деуге толық негізі де анықталып зерттеліп, оң бағасын алуда.
Қазақ халқының шипагерлік ілімін ғылыми жолмен дамытуда Ө.Тілеуқабылұлы дала зертханасы арқылы 1108 түрлі дәрі - дәрмек түрін 858 түрлі дәрілік өсімдік пен 318 жан-жануар мүшелері және 60-тан астам металл - металлоидтар қоспасынан /бұдан көп болуы мүмкін/ жасаған.
Шипагер науқас адамдарға арнап 1050 түрлі шипа ем аты және 4577 шипалық дәрілік емдік тізбесін /нақтылығы – 13000 дай екен/ ұсынып, 430-дан аса адамның сыртқы және ішкі денесінің анатомиялық тұлғалық атауын жазып қалдырды. Бұл біріншіден, қазақ жерінде XV ғасырда-ақ фармакология ілімінің алдыңғы қатарда дамығандығын дәлелдейді. Екіншіден, ғұлама шипагердің тұжырымдары оның өзіне дейінгі және бүгінгі шипагерлік ғылымнан алшақтығы жоқтығын айқындайды. Үшіншіден, адам денсаулығын қорғау, сақтау, дамыту мен жақсартудың терең ілімдік жетістіктігін мәңгі өз ұлтына қалдыруы, қазақтың шипагерлік өнерін байытып қана қалмастан, ғылыми медицинаның толық негізіне жол ашқандығын айқындайды. Халық шипагерлігі де халықтың қанымен аралас, атадан ұрпаққа берілетін тектік /генетикалық/ қасиет. Ө.Тілеуқабылұлында да әке жағынан осы қасиет бар еді. Шипагер көргенін, естігенін және білгенін қағазға түсірді. Өзі жасаған емдік дәрі-дәрмегін алғаш өзіне қолданып тәжірибеден өткізді. Шипагер өз жанын өзі қинап, оған кері әсер емін пайдаланып алғашқы қалпына келе білді. Осындай өте қауіпті әрі қиын сынақтардың оң қортындысынан кейін ғана, шипалық емін науқас адамның сырқатын емдеуге арнады. Ғұлама шипагер баба Өтейбойдақтың бұндай іліми іс-әрекеті, Х1 ғасырдағы Орта Азияның ғұлама дәрігері Абу Али Ибн Сина іліміне ұқсастығы мен сабақтастығы барын білдіреді. Шипагер жар сүйіп, сәбилі болмады, оның арманы шипагерліктің биік шыңына жету болды. Ол арманына да жете білді: Суға кетіп өлді дегендерді, аязда өсігендер мен күйікке ұшырағандарды да «Тұншықтырма», «Малма» деген емдік әдістерімен аман алып қалды. Шипагер өз қызметінде халқымыздың: “Сынықтан басқаның бәрі жұғады” деген дана сөзін әрқашанда өзінің шипагерлік ілімінде басшылыққа алып, сырқат адамның ауруларын жұқпайтын және жұқпалы деп екі топқа бөлу арқылы шипагерліктің тазалық, сақтық және ұйымдастыру жолдарының жаңа стилін ұсынды. Шипагер ғалымның “Шипагерлік баян” кітабында сырқатты анықтаудың 32 түрін, зерттең аурудың 5 түрін, күйіп қалудың 3 түрін, улы жәндіктер шағуынан болатын ауруының 3 түрін /жылан, шаян, бүйі/, сіреспе /талма/ ауруының 2 түрін, үсіп кеткеннің 3 түрін, есі ауысқандықтың 4 түрін /қояншық, бұқпа, есалаң, жынды/, ата-анада кездесетін белсіздік ауруының 5 түрін, жүйке ауруының 2 түрін /нерв әлсіздігі, ұйқы қашу/, мүшелерде өзгерістен болатын аурудың 9 түрін /тістің етіне қосымша өсетін ет/ әр түрлі мүшеде ет өсу........т.с.с./, іш кебу мен асқазан қыжылдау, мұрын қанау мен бой бұзылу, қансырау, дәретке қан араласудың 4 түрі, дене-ағзалардың қақсауының 5 түрі /тіс қақсау, шеке........т.с.с/, жазымдық сынықтың 4 түрін, құсудың 3 түрі /ұшықтан, тамақтан, жүктіліктен/, жұқпалы қауіпты аурудың 10 түрін /құлғана, мерез, соз, жіңішке, көктүйнек, көкшешек, түйнек......т.б/ кездестіреміз. Елі мен жерін сүйген Ө.Тілеуқабылұлы: «Ел - білім дәулетінің қайнары. Ел айтса – елт айтпайды» қағидасын сырқаттың ауруын емдеуде бұлаудың 6 түрін: Қапталғы бұлау / борсыма бұлау – З.Қ /, бапталғы / бу бұлау З.Қ /,Сақталғы / су бұлау –З.Қ. /,Қақталғы / құрғақ бұлау – З.Қ /,Нақталғы / түйіндеп – З.Қ./, Шапталғы / құм бұлау – З.Қ. /, уқалаудың 11 түрін /түйіндеме, батырма, дөңгелендіргі, ысқалғы, сыдырғылау, жылдырытқы, қақпаулығы, мыйтыңқыл, шымшыл, қос алақан, бөгделеме [1, 365 б.] және үзудің онға жуық емдеу түрлері өте қарапайым, әрі түсінікті түсіндіріледі. Шипагердің тағамдық рецептері де өте құнды, ғұлама шипагер рактан басқа аурулардың емін таба білген.
Ұлы даланың ғұламасы көп салалы гуманитарлық т.б. ғылымдардан да сауатты білімі барлығын, ілімді ірі тұлға екендігін оның еңбегінің ғылымды, сапалы әрі мәңгілік екені анықтап айқындап тұр. Қараүзген шипагер өзінің “Шипагерлік баянын” жазарда ғылыми шипагерлікті негізгі арқау етіп алғанымен, тіл, діни тәрбие, мәдениет, әдебиет, тарихи шежіре, этнография, эстетика, этика, философия, психология, астрономия, заң, метереология, математика, анатомия мен физиология, фармацевтика т.б. ғылымдар саласын бір арнаға топтастырып, адам денсаулығын жақсартып дамытудың негізгі іліміне пайдалану мүмкіндігін, ұлттық этникалық стилді сақтай отырып ұсына білді. Әз Жәнібек ханға: Жеті атаға толмай үйленбеу, сүйіспеу, экологиялық тазалық т.б. жөніндегі шипагердің пайдалы ұсынысын хан қолдады. Қатал Жарлығын шығарды. Бұл қазақ хандығының Жеті Жарғысының алғашқы нұсқасының қабылдануы деуге толық негіз бола алады. Бұл шипагердің заң ғылымына қосқан үлесі еді.
Қазақтың ХV ғасырдағы ғұламасы, ғалым шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы «Шипагерлік баян» атты медициналық энциклопедиялық еңбегінде шипагерліктің іліми және ғылыми түрдегі негізгі бағытын жасады. Қысқасы, осындай құнды еңбек халқының ұрпағымен бес жарым ғасырға жуық уақытта қайта қауышуы, кейбіреулердің қазақтың халықтық шипагерлігінің тарихы болмады деген теріс пиғылды ойларын жоққа шығарды. Халқымыздың емшілік дәстүрінің тарихы тереңде, бастауы біртекті емес. Ұлттың өмірлілігі оның көп салалы өнерімен де ерекшелінеді. Емдік дәстүрдің өркендеуі ұлттық таза ұрпақтың негізін қалауға ықпал етті. Өз жемісін де берді, онымен таныстық, енді зерттеуге де кірістік. Дәстүрлі халықтық шипагерлік емінің іліми негізін осыдан бес жарым ғасыр бұрын, қараүзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының (1388-1485) іс-тәжірибесімен іске асырғанын ғалымдар енді ғана біле бастады. Тарихи деректерге негізделсек, қараүзген шипагер, ғұлама ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы шамамен өз пайымдауынша 1388 жылы Жетісу өлкесінің Шәлкөдесінің Айғайтасында (Бұрынғы Нарынқол – қазіргі Райымбек ауданы, Алматы обл.) туғаны , Ұлы жүздің Албанының Зарман руынан екенін жазып қалдырған. Ал, қилы – қиын заманда қараүзген шипагер еңбегінің бесінші мұрагері Түменбай Станбайұлы шипагер бабаның бес мың беттік қолжазбасын алып көрші қытай еліне апарады. Ондағы қиын уақытта қолжазба он бес жылдан артық уақыт жер астында көміліп жатады. Оның соңғы алтыншы мұрагері медицина маманы Нұртай Түменбайұлы қолжазбаны көмілген жерінен қайта алып пайдалана бастағанда, бұл қолжазба қытайдың мәдени революциясы бандиттерінің қолына кездейсоқ ілініп өртеледі / 1968 ж./. Өртенген қолжазбаны реттегенде 1095 түпнұсқалық тарамдалған бет болады, ал 3655 беттік оригинал жойылып кетеді. Десе де, барға шүкірлік еткен Үрімжідегі қазақ ғалымдары қараүзген шипагердің «Шипагерлік баянын»1994 жылы Үрімжі қаласында араб әрпінде бір кітап етіп шығарса, ал 1996 жылы елімізде Алматыда «Жалын» баспасы басшысы Бексұлтан Нұржекеев баспадан шығарды. Баба еңбегінің баспадан шығуына, қытай мемлекеттік сыйлығын алуына және зерттелуіне де сондағы қазақ ғалымдары: Ә.Тышанұлы, Жәнәбіл, Қ. Жәнәбілұлы, Қ. Ыбырайұлы, Х. Әкімжанұлы, Т. Ыбырайұлы, М. Сүлейменұлы, Д. Құрмашұлы, Ж. Мұсағұлұлы, Қ. Мұқанұлы, Ж. Мырзақанұлы, О. Асылұлы, Т. Қабаев, Ә. Қалиұлы т.б. болды. Өлгені тірілді, өшкен оты жанды деген ұлы даналық сөздің шындығы бұл. Шипагер кітабы, біріншіден, энциклопедиялық медициналық әрі көп салалы гуманитарлық ғылымдардың басын біріктіретін еңбек, екіншіден, ұлттық философиялық және психологиялық көзқарас пен этнотанымы негізінде жазылған. Оның тарихи ғылыми мазмұны қазақ және шет елдердің ғалымдары тарапынан жоғары баға алуда. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы өзінен бұрынғы ғұламалар еңбегіне құрметпен қараған, оның ілімін мойындаған, өзімен үміттес, сырлас ретінде баға бере білгені оның «Шипагерлік баянында» сипатталады.
Мәселен, «. Мейлі Әбунәсір болсын, Жүсіп Баласағұн болсын мейлі мен болайын, бір із, бір тілектіктерміз. Ол екеуінің менен артығы жырлауыл, сөйлеуіл шижалама да / қалам – З. Қ / ғана. Сонымен қоса үшеуміздің орта теңдік «Шопан үсті бозторғай ұяламдықтап жұмыртқаламдықты» таппақ. Әбунасыр жеті тіл сөйлемелігі айқын ұғыныс», - деп [1, 379 б] өзінің де, өзгенің де білімділігіне артық та әрі кем де емес, әділ бағасын бере білген. Ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының білімділігі мен іс тәжірибесі арқылы медицина ғылымдары бойынша оннан аса ұлттық және әлемдік ғылымдар негізінде жаңалықтар ашқаны, оны іске асырғаны туралы оның еңбегінде бары туралы зерттеушілер мен ғалымдар анықтай бастады. Мәселен, тіршіліктің материалдық ұғымының диалектикалық заңына, шешекке вакцина егудің емдік тәсіліне, ми мен қан айналымы қызметіне, суық су мен аязда емдеу әдіс - тәсілдерін ғылымда Ф. Энгельс, Э. Женнер, Де Винчи және П. Иванов ашқан деген ғылыми жаңалықтарды олардан V-111-1 ғасыр бұрын ғалым шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының еңбегінде жазылып іске асырылғаны айтылады. Бұл қараүзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының өзінен бұрынғы Шығыс және Орта Азиялық ұлы ғұламалардың ғылымдарын дамытушы және өзінен кейінгі ғылымда жаңалық ашты деп келген батыс пен ресей ғалымдары мен білгіштерінен бұрын жеке тұжырымдық ғылымын жаратқанын әрі терең философиялық идеясы болғанын айқындайды.
«Шипагерлік баянды» зерделеп, зерттеу аясы кеңейген сайын біртіндеп шипагерлік мәдениеттің өркендеуіне ғылыми теориялық-тәжірибелік және жеке тұжырымдамалар жасалынуда. Жиырмасыншы ғасырдың ақырында қараүзген шипагер Өтейбойдақ бабаның «Шипагерлік баяны» халқымен қайта қауышуы, қазақ ғылымында шипагерлік саласының ғылымының орны айқындалуына жол ашты.
Шипагерлер - емнің негізін қалаушы, адамның тәні мен жанының бақылаушысы, халықтық мәдениеттің, дәстүрлі шипалы өнердің, этика мен эстетиканың қалыптасуына ықпал етушілердің бірегейі. Ұлттық мәдениеттің алғашқы көшін бастаушы да, ұйымдастырушы да алғашқы сауатсыз қоғамда шипагерлер болды деуге толық негіз бола алады. Халық шипагерлігі ол әлі өзінің ғылыми анықтамалық әдіс-тәсілдерін толықтай дәлелдей алған жоқ. Осы тарихи шындықты мойындап қана қоймай, халықтық шипагерлік пен медициналық ғылымды өзара ұштастырудың тиімділігін өз тәжірибесінде дәлелдеп келе жатқан медик – ғалымдар өз елімізде баршылық.
Бүгінгі ғалымдар - профессорлар, медицина ғылымдарының докторлары - А. Алдашев, Ж. Әлімханов, А. Рақышев, Ш. Абдуллаев, Ә. Есенқұлов, А. Жақанов, Ә. Нұрмұхамбетұлы, Т. Шорманов, Т. Момынов, Қ. Рахимов, Е. Әбілқасымов, Керімбектің Ермаханы, доценттер, медицина ғылымдарының кандидаттары - Т. Бекенов, Т. Төлендиев, Т. Төреқұлов, Ә. Өмешұлы, сондай-ақ бір неше кітаптардың авторлары, зерттеуші – ғалымдар З. Қожалымов, Ө. Әбдіраман және т.б. ғалымдар халық шипагерлігінің болашағына сеніммен қарап, оның тарихының таза әрі ғылыми негізін қалыптастыру жолында еңбектенуде.
Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялы ауданындағы қандас ғалымдар - Әзімхан Тышанұлы, Жәнәбіл, Қадыс Жәнәбілұлы, Төлеуқан Ыбырайұлы, Хакім Әкімжанұлы, Мағаз Сүлейменұлы, Дияр Құрмашұлы, Жанабыл Смағұлұлы, Қаһарман Мұқанұлы, Жақып Мырзақанұлы, Омарқан Асылұлы, Тәліпбай Қабаев, Әуелқан Қалиұлы және Қазақстандық ғалымдар философ Ж. Молдабеков, педагог - филологтар - М. Жолдасбеков, Д. Мәсімханов; психолог – педагогтар - Қ. Жарықбаев, Т. Әлсатов, C. Құрбанқожа және тағы басқа да ғалымдар мен зерттеушілер өз ой-пікірлерін жан-жақты білдіруде. Халықтың шипагерлік өнерін зерттеуде қиындықтар жоқ емес, бірақ зерттеуге деген қажеттілік азаймауда. Профессор М. Жолдасбеков: «V11 ғасырда тасқа қашалып жазылған Орхон ескерткіштері болмаса, қазақ тарихына мәдениетіне қатысты материалдардың ешқайсысы көрінген деректердің басы қосылмағандықтан да, күні бүгінге дейін қазақ тарихын, әсіресе осы уақытқа дейін ашылмаған кезеңді, оның оқиғаларын білмедік. Әсіресе сол уақыттың тарихи қайраткерлерін жазып қалдырған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының еңбектерінің құны өте зор», - деп тұжырым жасайды [3,71-72 бб.].
Осындай ғылыми қорытындыдан соң, ғұлама, шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы өзінің «Шипагерлік баянын» жазбағанда, қазақтың халық шипагерлігінің тарихы да еліміздің ғылыми саласынан орын алмас еді деген қорытынды жасауға болады. Бұл тоқтамды халық шипагерлігін ұзақ жылдар бойы зерттеп, ғылыми монографиялық еңбектер жазған медицина ғылымдарының докторы, профессор Е. Оразақов былай айқындай түседі: «Ертеден келе жатқан мәдени мұралардың талайы Ұлы Октябрь революциясынан кейін ғана жан - жақты зерттеліп, кейінгі ұрпақтардың рухани мүддесін өтеп келеді. Ал Қазақ халық медицинасы туралы мұны айта алмаймыз. Өйткені бұрын да және Совет өкіметі жылдарында да бұл тақырыпқа арналған ғылыми зерттеулер көпке дейін болмады...» [4, 10 б.]. Билеуші ұлт тарабынан қазақтың тарихымен бірге, оның шипагерлік емін дамытушыларын да түқым-тұяғымен толық қалдырмай жоюға дейін әрекет етті.
Халық шипагерлігі өзінің ішкі құпиясын сандаған ғасырлар бойы ашпады, ол жұмбақ күйінде, әлі қанша уақыт қала берерін ғылымда дәл айта алмасы айқын. Бабаның «Шипагерлік баяны» кең көлемді, көп ғылымдар саласы бойынша зерттеуді қажет етеріне жол ашудың алғашқы қадамы бола алады. Ө.Тілеуқабылұлы: «Шипагерлік - өнердің бір түрі. Емшілік – қақалақтың /ешкінің-З.Қ / өзін көрмей, мүйізін ғана көргендік [1, 80 б.]. Шиагерлік атауы дұрыс. Өйткені, шипа жазады, қонады, дариды, дәру болады деп, шипагерлікті екі топқа бөліп қарайды Шипагер - өнерпаз екені айқын ұғыныс. Шипагер міндеті ауруды ажал аузынан алып қалу, арты науқасты сырқаттық бейнеттен айықтыру борышын өтеу керек. Шипагерлердің де ұмтылыс өресі мен игеру шамасына сай білімі жоғары – төмен болмақ», - дейді [1, 80 б.]. Ғұлама шипагер Өтейбойдақ халық шипагерлерлерін қабілеттеріне, білімі мен емдеу әдіс – тәсілдерінің нәтижелеріне қарай екі топқа: Болжамалы және Дарымдаулық шипагер деп бөліп, шипагерлердің 24 түрін жүйелеп жеке – жеке анықтама береді. Сонымен шипагерлерді: Теңдессіз шипагер, нағыз шипагер, қараүзген шипагер, шипагер, емші, емкөс, жарғышы, қараемші, қаншы, тамыршы, сынықшы, оташы, іш сипағыш, көзқарақшы, ішірткіші, бақсы, жауырыншы, балгер, құмалақшы, болжағыш, аяншы, құшнаш, әулие, әнбие деп 24 түрге бөліп оларға жеке-жеке анықтама беріп талдай отырып, әр емшінің өзінің жеке қасиетіне баға беріп, оның шипалық ерекшеліктерін тұжырымдамалы ой талғамымен түйіндейді. Ал, Ғұламаның бұл даналық тұжырымынан шипагерлердің мәдениеті, мінезі, тазалығы, білімділігі, жауапкершілігі туралы нақтылай айтылған философиялық ой-талғамының, бүгінгі медицинаның өз мамандарына қоятын талаптарына ұқсас, сабақтас екендігін толық айқындайды. Шипагер ұрпағын рухани тазалыққа, татулыққа, жәбірлемеуге, абайлауға, парасаттылыққа, Отан сүйгіштікке нәсихаттайды. Рухани тәрбиелік мәні зор халал мен харамды ажыратуға, 7 ге тиіспеуге(Қай-қашан да көршіге тиіспеу,... елшіге тиіспеу т.с.с), 41 ге жұғыспауға(Ордалы жыланға, жесірге, жетімге, киеліге адам мен нәрсеге т.с.с), 12 ден айырылмауға(Ақылыңнан, шешеніңнен, жаман деп жарыңнан т.с.с) және 7 әулиені (Дән, ақыл, тұз, қыз, жер, ай, күн) мен 41 ырысты (Жаратылым-жан ырысы, Хан-тақ ырысы, Тіршілік-хан ырысы, От-ел ырысы, Су- мал-жан ырысы, Шипагерлік емдеу-айығудың ырысы т.с.с) сыйлауға, адамгершіліктің қалыптасуына, имандылыққа баулиды және сақтандырады. Бүгінде философиялық ой толғамы мол дала ғүламалары қатарындағы қазақтың төл перзенті, қараүзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының сауатты жазылған іліми еңбегі, ұлтының ұрпақтарының танымы мен талғамдары халқының сауатты ілімді-ғылымды ел болғанын айқындап бере алады. Осы шындықты медик-ғалым Т. Бекен: « Халық емінің өрлеу кезеңдері жазба деректердің жоқтығынан әлі зерттеліп біткен жоқ. Қазақтың халық емінің де тамыры көне дәуірден ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан халық мұрасы. Халық емі жоқ ұлттың бүгінге дейінгі өмірі де, болашағы да болмас еді. Қазіргі медицинаның негізі мен ірге тасын қалағанда сол халық емі, яғни халықтық медицина екенін кім жоққа шығара алады», - дейді [5, 39 б.]. Ғұламаның «Шипагерлік баянында» сандық құпия(ауыз-бір, құлақ-екі т.с.с), жұлдызнама, жыл, ай, апта атаулары, діни сенімдік тұжырымдамалар, жер аттары, мақал-мәтелдер, ру және ел шежіресі, тағамдық емдік рецептер және тарихи-этнографиялық атаулар, нақыл-мәтелдер, сөздік түсініктемелер мен кестелі сызбалы анықтамалар т.б. туралы нақтылы мәліметтерде жетерлік, өте мәнді құндылығымен де ерекшеленеді. Ғұлама тағдырының барлық қыиын кезеңіне төзіп жеңе білді. Сонысы үшін де ол: Дүние бір қисық жол бұраңдаған, Бақ тайса, басқа дәулет құралмаған. Басыңа таудай ауыр қайғы түссе, Несібі жазып қойған бір алладан, - деп ғұлама өз ойын қорытып, адам баласы тағдыр жазмышына көнумен, оны жеңу жолдарын табуды ұсынады. Шипагердің арманы көп еді. Ол қартаң тартқан ғұмырындағы жалғыз жан серігі «Шипагерлік баянын» мұрагеріне аманат етіп тапсырды. Ол «Шипалы баянымен» қоштасарда көзі жасқа толып, қол-аяғы дірілдеп, денесі қалтырап, туған жері Шәлкөдесінің қырат-қырат тауларына, Айғайтасына қарады, өткен өмірі мен басқан іздерін көз алдынан сүзіп өткізіп, терең күрсінді. Ұрпағына ақырғы аманат сөзін қалдырды: «Ой, дүние-ай! Іске аспады арманым, қараң қалды. Шың басына шыққанда арандалды. Өтейбойдақ қойыпты атымды әкем, Жаман ат, жаман ырым мазамды алды. Қаламады ұрпақ, Өтейбойдақ аяндалды, Мені өшірмес «Шипалық баян»қалды. Бұ да менің ұрпағым жөн білгенге, Тілкімменен жалғасқан аян қалды»- деген [1, 34 б.]. Бүгінде баба арманы бес жарым ғасырдан кейін орындала бастады. Бабаның: «Менен ұрпақ қалмаса да, күндердің күнінде мені әлемге әйгілейтін «Шипагерлік баяным» артымда қалмақ. Бұл- соңғылықтар қадірін біліп, ұстан білсе, қанғысыз бұлақ, қадірін білмесе, отбасы аяқпен тозатын тулақ», - деген палсафалық тұжырымы, бүгінде ғалымдар шипагердің «Шипагерлік баяны» қанғысыз бұлақ екенін анықтай бастады. Бабаның еңбегінің құндылығы жөнінде арнайы зерттеу жүргізіп ғылыми анықтама берген медицина ғылымдарының докторы, профессор Ә. Нұрмұхамбетұлы:«Өтейбойдақ бабамыз қазақ жерінде медицина ғылымына, практикалық денсаулық сақтау істеріне, ережелеріне, қағидаларына алғаш рет негіз салған үлкен ғалым, дәрігер...»,- деп нақтылы тұжырым жасауы да терең ойландырады, әрі қуантады [2, 4 б.]. Халқымыздың «Мәдени мұрасының» бір саласы халықтық шипагерлік пен ғұламаларының еңбектерінің өшкен оты қайта жанды, жоғалған мұрасы орнына келе бастады. Еліміздің тәуелсіздігі мәңгілік болсын. Дала жаҺангері, шашты Әзизі атанған, ғұлама, ғалым шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының рухы риза болсын.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
1 Тілеуқабылұлы Ө. «Шипагерлік баян». - Алматы: Жалын, 1996. - 463б.
2 Оразақов Е. Қазақ халық медицинасы. – Алматы: Ғылым, 1989. - 77 б.
3 Бекен Т. Ислам және медицина. - Алматы: Шалкөде, 2000. - 101 б
4 Нұрмухамбетұлы Ә. Көненің көзі, дананың сөзі // Жинақ. - Алматы: ҚазММУ, 2000. - 73 б.