Түнгі ғажайып

10

 
главная                                        вернуться

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15  16  17  18

 



ҒҰМЫРЫ ҒИБРАТТЫ РУХАНИ ҰСТАЗ ЕДІ

 

Әр адамның адами келбеті мен рухани құндылығы оның ғибратты өмірінің жарқыраған сәулесінің нұрын шашқандай, мәңгі көз алдыңда сақталатыны анық. Адам баласының адами қасиеті оның жастық шағынан қалыптасып, есейе келе дамып өз қанатын жан-жағына жая бастары да  жақсылықтың нышаны іспеттес. Өзіңнен үлкен алдағы ағаларыңның жақсылық жақтары, адамгершілігі, көпшілдігі, туысшылдығы, жолдастарына таза сыйластығы, басқаларға қамқорлығы және  рухани байлығының дамып жоғары деңгейде көрінуі кез келген адамға әсері де зор болмақ. Бұндай биік тұлғалы адамдар  саусақпен санарлық десек, бұған адал ниетті азаматтар  қарсы бола қоймас. Өзінің жастық шағынан бастап өмірінің ақырына дейін сый-сыяпатқа, құрметке бөленген еліне танымал ғалым, дипломат, ұстаз, қоғам қайраткері, шежіреші және ірі басшылық  қызметтерді абыроймен атқарған, Орта жүздің Қоңыратының Божбанының ұрпағы, туған бажам  марқұм Әкімбекұлы Қарабек (Қарекең) туралы еске алу естелігін де  жазуға ниет етуім, биік тұлғалы бажамның рухына құрмет етуім.  Өткен ғасырдың  1969  жылының  маусым айының соңында сол кездегі Қазақ ССР Жоспарлау комитетінің Экономика ғылыми зерттеу институтының  бас ғылыми қызметкері қызметін атқаратын  орташа бойлы, жүзі жылы, сөзі салмақты жас жігітке мені жақындарым мен достарым ертіп барып таныстырды.  Танысу мақсатымыз Қарекеңнің екінші балдызы Түймекүл  екеуміздың  жанұя құру жөніндегі ойымызды жеткізу еді. Мен әртүрлі ойда болып ыңғайсызданып та тұрмын. Маған өз сұрақтарын қойып “жарайды, өздерің келісіпсіңдер, мен қарсы емеспін, үлкен кісілерге жеткіземін, уайымдамаңдар, тойға дайындықтарыңды жасай беріңдер”, – деп жылы райымен бізді шығарып салғаны әлі күнге дейін көз алдымда ұдайы тұрады. Неткен мейірмандық деп іштей көп ойландым. Ол кезде Оңтүстіктің қыздарына үйлену өте қиын болатын. Әр жерінің қыздарының жеке бағасы бар деп жігіттер де оңтүстіктің қыздарына жоламайтындарын  көп айтатын. Тағдырыма жақсы бажа мен қайырымды, еліне қадірменді, қалыңмал да сұрамайтын қайын жұртты тапқаныма ол кезде риза болсам, бүгінде тәубе деймін.  

Сол жылы қыркүйек айының 13-жұлдызында Алматыда Түймекүл екеуміздің үйлену тойымызда, Қарекең өз жағынан тойға келген құрметті меймандарды бастап келіп, жұбайы Тұрғанкүл апай екеуі ақ батасын беріп, ақ тілектерін арнады. Біз де сол бата мен тілекті орындап, ұрпақты және ұрпақтарымыздан немерелі де болып, бүгінде ата мен апаға айналдық. Елімізге танымал азамат пен азаматшаға айналуымызға да Қарекеңнің айтқан ақылы, парасаттылығы, имандылығы мен қызметіндегі  адалдығы  зор әсер етті десем артық болмайды. Мен Қаракеңе қарап өстім, кеш те болса ғылым қудым, ізгі армандарым мен іс жоспарларымның орындалуына жол таба білдім. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында Қарекең іссапармен Астаналық облыстың Нарынқол ауданына келіп, Сарыжаз ауылындағы Калинин атындағы колхозда  болды. Шаруашылық басшысы мен партия ұйымы хатшысында  жиналысын өткізді. Қарекең біздің тұрмыс жағдайымызбен танысып риза болды. Алматыға Қарекеңді шығарып салдық. Әңгіменің үлкені басталып, аудандағы басшылар “мына Зияданның үлкен бажасы қандай білімді, ақылды және қазақ рухты азамат екен” деп  ұзақ уақыт әңгімелерінің арқауы еткені әлі есімде. Уақыттың алды артына қарамай өтіп кеткенін кейде сезбей қаласың. Қарекеңе сәлем беруге Алматыға келгенде маған: “Әй, Зиядан үйіңнің іргесіне жақын төрт бес шақырым жердегі тауыңда қарағайың самсап өсіп тұр. Сол қарағайдан маған дача салуға қажетті материал дайындап бере аласың ба деді. Мен әрине дайындамасқа деп ауыр жүкті арқалап елге келдім де, іске кірісіп кеттім. Уәделі уақытта дача салуға қажетті материалдар да дайын болды. Алматыға іссапармен келіп, Қарекеңдікіне аялдадым. Жұмысынан кештеу келген Қарекеңді асыға күтіп, дастарқан басында амандықтан кейін, бірден: “Қареке, сіздің дачаңызға қажетті материалды дайындаттым, енді қашан жеткізейін” деп турасынан айтып салдым. Сабырлығы мол Қарекең жымиып күліп, “сен сол материалға тағы да материал дайындатып қос та, сол жерге өзіңе ақ сарайдай үй сал” дегені. Тілім күрмеле барып, “мен тауық қора салған емеспін, үйді қалай салмақпын” деп барып сөзімнің соңын доғара салдым.  Қарекең: “Сенің ана үйің мекеменікі, өз ата мекенің, ертең ұрпақты боласың, біз барғанда бажаның үйі неткен ақ сарай деп мақтанамыз елге, Түркістандағыдай көркем үйдің құрылысын баста” дегені. Бұл  1973 жылдың күз айы болатын. Келер жылдың желтоқсан айының 18-жұлдызында Сарыжаз ауылынан менің ақ сарайдай үйімнің қоныс тойы тойланды. Кейін Қарекең де жолдастарын ерте келіп бізде құрметті  мейман болып ризашылығымен аттанды. Мені адал еңбекке баулып, ашылмаған талантымның оянуына,  жаңаша өмір жолын бастауыма рухани қуат пен бағыт берген ақылшымның бүгінде қасымда болмауы да өте аянышты сезіледі маған. Қарекең өте көпшіл болатын. Ол кезде қалада үш бөлмелі үйің болса ең бақуатты әрі бай адам саналатынсың. Қарекең мен Тұрғанкүл апайдың адал пейілдері мен меймандостық қасиеттерін Жаратушымыз бір жіптің екі ұшындай етіп жаратты. Бұл үйге апай мен Қарекеңнің туыстарынан басқа қазақ елі мен алыс елдерден келетін меймандары да жеткілікті  болатын. Осы меймандарын жылы қарсы алып, күліп шығарып салулары бізді қатты қызықтыратын еді. Мен Түймекүлім екеуміз адамдармен жақсы қатынас жасау мен сыйласуды Қаракеңнен үйрендік десек артық етпесін шындық дей аламын. Қарекең қызметінің жауапкершілігі мен уақытының аздығына қарамастан, өзінің жақындары мен балдыздарының жоғары оқу орныдарына түсіп білім алып, азамат болуларына аянбай көмектескеніне де куә болдым. Осындай үлкен қасиеті арқылы Қарекең туысқан мен жақынға қайырымдылықтың мәдени стилін басқаларға да үлгі және өнеге ете білгені, біз үшін рухани сабаққа айналды. Дана халқымыз екі аяқтыда бажа тату дейді. Біз тату болдық. Жеті бажаның басшысы да,  жол көрсетері де Қарекең еді. Бізге басқа жұрт қатты қызығатын әрі қызғанатын да пейіл танытатын еді. Бір үйдің екі күйеу баласының басы бір ортаға сыймағанда, мына жеті бажаның жұбы жазылмай келеді деп таңғалып айтқандардың сөздерін де талай естігенмін. Осындай бажалардың ынтымағы мен сыйластығына жеткізген көш басындағы үлкен бажам Әкімбекұлы Қарабек салған сара жол болатын. Бүгінде бажалардың ұрпақтары да үлкендер салған сара жолмен жүріп, бір-біріне құрметпен, сыйластықпен қарап бір жолда жүріп келеді. Даналық деген жақсы сөзді де мен бажам Қарекеңе арнасамда артық етпейді. Қарекеңнің ғылымдағы, қызметтегі, оқудағы және достары да өте көп болатын. Мен Нарынқолдан Алматыдағы Қарекеңнің үйіне аялдағанымды естіген достарының біразы келіп амандасып,  ел жағдайын сұрайтын. Олардың әңгімелері де қызық, қалжыңдары да жарасымды және отырыстары да әсем көрінуші еді маған. Мен қызығатынмын, осылардай болсам деген арман ойымда асықпай жүріп өз сөресіне жеткендей болды бұл күнде. Дастархан басындағы  отырыстарда біраздан кейін-ақ Қарекең сөзінің өткірлігі мен шеберлігі арқылы басқару тізгінін өзі тез қолына алатын. Қарекең асықпай орнынан тұрып, қою қара шашын оң қолымен бір рет артқа қайырып, көпшілікке қасқая қарап баяу сөзін мәнеріне келтіре бастаушы еді. Сөзінің арасында Абайдың, Омар Хайямның, Есениннің, Пушкиннің, Қасым Аманжолов т.б. ақындардың өлеңдерін жатқа дауыстап оқитын, ән де салатын және отырыстағыларды демалдырып үйлеріне қайтаратын еді иманды болғыр Қарекең...       Әлі есімде өткен ғасырдың жетпісінші жылының басында Қарекең Алматыда «Экономика ғылымдарының кандидаты» атағын алу үшін ғылыми диссертациясын табысты қорғады. Ғылыми оппоненті Мәскеуде тұратын экономика ғылымдарының докторы, профессор Лемешов деген Одаққа әйгілі азамат екен. Ол кезде достарынан ғылыми атағы бары Байзақов Сайлау мен Есентүгелов Арыстан болатын. Қарекең тобында жұбы жазылмайтын, ғылымға бағыт алған Арыстан, Сайлау, Қапаров Жамбыл (марқұм), Қалдыбаев Ораз атты бес азаматтан тұратын. Бүгінде бәрі де ғылымның жоғары атақтарын алған елімізге белгілі ғалымдар және жастары жетпістен асқан ел ағаларына айналды. Кейіндеп Қарекеңнің тобы көбейіп қатарларына атақты жазушы Қоғабек Сәрсекеев, қоғам қайраткері Сәбит Бабаев т.б. қазақтың ер  тұлғалы, ұлт жанды  азаматтарымен толыға бастады. Осы азаматтармен дастархандас, сырлас және өз үйімнің дастарханына да мейман етуге ие болуыма Қарекемнің еңбегінің зор екенін бүгінде  мақтан етемін.   

Осыдан ширек ғасыр бұрын қызметім елден Алматыға ауысты. Солақай саясаттың кесірінен үй алу және кезекті үйді күту деген өте қиын болатын. Алатын үйімізді заңдастыра алмай жатқанымызды Қарекең естіпті де, өзі іске кірісіп кетіп, бір ай сандалғанымызды бір-екі сағатта-ақ шешкені әлі есімде. Сонда мен бұл неткен батылдық деп едім, бұл Қарекеңнің туысқа деген жанашырлығы мен адамгершілік тұлғасының биік көрінісі екен ғой дүние-ай! Қарекеңнің қатты дауыс, теріс мінез және қаталдық әрекетін көрмедім және естімедім. Адамдарға ұдайы шапағат нұрын шашып, әр кімнің жетістігін іштей бағалап әрі байсалды мінезбен ақырын ғана мынаны былай ету керек еді деген ықыласын білдіруші еді. Мен жазба жұмысым мен ғылыми талдау еңбектерімді де кештеу орта жастан асқанда ғана бастадым. Алғашқы мақалаларым мен кітаптарымды ұсынғанымда, “әй Зиядан, мына жерді былай ғылымға қарай ыңғайласаң әдемі болар еді, енді келесі еңбектеріңде осы ойымды есіңе сақта” деген Қарекеңнің адал ойын кеш түсінсем де, бүгінде рухына ризалығымды білдіремін. Қарекең айтқан идеядан алшақтамай жазған еңбектерім  ғылымда да және оқырмандарымнанда өзінің лайықты оң бағасын алуда. Өмірде ғана емес, ғылымда да нағыз жанашырыңа айналған ұлы тұлғаны о дүниелік деп айтуға да қимайды екенсің, жалған-ай!   

Қарекең ірі қызметтердің тізгініне өз таланты мен еңбекқорлығы арқылы жеткен азамат. Кеңес заманындағы жауапты қызметтерінен кейін, ел тәуелсіздігінің алғашқы кезінде Елбасының алғашқы экономика жөніндегі кеңесшісі, кейіннен Республикалық мүлік комитетінің төрағасының орынбасары сияқты майлы жілікті шағып жейтін орындарда қызмет етті. Ол кезде Мүлік комитетінде қызмет істейтін жай қызметкерлері май шелпегінен өз үлесін оңды-солды алып жатқан заман болатын. Сөз арасында “елдің бар байлығы қолыңызда тұр ғой, өзіңізге де және бізге де жақсылық жасамайсыз ба” деп, ойын білейін деген  мақсатпен пікірімді білдірдім. “Сен де және мен де тегін табыстан дәметпейік, қызықпайық, екеумізде Алланың берген ризғысы мен несібесіне риза болайық” дегені. Мен ақырын ғана басымды изеп отыра бердім. “Көресің әлі арамтамақтық түбі бір сұралады, бұл дүниеден біз кеткенімізбен біздің арам қылығымызға ұрпағың жауап береді, сен осыны түсін”, деді маған қаталдау үнмен. Сонда: «Еңбек етпей тапқан мал, қардың суы сияқты тез суалар» – деген халық мәтелі тамағыма келіп тіреліп тұрғандай сезініп едім. Қарекемнің таза ойы бүгінде сыры ашылып, шындыққа айналғандай әсер етуде маған. Қарекеңнің таза еңбектің ғана адамға  абырой әперетініне деген философиялық ой толғамы, бүгінде ұрпаққа ұлағатты өсиетке  айналып барады. Қарекең кейінгі он жылдан астам уақытында ҚР Шет елдер министрлігінде және оның Өзбекстан мен Түркменстандағы елшіліктерінде жауапты қызметте болып, абыроймен зейнеткерлік демалысқа шыққанда да, одан кейін, жоғарғы оқу орындарында экономика саласында профессор дәрежесінде студенттерге дәріс оқып, өнегелі ұстаз болды. Ғибратты өмірінің кезеңдерінде қаламы ұшталған ғалым ғана емес, ұлы тұлғалар мен әлем ғаламаттары  және рулық шежіреге де зерттеулер жаза бастады. Осы еңбегін арнайы кітап етіп шығару ниетін естіген таныстары біз шығарып береміз деп, бостан-босқа екі жылдай ұстағанын бір отырыста маған ақырын ғана жеткізді. Мен бірден “материалыңызды тез алғызыңыз, менде «Шалкөде» атты баспа бар, тез арада шығарамыз” деп нақ айттым. Қарекем “мұндай құдірет мына Зияданға қайдан келді деді ме, ақырын ғана байсалды үнмен жарайды”, – деді. Бір аптадан кейін Қарекең қолжазбасын бізге әкелді. Кітаптық үлгіде тез дайындадық. Бірден баспаханаға апарып тапсырып, қысқасы, бір жетіде кітап баспаханадан «Іздер... Іздер ... Іздер...» деген атпен 500 данамен менің редакторлығымда шықты. Мен Қарекеме “сіз неге кітабыңыздың атын «Іздер...Іздер... Іздер...» деп қоясыз, онанда мына тараулардағы бір атты қоймайсыз ба?”, деп едім, “жоқ, біздің әр бір қадамымызда із қалады, мәңгілік өмір жоқ, сен оны түсінесің. Сондықтан, біз қайдан келдік, қайда барамыз деген ұғымнан алшақтамайық, осыны сен ұғын, ал, кітаптың сыртқы қабына қазақтың далалық қоныстану көрінісін суретшіне сызғыз, мен өзім тексеріп басуға рұқсат етемін”, – деп Қарекем менімен қоштасып үйіне қайтқан еді. Тапсырмасын бұлжытпай орындадым. Қарекеңнің өңі маған өзгеше салқындау көрінді. Күнде болмаса да, апталап кездесіп тұратын құрметті азаматты сырқаты жеңеді деп ойламадым. Кітаптың сыртқы қабының суреті де Қарекеңнің тексеруінен өткенше,  менде жайсызданып жүрдім. “Ойымды дәл таптың, жарайды енді кітапты басуға жібер”, деген Қарекемнің ризашылық үнін естігенімде, үстімнен бір ауыр жүгім түсіп, көзіме жас толғанын сезбей қалдым. Мен “сіз тағы да жазбаларыңыз болса маған әкеліңіз, сеніңіз, менде сіздің жақсылығыңыздың бір бөлігін орындайын” деген адал сөзімді қалай айтқанымды да байқамаппын. Күтпеген жерден асыл азамат аурухананың столында отаға ілінгенде, бәрін жақсылыққа  арнап Алладан аман қалуын тіледік.  Осы жерде өзінің баспадан шыққан «Іздер... Іздер... Іздер...» атты кітабын қолына алғанда, қандай қуанышты күйде болғаны бір Аллаға ғана  аян еді.  Десе де, жанында болған жақынына жаны қиналып жатса да, қуанышын жасыра алмай “Зияданға рахмет” деген бір ауыз сөзі, менің құлағыма естіліп тұрғандай сезіледі бүгінде. Асыл азаматты жарты жылдай ауыр сырқаты айналдырғанымен, оның рухын жасыта алмады. Өмірінің ақырғы минутына дейін өз аяғымен жүрді, таза сөйлеп, бәрімізбен анық дидарласты да ақырын ғана ана дүниеге аттанып кеткенін, жанында болған біздер сезбей де қалдық.   Адамзат бұл өмірге қонақ екені, ерте ме  кеш пе бәріміздің басымызға келері анық. Жақсыдан асыл сөз қалады демекші, асыл азаматтың қайғылы азасына жақын туыс, ағайын мен таныстардан басқа Қарекеңнің өзімен жарты ғасырдан аса байланыстарын үзбеген жоғарғы оқу орнында (Алматы мен Новосибирь) бірге оқыған Алматы мен Қазақстанның шет облыстарында да  тұратындары толық келіп, жанұясының қайғысына ортақтасты. Бұл үрдіс жыл бойына дейін жалғасты. Бүгінде бірге оқығандардың бес жылдан кейін ақ аттарын ұмытатыны шындық.

Ел де және біз де таңғалдық мына азаматтардың адамгершілігіне. Сөйтсек, Қарекең тірлігінде достарының орналасқан жерлерінің алыстығына қарамастан уақыт тауып, бәріне барып амандығын біліп қуаныштарына ортақтасып және  басқаларына да хабарлап тұрады екен.

Уақыты аз болса да достары үшін жарты ғасырдан аса байланысын үзбеген азаматтың жүрек жылуын, марқұмның достары да ақтағандай парыздық өнегелерін де көрсете білді… “Жақсының аты өлмейді” – деген шындық осы шығар, сірә. Мәңгілік мекеніне Қаракеңнің де аттанғанына бес жылдан асыпты. Қайтқандардың жер бетіндегі жақындарының түсіне кіруі мен аян беруі де діни кітаптар мен ғылымда қуатталады. Менің түсіме Қарекең алғаш рет маған таныс жаздық киімімен әп-әдемі, көрікті тұлға ретінде көрінді де, маған үнсіз бір қарап сағымдай болып алыстай берді.  Мен бұны жақсылыққа жорыдым. Бірде менің ғылыми атақ алу жөніндегі диссертациялық еңбегім белгілі бір жоғарғы оқу орнының ғылыми Кеңесінде талқыға түсті. Дұрысты бұрыс деген рулық топтар  басым болатын. Осы кезде қатты қиналып бұл істі тоқтатсам деген ой да мені мазалай бастады. Түн. Түсімде Қарекең менің жазу столыма қарама-қарсы келіп, тура қарамай төмен қарап үнсіз отырды. Мен де үнсізбін. Бір уақытта Қарекең: “Шыда!” деп, орнынан тұрып қозғала бастады. Мен де шығарып салайын деп бірге далаға шықтым. Басымды бұрып жоғары қарасам көмескі көріністегі кішілеу пішінді екі қабат үйге көзім түсті. “Мен осында тұрамын” деген Қарекең ана үйге кіріп кеткенде, екінші қабаттағы бір үйдің ішінен май шам жағылғаны анық көрініс бергені... Міне, жазмыштың құдіреті осы шығар. Мемлекеті мен халқы үшін адал еңбегін арнаған, жақындары үшін шапағатты нұрын шашқан Алла Тағаланың сүйікті құлдарының жасаған жақсылықтары, ұрпақтар есінде және ұлт тарихында  мәңгі  сақталары хақ. Менің рухани ұстазым болған, ғұмыры ғибратты өнегелі болған марқұм бажам Қарабек Әкімбекұлының рухына ризашылығымды білдіріп, орны пейіш төрінен, жаны жаннат бағында, топырағы торқалы болғай деген ақ ниетімді білдіремін. Шәкәрім Құдайбердіұлы:   “Өткен адам болады көзден таса, өлді, өшті болады көзден таса, ол кетсе де белгісі жоғалмайды, керектісін ескеріп  ұмытпаса”, – демекші, Қарекеңнің жақсылықтары өшпейді, рухы біздің арамызда мәңгі бірге жасай бермек.

                  

Академик, профессор Зядан қажы Қожалымов

“Шипагерлік баян” газеті, № 4, 2013 ж.

 

ЖАНЫМНЫҢ МӘҢГІ ӨЛМЕС ЖАЛҒАСЫ БАР

 

Өлген өлер, өмір сүру жалғасады,

Дүние бір-бірімен алмасады.

Қонақ боп жер бетіне жаратылдық,

Алдыда жаңа өмір жол ашады.

 

Сын етті басымыздан талай рет,

Тәубе еттім, Тәңіріме қанағатпен.

Атқарар ісімізді Аллам білер,

Өткіз сен өміріңді адалдықпен.

 

Жаратқан тәңірімнің күштілігі,

Ғарыштағы көрінді шың биігі.

Аманаты сызылған адамзаттың,

Әруақтың колында жүр күнделігі.

 

Көрсетті тауларымды асатұғын,

Жауларымды кеудемнен басатұғын.

Ешкім де, маған мұңып жатканы жоқ,

Сен емес, пенде деді жаситұғын.

 

Жалғанды жалпағынан басқандарды,

Көрсетті кеудемсіп, асқандарды.

Өтуде бұл тірлікте бастан бәрі,

Байлықтан басы айналып тасқандарды.

 

Алланың сынағынан өтіп жүрмін,

Кейде мен кеңістікқе кетіп жүрмін.

Сен қашан жәй табасың рухым деп,

Деген сөзін әруақтардың естіп жүрмін.

 

Тіршілік қуатымен нәр береді,  

Бір Алла тұлабойға әл береді.

Шайтанның сұмдығынан сақта құдай!

Ақ жолы иманымның елес берді.

 

Басыма түскен талай ауыр күнде,

Ұйқысыз артта қалды талай түн де.

Маңдайдағы үш әріп құпиясын, 

Білмесе екен, деп келем тірі пенде.

***

Өлеңді жазайын деп жазғаным жоқ,

Көкейде ізгілікпен маздар тілек.

Айтамын бар сырымды осы өлеңмен,

Құдайым мұны берді, арманым жоқ.

 

Маңдайда жұлдызымдай тұрған жанып,

Жүр міне қасиетімді жұрт аңғарып.

Өлеңді, жазуды да серік еттім,

Жаныммен, жүрегіммен құмарланып.

 

Болса да нендей қиын жасқанбаймын,

Көздегем жоқ, ешқандай бас пайдамды.

Бір Аллаға сиынып жүрмін міне,

Құтқарудамын үрейден сасқандарды.

 

Алланың суын ішіп бастауынан,

Қорықпайтын жаным бар жасқанудан.

Тәңірдің тағдырының ауыр жүгін,

Сеземін, көтермесін басқа адам.  

***

Адам еттік нашарларды жолдан тайған,

Қайта шапты өзіме ол антұрған.

Киелі рух ордасын қорғаудамыз,

Аңдыған ішкі-сыртқы жауларынан.

 

Күресумен талай жыл өтті өмір,

Бірде ысып, бір суып кейде көңіл.

Кездескен кедергіні бұзып өттік,

Алдымыздан көрінді шапағат нұр.

 

Асқан кезде қырықтың қырқасынан,

Жамандықты тілейді кім басына.

Торына тәңірімнің мен іліктім,

Бір жағдайға кезіктім бұл жасымда.

 

Тиістік, қарсыласка құйын болып,

Көріндік, мықтыларға тиын болып.

Сонда да алған беттен біз қайтпадык,

Болса да бір сәттерде қиын жолым.

 

Жақсылық жолындағы күресіміз,

Ол қосқан халқымызға үлесіміз.

Арамдықты ауыздықтап жібермедік,

Шешініп батырларша күрестік біз.

 

Арқамыздан кімдер келіп соқпады,

Талай тиді жанымызға шоқпары.

Жолы болмай ниеті арам надандар,

Өз аруағы табанында тапталды.

***

 

Мен қуансам, халқым сен де қуандың,

Біткендей боп шарықтауы қыранның.

Сұм пиғылдар, тайды сұрқай жолына,

Демеп мені, шырқау шыңына шығардың.

 

Қой көтерер семіздікті жалғанда,

Кетті-ау талай, асылдар да арманда.

Қайырлы боп, жаңарып қайта халық,

Тәупих берсін тәңір өзі жалғанға.

 

Арамдықпен түсірем деп торыңа,

Тұзақ қойдың, тобырыңмен жолыма.

Қалыңына сен табынсаң калтаңның,

Мен табындым Құдайдың ақ жолына!

 

Келгенімде орта жасқа ой тұнып,

Көңілімді отырсам деп жайлы қып.

Бекер екен пенделіктің болжамы,

Қызметіне тап болдым «дидар ғайып».

 

Биікпін деп кол созсаң да аспанға,

Бір Алладан, тосқауыл бар сасқанға.

Бір Құдайға, құлшылығың туар сол,

Өксітіп бір өр кеудеңді басқанда.

 

Арманына жетсін алдан тілеген,

А, Құдайым, молайт елдің ырысын.

Жүрсін бәрі туыс болып ұғысып,

Бейбіт таңман алсын әркез тынысын.

 

Жанымның мәңгі өлмес жалғасы бар,

Тәңірдің бақылаушы айнасы бар.

Адамдықты сақтайды бір-ақ нәрсе, 

Жан-тәніңнің тазалығы, иманы, ар. 

Алматы, 1995.

 

 

 

В начало