Түнгі ғажайып

3

 
главная                                        вернуться

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15  16  17  18

 



II тарау

 

ЕЛ ІШІНДЕГІ ЕСТЕЛІКТЕР

 

 

 

 

ТЫЛСЫМ ДҮНИЕНІҢ ҚҰПИЯСЫ

 

Қажы баба туралы ақиқат пен аңыз

 

Қазақ халқының бірнеше ғасырлар бойы билеуші “Ұлы” ұлттың боданы болып, құлына айналуы оның ұлттық тарихын жоғалтты.

Басқаның тарихын оқыдық. Жаттадық. Таңдандық. Билеуші ұлт алдында наданға айналып, өзіміздің ата-тегімізді білмек түгілі, өзімізден туған ұрпақтарымыздың да аты-жөнін солардың есімімен атадық. Ұялмадық. Намыстанбадық. Намыссыз әрі ұятсыз, жігерсіз, отансыз, рухсыз тірі пендеге айналдық.

Ел билеген хандарымыз, елі мен отанын қорғаған батырларымыз, қара қылды қақ жарған шешендер мен билеріміз, ғұлама ғалымдарымыздың, өнер иелері мен қаз дауысты әнші, ақын-жырауларымыз әрі елін басқарған ерлеріміздің аттары ұлт тарихынан аттары мәңгілікке өшірілді. Атаусыз қалды. Діни танымы мол, молдалар мен тылсым құпиялы қасиеттері бар /бақсы, емші, көріпкел т.б./ адамдар да арнайы есепке алынды. Қамалды, атылды, сотталды. Арнайы ашылған жүйке ауруханаларына жатқызылды. Денелерін улады. Олардың ұрпақтары да осыларды өз бастарынан кешірді. Қысқасы, біз өз ата-бабаларымыздың кім болғанын айта да және дәлелдей де алмадық. Сондықтан, өзбек ағайындардың: “Орыс болам десең, қазақ бол” дегені шындыққа айналды. Оның әсерінің зардабын әлі де халық көріп келеді.

Алла тағала бәрін көреді дегенге сенбедік. Шетімізден таза атеист атандық. Жыл жылжыған сайын өзгеріс бола бастады. Жаратушы иеміздің рахымымен және ұлттық танымның дамуы арқасында еліміз өзінің егемендігін алды. Тәуелсіз ел болдық. Бүгінде әлем елдері таныды. Қазақ деген ұлтты білді. Әлемнің елуден аса еліне тарыша шашыраған  қандастарымыздың өз отанына оралуына жол ашылды. Аңсаған армандар орындалды. Аллаға шүкір, Тәуелсіз еліміздің халқының алпыс пайызын өзіміздің қандастарымыз құрайтынына жеттік.

Ел Конституциясы мен алтын заңдарының әділ де, анық жобалары арқасында ұлт тарихы беттеріне жаңа бағыттағы жол ашылды. Русыз халық рухты болдық. Ұлылардың құпиялы киелілерінен де киелі екенімізді әлемге паш еттік. Таныттық. Мойындаттық. Таңғалдырдық. Ұлы бабалардың киелі тылсым күшінің құдіретін, қазақтың киелі қасиетін дүниежүзінің ең мықты да сиқырлы күш иелері алдында таныта, мойындата білдік.

Ұлттық этникалық салт-дәстүр мен өнер саласындағы жоғалған, жойылған, әлі шалажансар тектік мұраларымызды қайта тірілтуге, сұрыптауға, гүлдендіруге мүмкіндік алдық. Осы мүмкіндікті қалт жібермеген ғалымдар мен зерттеушілер және дарынды рухтылар, қасиетті де киелі ата-бабалардың рухының оянуына қызмет ете бастады.

Тарих бетінде аталмаған рухани қуаты ерекше тылсым құпия күшке ие бабалар рухы оянды. Ғарыштан қайта жерге қарай аян бере бастады. Өңінде де, түсінде де кейбір пенделер бір керемет күштің қоршауына іліне бастағандарын жыр етсе, кейбірі секем ала бастады. Осы бір кезеңде баяғы “Ұлы” халық алдымен өзінің киелі тылсым күш иелерінің сиқыршыларын бәйгеге қосты. Үлкен стадионда олар халыққа ем жасатты, таңғалдырды. Телеарналарды да жаулап алды. Тағы да өзіне басқа бір әдіс-айла арқылы табындырды. Қолды теріс жайғызды. “Харе Кришнасына” бас игізе бастады. Шыдамның да шегі болса керек. О дүниедегі ұлы бабалар рухы жердегі өз ұрпақтарына аян бере бастады. Біздің ортамыздан да жоғарыдағылардай мықтылар шықты. Ұлы бабалары Аттила, Қыпшақ, Тоқтамыс хан, т.б. ерлігін қайталап, “мықтылардың” алға жылжуына тосқауыл қойды. Елін, жерін және халқын қарсыластарының “қара сиқырынан” қорғады. Ол бүгінде мәңгілікке айналса да, кеңістіктегі телепатиялық ой-өрісі соғысына қатысып, оларға мықты қорғаныстық тор қойды. Сондықтан, бүгінде қазақ елі жерінің әрбір нүктелі ауданы өте жоғары потенциалды энергетикалық аймақ екенін әлем ғалымдары мойындады. Ата-бабаларымыздың қасиетті зираттарына әлемнің түкпір-түкпірінен келіп ұлтына қарамай, сол рухтардың оң зарядты таза энергетикасынан қуаттанып, тілектері орындалып, жағдайлары жақсарып, көп жылғы азапты қиыншылықтарынан құтылуы соның айғағы бола алады.

Қазақ жеріндегі  Алланың сенімді де қайырымды құлдары болған Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Бекет ата, Райымбек батыр, Әулие абыз Әлмерек, Укаша ата, Айша бибі, Көтен тәуіп, Қойлыбай бақсы, Есет батыр, Жанқожа батыр, Сыпатай батыр, Баба түкті шашты әзіз, Бәйдібек баба, Домалақ ана т.б. әулие-абыздарымыздың кесенелеріне барып, рухтарына дұға бағыштап, осы рухтардың ризашылығы үшін, Жаратқаннан  ізгі тілектер тілеп барып-келіп жатқандардың саны жыл сайын арта түсуде. Осындай қасиетті жерлерге хан да, бай да, ұлық та, қара да және қарапайым халық пен басқа діндегі ұлттардың адамдары да лек-легімен ағылуда.

Үзбей іздену арқасында ұстазсыз-ақ, ұлы қасиеттердің құпиялы сырының шешімін табу дәрежесіне қарай жылжудамыз. Алғашқы қадам ретінде жазылған ғарыш, адам, табиғат құпиялары туралы зерттеу жасалып, баспадан оқырманға ұсынылған еңбектің де ғылыми бағасы оң болды. /З. Қ. “Мәңгілік құпиялар шежіресі”, Алматы, Сөздік-Словарь”, 2001/.

Күні кеше ғана сауатсыз болды деп келген халықтың ата-бабалары әлімсақтан бастап-ақ тылсым құпия сырларын меңгергенін ғылыми тұрғыда баға бергенін және халық емшілігінің негізінде ғылыми тұжырым жасап өшпес әлемдік халықтық медициналық энциклопедиялық еңбек жазғанын  XV ғасырдың ғұлама ғалым-шипагері, даланың дарабозы, Жетісу өлкесінің түлегі Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының “Шипагерлік баян” атты кітабынан оқып білдік, таңғалдық /Алматы. “Жалын”, 1996/. Осылайша әлемді мойындатар жаңа тұлғаның орны анықталды.

Барлық адам ғарыштық байланысқа ие. Бірақ, бәрі бірдей сезімталдықты сезе де, әрі меңгере де алмайды. Кеңістік толып жатқан әр бағыт пен ниетке иелік ететін ақпараттар ағынынан тұрады. Олардың да өзіне тән амплитудалық жиілігі мен тербелісі болады. Оң әсер күші мен теріс әсер күштері өзара қарсылықта болып, бірін-бірі жойып, өз үстемдіктерін орнатуы  адамзат пен табиғатқа жақсылық немесе жамандық әкелуі мүмкін. Бұндай нәзік эфирлі күштердің ара қатынасы оң немесе теріс зарядты қуаттардан тұратындықтан, олар ой арқылы өзінің мүдделік мақсаттарын іске асыру күшіне ие болады.

Сенім мен таным арқылы сананың жоғары не төменгі сатыға көтерілуі мүмкін. Осыдан барып әр адамның тұлғалық келбеті қалыптасады. Терең немесе нәзік сезімге бөленеді. Жаңа дүниенің есігін ашып, жарық дүниеге “іңгәлап” келген жас нәресте сәби сияқты, телепатиялық /аралық/ байланысқа шыққандар алғашқы уақытта өзінің денесіне ие бола алмай, бағзы бір денесі бос қалған тірі пендеге айналады. Бұндай құбылыс күндізде де, не түнде де және ұйықтап жатқанда да болуы ықтимал. Жоғары билеуші Рух өзінің төменгі микро рухының бір ұшқынына әсерін сатылы, ырғақты, үзілісті, баяу да, қатал әрі қысымды күшпен әсер етіп, өзінің басқару жүйесіне бағындырады.

Адамның миының қалыпты жұмыс істеу деңгейінің ырғағы мен сезімталдығының амплитудалық жиілігі мен тербеліс ырғағы ірі өзгеріске ұшырайды. Осының салдарынан адамның ойы басқа бағытта кетіп, еркіндігінен айрылады. Ой өте күшті соғыс құралы. Ол секунд  аралығында әлемді шарлауға да әрі талқандауға да қабілетті ғажап құбылыс екені бүгінде шындыққа айналуда.

Егер Балтабай Рахымжанов мырза осыдан он үш жыл бұрын /1993/ о дүниелік белгісіз бабасынан түсінде аян алмағанда, ол да ол телепатиялық байланыс жүйесінен хабарсыз болар еді.

 

Тағдыр

 

Әр адамның жеке коды болады. Ол маңдайына немесе үшінші көзі аймағына жазылған үш сан. Сондықтан да “пешенеңе не жазылса, сол болады”, – деген ұлы қағида бүгінде нағыз шындыққа айналуда.

Тағдыр – ол жеке адамның ана құрсағына тамшы болып рухы орналасып, қара жер қойнауына енгенге дейінгі өмірлік жолының бағдарламасы. Тағдыр жолы Алланың пенделеріне әр түрлі беріледі. Ол ұлы рух тарапынан бақылауға алынып, оның жүзеге асуына белгісіз сыртқы күш әсерімен адам бойын билетіп, ойлау жүйесін басқартып, жүзеге асуына ықпал етеді. Өмірінің жақсылығы мен жаманына төзе алғандар ғана ізгі арманына жетеді. Жете алмағандар орта жолда қалып, басқа бағытқа кетіп,  мәңгілік трагедиялық өмір сүру кезеңін бастан кешіріп жатады. Бұл да Алла тағаланың кереметі.

Тылсым күштің құпия әсері Балтабай Рахымжанұлын да сынаққа алды. Оның о дүниедегі тағдыр дәптеріндегі атқаратын міндеттерінен оның ойына аян арқылы нұсқау берілді.

 

Үрей

 

Ол кезде Балтабай өз отанынан алыс, бұрынғы Кеңес одағының астанасы Мәскеуде ешнәрседен қаперсіз екі ел арасындағы сауда-саттықты дамытатын “Достық” экономикалық өнеркәсіптік ұйымын басқаратын-ды. Бәрі жетерлік. Жайлы мекен-жай, сарайдай кең бөлмеде телефонның құлағын бұрап, жан-жаққа аралық өкіл ретінде хабарласып, өз шаруаларын нәтижелі тындырып жатты. Ол елін және жерін, әсем Алматысы мен кіндік қаны тамған Шаянын сағынғанда жүрегі сыздайтын. Бұнысын ешкімге сездірмегенімен, іштей елі мен жеріне бір барып қайтудың жолын да қарастырып жүрген-ді.  Жаз айы.  Мәскеудегі үйінде түнгі ұйқыға жатуға дайындалған Балтабай көптен бері өзін бір белгісіз күштің билеп алғанын есіне алды. Жөнді ұйықтай да алмады. Неге?! Маған не болды деп те ойлады.  Күнделікті  ағайын-туыспен хабарласып та тұрды. Бәрі аман. Үрей. Жүрек дүрсілі.  Көз алдынан түрлі бейнелердің сағымы киноның лентасындай өткен сияқты болады. Бұл не?! Есі дұрыс. Құлақ тұсынан ырсыл, белгісіз үн өте баяу естілгендей күй кешті. Осылай ойланып жатып көзінің азда болса ілініп кеткенін байқамай қалды. Түс. Бір денелі баба: “Ей, Балтабай, сен тез Алматыға жет! Сенің үйіңнің ауласында менің денем жерленген. Сол аулаңдағы алаңда бұрын көп адамдар жерленген. Менің денемді 2-3 метр аралықта терең қазсаң, табасың, қайта жерле! Бар, тез бар...!” – деді де бұйрық беруші рух бейнесі көзден тасалана барып, биіктеп, аспанға қарай көтеріле бере ғайып болды. Балтабай булығып барып, тер-тер болып оянып кетті. Астапыралла деді. Есін бірер минуттан кейін тез жиды. Ойланып жатыр. Түсін қайтадан есіне түсірді. Аң-таң. Орнынан тұрып, жуынып-шайынып, кәлимасын айтып, Балтабай қызметіне баруға ыңғайланғанда денесі дір ете түсті. Адамның биотогі көбейсе осындай діріл, өзгеріс және ыңғайсыздық болады деуші  еді, сондай бір жағдайға душар болдым ба деп те ойлады. Жұмыста күндегідей ашық-жарқын емес, көңілсіздеу отырды. Бұнысын қарамағындағыларға сездірмеуге тырысты. Осылай біраз уақыт та өтті. Баяғы үрей күн сайын қайталана беретін қатал тәртіпке айналды.

 

Аян

 

Бүгінде аян деген ұғымға сенетіндер қатары біраз көбейгені шындыққа айнала бастады. Бірақ, аянның нақты құпиясын анықтау, талдау мен тұжырым жасау әлі ғылымда толық дәлелін таба алмауда.

Діни кітаптарда Алла тағаланың сүйікті құлдары әрі пайғамбарлары мен әулие-әмбиелері т.б. түсінде аян арқылы көрген, қабылдаған нәрселерінің өмірде болғаны, жүзеге асқаны туралы айтылады.

Белгісіз баба Балтабайдың түсіне тағы да кірді. Бұл жолы өңі суық, өте қаһарлы, ашулы, көздерінен от жарқырап, қатал бұйрық берді.

Баба: Егер сен менің айтқанымды орындамасаң, түп-тұяғыңмен құртамын. Айтқаным айтқан. Мен осыдан 9999 жыл бұрын өмір сүрген түркі әлемінің көсемі Қажы бабамын” (Қажы Ахмет), – деп ғайып болады. Бұл 1993 жылдың жаз айы мезгілінде еді. Балтабай шошып оянып, ұзақ ойланды. Алдағы алған аяндарын да еске түсіріп я Алла, аянымды өңімде жақсылық болуға нәсіп ет – деп, кәлимасын қайырды. Бұндай аяндардың ерте заманнан-ақ адамзат баласына кез-келген ұлттар өкіліне келіп тұратын сезімдік, әсерлік, саналық құбылыс екендігін қазақтың ұлы ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің 30 жыл (1898-1928 ж.ж.) зерттеп жазған “Үш анық” еңбегінде спиритизм (рухпен сөйлесу), телепатия және зарядтау тәсілдерінің құпияларын әлемдік әдебиеттердің негізіне сүйеніп жазған. Ал, бұдан бұрын да жаратушы бар деген Сократтың басына таяқ болып тисе, Галилей жерден үлкен планета бар дегені үшін қуғын көріп азапталды. Дегенмен, Еуропаның біраз дамыған елдерінде (Франция, Англия т.б.) және Америка, Үндістан сиқты елдерде спиритизм құпиясын үйреніп дәлелдеудің өзі XVIII-XIX ғасырда басталды. Парижде аруақ рухымен сөйлесетін спиритизм мектебі ашылды. Оны оқығандар рухпен (жан) байланысқа шығатын. Байланысатын рухтың жеке ұлттық аты да болған. Сол мектептің түлегі Хасан Марзух деген рухпен байланысқанда аты (Жаксаза-о дүниедегі аты) деген рухтан түрік сұлтаны Ғабдул Хамиттің зұлымдығын халқы қанша уақыт көреді дегенде: “Оның патшалығы отыз үшінші жылдың тоғызыншы айында аяқталып, тақтан түседі”, – деп берген жауабы дәл келеді. Міне, бұған дейін осындай дәлелдемелер болғанына сүйене отырып біз де Балтабай Рахымжанұлының аяның жалғандыққа жатқыза алмаймыз. Әрбір адам баласы тал бесіктен көрбесікке дейін Алла тағаланың қол добы сияқты мәңгілік сынағында екендігі оның тағдырнамасында жазылған.

 

Сапар

 

Балтабай елге баруға шешім қабылдап Мәскеу-Алматы бағытындағы ИЛ-62 лайнерімен аспанға көтерілген де оның бойында бір жеңілдік, рахаттылық, қуаныш нұрының шапағаты төгілгендей болды. Ұзақ уақыттан бергі жөнді болмаған ұйқының әсері ме Балтабай мүлгіп кетті. Баяғы бабасы: “Қорықпа балам, денемді тез табасың, арманын орындалады, абыройын асқақтайды. Мол байлыққа бөленесің, алтын балықтың иесі боласың, сені әлем білетін болады”, – деп үш рет қайталайды. “Мен сенімен бірге қатарласа ұшып келем” – деп тағы да елес беріп ғайып болады.

Басын тез көтеріп алған Балтабай, білетін дұғасын оқып бетін сипады. Алматы аэропорты. Өз Отаны. Астанасы. Барлық адамдар да, құстар да, ағаштар да “Балтабай, Балтабай..!” – деп айғайлағандай жылы сезімді сезгендей болды. Осы кезде оның денесін шарпып өткен жылы лептің биоэнергетикалық әсері ме, өзін  күтіп алу орнында “Ассалау мағалейкум көке!”, – деген інісінің дауысын да байқамай қалды. Екеуі қауышып, ел амандыған сұраса отырып Алматының әл-Фараби даңғылының үстіңгі жағындағы тау бөктеріне орналасқан “Көктем” санаториясынан ары бір шақырымдай жердегі “Ерменсай” (бұрынғы Ремизовка) ауылы елді-мекеніндегі Алатау көшесіндегі №6 нөмерлі үйде тұратын туған інісі Құрманғазының үйіне жеткенде намаздігер уақыты бола бастаған еді. Бұған дейін інілері үйлерінің ауласындағы жерінде арнайы алма, көкөністер сақтайтын жертөле қазу жұмысын бастап кеткен болатын. Жертөленің тереңдігі де екі метрден аса бастапты. Балтабай ел амандығын біліп, інісінің үйінде біраз аялдаған соң, бұған дейін бірнеше рет өзіне: “Менің денем сенің ініңнің үйінің ауласында жатыр, соны қазып алып қайта жерле!”, - деген белгісіз ғайыптық бабаның құдіретті әсерін есіне қайта түсірді. Ол жақсылық болып осы інілерімнің қазып жатқан жертөлесінің аумағынан табылса игі деген іштей ықыласын білдіріп, бауырларына: “Ал жігіттер, енді біздің Алланың сынағынан өтудің және аруақтың аманатын орындаудың амалына кірісейік”, – деп қазылған жөртөлеге қарай бір діріл бойын билеп жақындап келіп тоқтады. Ол інілеріне жертөле көлемін 3х2 метр аумағында қазуды бұйырды. Оның осы кезде өңінен де және сөзінен де бір өзгеріс барлығы інілерін таңғалдырды. Інілері бұған күдікпен қарап көкемнің бұл не қылығы, өзі ауруға ұшырағаннан сау ма қалай, деп үнсіз ақырын күтуде. Балтабай кәне бауырлар тағы қазыңдар біз үлкен байлыққа кенелеміз деп бұйыра  сөйледі. Інілері үнсіз жұмыстарын жалғастырды. Ой, көкемнің бұнсыз да  бір басынан артылар абыройы мен қызметі, әрі жағдайы бар ғой, бұл қаражерді қопарып не байлық алмақшы деп өзара күбірлеседі. Бір-ақ, үлкеннің айтқанын орындау парыз екенін түсінген олар шұңқырды қаза-қаза үш метрге жақын тереңдікте саймандары бір қатты нәрсеге тірелгендей болғанын сезді. Олар қазуды тоқтатып, одан ары ептеп қолдарына жай құрал алып топырақ бетін арши бастады. Кенеттен адам сүйегін көргенде денелері дір етіп жұмысты тоқтата қойды. Осы кезде Балтабайдың көз алдынан бір сағым елес пайда болып, түсіндегі аян берген бабасының бейнесі өткендей болды. Ол табылған адам сүйегі қаңқасын сол аян берген баба денесі болуы ықтимал деп, рухына арнап дұға оқыды.

Денені топырақтан Балтабай өте ептілікпен толық арши бастағанда, бойы екі метрден астам алып адамның дене сүйегі ұзыннан жатыр екен. Сүйекті толық рет-ретімен алып арнайы материалға орап қойды да, одан ары тағы қазу жұмысын жалғастырғанда адам қаңқасының бас жағына қойылған диаметрі жарты метрдей үш аяқты қола дөңгелек табақша тағын табады. Табақтың дөңгелек ернеуін жағалай 16 барыс мүсіні бейнеленіп, әрқайсының от тұтататын тесікшелері бар. 16 барыс айнала қоршаған ортада екі алып көкбөрі (қасқыр) бір тау ешкісін жұлмалап жеп жатқан бейне оған телміріп маған да сыбаға қалса екен деп тұрған екі құс бейнесі бейнеленген.

Ағайын туыстар өздерінің ойламаған жерден осындай құпиялы дүниелерге тап боларын сезбеген-ді. Алла тағаланың құдіретімен болатын тылсым құпиялардың ерекше сырлары адамзат әлеміне әрі жұмбақ күйінде қалып, өз құпиясын ашпай келеді. Бүгінгі заманғы ғылым мен техниканың дамуы барлық жаңалықтардың негізі табиғат әлемінен, құстар мен жан-жануарлардың ерекше әрекеттерінен болатындығына арнайы назар аударуда (құстардың тілін білуге ұмтылу, өрмекшіден – тоқуды үйрену т.б.).

Ертеде Тараз қаласын ағайынды жеті Қарахандар билегені мәлім. Солардың біреуі баптардың бабы Арыстан баптың ұрпағы Айша бибі ханымға үйленбекші болады. Бірақ соғыс жағдайына байланысты Қарахандардың Айша бибіге ғашық адамы бара алмағандықтан, Айша бибі өзі жанына 40 көмекші қызын ертіп, Таразға  бет алып жанындағы Аса өзеніне тоқтап, аттан түсіп, жуынып-шайынып алуға әрекет етеді. Қыз Айша суға шомылып жатқанда оны жылан шағады. Қыз Айша әлсіреп әлі кеткенде, сүйген жігіттің тез келуіне хабар бергізеді. Жігіті келіп Айшамен көрісіп  қоштасқанда, екеуі уәделесіп (осы жерге жазып келгенде сағат түнгі бір екен. Мені рухтар зарядтап жіберді), тірлігімізде бір-біріміздің сүйіспеншілік рахатты махаббатымызды көре алмадық. О дүниеде қосуға Алла нәсіп етсін. Адамдар бізді мәңгі жыр  етіп айтып, өмірлік еске алу үшін, менің басыма келіп дұға оқыған да сенің қабіріңді, ал сенің қабырыңа барып, рухыңа дұға оқығанда менің де қабірімді көретін болсын деп, қыз Айша пәни дүниеден бақи дүниеге аттаныпты. Бұл құпияның сырын 1992 жылы тамыз айының басында мен Таразда болғанда анықтадық деп айтуға болады. Себебі, бұрынғы жеті қараханнның бүгінде үшеуінің ғана денесі Таразда жатқандықтан, халық қай Қараханның Айша бибіге ғашықтығын шеше алмай келген-ді. Мен Талас өзенінің жиегіндегі үстіртте жерленген Тектұрмас әулиенің (Қарахан) бейітіне барып дұға оқыдым. Жанымдағы адамдар “Аға, осы жерден НЛО белгі беріп тұратынды шығарды. Бұл неге?”, – деді маған. Мен оларға: Ғарыштық жүйенің өзінің энергетикалық биоқуатын жіберетін бас, орташа және төменгі жиілікті нүктелері болады. Осы жерден жақсылық таралады. Мүмкін әулиенің жатқан жері сондай ғарыштық, байланыстық нүкте шығар дедім де, жүрелеп отырып бейіттің шығыс жағынан көзімді жұмып, құлағыммен жерастын тыңдағанда тура сағаттың тілінің соғуындай дыбыс естілді. Оны жанымдағыларда қайталатқанда олар да осыны айтты. Ал Тектұрмас әулиенің бейтінің жанынан тікелей Айша бибі мазарына қарағанымда ортадағы қаланың биік үйлері шөгіп еркін көрініс берді. Ертеңінде Айша бибі мазарында тұрып Тектұрмас әулиенің бейітіне қарағанда да осындай құбылыстың куәсі болдық. (З. Қожалымов, Мәңгілік құпия шежіресі, Алматы, 2001. 309-310 б.). Құдіретті күштің әсерінің шексіздігіне сену уақыты жеткен сияқты.

 

Алғашқы сезім

 

Балтабай Рахымжанұлы Қажы бабасының алғашқы аяны бойынша оның денесі мен мұрасын тауып алғаннан кейін жанының кішкене рахаттанып, бір құдіретті сезім бойын билей бастағанын әрі денесі жеңілдеп көкке көтерілгендей әсерге бөленді. Ол көп ойланды. Өзінің інісінің ауласындағы арнайы ақ материалға оралып қойылған Қажы бабасы денесінің сүйегіне бір және үш аяқты қола дөңгелек табақшаға бір қарап ойланып тұрғанда оның көз алдынан бір сағым бейненің әр түрлі түсті сәулелері көріне бастап, оның көз алдына жақын келіп қайтадан кері теуіп жерге сіңіп кеткендей болды. Ол өзіне-өзі сенуден секем алу жағдайына ауытқығандай күйге енді де, көзін жұмып барып қайта ашқанда дәл алдында екі қолын жайып жылы шырайлы ықыласпен күлімсіреп тұрған зор денелі адамның көлеңкесін көріп басқа бір әлемде тұрғандай жағдайға душар болды.

Балтабай осы бір құпиялы жаңалықтың тылсым сырлары оның түс арқылы аянмен келгенін еске алып, Алла тағаланың құдіретіне тағы да бас иіп баба рухына арнап дұғасын бағыштады.

Ұйқы арқылы түс көру ежелден жалғасып келеді. Түс көргенде адам миында тербелісі жоғары жиілікті толқындар пайда болады. Тіпті, өте жоғары сезімдік түстерде жан денені (тәнді) тастап, әлемді шарлай жөнеледі. Небір қуанышты, рахатты жайларды бастан кешіруі мүмкін. Кейде қорқынышты болатыны да кездеседі. Осыған байланысты көрген түсті жоруды ертеден-ақ әдетке айналдырған. Жақсы түс көрсе басына  жақсылық келеді деп, түс көрушіні қуантса, ал жаман түс көрсе “Түс түлкінің боғы” деп бірін-бірі жұбатып, қатты үрейленуден қорғап, сабырлық сақтауға үйреткен. Сондықтан да болар, түсті кез-келгенге жорытпаған. Ырым етіп ауызы дуалы, қасиетті жасы үлкендерге  болжатқан. Адамның  түс көруі  кейде өзі де жайлы не жайсыз жерге және өзінің ыңғайсыз жатуынан дейді. Кейде адамның жұмысына, дәрежесіне, көңіл-күйіне, тамақтануына, мінез-құлқына және тұрмысы мен жанұясының жағдайына да байланысты сияқты. Түсті көбінесе сарыуайымшылдар мен күйгелек, аурушаң, қайғы-қасірет шеккендер, жастар көбірек көреді. Олардың жалпы материалдық әлсіздіктері де көбірек түс көруге әсер ететіндей. Жақсы түстерді жақсылыққа жорып, “Түс оңалмай – іс оңалмайды”, – дейді халқымыздың даналығы. Бұл жөнінде көптеген адамдардың түстерінің дәл келгені жөнінде аз жазылып жатқан жоқ.

Түске кірген нәрселердің түрі, түсі, тұлғасы, аталымы әр түрлі  болуында бір құдіретті құпиялардың терең сыры жатқандай. Дегенмен, осы құпияны әр ұлт өздерінің ұлттық стиліне, сеніміне, тарихына, танымына қарай болжап келгендіктен, ұлттардың болжамдарының ұқсас болмауы дұрыс та шығар демекпіз. Түс жөнінде нақты дәлдікті білдіретін, тізбелі, кестелі, әлемдік ғажайыпты шешетін нақты не діни, не ғылыми еңбек те жоқ. Көбі қияли болжамдар мен аңыздарға негізделіп жазылғандықтан да әлі де шешімін толық таппаған түс-аян құпиялары өз сырын шын мәнінде дәлелдеуге қиындықтар туғызуда. Алла тағала бір адамның маңдайына  жазған үш әрпіне сай өмірлік тағдырының бір бөлшегі түс болғандықтан, әркім өз тағдырына байланысты түс көруі де бір Жаратушының  әмірімен демеске лажымыз жоқ. Осындай қайталанбас бір құбылыс Балтабайдың өмірінде кездесуі оның мәңгілік тағдырнамалық санымен байланыстылығын аңғартқандай әсер қалдырады.

 Кейде адамға өңінде де түсіндегідей болып елес арқылы хабар беру болып жатады. Бұлар жөнінде баспа беттерінде аз жазылып жатқан жоқ. Дегенмен, мен өзімнің тәжірибелерімді ұсынуды жөн көрдім. Мен түсті өте жас кезімде көре бастадым. Сол түстерімнің нәтижесін есейе келе әрі бүгінгі өмірімнің тәжірбиесімен салыстырғанда адам тағдырнамасына жақындай түсетіндігіне сенгендей болдым.

Адамның өмірінде түзу басып өтетін жолы жоқ сияқты. Небір қызыққа да, қиыншылыққа да бөлене, ұрына жүріп, ақыры жол сапарымыздың ғұмырының біткенін де сезбей қаламыз. Балтабайдың өміріндегі елінен шалғай жүргенде шет жерде бабасы рухынан түсі арқылы аян алуы, бүгінде оның шындығының дәлел бола бастауы адамның мәңгілік өмірінің жалғасының барлығын дәлелдеп ғана қалмастан, құдіретті жаратушының әмірлік күшін жер бетіндегі тіршілік иелеріне жеткізетін арнайы орындаушы ең саналы, ғарыштық рухтардың да барлығын дәлелдегендей сезімге бөленесің.

 

Тосын хабар

 

Балтабай Рахымжанұлы ірі транстендентациялық құбылыстан кейін біраз есін жиып ойлана бастады. Бір арманым орындалды. Баба қажы денесі, сүйегі табылғандай болды. Енді осының шындығын ғылыми жақтан дәлелдетіп, ақпараттық құралдар мен бұқаралық арналардан хабарлассам деген ойы бірден шешімге келе алмай, ақыры ойланып барып өз шешімін қабылдауға ыңғайлан-ды. Тағы да осы бір қысқа уақытта оның ойлау жүйесінде бір тербелістік қозғалыстың нәзік сезімі пайда болып, денесін ток соққандай жағдайға ауытқып барып терең дем алды. Апыр-ай, мен бір қателік жібердім ба?, неге тағы мазасызданып тұрмын, – деп інілеріне сабырлықпен қарағанда Көке, өңініз өзгеріп өзіңіз бір жасаңқырағандай қалыпқа түсіп тұрсыз ғой дегендерін ол баяу тыңдады. Оның ойына осы бір сөзден кейін мәңгілік өмір жөніндегі естігендері мен оқығандары және неше түрлі әр мезгілдегі сатылы, қайталамалы, созылмалы, қысқа бейнелі, сезімдік көріністе көрген бейнелік әсерлері көз алдынан тізбек-тізбек болып өтіп жатты.

Дегенмен, түс арқылы берілген аянның бақ болып келуі әркімнің өзіне байланысты сияқты. Пайғамбарлар да, хакімдер де, әулиелер де көбінесе түсіндегі аян бойынша, өз істерін алға дамытып отырған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өңінде Жәбірейіл періштенің көрініп, Құран аяттарын жаздыруы күндізгі елес болса, ол түсінде аян болып белгі берген. Түсі мен өңіндегі әрекеті ұқсас келген. Сондықтан түске қалай болса солай қарауға болмайды. Ол сіздің тағдырыңыздың өмірінің жалғасы. Өз құпиясын өзіне сақтаған құбылыс, ғаламның әлі ашылмаған сыры. Кейде түсті теріс жорудан елес, үрей, қорқыныш, денеде шошу, әлдебір нәрсе келе жатқандай сезіну, әсіресе, ауру жандар мен танымы нашар сенгіштер  арасында көп кездеседі.

Пайғамбарларымызға (с.ғ.с.) келген аян сияқты көптеген оқымыстылар, аты әлемге машһүр Платон мен Альберт Эйнштейн т.б. түсіндегі аян арқылы ғылыми жаңалық ашқан. Мысалы, А. Эйнштейн тастай қатып тәулігіне он екі сағаттан ұйықтап, түсінде аян арқылы көптеген теориялық ғылыми жаңалығын ашыпты. А. Эйнштейн белгілі салыстырмалы теориясын түсінде аян арқылы ойлап тауыпты. Түс сиқырлықтың белгісі емес. Адамның негізгі жұмыс істейтін мидың талшықтарының демалуымен, оның ашылмаған күндізгі демалыстағы талшықтарының құдіреттің әсерімен оянып, іске қосылуы болса керек. Биолог ғалымдардың анықтауынша адам миының тек ғана 8-12 пайызы жұмыс істейтіндігін ал, қалған ми талшықтары демалыста болатындығын ескерсек, түс пен аян құпиясының физиологиялық өзгерістерін ғылымнан бөлек қарауға болмайтыны шындыққа айналуда.

Америка Президенті Линкольн өзі қайтыс болардан біраз күн бұрын түсінде Ақ үйді және ақ киімге оралған табытты көреді.

Линкольн табытты күзетіп тұрған қарауылдан: “Өлген кім?” деп сұрайды. Қарауыл: “Президент. Оны театрда өлтіріп кеткен”, – дейді. Он күннен кейін Президент Линкольнді театрда атып өлтіреді.

Осындай қауіпті түстердің адамның жүйкесін тоздырып, өзіне-өзі қорқыныш туғызары анық. Бұған ұқсас т.б. түстерді де жақсылыққа жору оң нәтижесін береді. Мұсылмандық жолмен жаман түс көргендер Құдай жолына қан шығарып мал сойып, жеті шелпегін пісіріп дастархан жайып, ата-бабасы аруағына дұға оқытып жатады. Кейде қайыр садаға береді.Бұл да өте дұрыс шешім болмақ. “Құдай ұрған оңалар, аруақ ұрған оңалмас” дегендей Құдай тағала кешіргенімен аруақтар кешірмесін білген жөн. Өзіңнің ата, нағашы және қайын жұртыңның о дүниелік аруағын әрқашан еске алып, дұға бағыштау оң нәтиже бермек. Жасанды әулие, ана т.б. аруағына табынуды тоқтатпағандар өз аруағының назасына қалады. Алла осы аруақ назасынан сақтасын. “Сақтансаң құдай сақтайды” -– демекші, сақтықпен салмақтай баға бергенде ғана көрген түс пен елесі оң бағытқа бұрылмақ, ағайын.

Бүгінде әлем елінің ғалымдары түс пен аян туралы зерттеулерін жалғастырып ғана қоймастан, оның пайдасы мен зияны немесе тазасы мен керісі туралы да мән беріп өз тұжырымдарын жасауда. Әр елдің өз ұлтының ерекшелігін ескерсек бұның өзіндік құпиясын ашып әрі шешу болашақта анықталары айқын болмақ.

 

 

 

В начало