Түнгі ғажайып

6

 
главная                                        вернуться

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15  16  17  18

 




ТАС ҚҰЛАТҚАН ЕКЕУ

 

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасында көктем кезінде Сарыжаздағы Калинин атындағы колхозының бас мал дәрігері Күзенбаев Алтынбек колхоздың төлдеп жатқан қой-қораларын аралауға шығады. Қарапайым жүк көлігіне дәрі-дәрмегін басып, Сарыжаздан Көмірші бағытына қарай ауылдың сыртына шыға бергенде ішінде жол-жөнекей мал отарларында қалатын малшылар мен Көміршіге баратын біраз адам қол көтереді. Алтынбек дәрігер машинасын тоқтатып, адамдардың бәрін жүк машинасының үстіне шығарады да, ал Көмірші ауылы ақсақалы еңбек ардагері Әуелді өзі отырған кабинесіне отырғызып, баратын бағытына жүріп кетеді. Жол жөнекей Жолдықалат, Кеген бойы және Көміршіге дейінгі тау етегіндегі малшыларға тоқтап, мал дәрігері өзінің тапсырмаларын беріп, дәрілерін таратып тау етегіндегі бөктер жолмен Көмірші бағытына бет алады. Машинаның үстінде отырған Тұрысбек мұғалім жүргізуші кабинесін қолымен ұрып дыбыс береді. Содан машина тоқтап не болды десе, Тұрысбек мұғалім бәрің жерге түсіңдер деп бұйрық береді. Бәрі жерге түседі. Тұрысбек бәрің тау жаққа қараңдар, сендер не көріп тұрсыңдар дейді. Әбден шаршаған аш құрсақ адамдар аң-таң болады. Нені айтамыз Тұрысбек дейді. Түкең айта алмасаңдар мен айтайын анау Қошқардан Ақтастыға дейінгі (арасы отыз шақырымнан асық) таудың барлық тастарын бала кезімізде Әлібеков Сенбай екеуміз құлатқанбыз деп өзінше шіреніп тұрады. Бұған ыза болған әкесі құрбылас Әуел қария ыза болып қатты ренжиді. Оған намыстанған Түкең болмайды. Адамдар аң-таң. Қалай бала кездерінде бұлар үйдей-үйдей тастарды домалатты деп аң-таң болады. Кейін бұл әңгіме ел арасына тарап кетеді. Менде естідім. Менде сол жылдары Сарыжазда үй салдым. Екі ағамызды көргенде рақметімді ең алдымен олар құлатқан тау-тастрынан бастаушы едім. Сіздер құлатқан тастарда менің үйімнің фундаментіне жарады-ау деп қалжыңдайтынмын. Бірін-бірі сыйласқан екі замандас бір-біріне осындай сүйкімді әңгіме қалжыңдарымен жарасымды көрінуші еді.

 

ҚАЛҚОЖА ЖЕЗДЕМ

 

Біздің елдің ішінде де аузы дуалы, күлкілі сөз шеберлері де аз болмаған. Әрбір аймақта өзінің әзілқой адамдары болғаны анық. “Ажал келмесе қырық жыл қырғын болса да аман қаласың” деген аталық сөздердің өмірімізде шындыққа айналғанына да куәгерміз. Әрине бұл қысқа ғана баяндаулардың өзіндік тәрбиелік маңызы да болары шындық. Тоқсаннан аса жас жасаған артында өзіндік үлгісін қалдырған, бүгінде о дүниелік болған Қалқожа жездем жөнінде де естелік қалдыруды жөн көрдім.

 

ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНА ҮШ РЕТ БАРҒАН

 

Албанның Биеке руынан тарайтын ұрпақтарының көбі Нарынқолдың Текес аймағына орналасқан. Биеке атамыздың ұрпағы Әбдікерімнен үш ұл Рақым, Қалқожа және Бексұлтан болып таралады. Үлкен ұлы Рақым өте байсалды, сабырлы және жатқа да туысқа да сыйлы жан болды. Бүгінде Рақым құданың шөбересі республикалық белгілі газеттің белді қызметкері болып қызмет атқарады. Қалқожа жездеміздің жұбайы да маған туыс жандардың қызы еді. Ал, Бексұлтан болса менің туған жездем, нақтылай айтқанда әкеміздің тұңғыш қызы Алтын әпкемнің жұбайы. Бүгінде Бексұлтан немерелері мен қыздары үйлі жайлы болып Алматы қаласында қоныстанған. Бексұлтан жездем жастайынан өз аймағында әртүрлі қызметтер атқарған, әрі пысықтығы мен шешендігі арқасында зейнеткерлікке шыққанша қызметін атқарды. Әбдікерім құданың ортаншы баласы Қалқожа шаруа адамы еді. Өзі көп сөйлемейтін, жуас жан болатын. Екінші дүниежүзілік Ұлы Отан соғысында Қалқожа жездеміз туған ағасы мен інісінің және өзінің орнына үш рет барып аман-есен оралыпты. Кейін ағайындар,  ой, Қалқожа соғыс қалай екен? деп сұрамай ма, сонда е, немене, соғыс дегенің өте жақсы екен. Ат бағып, көмір қазып жүресің, тамағың тоқ, ұйқың тыныш деген екен. Енді сені шақырса барасың ба десе, бармағанда үйренген жерге деп жауап беріпті. Осындай жуас жан өзін де, ағасы мен інісін де сұрапыл соғыс кезінде құтқарғаны ел аузында аңыз болып келеді.

 

БЕРГЕН АҚШАҒА НЕ АЛДЫҢ?

 

Қалқожа жездеміздің үйіндегі марқұм әпкеміз пысықтау адам еді. Соғыстан аман оралған отағасына мынандай сұрау қойса керек. Қалқожа үш рет соғысқа барып аман келдің, енді мен сенен бір нәрсені сұрайын депті. Жездеміз е, сұрасаң сұра деген келісімін берсе керек. Әпкеміз мен саған берген ақшаға не алдың демей ма, Қалқожа жездем ойланбай тұрып екі бармағының ортасын кішкене ғана ашып тұрып: «Сен маған кішкентай ақша берсең деп құшағын кең жайып,  мен көкбазардан үлкен дарбыз сатып алып жедім», – деген екен жарықтық.

ЖАҢА ЕТІГІНІҢ ҚОНЫШЫН КЕСКЕН

 

Қазақтар аттың ертоқымына адамның аяғы тиетін жеріне былғарыдан тыстап тігіп қоятын. Бұның себебі адам атпен жүргенде екі аяғы ұдайы қозғалыста болғандықтан, ертоқымның тез тозбауына істелген қорғанысы еді. Қалқожа жездемнің ертоқымы тозып, оның тозған былғарысы орнына ескі етігінің қонышын жамамақшы болады. Оның алдында әпкеміз жұбайына жаңа етік сатып алып береді. Қалқожа жездем оңаша орынға барып етікші бізімен өзінің тігіншілік кәсібіне кіріседі. Тоқымның былғарысын ауыстырып біткен жезде әпкемізге апарып міне, көрдің бе мен тоқымды жаңаладым деп көрсетеді. Сабырлы әпкеміз байқап қараса былғарысы жаңа сияқты, бірақ ескі етіктің қонышына ұқсамайды. Әпкеміз ей, Қалқожа мынау жаңа етіктің қонышы емес пе демей ме, шыныңда тексерсе Қалекең ескі етіктің қонышының орнына өзінің жаңа етігінің қонышын кесіп тоқымына жамап жіберген екен. Оны көрген Қалқожа әпкемізге ренжіп тұра ұмтылады, сен кінәлісің деп. Өзі істеген кемшілігін басқадан көру осы Қалқожа жездемнен басталса керек. Қалқожа жездеміздің ұрпақтары өте пысық, сөзге шебер болды. Бүгінде ел ішінде құрметпен өмір сүруде.

 

ХАЛЫҚ, ТАБИҒАТ, АҢҚАУЛЫҚ

ХАЛҚЫ МЕН ТАБИҒАТЫНА РИЗАЛЫҚ

 

Өзінің табиғатының көркемдігі мен сұлулығы және халқының мейманқостығы жағынан ежелден екінші Швейцария атанып кеткен Нарынқол өңірінің кез келген аймағы әсемдікке толы келеді. Әлі есімде өткен ғасырдың жетпісінші жылдары ішінде кезекті теледидар хабарынан атақты жазушы Ғабит Мүсіреповтың мына шығыс жақтағы Кеген және Нарынқол ауданында нағыз қазақ ұлтының тілін, салт-дәстүрін сақтаған Албан деген рудың ұрпақтары тұрады екен. Ана Мұхтар Әуезовтың “Қилы заман” романында сол аймақтағы халықтың қаһармандығы туралы жазылғанын білгенімізбен, сол халықтың жалпы мәдениетімен енді ғана танысу өкінішті-ақ, дегенін естіп едім. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасынан аса сол аймақтың тумасы, бүгінде қазақтың ғұлама ақыны Мұқағали Мақатаевтың 50 жылдық торқалы тойын Нарынқол ауданының барлық шаруашылықтарында аталып өтуіне байланысты Алматыдан да арнайы меймандармен тағы басқа қатысушылардың бес жүзге жуық адамы қатысқанды. Той Нарынқолдан басталып атақты Шалкөде, Көкбел т.б. аймақтарда өз жалғасын тауып жатты. Менде сол тойды өткізу комиссиясының құрамында болғандықтан тойға келген меймандарды Қақпақ ауылының жоғары жағында ал, Текес өзенінің басталар жағында орналасқан Көкбел жайлауында күттік. Той тамаша өтіп жатты. Меймандар да бірден қайтып кетпестен, сұлу табиғаттың таза ауасында демалып қонып шықты. Тау табиғаты қандай сұлу болса, оның  түні де күндізгіден де көркем әрі әсем болып көрінетін. Түндегі тау өзенінің сыбдырлап аққан сазды әуенді үні, соққан самал желінің аймалаған қоңыр салқын лебі, жабайы аңдардың әртүрлі дауысты дыбыстары бәрі де адамның табиғатқа деген ләззатын оятып ғана қалмастан және еркін демалуына да күшті әсер ететін. Осындай неше түрлі гүлдермен бөленген әсем табиғаттың сұлулығына таңғалған сол кездегі той меймандары атақты ақын Әбділда Тәжібаев пен атақты жазушы, сыншы Мұхаметжан Қаратаев: “Мына адал ниетті осы жердің халқы бір Мұқағалиді емес әлі де, мың Мұқағалиевті береді екен ғой. Халқынан қалыспайтын мына көркем табиғат та мың Мұқағалиевті береді екен ғой. Осындай халық пен табиғатта туған адамдар қандай бақытты десеңші. Енді осындай мейірманды халық пен сұлу табиғатты көреміз бе, көрмейміз бе”, –  деп көздеріне жас алғаны әлі есімде. Иа біздің елдің көркемдігі дәл осындай еді.

 

АЙЛАНЫҢ ДА ПАЙДАСЫ да БАР

 

Нарынқолдың Сарыбастау ауылындағы бұрынғы Ленин атындағы колхоздың Тұзкөл бөлімшесі орталықтан отыз бес шақырымдай Шалкөде аймағының бір шетіне орналасқан. Ол кезде колхоздың әрбір аймаққа бекіткен күзетшілерінің қызметі де өте жауапты болатын. Күзетшінің ішінде қаталы да, жуасы да және туысқаншылығы да барлары кездесетін. Ал маған өте жақын ағам Мұсахан Тәжікенұлы осы Тұзкөл аймағындағы егістік пен шабындықтарды жазда, ал жиналған шөп пен сабандарды қыста қарайтын. Өте адал адам болды. Таза атқарған қызметімен колхоз басқармасының алғысына бөленгені де әлі есімізде. Адамдардың арасында қыстық шөбін толық дайындай алмағандардың ішінен қыста даладағы шөп үймектеріне түнделетіп ұрлыққа атпен, шанамен және машинамен баратындар да кездесетін. Бұндай ұрлыққа баратындардың психологиясын ағамыз алдын ала сезеді екен. Түн қараңғысы. Дала тыныш. Алыста келе жатқанды сезген ағамыз өзі үймектен алысырақ жерге атымен барып тұрамын деуші еді. Ана шөп ұрлаушы қажетті шөбін теңдеп енді жүрейін дегенде, тұтқиылдан ағамыз түн қараңғысында  жақындап келіп, қолындағы жарық беретін фонарын тура шөп ұрлаушының бетіне қаратып жарық еткізіп ей, деп жағып қалғанда әлгі күнәлі адам шалқасынан түседі екен. Одан ұзағырақ жерге барып атымен тұрған ағамыз сен ұрысың, мен сені колхоз басқармасына айтамын деп қорқытқанда, әлгі шөп ұрлаушы жалынып барлық алған шөбін қайтадан үймекке жиып беріп әрең құтылады екен. Бұны естіген басқа шөп ұрлаушылар да ұрлығын бұдан кейін азайтса керек.

 

АҢҚАУЛЫҚ

 

Мұсахан ағам өте адал әрі аңқау адам еді. Жамандықтан жаны аулақ болатын. Тек ғана сес көрсететін мінезі болатын, ол да ұзаққа бармайтын. Ағамыз жұмысынан шаршап келіп жатып қалады. Ол кісінің үйіндегі жеңгеміз Сұлухан мен үлкен үйдегі жеңгеміз Қаныша екеуі бас қосып қызыл шайын бөрте ішіп отырып, сөз ортасында шөп әкелуді әңгіме етеді. Қаныша жеңгеміз қайнаға ұйықтап жатыр, ал ана жирен аты күйлі соны мына біздің үйдегі қайныңа алып кел деп Сұлухан жеңгемізді көндіреді. Тапсырма орындалады. Қаныша жеңгеміздің жігіті күзетші ағасының атымен бірнеше рет колхоздың престелген шөбінен жеткізіп алады. Ат қатты терлейді, атты қорасына қос жеңге апарып байлап қояды. Таң атады. Күзетші ағамыз ұрланған шөптің түсіп қалғандарын тауып ізімен тура інісінің үйіне келеді. Сен түнде не істедің деп інісіне шөптің түсіп қалғанын көрсетеді. Сонда тұрып ағамызға келіні Қаныша, қайнаға оны ініңізден сұрағанша өзіңіздің кемпіріңіз бен жирен атыңыздан сұраңыз дегенде, ах деп қайнағасы үн-түнсіз кері айналып бұрылып үйіне кетеді. Айлалы жеңгелердің қулығы да осылай жүзеге асқан екен.

 

АҒАНЫҢ АЙЛАСЫН ӨЗІМ ДЕ ПАЙДАЛАНДЫМ

 

Бұл өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басы болатын. Үлкен бір энергетика саласындағы мекеменің бастығымын. Техника да жетерлік. Әртүрлі маркалы автокөліктер оның көбі судай жаңа болатын. Менен көлік сұраушылар да көп еді. Көмегімізді аямайтынбыз. Біздің мекемеде әскери ЗИЛ-157 маркалы автомашинаны Бегасіл иегерлік ететін. Өте сенімді, ниеті таза әрі маған жиен азамат еді. Кейде білдірмей тойлап та кететін кездері болатын. Онысын маған көрсетпейтін де және білдірмейтін де еді. Бір күні түн ауа автомагазині бар көршім келіп тұр. Жасы менен үлкен еді, не болды аға дедім. Ана сенің жүргізушің маған екінші рет келгенде сұрағанын бермеп едім, мінез көрсетті. Сенде оның кіші әкесі де менің көршім. Мен оның айтқанын кешіремін бірақ, ол ана көшеде бір нәрсеге ұрынбасын деп саған ескертуге келдім деді. Ол кісі үйіне қайтты. Мен ойланбастан үйдің қалқасында тұрған жеңіл машинаны оталдырып, баратын жолға қаратып қойдым да фарын өшірдім. Жаныма жұбайымды алып жоғарыдан төмен қарай жүрдік. Біздің үй ауылдың биік жерінде орналасқандықтан, төмендегі дауыстар толық естіліп тұр. Бізден алыс емес көршінің үйіне келіп Бегасілдің машинасы тоқтады. Ондағы әйелдердің де қойыңдар деген дауыстары да анық естіледі. Мен машинаның моторын өшіріп, педалын басып отырып жоғарыдан төмен қарай жылжып келемін. Ана шуылдаған топқа да отыз метрдей жақындадым да тоқтадым. Ойланып тұрып не істесем екен дегенімде, ойыма Мұсахан ағаның “Фонар” әдісі ойыма түсті. Бірден машинаның алыс бағытта жарық беретін фонарын жақтым да, ей, Бегасіл дегенімде, әлгі сөйлеп тұрған жүргізушім бірден есін жиып, қолындағысын лақтырып машинасын жүз сексен градусқа бұрды да өзінің үйіне қарай тайып тұрды. Түнгі жорықтың қатерлі бағыты ағаның “фонар” әдісімен осындай тыныштықта тоқтатылған еді. Аталған ағалар мен жиенім Бегасіл де ортамызда болмағандықтан, жандары жәннаттан болсын!

 

 

 

В начало