Түнгі ғажайып

2

 
главная                                        вернуться

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15  16  17  18

 



Теңізде шаңғымен ойнауда           

 

Жасағанның құдіретінің шексіздігін өз көзіммен және ояу кезімде нақ көру мен үшін, бұрын-соңды естігендер мен оқығандарымды дәл алдыма әкеліп қойғандай болды. Керегедегі ұзынша ақ лентадан ұзын бойлы, денесіне жабыстыра киген тығыз спорт киімімен пайда болған қыз бейнесі біртіндеп көрінді де, тез арада керегенің оң жағынан пайда болып аға бастаған теңізге қарай ұмтылды. Лезде қыздың екі аяғында су ішінде сырғанақ тебетін ағаш шаңғы пайда болып, ол теңізге түсті де оның ағысымен жарыса неше алуан қозғалыс түрін жасауда. Қанша уақыт болғанын есептеу қиын болды. Себебі мен су бетіндегі қимылдық өзгерістерді қатал бақылағандықтан болатын. Бір уақытта су бетінде ойнақ салған әлгі спортшы қыздың бейнесі қозғалысын аяңдата барып, теңізден тартылған үлкен тоған суына қарай бағытын бұрды. Тоғанның ішінде спортшы шаңғымен баяу қозғалыс жасап, көзден ғайып бола бастады. Тоғандағы адами бейнесіндегі шаңғышы  ұзап барады. Теңіз толқып өз арнасымен өркештене ағуда. Алғашқы көрініс осылай аяқталды. Одан кейін...

 

Көзім де, көкірегім де  ояу

  

Біреулер ойлауы мүмкін, мынаның есі сол кезде дұрыс болды ма екен деп. Мен мұндай пікірге қарсы ештеңе айтпаймын. Өйткені, менің ол кезде көзім ашық және көкірегім ояу болатын. Әр адамның түсінігі өзінше емес пе, сондықтан біз айтысқаннан осы тылсымның құпиясына адами қасиеттің танымдық пен сезімдік жағынан қарасақ дұрыс сияқты. Мен көзім ашық төсегімде жатқанмын. Тыныштықта дем алу одан ары баяу ұйқыға кету болатын. Бас жағымда құбылаға қараған, бұны өзімше басында-ақ іштей жақсылыққа балаған едім. Алғашқы көріністі тағы да көз алдыма елестеттім, аз уақыт бұл қалай болды деген ой сезіміне кеттім. Бөлменің көз алдымдағы қарсы керегесінің бетінен бұлыңғыр көріністердің көлеңкелі көріністері көрінді де, үлкен үш сатылы залдың макеті елес-елес көріне бастады. Зал ішіндегі қимыл елес бола бастады. Бұл не көрініс деп ойлана бастағаным сол еді, басқаша көрініс белгісі көріне бастады. Содан кейін...

 

Алғашқы дыбыс пен  көмескі жарық

 

Менің төсегімнің оң жақ астынан керегеге қарай өте жіңішке сәуленің көмескі жарығы шашырай бастады. Таныс дауыс сияқты ақырын ғана «Қосайын ба?» деген  жіңішке үнді әйел  дауысын естігендей болдым. Дыбыстан кейін бірден төсектің  сол жағынан сәл арырақ жерде трамвай мен троллейбустың басқару тетігін қосқандай шақ етіп бір нәрсенің қосылған дыбысы анық естілді. Керегедегі жарықтың көмескі түсі үлкейе бастады да тағы да белгісіз бейнелер көріне бастады. Мынау да ала көлеңке, көмескі көрініс. Мен төсегімде шешінген бойы қозғала алмай, ақырын дем алып, кірпік қақпай керегедегі құбылыстарға тесіле қараудамын. Ақырын ғана білдірмей дем алудамын. Көзім ояу, күндегідей сергек сезімдемін. Денем де ешқандай сыртқы транстық байланысқа түспеді. О, Жаратқан міне қызық, керегеде алып құрылыстың ішкі көрінісі көріне бастады. Өте үлкен зал, жан-жағының үш жағында екі сатылы отыру орны (балконы) бар ғимарат сүлбесі көрінді. Есігі екі жағында өте үлкен ағаш есікке ұқсас ашылып және жабылып тұр. Мынауың шынында осы заманғы біздің рухани мәдени орталықтарымыздан айырмашылығы жоқтай? Сонда жер бетіндегі ғимараттардың о дүниеде көшірмесі бар дүниеге айналғаны ма деген ой ойыма келді.  Бұл қызықтау ұзаққа бармады. Одан кейін...

 

Үлкен залдағы адами бейнелердің елестері

 

Мұндай да қызық болады екен, өз көзіме өзім сенбедім. Мына үлкен ғимараттың іші көзді ашып жұмғанша үлкен залы мен үш жағындағы балкондар көлеңкелі адам бейнесіндегі қозғалыс иелеріне толып кетті. Бәрінің ақтау бас киімдері бар сияқты. Бәрі еңкейіп құдды сәждеге бастарын қойып, қайта тұрып намаз оқып жатқандай көрінді маған. Біраздан соң тынышталып жүрелерінен отырғандай болды. Біріне-бірі қарап бір нәрселерді айтқандары олардың қимылдарынан сезіліп тұрды. Бірақ дыбыстары жоқ еді. Адам типтес көлеңкелі бейнелердің алды орындарынан ақырындап тұрып, тәртіппен қозғала бастады.  Алды ғимараттың шығыс жақтағы керегесіне жақындағанда үлкен есік ашыла бастады...

 

Үлкен қақпа ашылды 

 

Сонымен, ақырын қимылымен көлеңкелі қозғалысқа келген адами кескінді бейнелер ашыла бастаған есікке қарай жақындай бастады. Аспай-саспай біртіндеп немесе аз топ болып сыртқа қарай шығып жатты. Бұғанда біраз уақыт өткендей болды. Үлкен ғимараттың залының іші әрең көрінетін көмескі жарықпен көмкерілген. Зал іші маған толық босағандай әсер еткенде, көз алдыма діни орынның мінәжат ететін орындары елестей бастады. Мен іштей өз тұжырымымды осылай жасағандай болдым. Қақпа жабылды. Біраз тыныштық. Мен қатты демалудамын төсегім де қозғалыс жасауда, жан-жағыма қарауға болмады. Мұндай әрекеттер жасау құқына мен ие еместігімді сездім де тыныштық сақтап бақылауымды жалғастыра бердім. Менің бүкіл дене мүшелерімде бір өзгеріс басталғанын сезе бастадым. Неше алуан түсті көріністерді кез-келген дене мүшем көру қасиетіне икемделгендей болды. Мен іштей абыржи бастадым. Жүректің соғуы да баяулағандай болды. Жаратушының құдіретімен бүкіл денелік көріпкелдіктің жүйелі сатысы басталғанында байқамаппын. Содан кейін...

 

Күтпеген көріпкелдік те пайда болды

 

Өз көзіме өзім сенбей көз жанарымды екі-үш рет жұмып аштым. Сол алдыңғы көрініс. Мен аз ойландым. Өзім бір палатада жалғызбын. Дыбыс шығаруға болмайды. Уақыт та түн жарымнан асып барады. Өзіме өзім тексеру жүргізе бастадым. Көзімді жұмсам да сол көзім ашық кездегі бейне көріністердің бәрін де көремін. Одан кейін қолдарымның екі алақанымен көз жанарымды жаптым. Бұл да көруде алғашқыны қайталады. Енді етбетімнен жаттым да екі көзімді тарыс жұмдым. Бәрі бір дене көріпкелдігі бір қалыпты сияқты сезілді маған. Қайтадан кері аунап шалқамнан жаттым. Сол көрініс. Мен де пенде емеспін бе, іштей мен де атақты көріпкел болам ба деп те ойлана бастадым. Егер бола қалсам ұлтымның аты шығар еді деген ойлар миымның қатпарларына ене бастаған еді. Бұл амалсыздықтың тұжырымы болатын. Бүкіл денедегі көріпкелдік пен сезімталдық арқылы ғарыштық жүйелік байланыс енді басталғанын түсіне бастадым. Тор ішінде қоршауда жатқандай болған мен түңғиық шексіздік әлемінің ішіне еніп, оның өзіндік құпияларын көріп таныса бастадым. Ол былай болған...

          

 

Саптағы әйел адамдардың

                              көлеңкелі бейнесі                                  

 

Мен басымды күн батысқа ыңғайлап шалқамнан жатырмын. Алды да болған ерекше құбылыстарға сенерімді не сенбесімді білмей терең ойға енді ғана енгенде, тағы да ала көлеңкелі көріністер көз алдыма жақындай түсті. Түсіру камерасының ішкі құрылысына ұқсайтын, құйынды желдің су бетіндегі әсеріне ұқсас иірімді жұтылмалы көрініс пайда болды да, ол толқынды көлемін кеңейте түсті. Толқынды қозғалыстың  шеңберлік радиосы үлкейіп барады. Қарсы керегенің астыңғы жағы жазық далаға айнала бастады да, оның алдыңғы жағынан таза алаң пайда болды. Денем дір ете түсті. Елес. Көлеңкелі бейнелер. Бұл не өзі? Мына құбылыс қайтеді өзі, мені айналдырғанда не таппақ деп көп ойлануға уақыт жетпеді. О, құдірет, әр түрлі киімдер киген және  орамалдарын басына тартқан әйелдер тұлғасындағы адами көлеңкелі бейнелер ұзыннан ұзақ сап түзеп менің төсегіме қарай аяңдап жүріп келеді. Бір ұзын денелі әйел тұлғасы қолын бұлғап басқаларын шақырып сапқа өзі ертіп әкеліп тұрғызуда. Әйелдердің алды менің төсегімнің жанына жақындап маған қарай бастарын тоқсан градусқа бұрып, менімен қоштасқандай үнсіздікпен өтіп жатыр (біздегі қайтқан адаммен арнайы жерде қоштасқандай). Сандары да таусылар емес. Кенет саптан бір орта бойлы, үстіндегі көйлегінің сыртынан пиджаг киген бір әйел бейнесі бөлініп шықты да, менің аяқ жағыма келіп, біраз уақыт тұрып, аяқ жағымнан құшақтағандай болды. Біраздан соң әлгі басқарып жүрген әйел мені құшақтаған әйел бейнесін сапқа қосты. Сапта тізілген әйел бейнелі көлеңкелі тұлғалар менімен мейірімді тұрде қоштасып өтіп жатыр, өтіп жатыр...  Сандары бір билеушіге ғана мәлім болғандай. Мен қозғалмай мына тылсым құпияларды бақылаудамын. Мен, мына менің сырқатым маған жақсылық әкеле ме деп ойлана бастадым.  Барлық көріністер көз алдымнан тездеп өтіп жатыр... Тағы да әне еркектер партиясынының тобы да көріне бастады. Сонымен...

 

Ер тұлғалы еркектердің көлеңкелі саптары

 

Әйелдер бейнесіндегі көлеңкелі тұлғалар өтіп біткендей болғанына да көп кідіріс болмады. Ала-көлеңкелі көріністің кеңістігінің маған жақын жағында тағы да  адам тұлғасындағы қимылды көлеңкелі қозғалыстар байқала бастады. Әр түрлі киімдік формадағы бұл бейнелер ер адамдарға ұқсастығы  қөрініс беруде. Тағы да бұл көлеңкелі еркек бейнелі тұлғаларда сапқа ұзыннан ұзақ тізіліп жатыр. Сап түзу. Ішінен біреуі басқарып жүргендей. Бір уақытта нұсқаушысы қолын тік көтерді де, алға жүріңдер дегендей маған қарата қолын бағыттағаны сол еді, тізілген көлеңкелі бейнелер маған қарай жүріп келеді. Дәл менің оң жағымнан төсегіме өте жақын жерден беттерін маған жартылай қаратып, құдды парадтағы солдаттар сияқты менімен қоштасқандай баяу өте бастады. Бағыттары құбыла жаққа қарай еніп, одан ары тұңғиыққа енгендей әсерде қалдырды. Сонда бұл нендей жағдай екеніне мен ұзақ ойландым. Жауабын табу қиын болуда. Мүмкін бұл болашақтың ісі болар. Осыдан кейін...

 

Кеңістіктегі көріністер

 

Ғажайып көркем көрініс берген ғаламдық аспан әлемі көз алдымда бейнеленіп, өзінің жұлдызды көріністерін көрсете бастады. О, тоба кәдімгі жұлдызды аспан әлемі. Жұлдыздардың орналасуы да кәдімгі түнде өзіміз көріп тамашалайтын ғаламдық әлемнен мына көріністің ешқандай айырмасы жоқтай сезілді маған. Осыған таңғалып қарап жатқанымда денем ысып барып басыла бастағанда, оң жағымда кішігірім бұталы талға ұқсас бақтары бар беткей пайда болды. Сонымен...

Оң  жақтағы теңіз мақұлықтары                       

 

Кездейсоқтық дейін десең, көз алдымда есімнің бір қалыпты жағдайында болып жатқан мына бүкіл ғаламдық көріністерге, таңғалмасқа лажың жоқ. Сонда маған осындай ғаламдық жаратылыстың бейнелік көріністерін көрсетуде, билеушінің мені таңдап алуында нендей құпиялы сыры жатыр? Осы көріністердің алғаш басталғанында мен теңізді көрсем ал, енді тұңғиық түбі шексіз мұхит әлеміне саяхат шеккендей көріністерді көре бастадым. Кәдімгі телеарналардан ұдайы көрсететін теңіз жануарларын мына мұхиттан көрудемін. Жәндіктердің үздіксіз қимылдары және бірін-бірі жеп те, қуып та жүрген теңіз мақұлықтарының қимылдық қозғалыстары, су толқынының ірі өркештенген дауылды көріністері пайда болды, ол баяулап барып басқа көріністің бейнесіне ұласа бастады. Содан кейін...

 

Оң жақтағы кіші орман

және

Жолбарыс пен аңдар      

 

О, Жаратқан не болып барады. Мұхитты көріністен кейін енді оң жағымдағы керегеде кәдімгі сирек тал мен басқа кіші көлемді ағаштардың орманды алқабы пайда болды. Кәдімгі біз басып жүрген қыраттар беткейінің дәл өзі. Қамыс сияқты сарғыш тартқан шөптер мен сылдыр сұйықты талдар ішінен үш-төрт сары мысыққа ұқсас сүлбелер пайда болды. Мен сары мысық па деп ойлағанша, әлгілер үлкейе бастады да ағаш арасынан шыға бастағанда, олардың таза жолбарыс тектес аң екенін анық аңғардым. Саны жетеу, біреуі дәу қожасы қалғандары аналықтары екені анық байқалды. Олар біраз жүріп барып, жерге етбеттеп шалқасынан жата бастады. Одан кейін аңдар мен қодас сиырлар, қояндар және құстардың түр-түрімен аралас өмір сүру ортасы басталды. Бір-біріне тиіспейді және тыныштықпен жайылып өмір сүруде. Жер беті мен жер асты тіршілік иелерінің ұжымдық бір топқа енудегі кәдімгі анық бейнесі, осындай ерекшелігімен көз алдымнан тізбектеліп өтіп жатты. Міне қызық...

             

ЕтБетімнен жатқандағы

айдаһар мен жыландар көрінісі 

 

Осы бір қорқынышты көріністер мен қызықты бейнелерді енді көрмейінші деп көзімді жұмып, басымды одеальмен бүркедім де етпетімнен жатып алдым. Бүкіл денем көз болып кәдімгі көзім сияқты мына бөлмедегі көріністерді толық көре бастады. Бас жағымның оң жағында бір айдаһар сияқты жылан пайда болды. Өзімнің денеме тиер тиместей тұрған айдаһарды айнала жеті ме әлде одан көп пе ұзын қара түсті жыландар тікесінен тік тұрып, жан-жағына бастарын бұрып мені қорғанысқа алғандай сезімге бөледі. Ол олма оң иығыма таман бірнеше жолбарыс та мені қоршай бастады. Кәдімгі маған тап беретіндей дайындықта тұр. Мен де пендемін ғой секем ала бастадым да, осыларды көрмейінші деп көзімді тарыс жұмып, көрпемен басымды толық жауып алдым. Бәрібір мен бәрін көрудемін.  Шыдай алмай сол жаққа аунап түстім. Көзім ашық, көңілім де таза ояу. Көз алдымда, қарсы қабырғадан басталған қозғалатын ленталы жаңа көріністік құбылыстар да тізбек-тізбегімен маған қарай жақындап келеді. Міне қызық...

 

Сол жақтағы антенналы

пластмассалы трубкалар

 

Ең алдымен жылжымалы лента арқылы маған қарай бағыт алған төрт бұрышты, шамамен 200х150 мм мөлшеріндегі  аппақ пластмассадан жасалған ортасына тесігі бар трубкалар тобы тетігі менің төсегіме жақындап келіп тоқтады. Төрт бұрышында он-он бес сантиметрдей ұштары жіңішке әрі кішкене иілген пластмассадан дайындалған антенналары бекітілген екен. Мен бұған ұзақ қарап бақылауға алдым. Онда бұл пластмассадан жасалған антенна арқылы ғарыштық жүйенің байланысы жүзеге қалай аспақ деп ойлап жатырмын. Кенет бұл төрт бұрыш алға жылжып кеткені сол еді, тағы да лента арқылы ұсақ авто және телерадионың бөлшек тетіктері келіп те жетті. Кейбір бөлшектер әйнекті шкафтың полкілеріне де орналасыпты. Міне қызық, бөлшек детальдар әр түрлілігіне қарамастан, өте ыңғайлы және рет-ретімен орнасқан бойы тағы да жылжымалы лентамен менің сол жағымнан өте бере ғайып болды да, басқа техникалар түр-түрімен жылжымалы лентамен жылжып келеді. Сонымен...

 

Сол жақтағы техникалар

 

Сол жағымдағы жылжымалы лентаның бойымен жылжып автотехника мен басқа да техникалар маған жақындап келеді. Техникалардың көлемі онша үлкен емес. Құдды жасалған макетке ұқсайды. Сыртқы түрлері де онша ашық емес сияқты. Бұл техникалардың сұлбасы да жылжи келе көзден ғайып бола бастады. Иә, солай болды.  Тағы да келе жатыр ол не екен?...

 

Тағамдар  түрлері        

 

Міне, қызық. Неше алуан ұсақ көлемді кәмпиттер мен кішкене печеньелер де ақырын жылжымалы лента арқылы жылжып жақындап келіп, менің жанымнан бас жағыма қарай өтіп одан ары ғайып болуда. Конфеттер мен печеньелер де өте ұсақ бірақ, әр түрлі. Конфеттердің сыртқы орамы да түрлі түсті қағазбен оралған. Одан кейін кәдімгі нандар, шелпек пен тоқаштар және басқа да тағамдардың түрлері тізбектеле ақырындап жылжып өтуде. Ғажайып әлем өзінің құпиясын мен арқылы баяндамақ па, ол жағы әлі белгісіз қалуда. Міне қызық...

 

Ұлттық киімдер түрлерін

киген адам бейнелі көріністер

 

Ендігі кезекте ұлттық шапан, пиджак пен ер мен әйелдер киімінің көріністері басталды. Ерлердің іш киімі ертедегі ұлттық киімге ұқсаса, сыртынан киінген ұзын шапандары қара түсті ақ дақты болса, әйелдердің көйлектері ұзын, басында орамал ал, сырт киімдері қызыл түсті ақ дақты пиджактар. Аяқ киімдері керзебай етік пен мәсі сияқты көрінді. Адам бейнелі ер мен әйелдер саны да көп болды. Бәрі өз ретімен менің сол жағымнан бас жағыма қарай ақырындап өтіп, өз кезектерін басқа көріністерге бергендей болды да көзден алыстай бере,  сағымдай болып көрінбей кетті. Жалған дүниенің алдамшы өмірінің қисық-қисық жолдары қайда апарарын және одан ары не боларын ешкімде дәл тамырын басып айта алмас. Содан кейін...

 

Жалықтым, шалқамнан  жаттым

 

Осы бір көріністер мені әбден жалықтырғандай әсерде болдым да, енді ешқайда қарамайыншы деген оймен, шалқамнан жатып алдым. Осымен мына түсініксіз тылсым құпиялы көріністер біткен шығар деп ойлай бергенімде тағы да қарсы керегеде көмескі жарық пайда болып, ол біртіндеп керегеге күңгірттеу жарығын шаша бастады. Шақ етіп бір тетіктер қосылғандай дыбыс та естілді. Осыдан кейін оң жағыма қарап жаттым,  қарсы керегеде кәдімгі қыраттың беткей жағы пайда бола бастады. Содан кейін...

 

Беткей екіге бөлінді

 

Мына көрініс берген беткей екіге бөлінді де, астыңғы жағында сай пайда болды. Ал сайдың бергі мен жағында кәдімгі қара жол пайда болды. Өте бір қызық көріністерді бере бастады. Беткей тақырлау болғанымен өзінше күздің самарқау мезгілдік көрінісін беруде. Сайда су ағып жатқандай дыбыс есілгендей болды. Осы кезде...

 

Жануарлар әлемі жаныма келді 

 

Беткеймен мен жағындағы сайдың жағасында әр түрлі жануарлар әлемі пайда болды. Жабайы жануарлар мен үй жануарлары (жылқы, түйе, сиыр, қой, ешкі т.б.) және үй құстары мен жабайылары беткей мен жағада жайылып, бір-біріне тиіспей аралас өмір сүріп жатқандай айқын көрінді. Мен өзім қайсы әлемде тұрмын дәл қазір деген терең ойға баттым. Бір-ақ, көзім ояу тек ғана тылсым құпиясын бақылағаныма үш сағаттан асқан сияқты сезілді маған.  Бұл көріністердің бүгінгі өз өміріміздегі көріністердің көшірмесі сияқты болуы, нендей құдіреттің әрекеті мен әсері екені адамзатқа түсініксіз және шешімі табылмасы неден болмақ? Ойланайық?!

 

Күтпеген дыбыс пен жарық 

 

Жоғарыдағы құпиялы белгісіз көріністерден соң бөлмеде қысқа ғана уақыт ішінде тағы да белгісіз тетіктердің қосылысы ма әлде ажыратылуы болды ма көмескі жарық азая бастады да ақырындап барып толық өшкендей болды. Бөлмеде тыныштық орнады. Мен аң-таңмын. Мен нендей кеңістікпен байланыста болдым деп? Таң бозарып қалыпты. Көшеде қозғалыс қимылдары естіліп тұр.

 

Көрінстерден кейінгі өзгеріс

 

Мен көзімді жұмып енді ұйықтайын дегеніммен ұйықтай алмадым. Таң да толық атты. Тіршіліктің қимылдары қозғалысқа енді, мен де орнымнан тұрып жуынып, қайтадан өз орныма жайғастым. Көңіл-күйім көтеріңкі әрі сергектеу сезіндім. Ертеңгі астан кейін дәрігер сырқаттарды тексеруге кірісті. Маған кеше бөлімше бастығы әлі жатасыз дегені есімде болатын. Түндегі жағдайдан кейін осында қалам ба жоқ, үйге қайтам ба деп ойлана бастадым. Түндегі жағдай тегін емес, әйтеуір бір қатал ескерту сияқты маған әсер қалдырғандай болды да тұрды. Бір сылтау айтып бұл ауруханадан кетуді ойластырдым. Дәрігер де келді. Мен кетуім керегі жөнінде бір жағдайды айта салдым. Дәрігер де келісіп, қосымша емдері жазылған қағазын беріп мені үйіме қайтуыма рұқсат етті. Сонымен үйге балам Мақсат келіп алып кетті. Жұбайым Түймекүл неге жатпадың, әлі емделуің керек еді ғой деді. Мен қайту себебін түндегі оқиғамен байланыстырдым да, өзін-ақ  емдеші енді дедім де сөзімді аяқтадым.

«Тірі жүрсең әлі талай кереметті көресің» деген сөздің  арғы жағында бір шындықтың бары сияқты маған сезім береді де тұрады. Өмірдің өзі таразы екен ғой!

                                  

Бастапқы көрініс – 30.10.2011 ж.

Көрініс жазылып аяқталды: 06.10.2012 ж.

 

Қорытынды

 

Бүкіл  шексіз де, өлшемі жоқ ғаламдық кеңістікті, жер мен мұхиттарды  жаратқан Алла тағаланың тылсым құпияларын оның құлдары (адамзаты) толық шешуге қауқарсыз болуда. Әсіресе, аян мен түс және елестік көріністердің себептері жай ғана сілтемелік анықтамалардан ары бармауда. Бұл жағдай әлем елдері ғалымдарын да таңғалдыруда. Десе де, Қазақ елі өз тәуелсіздігін алғаннан бері тылсым сырлары құпияларын зерттеуге, пікірлер айтуға азда болса жол ашылды. Бұған дейінгі еңбектерімде тылсым құпия сырлары туралы он бес жылдан бері жазып келемін. Дегенмен, мына көріністер олардан өзгеше және ұқсастығы да жоқ. Бірақ, бос сөз көп те, тылсымдар құпиясын нақтылы зерттеу баяу жүруде. Мына бір  түннің төрт сағаттай уақыттағы белгісіз және түсініксіз көріністері де, бұдан былай ойланатын мәселе. Арман алыстай береді. Жаста жетпіске таяп қалды. Ойлана, толғана келе Өтейбойдақ бабам айтқандай  менде: « Оқығанымды, тоқығанымды, білгенім мен естігенімді, көргенім мен іс тәжірибемді» – жинақтап, өлшеп, мінеп «ТҮНГІ ҒАЖАЙЫП» атты еңбегімді мәліметтер дайын болса да,оны жазуды бір жылдан аса уақыт ойланып, кім қалай қарайды деген танымда болды. Бұл уақытта кімдер нелерді жазбай жатыр, олардың қаншасы оқырманның ойына ой туғызып, пайдалы жақтарын беріп жатқаны да шамалы. Мен алдағы жазылған еңбектерім мен басқа да діни және әдеби еңбектерден оқығандарымды тұжырымдап, ойымдағыны тәуекел деп бастап кеттім. Жаратушым ісіме сәттілік ете гөр! Еңбектің де атынан қорқуға болмас. Бұл пәни дүние мен бақилық дүниенің аралық тылсымдық байланысына азда болса септігін тигізсе болғаны. Әйтеуір, бір кезеңдік істің аяқталуы деп түсінген дұрыс шығар. Ары қарай не болады, асықпайық...  Енді кім не дейді бұл әр оқырманның өз еркінде.

 


В начало