Түнгі ғажайып

8

 
главная                                        вернуться

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15  16  17  18

 



IV ТАРАУ

 

тылсым дүниемен сырласу

 

 

 

Тылсым дүниемен сырласамын

 

Біссімиллаһи рахмани рахим! Кешегі жас бала, сылқым жігіт, міне 60 (алпыс) деген санның жанына келіп қоныстаныпты шіркін. Өміріңнің өткен жолдарынан  хабардар ету өз ұрпағың мен ұлт тарихына қажет сияқты. Балалық өмірім өте ауыр болды. Екі жасымда әкеден жетім қалып, бір әулеттің жалғызы болып, ана тәрбиесінде өстім. Ешкімнің әкесін де, көкесін де қызғанбадым. Өз рухымды жоғары ұстап, төрт жағы түгел пендедей өмір кешуге, ізгі бір мақсатыма жетуге тырыстым.

Марқұм апам Өзипа Сыбанбекқызы еліне сыйлы, ақылды, сабырлы, шыдамды әр нәрсені философиялық талғаммен бағалап шешетін еді. Бір рулы елдің үлкен-кішісінің  ақыл сұрар «Ақ апасы» ғана емес, басқа да ағайындардың киелі рухты құрметті  адамы болатын. Апам болашақты да болжай алатын, адамның мінез-құлқын, талғамын, келбетін, ішкі ойын және тағдырын бірден білетін. Апамның арманы жалғыз ұлының саналы өсуіне, білімді болуына демеуші ғана емес, жолын көрсетер кеңесші болу еді. Менің кішкентай кезімнен бастап толық білім алғаныма дейін және институтқа оқуға түскен кезімде де апам өзі жеке бақылауынан шет қалдырмады. Жолымды көрсетіп, адалдық, ар тазалығы, кішіпейілділік, имандылық, сабырлылық сақтап, әр нәрсені ақылмен шешуді ұдайы ескертетін-ді. Жалғыз ұлының маман болуын, отбасылы, жеке иісті сәбилі болуын армандаған арманы апамның көзі тірісінде орындалды.

Келіні Түймекүлді көргенде: «Арманым орындалды, енді мен Аллаға ризамын», – деді. Тұңғыш немересі Ләззаттың жас иісін иіскеп  рахаттанатын. Оны жанындай жақсы көретін. Кейде «қызымды көп  иіскелемеңдер, сендердің ықтарыңа көніп кетеді», – деуші еді жарықтық. Кейін маған апамның осы киелі қасиеті қонды. Оны апам көзі тірісінде о дүниеге аттанар алдында сүйікті келіні Түймекүлге: «Жалғызымның жотасы бар, сен ие бол!», – деп аманат етіп кеткен. Кейін келінінің түсіне еніп: «Баламның басына көп қиыншылық келеді, көреалмаушылық көп болады. Алған бетінен таймасын. Қайда барса да, өзі жалғыз барсын. Оны халық қорғайды», – деп аян берді. Бұл аян менің киелілер ұйымы қауымдастығын құрғаннан бері он жылдан астам уақыттан бері әлі де дәл сол қалпында қайталанды. Мен аруақ аманатына қиянат етпедім. Киелі Орданы құруда қарсы күштер мен қиыншылықтар аз болмады. Бүгінде құрылғанына он үш жыл болған Қазақстан халық емшілері қауымдастығының жақсы жақтарын өз еліміз ғана емес, көптеген әлем елдері  біледі. Бұған да тәубе деймін. Адам Алла тағаланың добы сияқты көрінеді маған. Сыналған шақтарда да сол Алланың қолында болатынына толық сенемін.

Хантәңірінің Текесінің баурайында 1944 жылдың 1 шілдесінде дүниеге келдім. Тауда ойнадым, балалық өмірім биікте өтті. Тау самалының бетімді аймалағаны, тау гүлдерінің иісі мені ұдайы өзіне тартып тұрғандай болатын.

Нарынқол ауылының Абай атындағы он бір жылдық  орта мектебін 1963 жылы  бітірген соң, бірден өмір жолымның екінші  кезеңі басталды.

Алғашқыда құрылысшы, сонан кейін Нарынқол ауданы Текес ауылдық Кеңесінің хатшысы болдым. Жоғары білім алу үшін 1964-1969 жылдары Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік ауылшаруашылығы институтының ауыршаруашылығын  электрлендіру факультетіне оқуға түсіп, инженер-электрик мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Сонымен, 1969-1977 жылдары Нарынқол ауданының Карл Маркс пен Калинин атындағы шаруашылықта бас маман, 1977-1986 жылдары Нарынқол ауданының электр жүйесінің мекемесі мен «Сельхозэнерго» кәсіпорынының директоры, 1986-1990 жылдары «Алматыэнергоның» энергетикалық қадағалау мекемесінің инспекторы, кәсіпорынының материалдық-қамтамасыз бөлімі бастығы,  аға прораб, 1990-1991 жылдары «Қазақстан» ассоциациясының бірінші вице-президенті, ал 1991 жылдың желтоқсан айынан бері өзім құрған «Қазақстан халық емшілері қауымдастығының» президенті қызметін толық атқарудамын. Қосымша 2000-2001 жылдары  ҚазМҰУ-нің «Этнопсихология және этнопедагогика» Орталығында  ғылыми хатшы болдым. 2003 жылдың шілдесінен бастап қосымша ҚР Денсаулық  сақтау министрлігінің республикалық ғылыми-практикалық «Халық медицинасы орталығы» Бас директорының филиалдар бойынша бірінші орынбасары қызметін  атқарудамын.

Әр адамның жеке тағдыры болады. Менің де тағдырымның ирек-ирек, қисық жолдары болғаны өзіме аян. Одан сүрінбей өту барлық пенде де бола бермесі анық. Өндірістік жұмыспен бүгінгі киелі орданың жұмысын салыстыруға болмайды. Кейінгісі күрделінің күрделісі. Өйткені, бұрын айқын бағдарламасы мен жолы да болмаған, тың құбылыс. Қысқасы, психологиялық жақтан әр түрлі естік ауытқуға ұшыраған көп ұлттың жасы мен  кәрісі де , білімі де, танымы да, дәрежесі мен атағы да ұқсамайтын тылсым құпиялы азаматтарға тәрбие беріп, бір ортаға жинауды жүзеге асыру оңай болмады. Мұндай жақсылықтарыма ала көзімен қарап, мен басқарған ұйымды түп-тамырымен жою үшін бұйрық шығарған, шешімді қабылдаған жоғарғы шенді көп салалы  ұйымдар «шайқасы» он жылға жалғасты. Шындық жолындағы  еңбегіміздің жемісінің нәтижесі қарсыластарды мойындата  білді. Олар да ақыры ымыраға келді.

Осы бір ауыр кездегі басыма түскен қиыншылықтың  апам марқұмның аянымен дәл келгенін сездім, аруақ аманаты үшін киелі орданың шаңырағын сақтап қалудамын.

Елдің бәрі мені медицина маманы, бірі әдебиет пен психология  немесе тарих маманы,  т.б. деп ойлайды. Менің бір ғана жоғарғы білімді мамандығым бар, қысқасы инженер-электрикпін. Өз мамандығыма құрметпен әрі мақтанышпен баға беремін. Бұл мамандығымның ілімі көп салалы ілімдермен бірлесіп іс істеуіме кең жол ашты. Оқу бітіре елге келген соң 1969 жылдары Нарынқол ауданындағы электрлендіру, радиоландыру жұмыстары облыста ең артта қалған салалар болатын. Текес, Сарыжаз ауылының радио тораптарын орнату  жұмыстарымен өзім шұғылданып, осы саланың облыстағы  мамандарымен келісіп, аз уақытта көп жылдар үнсіз тұрған әр үйдегі радио нүктелерін сөйлетуге мүмкіндік жасадым. Сарыжазда тұрғанда арнайы Алматыдағы сол кездегі КазССР байланыс министрлігіне келіп, Шалкөде аймағы шаруашылықтарымен сол кездегі Кеген аймағына теледидарды таратуға келісіп, мамандарын елге алып келдім. Сол кезде Тасашының биігінде тұрған телемұнараның орнын анықтап,  дайын ғылыми ұсынысты: Кеген ауданының екінші хатшысы Серкебаев мырзаға ұсындық. Хатшы: «Сен кімсің соншалық мұндай ұсынысты жасайтын. Біздің өз инженерлеріміз бар», – деген. Сонда хатшыға Алматыдан арнайы әкелген байланыс министрлігінің мамандары: «Сіз, бұл ұсынысты қабылдамасаңыз Кегенде өмірі теледидар болмайды, бәрібір біз Шалкөде аймағы үшін орнатамыз. Сіз мына  жас инженердің талабына, жігерлігіне, рахметіңізді айтыңыз», – деді. С.Серкебаев аз ойланып барып маған қарап тұрып: «Сіз реңжімеңіз, сенің еңбегіңе рахмет, біз келістік», – деді. Міне, Тасашыдағы телемұнара осылай орнатылған.

“Нарынқол ауданының энергетикалық қуаты облыстағы ең соңғы орында еді” – дедік қой. 1977 жылы мен осы ауданның электр жүйесі мекемесіне басшы болғаннан кейін, бірден елді мекендер мен шаруашылық кешендері және жеке мал «ірі қара, қой» отарларына электр  желілерін тартқызып, әрі қуаты  жоғары  ток өткізетін трансформаторларды қойғызып, ауданның энергетикалық қуатын молайттым. Айналасы төрт жылда аудандағы төменгі және жоғары кернеулі электр желілері толық жаңаланды, ток жоқ жерлерге жаңадан электр желілері  тартылды. Алыс мал отарларына дейін электрлендірілді. Ол кезде аудандық партия комитетінің шешімі бұлжымас заң болатын.

Өткен ғасырдың (ХХ ғ.ғ.) сексенінші жылдарынынң ортасынан бері осы Алматы қаласының жанындағы Алатау елді мекенінде тұрып келемін. Алматыға қоныс аударып, өз мамандығым бойынша тәп-тәуір қызмет атқарып жүріп, белгісіз бір тылсымн күштің қармағына ілінгенімді сездім. Ақыры ХХ ғасырдың сексенінші жылының ақырынан бастап біржолата емшілікке беріліп, өз мамандығым бойынша қызметтен кетуіме себеп болды. Сырқат жандарды бір-бірлеп емдесем кейін топтық емге айналдырдым. Нәтиже жаман болмады. Мен семьялы емші атанған бұрынғы Одақтағы жалғыз ғана әлемдік дәрежелі жанұяның басшысы болып, өз қасиетімізді ірі халықаралық форумдар, конгрестерде жоғарғы дәрежеде дәлелдеп әрі мойындата алдық. Бұл қазақ халқының қасиетінің құдіретті екенін айғақтау үшін, әрі оны байыту жолындағы іске кірісіп те кеттім.

Арман шексіз ғой. Ақыры іс әрекетім өз нәтижесін берді. Қазақстан Халық емшілері Ассоциациясын құрдым. Емшілердің білімін жетілдіру мен көтеру мектебін аштым. 1992 жылдың тамыз айынан бастап «Халық емі»газеті шығарылды. Емшілерді бастап барып үш рет халықарлық конгрестерге қатыстым /Алматы, 26-29.09.1991., 18-21.10.1992 және Қырым, Гурзуф 2-9.10.1993/. Қазақ елінің халық емшілерінің ерекше қабілеттері мен көрегендіктері талай рет әлемнің білгірлері мен ғалымдарын таңғалдырды.

Білімімді өздігімнен ұдайы көтеріп, әрі тылсым құпиялар туралы көзқарастық танымымды байыту мақсатында 1991-1993 жылдары Мәскеу, Алматы, Қырым, т.б. қалаларында халық медицинасының ірі мектептерінен дәріс алдым. Әлі де  жалғастырудамын. Өзімнің ілімімді дамытып, тәжірибемді молайтып, өз ұлтымның құпиялы, киелі қасиетін ғылымға қосамын деп армандаған ізгі ниетім алғашқы нәтижесін берді. Бүгінде оқырман халықтың өкілдері мен зерттеушілерден «Мәңгілік құпия шежіресі», «Шапағатты рух ордасы» \Алматы, 2001 ж.\ атты ғылыми танымдық әрі тарихи талғамдық кітаптарым және «Көк тәңірі жүр жебеп» ән-толғау кітапшам \Алматы, 2001\ халықтан өзіне лайық бағасын алды.

XV ғасырдың ғұлама ғалымы, дала ойшылы, ұлы шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының (1388-1485) Шипагерлік баян» атты энциклопедиялық еңбегін («Жалын», Алматы, 1996) нақтылы зерттеп, ғылыми жағынан сұрыптап әрі оның  әлемдік ғылымда алған орны туралы халыққа толық жеткізу маған оңайға түспеді. Талай кесе-көлденең қиын жолдардан өтуге, небір ғұламалар мен сөз таластыруға, барды жоқ ететіндерге қарсы қорған қоюда, бұқаралық ақпарат құралдары басшыларының алдында дәлелдеп, оны әуе толқынына шығаруда талай-талай қиыншылықтарға төздім. Байсылдылық, сабырлылық жасап, өз ісімнің алға жылжуына сөз табуға тырыстым. Сөйтіп, эфирде  аты аталып, еңбегі бағаланған Өтейбойдақ баба, қазақ ғылымына бірден еніп кетті. Өз орнын тапты.

Алла тағаланың берген ырыздығы мен несібесіне риза болу, асқақтамай, кеуде көтермей, кішіпейіл болу адамгершіліктің таза тұлғалық қасиеті. «Асқақтасаң бір күні асыларсың, баяу жүрсең бәйгеге қосыларсың» деген халқымыздың даналық сөзін әр қашан өз жұмысымда негізгі қағида етіп келемін. Өзімнің таза еңбегім арқылы бақытқа жетіп, кім екенімді халықтың, ұйымның, т.б. алдында ақтай алсам, ол менің тазалығымның айнасы мен еңбегімнің таза жемісінің көрсеткіші деп түсінемін. Сондықтан да Алла тағаланың құдіретімен бір мамандықтан көп мамандықтық тұлғаға айналуым тылсым құпия күштерінің құдіреті екенін түсіндім.

Маған неге сіздің басқалар сияқты атақ пен даңқың және орден медалдарын жоқ, жазған ұшан-теңіз еңбектерін атаусыз, деп өзінше көсемсігендерге мен: “Маған және менің еңбектеріме ғылым мен халық баға береді, құдай жоқты пенделікпен бар деп, жалған атақ пен жарамсыз орден алушылардан сақтасын”, – деумен келем.

Бұл өмірде бәрі болып жатыр ғой. Бірде бір ғылыми мақала жазбай-ақ, ғылыми конференцияларда баяндама жасамай-ақ, кітапханаларға бармай-ақ, ғылыми ортаны көрмей-ақ жоғарғы білімді медицина дәрігері, кандидаты, тіпті қоғамдық ұйымдардың академигі атанып жүрген халық емшілері де тізімге ілініп, өтіріктері әшкерленуде. Осылардың бұл теріс әрекеттеріне күйінем, халықтан ұялам және ғылымның қадірін сыйламағаны үшін ұяттарын алдына қоюдамын. Ұятсыздардан зардап шеккендерде, кейде телефон арқылы мұң-мұқтажын  айтатындар өмірде өте көбейіп келеді. Бұлар көбіне  қиыншылық көргендер мен алданғандар, арбалғандар және тағдырдың  ауыр қасіретін тартып жүргендер. Осыларды қайтсем бір қиын жағдайдан шығарудың жолын тауып қуантсам, оң жолға түсулеріне көмегім тисе деген ізгі армандарымның нәтижесін беріп жатқанына қуанып, шаршағанымды ұмытып та кететін уақыттарым болады.

Кейде шаршағанымды, ренішімді белгісіз бір құдіретті тылсым күш пен әсердің сезімі бойынша ән жазуға, әртүрлі тақырыптарға, халыққа және қоғамға қажетті мақалалар жазуға бұрып, күшімді соған арнап келемін.

Бүгінде республикада әр саладағы 40-тай газеттер мен журналдарда және “Қазақ Энциклопедиясында” менің 200-дей мақалалаларым жарияланды. Оның ішінде ғылыми тақырыпта 15-тен аса мақалалар жазылды.  60 баспа табақтан асатын «Көк тәңірі жүр жебеп» ән-толғау, «Шапағатты рух ордасы» және «Мәңгілік құпия шежіресі» \Алматы 2000, 2001\ өз бағаларын алумен өз орнына қарай іріктелді, тағы да екі-үш кітапты баспаға әзірлеп жатырмын. Республикалық және облыстық теледидарларда 1990-шы жылдан бері емдер, рухани таным және халық медицинасының құпиялары, табиғат пен ғарыштың тылсым сырлары және тағы басқа әр түрлі тақырыптағы сұхбаттарым бүгінде 70 сағаттан астам бейне таспа болыпты.

Сондай-ақ, республикалық және облыстық арналарда 1991 жылдан бері жоғарыдағы тақырыптарды ұдайы эфирге  шығарудамын. Бұл да бірнеше ондаған таспалық сұхбаттар болыпты. Ең маңыздысы – өзім жазған толғау, термелерімнің сөзі мен әні өзімдікі. Әндерімнің бір сағаттық авторлық шығармашылық еңбектерім 1992 жылы республикалық, ал 1994-ші жылдан бастап «Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Ақмола, Семей, т.б.» облыстар мен қалаларда радионың «Алтын қорынға» алынды.

Бүгінде қауымдастықтың 20-дан астам облыстық және қалалық филиалдары заңды тіркеуден өтіп, оның мүшелері  мен емшілері өздерінің Жарғылық қызметтерін халықтың  арасында имандылық пен қайырымдылық саласында нәтижелі атқаруда. Қауымдастықтың жанынан 10-нан астам мамандықта білім беретін халық емшілерінің білімін жетілдіру мен көтеру мектебі тұрақты жұмыс істеуде. «Шипагерлік баян» газеті үзбей шығарылып келеді. Қауымдастықпен республикадағы мемлекеттік, қоғамдық ұйымдар және жеке тұлғалар арасында тығыз байланыс орнатылған. Халықтың күн санап қауымдастықтың қызметіне сенімі арта түсуде. Ғылыми мекемелер мен бақылаушы орындар оң көздерімен қарай бастады. Қауымдастықтың қызметі елімізден тыс шетелдерге де таныла бастады. Бұл – ұйым мүшелерінің жемісті еңбектерінің нәтижесі.

Қазақ халқы киелі, жері де қасиетті екені әлемге аян. Осындай ел мен жердің ұрпақтарының киелі қасиетін сапалы, ғылыми тұрғыда көтеру мен әлемдік дәрежеге жеткізу саласында қызметімізді жалғастыра береміз. Көзі ашылмаған бұлақтай болған ата-бабалардың көп салалы киелі қасиеттерінен сыр шертетін құпия сырлары туралы энциклопедиясын шығару ниетіндеміз. Осы жылы Алматыда өтетін Қазақстан Республикасы “Халық медицинасының  өткені, бүгіні және болашағы» атты I-ші  халықаралық конгресті өткізушілердің бірі ретінде аталған шараны абыроймен аяқтауды жоспарлап отырмыз. Алқымдаған алпысың да мені жеңе қоймас, өйткені менің әлі атқарар жұмысым өте көп. Жұмысымның нәтижесіне қарай амандық болса, алдағы жетпіске ұялмай барып, есеп беремін деген тілегімді Жаратушым қабыл еткей!

 

«Шипагерлік баян» №2 шілде 2004 жыл

 

САРҒАЯ КҮТКЕН САҒЫНЫШ

(радио әңгіме)

 

Зядан Қожалымовақын, сазгер

Мақала авторының бұл радио әңгімесі Қазақ радиосының әуе толқынында 1996 жылдың 31-шілдесінде мәтінін Ляззат Зияданқызының оқуымен және әнін орындауында берілген еді. Автордың жеке архивінде сақталған бұл әңгіменің құндылығы уақыт өтіп ұзарған сайын арта түсері анық. Ляззат тірі болғанда өмірге әлі де талай құнды дүниелерді әкелер еді. Амал қанша, Алланың шешіміне ешқандай күш кедергі бола алмайды. Талантты Ляззатымның рухы риза болғай!   

Егер Бекетай көрші шетелден келіп елімізде тұрақты тұрақтамағанда мұндай жаңалық болмас еді. Жақын туыс, інімнің қазасы кезіндегі Бекетаймен танысып, мені өз үйіне қонақ болуға шақыруының ақыры, ауылдас, көрші Жамалхан атты қарындастың жақын туысымның қызы болуымен аяқталды. Бір-бірімізді он жылға жуық білетін осы келіншекті бізге жақын сияқты көрсететін бір сезім мені билеп тұратын. Оны мен Қарақалпақстаннан келген деп келдім. Жоқ, олай  болмай шығады деген ойыма келмесе де, ал бүгін оның өзінің келіп сәлем беріп: «Аға сіз маған туыс, әрі жақын бауыр екенсіз», – деген жіңішке нәзік үні денемді ток соққандай дір еткізді.

– Иә, қарағым, айта ғой сөзіңді деп терең ойға кете тыңдап отырып, оны мен білетіннен бергі өмірін көз алдымнан бір өткізіп шықтым. Мен оған сіздің бейненізді көрмегелі екі жыл өтсе де, кеше жұмыстан келе жатып алдымдағы сағымды бір толқынның ішінен өзіңді көргендей болдым дедім. Ойланып қалып, апырай бұл қарындас мені әңгіме етті ме, әлде менде шаруасы болды ма екен деп ойлап едім. Міне, өзің келіп тұрсың шырағым деп, оған ақырын зер салып қарағанымда, қос жанарынан аққан ыстық жас мөлтілдеп барып, іркіле тоқтап тамшыдай тама бастаған екен. О, дүние-ай, сын заманда елім мен халқым не көрмеді. Бүгінде оның өздерімен бірге ұрпақтары да тарыдай шашылып, быт-шыт болған заман ұмытылғандай сезім биледі.

Мына егемендіктің арқасында адасқандар енесін тапқан қозыдай бір-бірін табуда. Бекетайдың да әке-шеше және туыстары мына көрші өр елде болса, ал мына қарындастың барлық жанашырлары сол көрші өр еліңде екен. Бекетаймен аталас туыс болғанымен, маған да алыс емес төрт атадан қосылады. Қандай аянышты. Өз ата-анасы туысына берген қыз бала солармен бірге қазақ еліне келгелі де қырық жылдың қырқасы болыпты. Мұнда өзін алып келген үлкен туыстарының бәрі де о дүниеге қайтқан. Жөн білер ешкімі жоқ. Амалсыздан өз ата-анасын көрші өр елінен іздестіріп тапқан. Біраз жылдан бері барып келіп қатысады екен. Тағы да барып келуге дайындалып жатса керек. Өзінің екі ұлы да азамат болуға жарап қалған. Сонымен, менімен жолыққаннан кейін Жамалхан қарындас үйіне қайтты. Оның сылбыр басқан аяқ қимылы, шытыңқы қабағы бірде қуанышты болса, ашық жүзінен әлі тарамаған сағыныштың көрінісі мені терең ойға қалдырды. Сарғая күткен сағынышы орындалған сайын оған қуаныш қосылып жатқанын сезгендей болдым. Сарғая күткен сағыныштың ақыры қазақ халқының тағдырнамалық жырының тууына себепкер болған еді.         

     

ҚОЖЕКЕ КҮЙШІ

 

Қожеке Назарұлы (1823-1881 жж.) ХIХ ғасырда Жетісу өлкесінің Нарынқолының Тұзкөлі аймағында дүниеге келіп, сонда өмір сүрген, бүгінде ұлттық күй өнерінің атасы атанған тұлға. Қожекенің әкесі Назар сөзге шешен, аузы дуалы, өткір тілді, айбатты да айбарлы, еліне сыйлы, халқы айтқанын орындайтын, өнерге жақын адам болыпты. Атақты күйші әрі батыр Назарұлы Қожекенің атағы бүгінде Қытай және Түркі елдеріне жайылғаны белгілі. Аты әйгілі Шалкөде аңғарының қойнауында Айғайтас, Шәкіранбал және Қарасаз елді мекендерінде қоныстанған жиырма бес үй Қожеке атанып кеткен, аты ұлы жүздің Албанына ғана емес, басқа да руларға әйгілі болған елді күйші-батыр Қожеке шамамен 1869 жылы Қытайға алып өтеді. Оның артынан ілесіп 400-дей әр түрлі рудың ұрпағы кетеді. Қожекенің өткір тілі, қатал мінезі мен батылдығы, Қытай еліндегі Қоңыр бөрік руынан шыққан Данай сияқты болыстарға ұнамайды.

Ақыры андысқан жау Қожекені Қытайдың Іле облысы, Текес ауданындағы түрмесіне қаматады. Қытайлар Қожекенің жалаңаш жотасына тас көмірдің ыстық шоғын бастырып, қол-аяғын мататып, азаптап өлтіреді /1881 ж./.

Қожеке жүзден аса күй шығарған күйші-батыр. Бүгінде қазақтың ХIХ-ХХ ғасырдағы әйгілі күйшілері қатарынан орын алған, кезендік, аңыздық тақырыптық күйлердің авторы. Қожеке күйлері жанры жағынан шертпелік, төкпелік және термелік қағысты болуы, күйшінің нағыз ойшыл әрі тарихи тақырыпты күй иесі екенін көрсеткендей. Қожекенің рухы оның күйлерімен бірге жүргендей сезіледі. Адалдық жолындағы қайсарлығы өзі өмір сүрген уақытындағы биіктігін ғана көрсетпестен, оның о дүниедегі орнының асқақ жоғары екендігін көрсетеді. Қожеке Назарұлы “Көрұғлы сұлтан”, “Жиреншенің Қарашашты жоқтауы”, “Біржан мен Сара”, “Стамбул”, “Мұңлық”, “Кері толғау”, “Аққу”, “Елдесу”, “Балаларыма”, “Балам-ау”, “Арман”, “Ағарсынның ақ толқыны”, “Байекенін естіртуі”, “Боз жігіт”, “Бөлтірік”, “Біржан сал”, “Күй бастар”, “Күй шақыртқы”, “Қолға алынар алдында”, “Қос келіншек”, “Қинау”, “Қүл пенде”, “Өз қолым”, “Рабат төренің естіртуі”, “Раушан”, “Сайрам көл”, “Сарбұлбұл”, “Тарпу”, “Тоқтарым”, “Шалқайма”, “Түрмедегі қинау”, “Ойбай жаным” – (тас көмір шоғына қарығанда шыққан), “Абақтыда”, т.б. күйлерін артына қалдырған. Ол өз елінің оның ішінде Албанның Құрманының Елікбайынан жеке дара шыққан, бүгінде әлемге әйгілі дарабоз күйші Қожеке өз руының ғана емес, бүкіл қазақ халқының мақтанышы.

Қожекенің өнері оның өзінің Рақышына дарыған. Рақыш 1950 жылы Қытайдың Үрімжі қаласында, әкесі Қожеке күйлерінің жарысын ұйымдастырған.

Осы жарыста Рақыш бірден әкесі Қожекенің 180 күйін тартқанын, Қырғыздың атақты күйшісі Асаналы ақсақал ол жақта да, кейін бұл жақтағы Қырғыз елінде де жыр етіп айтыпты. Ал, 1955 жылғы Қожеке күйлерін орындау шеберлерінің Үрімжідегі жарысында, жас бала жігіт Омарқан Керімқұлұлы, бірден Қожекенің 60-тан астам күйін орындаса, ал бүгінде Омарқан ақсақал (Алматы обл. Шелек. Сөгеті) Қожекенің күйлерін халыққа жеткізуші, негізгі мұрагеріне айналды.

Орнында бар оналар” – демекші, ауыр азаппен халқының қамы үшін, ғұмырлы өмірінен ерте айырылған Қожеке күйшінің күй өнерін оның Рақышынан кейін, Рақыштың баласы Шәния жалғастырыпты. Қазірде көзі тірі, сексенді алқымдаған Орынқан Шәнияұлы бабасы Қожекенің күйлерін ұрпаққа тарату жолында әрі орындаушы, әрі жинақтап зерттеуші болып жүргеніне де тәубе дейік ағайын (Іле. Текес).

Қазақтың ғана емес, күллі Түркі елінің төл перзентіне айналған Қожеке Назарұлының рухы артындағы ұрпақтарына қорған болып, ата-баба жеріне нұрын шашсын демекпіз.

Жалпы Назар тұқымының ұрпақтарына Алла тағала көп дарынды қасиетті сыйласа керек. Күйшілік, шешендік, батырлық өнерімен қатар ірі дін білімін игергендер де /Рақыш, Шәния, Батталғазы, т.б./, балгер-бақсылық, көріпкелдік қасиеттерінің таза иегерлері болғанын білетін, көзімен көргенін көне көз ақсақалды әкелерімізбен ақ шашты аналарымыз жыр етіп айтады.

Назар шеберлері Шәнияұлы Орынқан, Батталғазыұлы Сүлеймен өздері өмір сүріп, қоныс тепкен (Қытай, Іле, Текес) жерде, елдің сауатын ашып, алғаш білім берген алғашқы ағарту саласынын ұстаздары болыпты. Бүгінде құрметті демалысында жүрсе де, ел мұрасын жинап, жалықпай еңбектеніп келеді. Бұған да құдайға шүкірлік дейді. Тектік қасиетті ешкім жоя алмайды. Қанша ғасыр өтсе де Қожекенің күй өнері ұрпақтан ұрпаққа дарып келеді. Бүгінде Қожеке күйшінің шөбересі Әмзабек Жұмабекұлы Алматы облысының Талғар қаласының (№4 дача, 74 үй) аймағында тұрады. Әмзабек атасы Қожеке күйін насихаттаушы, күй сайысының жүлдегері, халық емшісі және Қазақстан халық емшілері қауымдастығының «Құрметті мүшесі» ретінде табысты еңбек етіп, ұлттық шипагерлік өнерінің өркендеуіне өз үлесін қосып келеді.

                                     

Автордың бұл мақаласы «Албан шежіресінде» 2011 жыл

 

 

 

 

В начало