Түнгі ғажайып

9

 
главная                                        вернуться

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15  16  17  18

 




ӨТЕЙБОЙДАҚ БАБАМНЫҢ ІЗІМЕН КЕЛЕМІН

 

Алла тағаланың әр қайсымызға берген өмірінің өзіндік  жеке ғұмырнамасы жазылғанын бәріміз біле бермейміз.Халқымыздың “маңдайыңа не жазылса, сол болады” – деген пәлсапасы осыны нұсқаса керек. Әрбір басқан қадамымыз үшін жауап береміз деп ойламаған едім. Бұл тек ғана жаратушыға белгілі болмақ. Маған белгісіз тылсым күш тыныш жүріп, абыроймен атқарып жатқан жауапты қызметімнен басқа бір бағыттағы тіршіліктің қызметін ұсынды. Ол емшіліктен басталып, кейін аз уақытта халық емшілері қауымдастығын құруыммен тиянақталды. Емшілік дәстүрі халқымыздың тарихымен тамырлас, тағдырымен түптес ерте заманнан жалғасып келе жатқан ұлттық дәстүрлі өнердің бір саласы. Кеңестік кері саясаттың билеушілері қазақтың емшілігін дамытпақ түгелі, оны атауға да тыйым салған. Сондықтан, елімізде халықтық шипагерліктің жеке дамуының тарихын дәлелдейтін нақтылы тарихи деректер болмады. Осы бір кемшілікті орындау Кеңес заманында көптеген қазақ ғалымдарының арманы болды. Ел тәуелсіздігінен кейін халықтық шипагерліктің жабулы бұлақтарының көзі ашылды.  Халық ішіндегі ертеден белгілі  киелі жандардың ұрпақтарының бақсылық, балгерлік, көріпкелдік, болжампаздық, жұлдызнамалық, сынықшылық, т.б. тылсым құпияларының сырлары ашыла бастады. Сырқат жандардың денсаулығын жақсарту үшін емшілер емдік жеке үлестерін ашық түрде  бастады. Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған есепсіз емшілердің басын бір қоғамдық ортаға біріктіру қажет болды. Осы мақсатты жүзеге асыруға мен тікелей кірістім.  Мәскеуде емшілік мектебінен білім алып, қазақ еліне де таныла бастадым. Алғашқылардың көш бастаушысы болып, тыңнан қасқая жол салған, ол кездегі халық емшісі едім. 1991 жылдың соңында «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» республикалқ қоғамдық бірлестігі құрылды. Ол емшілердің Құрылтайында қауымдастықтың тұңғыш президенті болып сайландым. Республиканың аймақтарындағы емшілер бір ортаға жинала бастады.  Емшілердің  бұл қуанышы ұзаққа бармай, қауымдастықтың қызметін тоқтатуға әрекет еткен республикалық Денсаулық сақтау министрлігі шенеуниктерінің ұйымдастыруымен республикалық жеті министрліктер мен комитеттердің қатал бақылауы мен қысымына ұрынды. Олар көп еді, сондықтан қауымдастықтың қызметін екі рет тоқтаттырды. Бізге моральдық, материалдық, психологиялық, т.б. соққыларын күндіз-түні бағыттаған еді. Бұл жойқын күштер емшілердің быт-шытын шығарды. Қауымдастық басшысы әртүрлі мемлекеттік ұйымдардың тергеуіне ұшырады. Осының бәрін ұйымдастырғандар таза «қазақтар» болатын. Олар емшілерді жарылқаймыз, атақтарды қарша жаудырамыз, басқа қауымдастықтағылардың естері дұрыс емес, қызметі заңсыз деген айлалары арқылы жиырма мыңдай емшілерді сол кездегі ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанынан ашқан «Республикалық халық медицинасы Орталығына» жинады. Жиырма жылға жуық емшілерді бір орында бақылап, еңбектерін кенеше сорды, емшілер жөнінде жылы лебізді еңбектер жазбады, қысқасы, емшілерді дұрыс адамдар қатарынан аулақтатты. Жиырма жылға жете бере бұл Орталық белгісіз түрде тарады, емшілері жарамсыз болып бытырап кетті. Біз өз бағытымыздан таймадық. Емшілерді бақылаушылардан қатынасымызды аулақ ұстадық. Осындай ауыр кездерде парасаттылық, қайсарлық, білімділік сияқты ізгі қасиеттерімді пайдаланып, қарсыластарыммен аңдыспай қиядан жол табуға тырыстым. Жиырма жылдан аса тартысты өмірім мені белгілі мәдениеттанушы және өтейбойдақтанушы ғалым, қауымдастықтың Жарғылық қызметін дамытып және қауымдастықты жоюға әрекет еткендерден қорғап келген танымал тұлғаға айналдырды. Бүгінде тылсым сырларының құпиялары туралы жиырмадан аса кітап пен төрт жүзден аса ғылыми танымдық, рухани мәдениеттілік пен емшілік туралы мақалалардың авторы атандым. Жазғандарымды қарапайым халықтан бастап ғалымдарға дейін іздеп жүріп оқитын, халық медицинасы ғылымдары саласының профессоры, академик, философ және психолог, ғалым әрі ақын-сазгер, шежіреші өз құпиясын аша бермейтін танымал тұлғаға айналғаныма тәубе деймін. «Өшкен оты жанып, өлгені тірілді» дегендей қазақтың  емшілік өнерінің ғылымда орын алуы, менің еңбектерімнің халық медицинасында көш бастаушысы болуы, қуанарлық жайт. Сапалы жазылған ғылыми еңбектерімнің емшілік тарихындағы қажеттілігі мен құндылығы арта береді және менің зерттеуші ғалым екендігімді мойындата беретіні сөзсіз. Көптеген монографиялық еңбектеріме пікірлерін жазып, оның құндылығын жоғары бағалаған әр салалы ғылымдардың жиырмадай ғылым докторлары мен профессорларының пікірлерінің менің ғылымдағы тұлғалық бейнемді ашып, айқындап бергеніне тәубе демекпін. Менің тікелей басшылығым қауымдастықтың ісін алға бастыруда, құрамындағы емшілерді бір-бірімен жақындастыруда,  мәдениеті мен білімділігін көтеруде, халықпен етене таныстыруда, қоғамдық ортада ең беделді қоғамдық ұйымға айналуына ықпал етті. Қауымдастықтың басшысы ретінде менің ұйымдастыруыммен 2004-2014 жылдары аралығында он бір рет конгрестер мен форумдар және конференциялардың өткізіліп, қазақ елінің халықтық емшілігі мен ХV ғасырдағы шипагер ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының (1388-1485 жж.) «Шипагерлік баян» атты медициналық энциклопедиялық еңбегінің ғылымға енуіне оның зор ықпалы болды. Осы жиналыстарда мен өзімнің өткір баяндамаларым арқылы осы форумдарға қатысқан Қытай, Ресей, АҚШ, Франция, т.б. елдердің ғалымдары мен емшілеріне, ел тәуелсіздігіне дейін «Қазақтың халықтық шипагерлік өнері болмады», – деген арам пиғылдарының жалғандығын, шипагер Өтейбойдақтың «Шипагерлік баян» атты еңбегі арқылы қазақ емшілігінің өткен тарихының барын ашық дәлелдедім. Ел тәуелсіздігіне дейін аттары тарихқа еңбек түгелі, аттары аталмаған белгісіз ғұламалар қатарында әрине, дала жаһангері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы да болды.  Шипагер бабаның қазақтың қарапайым дәстүрлі емес емін дәстүрліге ал, дәстүрліні осы заманғы ғылыми медицинаға жеткізгені оның «Шипагерлік баянында» сайрап тұр. Осы шындықты ғылыми тұрғыда анықтап және дәлелдеуде зерттеуші ғалым, мен З. Қожалымов он бес жылдан аса уақытымды жұмсадым. Зерттеу барысында қаншама қиын жағдайлардан жол табуға тура келді, ол да сәтімен орындалып жатты.  Шипагер баба еңбегін зерттеуде әр түрлі мамандықтағы ғалымдармен тіл табыса білдім. Ғылыми зерттеудегі еңбегім отандық ғалымдар тарапынан құндылығымен бағалана бастады. Шипагер Өтейбойдақ ілімі қазақтың ілімділігінің көшін бастаушысы екені айқындалды. Бұл жетістікке жету зерттеуші, ғалым маған оңай болмады. Солай болса да ХХ ғасырдың соңында таныла бастаған, толық зерттелмеген, кейбіреулердің бұл шипагер Өтейбойдақ өмірде болмаған адам дегеніне және қарсыластардың көптігіне қарамастан, ұлы шипагердің «Шипагерлік баян» атты еңбегін республикалық  радиоторабы мен телеарналарда және баспасөз беттерінде жылдап халыққа толық таныстырылуы менің  атыммен тікелей байланысты екенін тарихи мұрағаттардан тауып танысуға болады.  

Тағдыр-ай, 1944 жылдың 1 шілдесінде Хантәңірінің  Текесінің  етегінде дүниеге келіппін.  Екі  жасымда әкеден жетім қалдым. Жалғыз ұлмын,  апамның аялауы мен тәрбиесінде өсіп жетілдім. Көптеген жоқшылық пен қиыншылықтың жолдарынан жығыла сүріне жүріп, өз тағдырымның бақытын іздедім. Мен арманшыл, ойлағанымды орындайтын, намысшыл, білімді азамат болуға талпындым. Хантәңірінің Нарынқолының орта мектебін 1963 жылы   бітірген соң  Текес ауылдық Кеңесте қызмет істеп, 1964 жылы шілде айында Алматыға келдім. Ауылшаруашылығы институтына оқуға түстім. 1969 жылы шілде айында инженер-электрик мамандығы дипломын алдым. Түркістанның тумасы, жоғары білімді дәрігер-провизор Түймекүл Құлмақанқызымен отау құрып, еліме қайта оралдым. Нарынқолдың  шауашылықтарында бас маман, аудандық Электржүйесі мен «Сельхозэнерго»  мекемелеріне абыроймен басшылық еттім. Кейін Алматыға ауысып, өз мамандығы бойынша жауапты қызметтерді  атқардым. Мені жазушылар: «Оның өткен уақытындағы сатылы тарихи жолдарына көз жіберсең тыңнан із салатын, түлендей түрленіп өзінің қыратының биігіне мансап пен байлық үшін емес,  ұлттық шипагерліктің ғылыми іргесін нық қалауға ұмтылатынын сезінесің. Оның бұл биіктікте де  тоқтамасына, оның бүгінгі игілікті істері куә. Ол нағыз ұлттық шипагерліктің намысын қорғайтын адал еңбек адамы», – деген ықыластарын да білдіруде. Дегенмен, мен  Кеңес заманындағы қазақтың халық емі жанашырлары Е.Оразақов, С.Қарынбаев, Ә. Айбақын, З. Шашкин, т.б. медицина ғалымдарының халық емшілігін ғылыми айналымға айналдыра алмаған армандарын, ғылыми жағынан жүзеге асыруға ұмтылған еңбегім оң нәтижесін берді. Шығыс және қазақ емшілігінің мәдени үйлестігінің ұқсастығы мен ХV ғасырдың қараүзген шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баянның» ғылыми негізде зерттелуі тек ғана  менің еңбектерімен тікелей байланысты екенін білу енді артықтық етпейді. Шипагер ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының ғылымда “екінші ибн Сина” аталуына негіз болған менің ғылыми еңбегім және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің философия тарихы және мәдениеттану кафедрасының  ғылыми жиналысында бекітілген шешімімен қазақ және орыс тілінде (қаулы № 4. 29.12.2008.) баспадан шыққан «Шипагерлік дәстүрі және философиясы» – «Целительская традиция и философия» (А. 2009.  225 бет) атты монографиялық еңбегім деп толық айта аламын. Менің Өтейбойдақ ілімінің ашылуына жол салғанымды ғалымдарда да мойындады. Мәселен, менің ұйымдастыруыммен және басшылығыммен 2009 жылы шілде айының 24-26 жұлдыздарында Тараз қаласында өткен «Қазақтың ғалым шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы (ХV ғ.)» атты халықаралық конгреске арнайы қатысқан Қытай, Ресей, Франция, Орта Азия мен Қазақстандық ғалымдар шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабыл баба туралы біліп ғана қалмастан, «Шипагерлік дәстүрі және философиясы» атты монографиялық еңбегімнің тұсау кесерінде өз пікірлерін білдіре келіп, шынында қазақтың шипагер ғұламасы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы шығыстың «екінші ибн Синасы» деген ғылыми тұжырымға келді. Осы конгресте сөйлеген филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы: «Бұл бабамыз туралы жазылған тұңғыш кітап. Енді Зядан омбылап із салды. Бабаға осылай ғылыми тұрғыда із тасталды, енді оның артынан еретіндер үлкен жол салу керек... Шын мәнінде біздің Өтейбойдақ бабамыз қазақтың ибн Синасы. Бұл еңбекті Зядан жайдан-жай жазбаған. Осындай жауапты ғылыми еңбекті автор ғарыштық байланыстық жүйені және осы заманғы ғылыми жүйенің талдамаларын дұрыс пайдаланып, өзінің ғылыми тұжырымдамаларын ұлттық философиялық талдауда нақ түсіндіре білген. Қысқасы, Зядан Қожалымовтың бұл еңбегі Орта Азияда алғаш жазылған әл-Фарабидің «Медициналық трактатынан» кейінгі екінші еңбек ал, қазақ елі тарихындағы халық медицинасы саласындағы зерттелген тұңғыш бірінші еңбек екендігін мойындағанымыз жөн... Қысқасы, З. Қожалымов өз еңбегінде қазақтың халық медицинасының б.д.д. тарихы мен өркендеуіне және ХV ғасырдағы қазақтың ғұлама шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты еңбегін таза ұлттық философиялық танымдағы зерттеуін ғылымдағы жаңалық ретінде жоғары бағалаймын, – деп өз пікірін білдірген (З.Қ. «Орындалған аманат», А. 2012. 375-бет). Осы Тараздағы конгресте шипагер баба Өтейбойдақ туралы жарты сағаттан астам театрландырған авторлық қойылымым көрсетілді. Қойылымды сахнаға Жамбыл облыстық драма театрының актрисасы, «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» Гүлшат Нүсіпжанқызы дайындады. ХV ғасырдағы шипагер баба Өтейбойдақтың, әз Жәнібек ханның және Жиренше шешеннің сахнада ролдерін Жамбыл облыстық драма театрының  актерлары сомдады. Көрермендерді тереңнен толғандырған қойылымның сценарийін жазған және сахналық «Шипагер баба» әні мен сазын жазған ғалым, ақын-сазгер Зядан Қожалымов деп хабарланғанда өзімнің қандай жағдайда болғанымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Кешегі бір апаның жалғызының сахналық қойылымды және әні мен сазын да жазғанына көрермендер таңдана қарады. Көп көрермен сахналық көріністің әсерінен көздеріне жас алса оның ішінде менде бар едім. Қытай елінің мемлекеттік сыйлығын алған (1997), о дүниелік бабаның аманатын тірілер осылайша орындады. Менің «Орындалған аманат» атты монографиялық еңбегімнің (А. 2012. 484-бет) 357-392 беттерінде философ.ғ.д., профессорлар Ж.Молдабеков, А.Құлсариева, Г. Сәрсенбекова, Б. Абирова,  медицина ғалымдары м.ғ.д., профессорлар Е. Керімбек Жандари, Ж. Зекейұлы, Т.Бекен, ф.ғ.д, профессорлар М. Мырзахметұлы, С. Құрбанқожа, жазушы-профессор О. Қауғабай, тарих ғ.д., этнограф Б. Төтенай т.б. отандық ғалымдардың тұжырымдық пікірлерінің үйлестігі мен ғылыми әділ бағалары халық медицинасы саласындағы еңбектерімнің отандық ғылымдағы орнын айқындап берді. Шипагер Өтейбойдақ бабасы өмірге келген Нарынқолдың Шалкөдесінің Айқайтасында ғалым емші З.Қожалымовтың ата-бабасы өмір сүрген. Қысқасы, қазірде  атамекенім. Өткен ХХ ғасырдың соңында Өтейбойдақ бабаның  маған: «Жаз, жаз, балам, жаза бер, балам, тағы да жаз, жаз...» – деген аруақтың аманаттық аянын берді. Баспасөз бетінде  «Пархат ата» деген біреуді қолдан құдай жасағандарға қарсы пікірін білдірген қазақтың зиялылары мен көрнекті ғалым және жазушыларының: «Ендігі жеткен жеріміз отансыздардың есін жиған соң, бізге құдай болғаны ма? Киелі бабаларымыздың тылсым қасиетін дәлелдеп жазатын бір ұрпағы болмағаны қалай?» – деген сөздері мені жігерлікке, ұлттық шипагерлік өнерінің құпияларын ашуға, көреалмастарға нақты жауап беруге ойландырды. Ақыры менің тылсым құпия сырларынан сыр шертетін монографиялық тұңғыш еңбегім: “Мәңгілік құпия шежіресі» ( А.2001. 446 бет) аруақ аманаты мен тірілердің сұрауынан кейін жазылған-ды. Шипагер баба Өтейбойдақтың «Шипагерлік баян» атты медициналық энциклопедиялық еңбегі айналасына мәдениет, әдебиет, тарих, философия, психология, астрономия, этнография, метрология, әскери ғылым, этика, эстетика, т.б. ғылымдарды топтастырған, халыққа қызмет етуге ыңғайлаған алып еңбек. Баба еңбегінің  тілінің күрделілігіне және оның төрттен үш бөлімінің жоқтығына қарамастан, мен зерттеуші ғалым  ретінде  ғұлама еңбегін зерттеуге батыл бардым, ол оң нәтижесін берді. Шипагер еңбегіндегі медицинаның үш шыңы: «Қанықталғы», «Нарықталғы», «Дарымдалғы» және қан туралы ұғымдарын т.б. емдік тәсілдерін, өлдіні тірілту жүйесін және «Шипагерлік баянның» әлемдік ғылымда алатын оннан аса ерекшеліктерін зерттеп, ғылыми мақалалар жазып және монографиялық еңбегімді жазып баспадан шығару менің атыммен тікелей байланысты десем асқандық болмас. Бұл халық медицинасы ғылымының жетістігі мен мақтанышы екені өмір мен ғылым шындығы. Менің еңбектерімді көптен бақылап және бағалап жүрген ғылыми жетекшім, философия ғылымдарының докторы, профессор Жақан Молдабеков: «З.Қожалымов қазақ хандығының қараүзген шипагері, шығыстың “екінші ибн Синасы” – Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының мұрасын насихаттауда өзіндік үлесін қосып келе жатқан жанашыр іздемпаз, ғалым», – деген баға берген-ді.  Ғалым «Орындалған аманат – ұрпаққа хат» деген мақаласында («Қазақстан-Zaman» газеті, 13-қыркүйек, 2012 ж.). «Жаһангер шипагер Өтейбойдақ бабаның еңбегінің медицина ғылымында ойып тұрып өз орнын алуы Зяданның  еңбекқорлығының және ұлтжандылығының жемісін аңғартады», – деп тұжырымдайды. Шипагердің емдік дәрі-дәрмекті 859 түрлі өсімдік, 455 түрлі жан-жануар мүшелері мен 70-тей металл-металлойд қоспасынан 1384 дәрілер тізбесін жасаған, жетіге тиіспеу, қырық бірге жұғыспау, он екіден айырылмау және қырық бір ырыс сияқты адамгершілікке, мейірмандылыққа, отаны мен халқын сүю туралы өсиетнама қалдырған, қазақтың ибн Синасына айналған тұлғаның еңбегіне философиялық және  психологиялық ғылыми талдау жасауда, менің еңбегімнің шоқтығы биіктігіне енді ешкім де күмандана алмайды. Мен ұдайы шындық үшін жиырма жылдан аса шырылдап, ақты-ақ, қараны-қара деген танымымнан таймай, халық емшілігіне сенімсіз қарайтындар мен емшілердің Алла тағала берген тылсым сырларын өздерінің тірі бизнесіне айналдырғандарға анық және айқын өз ойымды ашық айта білдім. Оның шындығын  еңбектеріммен танысқанда анық аңғарасыздар. Мен ұдайы таза  принципте: «Емшінің емінің Алладан келген бағасы жоқ. Емші еміне баға қоймау керек. Емделуші емшіге өз рахмет мөлшерін өздері белгілеуі тиіс», – деген идеяны ұстандым. Бұл принциптің негізі шипагер Өтейбойдақ бабаның еңбегінде барын басшылыққа алдым.

Шындығында да, бес ғасырдан аса бұрын жазылған  қараүзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян»   атты еңбегінің ғылымда өз орнын көп тер төктім.  Ғұмырының соңында: «Менен ұрпақ қалмаса да, күндердің күнінде мені әлемге әйгілейтін «Шипагерлік баяным» артымда  қалмақ», – деп өсиетін қалдырған ғұлама шипагер Өтейбойдақ бабаның арманы орындалды. Менің басшылығымда 2002 жылдың 23 шілдеде қараүзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлына өзінің туған жері Шалкөдесінің Айғайтасына құлыптас қойылды. Бұл да баба рухына көрсетілген құрмет болатын.

Мені ғылымға жақындатқан және зерттеу жұмысын бастауға бабам ұлы шипагер Өтейбойдақтың ілімі қанаттандырды деуге енді толық негіз бар. Өйткені, мен осы заманғы емдіктің адам биоөрісінің қуаттары, құран дұғаларының емдік қасиеті, медитациялық ем, музыканың емдік шипасы, табиғаттың табиғи емдері, денсаулықты жақсарту жолы мен тазару мәдениеті жөнінде де зерттедім. Пайдалы жақтарын ұсындым. Аталған емдік жүйелер бойынша жеке-жеке оқулық кітаптарын оқырмандарға ұсынудамын. Әсіресе, «Ғаламның жұмбақ сырлары» (А. 2010, 750 бет), «Тылсым дүниенің құпия емдері» (А. 2006, 230 бет),  «Рухани емшілік ғаламаттары» (А. 2006.  190 бет) және «Денсаулықты жақсарту тәсілдерінің жолдары» (А. 2011, 190 бет) т.б. еңбектерімді  оқырмандардың іздеп тауып оқитын жанұялық құралына айналғалы да  аз уақыт болған жоқ.   Жігітке сегіз түрлі өнер де аздық етеді деген пәлсапалық ұғым ежелден ел ішіне тарағаны мәлім. Осыған қарап бойымнан өнердің және көп тұғырлы таланттың талай түрін байқай алдым. Бүгінде екі дана өлеңдер мен әндер жинағы кітабының авторымын. Кейінгі кезде мені ақын, сазгер деген атаулар да иелене бастады. Өйткені, мен отыздан аса ән мен толғаудың сөзі мен сазының авторымын. Шығармашылығымның алды қазақ радиосының «Алтын қорына» 1997 жылдан бастап қойылып, бүгінде жалғасын табуда. Әндерімнің емдік шипалығын жеке емделушілер де пайдалануда. Әйгілі сазгер Темір Тайбеков: «Жақсы жыр мен әдемі ән ешқашанда өшпейді, өміршең келеді. Зяданның туындыларында да сондай сипат бар. Олар өзінің сонылығы, әуенділігі, мәнділігімен ел арасына ене берері сөзсіз. Әуелгіде ол қарапайым әндермен ерекшеленсе, бүгіндері термелер мен толғауларға бақ сынап, бапты дүниелер тудыруда. Әдетте мұндай шығармалар жазу сазгермін деген әркімнің қолынан келе бермейді. Өйткені, бұл күрделі жанр саналады», – деп менің сазгерлік шығармашылығыма әділ бағасын берді (З.Қ. «Ақ   Гүлім», А. 2012). Ән мен саздың шекарасы болмайтыны анық.  Менің «Шипагер баба», «Сағымдай болып», «Өмірім» әндерімді тамылжыта орындаған алматылық әнші Диана Шик өзінің өнер сапарында Англия, Франция, Жапония, т.б. елдерде болғанында тыңдаушылардың құрметіне бөленгенін және әннің ағзаға емдік шипалығы жоғары бағаланғанын философ А. Бодров өзінің «Музыкотерапия» деген мақаласында тебірене жазған («Шипагерлік  баян», қараша, 2010). Мен шежіре тақырыбына да қалам сілтедім (Албан шежіресі, 2003 және 2011) және  “Қазақ энциклопедиясында” да тылсым сырлары құпиясы туралы бірнеш ғылыми мақалаларым жарық көрді. Атақты ғалымдардың еңбектеріне пікір жазған да кезім болды. Мәселен, «Албан шежіре» (А. 2003, 2011), «Батыр баба Әлмерек»(А. 2002) кіаптарының авторлары құрамындамын. Академик М.Әлиевтың т.б. авторлардың «Қазақтың халық медицинасының ғылыми көкжиектері» (А. 2003), м.ғ.к. Т.Бекеннің («Ислам және медицина» және «Рухани саулық денсаулықтың негізі», (А. 2006, 2011), профессор С. Құрбанқожаның, дінтанушы К. Төлешұлының, ақын С. Жұмановтың, З. Баймолланың, т.б. еңбектеріне ғылыми танымдық пікірлерімді жаздым. Мен «Қазақстан қажылары» кітабына (А. 2005),   «Жетісу» энциклопедиясына және «Албан шежіресі» мен «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» (А. 2005) т.б. тарихи еңбектерге де  еніппін.  Уақыт тоқтамай зымыраған сайын, менің де әр түрлі тақырыпта жазған 450-ден астам танымдық, тәрбиелік, емдік және ғылыми мақалаларым жиырма жылдан аса уақытта елімізде шығатын 45-тен (қырық бес) аса газеттерге және оннан аса журналдарға басылып шығыпты. Қазақ телеарналары мен радиотораптарында да жүзден аса сұхбаттар мен әңгімелер өткізу құрметіне ие болыппын.  Менің бойыма қонған тылсым күш тектік қасиеттен болса да,  ашық айта бермеймін, мақтанбаймын да. Қысқасы, мені осы жолға түсіргенде бір тылсым күш әсері, айналасы төрт-бес сағатта мен күтпеген жерден емші, одан әрі «Ұстазсыз – ұстаз» болдым. Бұл тағдырымның жолы», – деп айта аламын. Қауымдастықтың қызметіндегі ұжымға жеке үлестерім үшін Елбасының «Алғыс хатын» алдым ( 2005). Мен әлемдік сеанстарға он үш рет қатыстым. Орыстың самаралық сиқыршысы да З. Қожалымовтың қаһарына шыдамай сұлап түскен еді (Мәскеу, 18.06.1991). Осы жолы М.Горкий атындағы кино студиясы түсірген “Шығыс емшілігі” туралы сюжетті киноның басты ролінде ойнадым.  Білімімді көтеруде философия, психология, әдебиет, дін және халық медицинасының салалық оқу орындарында оқып мамандығымды жетілдірдім. Бүгінде құрамында бес мыңнан аса мүшесі мен жиырмадан аса облыстық және қалалық филиалдары бар аталған қауымдастықтың өсуі, өркендеуі және қорғалуы тікелей басшысы болған: «профессор, ғалым З. Қожалымовтың іздемпаздық, ұйымдастырушылық және адамгершілік тұлғасымен байланысты» – деген тұжырымдамаларға қарсы емеспін. Өйткені, бұл менің ширек ғасырға жуық өмірімнің сатылық жолдары және көрсеткіші де... Қилы да қиын жолдардан өтуде мен таза еңбегіммен «Халық медицинасы және ғарыштыққуат академиясының» профессоры, Академик, «Қазақстан халық емшілері қауымдастығының» президенті, мәдениеттанушы және өтейбойдақтанушы ғалым, ақын-сазгер, шежіреші, дінтанушы, Қазақстан Журналистер және психологтар одақтарының мүшесі, Халықаралық дәстүрлі халық медицинасы мамандары, психологтары және емшілері ассоциациясының президенті, «Халық медицинасы және ғарыштыққуат академиясының» президенті, халықаралық М.Нострадаумс атындағы тылсым құпия академиясының академигі (Париж), халықаралық «Экология» академиясының академигі, халықаралық рухани және емшілер академиясының академигі (Мәскеу), «Жас-ай» Шығыс-тибет журналының редколлогия мүшесі, «Шипагерлік баян» газетінің Бас редакторы, парапсихолог, әлем емшісі, «III мыңжылдықтың үздік емшісі», 24 кітап (408 баспа табақ) пен 30-дан аса әннің сөзі мен сазының авторы және Алматы облысы Райымбек ауданның «Құрметті азаматы» атандым.

Мен үшін жылқы жылы үлкен қуанышпен басталды. Қауымдастық пен өзімді мынандай марапаттарға бұйырыпты. Құрылғанына 23 жыл толған қоғамдық бірлестіктің атқарған еңбегі ұшан-теңіз. “Қазақстан халық емшілері қауымдастығының” РҚБ (Республикалық мәртебе) 2011- 2013 жылдардағы қызметіндегі ерекше табыстары үшін Мемлекеттік статистиканың ресми деректері негізінде ғана, Қазақстан экономикасының нағыз көшбасшыларын анықтайтын кешенді рейтингтік бағдарлама “Ұлттық бизнес-рейтингінің”, “Ғылыми-ақпараттық статистикалық зерттеулер орталығы” және “Ұлттық бизнес-рейтингтер халықаралық рейтинг одағының” (Ресей, Украина, Қазақстан, Беларусь) «Сала көшбасшысы-2013» атағына ие болып, арнайы алтынмен қапталған «Сала көшбасшысы-2013» қабырға медалімен және «Сала көшбасшысы-2013» Ұлттық Сертификатымен марапатталды.

Қауымдастық президенті, мен Зядан Қожалымов көп жылғы еңбегінің арқасында Отанның алдында сiңiрген еңбегі үшін Мемлекеттік статистиканың ресми деректері негізінде ғана, Қазақстан экономикасының нағыз көшбасшыларын анықтайтын кешенді рейтингтік бағдарлама “Ұлттық бизнес-рейтингінің” «Қазақстанның данқы» орденімен марапатталуым үлкен қуанышқа бөледі (Куәлік № 01724, 20.01.2014). Міне, биылғы 2014 жылғы Журналистер күні қарсаңында мені Қазақстан Журналистер одағының Басқармасы «Құрмет грамотасымен» марапаттады. Мәтіні төмендегідей:

Құрметті Қожалымов Зядан мырза! Сізді, Қазақстан журналистер Одағы басқармасы баспасөз құралдарында ұзақ жылдар бойы жемісті қызмет атқарғаныңыз үшін және 70 жасқа толу мерейтойына орай осы “Құрмет грамотасымен” марапаттайды.  

Қазақстан Журналистер одағы басқармасының төрағасы С.Матаев                            

 

Жұбайым Түймекүл екеуміз өзімізден тараған алты ұрпақтарынан дүниеге келген құдай берген немерелерімнің атасы мен апасына айналдық. Бақытты жандармыз, сыйластардың келіп кететін киелі шаңырағына айналдық. Алла тағаланың берген несібесінің арқасында мен жұбайым Түймекүл екеуіміз 2011 жылы Австрияның Вена қаласына (14.04.-18.04.), 2012 жылы Венгрияның Будапешт қаласына (23-29.03), Қытайдың Құлжа қаласында және Текес аймағында (14-24.05.), АҚШ-тың Вашингтон қаласында (17-23.08.), 2013 жылы АҚШ-тың Гавай аралдарына (23.04.-30.04.) және Италияның Сардиния аралына (21-31.05.) арнайы сапармен барып қайттық. Халықтық медицина саласының симпозумдарына қатысу үшін Англия, Швецария, т.б. мемлекеттердің осы ғылым саласының ұйымдастыру комитеттерінен шақыру қағаздарын алдым. Өмірі түсіне кірмейтін, көрем деп ойламайтын елдерге барып, мейман болып дәм татып, мәдениетімен, дәстүрімен танысуға мүмкіндік жасаған жаратушыға ризалығым шексіз.  Қауымдастықтың демеушісіз, қаражатсыз, тұрақты мекені жоқтығына мойымастан, атқарған қызметі мен ғылымдағы, өмірдегі өміршеңдік жетістіктеріне шамам мен қабілетім жеткенше еңбектендім. Бұдан былайда осы ісімді жалғастыра бермекпін. Өзімнің 70 жылдық ғұмырымның ширек ғасырға жуық өмірінде атқарған игілікті істеріме аз да болса мәлімет бергендей болдым. Сондықтан мен шипагер, ғалым Өтейбойдақ бабамның ізімен келемін. Ө.Тілеуқабылұлының  мұрагері және халықтық шипагерліктің қара нары деп сенім білдіргендерге адалдығымды білдіремін.                       

Алматы, 1-шілде 2014 жыл

 

 

 

В начало