Ақ гүлім
12
 Главная          Вернуться          Предыдущая          Следующая 

 

КЕТПЕСІН КӘДЕҢ ӨМІРГЕ

 

Жарыңыз болса ақылды,

Атағың шығар баршаға.

Жаман болса косағың,

Үлкен мақсат аңсама

 

Ұрынсаң егер пәлеге,

Жайылар қалмай бар елге.

Ойланып сөйле ағайын,

Жарайтындай кәдеге.

 

Байлық бар деп мақтанба,

Қиын ғой оны сақтау да.

Еңбексіз табыс келмейді,

Жамбастап үйде жатқанға.

 

Айту керек ақыл да,

Ұқтырардай дәлірек.

Тұрмаса айтсаң, мақұлдап,

Ақыл айту не керек?

 

Адамның бәрін жаман деп,

Жетпейді ешкім маған деп,

Кімге пайда бөскенің,

Айтпаса халқың дана деп.

 

Көпіріп шешен болғанша,

Көлгірсіп көсем болғанша,

Білдің бе елдің жағдайын,

Қасіреті алда бар қанша?

 

Жақса біреу отыңды,

Кеткені болар ырыстың.

Қақпасаң қолдан жарыңды,

Біткені болар бір істің.

          * * *

Адал достың қадірін,

Алыста жүрсең білерсің.

Арам достың зиянын,

Қиянат шексең білерсің.

 

Жүргін дос боп еңбекпен,

Қашпа келсе бейнеттен.

Бақытына арманның,

Қиындықсыз кім жеткен.

 

Сүйенем саған сабырым,

Сабырым, менің тағдырым.

Сабыр түбі сары алтын,

Нұрланып жатар қабырым.

 

Сапылдаған сары аяқ,

Келеді арсыз ала аяқ.

Өзіне тілеп жақсылық,

Басқаларды қаралап.

 

Қызғанғаннан не пайда,

Жеккөрінішті боларсың.

Мақтанғаннан не пайда,

Күлкі болып қаларсың.

 

Еліне сыйсыз адамдар,

Ешкімге де жақпайды.

Арам пиғыл надандар,

Адам арын таптайды.

 

Қулығына құзырым,

Сұмдығына шындығым.

Иманым бар бойымда,

Жүрегімде нұр тілім.

 

Жаманмен өткен күндерің,

Өмірді текке сүргенің.

Жақсымен болған бір сәтің,

Өмірдің мәнін білгенің.

           * * *

Сүймегенді алам деп,

Сүйгеніңнен құр қалма.

Білмеген жерге барам деп,

Бекер босқа киналма.

 

Мықтымын деп біреулер,

Кір келтірер көңілге.

Кеудесініп, шіренген

Көкірек аз ба өмірде.

 

Қайырымсыз адамға,

Қиылып қолқа салғанша,

Телміріп текке барғанша,

Өз еңбегіңе сүйенгін,

 

Бостан босқа алданба.

Қайырымды адамның,

Жақсылығы жетер еліне.

Мұқтажын етер халқының,

 

Көңілдің тұрар көгінде.

Сынаймын деп біреуді,

Сыналып өзің калмағын.

Біле алмасаң шамаңды,

 

Тістелер сенің бармағың.

Аңқау елдің алдамшы –

«Әулиелері» көп болар.

Алланы алмай аузына,

 

Өз «кереметіне» мақтанар.

Алланы аузына алмаған,

Орын таппас жұмақтан,

Тәубеге келу – парызың,

 

Дін жолымен қуаттан.

Баршылыкка не жетсін,

Жоқшылыкка не демексің?

Бар болса жәрдем ете біл,

 

Бір-біріңді елеп шын.

Оттай болып күйеміз,

Нардай болып желеміз,

Кетпесін кәдең өмірге,

 

Ақыры бір күн өлеміз!

Ақыры-ай, бір күн өлеміз!

Алматы, 1991.

 

 

 

Шіркін дүние-ай

 

f

 

Шақыр десең, мінеки шақырайын,

Әруағыңа жан баба бас ұрайын.

Осы бір кез мен үшін өте қиын,

Қайталанбас өмірде асыл айым.

 

Артымдағы ұрпағым, жасымағын,

Әрқашанда мен сенің қасыңдамын.

Үрейленсең, шақырғын әруағымды,

Жан ұшырып жәрдемге асығамын.

 

Қайталанбас өмірдің каймағына,

Құштар болып қазақтың аймағына.

Гүлденерсің, көгеріп қайтадан сен,

Шыққандай боп бабаңның жайлауына.

 

Кейде өксіп кетерсің мауқың болмай,

Басыңа түссе жүгің заман солай.

Қорықпа, қарсы келген жауларыңнан,

Атыл оқ боп, бабаңның кегі бардай.

 

Күндер жылжып барады күлімдеген,

Әруағыңның құлаққа үні келген.

Қорықпағын ұрпағым ештеңеден,

Қасыңда мен жүремін түніменен.

 

Түнделетіп, о балам, түнделетіп,

Тұрам келіп жаныңа күнде келіп.

Көлеңкем елес болып, көз алдыңа,

Тұрғандай боп, мен сені еркелетіп.

 

Келемін де өзіңе түнделетіп,

Болып тұрар қашанда бір керегім.

Елес болар бейнем де көлбеңденіп,

Табылатын қажет те шын көмегім.

 

Жердегідей аспанда да ғажап көп,

Құдірет күші шашырауда тарам боп.

Ертедегі бабалардың рухы да,

Жер бетіне оралуда нұрлы боп.

 

Pyx нұры төгіліп жер бетіне,

Жасарып түрленді ғой келбеті де.

Оралып имандылық халқымызға,

Нұрланғандай болды ғой ел де міне.

 

Кұшағымды жаюмен, ашып көпке,

Өмір мені еліме ғашық еткен.

Таза пейіл жандарды жақын көрем,

Аянбаймын халқымнан, бәрін берем.

 

Өтем бе сынағынан жауларымның,

Қалмайын қарғысына әруағымның.

Артына жалғыз тастап кеткен еді,

Ата-баба рухы қолдар ұлын.

                   * * *

Алдымда батыр бабам жол бастаған,

Әр жерге ол белгісін дәл тастаған.

Тоқтау да жоқ, қарау жоқ алға бағыт,

Бұйрық берді ақырып, «ілес маған»!

 

Сан-сақаға ұйқымды бөліндіріп,

Кеткендей кейде тіпті әлім құрып,

Қасыма бабам келіп тұрған кезде,

Қалады бойым сергіп, жаным жылып.

 

Жол нұсқап батыр бабам бағыт берген,

Ізгілік қадамымды мақұл көрген.

Бойымда сарқылмасын бар қуатым,

Әрдайым айтам алғыс тәңірге мен.

 

Қанатты қаққын деді енді серпіп,

Әкетем деді, әйтпесе, сені ертіп.

Нүкте боп көз алдымда қалды балам,

Кешірім сұрап тұрды, жарым келіп.

 

О балам, ешқашанда жасымағын,

Асығамын, мен неге асығамын?

Бір өзіңсің тек қана түсінетін,

Өзім сүйген серігім – асыл жарым.

 

Жүрмін міне қазақтың жерін шарлап,

Бір өзіме өмірі Алла жар боп.

Отбасы, бала-шаға аман болсын,

Бәрімізді қашанда әруақ қолдап.

Көруге өздеріңді асығамын.

Асығамын, асығамын, асығамын!

Карағанды қаласы. 5 қараша, 1992.

 

 


1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15  16  17  18  19  20

 

 

вверх