Ақ гүлім
15
 Главная          Вернуться          Предыдущая          Следующая 

 

ХАЛҚЫМА АЙТАР ЖАН СЫРЫМ

 

Бір Алла ғой сезім беріп, жүрегіммен сезгенім,

Ерекшелік қасиет бар, жылы жүзді пендемін.

Адасқанды ақ жолға сап, ізгілікпен асықпай,

Жамандықтан, арамдықтан тазалаумен келемін.

 

Ішкі сырым бір өзіме, құпиялык құбылыс,

Әруақтарым жатыр міне, риза боп тып-тыныш.

Тілейтінім бар жақсылық құдіретті Алладан,

Келсе екен деп елімізге ынтымақпен нұр-ырыс.

 

Майысқанда қабырғама, сөгілсе де қарамай,

Қалғаным жоқ қарсы күшке әрекетсіз жарамай.

«Қара көзден» көрген қысым ақ жолда,

Жау оғындай тіреліп, жүрегіме қадалды-ай.

 

Өмір өзен ағынында жүзіп кетіп барамын.

Келе жатыр орындалып көкіректегі талабым.

Адам болып туылған соң, адамдықты өр ұстап,

Ізгіліктен нұр шашуды көңіліммен қаладым.

 

Құдіретім бойымдағы толқын асау ағының,

Беріп келем адамдарға жылуын да жанымның.

Ғарышпенен жер бетіне бағыт берген «құдірет»,

Табындырды пендесін кереметіне тәңірдің.

 

Ұрпағымын момын, жуас, көнбіс, қайсар қазактың,

Жақсылықпен бірдей көрген басқа төнген азаптың.

Бес ғасырдан өте бере мәлім болды бір адам,

Өтейбойдақ бабам менің «шипагерім, ғұламам».

 

Бойымдағы қасиет те біраз елге танылды,

Аяғам жоқ шипам менен кеңесімді жағымды.

Баба әруағы жарқыратып жолымды ашты шындықтың,

Сынап жүрмін ғылым менен емшілікте бағымды.

 

Орындалмай қалған арман бабамыздың ертеден,

«Шипагерлік баяны» еді жақсылығын көрмеген.

Мына толғау авторы сол шипагердің ұрпағы,

Желкілдеген көк шөптей боп көтерілген ертеңнен.

 

Танымаса танымасын кейбір қандас қасымда,

Көре алмаса жалынбаймын жақын жүрген досым да.

Бір Тәңірге сенем және сенем ақыл, жүрекке,

Маған тегі жарамайды қиындыққа жасу да.

 

Пендеміз ғой бәріміз де ет-сүйектен жаралған,

Сақта құдай, адамдарды ойы лас арамнан.

Шықса шықсын қазақ аты жақсылықпен әлемге,

Дұшпандарым қала берсін, тапталумен табанда.

 

Аманаты анамыздың жалғыз ұлға қалдырған,

Күткені де көп екен ғой, сөзіндегі бар бір мән.

«Әке ұлы болдың, балам, елдің ұлы бол» – деген,

Түсіндім ғой аманатын есейгенде жаңғырған.

 

Содан бері ширек ғасыр өткен екен жаңарып,

Бұрылып біз артымызға, көз жіберіп қарадық.

Боз жігіт пен жап жас келін, ол кездегі сылқымдар,

Шаш ағарып, әжім басып ата-әжеге жарадық.

 

Қайран апам аттанарда о дүние төріне,

«Мына жалғыз күш бермейді, ие бол» – деп келінге.

Сол келіні асау «Тұлпар» тізгініне ие боп,

Қорғап, қолдап келе жатыр жалғыз ұлын өмірде.

 

Өткен өмір ыстығы мен суығы да кешегі,

Көңілімнен аспандағы ала бұлттай кешеді.

Жарты ғасыр жасадым да, бір асуға бет алдым,

Жақсы күндер самалы да маңдайымнан еседі.

                            ***

Қандай күштің құдіреті қайтармаған алдымнан,

Айналайын демеу болған мені сүйген халқымнан.

Киелі рух жебей берсін жақсылығын дарытып,

Айырмасын дінін, тілін, өнерің мен салтыңнан.

 

Халқым тіреу, панам әрі әркез сенен табылам,

Ұлыңмын мен мәңгі сүйген, қасиетіңе табынған.

Қиындықта сен қолдайсың, қуанышта бастайсың,

Алыс жүрсем елім менен жерімді мен сағынам.

 

Жаман ұлын халқым деп жүр күндіз түні шарқ ұрып.

Жүрегімде мейірім бар, жырым үнім жаңғырық,

Жамандықты жасаймын деп жауыздар.

Жақсылықпен жүрем әркез елді бөлеп мәңгілік.

 

Тұла бойға берген қандай құдірет күш иесі,

Мені қорғап жүр білемін ата-баба киесі.

Құдіретіңнен айналайын, қуат берген қолдаушым,

Менің мәңгі жүрегімнің биігінде жүресің.

 

Мен бармаған жер аз шығар қазағымның елінде,

Сәлем бердім, барлық ұлтқа талай биік төрінде.

Мойындатқан қасиетін киелі рух мен емес,

Құдіреті шығар деймін халқымыздың тегінде.

 

Қайда барсам аялады, құрметтеді, қорғады,

Халқым болдың әрқашанда менің қамал қорғаным.

Қуат алдым, күш жинадым мейірімінен шапағат,

Сондықтан да қай кезде де туған елмен ортақ үн.

 

Өткергенмен өмірдің сен ыстығы мен суығын,

Сен алдыңда ненің күтіп тұрғанын да білмейсің.

О, Адамдар, өз тағдырың өз колыңа сызылды,

Ептеп басып әдеп сақтап, сабырлықпен жүргейсің.

 

«Құдай болам» деген екен шайтан менен, жын ғана,

Адамзатты шақыратын кезек келді тәубаға.

Асқақтаған Жаратушы торына бір ілінер,

Мәнсап пенен қасиетті салмаңыздар саудаға.

 

Бүгін мықты болғаныңмен, ертең кімсің, білмейсің,

Мәңгібақи жер бетінде, серке болып жүрмейсің.

Баяу жүрсең, бабын тапсаң бәрі келер жөніне,

Дүниеге бір келерсің, қайта өмір сүрмейсің.

 

Асамын деп асқақтаған аспаққа бір асылар,

Арамдығы, зұлымдығы түбінде бір ашылар.

Пасықтық пен жалғандықты ұстанғандар оңалмас,

Бәрінен де иманжүзді жандар – нағыз асылдар.

 

Қазақ деген ұлтымыздың аты асқақтап әлемге,

Жетістікке жете берсін ғылым, білім өнерге.

Бар салада өркендесін бар байлығын игеріп,

Көк туымыз желбіресін ұлт рухы боп төбемде.

 

Адам болып туылған сон, адам болып қалған жөн,

Болашаққа ұмтыламыз көздеген ой-арманмен.

Тағдырымыз Аллаға аян, Тәңірімнің қолында,

Біз келеміз сол өмірді тәуліктермен жалғаумен.

 

Бір сырым бар, айта алмаймын өз халқыма ертерек,

Құдіретті бір күш жүр ғой, бәрімізді жетелеп.

Тежеушісі тағы бар ғой, тартып тұрған артында,

Тартылыстың заңы болар, жұмбақ сырлы керемет.

 

Әр адамның шығатұғын биігі бар, тауы бар,

Күтіп тұрған бар алдында қилы-қилы тағдырлар.

Ақылдылар сабыр сақтап, қанағатпен келеді,

Ақылсыздар арамдық пен лас істе табылар.

 

Бастау көзін лайламай, тұнықтығын сақтайық,

Арымызды кайдағы бір, «атақ» үшін сатпайық.

Сыртың бүтін болғанымен, ішің түтін болмасын,

Арымызды таза сақтап, былықтарға батпайық.

 

Имандылық, ізгілікті дарыта бер молынан,

Сақта Құдай, халқымызды жамандықтың жолынан.

Тілі, діні, құрметтелсін, ата салты, дәстүрі,

Айырылмағын қай кезде де адал да ақ арынан.

 

Сиқыр күштің иелері таңдандырып халқымды,

Бұзып жатыр мұсылмандық ата-баба салтымды.

Бейсенбіде бейіт басында «зікір салған» әйелдер,

Сорақылық әрекеттің түрін жасап үлгерді.

 

«Ақ кебінін» тірлігінде киіп алған кіл мықты,

Жасап жатыр әруақ қорлап, көз көрмеген сұмдықты.

Жалған тұмар жасап келер, кері оқылған заттармен,

Дін жолына қиянат қып, іске асырып құлықты.

 

Өз тағдырын болжатам деп, тұрағы жоқ наданға,

Миы ауысқан пенделер де көбейген әр заманда.

Ғалымдары басын изеп, «арбаушыны» қолдап жүр,

Көріпкелдік, сәуегейлік бүгін биік ғаламда.

 

Алланы атап, арам ойымен жүрген ер мен әйелдің,

Көріп жүрміз сондайлардың ел ішінде әлегін.

Кейбіреулер олжа тауып, осылардың атынан,

Жалғандықпен түгендеп жүр қалтасы мен керегін.

 

Тозақпенен пейіштегі алмастырып әруақты,

Жәрия етті ұялмастан кітап сатып салмақты.

Қара күштің қаһарында қалғанын да сезбестен,

Артындағы жары менен балаларын зарлатты.

 

Ей, адамдар, азбаңдаршы, ойланайық азырақ,

Көрген емес қазақ тегі «надандықпен» мал құрап.

Ұрынасың бекерден сен назасына әруақтың,

Жаман іске бет бұрмағын, әркез болар арың ақ.

 

Сақтансандар сақтар құдай, өзі сүйген пендесін,

Үш тұлға бар ажыратпас, бір-бірінен пендесін.

Аспан – әке, жер – ана, ортасында адамзат,

Ұрпақтары өмірбақи еш жамандық көрмесін.

 

Табындырар жеке басқа, имандылық жолы емес,

Ұстап түрған жер мен көкті төбесімен ол емес.

Пайғамбарлар, ұлы дана, ел басқарған көсемдер,

Айтқан екен «асқандардың» ісі ізгілік жөні емес.

 

Төскейдегі малыменен, төсектегі басы бір,

Қулықтары жерлестіктің бұл заманда асып тұр.

Бәйгелерге биесі мен байталдарын жаратып,

Халқымыздың қазынасын керексізге шашып жүр.

 

Қу құйрығы бір тұтам деп айтылмаған бекерден,

Сүйеуі бар жылпостар жүр ор қояндай секеңдеп.

Бірде адам, бірде дию қалпына оңай енеді

Билік, мансап керек кезде кірер жарып өңмендеп.

 

Ақиқаттың жолыменен өліп кетсең арман жоқ,

Не демексің қазір елдің сөзі, ісінде жалған көп.

Адастырар, алжастырар «шайтан адам» көбейді,

«Өртеу керек» ондайларды, бұдан баска амал жоқ.

 

Ертелерде даналарым Сыр бойының естіпті,

«Шәйтан адам» жолын солай мәңгілікке кесіпті.

Қызыл оттың арасында Марал ишан отырып,

Күймей жалғыз «Әулие» боп тарихыма еніпті.

 

Бір айтқанын мың айтатын «даналар да» қаптады,

Ол санасыз айтқан сөзі жасанды да жаттанды.

Сөз шебері, адуынды, алғыр ойлы шешендер,

Білімсізге күні қарап, айтуға ойын батпайды.

 

Мінің де жоқ, сының да жоқ жұмыр пенде болдық біз,

Рухани ашаршылық ызғарынан тоңдық біз.

Азғындатып арамызда арамдарды көбейттік,

Идеология болмаса егер, ел болмаспыз оңып біз.

 

Ділді құртқан, дінді құртқан атеистер кешегі,

Ұлтымыздың дамуының болашақтың кедергісі, кеселі.

Білімдіні, ойы терең көтерейік өрлетіп,

Болашағы мықты елдер жастарымен өседі.

 

Ынтымақты сақтайық та, түсіністік орнықсын,

Халқымыздың көңіліндей жақсылықтар жолықсын.

Қасқыр тұқым қасқырлығын әр уақта көрсетер,

Шайқалмасын ел іргесі, ел бірлігін танытсын.

 

Ұлтым деген ағалар да айғайлаумен шаршады,

Жер сату мен басқасы да қажытуда баршаны.

Тілеуіміз бір Құдайдан, заман тыныш болса екен,

Егемендік алған елдің бейбітшілік аңсары.

 

Киелі ел, киелі жер кең дүниеге танылсын,

Еңсерілсін елге келген осынау бір ауыр сын.

Тілін, дінін, дәстүр-салтын құрметтесін жастарым,

Арам пиғыл азғындық пен жат әдеттен арылсын.

 

Азбанһңдаршы, тозбандаршы айналайын, Қазағым,

Көрдіңдер ғой, үстемдіктің сан ғасырлық азабын.

Бір Құдайдың арқасында егеменді ел болдық,

Болашағың нұрлы жарық, алда – қызық, ғажабың.

 

Жаңа ғасыр көшін баста, әлем халқы таңдансын,

Басыңдағы бақытынды баянды етсін корғаушың.

Арың таза, жаның таза абыройға жете бер,

Нұр төгіліп, болсын табыс, молшылдыққа кенелер.

 

Имандылық ордасы да менің елім болады,

Бақыт құсы келіп саған мәңгілікке қонады.

Ырысың мен ырыздығыңның несібесі алдыңда,

Жаратушың бір өзіңді қорғауына алады.

Алматы. 1999 ж.

 

 

 


1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15  16  17  18  19  20

 

 

вверх