Ақ гүлім | |||
Главная Вернуться Предыдущая Следующая | |||
Ашылсын бағың қазағым Әні: Ләззат Зяданқызынікі
Нөсерлеп жаңбыр көктемде, Жыраны шайып кеткен де. Бетіңнен сүйген самал жел, Жүзіңнен шарпып өткен де.
Жауыннан кейін жайнар бақ, Жабырқау көңіл жайраңдап. Төгілген нөсер тоқтарда, Сергіген көңіл мамырқап.
Қайғырмай адам өткен бе? Қасірет күні жеткенде. Жер шарын кезіп шашырап, Қазағым каңғып кеткенде.
Шапағат тілеп Алладан, Зарланбай қалған, бар ма адам? Жалынсыз от боп жат жерде, Оралып жатыр елге аман.
Ойран да салып ордаға, Кәпірлер келіп шапқанда, Күлі ұшып көкке жұртының, Аттанған қашып жан-жаққа.
Ғасырлар асып кеткен де, Бабасы жерін өпкен бе? Алыстан келген ағайын, Туысын іздеп жеткен бе!
Жүректі жүрек жалғаған, Қуаныш алып арнадан. Тірілер қосып бастарын, Тірлікті кайта қамдаған.
Ғасырда қалды-ау азалы үн, Тағдырдың тартқан азабын. Еркіндік алып ерледі, Ел болып дербес Қазағым! *** Үш ғасырлық отарлық, Бұғауы бір-ақ жоғалды. Желтоқсан үні таралып, Азаттық кезді даламды.
Өшкен де халық ұрпағы, Жаңғырып бүгін тұр тағы. Жарқырап, жайнап, арайлап, Жалындап атты нұр таңы.
Өз ұлы билеп шаттанған, Билікті алып жаттардан. Жалпы әлеммен жарасты, Қазағым ел боп атанған.
Тігілген көк байрағы, Жарасып көкпен жайнады. Шапағат нұры шашылып, Естілді елге айғағы. *** Тағы да ауыл қаңырап, Жоқшылық шықты жамырап. Қарғыс алған «қаралар», Қалтасын жатыр қалыңдап.
Халық пен жердің байлығы, Шеттерге кетті шашылып, Еңбекпен таппай майлығын, Көбейді үйдің масылы.
Ардагер қарттар, аналар, Ерлікке ісі пара-пар. Сыйлаған жақсы өмірді, Бұл күнде кім деп саналар.
Зерделеп сөзді айтпасаң, Мәнісі сөздің бола ма? Шындықты ашып жаймасаң, Өкініш орны тола ма?
Иманды елдің баласы, Береді сәлем иіліп, Имансыз елдің баласы, Бетіңе қарар түйіліп.
Инабатты әйелдер, Иманын сақтар бойынан. Өз арын сақтай білмеген, Саналмас адам, ол – хайуан.
Кешегі сұлу даламның, Берекесі кетті анық. Ақ сүтін емген анамның, Ұрпағы кетті қорланып.
Тойғандар мұны біле ме, Келеке болдық кімдерге? Сырттың сырлас сыртаны, Айналдырмай ма, кірмеге?
Қойнауым толған қазына, Тектен тек кетіп барады. Халқымның батты жанына, Жас толған мұңды жанары.
Өзін өзі сыйлаған, Ел едік қой ежелден. Біріне бірі сыймаған, Халық болдық не деген?
Ақылдан кенде емеспіз, Ешкімнен кем де емеспіз. Данышпан, ойшыл даналар, Болды екен неге, керексіз?! *** Жылдар да өтер зымырап, Өседі баяу бұл ұрпақ. Бүгінгі күнгі қиянат, Шындық боп шығар шырылдап.
Еңбек етпей тапқан мал, Тез суалар сіңбестен. Байлығы бастан асқандар, Аса алмас түбі бір көштен.
Пейілі таза адамнан, Сөйлесе нұр төгілер. Мейірімсіз жаманнан, Арамдық пиғыл көрінер.
Бөлініп жүрсе, болып жік, Іргесі тұрмас бекініп. Болса екен елде татулық, Тұрса екен ынтымақ көрініп.
Өзгерді оңға сана да, Сыйын казақ Аллаға! Ашылсын бағың алдыңнан, Дұшпанға қалма табаға! Алматы. Сәуір, 1997.
Қариялар Әні: Т.Қосандікі
Жотада малдас кұрып отыратын, Көңілді әңгімемен толтыратын, Үндері естілмейді-ау, қариялар, Өзіне қуат еткен батыр атын.
Сырласып ұзақ түнді батыратын, Бозартып мамыр түнін атыратын, Көре алмаса бірер күн бірін-бірі, Іздесіп, жүрегімен сағынатын.
Кеудесін керіп тастап шалғы шапқан, Қайрағы қонышындағы шақпақ тастан. Орағын белбеуіне іліп алып, Қариялар кайдасың, қабағы кырау басқан?
Сары қымыз сапырып жайлауында, Таудың әсем салқынды қойнауында. Көкпар тартып, ән салып, сауық құрып, Талай думан өткізген айлы танда.
Азайған ба бұл күнде қариялар, Даналығы сарқылмас дариялар. Өнегесін дарытқан ұрпақтарға, Қарияға зәру көп жанұялар.
Біз де сол қариялар ұрпағымыз, Ұлағат алып өскен ұланымыз. Келеміз ізгі жолын жалғастырып, Қариялар ұрпақтың ұранысыз. Тұзкөл, 1993.
Құлыптасқа тағзым Әні: Т.Қосандікі
Еліне "Ақ апа" атанған киелі апам Өзипа Сыбанбекқызы рухына
Өзіне-өзі, жоқтықта тәубе дейтін, Артығында барлықта білдірмейтін. Жүзінен шуақ төгіп шапағатты, Қатты айтып жалғызына зекірмейтін.
Ешкімге болған емес жамандығы, Тілеумен жолын ұлдың, амандығын. Ғаламаттың сезетін терең сырын, Болжайтын алысты да, келер күнін.
Туған жоксың әкеден жалғыз болып, Киелі күш сені жүр жастай торып. Құдіреттің денеңдегі құпиясы, Шығады деуші еді шуақтанып.
Ұзақ сапар кетсем де жыламаушы ең, О, апа, іштей тынып қиялдаушы ең. Аман бол, қайда жүрсең, «шырағым» деп, Жолыма ақ тілеумен шығарушы ең.
Екеу бол деген сол бір арманың да, Орындады жалғызың көз алдыңда. Келініңнің тұңғышын аймаладың, Деген ең бұдан артық бақыт бар ма?
Сол немерең бой жетті бүгін міне, Құрметтейді балаң мен келінің де. Бірге түскен суретке тағзым етіп, Қызыңыз екенін де білдіруде.
Жылдар өтіп барады жылжып талай, Өзіңді іздеп келеміз армандап-ай. Бозбала мен жас келін бір кездегі, Ағарып та қалды ғой самайлары-ай.
Сіздің ізді жалғаумен біз келеміз, Бүгінде өсіп жатыр немереңіз. Жалғыз орын төрдегі бос тұрады, Ыстық болып ұрпаққа Күн-бейнеңіз! Алматы-Сарыжаз-Алматы. 1992.
| |||
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 | |||
|