ғұмырнама
10
 
главная                                        вернуться

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15 16  17  18  19  20  21  22  23  24  25  26
 


 

ЗЕРТТЕУШІ ҒАЛЫМ ЗЯДАН ҚОЖАЛЫМОВТЫҢ «ШИПАГЕРЛІК ДӘСТҮРІ ЖӘНЕ ФИЛОСОФИЯСЫ» АТТЫ МОНОГРАФИЯЛЫҚ ЕҢБЕГІНІҢ ТҰСАУКЕСЕРІНДЕГІ СӨЙЛЕГЕН ҒАЛЫМДАРДЫҢ ҒЫЛЫМИ ТҰЖЫРЫМДАРЫ (Тараз қаласы, 24.07.2009 ж.)

 

Зерттеуші ғалым Зядан Қожалымовтың

«Шипагерлік дәстүрі және философиясы» атты монографиялық еңбегіне

 

Тұжырым

 

«Шипагерлік дәстүрі және философиясы» атты монографиялық еңбектің авторы Өтейбойдақ бабамыздың рухын, өнерін тірілтуге қанша уақыттан бері адал терін төгіп жүрген өздеріңіз жақсы білетін зерттеуші ғалым Зядан қажы Қожалымов. Сіздер оның еңбегін бағалап, қабылдап жатырсыздар. Екінші айтайын дегенім осы еңбектің жарыққа келуіне, аяқталуына және осындай деңгейге жетуіне азды-көпті ықпал еткендердің біреуі мен болғандықтан менің де қуанышым болып отыр. Сондықтан да сіздерді және осы төрде отырған азаматтарды соның ішінде кітаптың авторы Зядан қажыны осы өмірге әкеліп жатқан үлкен ғылыми азаматтық жеңісімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Аты да тегін қойылған жоқ «Шипагерлік дәстүрі және философиясы». Енді дәстүр бұл кісіге жақын, философиясы маған жақын. Сондықтан да атаудың осылай келуінің астарында осындай бір мағына бар. Не нәрсеге көңіл бөлгіміз келді. Бүгін сіздер халқымыздың емдік дәстүрінің көп екенін әртүрлі жолы және жөні бар екенін сіздер өздеріңіздерше жақсы түсінесіздер. Бірақта «Емшіліктің халықтық дәстүрі не?» – деген сұраққа соның ішінде Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының халықтық дәстүрді қалай жинақтап, жүйеге келтіргенін, жетілдіргенін қалай түсіндіріп беруге болады деген таным практикалық та маңызды сұрақ болды. Оған жауап іздеуіміз керек болды. Міне, мынау еңбектің бірінші тарауында бүгінгі таңдағы Зякеңнің түсінігі жинақталып берілді. Екінші нәрсе мен өз сөзімде шипагерлікті мәдениеттің, өнердің жоғары түрі деп айттып кеттім. Сонымен шипагерлік мәдениет дегеніміз не? Ол шипагерлік мәдениеттің бұрынғы бастауы, кейінгі жалғасы қандай деген сұраққа жауап біржақты болып, алып-қашпа пікірлер болды. Дәйекті түсінік, дәйекті көзқарас жетпей жатты. Сондықтан да Зәкеңнің айтқаны осы еді. Енді сіз болмасаңыз практиканы жалғастырып жүрген, осы бабамыздың рухы үшін шыж-быж болып теріңізді төгіп жүрген кім істейді дегенбіз. Бұл шындығында ауыр салмақ еді. Тек мен ғана оқыған жоқпын менің әріптестерім де оқыған еді, олардың да жазған оң пікірлері, айтылған тілектері бар. Өйткені, бұл үлкен жұмыстың алғашқы бастамасы. Ал, енді жалғасын қайсын болмасын жалғастырып кетуге болады. Себебі, бабамыздың мұрасын шетінен ғана мүжіп жатырмыз деп ойлаймын.

 

Ғылыми жетекшісі, философия ғылымдарының докторы,

ҚазҰУ профессоры Молдабеков Ж.Ж.

Зерттеуші ғалым Зядан Қожалымовтың

«Шипагерлік дәстүрі және философиясы» атты монографиялық еңбегіне

 

 

 

Тұжырым

 

Бұл бабамыз туралы жазылған тұңғыш кітап. Тұңғыш деген сөзді айта салу оңай. Қар борап, артынан барлығы жабылып қалған кезде бір адам із тастап жүреді ғой. Енді Зядан омбылап жол салды. Сол сияқты бабаға осылай ғылыми тұрғыда із тасталды, енді артынан еретін адамдар соған еру арқылы таптап үлкен жол салады. Яғни, дәстүрді ары жалғастырады. Сонда біздің бабамыздың ойының қатпарлары ашыла бастайды. Бағанадан бері ойлап отырмын. Шын мәнінде біздің Өтейбойдақ бабамыз қазақтың ибн Синасы. Бұл еңбекті Зядан жайдан-жай жазбаған. Осындай жауапты ғылыми еңбекті жазуда автор ғарыштық байланыстық жүйені және осы заманғы ғылыми жүйенің талдамаларын дұрыс пайдаланып, өзінің ғылыми тұжырымдамаларын ұлттық философиялық талдауда нақ түсіндіре білген. Қысқасы З.Қожалымовтың бұл еңбегі Орта Азияда алғаш жазылған әл-Фарабидің «Медициналық трактатынан» кейінгі екінші еңбек ал, қазақ елі тарихындағы халық медицинасы саласындағы зерттелген тұңғыш бірінші еңбек екендігін мойындағанымыз жөн. Мен монографиялық еңбектің авторына осындай құнды философиялық еңбегіне жоғары баға беремін. Бүкіл Еуропа Әбу Әли ибн Синаның кітабынан дамыған. Медицина деп жүргендеріңіз медет сина. Әбу Әли ибн Синаны медет болсын дегеннен шыққан. Екіншіден мұнда үлкен философиялық, филологиялық қатпарлар жатыр. Тіл өзгеріп отырады. Тілдік құрам, тілдік қор, тілдің ядросы деген болады. Сол алдыменен жаңағы қорлар, құрамдар өзгереді ядро өзгермей тұрып қалып отырады. Мұнда сол қазақтың XV-ғасырда біздің бабаларымыз сөйлеген сөздің көпшілігі осыған түскен. Соны филологтар зерттейтін болса, көп жаңалықтарды бізге алып келеді. Біз Еуропаға табынамызда жатамыз жаңалық ашса болды солар ашқан екен деп. Мұнда жаңағы вакцина дейміз ғой соны біздің бабамыз 360 жыл бұрын ашып кеткен, ал оны Еуропалықтар біз аштық деп жүр. Документ бар біз мақтануға тұратын іс. Қысқасы З.Қожалымов өз еңбегінде қазақтың халық медицинасының б.д.д. тарихы мен өркендеуіне және XV-ғасырдағы қазақтың ғұлама шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты еңбегіне таза философиялық танымдағы зерттеуін ғылымдағы жаңалық ретінде жоғары бағалаймын.

Филология ғылымдарының докторы,

профессор Мекемтас Мырзахметұлы

 

 

 

Зерттеуші ғалым Зядан Қожалымовтың

«Шипагерлік дәстүрі және философиясы» атты монографиялық еңбегіне

 

Тұжырым

 

Емшілік дәстүр деген негізінен бұл халықтың атадан балаға келіп отыратын бір үздіксіз дүние. Ал енді философия деген не? Философия деген оның дүниесін тану. Ал дүниені тану деген өте қиын. Дүние екі бөлімнен тұрады. Біреуі көрінетін әлем, біреуі көрінбейтін әлем. Көрінетін әлемді батыс әлемі алып келді. Бәріміз сол көрінетін әлемнен ғана түсінік алып келеміз. Ал енді біздің бабаларымыз не істеген? Көрінбейтін әлеммен емдейтін болған. Ол деген жоғарыдан күш-қуат алған. Сонын арқасында емді жүргізетін болған. Бұл бірақ бірінші сеңнің қозғалысы деп ағамыз айтып отырғандай шындық. Себебі, осы уақытқа дейін Өтейбойдақты ешкім мойындамаған. Енді бұған менің келгендегі себебім Зядан ағаның жазған еңбектерін оқып, соған пікір жазып отырған себептерім неден десеңіздер менің емшілік дүниеден басқа педагогика, психология саласында еңбек еткендігімнен. Біз қазір педагогикадан, психологиядан, этнопедагогикадан, этнопсихологиядан жастарды оқытып жатырмыз. Зядан ағаның еңбектерін өзіміздің «Шипагерлік баян» газетіміз бар соның ішінен өздеріңіз көріп отырсыздар. Бұл жерде соның бәрі топтасып ғылымға келген. Еңбек арнайы факультеттік ғылыми кеңесте қаралып бекітілген. Мұндағы пікір жазған ҚазҰУ-ның төрт ғалымның төртеуі де ғылым докторы солардың барлығы ерінбей соның бәрін електен өткізіп, философиясын анықтады. Кейбір ғалымдар қазақтың философиясы жоқ деп айтады. Мен айтам қазақтың философиясы бір ауыз сөздің ішінде. «Біреуге ор қазба өзің түсесің» – дейді қандай философия. Бұлар ілімді қайдан алды Өтейбойдақтың алдында ибн Сина деп отыр. Ибн Сина деген әлемге белгілі Гиппократтан кейінгі медицинаның негізін салған кісі. Бүгінде еліміздің ғылым саласында халық медицинасы жөнінде тұңғыш философиялық танымдағы З.Қожалымовтың «Шипагерлік дәстүрі және философиясы» атты монографиялық еңбегінің жазылуы, бүгінге дейін ғылым саласында қаралмаған тың тақырыптың жаңғырып оянуы болмақ. Сол үшін де бұл еңбектің құндылығы жоғары. Кітаптың авторына ғылыми еңбегін жалғастыра беруге тілектеспіз.

Педагогика ғылымдарының кандидаты,

профессор, академик Құрбанқожа Сансызбай

 

 

 

Зерттеуші ғалым Зядан Қожалымовтың

«Ғаламның жұмбақ сырлары» атты кітабына

 

Пікір

 

ХV ғасырда Әз-Жәнібек хан мен оның уәзірі Жиренше шешеннің жанында жүріп, ханның ақыл-кеңесі бойынша «Шипагерлік баян» атты кітап жазған емші Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы еді. Есімі Тәуелсіздіктен кейін елге белгілі болды. Өтейбойдақ – қазақ шипагерлік ілімі мен тәжірибесін қалыптастырған емші әрі тарихи тұлға. Шипагердің көп томнан тұратын еңбегінің қолжазбасы Қытайда сақталды. Қазақстанда 90-шы жылдардың басында жеке кітап болып жарыққа шықты.

Өтейбойдақ мұрасын зерттеп, құнды мақалалар жазып, кітаптар шығарып, түрлі ғылыми конференциялар мен конгрестер өткізіп, жиырма жылдан бері еңбектеніп келе жатқан – өтейбойдақтанушы әрі өзі емші, ақын, «Шипагерлік баян» газетінің редакторы Зядан Қожалымұлы. Қазақстан Емшілер қауымдастығын құрып, жоқтан бар жасап, ежелгі емшілікті «тірілткен» оның еңбегі ерекше. Жақында зерттеушінің «Ғаламның жұмбақ сырлары» атты емшілікті тылсым дүние, дін және ұлттық салтпен байланыстырып, ой толғап, сыр шерткен жаңа кітабы жарыққа шықты. Кітапта Өтейбойдақ негізін салған қазақ халқының шипагерлік ілімі мен тарихы және оның бүгінгі уақытпен байланысы жан-жақты айтылып, баяндалады.

Жазушы, профессор Ораз Қауғабай

«Ана тілі» газеті, 10-16 маусым 2010 жыл

 

 

 

Зерттеуші ғалым Зядан Қожалымовтың

«Ғаламның жұмбақ сырлары» атты еңбегінің тұсаукесеріндегі академик Жандар Керімбектің Ермаханының

 

ОЙ-ПІКІРІ

 

1. Әл-Машани (Ақжан Машанов) өзінің «Әл-Фараби және Абай» еңбегінің бірінші бетіне – Құрметті Ермахан досыма. Данышпан бабалардың аруағы қолдасын. Әл-Фараби сыйлығы. 13 қыркүйек – 1995 ж. Әл-машани.

2. Зядан қажы өзінің «Ғаламның жұмбақ сырлары» атты кітабында профессор әл-Жандари Керімбектің Ермаханы көкемізге!!! Сіздің тілек қабыл болды. Осы еңбек соның жемісі. Құрметпен: Зядан Қожалымов 11 маусым 2010 ж.

Бұл екі кісінің – Әл-Машани мен Зядан қажының арасында қандай байланыс бар, дейсіздер ғой. Оның үстіне бірі – геолог тау-кен қазушысы, екіншісі – инженер-электрик. Өйткені, олар бабалардың еңбектерін ерінбей, талмай жүйелі түрде зерттеушілер. 1975 жылы Әл-Фарабидің кім екенін 1943 жылдан бері зерттеу нәтижесінде, 1975 жылы Әл-Фарабидің туғанына 1100 жыл толған қарсаңында бабамыз қазақ Отырардың перзенті екенін дүниежүзіне мойындатқан.

Ал, Зядан қажы, Қазақ ұлттық университетінің ғылыми зерттеушісі ретінде XV ғасырдың ғұлама шипагері Өтейбойдақ бабаның «Шипагерлік баян» атты еңбегін зерттеуі нәтижесінде шипагерлік ілімді дамытып шығыс медицинасының құпия сырларын ашуда көп үлес қосып келеді. Оған сіздер мен біздер куәміз. Зядан қажы тылсым құпия сырларының салаларына жататын тектік қасиет емшілік, бақсылық, балгерлік, көріпкелдік, болжампаздық, жұлдызнамалық, құмалақшылық, тамыршылық т.б. салаларында көптен бері зерттеулерін жүргізіп, ғылыми-монографиялық еңбектерін баспадан шығаруда. Зядан қажының көлемді еңбектерінің бірі тұсаукесері болған «Ғаламның жұмбақ сырлары» ғылыми-монографиялық еңбекке жатады.

Зядан қажының «Ғаламның жұмбақ сырлары» көлемі 750 беттен тұратын еңбегінің тұсаукесерінде айтарым: Еңбектің оқырмандарына, ғылымға және емшілерге берері мол, айқын, дәлелді және тұжырымды. Еңбегі құтты болсын!!! Қазіргі емшілер қауымының келешегі зор болып көркейе берсін!!!

Зядан қажының басшылығында шипагерлік ілім – «Ғаламның жұмбақ сырлары» атты кітабының негізінде жас халық емшілеріне арналған оқулықтар жазу, көрнекті, деректі фильмдер түсіру өмір талабы демекпін. Құндылығы мен қажеттілігі жағынан жаңа тылсым ғылым саласы бойынша жазылған «Ғаламның жұмбақ сырлары» атты Зядан қажының еңбегінің маңыздылығын жоғары бағалаймын.

Алла Тағала қолдасын!!! Еңбектеріне береке берсін!!! Алла разы болсын. Әумин!!!

 

А.Яссауи атындағы ХҚТУ,

профессоры, академик Жандар Керімбектің Ермаханы

Түркістан қаласы, 24.07.2010.

 

 

 

 

  Мәдениеттанушы-ғалым,

академик Зядан Қожалымовтың

«Денсаулықты жақсарту тәсілдерінің жолдары» атты кітабына

 

ПІКІР

 

Республикаға белгілі халық медицинасының ірі маманы, емшілер қауымдастығының президенті Зядан Қожалымовтың «Денсаулықты жақсарту тәсілдерінің жолдары» атты кітабы – халық медицинасындағы ескерілмей қалған кейбір құнды материалдарды толық көлемде зерттеп жазылған аса бір құнды еңбек. Кітапта биоэнергетика, адамның қуаты, ғарыштық жүйенің ерекшеліктері, әуендік терапия, балдың емдік қасиеттері, ғарыштық жоғары ақыл-ой, балшықтың емдік қасиеті, рухани даналық, зомбиланудың әсері, т.б. нәрселер жөнінде айтылады. Денсаулықты жақсартуда биоэнергетикалық жүйемен реттеу жолдары адамның психикасы мен денсаулығына кері әсері мен пайдалы жақтары зерттеліп, бүгінгі таңда қолданысқа енгізілді.

Бұл кітаптың «Биоэнергетикалық жүйелер» деп аталатын 1-тарауында биоэнергетикалық жүйелерді реттеу жолдарын айта келіп, биологиялық энергетика арқылы адамдардың денсаулығын қалпына келтіру үрдістерін айтады. Халықтың ерте кездерде жасап келген ем-домы дүниежүзі мойындаған биоэнергетикалық тәсілмен ұштастырылған. Халқымыздың дәстүрлі емінің бір жиегі көрініп тұрғандай әсер қалдырады. Биоөріс арқылы әрбір адам өз денсаулығын дұрыстай алатыны жөнінде қазіргі таңда жиі айтылып жүр. Аталмыш кітапта осы энергетиканы қалай пайдалану керектігі жөнінде нақтылы талданған.

Екінші тарау – адамның қуат көздерін ашу жайында. Қуат қалай сарқылады? Осы сұрақ төңірегінде ой қозғап, тұжырымды дәлелдер арқылы жауап береді. Мәселен, адам қуатын сорып алатын вампирлер, олардан қорғану жолдары, тіл-көз тию, дуа, зомбилық сияқты нәрселерге тоқталып, оны қуат көздерін ашу арқылы емдеуге болатынын ғылыми тұрғыда баяндаған.

Ал үшінші тарау «Карма» деп аталады, яғни өмір жалғаса ма деген сұраққа жауап іздейді. Әрбір адам пәни жалғандағы, ғұмырындағы әрекеттеріне сый немесе жаза алатыны, адам жаны ешқашан жоқ болмайтыны жөнінде тартымды етіп жазған.

Төртінші бөлімде ғарыштық энергияны дұрыс пайдалану жөнінде. Оның рухани ақыл-ойға, парасатқа беретін әсері, сол жолдардың адамға берілуі, адам өмірінің жалғасуы сияқты ойды пәлсапалық тұрғыда толғап өткен. Энергия қорын толықтыру жолдары, жаттығулар да осы тарауда берілген.

Бесінші тарауда әуендік терапия туралы сөз болады. Баяғыда ата-бабаларымыз қыл қобызбен, қара домбыраның үнімен, сырнаймен рухани жақтан емдейтін болған. Тіпті, бесік жырының өзі рухани тәлім-тәрбие. Жүйке жүйесі ауыратындарды қобыздың, сырнайдың үні арқылы емдеп, жетістікке жеткендерде болған. Халықтың ежелгі емдеу тәсілін қазіргі кезде қолданылатын әуенмен емдеу түрлермен, методикаларымен ұштастырып жазған.

Бұдан өзге балмен емдеу, балшықтың табиғи емі, өзінді тани білу, өмірді тану, сандардың құпиясы сияқты тараулары бар. Халықтық медицинада қолданыста болса да, жинақталмай жүрген бұл емдеу түрлерінің ерекшеліктері көрсетілген. Соған автор көптеген зерттеулер жасаған. Сол зерттеулер негізінде түйіндеме жасап, ғылыми тұжырым берген. Сондықтан да бұл кітап өте құнды. Елбасымыздың «Салауатты өмір салтын» үндейтін бұл еңбек медицина қызметкерлеріне және халық емшілігімен шұғылданатын көптеген емші қауымға табылмайтын құрал, солардың құнды материалы деп білемін. Әлі де көптеген жақтарынан дәріптелетін, халық іздеп жүріп оқитын кітап болатынына сенімім мол.

Медицина ғылымдарының докторы,

профессор Жасан Зекейұлы

Алматы, 2011

 

 

 

Мәдениеттанушы ғалым  Зядан Қожалымовтың

«Орындалған аманат»  атты әр түрлі тақырыптағы

мақалалары жинағы монографиялық еңбегіне

 

П І К І Р

 

Бүгінде қазақ елінің халықтық шипагерлігінің (емшілігінің) қара нары атанған, Қазақстан халық емшілері қауымдастығының тұңғыш ұйымдастырушысы – Президенті, мәдениеттанушы ғалым, зерттеуші Зядан қажы Қожалымов мырза көп жылдардан бері халқымыздың баға жетпес ерен байлықтарының бірі де бірегейі болып табылатын – халық емшілігінің сырлы да тылсым құпияларының ғылыми астарын жалпы халыққа түсіндіру жолын қарастыруды қолға алып, бүгінге дейін сол ісін үзбей жалғастырып келеді. Ғалымның жиырма жылға жуық уақытта баспасөз беттерінде жарияланған ғылыми-танымдық, мәдени тәрбиелік, халық емшілігінің өткені, бүгіні және болашағы туралы, жеке сын мақалалары мен жиналыстарда сөйлеген сөздері, зерттеулері, жарық көрген еңбектері мен арнайы пікірлер т.б. құнды мәселелерді қамтыған еңбектерінің тұжырымы, әрі жинағы ретінде осы ұсынылып отырған «Орындалған аманат» атты монографиясында көптеген мәліметтер берілген.

Бұл қолға алынған еңбек келешек үшін баға жетпес өте үлкен шаруа. Бүгінге дейін тарихымыз бен мәдениетіміздің бұрмаланып келгенін қайта түлетіп, өлгеніміз бен өшкенімізді және де жоғалғанымызды қайта тауып жинақтап жатқан тұста, сан ғасырлар бойы халқымызбен бірге ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан емшілік өнер мәдениетінің тылсым құпиялы сырларын жаңа заман ғылыми-технология тұрғысынан екшелеп жалықпай-шаршамай қарап, бүгінгі өркениет күшіне қайта қосу біздер үшін парыз, әрі қарыз. Ғалым Зядан мырзаның мақалаларында шындық пен болжампаздықтың нәтижесі анық көрсетілген. Мәселен, оның «Жақсылық ойлаған – жардан құламайды», «Дәрігерлікті қалқан қып, салықтан жалтарып жүрген», «Қолында Құраны, аузында иманы», «Қызметіміз бен мақсатымыз адалдық жолында» т.б. мақалаларында емшілік саласындағы кемшіліктерді нақ айта келе, емшілердің сандық құрамы азайып, сапалық құрамға айналғанына тоқталады. Ал, «Киелі бабалар рухының тылсым құпиясын таныдық па?» – деген мақаласында бабалары Мөңке бидің рухын сыйламаған Ақтөбелік әкім қараларды сынға алады. Оның бұл идеясы халқымыздың «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» – деген тұжырымдамаларын анықтай түседі. 

Міне, ғалым Зядан мырза ізденуші ретінде осы олқылықты қырағылықпен дөп басқан. Бұл нағыз ұлтжанды азаматтың парыздық әрекеті. Өйткені, көптеген тарихи деректер құжаттардың бұрмалануымен қоса, жалпы халық емшілігіне деген қоғамдық көзқарастардың сан алуан болуы, бұл әрине зерттеу жұмысына қаншама қиындықтарды тудырғаны айтпаса түсінікті. Қазақ халқының өзіне тән емшілік мәдениетінің болғанын, оның өз заманында халық қажетіне қызмет еткенін зерттеп-зерделеп, оның үстіне ғылыми тұрғыда жеткізе білу үлкен іс.

Халық емшілігінің тарихын ғылыми тұрғыдан зерттеп-зерделеуде Зәкеңнің ХV-ғасырда дүниеге келіп, артында өшпестей мәңгілік ғылыми еңбек қалдырған Өтебойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты еңбегіне арқа сүйеуі әбден-ақ орынды.

Ұлтымыздың даңқын әлемге танытқан, әйгілі ибн Синадан кейін  Өтебойдақтай емші бабамыздың рухани мұраларын қайта тірілтіп, оның бүгінгі таңдағы ғылыми айналымға қайта жаңғыра отырып енуіне ықпал ету, терең зерттеп-зерделеуді қажет етеді. Халықтың емшілік тақырыбына бұған дейін терең бойлап зерттеп-зерделеу әрекетін жасаған ғалымдар жалпы айтқанда жоқтың қасы.

Зядан Қожалымовтың «Орындалған аманат» атты монографиялық еңбегі ең алдымен осы тақырыппен қызығушы ғылыми орта мен халық емшілері үшін таптырмайтын дүние. Халық емі жөнінен әртүрлі ғылыми тың тақырыпта еңбек жазуды қолға алудың өзі де үлкен ерлік.

Тыңнан сара жол салып халқымыздың емшілік мєдениетінің рухани мол мұра, қазына байлығына тереңдеп үңіле білу Зәкеңнің қолынан келер іс деп ойлаймын. Әрине, қай уақытта болмасын тыңнан түрен сала білу ешкім үшін де оңай іс бола қоймасы айдан анық. Әрі, бірқатар олқылықтардың да орын алуы да заңды құбылыс. «Көш жүре түзеледі» – дегендей, Алла қаласа керуен жолға шықты, сең бұзылды.

Осы беталыспен халқымыздың емшілік дәстүрлі мәдениетін жүйелеп ғылыми деңгейге көтерер болсақ, онда сенімнің ақталғаны. Алғашқы қарлығаш ғанат қақты, енді қалғандары да соңынан ерер деген үміттеміз. Сең бұзылып, сара жол салынды. Енді, тек авторға сәттілік тілейміз. Еңбек тездеп жарыққа шығып, халыққа қызмет етсін.

Педагогика ғылымдарының кандидаты,

профессор, академик Құрбанқожа Сансызбай

 

 

 

Мәдениеттанушы ғалым  Зядан Қожалымовтың

«Орындалған аманат»  атты әр түрлі тақырыптық

мақалалары жинағы монографиялық еңбегіне

 

П І К І Р

 

Әр адам өзінің тегіне тартады, тектінің ұрпағы да текті болады. Зядан қажының анасы табиғи дарынды, киелі, тылсым құпия сырларының сырын білген, діни сауатты және ел-жұртына «Ақ апа» атанып, халқының алғысына бөленген жан. Ендеше Зядан қажыға ерекше тылсым күш қасиеті өзінің анасынан дарыған деуге толық негіз бар.

Өткен ғасырдың 90-жылдарында Зядан Қожалымовта жоғары сезімталдық қасиет пен көріпкел – тылсым құпия сырлары мол екенін естіген болатынмын. Ал, 90-жылдардың басында халық емшілігінде алғашқылардың бірі болып Зекең мен жұбайы Түймекүл – дипломды дәрігер-фармаколог дәстүрлі шипалы емшіліктің дамуына ықпалы айтарлықтай болған. Көптеген адамдар, тылсым құпия сырларын аша алмай, ресми медицинаның көмегінен зиян шеккендер қаншама. Осындай жандарға Зекең мен зайыбы көмектескені әлі есімізде.

1991-жылдың ортасында Мәскеуде халық медицина тақырыбына арналған тұңғыш конференция өткен. Соған одақтас елдерден және Ресейдің ірі қалаларынан қатынасқан целитель, маги, колдунмын дегенді де Зекең қасиетті Құран аяттарының әсерімен сабасына түсіріп, Мәскеуліктерді тәубесіне келтіргенін де білеміз. 1991 жылы Зекең бастап, мен қостап демекші елімізде тұңғыш Қазақстан халық емшілері қауымдастығын (ҚХЕҚ) құрғанбыз. Құруға дейін және одан кейін он жылдай қаншама қарсы күштердің қаһарына қарамай, қауымдастықты сақтап қалуда екеуіміз бірлесе еңбектендік. Бүгінде бұл ұйымды түп тамырымен жоямын дегендердің қайда екенін біз білмейміз. Өйткені, заманына сай еліміздегі мәдени мұраның негізгі бөлігі халық емшілігін ұмыта бастаған болатын. Осы дәстүрлі халық медицинасының өмірге оралуына себепші Зядан Қожалымов демекпіз. Сөйтіп, тарыдай шашылып жүрген, яғни ата-бабасынан ұрпақ жалғасына айналған рухани қасиетті емшілер, көріпкелдер, жұлдызшылар, бақсылар, сынықшы, т.б. дарындылардың басын біріктіруде оңай болмады. Осы кезде қолдаушылары мен қаруы күшті халық емшігін ата жауындай көретіндерге Зядан қажы екеуіміз баспасөз беттерінде әртүрлі тақырыпта халық емшілігі жөнінде мақалаларымызды жаза бастадық, тоқтатпадық та. Қарсыластардың әсерінен қауымдастық заңдылы қоғамдық ұйым ретінде екі рет Әділет министрлігінде тіркелді. Қарсыластар қауымдастыққа моралдық, материалдық, психологиялық және экономикалық зияндарды келтіргеніне қарамастан, қауымдастықтың көші алға жылжыды. ҚХЕҚ алғашқы құрылған күннен бастап емшілер білімін жетілдіру мектебі де ашылды. Тұңғыш 1992 ж. «Халық емі» газеті шығарыла бастады. Ал, 2002 жылдан бастап «Шипагерлік баян» бірнеше мыңдаған тиражбен жарыққа шығуда. 1995 жылдан бастап XV ғасырдың ғұлама шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты еңбегін бүгінге дейін зерттеп, зерделеп жазған ғылыми мақалалары құндылығының нәтижесінде ғұмырлы ғұламаның ғылымда «Екінші ибн Сина» аталуына негіз болды. 1993 жылы Қырымдағы Гурзув қаласында «Дәстүрден тыс медициналық I-Дүниежүзілік» конгресте Зядан қажы «Қазақ халық емінің творчестволық мұрасы және шипалық әсері» атты көлемді, әрі терең мағыналық ғылыми баяндаманы орыс тілінде жасаған. Жиырма жылға жуық қаламынан зерделеніп жазылған Зядан қажының баспасөз беттерінде жарияланған әр түрлі тақырыптық мақалаларының өте құнды, танымды және мәдени тәрбиелік мәні барлары «Орындалған аманат» еңбегіне енуі құптарлық. Әсіресе, Зяданның «Жалған әулиелер жарға жықпасын», «Құдай атаққұмарлардан сақтасын», «Құдайсызға құдайдың жазасы бар», «Жақсылыққа көре алмастық жасау – надандықтың белгісі», «Емшілік өнері біреулердің тірі тауары емес», «Емшілердің қатарының азаюы неден?», «Шипагерлік мәдениеті» т.б. мақалаларында бүгінде іздесеңде таппайтын («Әулиелер», «Құдай атанған Фархат») емшілердің тағдыры мен мәдениеті жөнінде өз уағында болжай отырып, жазғаны бүгінде шындыққа айналды. Зядан мырза не жазса да ойланып, болжап және таразылай жазады. Әр нәрсенің өзіндік тарихы болады. Ал, халық емшілігінің тарихы жазба деректер арқылы ғана анықталады. Осы саланы ескерсек, Зядан қажының бұл еңбегі құндылығы мен ерекшелігі жағынан бағалы екені анық. 

Медицина қызметінің үздігі,

медицина ғылымдарының кандидаты,

доцент, академик Бекен Тұрсын Балғымбекұлы

 

 

 

ОРЫНДАЛҒАН АМАНАТ    ҰРПАҚҚА ХАТ

 

Зиядан Қожалымовтың «Орындалған аманаты» (Алматы, 2012,483 бет) – автордың жеке сөзі, киелі қасиетпен ағынан жарылуы, халық ықыласына бөленген емшілердің ерекше үні іспеттес. Он тараудан тұратын қомақты бұл еңбектің танымдық, тәрбиелік, қолданбалы маңызы зор.

Кітаптың мазмұны мен құрылымына негіз болған: 1) автордың шығармашылығы, ұйымдастыру жұмыстары; 2) Қазақстан халық емшілерінің қауымдастығы туралы, оның мүшелерінің өзара қатынасын сапалы дамыту туралы қағидалар; 3) емшілердің мәдениетін қалыптастыру және жасау туралы парапсихолог, қажы, қауымдастық төрағасы, ақын З.Қожалымовтың көзқарастары, тоқтам-түйіндері.

Еліміз егемендігін алған жылдары емшілер еңсесін көтерді. Сол кезде инженерлік қызметтің әр деңгейінде жұмыс істеп жүрген Зиядан-екең де  ата-бабалардың ұмытылып, үзіліп бара жатқан осы дәстүрін жалғастыруға араласады. Талпынысқа өз тегінде, отбасында орын алған емшілік дәстүрі ұйытқылық етеді. Тарихымыздың күрделі өтпелі кезінде иманжүзді жан қажетті іске – халық емшілерінің қауымдастығын құруға атсалысты және күш-қуатын аямады. Ол кезде тыңнан түрен салу – жеңіл шаруа емес еді.

Автор емшіліктің күрделі де құбылмалы қыр-сырын үнемі, 20 жылдан бері үзбей жазып келеді. Ол халық емшілерінің көне дәстүрін әлеуметтік қозғалыс деңгейіне көтерді. 1994 жылы алғаш 4 аймақта халық емшілері ассоциациясын құрды. Қауымдастық бүгінде емшілерді бір-бірімен, халықпен таныстыратын, қоғаммен табыстыратын беделді ұйымға айналды. Ұжым ендігі ынтымағы мен бірлігі берік, тәуелсіздікпен тете қауымдастыққа айналды. Бірақта қарулы да қайырымды қауымдастықтың қалыптасу және жетілу жолдары жеңіл, тура, даңғыл болды деу әбестік. Оның жетілу кезеңдеріне әркімнің көңілі тоқ бола бермеуі де күтерлік жай.

Қазақстан халық емшілер қауымдастығы осы аралықта 7 халықаралық деңгейде симпозиум өткізді. Әр симпозиумда 400-500-дей өз өңіріне танымал қазақстандық және шетелдік емшілер тәжірибе алмасып, өз деңгейлерін жетілдіруге мүмкіндік алды. Пайдалы дәстүрдің бүгінде жалғасын табуы З. Қожалымов мырғаға тікелей қатысты.

Халық емшілері кімдер, елімізде емшіліктің халықтық сипаты неге қолдау табуда? Халық емшілері күшті биоөріс пен биоэнергиялық қорғанысқа сүйенетін ерен қасиет пен дарындылық,  инабаттылық, адалдық, ізгілік іспетті ұлағатты қасиеттерге, ұлттық салт-дәстүрге негізделетін көзқарас пен әдет-ғұрып; жақсылық тілейтін үлкен жүректілікті бойға сіңіретін, ойға дарытатын қабілет көріністері. Қазірде халықтық емдеудің 70 түрі қолданыс табуда. Халық арасындағы емшілік – жан мен тәннің тазалығын талап ететін ерен еңбек, нағыз адамгершілік ісі.

Халық емшілеріне, әмісе, жоғары сезімталдыққа ие көріпкелділерді, жұлдызшыларды, сынықшыларды, тәуіп-терді, бақсыларды жатқызады. Әрқайсысы тура, дұрыс, әділ, сенімді әрекеті арқылы халық арасында өзіндік тұлғалық бейнесін қалыптастырды. Оларда киелі қасиеттер қосақтасып, қабаттасып жатады. Көпшілікке танымал, бірақ олардың құпиялы қасиеттерін көптің бірі мойындайтын, бірі оған күмәндана қарайтын жайлар қатар өрбіп жатары хақ. Оған себеп, емшілерге бұрын-соңды моральдық, психологиялық қысымдар аз жасалған жоқ, сондай-ақ емшілердің адамгершілік және кәсіби деңгейі біртұтас бола бермеді. Емшілерде адами келбеттің өлшемі және танымдық-тәрбиелік білімділіктің негізгі қайнар көзі болатын мәдениеттілік те жетісе бермеді. Ең бастысы, адамның құпиялы табиғатына сиқырлы күш қуатын қолдана білу өнері дейгейінің кенже қалуы – түсінікке де, тәжірибеге де кедергісін тигізді.

Автордың халық емшілерінің жағымды жақтарын өрбіте, жағымсыз, беймәлім әсерлерін талдап қазбалауы тегін емес.  Сондағы діттегені – халық емінің қадірін қашырмау, оның қиыншылығын жасырмау, емшілерге деген халық сеніміне селкеу түсірмеу, адам жанын зиянды әдеттерден тазарту, тарих тұнығында қалыптасқан шипагерлік мұраны халық игілігіне жарату, халық емінің ғылыми медицинамен байланысын нығайту. Кітаптың басты кейіпкері – халық өкілдері. Халық – емшіліктің көнеден келе жатқан иегері. Емшілік халықтың мұрасы, әрі тектілігінің бір айғағы деп тегін айтылмаған. Қазақ халқы өзінің бұрынғы саламаттану өткелін білген сайын, оның үлгі-өрнектерін  іріктеген сайын, емшілер жүріс-тұрысын жеңілдетті, емдеу қабілеті мен салт-дәстүрін жандандырды. Халық емшілері  тамыр ұстау, ауырған адамның өңін байқау, сөзіне, тұлғалық көрінісіне және жүрісіне қарап, денені сипау мен өзінен сұрау арқылы сырқат белгілерін анықтайтын тәжірибесін жетілдірді әрі сол жүйемен  сырқаттанғандарды емдеді.

Киелі күштің тылсым сырларын елеушілік емшілердің де, ел арасында да артуда. Ал тәуелсіздік тұсында оның сыры кеңінен және қарқынды ашылуда. Емші жұртқа жақындаған сайын, оның мінез-құлқына жасандылық жараспайтынын автор мысалдармен түйіндеп береді. Бойындағы құпиялы қуатты адалдық жолына жұмсап, қара терімен, ыстық көңілімен дертті асқындатпай, қайта жан тауқыметін жеңілдеткен емшілер бүгінде халық құрметіне бөленуде. Автор ынталы емші өзі ісіне, әрекетіне сеніммен қарайтынын, сырқатқа ұшыраған жан-тәннің күйін жеңілдететінін, сүйтіп көп көңілінен шығатынын тәптіштеп жеткізеді.

Шипагерлік – халыққа жақын үғым, ежелгі дәстүрлі ілім. Нағыз емшінің көп алдындағы еңбегі еленуде. Адал жүрек, ақ жарқын  емшіде іске сындарлы көзқараспен, имандылық пен адалдыққа жүгіне қарайтын дағды тән. Оның шипасы – қайырлыққа жақын текшілдік пен кәсіби деңгейде, атаққұмарлыққа бой ұрғызбайтын рухани байлықта. Емшілік – пендешіліктен жоғары тұрған қасиет. Ол рухани санамызды аздырмайтын дәстүрлі ұлттық мәдениеттанудың саласына жатады.

Автор: емшілік өнері – біреулердің тірі тауары емес, ол таңдаулы ізденімпаз пен халықтың рухани байлығы. Емшілік – намысын қолдан бермейтін арлының ісі, тектіліктің табандылығы, Алланың аманаты, деген қағиданы бекем ұстайды. Сырқатқа шипа болар сөз, көзқарас, ынталы ықылас бабалық дәстүрде молынан табылады. Солардың бірегейі –  Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы (1388-1483). Ұрпаққа қызмет ету – бабамыз үшін үлкен бақыт болған. Оның елім деп жұрт пен жер кезген тынымсыз еңбегі бойда бұла күшті ағындатты.

З.Қожалымов қазақ хандығының қараүзген шипагері, шығыстың «екінші» Ибн Синасы – Өтейбойдақ Тілеу-қабылұлының мұрасын насихаттауға өзіндік ерекше үлесін қосып келе жатқан жанашыр іздемпаз, ғалым. Бас шипагердің тәлім-тәрбие аларлық қасиеттерін,  жамағатқа өсиет ретінде уәждейді.

Авторлық түйіннің мән-мағынасы неде? Емшілік қасиет пен адамгершілік қасиет бірін-бірі толықтырса, сонда киелілік «семізкөк» болып бойға да, ойға да жұғады. Іште тұныққан білімділік емдеу шеберлігін арттырады. Емшілік сезімталдыққа, білгірлікке, имандылыққа, төзімділікке негізделеді, киелі қасиеттерді ұштайды, үйлестіреді.

Елдің ынтасын оятқан емші құрметті де көрікті. Шын емші ауру қоспайды. Емшінің өнегелі ісі оңға, өрге бастайды,  өмірді ұзартады. Сырқат құпиясын сабырлы, ізденімпаз, білімді адамдар, ақ ниетпен Алла жолына түскен емшілер адаса бермей ашты. Жақсылық ойлаған емшілер құлқын жарында құламады.  Оның қызметі мен мақсаты адалдық жолында анықталды, қомақтануда. Қолында Құраны, аузында иманы, әрекетінде түйіп жиғаны тоғысқан емшіні  халық құрметтейді, оның мәртебесін көтеруде. Емдеймін деп жалған әрекетті қалқан тұтатындар арсыз келеді, сырқатты емдей бермейді, қандасын құтқаруға тырыспайды. Орасан ойын меңгере немесе жүзеге асыра алмаған адам ұрыншақ, әбестікке ұрынады. Ұрыншақтық жарға жығатын – жалғандық пен жасандылықтың, ағаттық пен асығыстықтың ұйытқысы. Жалған әулиелер қашанда жарға ұрынды. Асығыстықтағы ағаттық пен көзжұмбайлық дертті емдемейді, қайта қоздырады. Рухани жағынан жүдеу – алауыздық пен атаққұмарлықты үрлеу. Әлеуметтік қауіп көзі – жасанды ақылгөйлікте, адам қуатын сорып жаншитын апай-топай ішкі дүлейде.

Жалғандықтың жолы қысқа. Неге? Адамның азғындауы, бір-біріне қатыгездік көрсетуі – дағдарыстың қауіпті түрі, жұқпалы көрінісі. Дағдарыс іштен шалатын, адамды азғындыққа итермелейтін қауіп-қатер. Дағдарыс сауатсыздық пен үрейді қатар үрлейді. Сауатсыздықта алданған азап шегеді, алдаушы әлсіздікті егеді. Таршылық жанды қинайды, жақсылыққа симайды. Жігерліге жасандылық жараспайды. Жақсылыққа көре алмаушылық жасау – надандық. Надандық – таршылықтың, тұлдану мен бұлданудың, қысқасы, жетесіздіктің түбірі. Жетесіздің айыбы – атаққұмарды қалқан қылмақ, алға тартпай, керағарлыққа ұрындырар қыңырлықта. Жалған жағаластың жолы қысқа. Емшілер қатарының азаюы да осы жетесіздік пен қыңырлықта.

Қыңырлық дүмпуі – мәдениетсіздік пен құдайсыздықта. Мәдениетсіздік – тұлғалықтың тұрақтауына керағар күш, зиянды ағым. «Құдайсызға» тұнық әлем тар келеді, оған құдайдың жазасы бар. Қажы З.Қожалымов Құран аяттарынан емшілік мәдениетін құрайтын тұжырымдарды тізіп береді, сол уәждерге табынады. Дін рухымызды күшейтеді, санамызды тазартады. «Білімі болғанмен, ішкі мәдениеті, жүрегінде имандылық кілті жоқ адамның ісі алға баспайды» дей отырып, «өз құдіретіңді өзің игер, иемден. Оның тұғырығы – рухани бірлік пен келісімде» дейді автор. Тағы бірде «Емшілікте не істемелік, ұрлыққа ұрынбалық, киелі бабалар рухының қарғысына қалмайық!», деген ойын ортаға жаяды. Ақын З. Қожалымов: «Тани білсең бойындағы қасиетіңді, Жаратушы да сәулесін төгіп жатыр» деп ойын пайымдайды.

Кітап емдік сауаттылық пен сырлы сыйластыққа үйретеді,  ұлтжанды болып, мемлекет шаңырағын сақтап қалу – азаматтыққа сын, босаңдыққа мін екенін ескертеді. Онда қиындықты жеңгені туралы әңгімеге, атаққұмарға ұрынбау ескертпелеріне көп орын беріледі. Шым-шытырық қайталанып жатқан оқиғалар. Үндес оқиғалардың үйлестігін анықтау баз бір оқырманға жеңіл шаруа болмас. Оқиғалардың басы-қасында автордың өзі жүргендіктен, автор өзі туралы түрлі мәліметтерді қатар, қайталай беріпті. Оның ішінде елдің түкпір-түкпірінен келген «Арнаулар» көп. Мұны оқырман авторды мадақтау деп немесе оның еңбегін мойындау деп түсіне ме, оны әркім өзі шешсін. Өйткені қайталаушылық ойды кейде мүдіртуі де мүмкін. Әйтседе, автор сол түрлі делебелілердің жетегінде кетпейді, оларды қайсарлықпен икемдей, жеңе білді. Құптарлық ұстаным, осында.

Шипагерліктің шапағатты рухы туралы ойлап, бойлап, таразылап жазған Зядан Қожалымовтың жүрекжарды қомақты бұл еңбегі – шаралы әрекет, рухани байлық мәлімдемесі. Тартымлы тоқтам-түйіннің жасампаздық пен жақсылық нышанын көре білейік, дұрыс бағалайық. Мен үшін «Орындалған аманат» – ұрпаққа арналған ашық хат сияқты көрінеді, солай қабылдадым да.

Философия ғылымдарының докторы

ҚазҰУ профессоры Молдабеков Жақан

 

«Айқын» газеті, 19.07.2012

«Қазақстан-ZAMAN» газеті, 19.09.2012

«Шипагерлік баян» газеті, № 10, 2012

 

 

 

Ғалымның ғұмырлық қазынасы

 

Академик З.Қожалымовтың “Өмірімнің тағдыры” атты кітабының тұсаукесерінде ғалымдардың білдірген

 

пікірлері

 

Осы сіздердің алдарыңызда тер төгіп жүрген, осы істің басы-қасында жүріп ұйымдастырып, алдымен сіздердің содан кейін халықтың көңілінен шықсам деп, қазақтың жалпақ тілімен айтқанда шыж-быж болып жүрген Зядан замандасымның тағы да бір көркем туындысы менің қолыма тиді. Біріншіден Зәкеңнің ойы да жүйрік, қолы да жүйрік, осыған орай айтатын тілегім: «Бұл соңғы шығармасы емес, әлі де оқырманды қуанта беретін осындай тілі де, ойы да тартымды шығармалары болады деген сенімдемін. Солай болуына Зәкеңе тілектеспін».

Бұл еңбекте Зәкең өзі туралы жазады, бірақ әңгімені осы қауымдастық туралы өрбітеді. Қауымдастықтың әрбір мүшесінің тағдырлары, табыстары, деңгейлері осы «Қазақстан халық емшілері қауымдастығымен» тағдырлас, түптес, тамырлас екендігін жақсы сезінсеңіздер осы ұйым қалай құрылды, басынан не өткізді, деген тақырыптың, оқиғаның төңірегінде Зядан қажы көркем тілмен, қысқа да нұсқа оқырманға түсінікті етіп жеткізген.

Айтайын дегенім “емші болу – ол еріккеннің тірлігі емес” екенін жақсы білесіздер. Өзінің күрделі күйзеліске толы бірде жеңіске жеткізетін, бірде жанды қинайтын кезеңдер қабаттасып қатар жататын мұндай көңіл-күйді әркім жеңе алмайтын және әркім жоғарғы деңгейге жеткізе алмайтын өнерді жазу үшін батылдық, білгірлік, парасаттылық, өз ісіне деген жанашырлық тағы да басқа көптеген қасиеттер болу керек.

Зәкеңнің бұрын шыққан «Орындалған аманат» еңбегіне «Орындалған аманат – ұрпаққа хат» деп пікірімді жазған едім. Енді мына еңбекті оқып «Орындалған аманат – талаптыға салауат» деген ойды өзіме жазып қойдым. Өйткені басы-қасында болып жүрген кісілер көп нәрсені еске алады, ескереді және оны жаңа деңгейде жаңартады деген ойдамын.

Біріншіден жалпы емшілер қауымдастықтан өзін бөле жара қарамайды. Өйткені, емшілер – өзінің қауымдастығымен бірге есейіп, еңбектері еленуде. Өздері қауымдастықты таңып, қауымдастық емшілерді елге таңытып келе жатыр. Сол еңбектерінің нәтижесін көріп, марапатталып та жатыр. Марапатталған емшілерді осы жеткен табыстарымен құттықтаймын. Әлі де халыққа қызмет ете беретіндеріне кәміл сенемін.

Осы орайда мына тұжырымды еске салғым келіп отыр. «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» қазақ елі тарихында дарынды, киелі, құпиялы тылсым күш иелерінің басын қосқан ұйым, тылсым сырлары мен халық емшілігін тұңғыш ғылыми айналымға енгізген бәйтерегі. Бұл еңбекте «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» емшілер арасында ақылы жетпегендерге – ақыл, қиналғанға – қамқор, әлсірегендерге – қуат, жолдан адасқандарға – жарқын жол, діннен безгендерге имандылық шуағын үйретудің, қисайғанға – сүйеу, құлап бара жатқанға тіреу болған дейді. Кейінгі ұрпақ осы дәстүрді кәсіби деңгейде жалғастырады деген сенімім мол, тілегім де сол.

Емшінің тоғыз түрлі атауы беріліпті. Емші деп атағанмен өзінің кәсіби бағыттары бар екен. Атаулар осымен шектелмейтінін сіздер де, біздер де білеміз. Еліміз өсіп жатыр, халқымыздың саны көбейді, сонымен қатар аурудың түрі де көбейіп кетті. Ауырып жатқан адамдар да аз емес. Сырқат жандарды емдеу жолдары да көбеюде. Олай болса сіздерге көзге көрінетін, көзге көрінбейтін майданда қызмет етіп жүрген кісілерге түсетін салмақ бұрында көп еді, болашақта одан да жоғары болатынын еске саламын. Олай болса халқымыздың емшілерден күтетін үміті де мол, қоятын талаптары да зор. Емші мәдениетті, сауатты, иманды және қайырымды болу керек деген сөздің астарында үлкен және нақты мән жатыр. Емшілік туралы айтқан кезде бәсекелестік бар. Яғни, медицина мен халық емшілігінің арасында үлкен бәсекелестік болуы заңдылық. Медицина – ғылым, халық емшілігі ғылымға сүйенетін – өнер. Яғни, емшілік кәсіби тәжірибе, халықтық тәжірибе. Бірақ халықтық тәжірибе аумақты ұғым. Бір-бірімізден үйренетін, өз ортамыздан үйренетін мүмкіндік шексіз екендігін еске сала кетейік. Өсемін деген адамға, халыққа қызмет етемін деген адамға, сырқат жандардың көңілінен шығамын деген емшілерге осындай үлкен жүк бара екеніне көңіл бөлу керек.

Кітапты оқығанда автордың батылдығы мен намысшылдығы көзге түседі. Қаншама қиыншылық болған кезде біреуге жалтақтап, анау не дейді, мынау не дейді, ертең не болады деп жарты жолда тоқырап қалса, бұл қажетті бастама бүгінгі деңгейге жетпеген болар еді. Сондықтан да батылдық, намысқойлық және еліне, кәсібіне деген сүйіспеншілік осындай бүкіл ел білетін нәрсені жеңіп шығу жарты жолда қалмаудың бірден-бір себебі осы ғой деймін.

Осы кітаптан менің өзімнің білмейтін жақтарымды да аңғардым. Ол табиғи нәрсе. Өйткені, өмір алдымызға жаңа міндет, жаңа талаптар қойып жатыр оны шешудің әркім өзіндік тәсілдерін табады. Бұл кітапты ұққан, қабылдаған және мойындаған кісілер әділ бағасын береді деген ойдамын. Мен де сол бағаға қосыламын.

 

Философия ғылымдарының докторы,

ҚазҰУ профессоры Молдабеков Жақан

 

 

Әр нәрсенің тарихы болады дегенмен, сол тарихты мәңгілікке қалдыру үшін ғылыми тұрғыда арнайы еңбек етіп қалдыру, сол тарихи өзгерістерді жеке басынан өткізген азаматтың парызы болу керек. “Өмірімнің тағдыры” атты еңбектің авторы академик З.Қожалымовты ширек ғасырдан бері білетін ғалым ретінде, оның “Қазақстан халық емшілері қауымдастығын” құрудағы қиын жолдан өткені әлі көз алдымда. Осы тарихи кезеңдердің өтпелі жолдары еңбекте түсінікті, өткен қиын да күрделі кезеңдері нақты және әрі әділ баяндалған. Оның бір дәлелі кітаптың 1-тарауының басталарында автор былай дейді:

“Емшілікке ширек ғасыр өмірімді арнадым,

Адалдықты сақтадым, бағытымнан таймадым.

Тәңірімнің тағдырының сынағында келемін,

Сеземін, ауыр жүкті көтермесін басқаның”.

Бұл өмір шындығының айнасы.  Кітап бес тараудан тұрады. Атап айтқанда: Республикалық емшілер бірлестігі қалай құрылды, түнгі ғажайып, ел ішіндегі естеліктер, пікірлер, жеке талғамдар мен ғалым-шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы туралы сахналық көріністің сценарийі. Бұл еңбектен көп нәрсені аңғаруға және білуге тұрарлық.

Түнгі ғажайып тарауы бәрімізге жаңаша түсініксіз болғанымен, аңғарып қарасақ ғарыш пен адам байланысы арасындағы қатынастық байланысты дәлелдей түскендей. Кейінгі кездегі автордың қаламынан проза жанрындағы қысқа көлемді мақалалар мен драматургиялық шығармалары оқырмандарды қызықтыра түсуде.

Автордың бұдан бұрынғы еңбектеріне де пікір жазған ғалымдардың тілектерінің кітапта көрініс беруі еңбектің құндылығын арттыра түспек.

Халықаралық форум кезіңде ғалым-шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы туралы тұңғыш сахналық көрініс берілуі де қатысушыларды қатты қуантты. З.Қожалымовтың көңілінен шыққан түйінді ойларында: “Адам баласына қиындықсыз, күрессіз, жеңіс пен бақыт жоқ. Ол ізденіс пен шыдам, байыптылық пен парасаттылық арқылы келеді” – деген пәлсапалық ойы бүгінде оның өмірінде толық дәлелденгендей.

Академик З.Қожалымовтың қиын кезеңдерінде және әр түрлі тақырыптағы жыл сайынғы еңбектерінің жарық көруіне рухани демеуші болған жұбайы Түймекүл Құлмаханқызына да  мың рахмет.  З.Қожалымовтың “Өмірімнің тағдыры” еңбегі терең сезіммен жазылғандықтан кітаптан алатын әсерлеріңіз мол болатынына сенімдімін.

Бұл кітаптың авторы  З.Қожалымов өз тағдырының биік шыңынан көріне білді деген осы деп білемін.      

Медицина ғылымдарының докторы,

ХҚТУ профессоры Керімбектің Ермаханы

 

 

Құрметті жамағат, Зәкеңмен осы емшілер қауымдастығы алғаш құрылғаннан бастап шығармашылық байланыстамын. Алғаш танысқан жылдары Зәкең өзінің маған бір қолжазбасын көрсетті. Сен журналистсің ғой осыны көріп шықшы деді. Мен қолжазбаны қарадым. Сонда журналисттік стильде Зәкеңнің қаламының қарымдылығына қайран қалдым. Қазақ тілінің майын тамызып жазатынына таңқалдым. Бейнелі тіліне, оқиғаларды, деректерді керемет тізіп жазатынына риза болдым. Алла тағаланың өзі бойына жазушылықты құйып қойған қаламгер, талантты дарын иесі екенін байқадым. Ең бірінші бұл кісінің қаламгерлігі және Алла тағала берген бойыңдағы қасиет ерекше екен. Ақындық қасиеті де бар. Өлеңдері мен әндері радиодан жиі беріледі. Біріншіден, өздеріңіз білесіздер Зәкеңнің емшілік қасиетімен қатар ұйымдастырушылық қабілеті және ғалымдық ерекшелігі де өзінше бір төбе. Мәдениеттанушылық-зерттеушілік қасиеті ұшқыр ойлы, дара сезімді. Көптеген салиқалы ғылыми-танымдық еңбектерін өз оқырмандарына ұсынып келеді. Алла сыйлаған күш-құдірет бойындағы биоэнергиясы болмаса, емшілерге жетекші және ірі адал басшы бола алмайды ғой. Сондықтан да автордың “Өмірімнің тағдыры” атты еңбегі көп нәрсені қамтып ғана қоймай оқырман қауымға арнайы арналған рухани танымдық еңбек екендігін мойындағанымыз жөн.   

 

Жазушы, профессор Ораз Қауғабай

«Шипагерлік баян» газеті, №11 (117) қараша 2013 ж.

 

 

 

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15 16  17  18  19  20  21  22  23  24  25  26



В начало