ғұмырнама 19 | ||
главная вернуться 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 | ||
ҚАРА ҮЗГЕН ШИПАГЕР ТАЗАЛЫҚҚА ИЕГЕР Молдабеков Жақан – философия ғылымдарының докторы, профессор «Шипагерлік баян» тарихымыздың тұлғаланған еліміздің ынтымағын арттырған дертімізді тиғызған емшілер, тәуіптер, дәрігерлер туралы ғаана еңбек емес, сондай-ақ басқа да ғылымдар саласын қамтыған энциклопедиялық еңбек. Осы қасиеттердің басын қосқан, ұрпақтарға жеткізген Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының қызметі мен көрегендігі, шығармасы мен шеберлігі оқырман көңілінен мәртебелі орын алар деген сенімдемін. Өйткені, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы – шипагерліктің шыңына шыққан шығыстағы, түркі-тегі, ата-тегіміздегі ғұлама ойшыл, дара қараүзген емші, елінің елеулі мақтанышы. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының жетістігі – далалық тәжірибелердің көшпенділер өркениетінің, шығыстың медициналық мәдениетінің және дара таланты мен ептілігінің түйіндеген жиынтығы, көрінісі және көрсеткіші. Шипагерлік – ұрпақтардың көп салалы жүйелі іс-әрекеттерінің жиынтығы, олардың мәнді ізденістерінің астары терең ұғымы. Шипагерлік – ерекше ұмытылмас өнер, өтімді өнеге; тәнмен араласу, аңдысу, жанды айықтыру, сауықтыру, сауаттандыру, келбетті көріктендіру, тұлғаны бітімге тұрақтату. Бабамыздың түсінігін келте қайырып, жинақтасаң шипагерлік дегеніміз өзектен тиянақ табатын тұғырлық өнер, толғауын нар кескендей ашалап, нақтамалап, дәл түсіретін тұжырымдау; әрқандай түйіндемелерді ұштастыру арқылы несіптік ризықпен күшін мінсіз өткізу; болмыстығы тұтас бітімдікті қалыптастыру, қимыл-қарекетке сәйкес араластық жарасым жасау, науқасқа сырқаттың сезілістерін дер кезінде сездіргілік, сезгілік тапқырлығы, әйгіленім мен әйгілім сезгілігі. Бұл жүрегіндегі арман жетегімен кезбеген жері, көрмеген елі қалмаған, ұрпақтың мінсіз болмақ шартын іздестірумен дүниенің қызығын мүлде ұмытқан жанның, елін беріле сүйген дара жанның түсіндірмесі. Сонымен, «адам әлемі» деген ұғымдағы ибн Сина дамытқан медицинаны ұлы бабамыз биологиялық және халықтық медицинамен тоғыстырды, толықтырды. Науқастың сезімдік, психологиялық себептеріне ерекше мән берген шипагер өзінің дауалық қағидаларын «он екі сезімдік ұшық» теориясын көпке ұсынады. Ол өмір бойы адамның бас байлығы денсаулықты сақтаудың, керісінше ауруды асқындырмаудың көптеген емдік және психологиялық тәсілдерін, физиологиялық шарттарын жинақтаған. Денсаулықтың кепілдігі нақты және алуан түрлі болатынын шипагер үнемі еске салып отырады. Ырғақты да, сезімді тыныстың қайнар көзі – дұрыс тамақтануда, қимыл-әрекетте, серуенде, демалуда, денені таза ұстауда деп үйретті. Мұның өзі ағзаның биоэнергетикалық мүмкіндігі мен потенциалын қалпына келтірудің жолдары екенін айқын сезінген. Бұның бәрін өз басынан кешкен, өзі қатал тәртіп ұстанған. Ғалымның тағы бірдауалық кеңесіне зер салайықшы; «хиуалық теңгерме, пенделік бітісте көктемде қанды аруламақ (тазарту), жазда кезектен кетірмек (кетіру), күзде запыраннан жанықтырмақ (арылу), қыста тұндырмаларды қудырмақ шарт. Адам болмысы мен берекесін өмірлетудің бұдан өтімді физиологиялық шарты мен философиялық маңызын жеткізіп көріңіз. Денсаулықты сақтау және жақсарту – адам тәжірибесі мен даналығының жанды буыны, адамдық беделдің өткір құралы. Саулық дауасы – табиғаттың заңдылығын дұрыс ұғынуда, адамның өз ризығына орай табиғи ортаның ерекшелігін нақтырақ түсінуде, ортадағы заттар мен құбылыстардың жағымды ықпалы мен жағымсыз жақтарын қолма-қол ажырата алуында. Денсаулық қамын көздеу – адам баласына туғаннан біткен инстинкт. Бірақ, көрдім-бардым мен еріншектікке алданып, денсаулық бар да оны қадірлей бермейміз. Ал ауыра қалсақ, сырқатты әркім өзінше қинала сезінеді. Әлгі дені сау алаңғасар ауырған жанның мінез-құлқын, түсіну-талдау қабілетін дұрыс ұға бермейді. Осындайда аурудың қозғаушы күштері мен себептерін тану, табу емгердің қасиетті міндетіне айналады. Осы бағытта халықтың емдеу тәжірибесінен мың еркшелікті аңғарамыз: адам ағзасын табиғи ортаға бейімдеуге ерекше мән берген. Адам анатомиясының 150-ден аса терминін қолданған, адам бойындағы күш-қуатты жәндіктер мен төрт түлік берерінің дәрілік қасиеттерін рет-ретімен пайдаланған. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы бабамыз 728 өсімдік атауына сипаттама берген, адамды емдеудің қарапайым, үнемді бәріне де қолайлы мүмкіндіктеріне назар аударған. Бұл тұрғыда Тибет медицинасын өте жақсы меңгергенін және оны әрмен дамытқанын байқаймыз. Нағыз емші туған жердің барлаушысы мен диқаншысындай, жыршысы мен бағбаншысындай. Ол атамекеннің табиғаты мен байлығына, салт-дәстүрі мен үлгісіне ерекше назар аударған, тұрмыстағы адамдардың көңіл-күйі қызығын, саудың өмір салты мен аурудың асқынған күйін қуаттық, ыстықтық, суықтық, жазымдық, қаһарлы, зәуірлі, қаһарсыз сияқты түрлерін атап және талдап береді. Екінші шарт - әркімнің өз жан-тәннің ширататын және шынықтыратын жүйелі жаттығумен шұғылдану, таза сумен дененің тазалығын сақтап, таза ауада көңіл сергегін баптап, қуатты тамақты мезгілінде ішіп, туған жердің құнарлы топырағынан, сұлулығынан, әсемдігінен нәр алу. Табиғат – бүкіл организмдерге үйлесімді байланыстардың кеңістігі. Әр адам сол жарасылымдылықтан өз денесінің тепе-теңдігі мен тұтастығын табуы абзал. Үшінші шарт – адамның киген киімі қонымды, жарасымды және таза, көңілі көтеріңкі, жаны жайдарлы болса, оның тұлғалық бітімі әрлі, бет-әлпеті сәнді, өң-түсі жарасымды сымбаттанбақ. Жарасымдылық жаратылыстықтың түбірлі айқындылығын білуге ұмтылдырады. Сол ізденіс пен күрес барысында адам баласы өз тұғырына лайық әзірлік, айқыныс табады. Осыдан жаратылыстықты қанық білу, жарасымды ұштасымды айқын ұғыну, адамзаттық мәндеменің сипатымен тең ықпалда болу, жарасым мен сыйласымның түбірін толығырақ ескеру сияқты борыштар сараланады. Тақылеттің бір-бірімен түйіндемелі он екі борышын талдауы бабамыздың ұлағаттылығына ерекше мән, ықпал енгізеді. Емдік шарттар мен борыштар аңғарымның шынайы, нақ, айқын болмағына ұйытқы, сондай-ақ кемтарлықтан, шарасыздықтан, алалылықтан, болымсыздықтан сақтандырады. Сонда шипагерліктің телімділігі, өнімділігі, сенімділігі артпақ, ол туралы дүдамал, жорамал, өтірік тарылмақ. Бұл тұжырымнан кім тәлім алмақ, мұндай тағылымды кім бетке ұстамақ. «Шипагерлік баян» газеті, №9, 2009 ӨТЕЙБОЙДАҚ ТІЛЕУҚАБЫЛҰЛЫНЫҢ ХАЛЫҚТЫҚ ЕМДЕУ ТӘСІЛДЕРІНІҢ ТАРИХИ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ МЕН МАҢЫЗЫ Жаңақұлов Тәуекелбек – ТарМУ профессоры Ө.Тлеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты еңбегі номадтар тарихының катпарларынан тұғырлы үн қатқан, тарихты бір серпілткен баға жетпес туынды. Иісі түркі тектес, әрі кетсе әлемдік қауымдастыққа ортақ кұндылық болып саналатын бұл еңбек көшпенді өмір салтының аясында жасалынған айтулы туындылардың бір жарқыншағы іспеттес. Өкініштісі түркі әлеміндегі мемлекеттерде жазба мәдениеттің және олардың сақталу тәртібінің тұрақсыздығынан орасан зор құндылықтарының ізі тарих шаңының астында қалған-ды. Тарих үнсіздігін жарып шыққан Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп тұқияннан өзіме дейін» атты еңбегі сияқты, аталмыш туындының қазақ тарихын айға бір шығарып тастағанының куәсіміз. Мұндайда ұлт кеудесін мақтаныш сезімі кернейтіндігін жасыру қиын. Тлеуқабылұлының еңбектерін жаңғыртушылардың айтуына қарағанда оның еңбектерінің толық нұсқасының біразы өртеніп кеткен сияқты. Бұл жағдайда аманатқа селқос қарау, немесе тапсырылған құндылықтарды сактауға аса жауапкершілікпен ат салыспау тарих алдындағы күнә деп бағаласақ қателеспейміз. Ө.Тілеуқабылұлының "Шипагерлік баян" атты еңбегі халықтық принциптерінің әлемдік дәстүрлі медицинаның субстанциясының бірі деп айтуға да болады. Аталмыш еңбекте негізінен медицина саласынан тереңірек мағлұмат берілгенімен, оның философия, мораль, ғылым, тарих, филология, психология, астрономия, мәдениет, салт-сана т.б. салаларына да қатысы баршылық.. Ө.Тлеуқабылұлы халық саулығына әжептәуір нұқсан келтіріп келген салт-дәстүрге тиым салуды бастама етіп көтереді. Ханға жеті атаға толмай, кыз алысып, қыз берісудің генефондқа қауіптілігін ғылми жолмен дәлелдегеннен кейін: «күллі алаш ұранлы бұқараларымның өздерінің және ұрпағыңның міназ болмағы шарты үшін... жеті атаға толмай қыз алысқандар бүгіннен бастап болмауы шарт», – деген Жәнібек ханның пәрменді жарлығы жарық көреді. Бұл келер ұрпақтың әлеуметтік санасымен денсаулығына оң ықпалын тигізген тарихи құбылыс болғаны даусыз. Өкінішке орай, қазақтан басқа түркітектес кейбір этностарда аталмыш дәстүр сақталғандықтан кейбір нәрестелердің қандық уылмаға (қанның уылуы) душарласып, ұрпақтың жарымжан, кемтар болып қалатыны тарихи практикалардан белгілі. Бізге жеткен аталмыш кітаптың ауқымдылығы соншалықты, ішіндегі идеялар ежелгі Шығыс, Антика дәуіріндегі философиялық идеялармен астасып жататындығын байқау киын емес. Әр түрлі өңірлер мен елдердегі ғалымдардың түрлі жолдар (Ұлы Жібек сауда жолы, түрлі жорықтар, елшілік алмасу т.б.) арқылы байланыста болып, идеяларының сапырылысып, алмасып жататындығын еске алсақ, ежелгі Қытай, Үнді, Антика, Тұран даласының ойшылдарының идеялары бірін-бірі толықтырып сабақтасып жататындығын анықтаймыз. Ұлы ғұлама энциклопедист әл-Фарабидің идеяларымен таныс болған Ө.Тлеуқабылұлының аристотелизм бағытынан да хабардар болса керек деп толық айтуымызга болады. Ғалымның пайымдауынша рационалдық (ақыл-ой тұжырымын) таным ғылымының негізінде эксперимент (тәжірибе) жататындығы қадап айтылады. Өйткені, көптеген шөптердің шипагерлік қасиеттерін өзі анықтауда ұзақ уақыт естіген-көрген құбылыстарын ойға түйіп, эксперименттер жасау арқылы қол жеткізген. Бұл жөнінен ұлы Шығыс шипагері ибн Синаның «Айығу кітабынан» (Книга исцеления) басталатын тәжірибелік мәні бар жұмыстарды айтса болады. Ө.Тлеуқабылұлының ғылыми эксперименттердің жалаң баяндаушысы ғана емес, сонымен қатар оны философиялық тұрғыдан жүйелеуші де. Аристотель мен әл-Фарабидің пайымдауынша, құбылыстан құбылыстың пайда болуының негізінде карама-қарсылықтың күресі мен бірлігі деп аталатын табиғаттың философиялық заңның жатуында. Ғалым осы тұжырымнан барып адамның өзін қарама-қарсылықтың күресі мен бірлігінің нәтижесі деп қортындылайды. Аталмыш идея тіршіліктің жер бетінде эволюциялық жолмен пайда болуының ғылыми-методикасы болып табылады. Мұны Ф.Энгельс 1870 жылы ғана философиялық тұрғыдан түсіндірсе, оны ұлы ғұлама одан 400 жыл бұрын анықтап үлгерген. Ғалым шешек вакцинасын аталмыш ұлы заңға сүйене отырып, былайша айтқанда, адам мен табиғаттың күресі мен бірлігінің нәтижесі ретінде қарап зерделеп ашады. Бұл ел басына күн туып, шешектен қынадай қырылған жылдары, ел қамын жеп, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей, жар құлағы жастыққа тимей, тәжірибе жасай жүріп, ол ақыры шешек суын табады. Бір қызығы бұл дәріні ол шешекке қарсы ем ретінде ағылшын ғалымы Э.Женнерден (1776) 350 жыл бұрын анықтаған. Өркениеттіліктің қай түрі болса да, былайша айтқанда, тіршіліктің Шығыстан бастау алғандығын, соның нәтижесінде, ғылым мен практиканың етек алып дамуын, ескерсек ұлы К.Маркстің: «Болашақ Шығыстың еншісінде» екендігі туралы идеясы күн санап дәлелденуде. Өйткені, Батыстың жүйкесі тозып, дамуының шарықтау апогейіне жетіп, бұдан былай кері шегіне бастағандығы туралы философ О.Шпенглердің, осыдан бір ғасырдай бұрын, «Европаның құлдырауы» атты кітабындағы құнды пікірлері дәлелденуде. Ғылымнамалық «Шипагерлік баян» атты еңбектің құндылығы халық арасында бардың барлығын , әлемдік медициналық танымның сапа дәрежесіне көтеріп толықтыруында. Бір ғана мысал. сүйектің дене құрылысындағы атқаратын функциясын сипаттағанда, шипагер: «Сүйек алашордасындай еңсені тік көтеріп тұрмақ», – дейді немесе адамның дене құрылысындагы сөлдердің маңыздылығына тоқтала келіп: «Сөл жасанғырай ма? Сөл жасаңғыраса, адам да қартаймас еді», – дейді (Ө.Тлеуқабылұлы «Шипалық баян». А. 1996.21 бет). Б.д.д. VІ ғ. Анахарсис, Х ғ. әл-Фараби, ХІ-ХIV ғғ. М.Қашқари, Ж.Баласағұни, М.Х.Дулати, ХV ғ. Ө.Тлеуқабылұлы т.б. әр салада ғалымдары болған қазақ даласы номадтық жазба мәдениетінің кенжелілігінен ғылым майданында ақтаңдақтар баршылық еді. Грекия, Рим, Қытай т.б. отырықшылық күй кешкен өркениеттіктердің жазба мәдениетінің ғасырлар бойы қалыптасқандығынан, олардың ғалымдарының колжазбалары мен идеялары толық сақталып, тарихнамасы барлық жағынан ұрпақ қажетіне толықтай қызмет етуде. Сондықтан да олардың ғылым тарихы біздікіне қарағанда әрі бай, әрі толық сияқты көрінеді. Қоғамдық оқиғалардың қандай түрі болса да (соғыс, мәдениет, мемлекеттің қалыптасуы, сауда, ғылым т.б.) олардың қолжазбаларында толық бейнеленсе, ал керісінше, біздің жағдайымызда бұл процесс көбінесе тарих шаңының астында қалғанды. Бәлкім, жазба мәдениетіміздін әлсіздігінен, елдің, рулардың, тайпалардың басын біріктіретін фактордың қызметі де ойдағыдай болмады ма деп қаласың. Дей тұрсак та, біздің пайымдауымызша, Ұлы шипагер сияқты ғұламалардың ғылымнамасы (XVғ.) қазақ мемлекетінің іргесін қалауға рухани демеу болған факторлардың құрамдас бөлігі болды десек қателеспейміз. Өйткені, дербес мемлекет болу үшін көптеген алғышарттардың жиынтығы болу ләзім, оған этностың өзіне-өзі сенетін рухани-мәдени, материалдық куаттылығының деңгейі, қалыптасқан өндірістік қатынастың пісіп жетілуі, территориясы, психологиялық дамуы, тілі т.б. қажетті факторлары болу қажет. Кейініректе хан әз Жәнібектің ғұламаның айтқан идеяларынан нәр алып мемлекетті толыққанды басқаруына үлкен рухани тірек болғандай. Мұнан бұл кезде, алаш ұранының әбден қалыптасқан байырғы дүние екендігі байқалады. Одан бұрын халқымыз территориялық кіндігі айқындалмаған шашыраңқы, этникалық бірлігі шамалы, ғылымы болса айтарлықтай дамымаған, дамыған күннің өзінде ауыз толтырарлықтай бір жазба жүйеге келтірілген дүние еді. Олай болса, «Күллі алаш ұранлы қазақ» деп бір жеңнен қол, бір жағадан бас шытаратын бірлікке, орталықка шақыруы кездейсоқ емес еді. «Шипагерлік баян» атты еңбекте Өтейбойдақ адам организмін шөптің дәрілік емдеу қуатымен қатар, адамның рухын, оның имандылығын, моралін, айығуға сенімділігін, халкымыздың барлақ жағынан құдіреттілігін, бай тарихын да еске алып емшілігінің өзегіне айналдырады. Олай болса, ғұлама, халықтың рухтылығына сенім мен дәрілік емдеуді диалектикалық тұрғыдан біртұтас деп есептейді. Ал бұл идея бүгінгі күнде медицинада емдеудің басты методикасы болып есептелінеді. Аталмыш кітапта -ми, бауыр, жүрек, сөл, бүйрек, тамыр, және т.б.әлементтердің адам организмдегі ролдері анықталып, олардың емдеу жолдары қазіргі дәстүрлі медицинадан бірнеше ғасыр бұрын жасалып қалдырылған және оның практикалық философиялық мәні де айқындалған. Ерекше бір атап өтерлік жайт, ғұлама дертке ем табу мақсатында экспериментті өзіне жасап, талай уланған, өлмегеннен басқаның бәрін басынан кешірген, ең құндылығы дүниеге бой алдырмаған. Жар құлағын жастыққа тигізбей жаһан кезген (Омбы, Жезқазған, Есіл, Нұра, Торғай, Жаркент, Алтай т.б.) қайрат жігерін мұқалтпай, бірде аш, бірде тоқ бола жүріп, азаптанып көрген білгендерін саралап, қағаз бетіне түсіріп, бір жүйеге келтіруге тырысуы егде тартқан ғұламаның асыққандығының айғағы болса керек. Оның асығуы кездейсоқ емес еді. Ол қазақ халқының, келер ұрпақтың рухының басқа халықтардан кем болмай биік болуы үшін еңбек етті. Аталмыш еңбекте өсімдіктерден алынған 720 түрлі, жан-жануарлардан алынған 318 түрлі, 1108 түрлі (қазіргі қолда бары) шипалық қасиеті бар емдік дәрілер жүйесі және адамның негізінен сыртқы тұлғалық бітіс аталымдарынан 430-ға тарта атау (қазіргі қолда бары) жазылған, бұдан сырт онда 1050 түрлі дәрі аты, 4577 жеті рецепт те баршылық.. Ұлы К.Маркс айтқандай аса ірі құдіретті және кабілетті ғұламалардың отбасымен шұғылдануға уақыт факторы шамалы болғандықтан, олар бар саналы ғұмырын ғылымға бағыштап сарп еткен. Мысал ретінде, алысқа бармай-ақ ұлы философ әл-Фарабиді, Ө.Тлеуқабылұлын және т.б айтуға болады. Сондықтан да ол: «Қалмады ұрпақ, Өтейбойдақ аяндалды, Мені өшірмес «Шипалык баян» калды, Бұ да менің ұрпағым жөн білгенге қағазбенен жалғасқан аян қалды», – деп ең соңғы демі қалғанша, аталмыш қасиетті ұлы еңбегін келер ұрпаққа мұра етіп тапсырған сияқты. Бұл кітап керілген Тұран даласының ғалымдардан кенде болмағандығының бұлтартпас айғағы болса керек. «Шипагерлік баян» газеті, №8, 2009 ӨТЕЙБОЙДАҚҚА ОРНАТЫЛҒАН ҚҰЛПЫТАС Қазақта да небір ғұлама емшілер болған. Олардың табиғи жұмыс істегендерін енді анықтап біліп отырмыз. Қазіргі тілмен айтқанда сол бабалар білімді дәрігерлердің міндетін атқарған. Оның куәсі Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының артында қалдырған «Шипагерлік баян» атты ғажайып мұра кітабы. «Шипагерлік баян» осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанда қайтадан жарық көріп оқырмандардың қолына тиді. Онда ғылыми тұжырымдардың мол екенін айтулы мамандардың өздері де мойындап отыр. Қандай науқасқа қандай өсімдіктердің, қандай әрекеттердің ем болатынын ғұлама баба дәл тауып айта білген. Соның бәрін тәптіштеп нұсқалап, болашақ ұрпақтарға мұра етіп қалдырған. "Ғалымның хаты өлмейді" – дегендей, сауатты жазылған еңбек бүгінгі мамандардың кәдесіне жарайтыны ақиқат. Демек, шығыстағы Әбу Әли ибн Сина жалғыз болмаған. Оның бір сыңары, жолын жалғастырушысы қазақ даласында да өмір сүрген. Ең қызығы, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы бабамыздың туған жері Жетісу өңірі болып шықты. XV ғасырдың шипагер ғұламасының өмірін зерттеуде айтулы еңбек сіңіріп жүрген адамдардың бірі Қазақстан халық емшілері қауымдастығы президенті Зядан Қожалымов. Ол кісі мұрағаттарға сүйене отырып жұртшылық пікіріне ден қойып, ұзақ уақыт іздестірудің нәтижесінде Өтейбойдақтың жатқан жері Райымбек ауданының Шалкөде жайлауы деген тұжырымға келді. Жақында бір топ адам бас қосып, аспан таудың атақты жайлауына барып, бұл жерде Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы бабамыз жатыр деген белгітасты орнатып қайтты. Белгі дегенде жас ұрпақ тәжірибесіне ықпал ететін шара. Қазақта да білгір ғұламалар XV ғасырда да өмір сүрген еді деген мақтаныштың өзі неге тұрады. Бұл жай мақтан ғана емес, өмір шындығы. Демек, дала мәдениетінің әріден өріс алғанына ешкімнің күмәні болмауға тиіс. Жанболат Сәрсенбай «Шипагерлік баян» газеті, №8, 2003 ж. ҒАЛЫМ ШИПАГЕР ӨТЕЙБОЙДАҚ ТІЛЕУҚАБЫЛҰЛЫНЫҢ «ШИПАГЕРЛІК БАЯН» АТТЫ ЕҢБЕГІ БОЙЫНША ШАҒЫН ТҰҢҒЫШ САХНАЛЫҚ КӨРІНІС «ҚАЗАҚТЫҢ ҒАЛЫМ ШИПАГЕРІ ӨТЕЙБОЙДАҚ ТІЛЕУҚАБЫЛҰЛЫ» АТТЫ VI-Халықаралық КОНГРЕСТЕ КӨРСЕТІЛДІ (Тараз қаласы. 24 шілде 2009 ж.). Сценарийін және «Шипагер баба» әні мен сөзін жазған: Зядан Қожалымов – Қазақстан журналистер Одағының мүшесі, мәдениеттанушы, Өтейбойдақтанушы ғалым. Ақын, сазгер. Қоюшы режиссер: Қыпшақова Гүлшат Нүсіпжанқызы – Қазақстан республикасының мәдениет қайраткері, халықаралық фестивальдардың лауреаты, Жамбыл облыстық қазақ драма театрының актрисаы. Шипагер ғалым Өтейбойдақ баба өмірінен шағын көрініс көрсеткен Жамбыл облыстық қазақ драма театрының майталман актерлері: Өтейбойдақ рөлінде – Қазақстан республикасының мәдениет қайраткері, актер Жасұзақ Айтпенбетов. Әз Жәнібек хан рөлінде – Қазақстан республикасының мәдениет қайраткері, актер Алтай Сәдібек. Жиренше рөлінде – Қазақстан республикасының мәдениет қайраткері, актер Жүніс Әлімбек. «Шипагер баба» әнін орындаған: Тараздық әнші – Сатыбалдиева Зәуре. Бейнелеу: Ғимараттың залындағы көрермендерге қарсы керегеге XV ғасырдың ғұлама ғалым шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының (1388-1485) туған жері Жетісу өлкесінің, Шалкөдесі аңғары мен Айғайтасы, тау қыраттары, ну орманы мен дәрілік өсімдіктері, өзені мен қараршасы т.б көріністерін бейнелеген суретшінің декорациялық сызбасы ілінген. Сызбаның төменгі жағында сол замандағы Ұлы жүздің Албан елінің бір тайпалы руының киіз үй бейнесінде қоныстары сызылған. Осы бейненің оңтүстік жағының ортасында екі қоржынын иығына асқан, қолындағы аса таяғына сүйенген, мұңды, аспан әлеміне қарай көз тастаған бір қарт ғұлама адамның бейнесі кескінделген. Бұл адам сол заман оқымыстысы, осы заманның екінші Ибн Синасы атанған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы еді. Декоративті сызбаның ең жоғарғы жағында қазақ, орыс және ағылшын тілінде Ө.Тілеуқабылұлы атты Халықаралық конгрестің өтетін мерзімі көрсетілген және ортасында Ө.Тілеуқабылұлының суреті бейнеленген декоративті жазу ілінген. Басталар алдында: Сахнадан сонау XV-XVII ғасырлардағы қазақ даласының зарлы әуенді үні баяу ырғақпен естіледі. Сахна шымылдығы ашылып, сол ғанатынан зор денелі, қаба сақалды, басында сәлдесі бар, ұзын шекпен киген, екі қоржынын оң иығына асқан және аса таяғына сүйенген бір ұлы адам тұрады. Ол іштей ұзақ ойға батып жан-жағына қарап өзінің өскен ортасын, туған жерін, замандастарын, аралаған елін, атқарған қызметтерін, көрген қиыншылықтары мен жетістіктерін және жеке басындағы ауыр тағдырын есіне алып ауыр күрсінгендей болады. Бұл ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы еді. Ол ойлы жанарын тіке қадап ақырын таяғына сүйенді. Дауысын көтере сөйлеп көк аспанға көз тастайды. Одан кейін жерге отырып, таяғына сүйеніп өз мұңын өзіне баяндағандай құс ұйқылы көзі жұмылып кеткендігін де байқамай қалды. Түсі ме, әлде өңі ме, елес пе, әлдене түсіне алмай аян алды. – Ей, «Бойдақ» уайымдама, арманың орындалады. Уайымдама, – деген үн құлағына нақ естілді де, көз алдынан сағым ішіне еніп бара жатқан ақбоз атты, ақ киімді, ақ сақалды қария бейнесі көрінді. Ол бір демде ғайып болды... – Өтекең бұл құс ұйқылы түсін жақсылыққа жорыды. Алладан үміт үзбеді. Өтейбойдақ: – Бисміллә, бисміллә, бисміллә. О-о. Он сегіз мың ғаламды жаратқан Алла тағала. Сен осы әлемді алты-ақ күнде жараттың. Жұманы өзіңе құрмет көрсететін күн еттің. Біздің ғұмырымыз сенің қолыңда. Бірінші жұма күні көрген түсімді де, сенің жіберген аяның деп білемін. Сексеннің жиегіне іліне бастадым. Жинап-тергенімді, білгенімді, жазғанымды болашақ ұрпаққа несібе ете гөр. Алла тағалам, несібе ете гөр. Жаратқан ием, 8 жасымнан шипагер әкем Тілеуқабылдың қасында болып көп нәрсені үйрендім, білдім, көрдім. 70 жыл өмірім қазақ даласының Жетісу, Шалкөде, Жаркент, Нұра, Торғай, Сырдария, Омбы т.б. көптеген жерінде өтті. Ауырғандардың сырқатына Алланың әмірімен ем-дом жасадым. Өздігімнен оқып білім алдым. Фараби және Баласағұн сияқты, тағы басқа оқымыстылардың еңбектерімен танысып, өз білімімді өсірдім. Өлдіге саналған үсігендер мен күйікке ұшыраған және суға кеткендерді де ажалдан алып қалдым. Уа, Жасаған өзіңнің берген ырызғы мен несібеңнің арқасында өзім жасаған емдік дәрілерімді алғаш өзіме пайдаландым. Ажал ауызынан өзімді-өзім алып қалдым. Сөйтіп мың өліп, мың тірілдім. Уа, көк аспан, мына мен басып тұрған қара жер, мен аралап қойнауынан дәрілік шөптерді алған ну орман тоғайым, менің кіндік қаным төгілген Шалкөдемнің Айғайтасы мен Қарааршам куә бол! Куә бол! Жиренше: – Ассалаумағалейкүм шипагер! Өтейбойдақ: Уағалейкумассалам, Жиренше төрлетіңіз. Жиренше: – Шипагер, әулие десем де болады өзіңді. «Ей, Жиренше уайымдама, жазыласың» – деп жасаған ем-домынан міне, көріп тұрсың ауруымнан құлан таза айықтым. Алла разы болсын! Сені ел-жұрт Шашты Әзіз, білім ұрған, есі ауысқан дейді ғой. Бұл қалай? Өтейбойдақ: – Мүмкін, мүмкін. Адамның жаны мен басқару мүшесін білу үшін Омбыда жүргенімде тірі түлкінің терісін сыпырып алып далаға жібердім. Ол терісіз де зытты. Ақыры ұзап барып өлді. Шалкөдеде тірі қойды бауыздамай, жүрек жанына пышақ сұғып жіберіп, жүрегін суырып алдым. Өлді. Қойды бауыздамай басына таспен ұрдым. Өлді. Осылай ми мен жүректің қызметін анықтадым. Шалкөдеде тананың жұқа шабына баланың денесіне шыққан қызылшаны ектім. Сол екпемен қызылмен ауырғандарды емдеп жаздым. Кім білсін, атым да Бойдақ, жар да сүймедім. Жас сәбидің иісін иіскемедім. Өмір бойы білім қудым. Кезбе болдым. Елімде менің жайымды түсінер ілімді де жоқ. Бәрі сауатсыз. Өз әрекеттеріне өздері мәз. Ей, кім түсінер дейсің. Жазымышқа көнетін күн де жақын, ізімді басар, ілімім мен білімімді жалғастырып ие болар да ешкім жоқ. О, тағдыр-ай! Жиренше: – Иә, тағдыр. Әйтсе де соншама алыс жақтан өзіңді босқа іздеп келгенім жоқ. Әз Жәнібек ханымыз тек өзіңді күтіп отыр. Бұған не дейсің шипагер? Өтейбойдақ: – Оу. Бұған не дейін, тезірек атқа қонайық деймін. Жиренше: – Әп, бәрекелді. Өтейбойдақ: – Ассалаумағалейкум, хан ием. Жиренше: – Ассалаумағалейкум, алдияр тақсыр. Әз Жәнібек хан: – Уағалейкүмассалам! Жиренше: – Алдияр тақсыр, Сіздің бұйрығыңызбен келген өзі білгір шипагер алдыңызда. Әз Жәнібек хан: – Дұрыстап, толығырақ баянда. Жиренше: – Аты – Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы. Ата тегі Ұлы жүз. Зарман. Зарман ішінде Албан. Лұқман Хакімнен тәлім алған. Мекені – Жетісу. Жылы – иіртек (ұлу). Өзі бойдақ. Өмір бойы шипагерлікпен айналысқан. Кемсөзді жан. – Әз Жәнібек хан: Жарайсың, алтынбасым Жиренше. Әз Жәнібек хан: (Өтейбойдаққа) – Адам пендесін Алла жаратқанда, неден құралмағы шарт болған? Өтейбойдақ: – Алдияр тақсыр, адам баласы Алла өзі жаратқан 6 несібелік, адал пендесі өзі теретін 6 нәсіптік ризықтан құралмаққа шарт. Әз Жәнібек хан: – Соңы немен тынбақ? Өтейбойдақ: – Жылап туылып, жырғап өсіп, ажалдан өшіп, елді еңіретіп, жерді күңірентіп жербесікке түспекке аттанбақ. Әз Жәнібек хан: – Ым-м. Сырқат деген не? Өтейбойдақ: – Адамзатына ғана Алла жазған 6 несібеге сан алуан сырқат себепкерлері жұғып, науқастандырып бүлдіру арқылы тұғырлық 6 несібе мен 6 несібелік ризықты дәнекерді бұзушы сырқат делінбек? Әз Жәнібек хан: – Сырқат қалай айықпақ, науқас қалай жазылмақ? Сырқат ішінде оңайшылықпен білінбейтін әрі жанға көп батпайтын бірақ айықпайтын сырқат қайсысы? Өтейбойдақ: – Әуелі сырқаттық сипат анықталмақ, соған сай шипа ем дарым заруаты дарымдалмақ. Дарымдалмағы табылса, айығымы алғысты болмақ. Шипа ем дарым заруатында һалал-һарамдық бөлініс жоқ. Олайы, Алла он сегіз мың ғаламды пенделік ризықққа жаратқаны рас. Науқасқа үйлесті күтінім шарты қажет. Бұлай болмағанда бейнетті көп тартпақ, алдашы ажал торымына жолықпақ. – Алдияр тақсыр, қандық уылмалық пенденің жанының бітістігі. Яғни, батымы аз болып көрінгенімен тұқым қуаламақ, әрді бұзбақ, ұрпақсыз қалдырмақ, ұрпағы болса да нақұрыстау болмақ, бұл еш емі жоқ айықпайтын дерт. Әз Жәнібек хан: – Ол қандай дерт, сырқаттар? Өтейбойдақ: – Қандық уылмалық, мерездік, құлғаналық миғұлалық аллалық шала жаралым болмақ. Емі, шипасы тек алдын ала сақтану ғана. Сақтандыру Алла жар тақсыр, сіздің қолыңыздан келмегі аллалық жазмыш. Әз Жәнібек хан: – Иә, одан қалай сақтанбақ шарты бар? Өтейбойдақ: – Ол оңай тақсыр, сіз тек көз мұрын шартын орындауыңыз уәжіп мұқтасары. Әз Жәнібек хан: – Ол шартта қайсылар болмақ? Өтейбойдақ: – Ауыз, яғни бірініші ретте, жат төсектілік, жаман нәпсіні, һарам ниетті тыю шарт. Егер бір адамның заңды некелі әйелінен туған ұлы өз әкесінің заңсыз әйелінен туған қызымен білместіктен үйлене қалса, қанның ірігіштігіне, шала жарымдылыққа әкеп соғады. Яғни, бала көтереді, өлі туады немесе түсік бола береді. Ақыры қызы да, ұлы да қандық уылмадан өліп өкінішке ұрынар. Бұны мен өз құлағыммен естіп, зарын айтқандарды көрдім. Орыны толар ма? Бірақ, Алла, сақтансаң, сақтаймын деген. Екінші, яғни көз ретте, жеті атаға жетпей рулар арасында қыз алысу қандық уылма дертіне шалдықтырады. Сондықтан жеті атадан аспайынша қыз алыспай құдаласпағаны шарт. Осы шартты қадағаласа, ұрпақ ақылды, зейінді, өнерлі, аңғарлы, көркем болмақ. Үшінші айтпағым, яғни көз, мұрын ретте қарашаларымыздың салтында өте-мөте бозбалалар қыз-келіншектерді беттен зорлықпен сүйетін әб қылықты тыю шарт. Олар мұрынға жел түсіргіш пұшық болу сырқатын тудырып, оны жұқтырып, науқасқа шалдықтырады. Қоса айтарым, сондай науқас пенделер ұсынған асты ішпеу шарт. Алла жар, хан тақсыр, ұлы даңқыңыз көкке көтеріліп, аспандай асуына қараша халқыңыздың амандығы үшін тақсыр, сіз өзіңізге Алла берген жеті қазына, 41 ырыстың иесі болғандығыңыздан қамқорлық жарлық түсіруіңізді ел көңіліне деген үмітпен ізгі тағзым жасаймын. Әз Жәнібек хан: – Жарайсың, жарайсың қараүзген шипагерім. Шипагерліктен қара үзіп шыққан Өтейбойдақ. Сыртыңнан бұрында көп естіп едім. Көзің тұр шоқша жайнап. Қандым. Ризамын. – Күллі Алаш ұранымның көркем болмағы үшін, ауыз, яғни біріншіден, жат төсектілік, жат ниет, бәт қылыққа бүгіннен бастап тыйым саламын. Әгәрәкім, кімде-кім күнәға батса, көзге ілінсе, жұрт алдында қара маңғазға артына қаратып мінгізіп, бетіне қалма жағып, масқаралап, өлімші еткіземін. – Көз, яғни екіншіден, жеті атаға толмай үйленгендерге екеуіне де өлім жазасы шарт. – Көз, мұрын яғни үшіншіден, жалпы сүйісу, жат қылыққа баруға бүгіннен бастап тыйым саламын. Жұқпалы науқас болған адам баласына тостағанның шетін тістетпеуі шарт. Жаза 50 қамшы, дүре. Қарсы болғандар жер үймекке көмілмек. Әз Жәнібек хан: – Жиренше, осылай деді, – деп шабармандар төрт тарапқа жар салсын. Жиренше: – Алла жар тақсыр, хан ием айтқаныңызды орындаймыз. Әз Жәнібек хан: – Жарайсың Қараүзген шипагерім Өтейбойдақ. Мен саған ақ ордадан оңаша орын беремін. Өңгер, білгеніңді титтей қалдырмай, жасырып жаппай, еш бүкпесіз толық және ашық жаз. Қазынада сақтаймын. Ұрпаққа мирас болсын. Сыйыңды алып, мәртебеңді иелейсің. Халқымның дені сау, көркем ұрпақ таратуына тер төк. («Шипагер баба» әнінің әуені жайлап ойнай бастайды). Өтейбойдақ: – Е, Алла көрген түсімнің аян екеніне шүбәм болмап еді. Тәубе, тәубе, міне, міне, шипагерлік баянымды армансыз жазып қалдыруыма мүмкіндік туды. Иншалла, иншалла. Ісімді бастадым. – Өтіп бара жатқан өмір-ай. Хан иемнің тапсырмасы бойынша «Шипагерлік баянымды» жазғаныма да жеті-сегіз жыл өтіпті-ау. Қуанышым қойныма сыймай барады. Еңбегімді саралап, даралап, қайта мәндеп, сәндеп бітірдім. Енді Алла бұйырса ертең хан иеме апарып көрсетуге Алла нәсіп ет! (Өтейбойдақ өте қуанышты еді. Шаршағанын ұмытып, жаны бір рахат тапқандай күйге енді де, күнделікті төсегіне жатып дем алуға ыңғайланғанды. Құлағына жағымды ән үні естілгендей. Бірақ, шипагер Өтейбойдақ өз ұйқысынан шошып оянды. Құлағына жағымсыз айғай-шу үні естілгендей. Ол өз құлағына өзі сенбеді. Аттан! Аттан! Аттан! Жау шапты! Жау шапты! Деген айғай бүкіл даланы басына көтерді. Аңыраған аналар мен жас сәбилердің зарлы жылауы, мал жануардың шуылдауы, аспан әлемі астаң-кестең болды да кетті. Шипагер баба бір сұмдықтың болғанын сезді. Ол да өз қамын жасап, бұл арадан аманында тез шығып, еліне кетуге әрекет етеді) . Өтейбойдақ: («Шипагер баба» әні орындала бастағанда). – Хан ордасында көп тұрақтай алмадым. Сол түні ғақбытылы хан Темір ойда жоқта ордаға басып кіріп Жәнібек ханды өлтірді. Мен жан сауғалап босқындармен бірге Ақордадан әрең қашып шықтым. Күн демей, түн демей жүріп отырып туған жерім Шалкөдемнің Айғайтасына жеттім-ау! Жеттім-ау! Әйтеуір жеттім-ау саған! Са-а-ға-а-н! – Қуанышым ерте болған екен. Тіссіз шопандай жасым қалды. Енді «Шипагерлік баянымды» кіндіктес інім Топайға аманатқа тапсырамын. Босқа зарлағанша түзейтінін түзеп, күзейтінін күзеп, жазғандарымды жөндей берейін. Ұрпақтардың игілігі ғой. «Үмітсіз сайтан», ажалым жетсе, кеміс қалар. Өткен іс өтті, өлер шақ таяды. О, жалған дүние-ай! – Менен ұрпақ қалмаса да, күндердің күнінде мені әлемге әйгілейтін «Шипагерлік баяным» артымда қалмақ. Бұл соңғылықтар қадірін біліп ұстана білсе, қанғысыз бұлақ, қадірін білмесе, отбасы аяқпен тозатын тулақ. Алла, жар бола гөр! – Ой дүние-ай. Іске аспады арманым қараң қалды, Шың басына шығарда арандалды. Өтейбойдақ қойыпты атымды әкем, Жаман ат, жаман ырым мазамды алды. Қалмады ұрпақ Өтейбойдақ аяңдалды, Мені өшірмес артымда шипалық баян қалды. – Ей жас ұрпақ сендерге аманат! Сендерге аманат! Аманат! Аман-а-а-а-т!... Сахналық көрініс соңы: «Шипагер баба» әнінің орындалуымен аяқталады. ШИПАГЕР БАБА Әні мен сөзі: Зядан Қожалымовтікі Орындаушы: Зәуре Сатыбалдиева Тәуелсіз ел еңсесі биік деген, Қазақ елі көрінуде биіктерден. Өтейбойдақ еңбегі дараланып, Қытай, қазақ ғылымы төрін берген. Қайырмасы: Данашпан атам, Ғұлама бабам. Ақылы асқан заманнан, Әр сөзі дана. Ілімі дара, Өшпейтін мұра қалдырған. Шежіресінде халқының жазылмаған, Тарихынан ғұламалар орын алған. Жаһангер асылдардың көшін бастап, Шипагар Өтейбойдақ дараланған. Қайырмасы Қазақтың шашты әзизі сөзі қалды, Шипалық баяндай көзі қалды. Жарты ғасыр жат елде жатса-дағы, Туған елге дүние-ай қайта оралды. Қайырмасы Ел білімі дәулеттің қайнар көзі, Бабаның іске асты арманы енді. Ұстанып қадіріне жете білсек, «Шипа баян» – ұрпағына ғылым енді. Қайырмасы
| ||
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 | ||