ғұмырнама
11
 
главная                                        вернуться

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15  16  17  18  19  20  21  22  23  24  25  26
 


 

IV ТАРАУ

 

Автор ТУРАЛЫ ЖАЗҒАН ЖЕКЕ АВТОРЛАРДЫҢ МАҚАЛАЛАРЫ

 

 

 

 

 

ЕҢБЕГІ ЕРЕН ЕМШІ

 

Ақынбеков Мейірбек 

Қазақтанның құрметті журналисті

 

фотоӘлімсақтан келе жатқан халық емшілігінің базбір кезеңдерде саясат салқынынан қағажу көріп, ел жадынан ұмытыла бастағаны да шындық. Ғарыштық қуат, көріпкелдік, болжампаздық, жұлдызнамалық, құмалақшылық, жауырыншылық қияли тірлікке баланып, ем түрінен мансұқталуға дейін жетті. Қағажу көрген бұл салалар қазір де толық мәніне ие емес. Ғасырлар бойы қолданылып келген халық емшілігінің әуезбен, балмен емдеу, мануальды терапия, фитотерапия, биоэнергетика сынды шипалық емдерді әлі жетілдіре түсуді қажет етеді.

Негізгі себеп, емшіліктің тарихи бастауы – халық емшілігін тереңдей зерттеудің кемшіндігі деп ойлаймын. Рас, бұл тақырып кейбір емші мамандардың, халықтық шипагерлердің тарапынан зерттеу, ұсыныс, ем ретінде баспасөз бетінде аракідік жарияланады. Бірақ, олар түбегейлі толғамды ем ретінде қолданылып, насихаттала бермейді.

Халық емшілігі жайлы көріпкел, болжампаз бабалардан, шипагер даналардан қалған жазбаша, ауызша тарихи деректер, мол мұралар бар. Олар өркениетті ел мұражайларында, ел есінде сақтаулы. Тек жетпей тұрғаны – соларды мейлінше жинақтап жүйелеу, мәні мен маңызын елге түсіндіру, емдік игілікке пайдалану. Бұл тақырыпқа түрен салып орамды ойларын, пісіп жетілген пікірлерін қалың қазағына мұра етіп қалдырған Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Ақжан Машани сынды, тағы басқа да тұлғаларымыздың қадау-қадау жазбалары бар. Оларда Қойлыбай бақсы, Абылай ханның жұлдызшысы Байыс, Мөңке би, Бекет әулие, Бұқар жырау сынды, өзге де халыққа аты кең жайылған қыдыр дарып, бақ қонған көріпкелдер мен данагөйлердің өрнекті өсиеттері мен сөздері, істері сөз етіледі. Қазақ ауыз әдебиетіндегі кейіпкерлер тарапынан айтылған болжампаздық, көріпкелдік, жұлдызнамалық, құмалақшылық тағы басқа да қасиетті емдік бастаулар қаншама. Шығыс медицинасынаң аталары саналатын екінші Аристотель атанған жерлесіміз Әбу Нәсір әл-Фараби, Бұқара, Самарқанд, Хорезм тағы басқа шаһарларда атақ-даңқы жер жарған ибн Сина, туған жеріміздің төл перзенті Өтейбойдақ Тілеуқабылұлын, XV ғасырда өмір сүрген француздың жұлдызшы сәуегейі Нострадаумсты, болгарлық Ванга әжейді халық емшілігі жолындағы көріпкелдер, болжампаздар, керемет иесі деуге болмай ма?!

Иә, қиын кезеңдерді басынан өткізген халық емшілігі жайлы, тарих қойнауына сіңген атақтары аңызға айналған емшілер жайлы мысалдарды ұзақ жыр-сонар етіп айтуға болады. Ендігі мәселеміз – бедерлі тарихы мен қасиетті емі бар дәстүрлі халық медицинасын жандандыра түсу. Оның оңтайлы жолдарын қарастыру мен жетілдіру. Осы мәселенің қанат жаюына билік пен медицина саласындағы басшылардың, көпшіліктің мейлінше назарын аудару.

Сөз реті келген соң өткен ғасырдың 90-жылдарының басында Қазақстан халық емшілерінің ассоцациясын құрған, қазір сол құрылымның президенті, халық медицинасы жайлы жазған 10 кітаптың авторы Зядан қажы Қожалымовты айрықша сөз ету жөн сияқты.

Алла, дін жолы, Құран Кәрім, емшілік туралы жазылған әр кездегі Батыс, Шығыс әдебиеттерін терең зерттеп, өз дүниетанымын биік қалыптастырған ғылымгер азамат қазақи халық медицинасының кенжелеп қалғанын аңғарады. Оны көтерудің сара жолдарын іздестіреді. Көне жазбалардан, мұражайлардан, ел аузынан, білікті ғалымдар мен ғұламалар шығармашылықтарынан деректер жинайды. Оларды салыстырмалы тәжиірбелік әдістермен зерттеуі нәтижесінде көптеген құнды қорытындылар, түйіндер жасайды. Мысалы, оташылық пен құмалақшылықтың тұқым қуалайтын құпиялы қасиет екенін, тамыршылықтың тұқым қуалап, әрі оқып-үйренетін ілім екенін, көріпкелдік пен телепатияның бір-біріне тәуелділігін айғақтайды. Көріпкелдік, болжампаздық, жұлдызнамалық, жауырыншылық, әуез терапиясы, балмен емдеу, мануальды терапия, биоэнергетикалық, фитотерапиялық емдер жайлы да жүйелі түйіндердің жүлгелерін айшықтай түседі.

Ауруды берген Алла оның емін де берген. Тек жөнін, жолын таба білу керек. Осы қағиданы бағдар тұтқан Зядан қажы Қожалымов ғылыми медицинамен салыстыра отырып, халық емшілігін зерттеуге, елімізде оның емшілік құрылымын жасақтауға айрықша ізгі ниетпен кіріседі.

Халық шипагерлігі халықтың қанымен аралас, ұрпақтан-ұрпаққа берілетін тектік қасиет, қазақ халқының шипагерлік ілімін дамытуда XV ғасырда өмір сүрген Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының да орны бөлек. «Менен  ұрпақ қалмаса да, күндердің күнінде мені әлемге әйгілейтін «Шипагерлік баяным» артымда қалмақ» деп өсиет ретінде қалдырған бес мың беттік қолжазбасында ол дала тәжірибесі арқылы көптеген емдердің түсін түстеген. 1108 түрлі дәрі-дәрмек түрін, 858 түрлі дәрілік өсімдік пен базбір жан-жануарлар мүшелерінің емдік қасиеттерін анықтаған. 1050 түрлі шипа ем атын, 4577 шипалық дәрілік рецепт әзірлеген. Адамның сыртқы және ішкі ағзаларының анатомиялық тұлғалық атауын жазып қалдырған.

97 жыл ғұмыр кешіп, 1485 жылы дүние салған, әз-Жәнібек хан тарапынан «Қараүзген шипагер» атанған Өтейбойдақ Тілекқабылұлының ізденісті еңбегі терең білімді Зядан қажыға айрықша шабыт бергені даусыз. Халық емшілігінің тынысын ашып, өшкенін жағып, ел игілігіне ұсынуды мақұл көруі – қалың көпшілік тарапынан асқан алғыс сезімімен қолдау табуда. Арғы жылы Шымкент, ал былтыр Түркістан қалаларында өткен форумға 500-ден астам халық емшілері қатысты. Тәжірибе алмасты, ой-пікір бөлісті. Ел ішіндегі дуалы ауыз емшілерді іздестіру, оларды біліктілігіне қарай санатқа бөлу, марапаттап отыру, білімін жетілдіру, тәжірибелерін кітапша етіп насихаттау сияқты іргелі істер де қолға алынған. Бұл қадамдарға жұмсалар қаржы көздерін табу жайы да қарастырылған. «Қазақстан халық емшілері қауымдастығының» өсіп-өркендеу жолдарының түбегейлі даму жоба-жоспарын жасап, бірнеше жүздеп саналатын халық емшілері сарбаздарын бір ұяға ұйымдастырып, терең де мәнді тәрбиеге бағыт беріп отырған Зядан қажы Қожалымовқа, оның көмекші әріптестеріне, халық емшілеріне ел, қоғам тарапынан жемісті жетістіктер тілеу жөн. Бұл бірліктің және түсіністіктің нәтижесіне баланары даусыз. Болашағы бар деп есептелетін халық емшілігі қолдаушысы нәтижесінде өркениетті болмақ.

Қазақстан халық емшілері ассоциациясы тарапынан ұйымдастырылып, үстіміздегі жылдың 24-26 шілдесі аралығында Тараз қаласында өтетін «Қазақтың ғалым-шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы (XV ғ.)» атты VI-халықаралық конгресінде де ұлтымыздың мақтанышына айналған төл перзентіміздің іргелі ізденістері мен оның қазіргі кезеңге дейін жеткен жемісті арналы ағыстары, болашағы жан-жақты сөз болары даусыз.

«Егемен Қазақстан» газеті, 14.07.2009

 

 

 

Адалдықтың ақ жолынан айнымаған

 

Әбназаров Үмбет

Қазақстан Журналистер одағының

мүшесі,  Қазақ радиосының және

Желтоқсан көтерілісінің ардагері

 

фотоБағзы заманнан бері небір отаршылдар – қазақтың ұлттық мұралары мен дәстүрлік өнер мұраларын тарих бетінен алып тастағанына тарихымыз куә. Сол бір тар жол, тайғақ кешудің сеңін тазартып, қазақ халқын қиын өткелдерден алып шыққан  жанартаудай атылған жастардың Желтоқсандағы (1986) екпіні елдігіміздің намыс туын жоғары көтеріп, биіктен желбіретті.

Бұл еліміздің тәуелсіздікке жетудің алғашқы қадамы екені айдан анық. Бұдан әрі тар заманда құрып кетудің аз-ақ алдында қалған әдет-ғұрып, салт-сананы, сондай-ақ медицинаның ежелгі өзегі болатын халық емшілігін де дамыту кезек күттірмес міндеттер еді. Рас, осының ішіндегі адам денсаулығын жақсартуға арналған көне киелі тектік қасиет халық емшілігін дамытуда оның алғашқы қауымдастығын құруға ұйымдастыру комитетін де құрған сол кезде-ақ атағы естіле және таныла бастаған халық емшісі Зиядан Қожалымов болатын. Зиядан халық емшілігі деген қастерлі әрі өзіне етене жақын мамандықтың тереңіне бой ұрудың алғашқы шарты қазақ халқының шипагерлік тарихы мен оның гуманитарлық ғылымдар бойынша ғылыми негізін ашу деп білді. Міне, ақыры осындай жан-жақтылықпен талмай атқарылған жұмыс емшілер қауымдастығының құрылып, шаңырақ көтеруіне қол жеткізді. Бұған 1991 жылдың желтоқсан айы Қазақстан халық емшілері қауымдастығының құрылған күні болып тарихта жазылып қалуы еш талассыз дәләл бола алады. Онда сонымен бірге қауымдастықтың Жарғысы мен Ережесі қабылданды. Бұдан былай әр облыста қауымдастықтың филиалдары құрыла бастады. Сол бір мезетте қауымдастықтың президенті болып, оны ұйымдастырып құру жолында зор еңбек сіңірген білгір де, білікті маман, бірнеше елдегі халық емшілері қауымдастығының толық мүшесі, халықаралық дәрежедегі парапсихолог Зиядан Қожалымов бірауыздан сайланды.

Бүгінде осы мақсаттық іс-жоспарларын Зиядан қажы толық орындап шықты деуге болады.

Ол ең әуелі осы саланың дана даңғылы – Жетісу өлкесінің абызы, көптеген елдің ғалымдары мойындаған дала ойшылы, ғұлама ғалым, талайды тамсандырған озық шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының (1388-1485) «Шипагерлік баян» атты кітабынан өлшеусіз тағылым алды. Көп жылғы зерттеу жұмысы да оң нәтижесін берді. Ол осы өзіне етене емшілік жолды таңдағанда халқымыздың ілгеріден қалыптасқан шипагерлік құпиясын бойына терең сіңіріп, киелі тектік қасиетті темірқазықтай бағыт-бағдар етіп ұстанды. Зиядан Қожалымов көкірегінен ұшып, қанат қаққан бұл пайыммен орта жолда тоқырап тоқтап қалған жоқ. Ол он ойланып, жүз толғанып, мынадай ойдың бағы мен бақшасына су жүгіртті. Қарап тұрса, қаншама адам ауру сырқаулы күйде жүр, оның бержағында тәуелсіз елдің түпқазығы саналатын жас өскіндер ше? Олардың арасында да дімкәстер көп. Ал қалың көпшілікке танымал емшілер көлге тамған тамшыдай ғана. Сонда не істеу керек? Осылай ойлауы мұң екен, бұған ілесе қаптаған сауалдар легі бірінен соң бірі жамырап кеп берсін. Көпір сұраққа тарыдай тамшылаған жауаптың ешқайсысы шақ келер емес. Ақыры көп сауалға түйін болар бір сарабдал жолдың сұлбасы айқындалғандай боолды.

«Ел іші – өнер кеніші» – демекші, халық арасында көрген көз, сезімтал саусақ арқылы небір сырқат түрін жазбай танитын емшілер баршылық еді. Бұрын «бәлен жерден мынадай емші балгер, бақсы, тамыршы бар» екен десе біреулер «әй, соны қойшы, оныкі бір далбаса бірдеңеге ұқсайды, менің бір танысым солардың біреуіне барған екен, қанеки, ешқандай пайда жоқ, айлап жатып емделген сырқат әлі күнге дейін жадап-жүдеп көтеріле алмай жүр» деп жалғыз мысалмен барлық емшілерді ештеңеге жаратпай жусатып салады. Әрине,  мұндай теріс түсінік, жалған жала, парықсыз пиғылдың өрісі тар еді.

Зиядан бұлардың бопса сөзінің бірін де құлаққа ілген жоқ. Желдей ескен өсектің лаулаған өртін өшіру үшін білек сыбына әрекетке көшті ол. Ең алдымен ғылыми негізде көп ізденіп, оң нәтижеге жеткен, көп оқып, терең түсінген ғалымдармен көп кеңесті. Солармен бірлесіп, халық емшілігінің ғылыми жақтарын зерттеді. Жер жердегі діни сауаттылығы жоғары, жаратушысы еткен көріпкелдік, тамыр ұстау, биоқуат өрісін, уқалау әдісін білетін, қысқасы халықты ем-дом саласында мол білімі мен тәжірибесі бар шынайы біліктілерді ерінбей іздеп тауып топтастырды. Еңбегі еш кеткен жоқ. Кең байтақ республикамыздың түкпір-түкпірінен жиналған ерікті емшілер адамдарға шапағатын тигізіп, Алла алдындағы парызын адал атқаруға ант берді. Осынау игі де шарапаты өлшеусіз істі жүзеге асыруға халық емшілігінің жанашырлары үлкен жүректі әріптестері де атсалысты, әрине. Өйтпейінше ауқымы кең игілікке жету бірді-екілі адаммен тіпті мүмкін болмас та еді ғой.

Сөйтіп, ол ұшқыннан жалын лаулап, өз мамандығына құлай берілген білгірлерден халықтық медицинасының үлкен армиясын жасақтады.

Алайда, бір айта кетер жай, қай заманда да дамудың сара жолына кедергі келтіруге әрекеттеніп бағатындар, сыңар езуленіп, прогрестік іске кеселін тигізу үшін небір айла шарғы қолдануға тырысатындар болған. Олар халыққа еш пайдасы жоқ ұсақ-түйекпен айналысып, ілгері басатын қадамға тұсау салуды ұнатады. Сөйтсек мұның астарында ел игілігі жолында шарқ ұрып жүргендерді көре алмаушылық арам пиғыл жатады екен. Бұл керенау кертартпалардың тағы бір жымысқы әрекеті – ел арасына іріткі салу. Олардың әңгімесінің басы әдетте «ойбай оны қайтесіңдер емделіп, бекер ауруға ауру жамап аласыңдар, онан да тып-тыныш жүргендерің тиімді» деуден басталады. Біздікі заңды, Қожалымовтың қызметі мен ұйымы заңсыз деді. Бүгінде «заңдымын» дегендер өзін-өзі аттарын түп тамырымен тарихтан құртып бітсе, ал Қожалымов құрған қауымдастық пен оның жақсылығы мен жетістігі жағын интернет арқылы өз еліміз бен қатар шет елдерде біле бастады.

«Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді». Міне, халық мақалынан көрініп тұрғандай, ел арасында ауа жайылған дені дұрыс емес қаңқу сөз бен теріс пікір қалыптастырғандар  көбейді. Осынының салдарынан халық емшілерінің басын қосу, сөйтіп бір қоғамға біріқтіру қайта-қайта кедергілерге тіреле берді.

Тағы да талмай іздену басталды. Халыққа кеңінен түсінік жұмыстарын жүргізу үшін газет-журналдардың көмегіне сүйенді Зиядан. Талай-талай мақалалар жазып, баспасөз беттеріне беріп отырды ол. Әсіресе, оның және халық медицинасын жақсы меңгерген білікті мамандардың әртүрлі жанрдағы еңбектері «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Алматы ақшамы», «Жетісу» және басқа да мерзімдік басылымдарда үзбей жарық көрді. Бұл жолда авторларға көмектесіп қолдаған журналистер Нұрмамбет Қизатұлының, Әнуар Тарақтың, марқұм Бақыт Досымовтың, марқұм Сихымбаев Қуаныштың және Толымбек Әбдірәйімұлының, т.б. есімдерін құрметпен атауға болады.

Осыларға қоса арқа сүйер ақылшы арна – Қазақ радиосы мен телевизиясы болды.

– Шынында да Қазақ радиосы мен телевизиясы миллиондар трибунасы екеніне айқын көз жеткіздік сол кезде, – дейді З. Қожалымов бір әңгімесінде. Емшілердің және жалпы радио тыңдаушылардың таным, сеніміне әсер етіп, ойларына қозғау салды.

Шапағатты шараға бар ынта-жігерімен ұйытқы болған радио-теле журналистер Төлеу қажы Қосан, Әшірхан қажы Телғозы, Бақыт Досымов (марқұм), Ажар Әбекқызы, Ұлбосын Айтөленова, Несіпкүл Шәметова, Құдайберген Қазбеков(марқұм) халық алғысына ие болғандар.

Көп болып көтерген жүк жеңіл. Талай жыл бойы шығармашылық жолында көз майларын тауысқан баспасөз және телерадио журналистері қауымның қаумалауымен біз денсаулық, шипагерлік жөнінде «Халық емі – халқымның құдіреті», «Дертке дауа – жанға шипа» т.б. толып жатқан әртүрлі циклдар өзегімен әрқилы жанрда жүздеген әңгіме-сұхбаттары З. Қожалымовтың тікелей қатысуымен жарық көрді және әуе толқынына таралды.

Жылдар жылжып өте берді. Қауымдастықтың қабырғасы қатайып, буыны әбден беки бастады. Олай дейтініміз кешегі бала бүркіт он жыл көлемінде қыранның алысты болжағыш өткір көзіндей жанарымен дүбірлі дүниені шолып, халық игілігіне қалтқысыз қызмет етудің үрдісін көрсетуге үлкен бетбұрыс жасады.

«Жігітке жеті өнер де аз» деген мақал ұлағаттықпен айтылған ба дерсін. Халық денсаулығын қорғау қамында жарғақ құлағы жастыққа тимей тер төккен алып кеменің бас тізгіншісі Зиядан Қожалымовтың өрісті өнері осы қорытындының пернесін дөп басқандай. Оған құлағында ойнау шеберлігі бұйырмаған. Ал Зияданның бойында халық медицинасының тылсым құпиялары туралы ғылыми танымдық және тәрбиелік  еңбектер жазумен қатар ән айту, өлең жазу, сазгерлік өнерлері қатар өрілген. Оның сыртында суырып салма және айтыскер ақындығы тағы бар. Осындай көңіл төрінен орын алатын сан қырлы қасиеттер басқалардан гөрі тез байқағыш журналистер назарынан тыс қалып көрген бе, тәйірі.

Бірде біз жолымыз болып, белгілі термеші, айтыстың да дәмін аз татпаған өрен жүйрік ақын Аяз Бетбаевпен кездесудің сәті түсіп, бас қоса қалғанымыз бар. Қос ақын көптен бері көріспей сағынысып қалған ба сыралғы әдеттерімен қалжың сөзбен кішкене шымшыласып алды да артынша домбыраның бұрауына жармасты. Бұрау күйін тез келтірген Аяз қос ішекті жебей сауып, алдымен түйдек, түйдек терменің тиегін ағыта келе, қыза-қыза соңғы жағын айтысқа қарай бұрды. Шіркін, домбыраның бебеу қаққан үні-ай десеңші?! Құлаққа жағымды дауыс, адамның табиғатын баурап алған сөз саптауларымен қосылып бойды шымырлатады-ай келіп. Аяз егемендіктің елге жайлы жағын біраз қамтып, әңгіме ауаның денсаулық сақтаудағы ауыл ахуалына қарай бұрды. Өз кезегінде екпіні қатты ақынның сыр суыртпақтаған әніне тосылып қалмаған Зиядан да кең арналы өзендей ағыла жөнелді. Берген жауаптары орнықты, сабырлы қалыппен орайлы істің жай-күйін рет-ретімен баяндап жатты. Екеуі де сөз шеберліктерінің деңгейлес, ой түйсіктерінің қатарлас екенін паш етіп, нағыз баптарында екенін көрсетті. Қатарласа шапқан өнерлілердің бізді рахатқа батырғаны сонша, тіпті өзге дүниені ұмытқандаймыз және қанша уақыт өткенін байқамай да қалыппыз...

Мен сонау өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында Алматы қалалық радиосында қызметте болғанда алғаш танысқан Зияданмен ара қатынасымыз Казақ радиосында жалғасын тапқанды. Содан бері ширек ғасырға жуық уақыт болыпты. Бүгінде Зиядан Қожалымов танымал мәдениеттанушы ғалым, журналист, академик және ірі танымал басшыға айналғанына өзіміз куәміз. Сөзімді қорыта келе, тобықтай түйін ретінде сығымдай келтірсек, әңгімеміздің бір тұсында айтып өткеніміздей, қауымдастыққа зиян келтіруге тырысқан қаскүнемдердің бейшаралығы еш кешірілмес күнә. Өйткені,  олардың көздеген мақсаты біреу, ол мансап қуып, билік төбесіне көтерілу. Мұндайларды Ұлы Абай айтқандай «Бас басына би болған өңкей қиқым» демеске амалымыз жоқ.

Иә, «Ит үреді, керуен көшеді» демей ме, халқымыз. Олар қанша улап-шулағанымен әділ дүниені уақыт өз орнына қойды. Ал Зиядан Қожалымов басқарған қауымдастық өзінің тарлан шабысынан таймай, ғылымның қия жолында алға жүйткіп келеді.

Зәкеңнің алдағы мерей тойы құтты болсын, Жаратушым қуат берсін демекпіз.

«Шипагерлік баян» газеті, №5, 2014

 

 

 

Қауымдастықтың қажымас қамқоры

 

Әнуар Тарақов

Филология ғылымдарының

докторы, ҚазҰУ профессоры

Алматы қаласы

 

фотоҚұрылғанына 23 жыл толған «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті, халық емшілігін зерттеуші ғалым, парапсихолог, қажы Зиядан Қожалымов жетпістің белесіне беттеді.

Жариялық жылдарынан кейін,  демократия қоғамдық өмірімізге тереңдей енді. Ғылымның әр саласында жаңа уақытқа сай ізденістер басталды. Ұзақ жылдар коммунистік партия саясатының дінге қатал қысымымен халықтың бай дәстүр-салты, әдет-ғұрпының беймәлім қырлары ұрпаққа таныстырылмай келді. Біртіндеп экстрасенс, парапсихолог, көріпкелдер халық медицинасы мен ежелден келе жатқан дәстүрлі емдеу тәсілдерін білетін шипагерлер ел ішінде бой көрсетті. Бірінен-бірі емдеу тәсілдерімен, түрлерімен бәсекелесуі күшейіп, осыны пайдаланып, ел арасында жалған «емшісымақтар», «сәуегейлер», «табиғатпен тікелей тілдескіштер» егіске шыққан шытырдай қаптаған кезде Зиядан аға жан жары Түймегүл жеңгей және аяулы қызы Гүлзат өздерін қолдаушы топпен бірге олармен тікелей күресті .

1944 жылдың 1 шілдесінде Хан Тәңірінің Текес өңірінде дүниеге келген Зиядан екі жасында әкесінен айырылды. Анасының аялы алақанымен тағдыр ауырпалығына мойымай, арман-мақсатына ұмтылды. Нарынқол орта мектебін үздік бітіріп, 1964 жылы Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсті. Инженер-электрик мамандығын меңгерді. Қасиетті Түркістанда туған жоғарғы білімді дәрігер Түймегүл Құлмақанқызымен отау құрды. Нарынқол ауданы шаруашылықтарында бас маман, аудандық «Электржүйесі» мен «Сельхозэнерго» мекемелерінде басшылық қызметте болды. Кейін Алматыға ауысып, мамандығы бойынша жауапты қызметтерді атқарды.

Өзінің Құдай бойына берген қабілет-қасиеттерін дәлелдеу мақсатында Мәскеуде емшілік мектебінен тәжірибе жинады. Онда халықтық емшілігіміздің сан ғасырлық қыр-сырларымен таныстырды, түрлі емдеу тәсілдерін көрсетті. Бұл жайында «Өмірімнің тағдыры» атты кітабында кеңінен жазылды. Елді дүрліктірген, ешқандай білімі жоқ, дүмбілез емші атаулыдан арылту үшін орталық құруды ойластырды. 1991 жылы «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» республикалық қоғамын құрып, оны басқаруды қолға алды. Ширек ғасырға жуық мерзімде қауымдастықтың жеткен жетістіктері де, иеленген атақ-дәрежелері де бір шоғыр. Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті, парапсихолог, мәдениеттанушы және өтебойдақтанушы ғалым, ақын, сазгер Қазақстан Журналистер және психологтар одағының мүшесі З. Қожалымов, халықаралық дәстүрлі халық медицинасы  орталықтары мен академиясында өзін таныта білді. Бұдан бөлек «Жас-Ай» Шығыс-тибет журналының ред. алқа мүшесі, «Шипагерлік баян» газетінің бас редакторы, «III мыңжылдықтың үздік емшісі» 23 кітап пен 30-дан аса әннің сөзі мен сазының авторы. Алматы облысы Райымбек ауданының құрметті азаматы. Қауымдастықтың ширек ғасыр уақытта жасаған қызметі әр алуан әрі ауқымды. Өз құрамын дәстүрлі емшілік, шипагерлік қабілетімен халыққа танылған адамдармен толықтырды. Алматы мен Астанадан басқа, әр облыста бірлестік филиалдарын ашып, олардың жұмысын үйлестіріп отырды. Қазақ және орыс тілінде «Шипагерлік баян» атты газет шығарды. Халық медицинасы және емшілік дәстүрлері, имандылық, діни ілімдер, табиғаттың түрлі құпиялары, өсімдіктер дүниесінің емдік қасиеттері, әлемдегі шипагерлік тәсілдер және ұлттық тәрбие, әдеп мәселелері, денсаулықты күту жайлы қаншама қызықты дүниелер жазылды.

Адалдығым, ол менің адалдығым,

Бойымда дарын да бар, сана, білім

Жүрегім ақ, жаным да таза менің,

Халқымның пір тұтамын даналығын – деп «Адалдық» атты ән сөзінде айтылғандай, өз өмірінде осынау тұжырымды берік ұстанды. Емшілікте де, қауымдастықтың жұмысында да жеке басының мүддесінен гөрі, оның елге тигізер пайдасын, ықпалын ойлады. Бірлесіп өткізген халықаралық форумдар, жиындар мен шараларда қазақ емшілігінің ғасырлық дәстүрінде дамып келе жатқандығын дәлелдеді. Қауымдастық емшілерінің Құдай берген қасиет-қабілеттерін танытып, өзара тәжірибелер алмасуына ұжым басшысы ретінде ұйытқы болды. Мұны облыстардағы, Астана мен Алматыдағы емшілердің газеттерге, телерадиоға берген сұхбаттарынан, «Шипагерлік баян» газетіндегі жылы лебіздерінен көз жеткіземіз. Мәселен, педагогика ғылымының кандидаты, профессор Құрбанқожа Сансызбай «Қазақ ғалымдары арасында ғалым, шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы еңбегін тұңғыш зерттеп, тыңнан жол салған зерттеуші» десе, қауымдастықтың Ақтөбе облысы филиалының директоры Қализа қажы Құттыбаева «Қазақ халық емшілігінің ғылыми әрі тәжірибелік негізін қалап ғана қоймай, ұлттық шипагерлік ілімін, мәдениетін, әдіс-тәсілдерін ғылыми-танымдық деңгейге көтерді» деп бағалады. Қостанай облыстық филиалының директоры Бақыткүл Нысамбаева «Ол өте дарынды, жан-жақты қабілетті адам» деп емшілік қасиеттерін атап өтеді. Мұндай ықыласты тілектер әр алуан.

Ақындықпен қоса ән шығару, Зиядан ағаға берген Құдайдың қабілеті әрі бақыты. Ол мұны емшілік қасиетінің өнермен сабақтастығы деп біледі. Мәселен, сүйікті жары Түймекүл жеңгемізге арналған «Ақ гүлім» қазақ ән өнеріне қосылған әдемі туындылардың бірі. Мұны дарынды әнші марқұм Қ. Ысқақова алғаш орындап, көпшілікке таратты.

Өлеңді жазайын деп жазғаным жоқ

Көкейде ізгілікпен маздар тілек

Айтамын бар сырымды осы өлеңмен,

Құдайым мұны берді, арманым жоқ, – деп жыр жазу себебін осылай түсіндіреді.

Зиядан ағаның алғашқы кітабы «Көк тәңірі жүр жебеп» әндер, өлеңдер кітабынан басталды. Содан бері 14 жылдан бергі жазған кітабының саны – 23. Бір жылға бір-екі кітаптан келеді. Еңбекқорлық демей көр мұны.

Ақындықты сазгерлікпен ұштастырған З. Қожалымовтың өлең кітаптары, әндері жөнінде белгілі мамандар пікірлері де аз емес. Танымал сазгер Темір Тайбеков: «Жақсы жыр мен әдемі ән ешқашанда өшпейді, өміршең келеді. Зияданның туындыларында да сондай сипат бар. Олар өзінің сонылығы, әуенділігі, мәнділігімен ел арасына ене берері сөзсіз. Әуелгіде ол қарапайым әндермен ерекшеленсе, бүгіндері термелер мен толғауларға бақ сынап, бапты дүнеилер тудыруда. Әдетте, мұндай шығармалар жазу сазгермін деген әркімнің қолынан келе бермейді. Өйткені бұл күрделі жанр саналады», – деп әндерін лайықты бағалады. Әрине, әннен алған әсерден туындаған мұндай жылы пікірлерді басқа да ақындар, композиторлар  білдірді.

З. Қожалымовтың аталған әндері «Қазақ радиосында», «Шалқар» радиосында шырқалып жүр. «Шипагер баба», «Сағымдай болып», «Өмірім» әндерін тамылжыта орындаған алматылық әнші Диана Шик өнер сапарында Англия, Франция, Жапония т.б. елдерде жүргенде тыңдаушылардың құрметіне бөленгенін айтса,  әннің ағзаға емдік шипалығы жайында зерттеуші А. Бодров айрықша атап көрсетті.

Жылқы жылында қауымдастық үлкен қуанышқа бөленді. «Қазақстан халық емшілері қауымдастығының» РҚБ 2012-2013 жылдардағы қызметіндегі ерекше табыстары үшін Мемлекеттік статистиканың ресми деректері негізінде Ұлттық бизнес-рейтингінің, Ғылыми-ақпараттық статистикалық зерттеулер орталығы мен Ұлттық бизнес-рейтингтер одағының (Ресей, Украина, Қазақстан, Беларусь) «Сала көшбасшысы-2013» атанды және «Қазақстан көшбасшысы-2013» Ұлттық сертификатымен және алтын медалымен марапатталды. Қауымдастық президенті Зиядан Қожалымовтың көп жылғы еңбегі ұлттық бизнес-рейтингінің «Қазақстан даңқы» орденімен атап өтілді.

Адамдарға ойламаймын жамандық,

Кімді өмірде көгертеді арамдық.

Кішпейілдік халқымызға жарасқан,

Тілейтінім – имандылық, адалдық – деп бір жырында өмірлік мұратын, ұстанымын білдіріпті. Ол осы тұжырымында тұра білді. Әр облыстан және түрлі ұлттан құралған емшілер қауымдастығының ынтымақты да ықыласты жұмыс жасауына дұрыс бағыт-бағдар берді. Әлдебір мәселелер болса, ортақ ақылға салып, көпшілікпен бірге талқылады. Имандылықтың ізгі жолын үзбей насихаттап жүрген Зиядан қажы Қожалымов радио мен теледидардың да жиі қонағы.

Халықты рухани қолдап отырған қауымдастық басшысы міне 70-тің биігіне абыроймен келіп жетті. Олай болса, жетпіс жасыңыз құтты болсын, қауымдастық жаңа жетістікке жете берсін, отбасыңыз аман-есен болып, немере-шөберелеріңіздің бақыты мен қуанышына бөлене беріңіз дейміз ізгі тілекпен.

«Шипагерлік баян» газеті, №7, 2014

 

 

 

Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының заң

ғылымындағы алатын орнын зерттеуші ғалым

 

Әділбеков Әбдіберік

Заңгер,

Қапшағай қаласы

 

фото «Халық емшілігі – халықтың қанымен аралас, атадан балаға берілетін тектік қасиет. Өтейбойдақ баба емшілік өнерін өз халқының ортасынан жинады. Сондықтан да болар бабаға туып-өскен халқы ұстаз болды. Құран аяттарының құпиясы сияқты бабаның еңбегінің яғни, «Шипагерлік баянның» өзіндік құпиясы, кілті, шешімі, әр атаудың жеке белгілі талғамдық түрі, тіпті алғашқыда «Шипагерлік құлып» деп атаған екен. Өтейбойдақ  баба «Шипагерлік баян» атты кітабын дін, медицина, астрология, философия, т.б. ғылымдарды пайдалана отырып, Құран сүрелерінің қасиетіне бас иіп, мойындай отырып жазған.

«Шипагерлік баян» еңбегін Өтейбойдақ баба өзін сынаған ақылды хан Әз Жәнібектің жарлығымен ұрпағының тұқым тазалығына үлкен мән беріп, жеті атаға толған соң қыз алысуды, сүйісудің әр түрлі (беттен, ауыздан, т.б.) әдісіне тыйым салуды, отбасын бұзатын жат қылықтарға қатал шара қолдануды, қоршаған орта мен өз мекенін таза ұстамағандарды жазалау секілді т.б. имандылық пен әдептілік шарттарына байланысты жарлық шығартады. Бұл алғашқы Ұлыстың, Қазақ мемлекетінің тұңғыш Жеті жарғысының негізі екенін енді біліп отырмыз (43-бет). Оның негізгі авторы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы екенін тарихшыларымыз енді мойындап отыр, ал «Жеті жарғы» Тәуке хан кезінде (1713ж.) қабылданды, оның негізгі авторы Мүсірәлі қожа деген жасанды тұжырымды енді екі жарым ғасыр алға жылжытсақ, қазақ тарихы биіктемесе аласармасы хақ» – дейді өзінің «Киелі шаңырақ» атты еңбегінде Өтейбойдақтанушы ғалым, шипагер З.Қожалымов.

«Жеті жарғы» яғни, дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдар жинағы, қазақ халқының өмірлік мәселелерін барлық жағынан толық қамтуына байланысты оның көптеген жол-жобалары мен қағидалары 20-ғасырдың басына дейін қолданылып келген тарихи  құжат. Осы тарихи құжаттың негізін салушылардың бірі Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы екенін З.Қожалымовтың еңбектері арқылы біліп отырмыз.

З.Қожалымовқа да емшілік қасиет Өтейбойдақ бабасы сияқты тектік жолмен дарыған, әрі бір топырақтан жаралуы да кездейсоқтық емес шығар. Жаратушы Иеміздің қолдауымен әрі өзінің қажыр-қайратымен, ұлтқа тән  қайсар мінезімен, табанды еңбегімен бүгінде биік дәрежеге жетті. Дүние жүзіне танымал ұлт азаматы болды. Халық медицинасындағы еңбектерінің құндылығы мен ерекшеліктері жайлы бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Бұл саладағы ол кісінің халқына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ал, сонау тарихтың қойнауында қалған XV ғасырдағы «Шипагерлік баянды» халқымызға танытуда атқарған жұмыстары баға жетпес құндылық.

Зерттеуші ғалымның еңбектерінде адамгершілік, рухани сауықтыру, мәдениеттілік пен имандылық және діни танымдық көзқарастар тек ғана ұлттық философиялық және психологиялық таныммен өзінің оқырманының ризалығына бөленуде. Ғалым шипагер З.Қожалымов қазақ ғылымына тыңнан жол салды, халық медицинасының біздің дәуірімізге дейінгі және бүгінге дейінгі тарихының өркендеуіне ғылыми негізде үлесін қосқан тұңғыш қазақ ғалымы. Көріпкелдік, болжампаздық, телепатиялық, жұлдызнамалық, т.б. тылсым күштердің құпиясын осы заманғы ғылым әлі анықтай алмай жатқанда, парапсихолог ғалым бұл саланың анықтамаларын ғылыми негізде жеке монографиялық еңбектерімен қазақ энциклопедиясына шығарды.

Бұл жөнінде З.Қожалымовтың «Шипагерлік дәстүрі және философиясы» атты еңбегіне филология ғылымдарының докторы, профессор Абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов өз пікірінде: «... бұл еңбекті Зядан жайдан-жай жазбаған. Осындай ғылыми еңбекті жазуда автор ғарыштық байланыстық жүйені де және осы заманғы  ғылыми жүйенің талдамаларын да пайдаланып, өзінің ғылыми тұжырымдамаларын ұлттық философиялық талдауда нақты түсіндіре білген. Қысқасы, З.Қожалымовтың бұл еңбегі Орта Азияда алғаш жазылған әл-Фарабидің  «Медициналық трактатынан» кейінгі екінші еңбек, ал қазақ елі тарихындағы халық медицинасы саласындағы зерттелген тұңғыш бірінші еңбек екендігін мойындағанымыз жөн», – деуі  шипагер ғалымның еңбегінің құндылығы екі дүние арасындағы байланыспен жазылғандығын анықтай түседі.

Республикалық қоғамдық бірлестік «Қазақстан халық емшілері қауымдастығын» құрып және оны ширек ғасырға жуық басқарып, қарсы күштердің қарсылығына қарамастан қиын кезеңдерден оның қызметін мәңгілік халық медицинасының тарихына қалдыру бұл ғалым, профессор З.Қожалымовтың еңбектері арқылы ғылыми негізде дәлелденуі халықтық шипагерліктің гүлденуі де өзінің көптеген атақтарымен қатар адамның тәні мен жанына рухани сауықтыру күштерін сыйлайтын жақсы ән-толғауларымен оқырманға танымал ақын-сазгер екендігін оған Алланың берген сыйы демеске лажың жоқ.

Көп салалы ғылымдардың халық шипагерлігі арасындағы байланысын зерттеуші ғалым шипагер, академик Зядан қажы ағамызға алдағы торқалы тойына өзімнің шын жүректен шыққан адал тілегімді білдіре отырып қазақтың шипагерлік ғылымына әлі талай жаңалықтарды қоса беріңіз демекпін.  Алла  деніңізге саулық берсін.

 «Шипагерлік баян» газеті, №5, 2014

 

 

 

Шипагер Өтейбойдақтың еңбегі мен

қазақ емшілігін ғылымға қосқан ғалым

 

Баймолла Зурихан

Дәрігер-емші

Алматы облысы

 

фотоМен өткен ғасырдың аяғында көрші Қытай елінен өз Отаныма оралдым. Мамандығым дәрігер болса да, алғаш маған жағдайды білу мен жұмысқа орналасу өте қиын болды. Бұл заңды еді. Осындай ауыр жағдайда мені құшақ жайып, жағдайымды түсініп өз мамандығым бойынша қызметімді жалғастыруға көмек еткен Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті, өтейбойдақтанушы ғалым, академик Зядан қажы Қожалымов болатын.

Бүгінде, мен қазақ елі мен басқа елдерге де таныла бастадым. Осының бәрі қауымдастықтың қызметіндегі адалдықпен оның басшысының жеке адамгершілігінің нәтижесі еді. Абай атамыз айтқандай: «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез. Нұрын, сырын көруге, көкірегінде болсын көз», – деген данышпандық сөзі осы қауымдастық пен оның басшыларына  арналғандай. Біздің қауымдастықтың басшысы Зядан қажы сонау XV ғасырда өмір сүрген шипагер ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты медициналық-энциклопедиялық еңбегін зерттеп, «Шипагерлік дәстүрі және философиясы» (А.2008) атты ғылыми-мнографиялық еңбегі арқылы ғұламаның еңбегін ғана зерттеп қалмастан, оның бейнесін дәл көз алдымызға көрсете білген сахналық көріністің сценарийін жазып сахнада көрсетіп және «Шипагер баба» атты әнінің музыкасымен бейне көрініс беруі, бұдан бұрын баба еңбегін зерттеген Қытай елінің ғалымдарының арманы еді. Бұл арманды ғалым-зерттеуші, өтейбойдақтанушы З.Қожалымов мырза таза орындап шыққанына көрермендер мен ғалымдар және емшілер қауымы қуанышқа бөлендік және авторға риза болдық. Жыл сайын Зядан қажының бағдарламалық басшылығында қауымдастықтың ұйымдастыруымен халықаралық конгрестер, форумдар және конференциялар өткізіліп тұрады. Мұның өте пайдалылығы емшілердің мәдениеті көтеріледі, білімдері жақсарады, адамгершіліктері мен имандылығы артады және бір-бірімен таныстық пен туысқандық бірлігі өсетіндігіне өзіміз куә болдық. Өзіміз өздігімізбен бара алмайтын қазақ елінің Астана, Шымкент, Түркістан, Тараз, Алматы, т.б. қалаларда өткізілген жиналыстарға қатысып, мәртебеміздің көтеріліп, көкірегіміздің қуанышқа толғанып, ел мен жерді білдік және туысқандық қатынасымыз өсіп келеді. Егер қауымдастықтың құрылғанына 23 жыл толып отырса, соның 17-18 жылы қарсыластардың қақтығысына душар болғандығын, көреалмастардың қауымдастықты жапқызуға дейін барғандығын оның тарихынан оқып білдік. Қазақ халқының емшілік жүйесі медициналық оқулықтарына солақай саясат заманында аты еңбегені анық. «Халықтық емшілік жүйесі» мына тәуелсіздік кезінде тек ғана зерттеуші ғалым З. Қожалымовтың еңбегінің нәтижесінде ғылыми айналымға енді. Ғалым, академик З. Қожалымовтың саны жиырмадан асатын кітаптарында  б.з.д. және осы заманға дейінгі емшілік жүйесінің құлдырау және өсіп өркендеу қадамдары толық енгізіліп зерттелген. Ғалым, профессордың еңбектерінде халық емшілігінің жүйесімен қатар ғарыштық, табиғаттық, қасиетті Құранмен жеке адамдардың тылсым күші құпиялары қамтылған және ұлттық, тәрбиелік пен имандылықтың негіздері психологиялық әрі философиялық танымда зерттеліп жазылған.

Шипагер ғұлама Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы: «Менен ұрпақ қалмаса да, күндердің күнінде мені әлемге әйгілейтін «Шипагерлік баяным» артымда қалмақ», – деген ізгі арманының орындалуына, оның еңбегінің бүкіл әлемге танылуына және «екінші ибн Сина» аталуына өтейбойдақтанушы, шипагер-ғалым, профессор, академик Зядан қажы Қожалымовтың зерттеуінің нәтижесі екендігін емшілер қауымы ғана емес, ғылым саласының ғалымдары да оң бағасын бергендігіне қуанамыз және ғалымның жаңа еңбектерінің ғылым саласына қосыла беруіне, торқалы тойы, мерекесі қарсаңында тілектестігімізді білдіреміз.

«Шипагерлік баян» газеті, №6, 2014

 

 

 

Мәдениетіміз бен білімділігімізді өркендеткен басшы

 

Байділдаева Ұлболсын

Түркістан қалалаық

филиалының директоры,

Түркістан қаласы

 

фотоЖылдар жылжып, уақыт та зымырап өтуде ғой шіркін. Әр адамның өмір жолының тарихы бар. Оны да еске алып әділ бағасын беру бәріміздің азаматтық парызымыз. Қасиетті Түркістан қаласында 2008 және 2013 жылы екі рет емшілік саласында ғылыми-тәжірибелік республикалық және халықаралық форумдар өтті. Бұл басқосулар Қазақстан халық емшілері қауымдастығының тұңғыш президенті, академик  Зиядан қажы Қожалымов мырзаның басшылығында ұйымдастырылды және нәтижелі өтті. Бірнеше шет елдерден келген (Ресей, Қытай, Франция, Армения мен Орта Азия, Монғолия, т.б.) ғалымдар мен емшілер бұл форумдардың өте жоғары дәрежеде  ұйымдастырылғанына және емшілердің білімділігі мен шеберліктерінің ерекше сауаттылықтарына тәнті болды. Сол жиындарға қатысқан көп емші баға жетпес құнды рухани азық алып қайтты. Форумда кітаптарға көрме өткізіліп профессор Жандар Керімбектің Ермарханының, президентіміз, академик Зиядан қажы Қожалымовтың, профессор Құрбанқожа Сансызбай Нызанұлының, доцент Зікірия Жандарбектің, т.б. тылсым сырлары мен медициналық емшілер жайлы жазылған кітаптары таратылып берілді.

З. Қожалымовтың авторлығымен 2008 жылы «Қазақтың көріпкел және болжампаз бабаларының құпиялары» атты жинақ жарық көрді. Қысқасы, осы форум мен жинақта әлемге әйгілі француз жұлдызшы М.Нострадамус пен болгариялық Ванга әжейден қасиеттері кем емес, олардан бұрын өмір сүрген болашақ төрт мың жылды болжаған Майқы би және Бекет ата, Өтеген батыр мен Мөңке би, т.б. аталарымыздың болғанын  президентіміз З. Қожалымовтың еңбегінен оқып, біліп еңсеміз көтерілді, рухымыз шарықтағанын осы күні мақтан етеміз.

Әр жиында емшілер бір-бірімен сұхбаттасады, тәжірибе алмасады. Жиын арасында әрбір емші жеке шеберлік өнерін көрсетеді. Олар өздері көрсеткен өнерлері үшін дипломдар, алғыс хаттар, сертификаттар және түрлі төс белгілер алып жатады. Ол төс белгілер сол өтіп жатқан конференция тақырыбына байланысты болады. Оған қосымша қауымдастық ішінен құрылған емшілерге арналған халық емшілігі саласының білімін жетілдіру мектептері жұмыс істеуде. Мәселен, Халықтық және рухани емшілігі, биоэнергетика, ғарыштыққуат, уқалау, т.б. арнайы мамандар мектепте сабақ өткізеді. Оқу бітіргендерге арнайы дипломдар мен сертификаттар беріледі.

Емшілердің биоқуаты мен аурасын тексеретін тәжірибеханалар жұмыс істеуде. Өзіміздің қоғамда имамымыз бар, Түркістан шаһарында жатқан көптеген хандар мен билер, батырлар мен шешендер жалпы Йассауй кесенесіне жерленген аруақтарға арналыпта Құран оқылып, бата жасалады.  Бұдан кейін форумға арнап жазған басшымыз ақын-сазгер З. Қожалымовтың  арнауын әсем әнімен жырау Жақып Сыпатай былай:

«Қасиетті Түркістанның жерінде,

Сәлем бердік қадірменді еліне.

Қазағымның рухани ордасы.

Аты шыққан даңқыменен әлемге...», – деп бастағанда ғаламат тебіреніс пен рахатқа бөленгеніңді сезбей де қаласың. Түркістандағы форумдар өте көтеріңкі көңіл-күймен өтті. Келгендердің бәрі де риза болды. Форумға келген қонақтар мен емшілер қаланың киелі жерлерін аралады. Түркістан қаласының тарихы жайлы жергілікті ғалымдарымыз, профессор Жандар Керімбектің Ермаханы, доцент Зікірия Жандарбек, профессор Құрбанқожа Сансызбай Нызанұлы, т.б. көптеген мәліметтер берді.

Президентіміздің бастамасымен көп емшілеріміз естелікке суретке түскен болатын, оған қосымша форумнан көріністер «Шипагерлік баян» газетіне  жарияланды. Мұндай жариялылық біз үшін дәстүрге айналған.

Екі күндік форум өте тартымды да қызықты өтті. Әсіресе, ерекше көңіл бөлетін жайт ол ғалымдарымыздың көп болғандығында. Олардың бәрі де әр саланың мамандары. ҚазҰУ профессоры, философия ғылымдарының докторы Жақан Молдабеков мырзаның қауымдастыққа ғылыми жақтан жасаған көмегі мен жақсылығы баға жетпес адамгершіліктің белгісі. Жазушы-профессор Ораз Қауғабай мырза қауымдастықтың жұмысын тұрақты қолдаушы. Шөптік емдердің көптеген құпия сырларын профессор Ө.Мырзағалиұлы ашып берді.

Әрине, егер емшілер ғалымдармен бірге қоян-қолтық қызмет етер болса, оның жемісі де мол болады. Міне, осының бәріне ұйытқы болып жүрген президентіміз З.Қожалымов мырза. Егер біздің осындай жиындарымыз ғылыми болмаса оның мүшелерінің ішінде ғалымдар болмаса, бұл қоғам баяғыда тарап кеткен болар еді. Бұл қауымның өміршең болуы, біздің түсінігімізде ең әуелі басшыға байланысты. Қандай қиыншалық болса да мойымай ширек ғасырға жуық уақытқа дейін алға жылжып келуі үлкен жеңіс болып табылады. Қауымымыздың  тағы бір ерекшелігі сынының көптігі  яғни, сапасының көп болуын қолға алғандығы. Осыған байланысты жақтаушы ғалымдар да сұхбаттар өткізіп тұрады. Соның ішінде профессор Құрбанқожа Сансызбай Нызанұлы үздіксіз  емшілерге білім беріп оқытып отырады. Әрине, осындай конференция, форум, конгрестер сияқты ғылыми жиындарды осы Түркістанда тұрақты өткізер болса нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймыз. Себебі бұл Түркістан Түркі әлемінің рухани астанасы болып есептеледі. Осындай жиындардың арқасында біздің шипагерлік мәдениетіміз бен білімділігіміз күннен-күнге өркендеп ғылыми жаңалықтары көбейе түсуіне кәміл сенеміз. Басшымыздың торқалы мерекесі алдында осындай ірі жетістікке жетуімізге қауымдастықтың көшбасшысы, президенті, академик Зиядан қажы Қожалымовтың білімділігі мен қайсарлығының және халық емшілігін өркендетудегі нағыз көрегендігі мен еңбекқорлығының нәтижесі екенін ешкім де тарихтан өшіре алмайды.

 «Шипагерлік баян» газеті, №4, 2014

 

 

 

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15  16  17  18  19  20  21  22  23  24  25  26


В начало