ғұмырнама 6 | ||
главная вернуться 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 | ||
БӨЛІНГЕНДІ БӨРІ ЖЕЙДІ Еліміз егемендігін алғалы әр салада көп өзгерістер болғанымен, өзінің ұлттық мемлекетінде тіліміз бен дініміздің жесірдің жетім баласының күнінен де төменгі халде екенін жасыра алмаймыз. Тіл мәртебесінің заңы қабылданды. Өте қуанышты, тек оның іске дұрыс асуына, ұлтжанды, іс үстіндегі жүрген азаматтарымыз қолдау көрсетсе нұр үстіне нұр. Қазіргі уақытта дін жөніндегі мемлекеттік заңымыздың солқылдақ, әрі дәрменсіздігінен тоқсаныншы жылдардың басынан-ақ осал жерімізді білген шет елдердің миссионерлері (діни үгіт таратушылары) алғашында әртүрлі көмектер беру, шет тілін оқыту, шет елге тегін оқуға қабылдау, жәрдемдер жіберу, екі жақты бизнестік бағыттағы ұйымдар құру, тегін емдік қызметтер мен дәрі-дәрмек тарату, экологиялық тексеру, әртүрлі форумдар өткізу арқылы оған жастарды тарту т.б. толып жатқан айла тәсілмен Қазақстанның басты қалаларына қонысын тұрақтандырды. Қазір бұлардың бөлімшелері елді мекендерді де жаулап алып, өздерінің қызметтік көмек түрлерін өзгертіп, тіпті қаракөз жастар ғана емес, орта жас пен кәрілерді де, өз қамқорлықтарына алып, христиан, будда, католик, т.б. діндердің көп салалы түрі бойынша алғаш аздаған адамдарды шоқындырса, қазір шетелдіктер өз қаражаттарына салдырған шіркеулерінде шоқындыруда. Иисус Христос құтқарушы деп, насихаттайтын аударма кітаптарды миллиондаған тиражбен әр үйге өзіміздің қаракөздер таратуда. Сөйтіп, бір шаңырақ астында әкесі ислам дінін, баласы христиан-баптист, ал қызы кришна дінін, немересі христиандық католик дінін қабылдаған қазақ отбасылары күн сайын көбеюде. Мысалы, қазақтың үштен бірін құрайтын, тілімізді, дінімізді, ата-баба дәстүрін сақтаған деп мақтан ететін, бүгінде республиканың дінбасының, облыстық, аудандық және ауылдық мешіттерінің бас имамдарының отаны – Шымкент қаласында «Қазақ баптистері шіркеуі» дүниеге келді. Осы қалада шет елдің христиан, будда діндері бойынша жұмыс жүргізетін он бестен астам ұйымы болса, соның ішінде Оңтүстік Кореяның христиандық төрт-бес бағыттағы орталығы және бар екен. Шет ел доллары осылай рухани байлығымызды жаулап, дініміз исламның рөлін төмендетуде. Сөйтіп, әр діндегі отбасылар пайда болып, әр діндегі көршілер мен рулар ортасында алауыздық пен төбелес етек алуда. Ең сорақысы, басқа дінге енген қазақтарды «әкелері» ие болып, ұлт намысын өз елінде таптап, бір өліп отырған жандарды екі өлтіріп, ата-ана және туыс-туғандарын жерге қаратып, жазылмас дертке айналғалы қашан. Алғашқы кездегі осалдығымызды пайдаланып, қазаққандылар ішінен «Ислам, христиан діндерін біріктірем, мен ақырғы пайғамбармын», - деп қазақша бір ауыз сөз білмейтін алматылық «Ақбекет әулие» атанған Бекет Тұрсынов деген өзін ашықтан-ашық жариялап, мектеп, жоғарғы оқу орындары мен орыс тілді қоғамдық орындарда өз үгітін жүргізіп, өзінің баспадан шыққан «Алланың дүниеге жаңа сәлемі» деген отыз беттік кітапшасын үгіттеп таратып, оған діни шала сауаттылардан «жақсы» баға алғанымен, қазір зымияндықпен дінін сатқан сатқын екеніне, оқымысты еместігіне қарапайым халық та түсінгендей. Бұл аз десеңіз, Үндістанның Қадия қаласында дүниеге келген Ғұлам Мұртазаұлы деген: «Мен ақырғы пайғамбармын», - деп өзін жариялап, исламды екіге бөліп, «Қадия ни» дінін ұсынды. 1947 жылы Пакистан азат болғанда елден қуылды. Оның орталығы Англияның Лондон қаласына орын тепті. «Қадия ни» атауын «Ахмедия діні» деп ауыстырды. Бұл ұйым да дүние жүзіндегі мұсылман елінің ұлы адамдарын өз торларына түсіріп, сол арқылы мұсылман елінде өз уағызнамаларын жүзеге асырып, бөлімшелерін де ашуда. Соның республикада, Әділет министрлігінде тіркелген ұйымын қазір Лондонда тұратын абайтанушы жазушы Роллан Сәрсенбаев басқарады. Бұл діннің мұсылман дініне қарсы дін екені жөнінде Меккеде жүз қырықтан астам мұсылман мемлекеттері дінбасыларының 1974 жылы 10-маусымда қаулы қабылдағанына қарамастан, қазір төрт проценттен астам мұсылмандар осы «Ахмедия» дінінде екен. Бұл жөнінде ғалым-аудармашы Халифа Алтай 1996 жылы халықаралық «Түркістан» газетіне мақала жазып, теледидар мен радио арналарынан айтып, ескертті де. Биылғы жылдың өзінде шетелдерден келген әр түрлі көмектер оқу, емдік кітаптар т.б. христиан дінін уағыздап, әр топтағы адамдарды шоқындырып жатса да оны тексеріп, шара қолданып жатқан үкімет, әкімшілік және заң орындарын көрмек тұрмақ, естісек құлағымыз керең болсын. Елбасын сыйламаған елдің бірлігі кетеді. Құдайға шүкір, елбасының ар-ожданына кір келтіретіндерге қарсы шара қолданатын заң бар өте жақсы. Ал діні бұзылған елдің отарына қасқыр тиген қойдай сай-сайға тарап, құрып кетерін сезсек, енді Тіл заңын қабылдадық демей, тез арада дін бостандығы заңын (Ресейде осындай заң жобасы қабылданды) қабылдауды тездету және дінбасыларының азаматтық құқын қорғау заңын шығару да қажет іс. Дін халықтың бас идеологиялық тәрбие мектебі болған жерде ел бірлігі, байлығы, сыйластығы да болары және қылмыс атаулының жойылуы немесе азаяры анық. Қысқасы, діни сенімі дамыған ел өз сотқарын өзі тәрбиелеп, елін жауыннан қорғайтынын біз емес, бізге осы жерді мұра еткен, Қазақ мемлекетін құрған о дүниелік бабалар тәжірибесі растайды. Қазақстан жерінде 1300-ден астам тіркелген әлі тіркелмеген қоғамдық бірлестіктер 40-тан астам діни бағытта жұмыс істейді екен. Осының ішінен бір бағыттағы – ислам дінінен басқалары елімізді отарлау мен халықты аздыру жолында терін төгіп жатқандар аз емес пе? Өзіміз бастап дін басқармасының бас муфтиі Ратбек қажы Нысанбайұлын сонау 1991 жылдың 13 желтоқсанында Алматы қаласыынң бас мешітінде сойылға жықтық. Бүкіл әлем елдеріне ұятқа қалдық. Бұл сотқарлар кім десек, ол оңтүстіктен ұйымдасқан, құрметті муфтиіміздің өз жерлестері, замандастары мен шәкірттері еді. Сол жылы муфтидің құқын қорғауда заң осалдық жасады. Мен биыл республиканың оншақты облыстарында іс сапармен болдым. Құдайға шүкір, 1994 жылы мешітінің орны жаңа белгіленген солтүстік пен орталық аймақтың облыс орталықтарында екі-үштен мешіт ашылып, халық Құдай үйіне құлшылық етсе, жас-бүлдіршіндер мен жастарымызды медреселерден көріп, Аллаға құлшылық етіп, ішімнен жақсылыққа жетулеріне тілек еттім. «Орнында бар оңалар» дегендей, кешегі Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Сәкен Сейфуллин, Балуан шолақ, Абылай хан мен Кенесары хан және Бөгенбай батыр мен Амангелді Иманов батыр елі атанған солтүстік облыстардың азаматтары парасаттылықты сақтап, қорғап, ұлтын, тілін, дінін және дәстүрін алға дамытарына өз басым сенемін және оларға Алла тағаладан жақсылық тілеймін. Тілек қабыл болсын, ағайын! Тек жоғарыда айтылғандай, басқа діндердің шырмауында кетіп жүрмейік.
ҚҰДАЙ АТАҚҚҰМАРЛАРДАН САҚТАСЫН! Бүгінде дінімізді насихаттап кітапшалар шығарып таратып жүрген адамдар, құдайға шүкір баршылық. Олардың басым бөлігін әйелдер құрап отыр десек қателеспейміз. Солардың арасынан Алматылық Сәуле қажы Бикенова Ақтөбелік Қализа қажы Құттыбаева сынды иман жолындағы жандарды ерекше атауға болады. Олар өздерін-өздері жарнамаламайды, марапаттамайды. Баспасөз назарына да ілеуде бір болмаса, қайта-қайта іліге бермейді. Рас, бүгінде «Емшісымақтардың» тоқсан пайызынан астамын әйелдер құрайды екен. Халық денсаулығын жақсартуды әйел-аналар қолға алып жатса, оған әрине қуанамыз. Тек бір көңіл толмайтыны солар азан шақырып қойған аттарын өзгертетін әдеттерге бой ұрып жүр. Бұрынғы ата-бабаларымыздың заманында атақты адамдарға қосымша атты халық таққан. Ел болып солай атап кеткен. Ал қазіргілер ше... Адамда ар-ұят болу керек қой. Мәселен, Ақтөбеден аспан әлеміне көтеріліп, 33 қабат (7 қабат емес пе?) ғаламды шарлап жүріп, онда Арыстан баб бабамен қол алысып, от болып жанып тұрған Құдаймен сөйлесіп, пейіштегі бабалар дастарханынан дәм татып одан кейін тозақты аралап көріп, ол жақтағылардан жердегі ұрпақтарына сәлемін жеткізетін, кейде көңілі түссе келіні Күлмирасын да ала баратын, жол жөнекей өзіне ұқсаса Алматылық ғарышкер Элмирасы қонақ болатын ғарышкер «үлкен апа» – Зәуре Әлімжанованың («Жас алаш» 18.04.1996) осы айтқандарына мән беріп көріңізші Сондай-ақ Мұса (ғ.с.) сияқты екі алақандарынан нұр шашқан Алматылық «Күлтай ана» - Күлтай қажы Әлиева мен «Алып ана» Алтын қажы Сабалиева және шымкенттіктер «Ақ әулие» – Мария, Қарағандылық «Сайтжан әулие» тағысы тағы бірі Жүсіп (ғ.с.) сияқты түсінде Алладан аян алып белгісіз планеталарға ұшып барып бейтаныстарға ем жасайтын Алматылық «Алланың елшісі» әрі «Зура әулие атанған» – Зура Бекбергенова Сыздыққызы сынды әулиелер өзіңше бір қауым. Түсімізде аян берді, сен менің рухымнан жаралдың деп өздеріне аруақты аналар есімін берген қызылордалықтар «Фатима-ана» ...ене» – Раушан, «Қарашаш ана» – Гүлзиралар бар. Өлгенде орайтын (матасын) тірісінде де оранған олар жаз айларында киелі бабалар кесенелеріне барып тыныштық бермейді. Кейбіреулері бір ауыз Құран дұғасын білмейді, шариғат заңына қайшы қылықтар істейді. Әйтпесе бейіт басында бейсенбі жұма күндері түнімен зікір салар ма еді? Емдік сеанстарын аруақты жерде жүргізуінінің өзі жағанды ұстатады. «әулиелер» алдымен ұстаздың алдынан өтеді. Шәкірттің «әулиелік қасиетін» ашқан ұстаздың коммерциялық прокат, көшірме, жаздық, күздік, қыстық, көктемдік», – деген баталары да бар. Бағалары әр түрлі (25 мыңнан 100 мың теңгеге дейін). Бата алған шәкірт ұстазына есеп беріп және табысының жартысын төлеп тұру заңы да бар екен. Бұл аз десеңіз, батаны сұрамай-ақ береді. Әрине күштеп. Тіпті Қызыордадағы «емшісымақтар» қолдан қасиетті Құранның макетін жасап, оны жеті рет айналып шәкіртіне «кіші қажылықты» беріпті-мыс. Өзінің баласын үш рет қасиетті Түркістанға ертіп бардым деп Жамбылдық емші Лиза Мешітбайқызы беделді газеттің белді тілшісіне мақала жаздыртты (1997). Мұсылмандар үшін тек ғана Пайғамбарымыз Мұхамедтің (с.ғ.с.) денесі жатқан, Құран Кәрімнің ақырғы аяттары түскен Мекке ғана қажылық ететін қасиетті орын екенін біле тұрып, тілші екеуі екінші Меккені Түркістан етіп, қолдан «кіші қажылықты» емші Лизаның он беске толмаған ұлына ұсына қойыпты. Бұл қалай? Шариғат жолын осылай бұрамалауға бола ма? «Ақыр заманды» білетін алматылық көріпкел Эльвира шықты (бұрынғы тараздық). Оның жалған теориясына сенген қаламгер Зинат Жалайыр «құнды» мақаласын жазып елді дүрліктірді. («Жас Алаш» 10.11.1995). Жоғарыдағы «апалар мен әулиелер» өздігінен сөз құрастырып мақала жаза алмайды. Мәнді рухани сөзі де, діни сауаты жоқтар да бар араларында. Бұл «бикелерге» өздерінің көп салалы мамандығы бойынша «меншікті хатшылар» жұмыс істейді. Тірлігіндегі кінәсі үшін қатты өкініп жүргендері де жоқ емес... Батыстан басталған әйелдердің «әулиелік, аналық» аттары, шығысқа қарай бағыт алуда. Өте ірі атаққа ие болған, өзінің қолдаушы, демеуші, жазушы, «хатшылары» арқасында, бүкіл «Қазақстан – Ақ анасы» атанған, өзінің «ақ туы» бар, отыз бес жастағы екі балааның анасы «ақ-ана» – Зейникамал Қоржынбайқызы Байжанова ғайыптан пайда болды. «Жетісу» газетінде (26.03.1998 ж.) жарияланған оның өсиетнамасы кешегі идеология басшыларына қолдан жазып беретін коммунист хатшылардың сөзінен аумайды. Бұл қолдан Құдай жасағанмен бірдей ғой. Қазақ жаңа заман дәуірінде ғана емес, көне заманда да, өз тарихын білген халық. Қазақ күнби өз жарлығымен Қазақтың шежіресін жаздыртып кеткен. Анасыз қазақ болмаған (Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы. «Шипагерлік баян». «Жалын» 1996 ж. 40-25 беттер). Шындығына келгенде, Зейникамал қатардағы емші ғана. Ол әлі әлемдік дәрежеде сынға түскен жоқ, ол бұрынғылардың емшілік стилін қайталауда. Сауаты да шамалы жан-жақты теориялық дайындығы жоқ адам өздігінен қалай «қазақтың анасы» болмақ? Зейникамал ханым «Ақ жол» ұраны жасанды, халық емінен хабарсыз, қаламы жүйрік, танысы мол адамдардың бершен үндеуі екеніне мен Алла алдында жауап берейін! Әлін білмеген әлектер аруақты бабаларды әурелеп бітті. «Ақ анасы» Арыстанбаб бабадан бастап шуыртқан әулие-әмбиелерді баталарына қоспаса, дұғасы қабыл болмайды деген Құранда аят жоғын ескерсек енді жасанды әртістіктен арылып, аруақтарға тыныштық беретін уақыт жетпеді ме? Әйел адамның бата беруі, ислам дінінде шариғатқа қайшы келеді. Жетпіс жастағы әйел жеті жасар бала отырғанда дастарқанға дұға оқытуға болмаса, ал алпыстағы апасы бес жасар бала отырғанда бата жасамайды, – деген шариғат заңын неге бұзамыз? 1990-1992 жылдары жамбылдық (Мерке) Әтіркүл Баялиевадан батаның көкесін ұйымдастырған қазақ теледидарының шекесі қызған жоқ. Қазір теледидардың сол кездегі басшылары Әтіркүлдің кім екенін білмейді. Десек те «Жетісу» газеті бюжетіндегі суреттер және «Рахат» телеарнасы арқылы «мен – қазақтың анасымын» әрі «ақ анамын» деп жар салған Зейникамал қарындасым қазақтың ақ сақалдысына да, қара сақалдысына да, басына да, жасына да қолын жайып бата беріп тұр. Алла кешірсін! Сонда көріпкел Майқы би бабамыз: Еркек билік тұл болар, Сиыр пұл болар, Еркек жасып ит болар. Қатын тұлданып би болар, Жер тақыр болады. Жұрт бақыр болады. Енді төрт мың жылда, Дүние тамам болады, – деген болжамы еске түскенде жоғарыдағылардың әрекеті үшін Алладан және күллі ата-баба аруақтарынан кешірім сұрап, дұға бағыштадым. Бәріміз де сүттен ақ, судан таза емеспіз. «Құдай ұрған оңалар, аруақ ұрған оңалмас!» – дегендей тәубеге келейік, ағайын! Аруақтарымыздың назасына қалмайық. Алла сақтасын! Бабалар рухы кешірсін! Қорыта айтқанда «атаққұмарлардың» айтқанымен жүрген Зейникамал «ақ-ана» сымақтың «ақ туының» - астына жиылмай, жаратушы Иеміз бір Аллаға құлшылық қылып, бес уақыт намаз оқып, діни сауатымызды көтерейік, шариғатты мұсылмандық қағидаларды үйренейік. Сонда дін жолымен пайда көздегендердің аяғына тұсау өз-өзінен-ақ салынар. «Атақұқмарларға» сенсек, ол өзіміздің білместігімізден. «Жасанды әулиелердің» өз орнын табатын уақыты жетті. «Шапағат-нұр» журналы, 20-21 бб. №5-6,1998
ДӘРІГЕРЛІКТІ ҚАЛҚАН ҚЫП, САЛЫҚТАН ЖАЛТАРЫП ЖҮР «Халық медицина орталығының» мемлекет бюджетіне төленбей келген салығы 26 миллион 495 мың 170 теңге болыпты. Республикалық «Халық медицина орталығының» бас дәрігері Ерасыл Абылқасымов, бұл қызметке 1991 жылы келген еді. Ол осы орынға отырған соң бір жыл өтпей жатып өзін болашақта бай миллионер болатынын халықтан жасырмады. Ақ жүректігін білдіріп «Казахстанская правда» газетіне «Будет ли у Қазахстана свой Федоров?» (11.04.1993г. авт. Куц) деген мақала жариялатып, жанашыр ұйымдарын әбден моралдық масқаралады. Мемлекеттік Әділет министрлігі тіркеген заңды ұйымды заңсыз, Жарғысы маған ұнамайды деп, заң орнын сыйламады. Сол кездегі денсаулық сақтау министрлігіндегі оның қолдаушылары «Қазақстан азаматтарының денсаулығын жақсарту» заңына бір тармағы етіп халық емшілерін екі айлық тексеруден өткізу бабын жазып, оны халыққа, қоғамдық ұйымдарға жария етпестен сол кездегі өздерінің сенімді Жоғарғы Кеңестегі депутаттарына бекіттірді. Құдай берді. «Женген итті желкеле» дегендей, Е. Абылқасымов алғаш өз құрығын Қазақстан халық емшілері Ассоциациясына арнады. Ақыры ол алыса жүріп, ассоциация басшысына ескертпестен ұйымды уақытша жаптырған. Бірақ, бұның бәрін Е. Абылқасымовтың сыбайластары атқарып отырды. Ол ашық көрінбеді. Біз бәрін сездік. Білдік. Амал қанша, ассоциация қайтадан тіркелгенімен оның мүшелері быт-шыт болды. Орны толмас ондаған, миллиондаған теңгелік моралдық-материалдық және психологиялық зиян шектік. Сонда да ұйымды құлатпай келеміз. Арсыздыққа адалдықпен қарадық. Артынан жақсылық күттік. «Халық медицинасы орталығын» алғаш 1990 жылы танымал маман дәрігер, ірі ұйымдастырушы, медицина ғылымының кандидаты Тұрарбек Төлендиев басқарған. Ол өзін нағыз адал, шын халық емі жанашыры екенін бір жылда-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында таныстырып үлгерді. Халық емі жөнінде ана тілімізде екі-үш кітап шығарды. Ал ғылыми-танымдық мақалалары да жетерлік. Т.Төлендиевтің бұл адалдығы әрине жоғарыда отырғандарға ұнамады. Оның орнын Е. Абылқасымов басуымен, әйгілі журналист, халық емінің нағыз жанашыры Бақтыбай Айнабеков ақыры осы басшыдан жақсылық болмады, ауыстырыңдар деген бірнеше жыл шырылдап жазған мақаласына денсаулық министрлігі басшылары да көңіл бөлмеді. Содан болар «қой дейтін қожа» болмаған соң Е. Абылқасымов өз құқылық дәуірін бастап кетті. Емшімін дегеннің бәрін бір орталыққа жиып, оларға «кәсіби халық емшісі» деген куәлікті екі жылға бере бастады. Сөйтіп, бұл орталықтан емшілік байқауынан 1991-1998 жылдары аралығында 3500-ге жуық емші тіркеліп тексерілсе, олардың 1000-нан астамы «кәсіби халық емшісі» екен. Әйтеуір, сауаты бары да, жоғы да орталықта сырқаттарды қабылдап та, қабылдамай да немесе құрылыс жұмысына көмектесіп те, жең іші, қол асты т.б. тәсілдермен «кәсібилер» атанғандар рухани ем және адамгершілік жағынан күлкіге айналды. Халық оларға сенуден қалды. Десе де, Ерасылдың 1992 жылдан бері республиканың 18-19 қаласында орталығының филиалдары жұмыс істеуде. Емге қызмет көрсететін емшілерінің бір жолғы бағасы 500 теңгеден жоғары. Құмалақ салу мен тұмар жазу бұдан да жоғары («Жас алаш», 21.08.1997). Сондағы таңғаларлық осы бағаға экономикалық есептеудің өлшемін қайдан алғаны күмәнді. Осы бағалар арқылы орташа есеппен орталық пен филиалда жұмыс істемейтін, жеке үйінде істейтін «кәсіби халық емшісі» жылына «Халық медицинасы орталығына» 50000 (елу мың) теңге құяды екен. Осы санды «кәсібилер» санына көбейтсе, ондаған миллиондар шыға келеді. Сонда орталықтың кіріс көздерінен, екі айлық сынақтан, емшілер мектебінен, қосымша тексеру түрлерінен, конференция жарнасынан, лицензиялардың т.б. орындардан түсетінін есептесе, бір жылдық табыс кірісі 55-65 миллион теңгеден кем болмайды. Осы кіріс қаражаты жиналғанымен, бірақ толық кіріске алынбайтындай. Осыған қанағат етпеген Е.Абылқасымов өзіне ұнамайтын ұйымдарға қарсы күресін, өзінің оң қолы «кәсіби халық емшілері» ассоциацияның төрағасы, емші Әділқан Ермановтың көмегімен жалғастырып келді. Әйтеуір емшілік қасиеті бар дегендердің үйлеріне Ә.Ерманов бастаған орталық «кәсібилері» баса көктеп кіріп, айыппұл салып өздері «заңгер» болғалы қашан. Қолдарында Е.Абылқасымов қол қойған бұрынғы Қаз ССР Қылмыстық Кодексінің №209 бабымен соттаймын деген хатын көрген, сауатсыз «емшісымақтар» Ерасылдың торына топ-топ болып түсуде. Емтиханнан өте алмағандар «псих» екен де, ал өткені «пысық-кәсіби» екен. («Қазақ елі». №21, 22-28.05.1998ж. Е.Абылқасымовтың газетке сұхбатынан). Бұл қалай? Емшілерді «псих» деу моралдық қорлау ғой? Ерасыл Абылқасымов пен Әділқан Ерманов 50 жылдықтарын Алматыдағы Байзақов атындағы көше бойындағы «Мейрамханада» 1998 жылдың 23-қыркүйегі күні өткізді. Екеуі егіз емес таңғалмаңыз, бірақ ішіп жеуі бір. Ә. Ерманов Қызылордалық болса, ал Е. Абылқасымов Талдықорғаннан. Той шығынын Е. Абылқасымов өзінің еңбегін 1993 жылы «Ата-Мұра» баспасынан қазақша әрі орысша 250000 данамен шығарған (оның бір данасын 100 (жүз) теңгеден сатқызған, бір емшіге 50-70 данадан беріп ақшасын дәл санап алған). «Сто народных целителей Казахстана» анықтамасының 18-20 миллион теңгелік табысынан, ал Ә. Ерманов өзінің құны таудай ал мезгілсіз мүшелік куәлігі мен бағдарламасыз оқытқан куәлігінен (сабағының аты жоқ) түскен миллиондары есебінен төлеген шығар десек, олай болмағандай. Баяғы «кәсіби емшілер» асылып, шашылып, біреуді арбап, алдап сый-сыяпаттарын шашыла жүріп жасапты. Сонда халықтың байлығын бұлар қайда шашқан? Е.Абылқасымов мырза бұндай ірі кірісіне риза болмай, өз жұмыс орнына «Халықаралық «Қазақ елі» тілшілерін шақырып, газетіне жазыламыз деп, сұхбат алуға көндіреді. Теңгеге риза болмаған бас дәрігер, шетелдік қандастардан «доллар» дәметсе керек. «Халық емшілеріне қаралыңыз!». («Қазақ елі», №21, 22-58.05.1998.) сұхбатында тілші Е. Абылқасымовқа сауал қояды. Тілші сауалы: – Арнайы құжаты бар емшілер Сіздерге салық төлейді-ау деймін, естуімше? Е.АБЫЛҚАСЫМОВТЫҢ ЖАУАБЫ: – Ол бекер. Бізге салық төлемейді. Бірақ жоспар береміз. Бізбен еңбек шартындағы ауылдық жерлердегі емшілер ай сайын 3000, қаладағылар – 5000, ал осы орталықтағы емшілер 25 мың төлейді. Осы жоспарды салық деп түсіндірген шығар сізге. Заң бойынша емшілер салықты жергілікті салық инспекциясына ай сайын не мезгілімен төлейді. Өйтпесе патент алады. 1991 жылдан бірде-бір емші өз табыстарынан жергілікті жерге салық төлемеген. Орталық басшысы оларға салық төлеу туралы ескертпеген. Жалғанды жалпағынан басқан «кәсібилер» өзінің енді куәлік алған уағынан бастап жергілікті жерге салық төлеуі заңды. Сонда, емшінің құқын қорғамайтын, еңбек мерзімін сақтамайтын, салығына жауап бермейтін, тек ғана «кәсібилерінен» ақша алуды білген орталықтың бас дәрігері Е. Абылқасымов мырза «келісім шартпен» ақша алуды қай заңға жатқызады? Осы сұхбатты оқыған газет оқырмандары мен халық еміне жанашыр қоғамдық ұйымдар жарты жылдай ойланды. Бұл неткен судай шашылған ақша? Осыған байланысты «Халық медицинасы орталығының» (кейінгі ел біле бермес аты: – «Шығыс және қазіргі медицина жөніндегі ғылыми практикалық Республикалық орталық?») 1995-1998 жылдары аралығындағы қаражаттық кірісінің есебінен, мемлекет бюджетіне салық төлеуін Алматы қаласы бойынша салық комитетінің Бостандық ауданы бойынша салық комитеті қызметкерлері тексеріп, 1998 жылдың 29 желтоқсанында аяқтады. Орталықтың жасырып/төлемей келген салығы мөлшері 26 495 170 теңге (жиырма алты миллион 495 мың 170 т.) болды. Акт жазылды. Е. Абылқасымов қол қойды. Мемлекет бюджеті кірісіне алынды. (хаттар: №8. 1-6-2) 674.28.01.99 жыл және №3-8 (1796.22.02.99 жыл. Қалалық және ауд. Салық көмитеттерінен) және ҚР Мемлекеттік кіріс министрлігі хаты NДНП-4-22/1527 29.03.1999 ж. 1999 жылдан бастап орталықты ЖШС (ТОО) етем деген бас дәрігер ойы, өзінің аузынан шығатын сөзінен жаңылуынан іске асарына көлденең болды. Салық миллиондарын мемлекетке төлеуде Е. Абылқасымов тағы да «құртам, жоям» деп, «кәсібилеріне» салық салды. Олар қайдан тапсын. Бұрынғы бергендері далаға кетті. Бұған шыдай алмаған жасы орта жастан асқан, орталықтың тірегі, шөппен емдеуші «кәсіби халық емшісі» Сейтхамза Қалиев жүрегі қысылып ауруханаға түсті. Есінен танып, жүрегі шаншыған басқа «кәсібилерде» көбейгендей? Осы кезде Ә. Ерманов қаңтар және ақпан айының басында отаны Қызылордада болып 15 адамға өз құжатын беріп, облыс қаражатынан қомақты қаражатты қымқырып, «досы» Е.Абылқасымовтың көңілін басса керек. Міне, біреуі тексеріліп жатса, екіншісі (Ә.Е) сауатсыздардан емші жасап, халықты алдауда? «Кәсіби халық емшілері ассоциациясы» төрағасы Ерманов Әділқанның білімі арнайы орта. Жетісай мәдениет-ағарту оқу орнын бітірген. Біліміне қарамай ол өзін танымайтындарға «профессормын» деп таныстырады. (07.1998 жыл. Арқалықта) Қалай осындай білімі бар адам емшілерді оқытады? Ол оқытпай-ақ, өзінен басқаларды «жойылды, құрыды, тарады» деп делдалдық жасап, өзінің мерзімсіз мүшелік куәлігі мен бағдарламасыз оқыту куәлігін аңқау «емшісымақтарға» қорқытып беріп, барған облыс қалаларына қаражатынан қайтып қайырымы болмайтын, 350-500 мыңға дейін қаражатын алып тайып тұрады. Оны кіріске алып, мемлекетке салық та төлемейді. (Арқалық, шілде 1998, Орал, қараша 1998, Манғыстау, 1998 және Қызылорда, қаңтар-ақпан, 1999 ж. т.б.). Ерманов «Профессор» «кәсіби емшілердің» миллионері десек артық емес. Өйткені, бұның да жылдық табысы үш миллионнан кем емес. Енді, осы екі серке мен еркеге бір қысым таялғандай. Елбасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңды жарлығы шешімін бұлжытпай орындайды деп сенеміз. Бүгінде жасы жетпістен асқан, атын елі мен көршісі де білетін оташы Айтмұхамбет Демесінұлы: «Халық емшілері орталығында бес жылдай жұмыс жасап, ондағы әртүрлі күйтұртқы қылықтарға көзім жетті. Ел ішінде шалажансар тәуіптер көбейіп кетсе немесе халық емшілерге дейтін сенімнен айырылып қалса – ол аталмыш орталықтың күнәсі», – дейді «Заман Қазақстан» газеті тілшісімен сұхбатында. (11.12.1998ж. авт. Н.Лақан). Дегенмен ел ішінде жаны таза, пейілі ақ, сауаты мол, қайырымды емшілер баршылық. Білімі, жасы, жынысы, ұлты, мінез-құлқы, психологиясы, ойлап талғам жасау қабілеті әртүрлі емшілерді (киелілерді) бір ортаға жинап, халықтың қалтасын қаққызу нарық заманының алдампаз пайдагерлерінің ойлап тапқан амалы болғанымен, оның ақыры жазылмас жара бетке дақ, әркімнің өз ұрпағы жолына жасаған қиянат, кесапат екенін жаратушымыз халыққа білдіре бастады. Алла тағала бәрін көреді, біледі, сынайды, бақылайды деген осы екен ғой. Ал емшілерді жергілікті әкімшілік бақылап, сыртқа рұқсатсыз жібермей оның табыс салығын өз қорларына құйғызатын уақыт талабы болмақ. Жергілікті салық комитеттері енді алматылық әріптестерінен үлгі алып, «кәсіби халық емшісі» куәлігі, лицензиясы барлардан құқылық алған уақытынан бастап, салығын құйғызу мемлекеттік салық туралы заңын орындағандық болар еді. Жоғарыда бұл орынның қаражаттық қылмысын ҚР ҰҚҚ мен ҚР Кіріс министрлігінде бақылауда ұстағандықтан, орталықтың республиканың қалаларындағы филиалдарында тексеруді осы екі ұйымның департаменттері мен салық комитеттері қолға алғаны жөн. Ұзақ жыл бойы «кәсіби халық емшілері» күш-қуатын пайдаланып халық қалтасын қаққан, мемлекетке салық төлеуін жасырып келген «Халық медицинасы орталығы» басшыларының өрескел қылығына ҚР Бас Прокуратурасы әділ баға береді деген сенімдеміз. Редакциядан: Газетке өз қолымен әкеп тапсырған З. Қожалымовтың сын мақаласының стилдік жағына көп тимей, толық беріп отырмыз. Автор бұл мақала жөнінде тиісті құжаттарын қоса тапсырды.
«Қылмыс пен жаза» газеті, №7-8, 13.03.1999.
«ҚҰДАЙСЫЗҒА» – ҚҰДАЙДЫҢ ЖАЗАСЫ БАР «Егер жер – көкте Алладан басқа да тәңірлер болса әлбетте екеуі де бұзылып кетер еді. Ғаламның раббы Алла, олардың жасанды сипаттарынан пәк». Әнбия сүресі. 21 аят Он сегіз мың ғаламда құдіретіне бас иген бүгінде әлемнің жүздеген ұлыларының ішінде бірінші болып тұрған пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің үмбеттеріне: «Мені Мариямның ұлы Исаны қастерлеген христиандар сияқты ұлықтамай-ақ қойыңдар. «Алланың құлы, оның елшісі десеңдер жетеді» деген екен Хадис әл-Бұхариде. Аллаға тіл тигізбеген, әрі Алланың сипаттарына күмән келтірмеген пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) ғана емес, оның үмбеттерінің көбі адалдықтың ақ жолымен өмір сүруде. Дегенмен «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» дегендей кейбір әйел, еркегі аралас емшісымақтар өздерін «Үлкен апа», «Алып апа», «Күлтай ана», «Қарашаш ене», «Домалақ ене», «Айша бибі», «Қасиетті төре» деген халыққа әсер ететін жалған атақтар жапсырып алып білгендерін істеуде. «Аса құдірет иесімін, жаратушымен парапармын» деп өзін жұртқа өтірік жарнамалап шала бүлінген Шонжыдағы Нина анамызды да білмеппіз-ау! Бұрын-соңды қазақ даласы өзін «Фархат - ата» деп таныстырған ұйғырдан асқан суайтты көрмеген болар. Оның айтуынша 50 миллиардтай жыл бұрын ібіліс, перілер соғысының кесірінен өзінің жерінен, қасиеттерінен айырылып қалыпты. Бүгінде бұрынғы құдіреттері бойына қайта оралыпты ал, бүкіл аяттардың құпиясын шешетін кілт те соның қолыңда көрінеді. Онысымен қоймай «Фархат-ата» Фархат менің жалған атым, шын есімім «Әлла» деген лақап таратып бақты. Сонда мұның Алламын дегені ғой. Осындай сиқыршылықпен, залымдықпен шұғылданатын Алланың берген ризығына қанағат етпейтін, қайта оны баюға, мансапқорлыққа, өш алуға жұмсаған «емшісымақтардың» қазір құдайға шүкір дәуірі жүріп тұр. «Бұларды тәубасына түсіретін құзырлы органдар қайда қарап жүргені белгісіз. Осылардың шылауында кетіп, шашбауын көтерген журналистер де аз емес. Алматылық «Алланың елшісімін», «Зура әулиемін» деген Зура Бекбергенова жөнінде кітап жазған марқұм Баймахан Жақсыбекұлы (1995 ж. «Денсаулық» баспасы) және Шымкентте тұратын бұрын өзбек, кейін қазақ одан соң араб болған өзін Ибн-Синаның он үшінші ұрпағы санайтын Ергаш Али жөнінде жазған К. Зекенов марқұм да сол залымдардың шылауына мықтап оралды-ау деп ойлаймын. Мен кеше, Кеңес дәуірінде жүйке науқастары ауруханаларындағы бірнеше сырқат жандарды халық емінің арқасында қатарға қостым. Бірақ, Фархаттар, Зуралар сияқты ұятсыздыққа барғаным жоқ. Мен өзімнің емшілік ғұмырымда халық емшілер орталығының басшысы ретінде мыңдаған балгер, бақсы, көріпкел, жұлдызшы, құмалақшы, Құран ашушы, жауырыншы, т.б. бойымда қасиетім бар дегендерді тексергенімде 7-8 пайызы ғана таза емші, иманжүзді де, ал қалғандары алдампаздар екенін анықтадым. Беделді басылымдардың бірі, халықаралық «Түркістан» газетінде жарияланған журналист Елен Әлімжанның өзінің «Фархат-атасы» туралы мақаласын қалай түсінуге болады? Мұны оқып, қанша қаймана халық Фархат суайтқа ағылды екен? Бүкіл республикаға танымал жұлдызшы Назарбек Қожамсейітовті де төл насихатшы етіп алды. Мен осы мақаламда Шонжалық Фархат өтірікшінің бетпердесін ашып бермекпін. Фархаттың өзінің айтуынша ол таяу арада қасиеттерінің ең жоғарғы нүктесі – бесінші блогін қосыпты. Құдай оның адамдары, жерін аздырып-тоздырыпты. Барлық жер бетіндегі адамзатты Фархат әйелі Нина екеуі тозаңнан жаратыпты-мыс. Фархаттың қиялдан құрастырылған елге арнаған өсиетінде исламға жат сөйлемдер жетерлік. Енді ол әлемді билемек. Керек десең қасиетті Құран Кәрімді де отқа салып өртепті. Шовинистік халықты азғырып азғындық жолға итермелеудің мұнан асқан үлгісін таба аласыз ба? Сонымен Фархат және оның жүздеген залым сыбайластары аруақтармен сөйлестірем, болашағыңды болжаймын, дертіңді қағып тастаймын, тек ақшаңды аяма деп, елді сүліктей сорған тонаушылар екені айдан анық. Қазір осындай жалған емшілер аруақты бабалардың мазарларының да айналасын ластап, түнеп маза беруді қойды. Жетісу өңірінің Шалкөде жайлауында туған, ғұлама ғалым қара үзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы (1388-1485 жж.) өзінің «Шипагерлік баян» атты кітабында осыдан бес жарым ғасыр бұрын емшілерді екі топқа бөлген. Біріншісі – болжайтын көріпкел шипагерлер. Екіншісі – дәруі күшті шипагерлер. Өтейбойдақ бабамыз: «Емші дегеніміз – ешкінің денесін көрмей мүйізін ғана көру» деп емшіге мол білім, ұстамдылық, имандылық керегін қатаң ескертеді. Осы ұлы ғалым шипагерлерге: «Әуелі сырқатынды емдерде: «Біссміллә» де, «Менің қолым емес, мың жасаған шипагерлердің пірі – Лұқпан Хакімнің қолы де», – деп емшілік қағидасына адал болуға шақырады: «Арамнан жиналған дәулетке қызықпа», – деп Өтейбойдақ бабамыз айтқандай өзін емшімін дегендер халыққа тегін қызмет етуі керек. Ал, әлгі Фархат алдампаздың елге арнаған өсиетін оқып отырып, оның есінің дұрыстығына күмән келтіруге болады. Егер ол аса құдіретті болса Қытайда қиналып жатқан қандастарын құтқарып алмай ма? Фархаттай атаққұмарларды көпіртіп, желпіндіріп, ақыры моральдық трагедияға душар еткен журналистердің де халық алдында жауап беретін кезі жетті. Мен емші ретінде халқыма: «Әлгіндей жалған әулиелерден» аулақ жүріңдер, оларға алданып жүргендеріңде дерттерің асқынып кетіп, өздерің азап шегесіңдер, әр уақытта абай болыңдар, лақаптың бәріне сене бермеңіздер», – дегім келеді. «Жетісу» газеті, 13.03.1999 ж.
КИЕЛІ БАБАЛАР РУХЫНЫҢ ҚАРҒЫСЫНА ҚАЛМАЙЫҚ?! Аллаға шүкіршілік, бүгінде ұлтымыздың барлық үлкен-кіші азаматтары жасына, жынысына, біліміне, дәрежесіне, ғылыми атағына т.б. ерекшеліктеріне қарамастан ислам дінінің шариғат заңдарын құрметтей бастады. Сабырлық пен тәубесіне келуде ірі мәдени ортаны қалыптастыруда діни сенімнің пайдасының молдығы анық айқындалуда. Бұрын тарихта аттары аталмаған, ерекше тылсым құпия сырларының неше алуан ғаламаттарын меңгерген әрі дәлелдеген киелі рухты бабалардың да есімдері аталып, еңбектері зерттелумен ұлт тарихының ортасынан орын алып ұлттық мақтанышқа айналуда. Халқымыздың азаттығы үшін күрескен дана, кемеңгер, ғұлама, батыр бабаларымыздың ішінде ерекше киелі қасиеттері барлары көптеп саналады. Бірақ, бұл бабалардың бір бойында адамгершіліктің көптеген ұлы қасиеті болғаны тарихтан мәлім. Дегенмен, олардың ақындығы, шешендігі, көсемдігі, батылдығы мен батырлығы жөнінде азды-көпті зерттеулер болғанымен олардың кейбіреулерінің тылсым құпия сырларының шеберлері екендігі жөнінде, қажетті толық танымдық материалдардың жетіспеуінен әлі зерделеп зерттеу толық басталған жоқ. Егер қазақ халқының тарихына зер салатын болсақ осы заманның басында өмір сүрген Майқы би болашақтың төрт мың жылын болжап, бүгінде аты әлемге әйгілі француздың дәрігер-болжаушысы М.Нострадамус болжауынан ары екі жүз қырық жылды асырып болжап айтқан. Әйгілі Асан қайғы бабамыз өмірінің соңында алтын орда орнына пайда болған хандардың жойылатыны жөнінде айтқаны дәл келген. Ол қазақ даласын желмаямен желіп жүріп, айтқан көрегендігі мен болжампаздығы ерекше ғылыми зерттеулерге жол ашады. Ұлы жүз ұрпағы Өтеген батыр Абылай хан түсін дәл жорыса, Әлмерек абыз өзінің ұрпағының болашағы жөнінде айтқандары шындыққа айналды. Пір Бекет бабаның көрегендігіне де таңғалмасқа шара жоқ. Қазақтың Бұхар жырау, Қашаған, Қабан жырау, т.б. ақындарының жыр-толғауларында болжампаздықтың ерекшелігі байқалады. Өткен айдың ортасында туғанына 150 жылдығы Павлодар мен Баянауылда республика көлемінде ерекше аталып өткен ғұлама ғалым, ақын, жазушы және көріпкел-болжампаз Мәшһүр Жүсіп Көпеев өзінің қолжазбасында: «Ораздының баласы – он бесінде бас болар... Кембағал байғұс баласы, жиырма бесте жас болар...», – деген болжамы да өмір шындығына ұласады. Мәшһүр Жүсіп Көпеев бабаның көрегенділігі ол көзінің тірісінде қайтыс болардан бір жыл бұрын асын берген, бір жылдан кейін о дүниеге қайтатыны жөнінде айтқаны да дәл келген. Ал, XVII ғасырда Ақтөбе өңірінде дүниеге келген елінің биі, шешені, көсемі және болжампазы Мөңке би Тілеуұлының атағы алты алашқа әйгілі болған. Мөңке бидің тылсым құпия сырлары жөнінде ғалымдар, ақындар, жазушылар А.Жұбанов, С.Негимов, Ә.Кекілбаев, А.Байтұрсынов, М.Ж.Көпеев, Б.Омаров, Ш.Мұртаза, Н.Байғанин, т.б. еңбектерінде және Ақтөбелік газеттер «Шалқар», «Ақтөбе» және республикалық «Ана тілі» газеттерінде көптен жазылып келеді. Кейінгі кезде Мөңке би туралы үш-төрт кітап та баспадан шықты. Осындай халқы таныған киелі рухты бабалардың ерекше тылсым құпияларын халқы танып, кешегі табынып таңғалып келген М. Нострадамус пен болгариялық Ванга әжейдің қасиеттерінен де кем емес, бабалардың ұрпағы екендігімізді ғылыми негізде дәлелдей отырып, олардың тылсым құпиялы ерекшеліктерін танитын уақыт жеткен сияқты. Иә, өз бабаларының осындай қасиеттеріне бас иіп, мақтаныш етіп зерттеушілерге ризалығын білдіріп жатқан ұрпақтары да аз емес. Олардың қатарына Оңтүстік, Түркістан, Тараз, Павлодар аймағының әкім-қараларын атауға болады. Соның дәлелі Павлодар облыстық және Баянауыл әкімшілігінің басшыларының қауымдастықтың басшысын арнайы Мәшһүр аталарының мерей тойына құрметті қонақ етіп шақыруы да, бабаның тылсым құпиясын зерттеудегі еңбегімізді бағалағандық деп түсінеміз. Шілде айының ақырына Ақтөбеде жоспарланып, бес айға жуық дайындалған «Қазақтың көріпкел және болжампаз бабалары құпиялары» атты республикалық форумның өткізілмеу себебі, Ақтөбе облыстық әкімінің орынбасары Жеткерген Оралмахамбетовтың көшедегі емші мен қараның сөзіне еріп, Бас әкімге жасаған жалған ақпаратымен тоқтатылғанымен /мамыр айында хат арқылы келісілген/, Түркістандық әкімдер екі сағатта келісімін беріп, форумның өз уағында жоспарлы бағдарламасы бойынша өтуіне жағдай жасады. Форум нәтижелі өтті. Қатысушылар риза болды. Бірақ, Ақтөбелік әкім-қараларға деген реніш форумға қатысушылар мен қауымдастықтың тарихында мәңгілік «қара дақ» болып қалды. Өзінің туған бабасы санайтын Мөңке бидің «Ежірей ұрпақтары» енді өз халқының алдында арсыздығы мен қоғамдық ұйымға жасаған қиянатын біз кешіргенмен, Мөңке бидің рухы кешірмесі анық. Бүгінде Мөңке би рухы бізге аян беруде. Мөңке бидің аяндарын газеттің келесі сандарында оқырманға таныстырамыз. Жеткергендей жетесіздерге Мөңке бидің рухын ұрандап барғандарға жасаған қиянатын Алла тағала кешірмес. Сөз соңында, түркістандықтардың төңірегіне жиналайық, Павлодар мен Баянауылдықтардан үлгі алайық. Өз атасы Мөңке бидің рухының киелі қасиетін сыйламаған ақтөбелік әкім-қаралардан жиренейік. Алла Тағала өз бағасын берсін! «Шипагерлік баян» газеті, №09, 2008
ЖАҚСЫЛЫҚҚА – КӨРЕ АЛМАСТЫҚ ЖАСАУ НАДАНДЫҚТЫҢ БЕЛГІСІ Әр жылдың беретін, сыйға тартатын жақсылығы болады. Осындай қуанышты жағдайлардан қауымдастықтың мүше-емшілері де өз үлесіне ие болды десек, артық айтқандық болмас. Тышқан жылында аяқтарын тездетіп нық басқан емшілер де өздерінің ырызғыларын тере жүріп, халықтың денсаулығын жақсартуына және салауатты өмір салтын қалыптастыруына жекелей үлестерін қосты. Қызметтерінде жақсы табыстарға қолдары жетіп, емделушілердің алғысына да бөленуде. Дегенмен, емші-қауымның өмірінде күнде өзгеріске толы сын мен сынақ қатар жүріп келеді. Олардың шипалы алақаны мен дұғалық емінің қонымды болуының әртүрлі болуына байланысты, теріс пікірлердің де кездесіп жататынында бір шындықтың көрінісі барын аңғартады. Егер де емші жөніндегі ХV ғасырдың ғалым шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының пікіріне жүгінсек: емші мәдениетті, сауатты, білімді, мейірбанды болу керек. Осы талапты орындай алмағандар тарапынан кемшіліктер кездесетінін мойындаған жөн. Халық шипагерлігі әр халықтың қанымен аралас ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын тектік құпиялы қасиет. Бұл тылсым сырды емші бойынан хан да, қара да, құдіретті қарулы күш иесі де ала алмайды. Бұл қасиетті мәңгілікке апару, мәдениетті дамыту мен абыройын асқақтату жеке емшінің ары мен ұятына және иманы мен сабырлылығына тәуелді. Бұл да емшінің парасаттылығын білдіреді. Қазақстан халық емшілері қауымдастығы республикалық қоғамдық бірлестігі өзінің құрылғанына он жеті жылдан аса мерзімінде, халықтың шипагерлік өнерінің мұрагерлері емшілерді бүгінде жекеменшігіне айналдырғандар мен оның сыбайлас жақтастары және қорғаушылары тарапынан өсек-аяңымен көлденең кедергілерін әлі де тоқтатар емес. Бүгінде екі жылдан бері қауымдастықтың аты мен қызметі қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде өзінің жеке сайтынан әлемге танылған қауымдастықты тарады, заңсыз дегендей, тағы басқа да арсыз сөздер таратуда. Бұл да Алланың сынағының бір көрінісі шығар тәубе деп, қауымдастықтың мүшелері өз қызметін абыроймен жалғастыруда. Бұның да себеп салдары бар болғандықтан халықты жалғандыққа баулып, Алла тағалаға серік қосып, өлген аталары аруағынан бата алып берушілердің надандық қылықтарына қарсы қауымдастық атынан айтылған сындар әлдебіреулерге ұнамағанымен, шындықтың толық дәлелденері анық деп қорытынды жасай аламыз. Алайда, «іштен шыққан жау жаман» демекші, бұл жаулықтың басы осыдан он бес жыл бұрын басталып олардың үні өшкенде, енді кешегі маскүнем күшіктерде емшілікке қолы жеткенде шәуілдей бастады. Олардың аузын ашуына кейбір заңды шығарушы, қорғаушы, бақылаушы, орындаушы орындарының қызметкерлері өзі іске асырып отырса оған таңғалмайық. Осыдан он жеті жылдай бұрын осы заңды ұйымда яғни, қауымдастықта тіркеліп, өзі сыбайластарына көмектесіп қауымдастықты жоюға әрекет еткендер де масқара болған. Әділет министрлігінің сайтында он алты жылдан бері тіркеуде тұрған, осы қауымдастықтың атын, осы министрліктің Алматы қалалық департаменті өзінің адал жарын алдап жазықсыз жесір, ал үш баласын тірідей жетім қалдырған, сырқат жандардың басын айналдырып әулиелер моласына тәу еттіріп пайда тауып жүрген, жеке басының қасиеті ғылыми тұрғыда дәлелденбеген Бақкелдиев Базарбекке сыйға тартуына таңғалмайық. Б.Бақкелдиев жиырма жылдан аса бірге тұрған отбасына сатқындық еткенін ескерсек, оның ары мен ұятының өлшеміне таңғалмайық. Өйткені заң шығарушылар өздері заңды бұзушылар екені олардың қауымдастықтың Төралқасына жазған жауап хатында анық байқалды. Өте күлкілі. Ұятты да. «Шымкенттен – бәрі шығады» демекші, бармақ басты, көз қысты танысың болса, ҚР Әділет министрлігінің Алматы қалалық әділет департаментінің тіркеу бөліміндегі кейбір жауапты қызметкерлерімен оның қолдаушы басшылары бәрін де істейтініне таңғалмаңыз. Сонда мемлекеттің заңын қорғаған Алматы қалалық әділет департаментінің қызметкерлерінің сыйқы осылай болса, басқаға өкпелемейік ағайын?! Иттердің саны көбейіп үрген сайын, қауымдастық керуені алға жылжуда. Қауымдастық тарапынан 2004 жылдан бері бес рет әр түрлі тақырыптарда халық емшілігі туралы халықаралық конгрестер мен форумдар өткізілсе, оның нәтижесі де көрініс беруде. Ғылыми танымдық жинақтар жыл сайын шығарылуда. Аллаға шүкіршілік, сенім бар жерде қауымдастықтың қызметі де халық шипагерлігін ғылыми жүйеге келтіруде табысты болуда. Көптеген ғылымдардың ғалымдары мен зерттеушілері қауымдастықтың емшілерінің қызметі мен тылсым сырларын зерттеуді бастады. Бұл да қауымдастықтың қызметінің жетістігінің бір саласы болмақ. «Шипагерлік баян» газетінің қызметі де рухани танымдық, сауықтыру мен имандылық саласында жалғасуда. Бүгінде газет халықтың іздеп оқитын басылымына айналды. Қауымдастықтың «Шалкөде» баспасынан жыл сайын өзінің мүшелері мен мамандарының бірнеше кітабы баспадан басылып шығып, өз оқырмандарын табуда. Қауымдастықтың қызметі мен жүзден аса емшілерінің жетістіктері екі жылдан бері интернет арқылы таратылуда. Емшілердің шет елдермен байланысы нығайып, оларды өз елдеріне ем жасауға шақыруда. Осындай жетістікке жеткен қауымдастықты жоғарыдағы көреалмастардың аузы қалай жамандауға барғанына таңғаласың?! Олар бекер ұраншыл болғанша, біз сияқты халық пен қоғам алдында есеп беріп тұрса дұрыс болар еді. Олардың қолдаушысы, қорғаушысы, тіреніші мен мекенжайы болғанымен, жеке сайты, газеті, баспасы бар ма, қайырымды қызметі өтелуде ме, Қазақстан мен шет елдердің ғалымдары мен емшілерінің басын қосып өткізген халықаралық конгрес пен форумдары болды ма? Ғылыми жұмыспен шұғылданды ма? Міне осыны айтса екен, шіркіндер! Амал қанша, бейшаралардың түгі жоқ болса несін айтсын! Қауымдастық өз құрамының санына емес, сапасына көшуде. Арам ниетті, халық пен қоғамды алдаушыларын құрамынан шығаруда. Филиалдары басшыларының білімін жетілдіруге, қабілетіне қарай тағайындау іске асырылуда. Ақпарат құралдары мен телерадио тораптарында ұдайы халық шипагерлігі мен діни үгіт насихаттар тұрақты беріліп келеді. Емшіге жаны ашитын да, құқын қорғайтын да, бойындағы тылсым қасиеті мен тылсым сырларын тарихқа қалдыратын да, болашақта ұрпағының алдында адал болып мәңгілікке тарихта қалуына, сүйеніш те, тіреніш те, жолын бастаушы да осы Қазақстан халық емшілері қауымдастығы республикалық бірлестігі деп толық айтуға құқылық толық негіз бар. Әлдебіреулердің қос діңгекті қосу теориясының (ғылыми медицина мен халық емшілігі) орындалуы үшін әлі кем дегенде жарты ғасыр уақыт қажет керек екендігін ғылыми түрде дәлелдеу қиын да емес. Біз бір діңгекті жүйе үшін қызметімізді жалғастыра бермекпіз. Күрессіз жеңіс те, бақыт та жоғын қауымдастықтың ұжымы жақсы біледі. Қауымдастықтың Төралқасы өзінің мүшелерін, барлық емшілер мен жанашырларын жаңа жыл мерекелерімен құттықтап, отбастарына амандық, дендеріне саулық тілейді. Жаңа жыл баршамызға табысты жыл болсын. Әумин! «Шипагерлік баян» газеті, №1, 2009
| ||
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 | ||