ғұмырнама
14
 
главная                                        вернуться

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15  16  17  18  19  20  21  22  23  24  25  26
 


 

 

 

«Халықтық шипагерліктің» – Көшбасшысы

 

Құрбанқожа Сансызбай

п.ғ.к., профессор, академик

Түркістан қаласы

 

фотоҚазіргі таңда еліміздің халықтық шипагерлігінің (емшілігінің) қара нары атанған, Қазақстан халық емшілері қауымдастығының тұңғыш ұйымдастырушысы-Президенті, мәдениеттанушы ғалым, профессор, академик, зерттеуші Зиядан қажы Қожалымов мырза көп жылдардан бері халқымыздың баға жетпес құнды да рухани ерен байлықтарының бірі де бірегейі болып табылатын – халық емшілігінің сырлары мен тылсым құпияларының ғылыми астарын ашып келеді. Жалпы халық пен бүкіл оқырман қауымға түсіндіру жолын қарастыруды қолға алып және бүгінге дейін сол ісін үзбей жалғастыруда. Ғалымның жиырма жылдан астам уақытта баспасөз беттерінде жарияланған ғылыми-танымдық, мәдени-тәрбиелік, ғылыми-көпшілік, халық емшілігінің өткені, бүгіні және болашағы туралы, жеке сын мақалалары мен жиналыстарда сөйлеген сөздері, зерттеулері, жарық көрген еңбектері мен арнайы пікірлер т.б. құнды рухани мәселелерді қамтыған еңбектерінің тұжырымдары енген бірнеше еңбектері бар. Ол еңбектері мысалы: «Рухани емшілік ғаламаттары» (2006), «Шипагерлік дәстүрі және философиясы» (2009), «Қазақтың дарынды емшілері» (2010), «Ғаламның жұмбақ сырлары» (2010), «Халықтық шипагерліктің бәйтерегі» (2011), «Орындалған арман (2012), «Өмірімнің тағдыры» (2013) т.б. көптеген осындай көлемді еңбектер.

Бұл қолға алынған еңбектер бүгін және келешек ұрпақ үшін баға жетпес құнды рухани жағынан үлкен шаруа болып табылады.

 Бүгінге дейін тарихымызбен мәдениетіміздің бұрмаланып келгенін қайта түлетіп, өлгенімізбен өшкенімізді және жоғалғанымызды тауып жинақтап жатқан тұста, сан ғасырлар бойы халқымызбен бірге ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан емшілік өнері мәдениетінің тылсым құпиялы сырларын жаңа заманның ғылыми-технология тұрғысынан жетелеп, жалықпай-шаршамай, зерделеп, қарап, бүгінгі өркениет көшіне қайта қосу біздер үшін парыз, әрі қарыз. Ғалым Зиядан мырзаның еңбектерінде, мақалаларында шындық пен болжампаздықтың нәтижесі анық көрсетілген, әрі дәлелденген. Мәселен, оның «Жақсылық ойлаған жардан құламайды», «Дәрігерлікті қалқан қып, салықтан жалтарып жүрген», «Қолында Құраны, аузында иманы», «Қызметіміз бен мақсатымыз адалдық жолында», т.б. мақалаларында емшілік саласындағы кемшіліктерді нақ, дөп басып айта келіп, емшілердің сандық құрамының азайып, салалық сапалық құрамға айналғанына тоқталады. Ал, «Киелі бабалар рухының тылсым құпиясын таныдық па?» – деген мақаласында бабалары Мөңке бидің рухын сыйламаған Ақтөбелік әкім қараларды сынға алады. Оның бұл идеясы халқымыздың «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» – тұжырымдамаларын анықтай түседі.

Міне, ғалым Зиядан мырза ізденуші-зерттеуші ретінде осы олқылықты қырағылықпен, көрегендікпен дөп басып айтып отыр. Бұл нағыз ұлтжанды азаматтың перзенттік, парыздық әрекеті десе болғандай. Өйткені, тарихи деректік құжаттардың бұрмалануымен қоса жалпы халық емшілігіне деген қоғамдық көзқарастардың өзінің сан алуан болуы, бұл әрине мақалаларында зерттеу жұмысының қаншама қиындықтары болатыны айтпаса да айдан анық көрініп тұр. Қазақ халхының өзіне тән емшілік мәдениетінің болғанын, оның өз заманында халық қажетіне қызмет еткенін зерттеп-зерделеп, оның үстіне ғылыми тұрғыда дәлелдеп жеткізе білу үлкен қиын іс.

Халық емшілігінің тарихын ғылыми тұрғыдан зерттеп-зерделеуде Зәкеңнің XV ғасырда дүниеге келіп, артында өшпестей мәңгілік рухани ғылыми еңбек қалдырған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының, «Шипагерлік баян» атты медициналық энциклопедиялық еңбегін зерттеп ғылыми айналымға енгізуі әрі оған  арқа сүйеуі әбден-ақ орынды. Зерттеуінде еңбектің құндылығы мен маңыздылығын ұлттық философиялық танымда нақ тұжырымын бере алды. Қысқасы, Зядан Қожалымов қазақ ғалымдары арасында ғалым-шипагер Өтейбойдақ еңбегін тұңғыш зерттеп, тыңнан жол салған зерттеуші ғалым екенін мойындағанымыз ғылымға құрмет болмақ.

Ұлтымыздың даңқын әлемге танытқан Платон, Аристотель, Гален, Гиппократ, әл-Фараби, т.б. ғұлама ғалымдардан ілім алған әйгілі ибн Синадан кейінгі Өтейбойдақтай емші бабамыздың рухани бай, баға жетпес мұраларын қайта тірілтіп, оның бүгінгі таңдағы ғылыми айналымға қайта жаңғыра отырып енуіне ықпал ету, терең зерттеп-зерделеуді қажет етеді. Халықтық емшілік тақырыбына бұған дейін терең бойлап зерттеп-зерделеу әрекетін жасаған ғалымдар жалпы айтқанда жоқтың қасы.

Зиядан Қожалымовтың еңбектерінің бәрі де халықтық емшіліктің б.д.д. мен осы заманға дейінгі «құпия» сырларын ашуға арналған. Бұл еңбектер ең алдымен осы тақырыппен қызығушы ғылыми ортамен халық емшілері үшін таптырмайтын дүние. Халық емі жөнінен әртүрлі ғылыми тың тақырыпта еңбек жазуды қолға алудың өзі де үлкен ерлік.

Тыңнан сара жол салып халқымыздың емшілік мәдениетінің рухани мол баға жетпес құнды мұра, қазына байлығына тереңдей үңіле білу Зәкеңнің қолынан келер іс деп ойлаймын. Әрине, қай уақытта болмасын тыңнан түлен сала білу ешкім үшін оңай іс бола қоймасы айдан анық. Әрі бірқатар олқылықтардың да орын алуы заңды құбылыс. «Көш жүре түзеледі» – дегендей Алла қаласа керуен жолға шықты, сең бұзылды.

Шипагер ғалым З.Қожалымовтың осы беталыспен халқымыздың емшілік дәстүрлі мәдениетін жүйелеп ғылыми деңгейге көтере беруі, онда сенімнің ақталғаны. Алғашқы қарлығаш қанат қақты, енді қалғандары да соңынан ерер деген үміттеміз. Сең бұзылып, сара жол салынды. Енді тек авторға сәттілік тілейміз. Еңбектердің бәрі де жарыққа шығып, ғаламтордан көрініп халыққа қызмет ете бастады, қадамы құтты болсын.

Тынымсыз атқарылған адал еңбек ескерусіз қалмайды.Бұрын ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Алғыс хатын» алған ғалым-шипагер З.Қожалымов мырза өзінің торқалы мерейтойы қарсаңында, өзі басқаратын «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» арнайы «Ұлттық бизнес-рейтингтер Халықаралық рейтинг одағының» (Ресей, Украина, Қазақстан, Белорусь) «Сала көшбасшысы-2013» атағына ие болып, арнайы алтынмен қапталған «Сала көшбасшысы» қабырға медалімен және «Сала көшбасшысы-2013» Ұлттық сертификатымен марапатталды. Аталған ұйымның шешімімен З.Қожалымов мырза да көп жылғы еңбегінің нәтижесінде отанның алдындағы сіңірген адал еңбегі үшін «Қазақстанның Даңқы» орденімен марапатталды. Бұл да ешкімнің таласы жоқ таза еңбектің жемісі. Ел тәуелсіздігіне дейін «халық емшілігі» тек ауыз екі айтылып атадан балаға өтіп жалғасып отырды. Жазба түрі болмады, болғанның өзінде қолдандырмады. З. Қожалымов халық емшілігінің тастай қатқан мұзын жарды, сеңін қозғады оның жарқын жолына көрсете білген білгір басшы, жігері мықты нағыз білгір ғалым-шипагер және халықтық  шипагерліктің нағыз көшбасшысы екені уақыт өткен сайын айқындалып асқақтап барады. Мұны Егеменді еліміздің үлкен жемісі деп ойлаймын.

«Шипагерлік баян» газеті, №4, 2014

 

Рухымызды әуелеткен ән мен жыр

      

Құрбанқоджаева Раушан

Биолог-емші

Түркістан қаласы

 

фото2006 жылы шілде айының шуақты күндерінде Түркістан шаһарында Қожа Ахмет Йассауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде жұбайыммен бірге қызмет ететін бір профессор ағаларымыз сендер бізге екеуінде қосылыңдар, аруақ жолында жүрсіңдер деп қоймады. Кейін 2007 жылдың жаз айында Шымкент шаһарында Халықаралық емшілер  конгресі болады соған жүріңдер деді. Бір күндері бізге арнайы шақыру хат беріп жіберіпті. Бәріміз барып Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті З. Қожалымов мырзаға жолығып, амандасып таныстық. Ертең азанда конгрес басталады соған келе беріңіздер деп бізді қайтарып жіберді.

Конгрес өз уақытында, жеке бағдарламасына сай басталды. Өте қызық болып өтті. Біз жұбайымыз екеуміз қызықтық. Сол жерде профессор ағамыздың, президентіміздің және менің жұбайымның кітаптары таратылды. Бәрі де қуана-қуана алды. Екі күн конгрестің қалай өткенін байқамай қалдық. Қызық болғаны сонша арасында конгреске қатынасушылар шаршамасын деп музыкалық (саздық) әуендер жіберіліп отырды. Олардың соншалықты жақсы әрі тартымды орындалғандығы сонша, жан-дүниеңді қозғап рахаттанып қаласың. Президентіміз З. Қожалымов көп әндердің сөзі мен сазын өзі жазған екен. Мына емшілер қауымдастығының президенті Зиядан ағаны алғаш тек ғана басшы ретінде білсек оның бойындағы ғаламат ақындық пен сазгерлік қасиетін енді біліп таңғалдық, әрі риза болдық. Осындай көңілді, мәдениетті, емшілердің басын біріктіріп жан-жақты рухани білім беретін халықаралық конгрестер мен форумдарды Шымкент пен Түркістан қаласында бес рет ұйымдастырған  басшымыз З. Қожалымовтың ұйымдастыру қабілеті мен адамгершілігіне және емшілерге деген құрметіне тәнті әрі риза болдық.

Тағы бір ерекшелігі әр жылы әр қалада өтеді. Оған қоса ай сайын «Шипагерлік баян» атты газет шығып тұрады, оған өлеңдері музыкасымен жарық көрді. Сонымен қатар жылда  өтетін жиналысқа дейін емшілік жайлы ғылыми жинақ шығып тұрады. Енді бірнеше жылдан бері біздің бүкіл мәліметтеріміз ғаламторға ендірілген. Бүкіл әлем біз жайлы біліп отырады, өзінің арнаулы сайты да бар.

Мәселен 2010-жылдың шілде айында ғылыми жиын Астана қаласында өтті, оның тақырыбы «Рухани және музыкалық шипагерлік» – деп аталды. Бұл жерде біздің халықтық шипагерліктің ішінде музыка мен дұғалар арқылы  сырқаттарды емдегендігі бар екендігін дәлелдеді. Бұл кездері бақсылық өнердің де талай құпияларын ашты.

Әрбір конгресс, конференция, форум басталардың алдында, заңды түрде Құран оқылады. Одан кейін сол болып жатқан конгресс, форум, конференция, симпозиумға арнап президентіміз арнауларды өзі жазып келеді. Оны орындайтын жыршыларымыз да бар. Мәселен Түркістанда:

«Бисмиллә сөздің басын бастағаным,

Шырқалсын шартарапқа асқақ әнім.

Еленген ел ішінде еңбегімен,

Армысыңдар ақ ниетті емшілерім», – деп басталса,

Таразда: «Ассалаума ғалейкум ағайындар,

Ежелден ел жұртында бағалылар.

Шипагерлер конгресі құтты болсын!

Ел өнері тарихында орны барлар», – деп.    

Астанада:

«Самалы Сарыарқаның сағымданды,

Талайдың осы жерде бағы жанды.

Елімнің ұрпағының басын қосып,

Қазақтың ұлылары туын тікті», – деп келеді.

Алматыда ерекше басқосу болды. Бұл 2011-жылы болатын. Онда Қазақстан халық емшілер қауымдастығының құрылғанына жиырма жыл толған еді. Соған арнап З.Қожалымов ағаның «Халықтық шипагерліктің бәйтерегі» атты үлкен жинағы шығып, ол үш тілде (яғни қазақ, орыс, ағылшын) жарық көріп бүкіл емшілерге таратылды. Оған қосымша бұл мәліметтің бәрі ғаламторға енді. Керек деген кісілер бүкіл мәліметті ала алады. Ол қаладағы арнау былай басталады:

       «Көңілді мейман менен шипагерім,

       Сағынып ел ішінен келгендерім.

       Қазақта тәуелсіздік орнағалы,

       Сұрағандар көбейіп емші жайын».

Әрине, бұл толғаулар ұзағынан болады, әрбір толғау 20-25 шумақтан кем емес. Мұндай іс тек біздің президентіміз Зиядан қажы ағаның қолынан ғана келеді деп ойлаймыз.

Осылай әр жылы әр қалаға барғанда бір марқайып қайтамыз. Себебі бұл арнаулар, өлеңдер бәрі де «Шипагерлік баян» газетінде жарық көріп жатады. Одан басқа әрбір жазған мақалаларымыз жинақ болмаса да газетке (үнпараққа) шығады. Бұл жалпы халыққа өте қажетті дүниелер болып табылады.

Кей кездері тамақ үстінде де ән айтылып, көңілдерімізді көтеріп отырады. Әрбір үзіліс кездерінде адамдардың жаны жай табатын қажы ағаның жеке баяу музыкасын (сазды әуенді) жаймен қойып қояды. Көбінде мына әуендер жан дүниеңді тербейді: «Ақ гүлім», «Шипагер баба», «Иманым», т.б. осындай жанға жайлы әуендер. Кей кездері көріністер көрсетіледі. Соның ішінде ең бір әсерлісі Зиядан қажы ағаның ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы туралы сценарийі мен музыкалық әнін сөзімен жазған сахналық «Шипагер баба» атты көрінісі. Оның соншалықты әсерлі болғаны жандүниеңді, қозғап жібереді. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының өмірі толығымен көз алдыңнан өтеді. Ол бабамыздың қандай қиыншылықпен артында баға жетпес рухани құнды мұра қалдырғанына таң қаласың.

Міне, осылай әр жылы әр қалада бас қосып конференция, форум, конгресс, симпозиум т.б. басқа ғылыми жиындар өткізіп тұру, біздің өшіп кеткен шипагерлік мәдениетіміз бен өнерімізді жандандыра түседі. Мұны жарыққа шығарып қағаз бетіне түсіріп жүрген әрине біздің президентіміз Зиядан қажы Қожалымов аға. Ағаның торқалы мерейтойы қарсаңында жақсының жақсылығын айту мен хатқа түсіру бізге бір қуаныш сезімін сыйлағандай шаттыққа бөлей бермек. Енді осы бастамадан қол үзбейік, әрі келешек ұрпаққа жеткізуге әрекет етейік.

«Шипагерлік баян» газеті, №4, 2014

 

 

 

ҚАБІЛЕТ ПЕН ҚАРЫМ

 

Қосшиев Назарбек,

Қазақстан Журналистер Одағының

мүшесі, Халықаралық «Шабыт-2004» фестивалінің дипломанты

Атырау қаласы

 

фотоАдамның қабілеті әр кезде әртүрлі болады дейді ғалымдар. Әрине, оны біз зерттеп көрген жоқпыз, зерттеп көретін маман да емеспіз-ау, сірә!..

Бірақ көкірек көзінде саңылауы бар әр адам өзгенің ынтасын, ілгеріге ұмтылысын байқайды. Іштей ой түйеді, жақсыға бағалайды. Бұл төңірегіне терең махаббатпен қарайтын әр пенденің болмысы, кісілік келбеті болса керек. Біз де сондай жақсыға іңкәр, ертеңгіге талаптанушы пенденің бірі болуға ұмтылып жүргеніміз рас.

Сондай сәттерде Халықтық және Шығыс медицинасы тақырыбында тарихи-ғылыми және кәсіби бағыттағы еңбектер жазған Қазақстан халық емшілері Қауымдастығының президенті, академик, профессор Зиядан қажы Қожалымовтың бірнеше еңбегі қолымызға тигені бар-тұғын. Өзіміз де бұған дейін әдебиетке құмарлығымыз болған соң қолымызға қалам алып жүргендіктен, сол туындылардың түпкі мағынасына шұқшиыңқырай үңіліп, авторының кім екенін іздей жүретініміз бар.

Негізгі мамандығы – инженер-электрик бола тұра, Зиядан ағамыздың қаламгерлікке біржола бет бұруы бірбеттіктен гөрі табандылыққа, зор қабілет пен қайсар қарымдылыққа, жігерлілік пен жалынды ойға жетелейді. Әйтпесе, өмірде ондай кілт бұрылыстар жасауға кез келгеннің батылы жетпей жатады. Ал, З.Қожалымовтың ерекше қасиеті – бір Алланың құдіретімен бойына дарыған емшілікті кәсіп етіп ғана қоймай, оның ғылым ретінде қалыптасуына өзіндік үлесін қосып жүргендігінде жатыр. Ол мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының негізінде жер жәннаты – Жетісудің Шалкөде жайлауындағы Айғайтас бөктерінің перзенті – жаһангер, ғұлама ғалым, шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының (1388-1485) «Шипагерлік баян» атты еңбегінің әлемдік дәрежеде бағаланып, оның ел ғылымының мақтанышына айналуына сүбелі үлес қосты. Халқымыздағы емшілік туралы тұңғыш арнайы рисала-еңбек жазған ғалым-емші, тарих саласының білгірі Өтейбойдақ Тілеуқабылұлын бүгінгі заманға әкелді, жаңаша сөйлетті. Шипагер еңбегін 10 жылдан аса зерттеу өз нәтижесін беріп, осыдан 5 ғасырдан астам уақыт бұрын жазылған шоқтығы биік туынды, ішкі дүниесінен нұрын шашып тұрған имандылық кітабы жұртына қайта оралды.

«Шипагерлік баян» кітабын оқыған сайын жаңа атау, жаңа ғылыми шешім, жаңа тарих, шежіре, жаңа емдік анықтама, емдік әдіс-тәсіл, дәрі-дәрмек түрлері, табиғаттың ғажайып сырлары, ислам дінінің керемет құпиялары, өзге де біз түсініп-білмейтін тылсым сырлар ашыла береді. Адамның тәні тазарып, жаны рахаттанып, бір ғаламат кеңістік үстінде қалқып ұшып жүргендей сезінеді.

Қазақ ғалымы Өтейбойдақтың рухына арнап, 2009 жылдың шілдесінде Тараз қаласында 480-ге жуық шетел және Қазақстан ғалымдары мен емшілері, өзге де салалардың мамандары қатысқан халықаралық конгресте ғұламаның «екінші ибн Сина» екені отандық ғалымдар тарапынан ғана айтылып қойған жоқ, Франция, Қытай, Ресей, басқа да шетел ғалымдары осы пікірге толық қосылып қуаттады.

Қытай елінің Мемлекеттік сыйлығын алып (1997 ж.), жарты ғасырдан кейін өз еліне оралған ғалымның аталмыш еңбегінің желісі бойынша Жамбыл облыстық драма театрының актерлері сахналаған жарты сағаттық қойылымның сценарийі, музыкасы мен әнін жазған да З.Қожалымов еді. Қазақстан халық емшілері қауымдастығы ұйымдастырып өткізген сол жиында жаһангер еңбегіне арналған ғылыми-зерттеу кітабының да тұсауы кесілді. Ғұламаның арманы осылай іске асты.

Бүгінде Зиядан қажы Қожалымов Шығыс медицинасының ешкім біле бермейтін өзгеше қырларын тереңдей зерттеп, Өтейбойдақ дәуірі мен бүгінгі заманның арасындағы ұқсастық және қарама-қайшылықты үйлесімді ұштастырып келе жатыр. Оның 300-ден астам еңбектерінің ішінде дәстүрлі емес халық медицинасы саласындағы артықшылықтар мен дәстүрлі медицинаға қабысар тұстар, шипалы шөптермен, тіпті қарапайым дене қимылдары арқылы ем-дом жасау тәсілдерін суреттеуге айрықша басымдықтар берілген.

Қазақстан халық емшілері Қауымдастығының президенті, белгілі парапсихолог З.Қожалымовтың республикадағы халық емшілерінің басын қосып, жыл сайын түрлі шаралар (конгресс, конференция, съезд, т.б.) өткізіп, олардың материалдарын оқып-түйсіну үшін жұртшылыққа таратуының өзі – ғылыми мекемелердің қолынан келер-келмес шаруа.

Тек «Рухани емшілік ғаламаты: Құран аяттарының емдік қасиеті» (Алматы, «Шалкөде», 2006) атты еңбегінің өзі қарапайым қалың бұқараның жоғары сұранысына ие. Бұл еңбекті ел қазір «Домашняя аптека-Үйдегі дәріхана» деп атап кетулі. Өйткені, мұның ішінде өзіміз күнделікті өмірде көңіл аудара бермейтін адам өңінің өзгеруінен бастап, жүрек-қан тамырлары, асқазан, бауыр, бүйрек, балалар және әйелдер аурулары, аллергия, ауыздан жағымсыз иіс шығу мен ауыртпалықтардан қалай сақтанудың шапағат-дауасы алфавиттік ретпен жүйеленіп жазылған. Ғалым, академик З.Қожалымов халық емшілері мен оқырман қауымға арналған осы еңбегінде адамдардың сырқатын емдеудің, қасиетті Құран Кәрімнің аят-дұғаларының құпиялы емдік шипасы, сопылық емшілік, арнайы дұғалар қасиеті, әртүрлі аурулардың емдік дұғалары және сиқырлық сырлары туралы еркін әрі түсінікті баяндайды.

Бұған дейін оқырманнан оң бағасын алған «Мәңгілік құпия шежіресі», «Шапағатты рух ордасы», «Халық медицинасының өткені, бүгіні, болашағы», «Дәстүрлі емес халық медицинасы», «Бақсылық өнерінің ерекшелігі», «Тылсым дүниенің құпия емдері», т.б. танымдық кітаптардың авторы «Рухани емшілік ғаламатында» дерттің қалай басталып, оған ем қолдану барысында қалай шипа қонатынына дейінгі толық процедурасын көрсетеді. Мұндай ғылыми еңбекті кез келген дәстүрлі медицина саласының кәсіби маманы жазып шығуы қиындау болар, сірә!..

Тарихқа үңілсек, жер бітіп, су аққалы емшілік қасиеттің қыр-сыры, тылсым құпиясы сонау дәуірдегі Орхон-Енисей жазбалары, одан бергі Әл-Фараби, Қорқыт баба, Әл-Бируни, Әл-Хорезми, Омар Хайям, Фирдоуси, Жүсіп Баласағұн мен Махмұт Қашқари, Ахмет Иүгінеки мен Қожа Ахмет Йассауи, кейінгі тізбек Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердиевтер арқылы жалғасын тауып отырды. Кейін Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, басқа да Алаш ардақтылары жалғастырып бізге жеткізді.

Белгілі қаламгер, ғалым, халық емшісі З.Қожалымовтың мұндай ерекше қасиеттеріне кәрі Каспий жағалауындағы Атырау жұрты да жақсы таныс. Оның осы өңірде сонау 90-жылдардың бас кезінде халық емшілері Қауымдастығының облыстық филиалы ашылуына септігі тиді. Филиалдың заман ағымына сай толық қалыптасып кетуіне әлі де айтарлықтай еңбек сіңіріп келеді.

Қазақстан Республикасының Президенті-Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал саясатын қолдай отырып, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуына өлшеусіз үлес қосып жүрген шипагер-ғалым З.Қожалымовтың атқарған қызметі мен төккен маңдай тері қашанда халық саулығын жақсарту бағытындағы ортақ бетбұрыспен үндесіп жатыр. Оның ел мүддесі жолындағы іскерлік қабілеті мен атқарған жұмысының қарым-қуаты елдік пен еселі еңбекке жетелейтін өрелі өнеге.

«Шипагерлік баян» газеті, №4, 2014

 

 

 

ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНГЕН ТҰЛҒА

    

Құттыбаева  Қализа  қажы

ҚХЕҚ-ның Ақтөбе облыстық

филиалының директоры

 

фотоЕгер  адамның  жаны, тәні, рухы таза  болса, оның өмірге деген көзқарасы дұрыс болады. Оған Құран ілімі – биік ғылым, сүннет ілімі – тазалық, заң  ілімі – тәртіп екенін  біле отырып, қоғамдағы тыныштық пен бірлік деп қабылдайды, ата-баба жолын қастерлейді, ұрпаққа  өткізуге  асығады.

Әр адамның өмір жолы оның Алла тағала белгілеген тағдырымен байланысты. Жаратушымыз өзінің сүйікті пенделерін өте ауыр әрі қиын сынау жолдарынан өткізетіні тарихи шежірелерден белгілі. Бүгінде өзі құрып әрі басқаратын, белгілі мәдениеттанушы ғалым, профессор, академик т.б. көптеген атақтарға өз еңбегі арқасында бөленген жандар қатарында біздің қауымымыздың басшысы, академик Зядан қажы Қожалымов десек артық болмайды. Зядан қажының ауыр күндерде халық емшілігі саласын өркендетуге қосқан үлесі мен көрген қиыншылықтары әлі көз алдымыздан тізбектеліп өтіп жатады. Бүгінгі  таңда тәуелсіздігімізбен бірге келген 23 жылдық тәжірбиесі бар, «Қазақстан халық емшілері қауымдастығының» басшысы, әрі зерттеуші, әрі ұлағатты ұстаз, академик Зиядан  Қожалымов ағамызды мақсаты да, талабы да, міндеті де ұлы ғалымдармен бірлесіп емшілердің сауатын, мәдениетін, халқына деген жылулығын арттыруға еңбек етіп тер төгіп жүрген құрметке бөленген ерекше тұлға деп білеміз. Зиядан ағаның XV ғасырда өмір сүрген қара үзген шипагер Тілеуқабылұлы Өтебойдақтың «Шипагерлік баянын» ізденіп зерттеуінің өзі біз емшілер қауымына үлкен абырой, атақ әрі тәжірибелік ұстанымымызға сабақ.

Мен қазақпын деген адамның төрінде тұратын «Шипагерлік баян» ұрпаққа тәлім-тәрбие беруге қажетті қазына деп білеміз. Әсіресе, жүрегі иманға жақын салт-дәстүрін сақтаған киелі, тегі мықты адамдарға таптырмас дүние. Іздеген адам өзіне керекті нәрсесін жүрекке жақын қабылдай алады.

Қазіргі заманда халықтық және ғылыми медицина қатар дамып отырған заманда өркениетті елдің «Шипагерлік баяны» таптырмас ғылыми жетістігінің белгісі. Ислам  медицинасы – тілдің тазалығы, иманның беріктігі, денсаулықтың жақсаруын қатар қорғайды. Халық медицинасы – ар-ұят, әдет-ұрып, салт-дәстүрдің талаптары мен табиғаттың заңдылықтарын негіз  етеді. Батыс  медицинасы – технология  жетістігімен жеке ағзалардың әлсіреу бағытымен ғылыми жетістіктерге байланысты дамиды. Шығыс медицинасы – ішкі ағзаның тазалығымен тәннің сұлулығына көп мән береді. Осы айтылған екі түрлі медицина саласының барлық бағытын, талабын, жетістігін зерттеп, талдап халықтың игілікті емдеріне қорықпай батыл қадам жасап «Шипагерлік баянның» ғылым саласында тәжірбиелік талапқа да, ғылыми жетістікке де жетуіне тер төгіп, еңбек еткен басшымыз, ғалым, ірі ұйымдастырушы Зиядан Қожалымов ағамыз халық медицинасын әлемдік деңгейге жеткізіп, соның ішінде қазақ елінің атын да, қасиетін де, тектілігін  де ХХІ ғасырдың озық техникалық даму сатысынан қалмай өркендеуіне зор үлес қосып келеді.

«Шипагерлік баян» – зерттеудегі құнды тармақтың бірі адам баласын имандылыққа, адамгершілікке, қайырымдылыққа, әдептілікке, отансүйгіштік бағытқа сілтей отырып, Аллаһ тағала мен оның елшісі Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) және ислам діні қағидаларын сақтауда адал болуға дұрыс сауатты нақты нұсқау бере алуында.

Мәселен, халал  мен  харамды ажыратуда 91-ді жеуден тыйым, 85-ті ішуден тыйым, 7-ге тиіспеуге, 41-ге жұғыспауды және 12-ден айырылмау сияқты бұлжытпай орындалуы тиісті міндеттің орындалатынын зерделеп зерттей білген. «Шипагерлік баян» нағыз ғылымның қайнар бұлағының көзі екеніне,  халықтың ұлттың мақтанышы, рухы биік қазына екенін айта аламыз. Халық  шипагерлігі де халықтың  қанымен аралас атадан ұрпаққа берілетін тектік қасиет болғандықтан зерттеуші ғалым З.Қожалымовтың қазақ халық шипагерлігінің ғылыми әрі тәжірибелік негізін қалап ғана қоймастан, ұлттық шипагерлік өнері ілімін, мәдениетін, әдіс-тәсілін әлемдік дәрежеге ғылыми танымдық деңгейге көтеруі үлкен ізденіс пен сабырдың, төзімнің, иман мен денсаулықтың жетістіктері.

Кеңес заманындағы солақай саясаттың ықпалы қазақтың халықтық емшілік жүйесін жоққа шығарғаны мәлім. Сол заманда тәлім алып атеистік жолға түскен кейбір жауапты орындарда отырған азаматтардың Қазақстан халық емшілері қауымдастығымен оның басшысы Зядан Қожалымовқа жасаған қиянаты аз болмады. Ол өзі айтқандай мыңдармен жалғыз күресті. Қазақстанның барлық аймақтарын аралап жүріп қауымдастықтың бөлімшелерін бірнеше рет қарсыластарының жаптырғандарына қарамастан және қаражатының жоқтығына мұңаймастан тыңнан жол тауып қайтадан ашып, бүгінде қауымдастықтың абыройын асқақтатып, оның қызмет түрін әлемдік аренаға шығара білді. Қауымдастықтың емші-мүшелерінің мәдениетін, білімін, адамгершілігін және имандылығын өркендетуіне ерекше ұстаздық және қорғаныстық қызметін аямады. Жыл сайын халықаралық дәрежедегі әртүрлі халықтық шипагерліктің тақырыптарында өткізілетін жиналыстар тек ғана, президент З. Қожалымовтың бағдарламасы негізінде табысты өтіп ғана қалмастан, шетелдерден қатысқан мамандар мен емшілерді де тәнті еткеніне біз мақтана аламыз. Алла тағала жаны қысылғанда Зядан қажыға ән мен жырын да нәсіп етті. Оның төл туындылары болған сазымен бірге шығарған әндері мен толғау-термелері бүгінде емшілердің ғана емес қарапайым халықтың рухани емдік-сауықтыру тәсіліне айналды. Рухы биік, ұлтының мәдени мұрасының бір саласы шипагерлік өнерін дамытудағы шипагер-ғалым Зядан қажы ағамыздың еңбегі бүгінгі ұрпаққа ғана емес, ғылым мен болашақ ұрпақ үшін де баға жетпес үлкен қазына. Бұдан бұрын емшілердің басқосуының өзі қиын болса, бүгін олардың ынтымағы артты, туысқандық қатынастары дамып келеді. Алдағы торқалы мерекелі тойына байланысты Зиядан қажыға Аллаһ тағала күш-қайрат, отбасына амандық-саулық берсін. Мақтау Аллаһтан болсын.

«Шипагерлік баян» газеті, №4, 2014

 

 

 

ТАҒДЫРЫ ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ АЙНАСЫНДАЙ

 

Қожахметов Болат

ҚР мәдениет қайраткері

Петропавл қаласы

 

фотоXX ғасырдың соңында бұрынғы Одақ көлемінде абыройы асқақтаған, талайларды мойындатқан, мықтымын дегендердің сесін қайтарған қазақтың әйгілі Одақтық дәрежедегі халық емшісі, бүгінде ширек ғасырға жуық Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті қызметін абыроймен атқарып келе жатқан, мәдениеттанушы ғалым, академик Зиядан Қожалымовтың есімі еліміздің орта жастан асқан тұрғындарына таныс. Емшілер қауымдастығын құрғаннан кейін Қазақстанның әр облысында апталап жатып, қауымдастығының филиалдарын өз қолымен құрғанын жұрт ұмыта қойған жоқ. Солардың бірі менмін. Қызмет орным – облыстық газеттің редакциясына күн сайын келіп, филиалдың қабырғасын қалағаны әлі есімде. Зекең магнит сияқты еді. Ол келгенде бәріміз айналасынан шықпайтынбыз.

Содан бері сырғып өте шыққан жиырма жылдан астам уақыт ішінде мен оны көрген жоқпын, алайда амандығына қанықпын.БАҚ беттерінен мақалаларын оқып жүремін. Енді міне, онымен жүзбе-жүз дидарласқандай болып отырмын. Соңғы  шыққан кітабы «Өмірімнің тағдыры» (Алматы, 2013) қолыма тиіп еді, бір-екі күннің ішінде бас алмастан оқып шықтым. Сөйтсем, Зекеңнің көрген бейнеті аз емес екен. Қарсыластары қауымдастықты жабуға қол жеткізгеннен кейін де, Зәкең  бас кеңсесін де, облыстардағы филиалдарын да қайтадан тіркеуден қажымады. Қуаныштысы сол – бәрі де құтты болды. Қауымдастық содан бері ұдайы жұмысын жүргізіп келеді, «Шипагерлік баян» деп аталатын төл газеті бар.

Осының бәрі «Өмірімнің тағдыры» кітабында егжей-тегжейлі баяндалған. Жалтақтауды білмейтін Зекең ақиқатты да айта білген. Қауымдастығына қақпан құрғандардың аты-жөндерін бадырайтып тұрып жазған.

Зекең – сонау тоқсаныншы жылдардың басында-ақ Мәскеуде де, Алматыда да өзінің қайталанбас сеанстарымен қалың қауымды мойындатқан тұлға. Ол аруақ қонған адамдарда артынан еріп жүретін, әрине жай адамдарға көрінбейтін жебеушісінің болатынын құмалақсыз-ақ бәрін де қолмен қойғандай қылып айтып бере алатын. Зекеңнің аруағы күшті екендігіне осы мысалдың өзі-ақ жеткілікті ғой. Алайда ол: «Аруағымен жебеп жүретін арғы-бергі бабаларыңның біреуінің рухы қасыңнан қалмайды» десе, дүйім жұрттың бәрі бірдей сене бермейді-ау... Сондықтан ол ауруханаға түскенінде үш сағаттың ішінде көзіне көрінген аруақтардың іс-әрекеттерін оқырмандар назарына ұсыныпты. Оның аруағы күшті адам екендігін білетін мен Зекеңе толық иланамын.

Зекең туралы айтқанда ұлтымыздың ұлы шипагері – Өтейбойдақ бабамыздың есімін ауызға алмай болмайды. Зекеңнің бірінші қолдаушысы Құдай болса, екіншісі  – осы ғұлама. Қазіргі тілмен айтқанда, медициналық энциклопедияның авторындай болып табылатын оның анау-мынау адамның тісі батпайтын «Шипагерлік баянын» шым-шытырық қалпында қалдырмай, XV ғасырдың дүниелігін XXI ғасырдың кәдесіне жаратқан Зекеңнің еңбегі орасан.

«Жігітке жеті өнер де аз» деген мәтел Зекеңе әбден қатысты. Ол қолы қалт еткенде өлең де жазады, ән де жазады. Ал қиыннан құрастырып, өлең жаза алатын адам, әрине, қара сөзге де қамшы салдырмайды. Бұл кітаптағы оның мақалалары, әзілдері – бәрі де осының дәлеліндей. Дәлел демекші, оның Өтейбойдақ бабасы туралы сахналық қойылымның сценарийін жазғандығын қалайша атап кетпеске?! Оған қоса «Шипагерлік баян» деп аталатын әннің мәтінін де, музыкасын да өзі жазған. Қайырмасы «Данышпан атам, ғұлама бабам» деп басталатын, екпіні жағынан маршқа ұқсайтын бұл әнді мәңгілік ескерткішке балауға әбден болады.

Бір ғажабы – білімді басшы, ғаламат шипагер Зекеңнің әндері де дәрі-дәрмек сияқты. Құдіретті қуатымен шипа болып дариды. Оның бір топ әндері, медициналық тілмен айтқанда, «музыкотерапия» ретінде пайдаланылды. Олар Астанада ғана емес, Англияда, Ирландияда, Италияда орындалып, көрермендердің бойын балқытты, ойын шалқытты.

Көңіліндегі көрікті ойды қағазға түсіруді қалайтын Зекең Омар Хайям сияқты рубаяттар немесе нақыл сөздер жазғанды да жақсы көреді. Кітаптың түйіні сияқты болып тұрған бұл топтаманы да орынды дер едік.

Өкінішке қарай, ширек ғасырға да толмайтын тәуелсіздік жылдарында өнімді еңбек етіп, 23 кітап шығарған Зекеңнің бұған дейінгі толымды туындылары қолыма тиген жоқ еді. Оның есесіне жарты ғұмырын баяндап бергендей болған соңғы кітабын оқып  шыққанымда автордың өзін көргендей әсер алғанымды несін жасырайын?!

Зәкеңнің алдағы торқалы 70 жылдық мерейтойы құтты болсын!

«Шипагерлік баян» газеті, №7, 2014

 

 

 

Зиядан  қажы ағамызға

 

Метжанова Анаргүл

Халық медицинасының магистрі,

биоэнерготерапевт, ақын.

БҚО, Орал қаласы.

 фото

Киелі шаңырақтың шипагері,

Дертке дауа, жанға шипа емі.

Зерттеу жұмыстары нәтижелі,

Көп жылғы еңбектері еленді.

Қайсар мінез, қажырлы да қайратты,

Қаншама шәкірттерін самғатты.

Ғылым, білім, ілімдері ұшан-теңіз.

Бар әлемге қауымдастықты мойындатты.

Сара жолды Өтейбойдақ баба салған,

«Шипагерлік баянын» жалғастырған,

Қазақтың байытып рухани әлемін,

Медицина мен емшілікті тоғыстырған.

Сөнген мұра, өшкен үміт қайта жанған,

Халқымен қайтадан қауыштырған.

Зядан қажы ағамыздың шарапаты,

Өтейбойдақ мұрасын табыстырған.

Табыстырған, таныстырған арыс қыран,

Биік-биік белестерді бағындырған.

Ордаңыздың рухы еш өшпесін,

Қайырымдылық пен имандылықты қолдап тұрған.

Ұзақ болсын ағажан өміріңіз,

Тарихта қала берсін есіміңіз.

Жетпістің белесінде қажымаңыз,

Әлі талай асулардан асыңыз.

   «Шипагерлік баян» газеті, №7, 2014

 

 

 

 

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15  16  17  18  19  20  21  22  23  24  25  26


В начало