ғұмырнама 5 | ||
главная вернуться 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 | ||
II ТАРАУ ЖЕКЕ СЫН МАҚАЛАЛАРЫ ЖАҚСЫЛЫҚ ОЙЛАҒАН – ЖАРДАН ҚҰЛАМАЙДЫ Тағдыр ауыртпалығын жас кезімнен-ақ көрсеткен Алла тағалам мені әлі де сынағынан босатпай келеді. Екі жасымда әкеден жетім қалған маған да, апам Өзипаға да өмірдің өткелді жолдары оңай болмады. Еліне ардақты «Ақ апа» атанған анам марқұм өте киелі жандардың ұрпағынан еді. Әкесі Сыбанбек ағын суды кері ағызған, өте күшті көріпкел әрі емші, құс, жәндік жануарлармен сөйлесетін, оның үстіне жылан тілін байлайтын бақсы екен. Нағашы атам Сыбанбекті және оның ұлдары Тоққожа мен Бекқожаны мен дүниеге келгенде-ақ ажал пәни дүниеге алып кеткен-ді. Ал, осы екі ұлынан қалған Асан деген бақсы, құмалақшы көріпкел және аруақпен сөйлесетін кісіні 6-10 жас аралығында өз көзіммен көріп, марқұмның қасиетіне таң қалған едім. Өз заманында әкелеріміз Қожалым да, Серке де, апам Өзипа да (Ақ апа) өте күшті суырып салма ақын болыпты. Тым жас кезімнен ұзақ ауырған адаммын. Санап отырсам жиырмаға жуық ауру түріммен ауырыппын. Менен бұрын емшілікке жұбайым Түймекүл бас иіп, 1970 жылдан бастап кішігірім ауруларды емдейтін-ді. 1989 жылдан бастап ең үлкен қызым Ләззәтқа қасиет қонып, 1990 жылы қыркүйек айында алғаш Таллин, одан кейін Ленинград қалаларында өткен халықаралық емшілер Симпозиуымында өте жоғарғы көрсеткішке жетіп, бірнеше ұйымның толық мүшесі деген куәлігін алды. Менің жанұямнан үшінші болып емшілікке бас иген екінші қызым Гүлзат болды. Гүлзат та әпкесі Ләззатпен бірге халықаралық дәрежедегі емшілер әрі бірнеше халықаралық ұйымдардың мүшелері. Кейбіреулер үшін тоқырау болған заман мен сияқты жетімдер үшін көзіміздің ашылып, көңіліміздің оянған шағы еді. Саралап қарасақ, әр уақыттың берері де, алары да бар емес пе! Ұзақ жылғы ауруымның сырын түсіндім. Отбасыма келген «Қыдыр Ата» рахымын алғашқыда білмей, жанұямнан шыққан жандардың емшілігіне қарсы болып жүрген кезде өзімнің құдірет торына ілінгенімді сезбей де қалдым. Анығын айтқанда, бір-ақ түнде Алла тағаламыз бәрін де көрсетті және бәрін үйретті де (қалай болды, не деді, бұдан әрі не көрдім – оның бәрі құпия). Қысқасы, менің ұстазымның кім екенін бір Алланың өзі ғана біледі. Кейін біртіндеп көпшілікке жалпы сеанстар бере бастадым. Емші жаны кіреукедей таза, мейірімді, саяси сауатты, өте жоғары мәдениетті, кез-келген жастағы адаммен тіл тауып сөйлесе алатын саналы жан болғаны жөн. Ол үшін емшіге де оқу керек. Сондықтан Алматы қаласында оқыған курстарымызды қанағат тұтпай, Қожалымовтар жанұясынан төрт бірдей адам 1991 жылдың басында-ақ Мәскеуге жолға шықтық. Ойымыз сәтті шығып іс-тәжірибемізді байыта отырып, бұрынғы Одақтық және Халықаралық бірнеше емшілер мектебінде оқып, жыл соңына қарай Халықаралық, Одақ және Қазақстан халық емшісі деген атақтарына ие болдық. Біздің алғаш көзімізді ашқан да, көп сырлы білім берген де, шын қасиетімізді таныған да Мәскеудегі орыс және басқа ұлттардың халық емі саласындағы ірі ғалымдары мен мамандары болды. Халықаралық «Жаңа өрлеу» Ассоциациясына Вице-президент болып сайланып, әрі биоэнерготерапевт, парапсихолог және басқа да көптеген ұйымдардың толық мүшесі болдым. Құдай абырой бергенде, осы жылдың қазан айында Мәскеуде халық емі жөнінде көркем фильм түсірушілердің арнаулы жарысына қатысып, шығыс халықтары емдеу-әдіс тәсілдері бойынша кейіпкер рөлін ойнау құқын жеңіп алдым. Мәскеуде жұбайым екеуіміз емшілік білімімізді жетілдіру курсында жүргенімізде, 1991-жылдың қыркүйек айының 26-29 аралығында Алматыда өткен бүкіл әлемдік емшілер форумына қатынасып, үлкен залда бірінші болып, алғаш рет сеанс жүргіздім. Бұл сеанс, кейін өте жоғарғы бағаланды. Осыдан кейін-ақ менің атағым әлемдік дәрежеге көтерілді. Сол үшін Алла тағаланың құдіретіне бас иемін. Осы ірі форумнан кейін-ақ, Алматыда халық емшілерінің ұйымын (Ассоциациясын) құру жөнінде ұйымдастыру комитеті құрылып, оның төрағасы етіп мені сайлады. Осыдан кейін Мәскеуге кеттім де, білімімді одан әрі жетілдіріп, әрі ірі Одақтық бәсекелерге қатынастым. Мәскеуден көңілді оралғанмен Алматыдағы ұйымдастыру комитетінің жауапты адамдары өз сыбайластарымен келісіп, Ассоциацияны құру жөніндегі алғашқы құжаттарды жоғалтып жіберіпті. Амал қанша, ақыры профессор А.Р. Чокин тағы басқалардың көмегімен, 1991 жылы 22 желтоқсанында Қазақ елінде тұңғыш рет «Қазақстан халық емшілерінің Ассоциациясы» құрылды. Алғашқы кезде маған өте қарапайым әрі сенімсіз көрінген халық емінің құдіреті кейін мені қызықтырып ғана қойған жоқ, беймағлұм тұңғиық әлемге енгізгендей болды. Ассоциацияны құруға қарсыластар көп болды. Инженер де халық емі ұйымын құра ала ма, ол неге бізбен ақылдаспайды дегендер әсіресе Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан наразылықтар да болып жатты. Құдай қуат берді. Құрылған ассоциация жұмысы басталды. Ассоциация ҚР Әділет министрлігінен тіркелген бетте сынаушы болып министрліктің «халықтық емдеу орталығы басшысы» «Казахстанская правдаға» мақала жаздырған (11.04.1992 г. авт. Куц). Алғашқы уақытта емдеуді жалпыға бірдей тараған Джуна әдістерімен бастадым. Одан кейін аруақтың хабары арқылы Құран аяттарын да қостым. Бұған дейін мен дін жағына аса көп мән бермейтіннің бірі едім. «Көш жүре түзеледі» дегендей біртіндеп, білім арттыру барысында өзімнің емдеу әдіс-тәсілдерімді байыта түстім. Емдеу тәсілін шығыстық тәсілдерге жақындастыра отырып, көп қырлы әрі көп салалы сипатта әсер ететін сеанстар, фотосуреттер, хаттар мен телефон байланысы, таспаға жазылған және телебейнеге түсірлеген сеанстар арқылы Ақтөбе, Ленинск және Қарағанды теледидары мен көптеген облыстардың радио тораптары арқылы өз суретім, визиткам, қойған қолыммен дұға арқылы магниттелген ақ қағаздармен сондай-ақ, өзім жазған әндеріммен неше түрлі биоэнергетикалық әсер ету арқылы жүргіздім. Ем жүргізер алдында науқас жандардың ұлттық құрамына, орналасқан мекен-жайына және басқа да ерекшеліктеріне мән берген өте пайдалы. Емделушілердің қалдырған және жазған хаттарына, сонымен бірге кейбір ауруларға берілген ғылыми медициналық анықтамаларға сүйенер болсам, төмендегідей ауруларға шипагерлік көмегім тиіп жатқан сияқты. Жүрек-қан тамырлары аурулары, гипертониялық аурулар, тыныс аурулары (демікпе, асқазан, ішек жолдары), бауыр, бүйрек, асқазан бездері және көкбауыр, тоқ ішектің қабынуы, қуық-несеп, жүйке бас, бел, түнгі энузер, талма, елірме, ұйқысыздық, бедеулік, буын, көз тағы да басқа аурулар. Ішкілік пен шылымқорлықтан құтылып, көз, тіл және дуаланғандардан жазылғандар да баршылық. Емдеу уақытым: бір жеті, қабылдамайтын күнім – жұма. Емдеу аралық уақытым – бір жарым, екі ай. Қоғамдық қызметімнің өте ауырлығына қарамастан, көмек сұрап келгендерге өз жұмыс орнымда және үйімде көмек көрсетіп келемін. Әлі есімде, білім көтеріп жүргенде (18.06.1991) Самарадан келген бір емші өзін сиқыршымын деп, оқып жатқан екі жүзге жуық емшінің зәресін алғаны бар. Менің алғашқы айқасым осы күні, дәл сол минутта басталып еді. Жотамды қысқан бір құдірет күші мені сахнаға шығарып, құдіретіңді таныт дегендей болды. Сонда мен оларға «Мен қазақпын, Алматыданмын, Бауыржанның қандасымын. Қазақ былай емдейді» деп, аруағымды шақырып, білген оқуға ниет ете бергенде-ақ әлгі «сиқыршым» көкпардың көк серкесіндей боп алдымда сұлап жатты. Қазағымның аруағының құдіретін бұрынғы Одақ емшілерінің уәкілдері қалай мойындағанын сезбей де қалды. Сонда мен бізде білім мен бірлік жоғын анық сездім. Осыдан аман еліме оралсам, мен де сауатсыз, аруақты жандардың басын біріктіріп, білім ордасын ашсам деп көксеген арманым бұл күнде нағыз шындыққа айналды. Бұған да құдайға шүкіршілік! Аруақтың атын жамылып, қарапайым халықты сиқырлаушы, қуат сорғыштар мен жалған бақсылар, көріпкелдер және өте жоғары перімін деушілер топ-тобымен менен соққыны аз жеген жоқ. Мұндай құдіретті күш маған қайдан келді деушілер де аз емес. Мен мол тәжірибені Одақ кезінде 7 рет емшілердің сайысында және 1991 жылы 26-29 қыркүйекте Алматыда өткен халықаралық емшілер форумында республика намысын тарихта бірінші болып қорғағанымда өз бойымдағы қасиеттің күшін байытып әрі дамыта отырып, басқаларды да мойындата алдым. Әлі де алда сын сағаттар күтуде. Алламыз жар болып, аруақтарымыз қуат бергей! Бұдан кейін 1992 жылы 18-21 қырқүйек аралығында Алматыда өткен бүкіл әлемдік «Рухани бірлік және келісім» конгресінде тағы да сеансқа шығып, шығыс халықтарының емдеу тәсілі бойынша жасаған еміме астана халқы ғана емес, әлемнен келген алпыстан астам елдің уәкілдері куә болды. Мен аруақты жандардан әрдайым жақсылық күтем. Алланың адам бойына берген құдіретті күшін тек ғана адам денсаулығына арнағаннан артық бақыт жоқ деп есептеймін. «Жақсылық ойлаған – жардан құламайды» дейді халқымыз. Біз де бір-бірімізге әрдайым игілік тілейік, ағайындар! «Денсаулық» журналы 25-26 бб. №5-6, 1994.
ЖАЛҒАН ӘУЛИЕЛЕР ЖАРҒА ЖЫҚПАСЫН Кейінгі кезде баспасөз беттерінде ұлттың болашағы мен мемлекеттің тәуелсіздігін сақтап, оны өркендету жөнінде аз жазылып жатқан жоқ. Дегенмен, байқаймын, бұған «аш бала, тоқ баламен ойнамайды» дегендей, қарны тоқтар басқаларға пысқырып та қарамайды. Халықтың қамын жеп жүргендер баяғы әдебиет, өнер саласы мамандары мен қарапайым халықтың уәкілдері. Сонда қазақ елінің тәуелсіздігі осы жандарға ғана қажет пе? Адамның азғындап, бір-біріне қатыгездік көрсетуі бұған дейін еш уақытта болған емес. Қазір қазақтың кейбір сотқары, алысты былай қойғанда, өз жақындарын немесе отбасының бес-алты жанын көгендеген қойдай бауыздап тастайтынды шығарды (Шымкент, Түркістан және Жаркент т.б.). Енді өлікке тойған құзғындай, іші-сырты үлде мен бүлдеге бөленген, басқаға қайырымдылығы жетпеген, ал өз байлығы өз бастарын немесе жазықсыз басқаның бастарын жеп жатқандар да қаншама? Мысалы, Жезқазған облысының Сәтпаев қаласындағы жүйке ауруханасының бас дәрігері (ұлты қазақ) осы жылы 6-мамырда өз үйіне қалалық әкімінің орынбасары мен қалалық денсаулық сақтау басқармасы бастығын қонақ етіп, ақыры ұрып өлтірген. Сөйтіп, олардың денелерін қала жанындағы көлге тастаған. Танымал ұлтжанды жазушыларымыз бен журналистеріміздің құнды мақалалары мен телехабарлары қолыма қалам алып, пікірімді айтуыма итермеледі. Егер бұрынғы ата-бабалар рушыл болса, бұндай кең сахаралы жерді бізге құдай бұйыртпас еді. Ұлтжанды болып, мемлекет шаңырағын аман сақтау – бәріміздің міндетіміз. Саралап қарасақ, жау көбіне іштен болмаса, бірден сырттан келмейді. Ұлтымыздың жойылуына, азып-тозуымызға, жақсылығымызды көре алмай, мансапқорлық пен жағымпаздыққа жақын әрі себепкерлер де өзіміздің ішімізде, оны тарих дәлелдеп отыр. Адамды азғындыққа баулитын батыстың неше түрлі сұрқиялы фильмдерінен құтыла алмай жатқанда жартылай жалаңаш әйелдер коммерциялық арналардан көрінуді модаға айналдыруда. Мұсылман әйеліне лайық арды сақтау өзің үшін емес, болашақ ұрпақпен бақытты екенін неге ұмытты екен бұл шіркіндер? Халқымыздың әлі де ақ пен қараны ажырата алмауы рухани ағарту жұмысының өте нашарлығынан өріс алуда. Өткен жылы Қазақстан халық емшілері ассоциациясының жұмысына байланысты оңтүстіктегі екі облыс пен Орталық Қазақстандағы бас облыста болдым. Мешіттердің ауыр халін көргенде, өзімнің тәуелсіз қазақ елінде тұрғаныма сенбей де қалдым. Сонда тіл, дін және ата салты әр отбасынан басталарын неге ұмытамыз? Еліктейміз деп ешкідей ербеңдеп, өздерін осы заманның пайғамбары, неше түрлі әулиелері, Алланың адамы деп таныстыратын жалған болжағыштар мен емшісымақтар баршылық. Тіпті, кейінгі кезде түнімен қойындарында пайғамбарлар жүретін қазақтың әйелдері мен жігіттері көбеюде. Бұның ақыры не боларына мән беріп жатқан ешкім жоқ. Емге арнайы рұқсат беретін мемлекеттік орынға олардың кім екенінің қажеті шамалы. Өйткені, оларға ақша тауып берсе болғаны. Халық осыларға алданып, ауыр зардаптарға, дуалану мен сиқырланудың неше түріне шалдығуда. Құран сөзіне, пайғамбардың хадистеріне сенсек, алуға болмайтын заттарды осындай сауатсыздардан ырым етіп алып, мойындарына тұмар етіп тағып, ыңғайсыз жағдайға ұшырап жатқандар қаншама. Осы жылы шілде айында оңтүстік Қазақстанның Жетісай қаласында болып, халықпен кездестім. Сонда бір апайдың балаларының мойындағы тұмарын ашып бірінен Құран аятының орнына құмшекер, топырақ және тұз шықты. Мұны берген шымкенттік Шара Оспанова екенін анықтадық. Міне, алдау осылай жалғасуда. Ал расы елдегі емші болам дегендерге кесімді коммерциялық прокат, бір жылдық, алты айлық және қысқа мерзімді көктемдік, күздік, жаздық, қыстық баталармен қатар өз қасиеттерін көшіріп бата беретіндер де жетерлік. Сондықтан, тұмарды мешіттегі молдадан, батаны атаң мен ауыл ақсақалдарынан ал. Бұлар еш уақытта баға қойған емес қой. Бұрын құпия болғандардың қазір шындыққа айналған заманы туды. Құпиялы сиқыр мен дуалаудың сырларын өз ұстаздарынан ертерек үйренгендер есін жиып, еңсесін көтерісімен, сығандар сияқты әр түрлі айлалармен қорқытады. Сөйтіп, әр адамның мінез-құлқын барлай келе өз торларына түсіруде. Оңтүстік облыстарда емшісымақ әуейілер молалар басында бейсенбі күндері жын шықырып, бақсы ойнауды әдетке айналдыруда. Бұлардың тоқсан процентке жуығы әйелдер. Ойланайық, ағайындар, бүйтіп ұятқа бату кімге қажет? Қазақ жерінде жай діндерді уағыздайтын жалаңаяқ ақ кебінділер толып кетті. Олар өлгенде оранатын кебініне көзі тірісінде орануда. Сонда біз қай елге ұқсап барамыз? Ойланайықшы... Ақ киімдінің бәрін емші, құтқарушы деп, ал басында сәлдесі бардың бәрін молда деуге болмас. Осындай сауатсыздығымызды пайдаланған шетелдіктер өзінің Қазақстанындағы сыбайластырымен бірігіп өз орталықтарын салуда. Мен кімнің не тауып, кімнің не бергенінде жұмысым жоқ. Бірақ, тәңір берген бақ пен байлықты өз халқыңа арнағанға не жетсін. Мен барлық адамның құқы тең болуын қалаймын. «Жасанды әулиелерден» есеп алатын уақыт жетті. Қара, Сұр, Теңбіл, Боз, Қоңыр, Сарғылт әулиелер толып кетті. Олар халқына, мемлекетіне және оның қорғанысына нендей үлес қосты? Егер олар білгіш әрі тапқыш болса, Шыңғыс тауындағы Шыңғысханның қырық түйе алтынын неге таппайды? Я болмаса, Каспийдің артық суын неге Аралға толтырмайды? Немесе табиғаттың апаттарын алдын ала болжап, одан құтқару жолын айтпайтындары қалай т.с.с. Бекерден бекер айлакерге алданып, Алладан алар несібеден құр қалмаңыздар, ағайындар. Ертеде Сыр бойында «әулиелерді» жинап, сыртынан өрт қойса керек. Сонда ішінде тек ғана Марал ата қалып, басқалары қашып кетіп, содан бастап әулиемін дегендер жоғалған екен. Сол өртке пара пар сынақ өткізу де ойланар жайт. Ұлтжанды бауырымыз Хасен Қожахмет халқының намысы үшін Жириновскийді семсерлесуге шақырғанда, халық үшін біздің «әулиелеріміз» неге сондай күш көрсетпейді? Осыған ұқсас мақалалар «Жерұйық» газетінде 6.02.1996 ж., «Атырау» газетінде 18.01. 1997 ж., «Орталық Қазақстан» газетінде №2, 06.01. 1996 ж. жарияланған. «Заң» газеті, 11-17.03.1995.
АҚЫЛДАН КЕНДЕ ЕМЕСПІЗ, ЕШКІМНЕН КЕМ ДЕ ЕМЕСПІЗ Алла тағала молынан берген туған жерімізде ту тігіп отырған қалың қазақ халқының бүгінгі өмірі мен ертеңгі болашағы жайында толғанар болсақ, талай мәселенің басын шалуға тура келеді. Бұл орайда айтқымыз келетіні – тәуелсіздігіміз, табан тірер рухани тәрбиелік байлығымыз төңірегіндегі түйінді мәселелер. Әсіресе рухани өмірдегі, өкінішті жайттер, тіпті идеологиялық бағдарлама әлі күнге бір байлам таппағаны қатты қынжылтады. Басқаларға таңырқағанша, өзімізге-өзіміз еліктеп, білгенімізді ежіктеп, артта қалған салт-дәстүрімізді, тіл мен дінімізді, тылсым құпиялы сырларымызды дамытсақ, бүгінгідей алмағайып кезеңде үлкен сүйеніш болары анық. Халықаралық «Түркістан» газеті арқылы өткен ғасырдың ақырында мәлім болған, халқымыздың ілімінің іргесін қалаған – Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы туралы мәлімет арқылы, шипагердің сонау 1467 жылдан бастап сегіз жыл бойы «Шипагерлік баян» атты бес мың беттік еңбегін жазғанын білдік, қуандық бүгінде ғылыми зерттеулер жүргізіліп шет елдердің ғалымдары да біле бастады. Шипагердің біздің бабамыз екенін, өзіміздің одан тараған ұрпақ екенімізді қалайша мақтан етпейік. Егерде ертеде білімнің бастау бұлақтары Шығыс елдерінде кеңінен көрінгенін ескерсек, бүгінгі дамыған елдердегі небір ғажайыптар сырын ашқан ғұламалар мен болжағыштар, есепшілер кереметіне тосырқай қараудың жөні жоқ. Бұл көзқарас бізге дейін де аса көрнекті қазақ ғалымдары Шоқан Уәлихановтың, Мұхтар Әуезовтың, Әлкей Марғұланның және басқалардың еңбектерінде айтылғанын есте ұстаған жөн. Мәселен, аты аңыз бен жырға айналған Қойлыбай бақсы мен т.б. киелі бабаларымыздың бір өзі неше қилы жұмбақ сырлы ғажайыптар жасағаны тарихтан белгілі. Халқымыздан шыққан осылардай дәрігерлік, ғалымдық әрі ерекше әулиелік қасиет дарыған бабаларымыз болғанын әбден мойындап, тәубемізге келетін уақыт жетті. Ендеше «Тісі шыққан балаға, шайнап берген ас болмайды», – демекші, бүгінде халықтың ықыласын аударып, көптеген емшілерге қорған болып алғысын алып отырған емшілердің арнаулы қоғамы да он жеті жылдан бері халықтық шипагерліктің өркендеуіне үлесін қосып келеді. Бұл емшілер қауымдастығының атқарған қызметтерінің жетістіктерін көптеген шет елдің ғалымдары мен емшілерінің танып білуі ата-бабалардан жалғасқан тектік киелі қасиеттің өшкен отының қайта жанып және жоғалғанының қайта оралуының белгісі болмақ. Рас, ел ішінде өз аттарын шығару үшін өзін-өзі «көріпкел», «әулие» жариялап жүргендер де аз емес. Мұндайларды біздің дініміздің жаулары пайдалануға тырысатыны олардың іс-әрекетінен бой көрсетіп қалады. Бұларға тоқтау салатын уақыт өтіп барады. Алла тағаладан көмек сұраудың орнына керісінше аталар рухынан көмек сұраушылар қатары көбейіп, кезбелердің бірнеше мыңының адам сенгісіз “Аққулық” әрекеттеріне бақылаушы мемлекеттік орындардың немқұрайлы қарауы ақыры адамдардың азуымен болашақ ұрпақтың тағдырының жолдарының жабылуына апармасына кім кепілдік береді. Көсегеміз көгерсін, мемлекетіміздің босағасы берік, керегесі мықты болсын десек, енді әрқилы сәуегейлер мен жалған «әулиелерге», жалған атақ құмарларға, әр түрлі бөгде діндер үгітшілеріне тыйым салатын уақыт жетті. Өсер елдің ұрпағын жын-шайтанның ойнағынан және әр түрлі алдау мен арбаудан қорғалғаны, ел амандығы мен халықтар бірлігінің бүтіндігінің өркендеуінде зор маңызы бары анық. Халқымыздың қанмен бірге, атадан балаға ауысып келе жатқан тектік қасиетті сақтайық. Өз дәстүріміз, өз дініміз бен тіліміз тұрғанда бөгде біреулердің ықпалына түспеудің, рухани кіріптар болмаудың қамын ойлайық. Қазақстан халық емшілері қауымдастығының басшылығында 2004-2007 жылдар аралығындағы (Алматы, Шымкент) әр түрлі тақырыпта ҚР халық медицинасының өркендеуі туралы өткізілген конгрестер мен форумдардың бағдарламаларының ғылыми жаңалықтары мен жетістіктері, емшілердің білімділігі мен іскерлігі, зерттеуші ғалымдардың тылсым құпия сырлары саласындағы зерделі ғылыми мақалалары мен еңбектерінің басқа шет елдерден қатысқан ғалым және емшілерінің тарапынан жоғары бағалануы, қазақ елінде халық шипагерлігінің қанатының қатайып, өрісінің кеңіп, ал болашағына кең жол ашылғандығын айқындайды. Қазақ халқының өз ішінде өте жоғары киелі қасиеттер мен құпия сырларының шеберлерінің болғандығы тарихтан мәлім. Бүгінде тарихта бұрын аттары аталғандардың және жаңадан атала бастағандардың еңбектері зерделеніп зерттеліп, ғылыми қазынаға айнала бастады. Тәуелсіз елдің ұрпақтары өздерінің жеке тәуелсіздігін қорғап әрі дамыта отырып, ақылдан кенде емес және ешкімнен кем де емес кеудесі биік ірі тұлға екендігін біліп, ұлт мақтанышына айналуы оның имандылығы мен парасаттылығының тазалығын айқындайды. «Түркістан» газеті, 7.06.1995
АЛЛА ТағалаНЫ ОЙЫНШЫҚ ЕТКІСІ КЕЛГЕН ОҢБАЙДЫ Осы күнде кім көп, көріпкел көп. Сол аруақты емші көріпкел, әулие т.б. киелі замандастарым өздерінің халқына адал қызметін шындықпен, Алла жолымен атқарып жүр ме? Неге халық кейінгі кезде осыларға сенімсіздікпен, күдікпен қарайтын болды деген ойға келемін. Осы заманның құрметті адамдары қатарында қасиетті емшілер де баршылық. Бұлардың көбі халқына игілікті қызметтер көрсетуде. Сауаттылары да жоқ емес. Бұған дәлел әйелдердің республикалық діни қайырымдылық ұйымдарын басқаратын Сәуле қажы Бекенова мен Бағлан Сәрсенованың және үгітшілер Захан Сәдібекованың (Алматы), Мәриямкүл Мұсатаеваның (Жамбыл), Гүлзәт Сәрсенбинаның (Талдықорған) – ислам дінінен ел арасында имандылық сабақтарын өткізуі қуанарлық. Ал, уағында аттары дүркіреп шыққан, ел құрметтеген емшілеріміз Мәдина Досболаева, Рашида Ермекбаева, Әтіргүл Кенжебайқызы (Жамбыл) және Ванга апайдан бата алған көріпкел алматылық Ғалия Қасымовалар қайда? Мақаланың басты тақырыбына себепкер болған жағдай жақында «Жас алаш» газетінің «Мыңда бір мезет» (МБМ) қосымшасында (18.04.1996 Ж.), осы газеттің жауапты қызметкері Әділбек Қабаның «Алланың жолы – ақ жол» атты мақаласы жарияланды. Онда Әділбек інім: «Ақтөбеден шыққан Зәуре Әлиманова деген емші әйел аспанға бірнеше рет ұшып барыпты. Зәуре Алла тағаламен сөйлесіпті. Арыстанбабпен қол алысып, пейішті аралап, тозақтардың халін біліпті. Ол тіпті өз келіні Гүлмираны да бірге апарып қайтыпты. Ал, Гүлмира аспанда жер бетінде жоғалып кеткен қыз-келіншектерді көріпті. Зәуре жаңа жылда ұшып жүріп, аспанда алматылық «ұшқыш-ғарышкер» Эльвирамен кездесіп, оның дастарханынан дәм татыпты. «Ғарышкер» Зәуре аспан әлемін тазалап қайтыпты», – деп кете береді. Барлық құдірет бір Алланың қолында екеніне сенсек, «өз құдіретін өзі танымаған» жын-пері қуып жүргендерді үгіттеу журналистің болашақ тағдырына қандай абырой әперер екен? Алла тағаламен байланыс жасап сөйлесті-мыс деген Зәуреш бірінші әйел емес. Бұдан төрт жыл бұрын дәл осы газетте Алла тағаланың тұрақты елшісі, марқұм Қайырлы Біләлқызы Шалабаева жөніндегі Әділбектің мақаласы ел ішінде түрлі әңгімеге өзек болмады ма? Артынан сол әйел қайтыс болып кетті. «Ақырзаманды» да осы емшісымақтар жасай салады екен. Бұл жөнінде журналист Зинат Жалайырдың «Жас Алаш»-тың МБМ-інде «Ақырзаман бола ма» (10.11.1995) атты мақаласында әлдекімдердің еңбегінен көшіріп, кітап жазған алматылдық ерлі-зайыпты биоэнергетик «ұшқыш-ғарышкерлер» Эльвира мен Александр Светловтардың «Махаткалар не дейді» кітабына тұсаукесер жасайды. Өзінше киелі рух пен физикалық дене байланысын түсіндіреді. Ел зәресін алады. Жарайды, қарағым, талабың таудай екен. Өзің білмегенге жұғысып нең бар? Сонау 1992 жылдан бері бұл жөнінде проф. Құдайберген Бердіоңғаров («Горизонт», «Жас Алаш», «МБМ», «Денсаулық», «Парасат») журналдарында сіз білетін қазақ тілінде түсіндіріп қойған. Қорықпаңыз, Алматыда жер сілкінбейді. Ақырзаманның ауылы әлі алыс. Бізді жер сілкінеді деп қорқытқан Қытай және Израильдің шекесі қызып жатқан жоқ. Алла тағаладан жақсылық тілейік. Сондай-ақ, біреуге ұсақ фантастика болғанымен, түсінігі нашарларды таңғалдыратын мына мақалаларға не деуге болады? «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Жаратылыстың жұмбақ сырлары» (21.06.1995 ж.) деген мақала авторы Баймұхан Жақсыбековтың емшіні әулие деуі қалай? Әулие демесе қаламы жүрмей ме, қалай? Ал, емші өзінің жұма, бейсенбіде жотасы қысатынын, мысығы өзіне осы күндері қарсыласатынын, белінде ақ бура, жылан жатқанын, тіпті ғарышқа барып, бейтаныстарға ем жасайтынын және ферғаналық Софияша ауруға аруақ жіберетінін т.б. сырын айтады. Елді қайран қалдыратын сондай материалдың бірі «Алматы Ақшамында» жарияланған «Кеспей, тілмей емдеймін» (авт. Өтепберген Ақыпбеков I/IX.1995 ж.) атты мақала. Онда автор ғайыптан түнгі сағат төрттен ауғанда жайнамазына «тәспих және жілік» түскен, адамдарды кеспей, тілмей емдейтін, тасқа «Жылаған» атасының тамғасы түскен Оңтүстіктің «Ақ Әулиесі» – Мәриям Бөрібаеваны жазады. Оның тасына ғалымдар ғашық-мыс. Өйткені, тас «Метеориттен» түссе керек. Мұны немен дәлелдемек? Филлипин әдісімен адамға операция жасаса шүкір. Мен тылсым күштің технологі ретінде, бұдан былай мұндай мистикалық мақала болмауын тілеген болар едім. Ғылымның қадірі кетті ме, жоқ, туыстық, жерлестік жеңді де, емшілердің (әйел) алды мойнына Қазақстан Ұлттық Академиясының «Алтыннан алқасын» тақты. Бұл қандай, ғылыми негізге сүйенді? Бұған медицина мамандары не дер екен? («Жетісу» 29.09.1995 және «Егемен Қазақстан» 5.10.1995 ж.). Ертедегі құпиялы тылсым күш иелері (бақсы-балгер, көріпкел, т.б.) ешқайсысы да жанама атаққа құмар болмаған. Өз құпиясын ашпаған, тек өзі сенген ұрпағына қалдырған. Немесе өзімен бірге ала кеткен. Қазақта осыдан бес ғасыр бұрын жазылған, құпиялықтың сырын ашқан еңбектер барын ескерсек, алдымен ізденіп, оқып, көргенді көңілге түйіп әрі елеп, оны журналистке жеткізген емші де және қаламгер де бақытты болары анық. Мен өзімнің киелі замандастарымнан және қаламгерлерден осыны өтінемін. Алда талай жақсылықтар күтуде. Оған жету, елбасының саясатын қуаттап, Құран Кәрімнің ілімінің заңдары мен пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерін басшылыққа алу ләзім. Адам азбасын. Жер тозбасын. Рухани азудың жолынан, қара күштердің азғыруынан Алла тағала елімді, жерімді және халқымды сақтасын! Осыған ұқсас мақалалар «Семей таңы» газетінде «Имандылық таразысы» №88 (17246), 29.10.1996 ж., «Көкшетау» газетінде «Алланы ойыншық еткен оңбайды» №135. 21.11.1996 ж., «Жалған әулиелер жарға жықпасын», «Заң газеті» №10 (15). 11-17/03-1995ж. "Заң" газеті, №10 (15). 11-17/03-1995ж.
ЖАСАНДЫ АҚЫЛГӨЙЛІКТЕН САҚТАСЫН Соңғы жылдары қазақ жерінде бір ғаламат күш иелері, ашығын айтсақ, жаратушы Алла тағаламен тікелей тілдесетін, әрі оның айтқан сөздерін жер бетіндегі пенделерге жедел жеткізетін «Пайғамбарлар» жиі шыға бастады. Және оларды Түркістанда тумаса, Қожа Ахмет Яссауи кілеуетіне кірмесе, «ақ жыланы, қара бурасы» болмаса, Ферғанадағы Софияға ұқсамаса, тіпті болмағанда белгілі әулиелер мойынына тәспих тақпаса және кеңістікте қалқып жүрген метеориттердің сынығын алмаса, емшілік қонбайтын етіп көрсету тағы да баспасөз беттерінде көбеюде («Егемен Қазақстан», маусым, 1995 жыл). Осының салдарынан алға басқан жақсылық жолындағы аруақтардың еңбегі еленгені былай тұрсын, шырықты бұзған шытырман иелері дінімізді де, рухани-ағарту ілімімізді де өздерінің жеке иеліктеріне соғыспай-ақ ала бастады. Бұларға ықпал етіп, жағдай жасап жатқан кімдер екені қарны тоқ, қайғысы жоқ билеушілерге қажетсіз де сияқты, былыққан үстіне былыға берсін дей ме, бастарын шұлғып, құтты орындарында отыра беруде. Бұл қалай? Дегенмен, рухани азғындаудан сақтандыру жолында біраз еңбек етіп жүрген мамандардың газет, журналдарымыздың беттерінде жарияланып жүрген мақалалары адам санасының имандылығын байытары анық. Біздің де соларға үн қосып, жоғарыда айтылғандай өздерін әулие, керемет күш иесі етіп көрсететін бір автордың кітабын тілге тиек еткіміз келеді. Әрине, ол кітаптың авторы өткен жылдың соңында дүниеден өтіп кеткенімен, оның ойларының өрескелдігін, дінімізді шатастырып, жастарымызға теріс бағыт беретіндігін ескеріп, өзгелерді ондай шығармалардан сақтандыру мақсатында сөз етуді жөн көрдік. Ол кітаптың аты – «Жасағанның жамағатқа өсиеті», – авторы Шалабаева Қайырлы Біләлқызы. Кітаптың аннотациясы былай басталады. «Бұл кітап соңғы кезде халқымызға аты кеңінен таныс болған, керемет қасиет қонған, ғарыштан келетін құдіретті дауысты естіп, қағаз бетіне түсіруші Қайырлы Біләлқызының «Алла тағаланың жамиғатқа өсиеті» атты бірінші кітабы. Кітап халық бұқарасының қалың өкілдеріне, адам тәрбиесіне қатысы бар қызметкерлерге, мұғалімдер мен ислам дінінен дәріс алушылардың және жасөспірімдердің оқуына арналған. Әр отбасы мен мектептерге өте қажетті кітап. Енді кітапқа көз жүгіртіп көрелік. ..Иса пайғамбар бірде ойға кетіпті. Ол жер бетінде өз бетімен тіршілік жасап, әртүрлі кәсіппен айналысып жүрген адамдардың барлығын бір төбенің басына жинап, жиналыс-жиын өткізуге ниет қылыпты. Сол ниетін іске асыру үшін жерге періштелер жіберіпті. Періштелер әлемді әр қырынан шарлап, зерттеп, халықтың ойын біліпті. Халықтың ойын білген соң барлық періштелер жиналып, Иса пайғамбарға келеді де, өз ойларын ортаға салады. Жер бетіне тарап кеткен адамдарды бір төбенің басына жинаудың қажеті жоқ. Жинаған күннің өзінде әлденеше миллиондаған адамдардың бір төбенің басына сыймайтындығын баяндайды. Сонда Иса Пайғамбар әрі асығыс, әрі ағат ойлағанына өзінен-өзі кейістік білдірген екен. Шындығында жер бетіндегі адамдардың барлығын бір мезгілде, бір төбенің басына жинау қиын. Сол үшін, Қайырлы, сен арқылы дүниенің төрт бұрышында ғұмыр кешіп, ұрпақ өсіріп отырған халыққа жар салып, олардың ақылына ақыл, қайратына қайрат, жігеріне жігер қосып, түйсік санасын оятатын мақал-мәтелдер, ой-дастандар жазғызып, тәртіп пен тазалыққа, ізеттілік пен имандылыққа шақыруды ниет қылдық. Жасағанның елге хаты Мен – Алла тағаламын. Мен ел-жұртқа хат жолдаймын. Менің аузымнан жазып алушы Қайырлы Біләлқызы сынды ханым. Сендер, халқым, осы қысылтаяң уақытта менің өсиеттерімді орындасаңдар, әрі осы қиын заманнан сүрінбей өтсін деген ұйғарыммен сендерге осы хатты жазып отырмын. Ал, халайық, мен сөйлеймін, сендер құлақ түре тыңдандар. Мен сендерге бір себеппен айтайын дегенім мынау: Сендер адамдар, өз өмірлеріңді қысқартпай, өмірден өтіңдер. Аз күн ғұмыр кешсеңдер де адал болып, адам баласына зияндарың тимесін. Мен осыны қатты табыстап отырған себебім, Жер қатер үстінде. Осы қатерден елді аман алып қалып, адамды азаптан құтқару керек. Міне, осы жайлардың басын ашып бергім келеді. Сендер, адамдар ойламаңдар бұл кітап біреудің сандырағы деп тап осылай ойладың бар ғой, онда сол отырған жерінде ойсыратам. Сол үшін бұл кітаппен ойнамай, үйдің жоғарғы жағына іліп қой. Мен осы кітап арқылы ел-жұртқа, бүкіл адам халқына жар саламын, елге өсиет жазамын. Менің хабарым елге тез тарасын деген оймен мына Қайырлы сынды ханымды маған көз тіккізіп менің аузымнан шыққан сөзді өзгертпестен жазып алсын деген үмітпен адамдар арасынан ерекше етіп жараттым. Мен елге өсиет айтамын, оны бар халыққа таратушы етіп өзіңді тағайындаймын. Қайырлы, Менің халыққа айтарым көп. Тек сен, Қайырлы, айтпайды деме, шамаң келгенше менің айтқанымды түгел жазуға тырыс». Міне, көріп отырсыздар, Қайырлы Құдаймен осылайша тікелей тілдесе береді. Өзі мұсылман бола отырып, әңгімені Библиядан, Иса Пайғамбардан бастайды. Және Иса төбенің басында тұрып жерге періштелер жібереді дейді. Біріншіден, періштелерді тек Алла ғана көктен жұмсап, пайғамбарлармен солар арқылы тілдеседі. Екіншіден, Алланы бас періште Жәбірейіл ғана көре алады. Үшіншіден, Иса періштелерді төбенің басында тұрып, қалай жерге жұмсайды? Міне, осының бәрі бір-біріне қарама-қайшы, адам иланғысыз, түсініксіз тіркестер. Осы кітаптағы «Қайырлының өмірбаяны» деген тарауында мынандай жолдар бар: «Ал мынау, саған жаздырған сол Ғайса (Иса) пайғамбарға түскен Інжіл кітабының ішіндегі дұғадан үзінділер» (13 бет). Құдай оған неге Құранды ұсынбаған? Бұл жерде бір гәп бар секілді. 1993 жылы Библия аудару институтынан «Ізгі хабар» кітабы жарық көрген. Ол – Інжілдің қазақша ықшамдалып аударылған нұсқасы. Қайырлының жазбасындағы үзінділер де соған ұқсас. Қайырлының емшілік құдіреті де Исаның құдіретінен қалыспайды. Қайырлыны бірде суға батып бара жатқан жерінен белгісіз бір күш оны судан көтеріп алып, жағаға аяғынан тік қояды (8-бет). Мұндай эпизод «Ізгі хабарда» да кездеседі. «Шәкірттер көлдің үстімен жаяу жүрген оны (Исаны) байқап қалып, зәрелері ұшады» (54-бет). «Қайырлы қатты ауырып жатқан құрбысын үш күн емдеп жазып жіберуі де (14-бет) «Ізгі хабардағы» Исаның шетелдік әйелдің жынданған қызын жазып жіберуімен сай (57-бет). Өсиеттің ұқсас жерлерін тәпіштеп тере бермей, енді кітаптың «Ақыл-ой туралы» деген тарауынаа біраз үңіліп көрейік: – Ойлап істесең, ойыңа жетесің, – Ойлап істеген – айқын іс. – Атаның атын бала шығарады, – Айтыссаң жеңетін бол. – Айтыспаған үйдей пәледен құтылады. – Арам адам кекшіл болады. – Адал адам текшіл болады, - деп кете береді. Осы жерде алдымен айтарымыз ойдан шығарғаны бар, теріп алғаны бар, осындай мақал-мәтелдерді құдайдың жаздырған сөзі демей-ақ, «Қайырлының қанатты сөздері» деп өз алдына кітапша етіп бастырғанда, әлдеқайда тиімді болар еді ғой. Өкінішке орай: олай етпеген, жазылғанның бәрі Алланың айтқандары болған да қойған. Тіпті кейбір мақал-мәтелдерді көпе-көрнеу қате айтқызып, Құдайға күпірлік келтірген. Нақтылы мысалдарға жүгінейік: – Айтыспаған үйдей пәледен құтылады (Дұрысы: «Үндемеген үйдей пәледен құтылады»). – Өзегі өртенген үрлеп ішеді. (Дұрысы: «Ауызы күйген үрлеп ішеді»). – Жалғыз ағаш тоғай емес. (Дұрысы: Жалғыз ағаш орман емес). – Жаман адам бергенін айтады, (Дұрысы: Жаман адам бергенін айтады, жақсы адам қиындықты жеңгенін айтады). – Шүберек – адам көркі, жапырақ – ағаш көркі. (Дұрысы: «Адам көркі – шүберек, ағаш – көркі жапырақ»). – Арық атқа жал бітсе, жанына адам жолатпас. (Дұрысы: «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас»). – Дүние екі келмейді, жаман адам жақсылыққа сенбейді. (Дұрысы: «Дүние екі айналып келмейді, шабан ат қатты желмейді»). Рас, мақал-мәтелдердің барлығы бірдей жаман дей бермейік, әсіресе, кейбір аңыз әңгімелерінен ғибрат аларлық, үлгі-өнеге тұтарлық жерлері де баршылық. Алайда олар да Алланың айтқандары емес, Қайырлының өз жазғандары ғой. Қайырлы бұл кітабында адам сенгісіз сөздер айтады: «Қайырлы ханым, шыр етіп дүниеге келгенде-ақ Алла тағала оны аспан әлеміне айырбастап әкеткен екен» - дейді (6-бет). Ал Мұхаммедтің (с.ғ.с.) пайғамбарлығы 40 жасында басталған, оған дейін керуенші болып жүрген қарапайым пенделердің бірі еді ғой. 40 жасында тау үңгіріне барып, оңаша құлшылық етіп жүргенде Жәбірейіл періште келіп тілдеседі. Ол осылайша бірнеше қайталаған соң ғана құдайдың періште арқылы жібереген сүре, аяттарын оқып, халыққа жеткізген. Қайырлы болса Тәңірмен тікелей тілдесіп, сөйлесіп отырған. Осыған енді қалай илануға болады? Оның үстіне Қайырлының кітабында «Алла» адамды қорқытып-үркітіп, тура өз атынан сөйлейтін болса, қасиетті Құранда періште арқылы жеткен Құдайдың сөздері екінші және үшінші жақта өте сыпайы, инабатты мәдениетті түрде беріліп отырады. Мәселен, Құранның кез-келген аятын оқып көрейікші. Бақара сүресінің бір аятында кімде-кім Аллаға шын ниет қылып, біреуге жақсылық істейтін болса, онда раббының қасында оған деген сыйлық бар. Ондай адамдарды қорқыныш білмейді, қайғы жоламайды делінген. Осының өзі көп нәрсені, еш жерде тіркелмеген, талдау-талқылаудан өтпеген, ислам дінін бұрмалап, өзге дінді дәлірегі Христиан дінін Құдаймен Библиямен уағыздап, өзін тікелей тілдесетін керемет күш иесі етіп көрсететін мұндай кітаптарды көпшілікке ұсыну қиянат болған. Алдағы уақытта адамды адастыратын мұндай алдамшы кітаптардан, жасағанның жалған ақылгөйлерінен сақтаған жөн. Ал Қайырлының іс-әрекетіне келтірген қиянатымыз болса, бізді Алла тағала мен марқұмның аруағы кешірсін. Біздің мақсат жұртты алдағы уақытта да осындай шығармалар шырмауына түсірмеу. «Алматы ақшамы» газеті, 31.07.1996 ж.
| ||
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 | ||