ШИРЕК ҒАСЫРЛЫҚ КИЕЛІ ҚАУЫМДАСТЫҚ

ЧЕТВЕРТЬВЕКОВАЯ СВЯТОСТЬ АССОЦИАЦИИ

QUARTER-CENTURY SANCTITY ASSOCIATION

22

  главная                                        вернуться  

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15 16  17  18  19  20  21  22  23  24  25  26  27  28  29  30  31  32  33  34  35  36  37  38  39  40  41  42  43  44  45  46

 

Өтейбойдақ – қазақ хандығының

алғашқы бас шипагері

 

Осыдан 12 жыл уақыт бұрын Қытай елінде бүкіл әлемдегі исі қазақтың жүрегін дір еткізген үлкен оқиға болды. Дір еткізген дейтініміз сол 1997 жылдың маусымында Жуңго мемлекеттік сыйлығын иеленген санаулы адамдардың қатарында Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы есімді қазақтың аты аталды. Ө.Тілеуқабылұлы кім? Үлкен елдің мемлекеттік сыйлығын қалай иеленіп жүр?  Республикалық «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы»  қоғамдық бірлестігінің президенті, Халықаралық «Экология» және «Нострадамус атындағы тылсым құпия» (Париж), сонымен қатар «Рухани Халық медицинасы» (Мәскеу) академияларының толық мүшесі, қауымдастықтың «Шипагерлік баян» газетінің бас редакторы Зядан қажы Қожалымов пен журналист Азат Мұсаұлының сұхбатын ұсынып отырмыз.

– Зядан аға, өзінің еңбегін бағалауда өте қатал, өзгенікі үшін тым сараң Аспан асты елінің мемлекеттік сыйлығын 1997 жылдары Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы есімді қазақтың «Шипагерлік баян» атты ғылыми еңбегінің иеленгенін білеміз. Таңданарлық жай, бұл ғылыми еңбек осыдан 5 ғасыр бұрын жазылған. Күні бүгінге дейін бұл жайт талайымызға таңдай қақтыртып жүр.

– Халқымыз үшін бұл шынында да әлемдік дәрежедегі үлкен қуанышты, тосын оқиға болды. Миллиардтан астам халқы бар, атам заманнан бері жазу-сызуы қалыптасқан, мәдениеті кемел үлкен мемлекеттің талай-талай ақбас ғалымдарының күні кешеге дейін есімі белгісіз қазақ шипагерінің іліміне зор ғылыми баға беріп құрметтеп, мемлекеттік сыйлық беруі қазақ халқының ұлттық шипагерлік дәстүрінің теориялық, мәдени-тарихи тұрғыдағы биік мәртебесін айқындайды. Мұның үлкен дәлелі Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы бабамыздың “Шипагерлік баян” кітабына көрші қытай елінде 1997 жылы маусым айында “1-дәрежелі мемлекеттік таңдаулы ұлттық кітап” сыйлығының берілуі.

Ғұлама ғалым бабамыздың «Шипагерлік баян» еңбегіне алғаш өз пікірін білдірген қытайлық зерттеуші ғалым Төлеуқан Ыбырайұлы: «Ұлтымыз тарихында сирек кездесетін, медициналық еңбек әрі ғылымнама тек шипагерлік жағынан ғана емес, ол халқымыздың тіл, мәдениет, тарих, философия, психология, астрономия, этнография, метеорология, әскери ғылым, этика, эстетика, тағы басқа жақтардан да қыруар білім, мәдениет береді. Өнер-білім тарихы ел тарихынан айырылмайды. Ұлтымыз тарихында сирек кездесетін ғылымнама «Шипагерлік баян» өз дәуірінің жемісі» – деп әділ бағасын берді. Бұл еңбекке онан кейін пікір жазған көптеген ғалымдарымыздың ойларының түйіні: «Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» кітабы – шығыс медицинасының үлгісімен жазылған, бірнеше ғылымдардың басын біріктіретін, адам баласының ең басты байлығы – денсаулықты сақтап, сырқаттарды емдеудің негізін қалаған терең де тарихи ғылымнама» – дегенге саяды. Бабамыздың ғылыми еңбегін 10 жылдан астам уақыттан бері індете зерттеп жүргендіктен осы пікірге толық қосыламын.

– Зядан аға, бұл негізінен жазу, сызуымыз болмағандықтан, болса да дамымай қалғандықтан шығар, өзге ағайындар тарапынан: «Қазақтар денсаулық мәселесіне жүрдім-бардым қарайды. Ұлттық медициналық емдеу тәсілдері де жоққа тән», – дегендей пікір естиміз...

– Бұл біздің халықты танып-білмей жатып айтылған екі ұшты пікір. Ұлан далада ат үстінде еркін өскен ата-бабаларымыз табиғаттың табиғи емінің әдіс-тәсілдерін меңгерген нағыз білгірі болды десек қателеспейміз. Бұған XVII-XVIII ғасырларда орыс офицері географ Н.П. Рычков, дәрігер С.Большой, XIX-ғасырда генерал майор В.Б.Броневский, саяхатшы А.И.Левшин, штабс-лекарь С.А.Яроцкий, әскери дәрігер А. Ягмин және қазақтың ғалымы Ш.Уәлиханов тағы басқа да саяхатшылардың халық шипагерліктерінің ұлттық ерекшеліктері туралы жазған қолжазбалары дәлел. Халқымыздың емшілік дәстүрінің тарихы өте тереңде.

Қазақтың халық шипагерлігінің осыдан 600 жылдай бұрын сонау ХV ғасырда, Қазақ хандығы туын тіккен кезден бастап-ақ іліми-ғылыми  негізі қаланғанын  қара үзген  шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты медициналық  энциклопедиялық еңбегі айқындап берді. Дала ойшылы, ғалым-шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының (1388-1485 жж.) «Шипагерлік баян» атты медициналық энциклопедиялық еңбегі бес жарым ғасырдан кейін өз елімен қауышты. Қазақтың шипагерлік  өнерінің ғылыми негізін қалаған қараүзген шипагер еңбегімен қазақ, қытай т.б. шет елдер ғалымдары танысып оң бағаларын бергенін жоғарыда айттық. Бұл күні кешеге дейін белгісіздеу болып келген қазақ шипагерлігінің әлемдік деңгейдегі орнын анықтауға жол ашты. Адамның денсаулығын қорғау мен жақсарту егіз нәрсе болғандықтан, әр халықтың өзінің халқы мен ұрпағын аман сақтауда, ұлттық этникалық салт-дәстүрді сақтаған өмір сүру қағидалары және денсаулық туралы заңнамалары, сол халықтың мәдениетінің ілгері дамуына ықпал етеді.  

Оның дәлелі қараүзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы бабамыз ХV ғасырда-ақ, қазақтың Әз Жәнібек ханына ұрпақ тазалығы мен денінің саулығы үшін: «Жеті атаға толмай үйленбеу, жөн-жөнсіз сүйіспеу және неке тазалығын сақтау» туралы ұсыныс айтып, ол хан Жарғысының шығуына ықпал етті. Тұқымымыздың таза, денінің сау, қайсар, бауырмашыл, ойшыл және ірі тұлғалы болып жетілуіне бұл жарғының пайдасы ұшан теңіз. Жарғының заңдылығы бүгінге дейін жалғасуда. Қазақтың жерінің кең, дастарқанының мол, жатты бауыр санайтын ұлы қасиеті, тұқымымыздың тазалығы мен рухының биіктігі жарғы талаптарының орындалуынан. Бұл біздің Өтейбойдақ бабамыздың ұлттық заңнамаларымыздың пайда болуына ең алғашқылардың бірі болып үлес қосқандығын көрсетеді. Бұл жай ғалым шипагердің философиялық талғамдарының ауқымы кең, мәні терең екенін аңғартады.

– Қатарынан қара үзіп, озып шығу екінің бірінің басына қона бермейтін бақ. Ұлы шипагер бабамыздың мұндай жолды таңдауына нендей жай әсер етті екен?

– Шипагер бабамыз ұлттық шипагерліктің қыры мен сырының құпияларына жастайынан құмар әрі оған қанық болып ер жетті. Оның емшілікті таңдауына әкесі Тілеуқабылдың емші болуының үлкен әсері болған сыңайлы. «Шипагерлік баянында» әкесі Тілеуқабылдың жанында сегіз жасынан бастап тәрбиеленгені, шипагерліктің алғашқы ілімдік әліппесін ашқаны туралы: – «Әке көрген оқ жонбақ, шеше көрген тон пішпек» – дей отырып «Қырықтың бірі – қызыр, Жетінің бірі – әулие»  деген әке өсиетін бұзбай, қырық бір өскін қоспасы мен жеті шөптің басынан сырқатқа дәрімдік дәрісін жасағанын және емдік, дәрілік шөптерді қырық түрлі атаулы жер қыртысынан жинағанын жазады. Сонымен қатар ұлы шипагердің халқымыздың емдік әдіс-тәсілдерін ғылыми тұрғыда дамытуда өзінен бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген ғұламалар қалдырған медициналық, шипагерлік, философиялық, тарихи-этнографиялық, рухани-діни, әдеби  т.б. еңбектерді оқығандығы, тұжырымдағандығы, іс-тәжірибесінен өткізгендігі байқалады. Айта кетер жай Өтейбойдақ бабамыз «Қараүзген шипагер» атағын анау-мынау емес, Әз Жәнібек ханның өзінен алған. Ханның сынау үшін қойған сұрақтарына білімділігінің арқасында толымды жауап қайтарғандықтан: «Жарайсың,  Қарабас! Басың нағыз алтын бас, тілің нағыз гауһартас екен. Қараүзген шипагер екенсің» – деп бағасын алған бабамыз «Шипагерлік баянын»  хан ордасында 78 жасында  бастап, 85 жасында 5000 беттік үлкен еңбегін жазып бітіргенімен, ханның жау шабуылынан кенеттен болған қазасы қолжазбаны ханға көрсетуге бұйыртпады. Баба жау қоршауынан қашып шығып, атының қоржынына салынған қолжазбаны, яғни  «Шипагерлік баянын» өзінің кіндік қаны тамған Шалкөдесіне аман-есен  әкеледі. Жасы қартайғанда сол кездегі өсиетке сай, қолжазбаны өзінің тете туған інісі Топайға аманат етіп табыстайды. Табыстай отырып:

 – О дүние-ай!

Іске аспады арманым, қараң қалды,

Шың басына шығарда арандалды.

Өтейбойдақ қойыпты атымды әкем,

Жаман ат, жаман ырым, мазамды алды.

Қалмады ұрпақ Өтейбойдақ аяндалды.

Мені өшірмес «Шипагерлік баян» қалды.

Бұ да менің ұрпағым жөн білгенге,

Тілкімменен жалғасқан аян қалды – деп, ұлы емші ең ақырғы аманатын қалдырады.

– Зядан аға, ұлы шипагер бабамыздың қазақ екендігінде дау жоқ. Қолжазбасын туған жері Шалкөдесіне аман-есен жеткізді дедіңіз. Бұл қай Шалкөде? Тұқым, тек жөнінен шипагер қай жүз, қай руға жатады?

– Ғалым шипагер «Шипагерлік баянында» өзі жайлы: – «Атым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлымын. Ата тегім - Ұлы жүз, Зарман. Зарман ішінде Албан. Мекенім – Жетісу. Ауылымда құрбы – құрдас, таныс білістерім аз емес. Жаһанда Жиренше шешен, Жәнібек ханның қарашасымын. Жылым – Иіртек (Ұлу). Сексен беске келдім. Бойым ұзын, қара торы, қоңқақ мұрынды, кең  иықты, қап сақалды, ұзын қасты, кем сөзді жанмын», – деп баяндайды. Өзі айтқанынан ұққанымыз бабаның туған жері қазіргі Алматы облысы, Райымбек ауданының аймағындағы Шалкөде – Айқайтас.

– «Шипагерлік баянның» кейінгі жағдайы не болды?

  Бұдан кейін бұл ұлы қолжазба ұрпақтан-ұрпаққа қалдырылып, Топайдан соң оның ұрпақтары Райымбет, Шыбыл, Қоңырбөрік, Там, Бұршақ биге (1827-1828 жж.) өтеді. Бұлардың бәрі кезінде Ұлы жүзге белгілі болған үлкен тұлғалар. Қазан төңкерісінен кейінгі аласапыран кезінде қолжазба 1932 жылы Түменбай Ыстанбайұлы арқылы Қытайға өтіп, ондағы Іле аймағының, Текес ауданы, Шиліөзек ауылында сақталады. Ал 1952 жылдан бастап сонда мұғалім болған Кәтіп екеуі көне тілден аударып, Кәтіптің қолымен қайта көшіріліп, ескі нұсқасын толық жойып жібереді. Көшірілу нәтижесінде көптеген бәйіттер қалып кеткен. Марқұм Кәтіп ағартушы ғана емес, Албанға атағы шығып, қазаққа танымал болған Әсел ақынмен айтысқа түскен жан екен.

Кітаптың ақырғы мұрагері Түменбайдың ұлы – Нұртай. Осы Нұртайдың қолынан қолжазбаны 1968 жылы Қытайдың «қызылдары» тартып алып, өртеп жібереді. Өрт ішінен Нұртай кітаптың 1095 беттік күйік шалған қалдығын ғана алып шығады. Арада 23 жыл өткенде, Қытайда болған жылымықтың әсерін пайдаланып Нұртай алтыншы рет көшіріп, 1994  жылы Үрімжі қаласында араб әрпінде бір кітап етіп шығарады. Араға екі жыл салып 1996 жылы Алматыда «Жалын»  баспасы басып шығарды. Баба еңбегінің баспадан шығуына және зерттеліп қытай мемлекеттік сыйлығын алуына сондағы қазақ ғалымдары: Ә.Тышанұлы, Жәнәбіл, Қ.Жәнәбілұлы, Қ.Ыбырайұлы, Х.Әкімжанұлы, Т.Ыбырайұлы, М.Сүлейменұлы, Д.Құрмашұлы,  Ж.Мұсағұлұлы, Қ.Мұқанұлы, Ж. Мырзақанұлы, О.Асылұлы, Т.Қабаев, Ә.Қалиұлы т.б.көп еңбек сіңірді. Бұл «Өлгені тірілді, өшкен оты жанды» – деген ұлы даналық сөздің шындығы. Зор мақтанышпен айтуымызға болады шипагер кітабы біріншіден, медициналық әрі көп салалы гуманитарлық ғылымдардың басын біріктіретін үлкен энциклопедиялық еңбек, екіншіден, философиялық көзқарас пен этнотанымы негізінде жазылған ғылыми мұра. Оның тарихи мазмұны да қазақ және шет ел ғалымдары тарапынан жоғары бағасын алуда. Мынаны есте ұстаған жөн. Ерте кезден-ақ ғылым-білімге ден қойған қытай халқы шипагер бабамыздың осыдан 550 жылдай бұрын жазылған еңбегіне жайдан жай мемлекеттік сыйлығын беріп отырған жоқ. Қатарынан қара үзіп, озып шыққаны үшін «Шипагерлік баянның» анау-мынау емес, асқар тау екендігін мойындап, көздері жеткендіктен беріп отыр.

 «Шипагерлік баянының» ең соңғы алтыншы көшірмесінің өртенуден қалған мың беттен аса қолжазбасын алғаш баспаға дайындап шығаруға басшылық еткен, Шыңжаң ғылым-техника, денсаулық сақтау баспасы бас директорының орынбасары, ғалым-жазушы Хакім Әкімжанұлы: «Мінеки, қадірлі оқырман қауым! Көңілдеріңізді көптен күпті қылған тарихи – ғылыми ұлы шығарма – «Шипагерлік баянның» қолымызға тиген көшірме нұсқасын өздеріңізге ұсынып отырмыз... Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы Әл – Құзорданың мына кітапқа жазып кеткен көп – көп мағыналары мен бірқанша емдеу тәсілдері, шындығында, Еуропа ғылымының соңғы ғасырдағы табыстары қатарына жатады. Айталық, жүрек пен мидің қызметі, адам денесінің қан айналу жүйесі  XVIII –  ғасырдағы Да Винчи, В.Гарвейлерден бері ұзақ талас, экспериментті дәлелдеулерден өтіп ережеленген. Бұл жайтты біздің бабамыз олардан үш ғасыр бұрын қой, түлкі сойып тәжірибе жасап жүріп-ақ, айтып тастаған болып шықты» – деп сүйіншілейді.

– Аға, шипагер бабамыз шешек ауруын болдырмаудың емін тапқан екен деген де әңгіме айтылып жүр.

– Бұл рас. Шешек ауруының ел басына қырғын салған бір жылы шипагер бабамыз ел қамы үшін күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылып, тәжірибеден тәжірибе жасап жүріп, ақыры шешек ауруының емін табады. Табу жолы аса қарапайым «Шипагерлік баянда» бұл туралы: «Баланың шешек іріңін алып тананың шап терісін тіліп, қан шыққан соң жағады. Бір жұмадан соң, тілінген жер жұдырықтай болып томпаяды. Томпақты жарып, қамсек қурай қуысымен бүйрек қабына құйып, ағашты қаламдай үшкірлеп, шешек ауруымен ауырған баланың білегіне жағып, жаққан жерді инемен сызып қойса болғаны» делінген. Қазіргі медицина: «Бұл ғылымның атасы ағылшын шипагері Эдуард Женнер – ол 1796 жылы тұңғыш рет шешекке қарсы вакцина егіп, шешек бір шыққан адамға шықпайтынын дәлелдеген»  – дейді. Бізді таңқалдырған жай шипагер бабамыз Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы шешекке қарсы егу тәсілін Эдуард Женнерден 350 жыл бұрын тапқан. Ал енді мына жайтқа назар аударыңыз. Адамның биоқуатының ауытқуын теңшеу үшін, кейбір сырқат жандарды суық суға түсіріп емдеу тәсілін Ө.Тілеуқабылұлы бабамыз бүгінде кең өріс алған орыс ғалымы П.Ивановтың әдісінен бес ғасырдан аса уақыт бұрын емдік жүйеге енгізгені шипагердің еңбегінде жазылған. Бұл қазақтың шипагерлік мәдениеті мен оның ғылыми даму жолының тарихы тым ерте кезден бастау алғанын айқындайды.

– Зядан аға, шипагер бабамыз жайлы ол әрі философ, әрі психолог деген пікір естиміз. 

– Ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының медициналық «Шипагерлік баяны» шипагерліктің үш шыңы: «Қанықталғы», «Нарықталғы», «Дарымдалғы» деген үш бөлімнен тұрады. Оның ішінде «Түптеме», «Жіктеме», «Аңғарымдама», «Нақтама», «Дарым заруаты», Айықтырым дарымдылығы» және соңғы «Тектелгі бөлімі» қоса жазылған үлкен энциклопедиялық, философиялық еңбек. Философиялық дейтініміз бұған шипагердің: «Шексіз әлем – мәңгілік. Дүние сан қайтара жаңаланып түрін қанша өзгертсе де, оның тегі өзгермейді» – деп, материяның қарама-қарсылық заңының бірлігін айқындайды. Әрі бұл заңдылықты басшылыққа ала отырып: «Сырқаттың пайда болуы ыстықтық пен суықтықтың алмасымдық әсерінен болады»  деп түсіндіреді.  Мәселен, шипагер: «Тәуліктің, айдың, жылдың жартысы «өзектік ыстықтық», ал жартысы «кезектік суықтық», күллі ғалам өзек пен кезекке жарылады, әрбір өзегі – тұғыр, олардың бір-біріне орын бермегі және бір-біріне айналуы шарт болмағы көрілгі» – деп тұжырым жасайды.

Адамға өмір тәттілігі мен жан тәттілігін, Отаны мен халқы, отбасы тәттілігі қымбаттығын айта отырып, бабамыз бұл мақсаттың орындалуына бірлік тәттілігінің маңызы зор деп түйіндейді. Сонымен ұлы шипагер адам қалыпты өмір сүру үшін 12 нәрседен айырылмау керек екендігін айтады. Олар төмендегідей:

1. Жарғылыста жаныңнан айырылма.

2. Ақылыңнан айырылма.

3. Ел бастаушы көсеміңнен айырылма.

4. Шешеніңнен айырылма.

5. Көппен көресің,  еліңнен айырылма.

6. Жаныңды алса да, сырыңнан айырылма.

7. Жаман деп қатыныңнан, көшем деп отыныңнан айырылма.

8. Ризғысыз пенде болмас, даяр асың – малдан айырылма.

9. Ағайын, туыс, дос-жарансыз кім бар? Болмашқа өкпелеп, досыңнан айырылма.

10. Қырық найза қарғы деп, қарқудай баспанаң – қосыңнан айырылма.

11. Пенде қару санаты – бес қаруды тастама. Шыбын жаның шыққанша намысыңнан айырылма.

12. Өте шығар сұм жалған, боқшылыққа қайырылма».

Шипагердің басыңа ауыр күн туғанда он екіден айырылма деген философиялық ой толғамы біле білгенге адалдыққа, батылдыққа, парасаттылыққа, отаны мен халқын сүюге, қорғауға тәрбиелейтін ақыл-кеңес әлі күнге дейін құнын жоймаған ой толғам екені айқын.

Ғұламаның «Шипагерлік баянында» ғылымға қажетті тұжырымдамалар өте көп. Дүниедегі тіршіліктің негізі: Нұр, су, топырақ, ауа сынды төрт заттан құралатынын, ал адамзат баласы осы төрт затқа тікелей тәуелді болады деген өзінің философиялық көзқарасының да мәні зор. Ғұлама шипагер адамның дене қуаттарын бес түрге: Жаншылық қуат, жаршылық қуат, ғаршылық қуат, таршылық қуат және баршылық қуат деп бөліп оларға  жеке-жеке анықтама бере отырып философиялық талғам жасайды. Шипагердің терең ой-толғамының бүгінгі ғылымдағы  анықтамалардан ешқандай алшақтығы жоқ. Мысалы шипагер: «Адамның өмір сүруіне ең қажетті баршылық қуатының өзі: қимыл қуаты, сезім қуаты, тежелім қуаты және қосалқы қуаттардан тұрады. Олардың бір қалыпты болуы адамның мінез-құлқына, имандылығы мен адамгершілігіне, қанының құрамына және пенденің тұлғалық бітіміне де тікелей әсер ететінін, қуаттттардың жетісті болуы тіршілік иелерінің өмірінің тыныш, бақытты, қуанышты, уайымсыз болуының негізгі  сүйеніші»  деген ой айтады.

Сондай-ақ, табиғаттағы жылдық, мерзімдік жағдайларға байланысты адамның денсаулығының бір қалыпты болмауының да себеп-салдары болады. Оның түрлерін қараүзген шипагер:  «Жылда 12 райлық құбылым бар, оның 180 күні жарықтау - өзектік, ал 180 күні қарықтау – кезектік, сол сияқты сөткенің 12 уақыты  - жарықтаулық, ал 12-сі қарықтаулық. Жыл 12 ай - 12 мүшел, сырқаттың 12 себебі - мүшелердің 12 ұштасымы. Адам денесіндегі 12 мүшенің өзектік, кезектік ортақтығы, мүшелер мен райлар ортақтығы, мүшелер мен алмасымдар ортақтығы, мүшелер мен жұлдыздар ортақтығы, мүшелер мен қуаттар ортақтығы  деген  бірліктердің бәрі де 12-ден құралады. Бұлардың бәрі ең соңында өзектік-кезектік, ыстықтық- суықтық болып тиянақ табуыға ұласатыны» туралы айтқан ойлары, толғанысы бүгінгі ғылыми  медицинаның заңдылығымен өте ұқсастығын көрсетеді. 

– Зядан аға, «Адам табиғаттың төл перзенті» дейміз. Тіпті көңіл күйіміз де ауа райына қарай өзгеріп отырады ғой...

– Біздің бабамыз да бұл қағиданы терең зерттеген. Шипагер кейбір аурулардың, мысалы қан қысымының көтерілуі көктем мезгілінде жиі болатынын байқап: «Қан көтерілу ауруы көктемдегі су тасу райымен қатар болады. Оның негізгі емі шеке тамырынан қан алу» деп көрсетуі бабамыздың философиялық ойлау дәрежесінің тым әріде жатқанын дәлелдейді. Сондай-ақ Өтекеңнің: «Менен ұрпақ қалмаса да, күндердің күнінде мені әлемге әйгілейтін «Шипагерлік баяным» артымда қалмақ.  Бұл – соңғылықтар қадірін біліп, ұстана білсе, қанғысыз бұлақ,  қадірін білмесе, отбасы аяқпен тозатын тулақ» – деген данышпандық болжамы, шипагердің «Шипагерлік баянының» – қанғысыз бұлақ екенінің бүгінде анықталуы, шипагердің философиялық ой толғамының тереңдігін айқындайды. Шипагер адам пендесінің несіптік ризықтың қуатына сай - өзек мүшелге: 25 жас, 37 жас, 49 жас, 61 жас және 73 жас сияқты бес мүшелді жатқызады. Шипагер: «Өзек мүшел делінбегі адам пендесінің өмірінің бұл кезеңінде қару – қайраты мол, ақыл – айласы толысқан, қандай харакетке де жеткілікті, сондықтан әр күні күнәға батуы ықтимал, әрі қауіпті жас мөлшері, одан сақтану қажет», – дейді. Шипагер еркелік немесе сәбилік мүшелге 13 жас, 85 жас, 97 жас және 109 жастағыларды жатқызып, оларда  күнәға бату болмайтынына тұжырым жасай отырып ислам қағидаларына байланысты заңдылықтарды  шипагерлік, емдік дәстүрінде  басшылыққа алады. Оның еңбегінде бұл ұстаным айқын аңғарылады. Мәселен, Әжрианың  1062 жылғы Шалкөде  мен Жаркентте болған қырғын оба ауруынан  бір тайпа елден мыңдаған  адам қырылғанда, алды сексеннен асқан, арты жасқа толмаған еркегі бар, ұрғашысы бар  отыз жеті адам ауырмай аман қалады. «Мен «семізкөк» жеп жаным қалды... Бұл да Алланың құдіреті» деп баяндай отырып, адам мүшелі жөнінде шипагер жыраулық жыр бойынша: 

«Мүшел тектен қашқан он екі жыл,

Он үш жастық қосылғы мерзеттік қыр.

Мақұлұхат атауымен айтылғанмен,

Түпкілігі пенделік мінездік сыр.

Кейбіреулер шенеуді шелдей көріп,

Елді арбап, кеудесін көрсетіп жүр. 

Миың болса басыңда, қөзің жеткіз, 

Ата-баба атына келтірме кір» - деп толғайды. 

– Зядан аға бабамыздыңөзіндік емдеу, сондай-ақ ауруды анықтау тәсілі туралы айтып берсеңіз.

– Сізге алдымен ұлы бабамыздың даналығы тұрғысында бір жайт айтайын. Сену, сенбеу өз еркіңізде. Ғұлама шипагер: «Адамның денесіне сырқаттың, зақымдық науқас қондырым, құзғындатым, тудырым болатын құрттар», – деп, дерттің пайда болуын денеге ауру тудыратын құрттардың енуімен түсіндіреді.  Шипагер дерттің себепкерлері – құрттарды: көзге көрінетін және көзге көрінбейтін деп  екіге ажыратқан. «Кез келген сырқат көзге көрінбейтін  құрт  түріне байланысты әр түрлі болады. Себебі әр кеселдің белгісі әр түрлі. Құрт біреу болса ауру түріде біреу болып, емдеу әдісі де біреу болар еді», – дейді шипагер. Сену, сенбеу өз еркіңізде дедім ғой осыдан 550 жылдай бұрын ұлы шипагер бабамыз көзге көрінбейтін денелердің бар екенін көзбен көрмесе де сезіп білген. Бұл қазіргі тілмен айтсақ – «микроб». Бабаның бұл тұжырымы жөнінде медицина ғылымдарының кандидаты, туберкулез ауруы жөніндегі республикамыздағы ірі маман, ғалым  Бекен Тұрсын: «Шипагер болжамындағы бүгінде микроскоптің  көмегімен ғана көруге мүмкін болатын микробтар екенін қалай аңғарғаны таңғалдырады. Еуропа ғалымдары Р. Кох, Менделштам тағы басқалар бабамыз ашқан бұл жаңалықты үш ғасырдан кейін  жариялаған» – дейді. 

Ал енді сіздің қойған сұрағыңызға бабамыздың: «Адамның ауруын дұрыс анықтап, емін дұрыс жасамаса жазылмас бейнет. Дұрыс анықтамай, ем қонбаса соңы ажалмен аяқталмақ» – деген өз сөзімен жауап бергім келеді.

Шипагер аурудың пайда болуы денедегі сыртқы суықтық пен ішкі ыстықтықтан болады  деп ұғынды. Егер ауруға суық тигендігі  анықталса ауруды жазудың негізі, оны терлету деп, шөп дәрілерін – апиынды, мияның тамырын және жалбызды беріп терлеткен. Терлеген ауруды қатал бақылаумен жылы бөлмеде ұстаған. Ал өкпе мен көк жөтел ауруларына ұшырағандарға жас малдың еті мен сорпасынан жасалған күшті, қуатты тағамдар беріп, қымыз ішкізіп және жылқы мен борсықтың майында ішкізіп емдеген.

– Көптеген адамдардан: «Шипагерлік баянның» тілі керемет бай» деген пікірлер естідік.

– Бір ғана мысал айтайын, бабамыз «Шипагерлік баянында» шипалық ем, дарым зәруаты үшін пайдаланатын дәрі-дәрмектік металл-металиодтардың – 62 түрінің, өскіндердің – 540-тан аса түрінің, жан-жануарлар мүшелерінің – 260-тан аса түрінің аттарының тізбесін жасап, ғылыми анықтама береді және дәрі-дәрмек жасаудың рецептерін баяндай отырып, дәрінің науқасқа берілетін өлшемдерін: «қызтойғы, уыстаулық, қырмаулық, сықпалық, кәдімгі уыс, шеңгелдік уыс, қысқама, сығымдық уыс, қос уыс, шымшым, елілеулік, саусақтық, буындамалық және титтей, тырнақтай, көбе буындай, сүйемдей, сынық сүйемдей, қарыс, жыртақарыс, кереқарыс» – деп атайды. Көрдіңіз бе, елеусіздеу ғана көрінетін өлшем бірлігі атауларының өзі осындай. Бұл кітап тілінің жұтаң емес екенін дәлелдесе керек.

Көпшілікке белгілі орта ғасырларда ғылым мен білім және мәдениет орталықтары болған Отырар, Түркістан, Сайрам, Жент, Сауран, Сығанақ, Тараз, Меркі, т.б. қалалар қазақ хандығы құрылғанға дейін оның тайпалық руларының ата қоныстары еді. Республикамыздың осы оңтүстік өңірлерінде дүниеге келіп ұшан теңіз білімдерінің арқасында аттары Шығыс пен Орта Азияға және араб әлеміне әйгілі болған Қорқыт ата, әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Ибн Сина, Махмұд Қашқари, Қожа Ахмед Яссауи, Ахмет Жүгінеки, т.б. ғұлама ойшылдардың көп салалы ғылымдар жөніндегі еңбектері араб, парсы және түркі тілдерінде жазылды. Осы жерде айта кетер жай, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы өзінен бұрынғы шипагер ғұламалардың еңбегіне құрметпен қараған, олардың ілімін мойындаған. «Шипагерлік баянында» бұл тұрғыда: «Мейлі Әбунәсір болсын, Жүсіп Баласағұн болсын мейлі мен болайын, бір із, бір тілектіктерміз. Ол екеуінің менен артығы жырлауыл, сөйлеуіл шижалама да ғана.  Сонымен қоса үшеуміздің орта теңдік «Шопан үсті бозторғай ұяламдықтап жұмыртқаламдықты» таппақ. Әбунасыр жеті тіл сөйлемелігі айқын ұғыныс», – деп  өзінің де, өзгенің де білімділігіне артық та  әрі кем де емес, әділ бағасын беруі айқын дәлел.

– Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы бабамыздың жан дүниесі  қандай адам болған екен деген сұрақ туындайды.

– Өзінің өсиетнамасында бабамыз: «Тапқысыз баға гауһардай асылдарға да, пысқақ, бықсыққан, жасықтарға да шипа ем дарымдадым. Қол ласы дәулетке, лас нілі сәулетке де қызықпадым» – дейді. Бұдан шипагердің адал жүректі, қол кірі байлыққа қызықпайтын, өз көмегін адамның дәреже-мансабына, жасына, жынысына, байлығына қарамай көрсететін парасатты жан екені байқалады.

Бабамыз нағыз шипагер науқас адамды емдеп қана қоймай, сырқаттың пайда болуынан бастап, оның дамуын, өршуін, асқынуын, емдеу кезіндегі адамның сырқатынан жазылу әрекетін немесе кері әсерін бақылап, есепке алып, ауру жанға мейірмандықпен күтіп қараудың шипагерлік мәдениетін үйретеді. Өтейбойдақ бабамыз: «Шипагерлік – өнердің бір түрі. Ал емшілік – қақалақтың /ешкінің/ өзін көрмей, мүйізін ғана көргендік.  Шипагерлік атауы дұрыс. Өйткені, шипа – жазады, қонады, дариды, дәру болады», – деп шипагерлікті ауруды тікелей емдейтін дарымдаулық шипагерлік және болашақты болжайтын болжамалы шипагерлік деп екіге жіктейді де ары қарай оларды: «Теңдессіз шипагер, нағыз шипагер, қараүзген шипагер, шипагер, емші, емкөс, жарғышы, қара емші, қаншы, тамыршы, сынықшы, оташы, іш сипағыш, көзқарақшы, ішірткіші, бақсы, жауырыншы, балгер, құмалақшы, болжағыш, аяншы, құшнаш, әулие, әнбие» деп 24 түрге бөліп әрқайсысына жеке-жеке анықтама береді. Бұдан бабамыздың өз ісінің айтулы шебері екендігі байқалады.

– «Шипагерлік баянның» осы күнгі ғылыми еңбектерден айырмашылығы қаншалық, құндылығы неде?

– Өзіңізге белгілі, біз Кеңестік дәуірдің ұрпақтары бірыңғай атеистік тәрбие көріп өстік. Бітім болмысымызбен дінге қарсы ағымның ықпалында тәрбиелендік. Қазір заман басқаша. Осы тұрғыдан келгенде шипагер еңбегінің ең құндылығы – адам баласын имандылыққа, адамгершілікке, қайырымдылыққа, әдептілікке, Отан сүйгіштікке тәрбиелеуі, он сегіз мың ғаламды жаратушы құдіретті Алланы, оның елшісі Мұхаммед /с.ғ.с./ пайғамбарды тануды және ислам діні қағидаларын сақтауда адал болуға дұрыс әрі сауатты, нақты нұсқау беруі дей аламыз. Мәселен, шипагер бабамыз халал мен харамды ажыратып, тамақ ретінде пайдалануға болмайтын 91 түрлі заттың атын атап, түсін түстей отырып, оларды ішіп-жеуге  тиым салады және 7-ге тиіспеуді, 41-ге жұғыспауды, 12-ден айырылмау сынды бұлжытпай орындалуға тиісті міндеттің шартты заңын ұсынады. Айырылмауға тиіс 12 тұрғысында жоғарыда айтып өттік.             

 – «Шипагерлік баянның» өз елімізде бағалануы қандай дәрежеде?

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Қазақстан-2030» бағдарламасында еліміздегі азаматтардың денсаулығын сақтау проблемасы, осы бағдарламаның жеті басты бағытының біріне айналғаны мәлім. Бұл Қазақстан Республикасында қабылданған «Мәдени мұраны» дамыту бағдарламасының шараларымен сәйкес келеді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері мемлекетіміздің даму үрдісін тұрақты ұстау мақсатында жүргізіліп жатқан рухани шараларға қатысты философия мен мәдениеттің өркендеуіне қолайлы жағдайлар туып, кеңінен жол ашылды. Өткен тарихымыздың құндылықтарын жинап, зерттеуге, қалпына келтіру мен оны сақтауға, қорғауға, толықтыруға мән беріле бастады. Үлкен тарихи және мәдени мәні бар «Шипагерлік баян» сынды баға жеткісіз құнды мұраларымызды зерделеп зерттеуде ғалым-профессорларымыз, медицина ғылымдарының докторлары: А. Алдашев, Ж. Әлімханов, А. Рақышев, Ш. Абдуллаев, Ә. Есенқұлов, А. Жақанов, Ә. Нұрмұхамбетұлы, Т. Шорманов,  Т. Момынов,  Қ. Рахимов, Е. Әбілқасымов, Керімбектің Ермаханы,   доценттер, медицина ғылымдарының кандидаттары: Т. Бекенов, Т. Төлендиев, Т. Төреқұлов, Ә. Өмешұлы, Ө. Әбдірамандар көп еңбек сіңірді. Бірақ ұлы баба Ө.Тілеуқабылұлының қазақ халқы үшін еткен үлкен еңбегі әлі де мемлекет тарапынан бағаланбай жатыр. Менің ойымша, ұлы бабаның есімі Астана және Алматы қалаларындағы көшелерге, мемлекеттік оқу орындарына берілуге тиіс. Бұл тарихи ақтаңдақты жоюға деген игі қадамның бірі болар еді.

– Зядан аға, ашық-жарқын әңгімеңіз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан: Азат Мұсаұлы,

«Қазақстан-Zaman» газеті, 2011.-№06 (826)

 

ҚАЗАҚТЫҢ ӘН-КҮЙІ ДЕ «ЕМШІ»

 

Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті, халықаралық дәрежедегі биоэнерготерапевт, рухани шипагер, парапсихолог – Зядан Қожалымов, емшілік жолға жаратқанның жәрдемімен келгенін айтады.

Жалпы, сырқат жандардың психологиялық әсершілдігін зерттеген мамандар, өнерден хабарсыз, әнді сүйіп тыңдай қоймайтын адамның өзіне де ең алдымен, ұлттық музыка, күй, ән бірден әсер ететінін анықтаған.

Инженер-электрик маманын шипагерлікке жеткізген ненің әсері болды екен?

Қазақта тектілік деген жақсы ұғым бар. Ата-бабаларымыздан әнші, балуан, балгерлер шыққан екен. Қан арқылы нағашымнан берілген қасиет шығар деп ойлаймын. Шындығында музыкадан алған арнайы білімім жоқ. Бірақ бір күштің әсер еткені сонша құлағыма бір ән келді. Ыңылдап жүріп диктофоныма жазып алып, «Құдірет» деген ән шығардым. Бұл сонау – 1992 жылдары болатын. Содан бері оннан аса ән жазып, емшілер шипалы емге пайдаланып келеді.

«Құдірет», «Ақ гүлім» деген әндеріңіз қазақ радиосының алтын қорынан орын алған екен. Жалпы, музыканың біз байқай бермейтін қандай қасиетін көрдіңіз?

Аталарымыз керемет ән тыңдаса «алпыс екі тамырым босап», ғажайып бір күйге ендім деп жататын бұрын. Яғни, ертеден-ақ музыка өнерінің тозған, шаршаған жүйке талшықтарына қозғау салып, жан бітіретін күшке ие екендігін білген. Музыка мен ән-күй құрамында химиялық уы болмайтын, адамның тәнін уламайтын, жанына рахат сезімін тудыратын, психологиялық әсері күшті таза мөлдір дәрі деуге болатынын өзімнің жиырма жылға жуық шипагерлік қызметімде тәжірибеден өткізіп, оң әсерін анықтай алдым.

Сеанс кездерінде әсіресе, «Құдірет» деген әнім психикалық ауруға шалдыққан ауруларға күшті әсер етті. Сондықтан емшілер бүгінге дейін жақсы қолдануда. Музыканың осы күнгі өте қауіпті асқынған сырқаттарды да емдеуге зор көмегін тигізетінін ғалымдар анықтап жатыр.

Халықаралық дәрежедегі емші болғандықтан, қазақтың ән-күйін шетелдерде қолданып көрдіңіз бе?

Иә, әлемдік үлкен сеанстарға үш рет шықтым. 1991 жылы Мәскеу қаласындағы «Турист» қонақ үйінде жүргізген емдік сеансым кезінде тек қана қазақтың күйлері мен әндерін пайдаландым. Қазақтың күйінің құдіреттілігі сонша, қазақты білмейтіндердің өзі билеп, жылап, өзінше сөйлеп кеткендері, тіпті қолдарын ербеңдетіп домбыра тартқандай қимыл жасағандары да болды. Бұл – қазақ музыкасы мен ән-күйі өте жоғары толқынды резонанс тудыратын, өрісі кең, қуаттылығы мол, әсері күшті адам бойындағы лас қуаттарды ығыстырып шығаратын ерекше емдік шипасы барын аңғартады. «Елім-ай» әні, тыңдай білсеңіз, емдік шипалық сипатқа ие, жан-дүниені оята алатын ұлттық патриотизмге толы, рух беретін ән.

Музыканың көпшілік біле бермейтін ерекшеліктеріне тоқтала аласыз ба?

Шет елдердің бірінде ота жасайтын кезде адамға алдымен классикалық әуендер мен Құранның аяттарын тыңдатады екен. Ол адам миының клеткаларына әсер ете отырып, оның импульсті ырғағын қозғап, теңшеп, қызметін жақсартады. Сондай-ақ, адам ағзасына ғана емес, жан-жануар, аң-құс, өсімдіктерге де оң немесе теріс әсер етеді екен. Жапондық ғалымдар музыканы жемістер мен көкөністердің жақсы көретінін анықтаған. Көкөністердің тез өсуіне, пісу уақыты қысқарып, өнімі отыз пайызға артуына, әсіресе, классикалық әуендердің жағымды әсерінің күштілігі байқалған. Мешіттерде азан шақырылып, шіркеулерде қатты қоңырау дыбысы шыққанда эпидемиялық жұқпалы аурулардың таяқшалары мен сары аурудың вирустарын өлтіретін «ультрадыбыстық шағылу тербелісі» болатынын ғалымдар анықтаған.

Ал ислам діні, қасиетті Құран Кәрім музыкаға қалай қарайды?

Шипалық ем жайында пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінде сырқатқа шипа сенім арқылы Алладан болатынын айтқан. Бұл рухани шипагерліктің таза сенім, өзін-өзі иландыру арқылы жүзеге асатын шипалық ем екенін айқындайды. Құран дұғаларын ритм ырғағымен дауыстап оқығанда дыбыс үнінің жоғары тондылығы мен жүйкеге жақсы, жағымды әсерінен жүйкеде тебіреністі ырғақты жүйкелік ауытқуларда қозғалыстық өзгерістер болатыны, денеде сергектік сезіліп, сырқаттың көңіл-күйі көтеріліп, ұйқысы жақсарып, асқа деген тәбеті артатыны анықталып, тұжырымдамалар жасалуда. Құран дұғаларын оқығанда оның үндік ырғағына, естілуінің жіңішке, жоғары немесе бір қалыптылығына қарай пайда болатын оң қуаттық өрістің аумақтық әсерлік күші де әр түрлі болады. Исламда музыканың өте жағымды, адамға қуат беріп, көңілін көтеретіндей әсерлі, үні нәзік әндеріне пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) тиым салмағаны, қайта қуаттағаны айтылады.

Музыканы да талғаммен тыңдауға кеңес бересіз ғой?

Әрине. Музыка дыбысы электромагнитті толқын тудырып, ірі қуаттық өріске айналатындықтан, оның жер бетіндегі тірі организмдерге әсері тез болады. Жағымсыз әсер етіп, адамның есін ауыстырып жіберетін де музыка бар. Бос уақытыңызда болмаса қатты шаршап демалғыңыз келсе күңіренген қобыздағы Қорқыт, Ықылас күйлері мен Құрманғазы, Дина, Тәттімбет, Сүгір, Т.Момбеков, С.Тұрысбековтың домбырадағы әсем үнді, жүректі тебірентетін күйлерін тыңдасаңыз рахат күй кешіп, жеңілдегендей боласыз. Өйткені, бұл күйлердің емдік шипасы бар екенін ғалымдар анықтаған.

Сұхбаттасқан: Әсел Дағжан,

«Абыз» газеті, 2011.- №5 (6) мамыр

  

 

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15 16  17  18  19  20  21  22  23  24  25  26  27  28  29  30  31  32  33  34  35  36  37  38  39  40  41  42  43  44  45  46

в начало